ШӘКӘРІМНІҢ ҮШ АНЫҒЫ
06.10.2023
634
0

Бұл қазақтан мақсұты биік-алыс,
Тап басатын сөзіне құлақ салыс.
«Қазақ» деп жекелеме, «адамзат» де
Ол кісінің пікірімен болсаң таныс.

Демеңіз тымақ киген бір жай қазақ,
Киген киім, жүрісі, түріне қарап.
Надандар оны өлшейтін өлшеуің жоқ
Аулақ жүр, біле алмайсың жай шамалап!
Сұлтанмахмұт

Шәкәрім анық дегенді ізгілік тұрғысынан қарастырған.Оның Шопенгауэрді сынға алуының да мәнісі осында.
Адам ізгілік үшін Жаратылған, олай болса, оның ойы, түсінігі, дүниетанымы АНЫҚ болуы керек. Бұл қиынның қиыны, адамзат күні бүгінге дейін, яғни ХХІ ғасырда ғұмыр кешіп отырып анық дегенді анықтай алмай адасуда. Өкінішті. Бірақ жағдай солай.
Ал, толық адам (ақыл қарауындағы адам) барша адамға Бақ іздейді. Бұл – хакім Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» айтқан өсиетінен өрбіген идея.
«Үш анық» осылай басталған.

***

Шәкәрім «Үш анық» еңбегінде мынандай мәселе қойған: «Тіршілік туралы адам арасында көптен бері айтылып келе жатқан екі түрлі жол бар.
Бірі дене өлсе де, жан жоғалмайды, өлгеннен соң да бұл тіршілікке, тіпті ұқсамайтын бір түрлі өмір бар. Сондықтан жалғыз ғана дүние тіршілігінің қамын ойламай, сол соңғы өмірде жақсы болудың қамын қылу керек дейді. Мұны ақирет – өлгеннен соңғы өмір жолы дейді». (Шәкәрім. 2-том. 79 б.)

***

«Менің ойымша, осы екі жолдың қайсысы анық екенін табу – ақылы сау адамға қатты міндет» (ол да сонда).

***

Бірінші жолдағылар – дейді Шәкәрім «… әлемдегі барша нәрселер қайдан бар болған, мұны кім жаратқан деген адамдардың ойынан шыққан. Неге десең, адамның ақылы оны ойламай тұра алмайды және адам жаңа бір нәрсе көрсе, мұны кім жасаған, бұл неге керек демей қоймайды. Сондықтан Жаратушыны іздеп әркім әр түрлі ой жүргізген.

***

Екінші жолдағылар – «… біліп жаратқан ие де жоқ, өлгеннен соң өмір де жоқ» деушілер. Олар осы ойларын «… барлық әлем неден бар болды» дегенмен шұғылданған. Милет ойшылы Фалес бар әлемнің негізі – су деген. Одан кейінгілер Шәкәрімнің айтуынша, түп негіз төрт нәрсе деген: от, су, топырақ, ауа, одан әрі Шәкәрім көне заман білгірлері: Эпикур мен Демокриттер туралы айтқан. Ол түп негіз «европаша атом деп атап, арабша мадда деп атаған» (ол да сонда 80 б.).
Екінші жолға қатысты Шәкәрім айтқандарын жинақтап, бүгінгі ғылыми лексикаға салсақ, мұны материалистік-атеистік жол дейміз. Философия оқулықтарында Милет материалистері: Фалес, Анаксимандр, Анаксимен дегендер айтылады.
Материалистік көзқарастарды сынай келіп, Шәкәрім баяғы Эпикур, Демокриттердің сөздері 17-18-19 жүз жылдары жаңғырып, 19 жүз жылдықта өмір сүрген Чарльз Дарвин мен Грегор Иоганн Мендель қайталап, 16 жүз жылдағы Николай Коперник, ертедегі Пифагорды қайта жаңғыртып отырған жоқ па деп сұрақ қойып, Шәкәрім сонда жаңалығымыз қайсы дейді. Осы ойды ол, поэзия тіліне салып былай деген:
Әнші, күйші кетсе-дағы,
Ән мен күй баяғы.
Олар өзі өтсе-дағы,
Қалды бөркі, таяғы.
Шәкәрім айтқандай кімнің ойы не екенін білу үшін «анық» дегенге тоқталайық.
Неге Шәкәрім еңбегін «Үш анық» деп атаған. Сонда «анық» дегеніміз не?
ХІХ ғасырдың аяқ шенінде дүние өздігінен, жаратушы ие жоқ деген жол тұйыққа тірелді. Сол кезде позитивизм деген ағым пайда болды.
Оның қалыптасуы негізінен Француз Огюст Контқа қатысты айтылады, ол метафизиканы сынға алған. Ол кезде метафизика деп философияны айтатын. Конт позитивистік түйіндерді алты ғылымнан: математика, астрономия, физика, химия, биология және социологиядан тапты. Позитивизм кейінірек тарам-тарам болып бүгінгі күнге дейін жеткен. Шәкәрім осы позитивизм ағымымен таныс.
Шәкәрім айтады: «1797 жылы туып, 1857 жылы өлген Огюст Конт позитивизм (шын анық) деген бір жол шығарды. Оның қорытындысы мынау: көзіміз көріп, өзге сезімімізбен әбден анықталмаған һәм жаралыс жолы физика ғылымымен тексеріліп, шындығына көзіміз жетпеген нәрсеге әуре болмайық деген».
Шәкәрім позитивизмді қазақшаға «анық» деп аударған. Ұтымды аударма. Сонда не анық?

***

Анық деген – жол таңдау. Адамзат адамдар жүретін жолда ма? Позитивистер адамзаттың адасуын айтуда. Өздерін анық жол көрсетушілер деп түсінген сыңайлы. Сондықтан олар «анықты» білушілерміз деген. Шәкәрім бұл оймен келіспейді. Ол «Қай жолдасың, айтшы сен?» деп басталатын өлеңінде «Өмір деген – ұйқы ғой, түс көргізбей қоя ма?» деген.

***

Шәкәрім заманындағы философ, ойшыл, данышпан дегендердің дүние туралы айтқандары бұлдырлай берді. Түсінікті-ау дегендерді терістеп түсініксіздікке айналдыра бастаған философтар қалыптасты. Ақыл сенбейтін сөздер көбейді. Осы жағдайда позитивизм ағымы қоғамдық талқыға түсе бастады. Оның объективтік негізі Батыс Еуропада нарық және нарықтық қатынастар нығая бастауында еді. Нарыққа дерексіз философияның қажеті шамалы. Америка Құрама Штаттары өңірінде позитивизмнің өзге түрі «прагматизм» өмірге келіп, күш алды.
Қара сөзбен жазған «Үш анық» толымды, мағынасы терең шығарма. Қазақ ғылымында мұндай шығарма Шәкәрімге дейін жазылмаған. Әрине, есімізге хакім Абайдың қара сөздері, әсіресе отыз сегізінші сөзі оралады. Шәкәрімнің «Үш анығының» ерекшелігі, ол өзі ғұмыр кешіп отырған замандағы ғылымның, техниканың, философияның, діни, өзге де қоғамдық ғылымға қатысты ілім, теория, жаңалық деректерді және иррационалдық: спиритизм, телепатия, т.б. сол кезде жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтар сияқты қаптаған ақпараттарды талқыға салған. Осылардың анық-қанығына толыққанды шолу жасаған.

***

Шәкәрім екі нәрсеге сүйенген, бірі – ұстазы Абай даналығына, екіншісі – өзінің өмірден көріп-білген өмірлік тәжірибесі және оқыған түйгендері. Шәкәрім ненің анық-қанық екенін айыру үшін оқыған, білген, көргенін, естігенін сынға салады.
Бірінші сын. Философ, ойшыл, данышпандар Құдай бар ма? Жан бар ма – дегенге анық жауап таба алмаған.
Екінші сын. Жоғарыда айтылғандардың шатақ ойларын ақылға салған. Шатақ ойлар ол заманда да, бұ заманда да көп. Ақын айтады, мен керектісін ғана алам, қате, жалған айтылғандарды сынға алады.
Үшінші сын. Психологияны «Жан сыры» деп атауға қарсы. Бұл керемет пікір. Психология Жан туралы пән емес. Шәкәрім сыны бүгінгі күні де пәрменді. Психологияны үстірт түсінетіндер ғана, оны «Жан сыры» дейді. Қазір де кейбіреулер солай деуде. Ондайларды Шәкәрім «Орайсыз ойлап адасқандар» деген. Адасқандарды тану деген ерекше білімді қажет етпек.
Төртінші сын. Шәкәрім: «Түзеттім дінді шалыстан» дейді. Шалысып жүргендер: тәпсіршілер, діншілдер, сопылар.

***

Мінсіздік – Жаратушы сипаты. Адамдардың шатақ ой айтуы, адасуы және өзгелерді адастыруды ілім жасап, дінді шалыстыруы бәрі-бәрі адамның мінді болуынан.
Шәкәрім болса, «сау ақыл – менің иманым» деп көнбейді. Солай-ақ болсын, бірақ өзі айтқандай: «Тамам дерттен сау ақыл – менің сыншым, мың айтып ұқтыра алман деймін саған».

***

Шәкәрім «Үш анықта» саясат жағына бармай-ақ анықтың ғылымдық, дүниетанымдық, фәлсапалық мәселелеріне талдау жасаған. Шәкәрім ғылымға арқа сүйеген. Ол заманда атом бөлініп, ғылым, техника жаңалықтары қауырт шыға бастаған кез. Нарық және нарықтық қатынастар өріс ала бастаған. Нарыққа ғылыми жаңалық, технология қажет. Яғни, ойлау жүйесі де нарыққа сай болуы табиғи үйлесімдік. Осы халге орай, Батыс Еуропада позитивистік идеялар өріс ала бастады. Қазақшалап айтсақ, олар анық идеялар, бірақ дүниетанымдық жағы қалай болмақ дегенге Шәкәрім жауап іздеп, анық деген тек физикалық нәрселер емес, анық деген – ой анығы деген.
Сол заманда «халық жаулары» дегендердің дені сау ақылдың адамдары. Кіршіксіз сау ақылдың коммунистерге қажеті жоқ. Олардың ақылы кірлеген. Олар ноқталы ойдың жетегіне ергендер – адасушылар. Шәкәрім осы мәселенің дүниетанымдық негіздерін іздеген. Сондағы тоқтағаны – үш анық.
Бірінші анық: Жаратушы білімі. Шәкәрім мәселені мұнымен аяқтамайды. Ол Жаратылыстың мазмұны туралы айтқан.
Алла тағала – абсолют. Негізінде «тағала» деген абсолют деген мағына береді. Шәкәрім Абсолютті өлшенбейтін, өлшеуі жоқ нәрсе деген.
Шәкәрім бірінші анық Абсолют – Жаратушы дегенмен ойын аяқтамаған. Ол Абсолютті – субстанция десе, оның акциденцияларын атап өткен, олар: өлшеусіз Құдірет оны ғылым тілінде – онтология деуге болар;
Өлшеусіз білім (Алла тағала білімі бізге беймәлім), оны ғылым тілінде – гносеология деңіз.
Өлшеусіз шеберлік, оны ғылым тілінде – гармония деңіз. Хакім Абайдың «Безендірген жер жүзін Тәңірім шебер» дегені осы жағдайға саяды.
Қорыта айтсақ, бірінші анық – Абсолют. Жаратушы (Алла тағала).
Абсолютті – субстанция десек, оның акциденциялары:
– өлшеусіз құдірет
– өлшеусіз білім
– өлшеусіз шеберлік
Демек, бірінші анық Жаратушының білімі, құдіреті, шеберлігі. Бұл үшеуінің өлшеуі жоқ, олар Абсолюттің акциденциялары.
Бұдан кейін Шәкәрім жанның мәңгілігі деген иман мәселесіне тірелді. Бұл – Шәкәрімнің айтуынша, екінші анық. «Мен өлмекке тағдыр жоқ, әуел бастан» деп хакім Абай да айтқан.
Ақыл мен жан – мен өзім, тән – менікі,
«Мені» мен «менікінің» мағынасы – екі.
«Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,
«Менікі» өлсе өлсін, оған бекі.
Осыдан әрі Шәкәрім үшінші аныққа ауысады.
Үшінші анықты жанның екі дүниеге азығы болатын Ар білімі десек, артық емес. Мұқият оқыған адамға «Үш анықта» Ар білімі туралы айтылып отырғаны белгілі болмақ. Бірінші анық – Алла тағаланың алғашқы білімі (Алла тағала білімі) болса, екінші анық – жанның мәңгілігі туралы пайым, үшінші анық – ар білімі. Шәкәрімнің айтуынша, ар, ождан екі дүниеге бірдей.

***

Шәкәрімнің үш анығы мұсылмандық жолға бастамақ. Ол – адамзатты бауыр ететін ізгілік жолы. Осы жолды қабылдағандар адаса ма, әлде адамзатты тура жолға сала ма?
Ол үшін Алла тағаланың білімін анық деу, жанның мәңгілігін мойындау және оның екі дүниедегі азығы – Ар білімін үйрену.
Бұл әр зиялының көңіл қалауына ұсынылатын Шәкәрімнің пайымдауы.

Ғарифолла ЕСІМ,
академик, жазушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір