Нұрғожа ОРАЗ
26.02.2016
2416
0

Nurgozha-Oraz-2-1Қазақ әдебиеті ауыр қазаға душар болды. 84 жасқа қараған шағында көрнекті ақын, жазушы, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» Нұрғожа Ораз қайтыс болды.

Нұрғожа Ораз 1932 жылы 20 қазанда Қостанай облысы, Урицкий ауданындағы «Маяк» кеңшарында туған. 1947 жылы туған ауылындағы жетіжылдық мектепті бітірген соң Гурьев (Атырау) педучилищесіне оқуға келіп, оны 1950 жылы тәмамдаған. Мұнайлы жетіжылдық мектебінде бір жыл мұғалім болған. 1951 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне түскен. Алғашқы топтамасы «Жас жүрек» (1956) атты жас ақындар жинағына енген. 1956–1958 жылдары мектепте ұстаздық еткен. 1958–1963 жылдары Қостанай облыстық газетінде, 1963–1965 жылдары «Тың өлкесі» газетінде қызмет жасаған. 1965 жылы Қазақстан Жазушылар одағының Целиноград облысаралық бөлімшесіне жауапты хатшы болып тағайындалған. Ұзақ жылдар өзі ұйымдастырып, жарыққа шығарған «Жаңа Сарыарқа» журналының Бас редакторы болып қызмет атқарып, өңір әдебиетінің өркендеуіне, жас ақын-жазушыларды тәрбиелеу ісіне үлкен үлес қосты.

«Тұңғыш кітап», «Кім табады?», «Достар хаты», «Шұғыла», «Көңіл көктемі», «Тың түлегі», «Қырандар ұясы», «Жауқазын шақ», «Дала демі», «Тың тынысы», «Таңдау» т.б. кітаптары жарық көрген. Топтама өлеңдері украин, орыс, қырғыз тілдеріне аударылған.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, ҚР Журналистер одағының М.Сералин атындағы сыйлығының лауреаты, «Астана» және «Тәуелсіздіктің 10 жылдығы» медальдарымен марапатталған. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері».

Қазақ халқының аяулы перзенттерінің бірі Нұрғожа Ораздың жарқын бейнесі оны білетіндердің есінде ұзақ сақталады.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі,
Қазақстан Жазушылар одағының Басқармасы.


 

ЖАҚСЫЛАРДЫҢ ЖАЛҒАСЫ ЕДІ

Баяғы Хрущевтің ию-қию қайта құруларының кезінде Арқадағы облыстық қазақ газеттері жабылып қалып, жілігінің майы бар қаламгерлері «Тың өлкесінің» орта­лы­ғына жиналған тұста Қостанайдың облыстық газеті­нен келген Нұрғожа өлкелік газетке әдеби қызметкер бо­лып орналасып, табан аудармай Ақмола топырағында тұрып қалды. Қара өткелдің киелі топырағы оның дарыны бүр жарып, гүл ататын құнарлы мекенге айналды. Оның ақындық дарыны дәл осы өңірде қанат жайып, қа­лың оқырман қауымға жол тартты. Тұңғыш жыр жи­нағы жарық көріп, КСРО Жазушылар одағына мүше бо­лып қабылданғаннан кейін, тың аймағындағы Қазақ­стан жазушыларының бөлімшесін басқарып, аймақ қалам­герлеріне жетекшілік жасады. Бертін «Сарыарқа» атты әдеби журнал шығарып, әрі ұйымдастырушылық жұмыс атқарды. Өзі басшылық еткен бұл басылым тарихи та­қы­рыпқа дендей бойлап, қыруар жұмыс атқарды. Оқырман қауым одан Бөгенбай, Баубек батырлар жайында тың де­ректер тауып, мол мағлұмат алды. Осы өңірде ұзақ тұр­ған ол бүкіл Сарыарқаның шежіресі іспетті. Ол ұлықты ұл, қылықты қыз өсірген отбасының иесі еді. Балалары қазір белді қызмет атқарып, еліне қалтқысыз еңбек етіп жүр. Осы өнегесінің өзі кейінгі ұрпаққа үлгі болса керек. Өз басым, бірер жас үлкендігіне қарамай, құрдастай қал­жыңдасып, ішкі сырымызды бүкпей айтып жүретінбіз. Кейін бір көргенде жүрісі шабандап қалғанына күліп, ата­қаздай мамырлап қалыпсың ғой деп әзілдеген едім. Жаз­мыш осылай шығар. Міне, енді дүниеден өткенін де ес­тіп отырмын. Иманы жолдас болып, пейіште нұры шал­қысын! Сәбең мен Ғабеңнің кіндік кескен жерінен шық­қан ізбасар жерлесі еді. Демек, Нұрғожа Ораз заң­ғарлардың жұрнағы, жақсылардың жалғасы еді.

Сарбас АҚТАЕВ.


 

ЖАНЫ ТАЗА АДАМДЫ ЖАҚСЫ КӨРЕТІН ЕДІ

Ақындық жолында жүрегінің шуағын таратқан, хал­қына деген махаббатын күрескерлігімен, қайрат­кер­лігі­мен, қаламгерлік қабілетімен дәлелдеген бір азамат дү­ние­ден озды, ол – Нұрғожа Нарымбайұлы ОРАЗ.

ХХ ғасырдың екінші жартысында Арқа өңірінде Тың өл­­ке­сі құрылып, елдің ризығы артқанмен, қазақ хал­қының тілі, дәстүрі өте мүшкіл жағдайға жеткен еді. Жас ұрпақ тілін, ді­нін, тегін ұмытатындай бағытқа кетіп бара жатты. Сол кездегі саясат халықтың құндылығына балта шапты. Осындай тұста «Біз қазақпыз. Тілімізді, діні­мізді сақтайық! Салт-дәстүрімізді қорғай білейік!» деп би­лікке қарсы шыққан бір азамат болса, ол Нұрғожа ОРАЗ еді. Ол бірнеше облысты алып жатқан Сарыарқа өңі­ріндегі жас дарын иелеріне қамқорлық жасады. Өмір­ден адасқандарды жолға салды, қателескендерді түзеді. Жастарға қазақ деген текті ұлттың ұрпағы екенін ұмытпау керек екенін ескертті. Ал халқымыздың құндылығын ба­ға­ла­ма­ған­дарға қарсы күресті және өз басын бәйгеге тіге жүріп, жеңіп шықты.

Өнер жолында жүрген мыңдаған іні-қарындастарына қамқор бола білді. Ағаға арнаған бір жырымда:

«Қара бұлт басқан сайын түйдек-түйдек,

Бұл жақта тіл ортасы қалған сиреп.

«Сарыарқа» шықты сонда кемедейін

Арқаның әдебиетін алға сүйреп!

 

Кейбір жан шеше алмаса сан сұрақты,

Тапқан ед іздеп осы шаңырақты.

«Сарыарқа» көңілдердің кірін шайып,

Жүдеген жүректердің шамын жақты…»,

деп жазған едім.

Палуанды әдісі мен күшінен таныса, адамды сөзі мен ісі­нен танитын еді. Нұрғожа ағаның қамқорлығын көрген жан­ның бірі ретінде өзім де оның адами асыл қасиеттерін жо­ғары бағалаймын. Мені Қостанайдан шақырып алған еді. «Сарыарқа» журналында аға-інідей сыйласып еңбек ет­тік. Ол бір ғажап күндер еді. Өзі де адал, таза болған­дық­тан жаны таза адамды жақсы көретін еді…

Өмірі өнегелі болды. Өсіп-өнген әулеті бар. Халқына том-том шығармаларын қалдырды.

Қош болыңыз, Нұраға!.. Жаныңыз жәннатта болсын. Туған халқыңыз барда, есіміңіз мәңгі сақталады, шығар­ма­ларыңыз өскелең ұрпақтың рухани азығына айналады.

 Айбатыр СЕЙТАҚ.


 

ЖҮЗІ – НҰРҒА, ЖҮРЕГІ – ЖЫРҒА ТОЛЫ АҒАМЫЗ ЕДІ!

Қазағы ат төбеліндей ғана болып, тілі тозып, ділі аза баста­ған халқымыздың кешегі Целиноградта ұлт­тық мұ­рат­­тарын ұлықтап, сол жолда арыстанша күрес­кен ардақты аға­мыз Нұрғожа Нарымбайұлы Оразов Ақмоладағы аз ғана қалам ұстаған топ – біздерді аяулы Ал­матыға, жас жазушы­лар­­дың сол жылдарғы түрлі кеңес­теріне апарған, ұлы қалам­­­гер­лер Ғабит Мүсірепов, Олжас Сүлейменов, Тұманбай Мол­дағалиевтермен таныс­тырып, баталарын әперген ар­дақ­ты ағамыз еді. Бүгінгі Астананың, кешегі Ақмоланың то­­пы­ра­ғында көк­темгі жауқазындарда қазақ тілі мен мә­де­ние­ті дәні­нің сақталып қалуына сіңірген еңбегі зор еді аға­мыз­дың. Топырағыңыз торқа болсын, жақсы аға.

Сіз сол жылдары өзіңіз армандаған Тәуелсіздіктің таңы мен Ақмолаңыздың ғажайып ұлы Астанаға ай­нал­ғанын көріп кеттіңіз, асыл аға! Рухыңыз жұмақта шал­қысын, жүзі – нұрға, жүрегі – жырға толы болған аяу­лы қаламгер!

Смағұл РАХЫМБЕК.


 

НҰРЛАНДЫРҒАН ОРДАМДЫ
(Нұрғожа Ораздың рухына)

Қарадан қазағымның қалған кегі,

Ақтаңгер оза шабар ардан тегі.

Нұрғожа сауыры сары алтындай

Сарыарқаның салқам төс, сардар бегі.

 

Өзеннің көкке бойлар өр ағашы,

Өнеге көрсеткен ғой ер анасы.

Нұрғожа – жазушы қауымының

Арқада алғашқы еді төрағасы.

 

Ақордам толған қазақ қарашысы,

Ағаның әр қадамы – алаш ісі.

Хаттаған қалың тарих жәдігерін

«Сарыарқа» журналының сарашысы.

 

Ағадан тәлім-тәліп алам ба осы,

Бойынан таралатын адам хошы.

Болды ол талай ұрпақ тамсандырар

Тұлғалы Тұмағамның адал досы.

 

…Нәр алған кәусар бұлақ жыр-анадан,

Жаралған  мүбәрактай бір-ақ адам.

Алаштық ардакүрең азаматтан

айрылдық айнабозым Нұрағадан!

Бақытжан ТОБАЯҚОВ.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір