ӘНУӘРБЕК АНЫҒЫ
27.07.2023
277
0

«Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген сөз бабамыздан қалған. Мұның растығына шүбә келтірудің реті келе қоймас. Әйтпесе, жеті атасынан бері ырысы арылмаған шынжырбалақ, шұбартөс бай-бағландардан бастап, ауылда бригаданың есебін жүргізіп жүрген сауаты бар қазаққа дейін шалғымен шапқандай етіп жапырып жіберген кеңестік қызыл қырғыннан кейін, елі мен жері үшін атойлап алға шыққан, майдан даласында ғана емес, еңбекте де, білім-ғылымда да, мәдениет пен өнер, спортта да әлемді тамсандырған оғландар қайдан шықты. 

Міне, сонау Бәйдібек биден өрбитін, Шу өңірінің Аша болысында көп жылдар бойы ел билеген Бәйелі болыстың ұрпағы қуғын-сүргінді бастан кешіріп, сүйегіне дейін үрей сіңген уақытта тоз-тозы шығып кетер ме еді, қайтер еді. Жоқ, асылдан жаратылған ата-бабаларымыздың қанымен, бойларынан тектілік арылмаған аналарымыздың сүті арқылы даритын тектілік қаншама жерден тұқыртсаң да, бір күні жарқ етіп шығады екен.
Әнуәрбектің әкесі Жүнісәлі Бәйелі­ұлы ескіше де, орысша да хат танитын, жазу-сызуға икемі бар сауатты әрі білімді адам болыпты. Осылайша ауылдық кеңестің хатшысы болып жүргенінде көре алмаған ағайынның: «Байлардың малын жасырып, есепке алмайды. Өзі кешегі болыстың ұрпағы, бай-құлақтардың тұқымы» – деген жаласымен Сібірге жер аударылып кете барады. Ол жақтан аман келгеннен кейін қарғыс атқыр соғыс басталып, Отан қорғау үшін майдан даласына аттаныпты. Тағдырдың салғанына амалсыз көнген анасы төрт баламен тағы да еңіреп қала береді. Жоқшылықтың азабын әбден тартқан үлкен әпкелері ерте тұрмысқа шығып, өзінің тете әпкесі Ұлбөбек екеуі анасының азаптанып жүріп тапқан бір үзім нанына тәуелді болып қалады.
Соғыс кезіндегі елдің тірлігі жайлы аз айтылып, жазылып жүрген жоқ. Аштықтан өлуге шақ қалғанда көрші ауылдағы сиыр фирмасына сүйретіліп барып, сондағы Ибалы деген сауыншы кемпірдің қамқорлығы арқасында аққа аузы жетіп, аман қалғаны өз алдына. Сол 9-10 жастағы кезінде кешкісін беретін бір қалта бидай үшін қырмандағы малатасқа отырып, жұмыс жасағаны қалай ұмытылсын. Бір шөкім бұлты жоқ көк аспаннан күн шақырайып, ми қайнатар ыстықта малатас сүйреген аттың үстінде отырып, митың жүріспен бір шеңберді айналып жүрудің азабын оны көргендер ғана біледі. Басы айналып, көзі қарауытып, мұрнынан қан кетіп сан құлағаны да есінде. Жұмысты сырттан бақылап жүрген қариялар мұны көлеңкеге жатқызып, есін жинап, сәл тыныққаннан кейін қайта отырғызушы еді-ау, атқа. Осындай ауыр еңбек, жоқшылық пен аштық Әнуәрбекті ерте есейткені анық.
Қиындықты көп көрген жары мен балаларының көз жасын көрді ме, әкелері 1945 жылы аман-есен елге оралады. Қарап отыратын заман емес, бірден шаруашылықтың қара жүмысына араласып кеткен. Сөйте жүріп әулетінің жалғасындай болған жалғыз ұлы Әнуәрбекке лайықты білім беруге тырысқан екен. «Балам, сен оқуыңды жалғастыр! Мен Сібірде жүргенде осы оқудың азабын тарттым емес пе… Сауатты, білімді азаматтардың әйтеуір жерде қалмайтынын көрдім. Сондықтан жақсы оқып, білім ал!» – деп отырады екен жарықтық. Ауыл мектебінде қайбір білім болсын. Сондықтан 8-ші сыныпқа келгенде аудан орталығы Шу қаласына аттанған. Ауылдағы оқыдым дегені бекер екен. Әсіресе математикадан мүлдем бейхабар екені көп ұзамай-ақ байқалып қалған. Оқу жылының басында келген 40-қа жуық баладан, бір тоқсаннан кейін жиырмаға жетер-жетпес оқушы қалғаны да сол үлгерімнің жоқтығынан. Әке аманатын арқалап келген Әнуарбек қанша қиналса да шыдап бақты. Ұлы Отан соғысынан мүгедек болып оралған математика пәнінің мұғалімі Төкен Деңгелбаев бар білгенін балаларға үйретуге тырысатын нағыз ұстаз болып жолықты. Соның арқасында пәнді терең меңгеріп, мектеп бітірісімен Алматы ауылшаруашылық институтының инженер-механик факультетіне қиналмай-ақ түсіп кеткен болатын. Намысты жігіт мұнда да әйтеуір ілініп-салынып жүруді лайық көрмей, мамандықтың қыр-сырын жете меңгеруге күш салған болатын.
Институтты бітіргеннен кейін алдыда сан тарау жолдар жатса да, Әнуәрбек туған жерге оралуды жөн көрген. Елдің ауыр жағдайын жақсы білетін ол қанатымен су сепкен қарлығаштай болса да туған жерге пайдамды тигізсем деп шешкен. Ол жолдама бойынша Шу ауданына қарасты Новотроицк машина-тракторлар станциясына (МТС) келіп, алдымен диспетчер-механик қызметіне кіріседі. Ол кездері инженерлерді былай қойып, тіпті қазақ механизаторларын емге таба алмайсың. Негізінен техникаға жақын неміс ұлтының өкілдері жұмыс жасайды екен. Сондықтан оқу бітіріп келген «жас балаға» өзінің кім екенін дәлелдеуге, қолынан іс келетінін көрсетуге тура келген. Таңнын атысынан кештің батысына дайын МТС-тің жұмысында жүріп, шын мәнінде жоғары білімді маман екенін дәлелдеп, мұнда орын алған кемшіліктердің жолын кескеннен кейін ғана мұнымен санасатын болып, аз уақытта бас инженер лауазымына қол жеткізеді.
Жұмыс десе жалындап тұрған білімді де білікті жас жігітті аудан басшылары да байқаса керек. 1958 жылы Хрущевтің пәрменімен МТС-тер таратылып, оның техникасы колхоздар мен совхоздарға берілген тұста аз уақыт Сталин атындағы шаруашылықта бас инженер болып еңбек еткен Әнуәрбекті көп ұзамай партия-кеңес жұмысына шақырады. Осылайша оның жаңа бір белесі, ел басқару ісіне араласуы басталған болатын. Алдымен аудандық партия комитетінде ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болып бастаған ол бірінші басшы Жапар Түйебековтен көп нәрсе үйренгенін жасырмай айтатын. Ол кісімен бірге еңбек еткен жылдарын Әнекең өмір мектебімен теңестіреді.
1962 жылы жұртшылықпен жұмыс жасауда мол тәжірибе жинақтап ысылған Әнуәрбек Жүнісәліұлын аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне тағайындап, тағы үш жылдан кейін аупарткомның екінші хатшысы лауазымына жоғарылатады. Әріптестері мен замандастарының айтуынша, Әнекең осы қызметтерде жүргенінде нағыз халықшыл азамат екенін, қарапайым да еңбекқор болғанын жарыса айтады. Алдына келген кез келген адаммен жылы сөйлесіп, қолынан келгенше жәрдем беру, экономикалық-әлеуметтік мәселелерді барынша терең зерттеп, қажет болған жағдайда шұғыл шешім қабылдай алатыны да оның абыройын арттыра түскен. Жапар Түйебековпен бірлесе еңбек еткен жылдары аудан экономика мен әлеуметтік салада үлкен табыстарға жетіп, бірінші басшы «Ленин» орденімен, Әнуәрбек Жүнсәліұлы «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталғаны бар. Ал Жапар Түйебеков облысқа қызметке ауысқаннан кейін төрт жыл Шу аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып жемісті еңбек еткен болатын.
1974 жылы елімізде әкімшілік құрылымдар өзгерген кезде Жамбыл облысында жаңадан Красногор ауданы ашылып, оның ұйымдастыру жұмыстарын жасау Әнекеңе жүктеледі. Аты болмаса, заты жоқ жаңа ауданның Отар ауылында орналасқан орталық ғимарат­тарын салудан бастап, шаруашылық құрылымдарын ретке келтіріп, жұмысын жүргізу оңай болмағаны белгілі. Ол кезде барлық жауапкершілік пен салмақ аупарткомның бірінші хатшысына түсетіні белгілі. Оның үстіне бұл өңірдің табиғаты қатал, топырағы құнарсыз, шаруашылық жүргізу өте күрделі болып келетіні бар. Алайда өзіне жүктелген міндетті жақсы атқаруға дағдыланған Әнекең бар күш-жігерін сала жұмысқа кіріскен. Тынымсыз жасалған еңбек өз нәтижесін беріп, аудан көп ұзамай озаттар қатарынан көрініп жүрді. Еңбегі лайықты бағаланып, тағы бір «Еңбек Қызыл Ту» орденін өңіріне таққан болатын.
1990-шы жылы Әнуәрбек Жүнісәліұлы облыстық кәсіподақ комитетінің төрағасы болып сайланып, зейнеткерлікке шыққанша 16 жыл бойы осы қызметті абыроймен атқарды. «Құрмет белгісі» орденімен марапатталуын осы еңбегінің айғағы ретінде қабылдаса да болады.
Әнекең, Әнуәрбек Жүнісәлі, жаратылысынан ақын еді. Ол кезде партия қызметінде жүрген адамдарға шығармашылықпен айналысу, өлең жазу әбес болып саналатын еді-ау. Біздің жақта аупарткомға жұмысқа орналасқан бір қызметкерінің өлең жазатынын естіген бірінші хатшы: «Мен сені тәп-тәуір азамат па деп жүрсем, ақын екенсің ғой?!» – депті деген әңгіме қалған. Ал Әнекең қым-қуыт шаруаның ішінде жүріп, қолы қалт еткенде бірер шумақ өлеңді жазып тастауды міндеті деп таныған. Тіпті кәсіподақта жүргенде іш пыстырар таусылмайтын жиынның үстінде отырып, әріптестеріне өлеңмен хат жазу, жанындағылардың кейбір қылықтарын өлеңге қосу күнделікті әдеті болатын дейді білетіндер. Мына тіршіліктегі жақсылық пен жамандық, қуаныш пен қайғы, қарапайым өмірдің түйткілдері – бәрі-бәрі Әнекеңнін өлеңдеріне негіз болғанын байқаймыз. Сонау интернатта оқып жүргенде соғыстан келіп, дене шынықтыру пәнінен сабақ беріп жүрген қазақтың болашақ тамаша композиторы Әсет Бейсеуовтың ән-күй үйірмесіне қатысуы оның музыкаға, өнерге деген құштарлығын оятқан еді. Егер әкесінің заңгер немесе инженер бол деген қатаң талабы болмаса, өнер ауылына біржолата тұрақтауы да мүмкін еді. Дегенмен оның бойында поэзияға деген, өнерге деген құштарлық мәңгілік сақталып қалыпты. Ол өзі қызмет жасаған жерлердің бәрінде осы салаға үлкен көңіл бөліп, шығармашылық адамдарына қол ұшын беруді өзінің азаматтық парызы санаған. Оның өлеңдеріне жазылған «Шашбаулым», «Қызыл елік», «Алатаудың ақиығы», «Ақбақай – алтын аймақ», «Адаспа, жаным», «Арулар», «Қазыналы Қаратау», «Асыл әже» сияқты әндер сол кездің өзінде бірден-бірге тарап, халықтың сүйіп тыңдайтын әндеріне айналып кеткен. Соңыра, Әнекең көз жұмғаннан кейін жары Рахия Күләшбекқызы жұбайының өлеңдерін жинастырып, жеке кітап етіп шығарған да болатын.
Әнуәрбек Жүнісәлінің өмір жолы, сонау өмірге келген шағынан бастап соқтықпалы-соқпақты болды десек, қателеспейміз. Әкесінің жазықсыз қуғындалып, «халық жауының баласы» атанып түртпекке түсуі, соғыс кезіндегі адам төзбес қиындықтар, еңбекпен есейген жылдар… бәрі-бәрі азаматтан асқан қайсарлық пен төзімділікті талап еткен. Кейіннен ес жиып, етектері жабылған кезде төрт перзентінің анасы кенеттен қайтыс болып, жалғыз қалуы да оңайға соқпағаны белгілі. Соңынан алған жары Рахия Күләшбекқызы анадан адал сүт емген ару болып жолығып, төрт балаға өзінің өзегін жарып шыққандай қарағаны қандай ғанибет. Тіпті әскери мамандықты таңдаған үлкен ұлдары Мәлік ауған соғысына қатысып, қатерлі дертке ұшырап келгенде Мәскеуден шипа таппай, шет елге сапарлаған болатын. Сонда Елбасының араласуымен Германиядағы ауруханада алты жыл жатқанда жанынан табылып, ақтық сапарға кеткенше күтіп-қарауы ерлікпен тең емес деп кім айта алады.
Оқу бітіргеннен кейін Алматыдағы ғылыми-зерттеу институтында еңбегін жалғастырып, ғылым кандидаты атағын қорғап алғанына қарамастан, жары мен балаларының болашағы үшін бәрін тастап, елге аттануы да үлкен қадам емес пе?! Мәліктен кейінге ұлдары Ризабек азамат болып қалған шағында жол апатынан қайтыс болғаны да әке мен ана үшін айықпас қайғы болғаны анық. Міне, осының барлығы бүкіл ғұмыры күреспен өткен, тағдыры қаншама сынаққа салса да адамгершілігін жоғалтпаған, жүрегіндегі жылуы мен ақыл-парасатын елінің гүлденуіне арнаған асыл азаматтың жүрегіне жүк түсірген еді. Осылайша екі мәрте «Еңбек қызыл Ту» және «Құрмет белгісі» ордендері мен көптеген медальдардың иегері, Шу ауданы мен Жамбыл облысының Құрметті азаматы Әнуәрбек Жүнісәліұлы 85 жасқа толар шағында дүниеден өткен болатын.
Ол артында өзінің ұрпақтарын ғана емес, өнегелі өмірін, өрелі өлеңдерін, өшпес рухтың шырағын қалдырды. Ол – алаулап жанып, күлден қайта түлейтін Феникс құсы сияқты, жер бетінен жойып жіберуге қаншама әрекеттенсе де ұрпақ ауысқан сайын жаңадан жаралатын қазақ ұлтының текті ұрпағы ретінде санамызда самала болып қалады!

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір