2. КӨКІРЕГІНЕ ҒАРЫШТАН
«Жұлдыздарды отырмын жайылдырып,
Ойларымның иіріп өрісіне».
Ақын сөзі.
Ақын өлеңдерінің көркемдік сипаты
Сыншы үшін ең қызық та, ең қиын да – ақынның көркемдік дүниесін саралау. Себебі, ақынның құдіреті де осында, кемшілігі де осында. Саралығы да осында, даралығы да осында. Ақынның көркемдік дүниесіне ендім дегенше, жан баспаған ну орманға, жазиралы өлкеге, қазыналы Қаратауға, ендім дей беріңіз. Сүлейменнің сиқырлы сарайына кіргендей інжу-маржаны жарқ-жұрқ етіп, алмасы көзді суырып, лағылы жанарды жеп, «алайын анасын ба, мынасын ба» деп алақтаған күйге түсесің. Дәл қазір мен сондай күйдемін. «Мені қалай көрмейсің, мені қалай айтпай кетесің» деп қырық құбылған, жарқыл шашқан сұлу сөздер, соны тіркестер. «Бір сөз бір сөзге жарығын да, көлеңкесін де түсіреді» деп еді-ау Ғабит аға. Қалайда «кеудесінде аспан мен жер тілдесіп, жұлдыздарды иіріп жайылдырып, боз таулар мен боз даланы сөзбен сілкіп, боз ғаламның жүрегін қозғап, қою түннің жейдесін жыртып, қараңғылықтың езуін тіліп, теңіздейін қозғалып, толқындай құлап, қоламтадай қозданып, дауылдай жылап, он сегіз мың ғаламмен тілдесіп, алты құрлықпен арбасып» отырған ақын әлеміне кіру үшін батылдық та, білім де, кірпияз талғам да керек шығар-ау. Сонымен ақынның көркемдік дүниесін 3 бағытта қарастырып көрейік:
- Ешкімге ұқсамайтын ерекше қолданыстары. 2.Тілдегі қазақы құнар. 3. Формалық жаңалығы.
- Ерекше тілдік қолданыстары. Фариза ақын да айтып кеткен екен. Нұрлан ақынның қатарластары өте мықты. Әрқайсысы бір-бір тау, әрқайсысы бір-бір шың. Аламанда үзеңгі қағысып, құйрық тістесіп қатар келетін хас жүйріктер тәрізді. Мұндайда қазақ «аттан аттың артығы – қарыс сүйем шабысы» деп бағалаған. Ал ақынды ақыннан артық ететін «қарыс сүйемі» ол – басқа ешкімге ұқсамайтын, ешкімді қайталамайтын ерекше өрнегі, айшығы, бедері, нақышы. Нұрланда ол қасиет жетерлік. Тың теңеу, оқыс ой, сонар тіркес, сергек сөз мол.
«Көк белдер жаныма от берді,
Тырнаның үнінен жас тамды».
«Аққу-ғалам көзін жасқа бұлады».
«Жастығым барады ұшып,
Әуенінен Шопеннің тамады шық».
Қаз-тырнаның, аққудың, бұлбұлдың – әйтеубір натуралық заттың көзінен жас тамуы таңсық емес, көзіміз үйренген суреттер ғой. Ал тырнаның үнінен, ғаламның көзінен, Шопеннің күйінен жас таму! Ғажап қой!
«Саусағын созып таянды ой».
Осы күнге дейін созылған саусақ десек, Абайдың:
«Жас жүрек жайып саусағын,
Талпынған шығар айға алысы», – ойға оралатын. Ал бұл жерде саусағын созған ой.
«Ақ жаңбыр шайып аспанды,
Бүк түсіп жатыр тастарым…».
Жұмбақтау контраст. Әдетте, ақ жаңбыр аспанды шайып өткенде, дүние тазарып, жаңарып, жайнап кетуші еді ғой. Осыған дейін осылай түсінетінбіз. Ақ жаңбыр десе болды, дүр сілкінген дүние келетін көз алдымызға. Бірақ тастар селт етпейді, бүк түскен қалпы. Табиғаттағы емес, қоғамдағы кереғарлық. Нұрландық мұң. Нұрландық тереңдік.
«Қабаржып көңіл – дария,
Қымтанып жатыр тау – дала.
Тоқсаннан асқан қария
Күрсініп отыр аулада».
Адам мен табиғаттың әрі ұқсастығы, әрі кереғарлығы параллелизм әдісімен шебер берілген.
«Қазбауыр бұлттардың балағында,
Таңдардың қабағында
Көктем көшіп келеді».
Біз білетін ұғым бойынша көктем құстың қанатында, сәуірдің желімен, ақ нөсермен келсе керек еді. Бұлттың балағында, таңның қабағында келе жатқан көктемді көріп пе едіңіз?
«Сора-сора қайыңның самайынан
Сорғалады, моншақтап төгілді жыр».
«Арғымақ-ойлар андыздап,
Аспанның төсі жыртылар».
«Қабағынан таулардың еседі нұр,
Жанарынан қырлардың еседі жыр».
«Үлпершегі жарылып аспанымның,
Саулап жауып жатқандай көктен бір үн…».
«Киіктей зулап андыздап,
Құла қырлардан келді өлең».
«Жылқы-дәуір кісінеп,
Бұлқынады құлын-жыр».
«Ғаламға тіл бітіріп тасқын өлең,
Жөңкілді ақ бұлттардың астыменен».
«Мұңсыздау ғасыр төрінен
Мұңайып өлең қарады».
«Қондыра алсам жарар еді қағазға
Көк аспаннан сорғалаған құс үнін».
Міне, ақын шабытты қайдан алады? Өлең қайдан келеді? Бақсақ, «арғымақ ойлар андыздай шапқанда, құлын-жыр кісінегенде, көк аспанның үлпершегі жыртылып, ғарыштан саулап үн құйылады екен. Қайыңның самайынан сора-сора боп ағып, көктің көзінен, бұлттың балағынан, құла қырдың қабағынан, құстың үнінен сорғалап ағады екен. Қайыңның жапырағынан жас болып тамады екен». О, Тәңірім, осынша сұлу сурет адамның көкірегіне қалай сияды? «Ақын – Хақтың үні» деген рас-ау. Кейде маған ақын дегеніміз – Хақтың жердегі сәулесі, жердегі үні сияқты.
«Көкірегім безілдеп,
Бір сұрапыл сезім кеп.
Қопарылды ойларым,
Қарығандай көзімді от».
«Шоқ тигендей шыр айналды көзімде». Осындағы көзді от қару, шоқ тигендей көзде шыр айналу – екінің бірі елестете, сезіне алар құбылыс па? Елестетсе де дөп басар сөз тауып, суретке айналдыра ала ма? Ақын түгілі күллі адам баласының кеудесіне сияр сурет пе? Оқ тигендей, таяқ тигендей, отқа түскендей десе, оны көз емес, ұлы дене сезінеді. Ол түсінікті. Ал мына суретті, мына құбылысты мен түсіндіре алмаймын. Түсініп, сезініп отырмын, тек түсіндіріп бере алмаймын. Тек ұлы Абайдың:
«Көзге қамшы тигендей,
Шыр айналды артқы жас».
«Болады жылауға да, күлуге де,
Жүректің басына у төгілгендей», – деген ғасырлар бойы адамзатты тәнті етіп, құпиясын ашпай келген, тәкаппар тіркестеріне жүгінбесем. Үндесу. Ұлылыққа үндесу!
«Қара түннің қақ айырып езуін,
Тауға қарап ұлып-ұлып тынды үні».
«Жасыл жұлдыз дір-дір етіп қарады…».
«Ағараңдап барады арман қашып,
Төзім үркіп барады тау-таспенен».
«Қаңтар ұлып бара жатыр аспанмен,
Қаңтарулы сезім ұлып жүректе…».
«Сәйгүлік-жел жарысып құба жонда,
Сандал тауды тепкілеп барады ұрып».
«Қоңыраулы кездерді күмбірлетіп,
Омыраулы кездерім барады ұшып…».
Омыраулы кез. Жастықтың ешкімге дес бермейтін өркөкірек асаулығын дөп басатын осыдан артық образды сөз бола ма? «Кеуделі» дегенді екінің бірі айтар еді.
«Келші құсым, ақ құсым, келші бермен,
Базарыңды алып ұш, төңкеріліп».
Егер «тілегімді алып ұш, сағынышымды, сәлемімді, хатымды, сезімімді алып ұш» десе, кәнекей. Жоқ. Жастықтың базарын алып ұшу және төңкеріліп ұшу. Не деген соны сурет. «Дәл осы сурет, осы сөз менде де бар» деген ақын болса, айтсын.
«Төбесінен қарағайлы жыртықтың».
Қалың қарағайлы орманның ашық алаңқайын жыртық деп атау кімнің ойына келген.
«Таң асылып Талдының қыз беліне,
Ән асылып тырналар тізбегіне».
«Шағалалар көк аспанда қарша ағып».
«Көзіндей көктің ақты айым».
«Жорықтан соң көз ілген иықтасып…».
«Жабырқасам, жаралы жолбарыстай
Жиырылып, жүрегім бүктеледі».
«Алауса кездің белгісіз қайда кеткені?».
«Көше бойлап кебісті күз келеді…».
«Тамырына тығылып қаламүштың…».
«Айбынымды уайым үңгіледі».
«Айдынымды шағала қамшылады…».
«Жүрегімді жұлмалап мың жетім үн».
«Тіршілігім – ыстығындай көмбенің».
«Өртенді түннің ақ төсі».
«Қара орман ойдың жырақ ұшқаны-ай,
Қараша таудың жылап ұшқаны-ай!».
«Ойларым бытысады бұрымдалмай…».
«Аспаннан өлең жонатын…».
Қарайықшы: таңның Талдының беліне, әннің тырнаның тізбегіне асылуы, шағалалардың қарша ағуы. Кейде бір орай да борай жауған қайшыласқан қарды елестетері рас. Жұлдыз ақты – таныс сурет, ал айдың ағуы қалай? Жүрек жұлқынса, дүрсілдесе, лүпілдесе, тіпті шошыса, таңданатын не бар. Ал Нұрлан жүрегі жаралы жолбарыстай жиырылып бүктеледі. Күздің небір түрін білгенмен, кебіс киген күзді көрмеппіз. Балауса жүзді көргенмен, алауса кезді көрмеппіз. Жүрекке, жанға, сезімге тығылғын өлең болсын-ақ делік, қаламұштың тамырына тығылған өлең көрдіңіз бе? Көмбенің ыстығындай жыр көрдіңіз бе? Түннің төсі өртеніп, таудың жылап ұшқанын, өлеңді аспаннан жонып алғанды тағы бір жерде, бір ақыннан естідіңіз бе?
Ақынның топтамаларын түп қопарып оқуға санасы мен сауаты жеткенмен, қарымы мен қалтасы жетпей, тек газет-журналдан оқығанын қанағат ететін «қарапайым оқырман» деген бар. Солар үшін мына үзінділерді жаза кеткім келеді. Қуансын, сүйінсін. Тұрмыс деген тауқыметтің шаң-тозаңынан бір сәт болса да сілкініп тазарып, саф сұлулыққа, ғарыштық пәктікке ұмтылсын. Өлең деген айдынның тұнығынан жүзіп ішсін.
«Алатаудың қойнында аяз ұлып,
Ақ қайыңның бұтағы түршігеді…».
«Менің мөлдір кезімнің серіктері,
Қалқып ұшып қай жаққа барасыңдар?».
«Түннің сусып етегі,
Көлбең-көлбең етеді…».
«Жанарымен арбасқан,
Жастығыма жармасқан;
Қаншық-сезім жүр қайдан,
Қара түнде қар басқан?!».
«Бұлқынады бір арман
Қазықбауын үзе алмай».
«Аспанмен қалқып көк түсті,
Қанатын әлсіз қақты арман».
«Күрең қызыл таң атты,
Күлдір-күлдір күн өтті».
«Жаутаң-жаутаң қарайды жетім көңіл,
Жұлдыздардың көктегі сырғасына…».
«Үйсінтаудың басында – үкілі арман.
Тәңіртаудың көгінде – көктемгі өлең».
«Дүниенің дір-дір етті қабағы
Сілкінді сөз қауызына сия алмай».
Ақын өлеңдеріндегі көркемдегіш әдіс-тәсілдерге тоқталу, оны жазып түгесу мүмкін емес. Көркемдегіш әдіс-тәсілдерді қолданбайтын ақын жоқ. Қолданбаса – ақын да емес. Өлең – өлең де емес. Тамақ істеп, тұзын ұмытып кеткендей жай ғой. Нұрлан ақында теңеу, эпитет, метафора, метонимияның небір жарқын бояулы түрлері, синекдоха, символизм, параллель мен контрастың қиыннан қиыстырылған түрлері өте көп. Көп болғандықтан да жаза алмаймын. Дегенмен, поэзияда еркін иірімге келе бермейтін, қисыныңа да сия бермейтін бір әдістер болады. Сондай бір әдіс – синекдоха. Ахаң (Байтұрсынов) меңзеу деп ат қойып, қазақ қаламгерлеріне ұсынып кеткен әдіс.
«Алаулатып, жалаулатып, от үріп,
Ұлы қала сөйлеп жатыр көпіріп.
Әз Алатау тыңдайтындай күрсініп,
Түнгі көше күлетіндей өтірік».
Немесе,
«Шайқақ-шайқақ етеді түлкі тымақ…».
Негізі көпірген де, от үрген де, күрсінген де, күлген де адамдар еді. Шайқақ-шайқақ етіп кетіп бара жатқан түлкі тымақ емес, иесі. Ал бірақ осы әрекеттерді адамға істетсе, түк те әсері болмас еді. Образды сурет алынбас еді. Реңктес синонимдердің бір сөйлемнің ішінде келуі. Яғни плеоназм әдісі. Бұл прозада оңайлау болғанмен, поэзияда сәтті шыға бермейді. Бұл Нұрланда қалай берілген?
«Күнәлі ой мен кінәсіз түнді жылатып…»
«Кімге – айып, кімге – кінә таға аламыз?!».
«Бөтен тіл мен бөгде сөзді білместен…».
«Ашу мен ыза, нала мен шерге не деймін?!».
«Жылады арман, кеудемде жылады мұң…».
«Өсті уайым, өсті қайғы, өсті мұң».
Келесі шеберлігі – буынды кіріктіру әдісі. Мысалы:
«Жасқа оранып жасыл аспан жанары,
Бір сағыныш жүректі оттай қарады». Осындағы қарады – негізінде қариды.
Оттай қариды. Бұл жерде жанары дегенге ұйқас үшін қарады деп өзгертіп алып отыр. Бұл прозада үндестік заңының бұзылуы болып саналғанмен, поэзияда – бір әдіс. Және көне әдіс. Дәлел: «Ер Тарғын» жырында «Арқанда тұрып арыдың, мінбей-түспей қарыдың» деген жол бар. Мұндағы қарыдың – қартайдың деген сөз болатын. Абайдың «Қара қатынға» деген өлеңінде:
«Қара қатын дегенде қара қатын,
Қазақтың неғыласың шарағатын» – дейді. Қара қатын тіркесіне ұйқастыру үшін шариғат сөзін шарағат деп алып тұр. Сондай-ақ, Сыбанның бір ақыны:
«Сәлем де Ыбырайға бөлем еді,
Ас беріп Құнекемді елемеді.
Ас беріп Құнекемді елей салса,
Азырақ шығасыдан өлемеді», –
дейді.
Өлер ме едіні осылай өзгертеді. Мұқағали «Кәріген үндеріңді естігенде» – қартайған деген сөз. Ассонанс пен аллитерация ақын біткеннің бәрінде кездескенімен, тұрған бойы төгіліп тұрған сұлулық болғасын ба – қай ақынды жазсам да осы әдістен аттап кете алмаймын. Нұрланның аллитерациясы тек сөйлем басында ғана емес, сөйлем ішіндегі әр сөздің басында да келіп, көзіңді суырады ғой, шіркін…
«Сағынбай ма екен биік ұшқанын,
Сағымды белді сүйіп ұшқанын.
Сал дала, сал тау, сая бақтарды
Самала түнде жиі құшқанын».
Ақын біткенде көктем мен жаз жырланса, Нұрланда күз, қыс ерекше. Басқада – мамыр, маусым, Нұрланда – қараша, қазан. Басқада – ақ, көк, қара, жасыл түс, Нұрланда – боз түс. Ақын атаулы аппақ не көгілдір әлемге құмар. Ал Нұрлан боз ғаламға құштар. Неге екенін қайдам, Нұрлан стихиясы – боз әлем.
«Боз айым да бұлқына алмай кештегі
Боз ойым да сілкіне алмай еш тегі
Боздауын-ай, қарашада мына әннің?..».
«Боз таулар мен боз даланы саз тербеп,
Боз ғаламның жан жүрегін қозғады…
Бозбала мұң кезетіндей көшені,
Боздап үні өшеді…».
Көп ақынға ұнай бермейтін сары түс те ақын қолданысында ерекше қасиет табады.
«Сары бел жетімсіреп қалқияды,
Сары адыр, саздау еңіс салқияды.
Сары тал, сары қайың, сары белес,
Сағым мұң тербетеді сал қияны.
Сезімді серік етіп сарала қаз,
Сары күз – сағынышым санамды алған».
Өте сирек «құла» түсі де бар.
«Құла жыр құла қырлардан
Құла кештерде құйылды»
«Құла қасқа, дүние-ай, құла қасқа…».
- Қазақы құнар. Ахмет Байтұрсынов ХХ ғасырдың басында қаламгерлерге «ескі сөзді байқап қолданыңдар» деп ескерткен екен. Ал ХХІ ғасырдың басында, керісінше, «жаңа сөзді байқап қолданыңдар» деуге тура келетін шығар. Қазіргі тіл көрік пен келбеттен, терең мағынадан жұрдай күлдібадам – сайқымазақ жаргондар тіліне айналды. Тіпті, ауызекі сөйлеуді былай қояйық, телеарналар мен кино тілінің өзі қысқа-қысқа, дүңк-дүңк, келеңсіз диалог. «Басың істей ме», «құлаққа теппеші». «Келесіңіз бе», «бара жатырғанда», «сөйлеп жатырғанда», «өзің ғой бастаған», «бастамаш», «иә, саған». Сонан соң кино қалай қызық болсын, кітап қалай оқылсын? «Сенің иісің-ай, созылған кірпігің-ай, сен де қарсы болмадың ғой сол кезде, күндер-ай шайқаған, сені көріп құмарым қанды, мен сені тастап кеттім, звондама, – деп шатылып өлең жазып ақындар тұрса. Жаңа сөзден қашыңдар! – демегенде не дейміз? Жақсы қаламгерде көне сөз көп болады. Себебі, тілдің нәрі, сөлі, шырыны, сүмесі көне сөзде. Мен бұл жерде архаизм мен историзмді айтып тұрғаным жоқ. Ахаңның қаш дегені осылар ғой. Менің айтып тұрғаным – ұлттық бояуы, қанық таза, қазақы сөздер. Бұған ең алдымен мақал-мәтелдер, идиомалар мен фразеологизмдер, афоризмдер, көп мағыналы сөздер мен реңктес синонимдер, тіпті, табу мен эвфемизмдер де жатады. Нұрланның сөздік қоры өте бай әрі ұлттық бояуға мол. Алты кітабында сегіз жүзге тарта этносөздер, жүзге тарта тұрақты тіркес, отыз шақты мақал-мәтел бар. Ал Нұрланның өзі ғана қолданып жүрген мынандай сөздері бар: сөтілу, жүректі жұлмалау, жүректі жұлқылау, жүректі сілкілеу, көк шайпау, алты әлем, алты құрлық, салқию, қалыпшы, айғайшы, бұрымдалу, бытысу, ар-қабақ, далию, егейді (ойымды, миымды), үңгілеу, жалғас (ұрпақ), құндақ – (бесік), сүгірет, дүниенің артын көру, құмай, дабырама, қобырама, қылиды, онсан, қынап, қайып-берен, айқару, қаламүш, қазына түн, жабырқану, қабаржу, шыбын-ғалам, алауса, келесау, апас-қапас, шайқақ-шайқақ. Бұл жерде кейбір сөздер бұрыннан болғанмен, Нұрландық контексте мүлде басқа мағынада қолданылады. Мысалы, қолданыстан шыққанына жарты ғасыр өтсе де, қаламұш сөзі ақында ерекше беделге ие. Көне сөздің қасиеті мен құнарын меңгерген бір ақын болса, Нұрландай-ақ болсын. Бір ғана мысал «күнәлі ой мен кінәсіз түнді жылатып» деген бір жолы бар. Осындағы күнә мен кінәнің екі басқа екенін, бірін-бірі алмастыра алмайтынын «жаңа қазақ» біле ме?
«Шұнақ қайғы, шұнақ мұң». Осындағы шұнақ сөзі де Нұрланның көне әдебиетті көп оқыған білімдарлығын, көнеқұлақты қариядай сұңғылалығын көрсетеді. Шұнақтың тура мағынасы – құлағы жоқ. Саққұлақ биге айтыпты делінетін бір сөз бар ғой. «Құлағы жоқ – шұнақ би, құйрығы жоқ – шолақ би» деп. Ал ауыс мағынасы – ерке, қылығы тәтті дегенді білдірсе керек. Өйткені, «Абай жолында» Мұхаң айдың қырық құбылған сәтін «Дәл бір қылығы тәтті қу шұнақ ерке баладай» деп суреттейді. Ал қазақта жаны күйзелгенде «О, шұнақ құдай» деп те жатады. Нұрланның «шұнағы» екеуіне де келіп тұр.
Келесі сөз – құмай сөзі. Нұрлан: «Аспанымды құмайым тілгіледі», – дейді. Бұл қалай? Құмай деген тазы ит екені, ал иттің аспанға ұша алмайтыны бар қазаққа мәлім ғой. Бірақ Махамбет те «Құстан туған құмаймын» дейді ғой. Көне бір аңыз бар. «Ілуде бір кезде ғана сарала қаздың бір жұмыртқасынан құмай-тазы шығады. Ол өте сирек текті тұқым болады» деген. Қалайда құс пен құмайдың арасында бір байланыс барын да білген және оны өз стиліне сіңірген де Нұрлан ақын. Кей шумақтарынан баба-қазақтың ерлік-дастанының иісі аңқып тұратыны да көне әдебиетті көп білетіндігінен.
«Иықтасып келгенде
Күйіп-тасар көмей бер».
«Қасарысып келгенде,
Қақтығысу – ерге сын…» – дегені Доспамбет бабаның:
«Тепсінісіп келгенде,
Тебінгінің астынан
Ала балта суырып», –
дегенін елестетпей ме? Әр ақынның өз жеке стилі, жеке сөздік қоры бар. Нұрланның әлемі сұлу, жатық, әрлі де нәрлі. Тілің тасырқамайды, сезімің тітіркенбейді.
- Формалық жаңалық немесе өлең техникасы. Бұл дегеніміз – ұйқас, буын, бунақ, шумақ, тармақ дейтін детальдар. Нұрланның техникасы қандай? Нұрланда ежелгі классикалық түрлердің бәрі бар. Яғни, 11-12 буынды қара өлең ұйқасы, 7-8 буынды жыр үлгісі, ұйқастан-қара өлең, жыр үлгісі, егіз ұйқас, шалыс ұйқас, аралас ұйқас, айнымалы және шұбыртпалы ұйқас бар. Жаңалығы бар ма? Жалғыз Нұрлан емес, қазіргі ақындарда өлең әлеміне әкелген жаңалық, форма, түр көп. Ұйқастың баста да келуі, әр бунақтың ұйқасуы, сөздердің орнын қанша өзгертсе де, бәрібір жаңа шумақ шығуы, сөздер қанша «секірсе де, билесе де» мағына бұзылмауы. Бұл жақсылық шығар. Баяғыдағы үлгімен қатып қал деп кім айтар. Тек қалай түрлесе де, көркемдік кемімесе, тіл заңдылығы өрескел бұзылмаса болды да.
Бірақ жаңа форма тудырғанның жөні осы екен деп, қазақ тілінің лексикалық-грамматикалық заңын өрескел бұзуға болмайды. Бір тіркесті бір жол десе жарайды ғой. Бір сөзді бір жол етіп алудың өзіне үрке қарап жүргенде, одағайды, шылауды, жалғауды бір жол етіп алатын «форма» шықты ғой. Ау, ағайындар-ау, бәрің лингвист-ғалым болмасаңдар да, мектепте оқыдыңдар ғой. Одағай, жалғау, шылау өз алдына жеке тұрып, сөйлем түгіл сөз бола алмайды. Себебі, сұраққа жауап бере алмайды, өз алдына толық мағына бере алмайды.
Мысалы, Абай:
«Бойы – бұлғаң, – а
Сөзі – жылмаң, – а
Кімді көрсем мен сонан» – а, – десе, бұл – жаңа түр (форма). Себебі – «бойы-бұлғаң» өз алдына жеке сөйлем. Жалаң сөйлем. Мұқағали:
«Шелек алған, – а
Суға барған – а
Сұлуымды сағындым – б», – десе, бұл да жаңа форма. Себебі, «шелек алған» сөйлем болмаса да, тіркес, белгілі дәрежеде мағынасы бар. Ұлықбек:
«Сүйіп қандым, – а
Тұйықтандым, – а
Ұйып қандым – а
Сырыңа» – б, – десе, бұл да жаңа форма. Бұл үшеуін жаңа форма деуге 4 түрлі дәлел бар. 1-ден, жалғыз сөз емес. 2-ден, ұйқас бар. 3-ден, аяқталған, тиянақты ой бар. 4-ден, ұласпалы интонация жоқ. Сол секілді Нұрланның:
«Қариясыз – өмір жетім – мұңайдым.
Жоқсың, ата, кімнен бата сұраймын?!
Мұңайдым…», –
дегені де жаңа форма.
Осы жерде «Егер бір сөз жеке тұрып бір жол бола алмаса, «мұңайдым» неге жеке жол болып тұр?» деген дауласушы болуы мүмкін. Бұл жердегі «мұңайдым» сөз емес, сөйлем. Қазақ тілінде оны жақсыз сөйлем дейді. Сол секілді жалғыз атаулы сөйлем болғанда өз алдына жеке жол бола алады. Бұл жағынан да Нұрлан ақынның сауаттылығы көрініп тұр…
Кез келген жолды әр жерден бөліп, шашып тастағанмен, жаңа түр тумайды. Малды да сойғанда буынсыз жерден жіліктей алмаймыз. Абайдың, Мұқағалидың өлеңдерінде қысқа егіз тармақ екеу болса, Ұлықбекте үшеу, ал Нұрланда төртеу.
«Сарала күзім…
Сарала құстар…
Сабыр етіңдерші!
Қала көрмесін
Сарала сезім таңдайда».
Міне, жаңа форма деген осы. Ал мынаған не дейсіз? Кәдімгі 11 буынды қара өлең ұйқасын қалаған жерінен үзіп, ортасына
7-8 буынды жыр ұйқасын кіргізіп жібергенде, не грамматикалық, не лексикалық ақау білінбей жымдаса кетеді. Бұл әдістің шебері Жұмекен еді, Нұрлан осыны меңгерген. Қараңыз, 2 тармақтан соң кіргізу:
«Қара ормандар құшағын жайғандай боп,
Шақырады шұғыла шайғандай боп.
Жүрегім жуынғандай,
Сеңдерім бұзылғандай,
Тауларым сілкінгендей,
Мұздауыт сеңгірлердің
тұяғы тайғандай боп,
Дүние тыржалаңаш аймандай боп».
Егер ортадағы 5 қысқа тармақты алып тастасақ та, өлең 3 тармақ түріндегі өлең болып тағы да өзінше бір форма болып қала береді. Бірақ ақын мағынаны қоюлатып, әсерді күшейту үшін, әдебиеттен үдемелі градация әдісін шебер пайдаланып, тілден көп басыңқылы салалас құрмалас түрін пайдаланып, өте әсерлі жаңа түр тудырған. Келесі жаңа форма – 3 тармақтан соң жалғыз тіркес кіруі.
«Қалғып-мүлгіп дүние жатпау үшін,
Тіршіліктің қабағы қатпау үшін,
Атбегідей тізгіндер шындығыңды
Өлең керек!
Сұлулығын өмірдің сақтау үшін…».
Сіз бұрын-соңды тек баяндауыштан тұрған өлең көріп пе едіңіз? Қараңыз, ғажап емес пе.
«…Қайыңсың – еменмін,
Бұйдасың – көгенмін,
Жауынсың – дауылмын,
Аспансың – ғаламмын,
Үмітсің – сеніммін,
Сәуірсің – мамырмын,
Сабақсың – тамырмын,
Жазықсың – биікпін!».
Сол секілді 4 буын мен 7 буынның араласы:
«Өлген – үнсіз – 4
Кімге барып үгілем? – 7
Пенде – мұңсыз – 4
Кімге барып жүгінем?» – 7
Керісінше:
«Тағдыр. Талықсып дала – шың – 8
Тұнды құлағым – 5
Жөңкіліп қайда барасың – 8
Асау бұлағым?» – 5.
Нұрланда ұйқастың барлық түрі бар. Әсіресе айнымалы, («Хали-Гали», «Менің жиырма жасым келеді») шұбыртпалы ұйқас өте көркем берілген. Бәріңізге белгілі, біз қалайық, қаламайық, қазір рэп деген жанр шықты. Рэп-шілер жұлдыз болып шетелге танылып жатыр. Бірақ сол рэп-шілер не айтып жүр? Айналып келіп осыдан екі ғасыр бұрын айтылған Махамбеттің «Өздеріңдей хандардың, қарны жуан билердің басын кессем деп едім» деп, экраннан зіркілдейді де тұрады. Ау, айналайындар-ау, Махамбет айтса, заман тудырған себебі болды. Ал қазіргі заманда көрінген шиборбайдың сахнадан «ханның басын кессем» деп тұрғаны қандай әдеп, қандай әдетке жатады? Мұны көрген жас буын рэп айту үшін алдымен ханның басын кесу керек екен деп ойламай ма? Қандай тәрбие бұл? РЭП-шілердің продюсері неге қазіргі ақындардан іздемейді, шіркін-ау. Мысалы, Нұрланның мына өлеңі дайын рэп қой.
«Аңсаған елге шуақ бер,
Шаршаған елге қуат бер,
Сағымдай көшкен дүние,
Сағынышымды уат, кел.
Аламан дәуір демей гөр,
Алысқа жетер көмей бер,
Алты Алашымды жебей гөр,
Жебей гөр, Тәңірім, жебей гөр!».
Қазіргі ақсақалдарға бата бер десең, тост айтып тұрып алады. Ал Нұрланның мына өлеңі бір қаралық бата емес пе.
«Сақта, Құдай!
Сақтай гөр, бұзылудан,
Орынсыз қызығудан,
Еліктеу, солықтаудан,
Санадан сызылудан,
Жалығу, тарығудан,
Зарығу, қарығудан,
Сыртынан жүндеп, күндеп,
Сайтансып арылудан;
Кесапат, кесіріңнен,
Орынсыз есіруден,
Ордасын ойрандап ап,
Кешуден, кешіруден…
Тарыну, тарылудан,
Сарғаю, сарылудан.
Бүтінім бөлшектеніп,
Сақтай гөр! Жарылудан.
Сақта, Құдай!».
- Логикалық-стильдік ауытқулар.
«Бар шаттықты жетелеп ап көшемен,
Ару қыздар шапқыласа жөнелді».
Көшеде қара борбай тентек ұсақ ұлдар мен шөпжелке қыздар шапқылап жүрсе – жарайды. Ал қыздар (ару болса бойжеткен ғой) көшеде сәйгел тиген сиырдай шапқыласып жүргеніне жол болсын.
«Қыз едің сен киігіндей еліктің».
Меніңше, сіз лағындай еліктің демек болғансыз. Болмаса киік басқа, елік басқа емес пе. Арқар, киік, елік, марал, бөкен, қарақұйрық – біртекті жануарлар болғанмен, бірінің орнына бірі жүрмесе керек. Қозысындай ешкінің демейміз ғой.
«Кім тістеді жүрегіңнің ұшынан».
«Құлағымның ұшын қозғап».
Бұл екі тіркес те поэтикалық көркемдіктен гөрі физикалық нақты әрекетті білдіреді. Тістеу, қозғау. Қуанышты хабарға құлақ елеңдеуі мүмкін, бірақ қалай қозғалады?
«Жүрегімді жұлмалап…».
Сізде жүрекке қатысты жұлқу, сілку, сілкілеу, жұлмалау сөздері бар. Соның ішінде ең көп қолданатыныңыз – жұлмалау. Бірақ бұл дұрыс демес ем. Өйткені, жұлмалау әрі көріксіз сөз, әрі жұмсақ материялға (шүперекке) қатысты сөз.
«Неге сонша асқарға құмар қаным».
Асқарға (биікке) құмар болатын қан емес, жан шығар. Абай құмарлық атаулыны 2-ге бөлген ғой. 1. Жан құмары. 2. Тән құмары.
«Келермін, бәлкім, таңды ұрып,
Келермін, бәлкім, кешті ұрып».
Тілімізде «таңды таңға ұрып» деген тіркес ежелден бар, бірақ «кешті ұрып» деген жоқ.
«Біздер, қалқам, өлең атты елденбіз,
Жауыннанбыз, қайғыданбыз, селденбіз».
Жауын, сел – біртекті зат есім. Ал қайғы сөзі зат та, құбылыс та емес, сезім. Жауын, сел сөздерімен мағыналық та, үндестік те, тектік те байланысы жоқ, үйлеспейді. Бұл жерде: не – Арманнанбыз, қайғыданбыз, шерденбіз, – деуіңіз керек те, не:
«Жауыннанбыз, дауылданбыз, селденбіз», – деуіңіз керек сияқты.
«Кімге сеніп, кімнің бағам кірпігін».
Қазақ «қас-қабағын бағам» деуші еді, сіз неге кірпік бағасыз?
«Ойым – толқын, айналып ісім «гөйге».
«Гөй» сөзі Сіз де және Иран-Ғайыпта бар. Иранға жарасқанмен, сіздің табиғатыңызға жат. Қолданбауыңызды өтінер ем.
«Сезіміңмен суарғаның есімде».
Бұл да сізге жараспайтын әдепсіздеу сөз екен.
«Қиын сәтте ашылмас қынап ішің».
Қынап сөзінің ежелгі төркіні – қын. Яғни «қынаптан шыққан қылыштай немесе қылышын қынабына салды» деген сөйлемдер ауыз әдебиетінде бар. Бірақ бұл сөз қазір медицина, анатомия ғылымдарында мүлде басқа мағынада қолданылып жүр. Әйел адамның әдепсіздеу анатомиялық мүшесі. «Жаңа қазақтың» қынап сөзін осы мағынада түсінуі әбден мүмкін.
«Өмірдің қызық-қайғысы
Өзіңнің ғана қолыңда».
Япыр-ай, осы сөзді шынымен Сіз жаздыңыз ба? Бұл тіпті сіздің діни-имани ұстанымыңызға жат сөз ғой. Әлде Серік Қирабаевтың «Бар міндетті Құдайға артып қоятыны ұнамайды» деген сөзі әсер етті ме? Мен келіспес едім. Адам бақыт, байлық, жақсы өмір үшін күреседі, бірақ Тағдырды, Жазмышты өзгерте алмақ емес. Сіз Тағдыр, Талан, Тамыр деген үш киені сан рет жаздыңыз. Сол дұрыс та… «Құдайсыз қурай да сынбайды» дегенді неге айтты ата-бабамыз.
Сонан соң «Сақта, Құдай» өлеңінде: «Кешуден, кешіруден (сақта)» – деген жол бар. Неге? «Дүние тұрады өзі кешірімнен» деген сөзді сіз айттыңыз-ау деймін ұмытпасам. Кешірудің несі айып? «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» демеуші ме еді. Кешіріңіз…
Әмина ҚҰРМАНҒАЛИҚЫЗЫ,
сыншы.
ПІКІРЛЕР1