1. КӨКІРЕГІНЕ ҒАРЫШТАН ҚҰЙЫЛҒАН ҮН
Соңғы жылдары әдебиет сүйер қауымның ықыласына ерекше бөленіп жүрген сыншы Әмина Құрманғалиқызының Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті ақын Нұрлан Оразалиннің алты томдық шығармалар жинағына жазған көркем талдауын оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.
«Ойымды еле, сөзімді қайта қара,
Қайта қара, сезімді байқа дара!
Үңіл-дағы шыныңды жасырмай айт,
Жүрегіңді бір сезім айқара ма?!
Айқара алса жаныңды толғанысым.
Сөзімнің де, сезімнің болғаны шын.
Ақ-қарасын айт, қарғам, адалынан,
Болсын маған жасаған қолғабысың».
Ақын сөзі.
Әмина ҚҰРМАНҒАЛИҚЫЗЫ,
сыншы
Нұрлан Оразалиннің өлеңдеріне сын-сараптама
Сыншы Бақыт Сарбалаұлы Нұрлан Оразалин шығармашылығы жөнінде жазылған сын-сараптамасында «2» санының астарынан құпия іздеген екен. Кінәратсыз, зілсіз жымиған едік.
Енді өзім де Бақыттың әулиелігіне сене бастағандаймын. Оразалиннің 2014 ж. толықтырылып қайта басылған 6 томдық топтамасы қолымда отыр. Ақын шығармашылығы жөнінде ең алғаш айтылған пікірге – 20 жыл, талдау жасап, мақала жазғандар – 20, 20 тарау, 20 эпиграф… Қандай сәйкестік! Ал мен 21 адаммын. Және толық топтамаға. Жақсы ырым емес пе өзі?! Нұрлан ақын шығармашылығы жөнінде пікір айтқан, баға берген, саралау, талдау, зерттеу жасаған 20 адамның аты-жөніне көз салсам, жүрегім дір ете түседі. Атағынан ат үркіп, атан тарта алмайтын кілең бір Алатаудың мұзарт шыңдары, қасабалы қара нарлары, табаны бұдырлы буыршындары. Ғасырымыздың жарқыраған тәжіндей «қақырығы – қайма алтын, түкірігі – түйме алтын» от ауызды, орақ тілді, қара сөздің қаймағын қалқып ішкен шешендері мен көсемдері… Тізімнің басы шоң Шыңғыс Айтматов пен оқшау Олжас Сүлейменов, сарабдал Серік Қирабаевтан басталып, орта тұсы тұмадай Тұмағаң, алмас жырдың Аққұртқасы Фаризамен бекіп, аяғы қорғасын құйған кеней асықтай Кеңшілікұлымен аяқталып тұрғасын белгілі емес пе.
«Осылардан асырып не айтпақсың, өле алмай жүрсің бе, байғұс-ау» деймін өзіме-өзім. Дегенмен, кітапты оқып, тереңіне бойлаған сайын, тұнығынан жүзіп ішкен сайын, ақын өлеңінің өзі «жүр-жүрлеп» жетелей берді, қолыма қалам алғызып, тәуекелге барғызды. «Аспаннан бойға түсті ғайып пірім» деп Сара апам айтпақшы, ақынның өзі қаршадай күнінен сеніп, сыйынып өскен Ғарышынан ғайып үн келгендей болды. Сөйтті де, қуат берді, сенім берді. Көз алдымнан жазиралы, жасаулы бір әлем ашылды. Ақын әлемі… Нұрлан әлемі… «Алты құрлығын» аралап, жүректегі «жетінші құрлығының» жұмбағына үңілуге бел будым. Өлеңнің өз қуаты «жүрегімді жұлқыды, сезімімді сілкіді». Құйылып ой келді, самаладай самсап сөз келді. Тек қайсысынан бастасам екен? «Бәрі керемет десем, жағымпаздық болмай ма, кемшілігі бар десем, көргенсіздік болмай ма» деп көп қиналдым. Өйткені осы күнге дейін бір адам ақында бір кемшілік бар деп жазбапты, тек жақсылығын ғана жазған.
Таныс та, бейтаныс ақын. Таныстығы – танымалдығы, бейтаныстығы – өмірде көрген емеспін. Өзіме дейін жазылғандардың барлығы формасы, түрі, көлемі жағынан алғысөз, аннотация, мақала, эссе, рецензия, әдеби-сараптама, ғылыми-сараптама, тіпті диссертация, диссертацияға таяйтыны бар… Мазмұны жағынан: ақынның адамдық, азаматтық, ақындық, қайраткерлік, тұлғалық сипаттары толық ашылған. Өйткені, бәрі де өмірде, әдеби ортада ақынмен етене таныс, аралас, тіпті балалық, студенттік шағының достары болғандықтан, қалай жазса да сияды. Осыларды оқи отыра ақынның ашылмай қалған бір қыры, бір сыры жоқ шығар деп ойлағам.
Қазақ көңілі толған азаматты «сегіз қырлы, бір сырлы» деп жатады ғой. Сол сегіз қыр Нұрланда бар екен және оны былай жүйелеуге болады: 1. Адамдық. 2. Азаматтық. 3. Ақындық. 4. Драматургтік. 5. Көсемсөзшілік (публицист). 6. Шешендік (оратор). 7. Қайраткерлік. 8. Тұлғалық. Ал осы сегіз қырдың толық ашылмай қалғаны қайсы? Менің еншіме сол тиетін шығар, тәрізі. Меніңше, ақындық сипаты. Себебі ,Нұрлан шығармашылығы осы күнге дейін аға, бауыр, дос, замандас-көзімен, академик, доктор, профессор, әдебиетші-ғалым-көзімен қаралған. Бірақ сыншы көзімен қаралмаған. Неге екенін қайдам… Қазіргі қаламгерлер үшін «Сыншы» деген сөз «Сұмырай» дегенмен бірдей. «Сыншы тырнақ астынан кір іздейді, пәле қуады. Мақсаты – аяқтан шалу, өш алу, абырой-атағыңды күндеу» дегенді ашық айтып та, жазып та жүр.
Егер мен Нұрлан ақын жөнінде сын жазсам, осы «айып» маған да айтылар. Бірақ қаншалықты әділ?
Көре алмады дейтіндей – көрген адамым емес. Бақталас дейтіндей – депутаттыққа қатар түсіп тұрғам жоқ. Қызғаныш дейтіндей – бақ пен таққа, абырой, атаққа, бедел мен мансапқа ортақтығым, ара ағайыншылығым жоқ. Қаламгер үшін мен қаймана қазақпын, тәуелсіз сыншымын. Менің мақсатым – алдымен мін табу емес, алдымен қаламгердің құпиясына үңілу, шеберханасын зерттеу, ешкім қайталамаған, өзге де жоқ ерекшелігін табу, шеберлігін, шешендігін, әдісін, тәсілін табу. Әдебиетте ашқан жаңалығы бар ма, соны сөзі, сонар ізі бар ма – соны паш ету. Тегінде бір жаңа форма, бір жаңа үлгі, жаңа сөз тудырғанның өзі үлкен олжа. Жетістік деген сол. Ал жетістік болған жерде кемшілік (аз болса да) болмауы мүмкін бе? Кемшілік деген сөзге тулай кетпей, «бұл да рас-ау» деп бір сәт ойлану да керек шығар. Сынауда да, сынға төзуде де кешегі аға ұрпақтың кісілігі мен кішілігі таңдантады. Әбдіжәміл Нұрпейісов басылуға кеткелі тұрған жерінен қолжазбасын алып кетеді. Сол бетінде Қабдоловқа келіп, «аямай, шын сынап берші» деп өтінеді. Қабдолов та еш жалтақсыз, жағымсусыз сынайды. Әбекең рахметін жаудырып кетеді. Сол жолы кітабын басылуға бермей алып қалып, әбден қайта қарап шығыпты. Сол секілді, аса кірпияз Қадыр ақынның өзі өзінен әлдеқайда жас ақынның сынын еш шамданбай құп алып, қайта түзету жасаған екен. Әділ сынды қабылдау да кісілікті, білімді керек етеді. Ал қазіргі кейбір «Жалына қол апартпайтын» жас қаламгерлер Мырзан Кенжебайдың тіпті сын да емес, анда-санда таққан мінін көтере алмай, «Мыжырайған Мырзан шал да өлер» дейтін көрінеді. Сонда оларға өз кемшілігін мойындап, түзеткеннен гөрі Мырзанның өлімі оңай боп тұрғаны ғой. Көргенсіздік әрі білімсіздік деген осы ғой. Қайтеміз, ондай асау балаларға Абайдың:
«Кәрілікті жамандап өлім тілеп,
Болсын деген жерім жоқ жігіт арсыз», –
дегенінен асырып не айтамыз…
Нұрлан ақын шығармашылығына талдау жасаудан, тіпті сын айтудан да еш қорықпаймын. Себебі, қолымда 4 түрлі сенімді «мандатым» бар.
Біріншіден, Хадисте «Мінсіз-Жаратушы ғана» делінген. Мұны жақсы білетін де Нұрлан.
Екіншіден, «Періште де емеспін, пері де емен, керегі жоқ әулие жасау менен» деп жазған да Нұрлан болатын.
Үшіншіден, қаршадай бала күнінен бастап, қазірге дейін пендеуи ақиқатты ғана емес, Ғарыштық ақиқатты жыр еткен де Нұрлан болатын.
Төртіншіден:
«Тәтті сөздер таңдайыма татымай,
Ащы сөзді айта алмай жүр жөнді ешкім…
Кездік едім суарылған… Тек, әттең,
Ащы қайрақ сала алмай жүр енді ешкім.
Ащы сөзбен қайралғанды жөн көрем,
Тәтті сөзбен алданғанша, ей, досым!», – деп жазған да Нұрлан болатын. Ендеше… Тәуекел!
- Топтаманың атрибуттары. Не нәрсенің де екі жағы болады. Сыртқы форма мен ішкі мазмұн. Форма мазмұнды ашып тұрса – үйлесімділік, ашпаса – кереғарлық. Кез келген туындының формалық атрибуттарына (символикасына) тақырып, өмірбаян, тарау аттары, эпиграф, суреттер, безендірілген нақыш өрнектері жатады. Бұл дүниелер қаламгердің жан-дүниесінен, рухани байлығы мен талғамынан, қабілет-қарымынан хабар беріп тұрады. Тіпті, психологиялық зерттеулерге сенсек, кітаптың түсінің өзі – қаламгердің мінезінен, ақылынан, арманынан, сезімі мен темпераментінен хабар беріп тұрса керек.
Көзімізге елестетейікші: кез келген оқырман қолына түскен кітапты бірден бастап оқи жөнелмейді. Аударып-төңкеріп атына, жөніне, суретіне, әріне, зеріне бір қарап шығады да, ары қарай өмірбаянды оқудан бастайды. Өйткені, қарапайым оқырман табиғаты сондай. Ол алдымен автордың ақындық сипатын емес, адамдық сипатын білгісі келеді. Заңды да ғой. Кез келген ақын өмірге адам боп келеді, артынан ақын болады. Бірінші ақын боп алып, артынан адам болмаса керек. Демек, ақын болудың шарты – адам болу, бірақ адам болудың шарты – ақын болу емес. Әңгіме өмірбаян жайлы еді ғой. Рас, танымал тұлға, танымал қаламгер үшін өмірбаян қажет те емес. Бірақ кітап – мәңгілік. Алмағайып бір алапат соқса (Аллам сақтасын) күллі ғаламдық электрондық-автоматтық, техникалық ғажаптардың жоқ болуы бір-ақ сәт. Ал кітап мыңдаған жылдардан кейін де әлдебір жерден аман шығады. Мүлдем басқа заман, басқа адам оқыды дейік. Өмірбаян керек-ақ емес пе. Алдымен өлеңді оқып, өмірбаянды содан-ақ шығарып алатын саналы, сауатты (білесіз бе, қазір оқырманды саналы-санасыз, сауатты-сауатсыз деп бөлетін болдық қой. Сауатсыз болса кітап оқи ма?) оқырман көп болса ғой…
Мұқағали не деп еді: «Егер күндердің күнінде әлдебіреу менің өміріме қызығушылық танытып, зерттегісі келсе, өмірімді өлеңімнен іздесін. Тек бірде-бір өлеңнің ретін бұзбай, орнын ауыстырмай оқысын. Күллі өмірім – өлеңімде» деген. Абай болса «Өлең шіркін өсекші жұртқа жаяр» деді. Ал Нұрлан ақын:
«Білгің келсе, өмірім – өлеңімде…
Білгің келсе, жанымды ізде жырдан…»
«Мен адаммын өмірге ессіз ғашық», –
деген. Қайталау емес, үндесу.
Сурет. 6 сурет. 6 кітап. Осы алты суреттің таңдап алынып, орналастырылуының өзінде үлкен ой мен кірпияз талғам бар. Әр сурет – сол кітаптағы өлеңдердің кезеңі мен мазмұнын айғақтап тұрған үнсіз куә.
Айталық, 1-суреттен бізге жанында, жүрегінде бір кіршік жоқ, жарық дүниеге барынша сенген, сүйген періште бейне-ұлан қарап тұр. Ұлан емес-ау, арманы асқақ, ниеті таза, бірақ олпы-солпы олақтығы да жоқ емес, сол олақтығымен де соншалық шынайы, аңқау, пәк Бала-жыр қарап тұр.
2-сурет. Қызуы, қызығы мол, қыздыратын шоғынан гөрі күйдіретін оты мол, жар астында жау бар-ау, қыр астында қатер бар-ау деп ойлатпайтын «жастық» атты кезеңге аяқ басу… Сәл тіксіну, сәл таңырқау, сәл секемдену…
3-сурет. Анық жолын тапқан, бағытын анықтаған асқақ ақын, арда азамат.
4-сурет. Өз-өзіне сенімді. Айналасына үңіле, зерттей қарау.
5-сурет. Есейген, бірақ шаршаулы, сәл абыржулы. «Өзі ермей, ерік бермей жұрт қор еткен» бір қиракезік шақ па екен…
6-сурет. «Бойында бар асылы түгел жайнап, маңына сәуле шашқан шырақтай» кесек, кемел, кемеңгерлік шақ. Иә, суреттер сөйлейді, ол тек сән үшін емес екен.
Бөлімдер мен тараулар аттары. Астарына құпия сыр бүккен сұлу әлем. Саусағың тиіп кетсе, сөйлеп кеткелі тұрған күйсандықтың пернелері тәрізді. «Ерте көктем», «Сырнайлы шақ» – мұңсыз, қамсыз балалық. «Сырғалы түн» – жастық жалын, ыстық сезім. «Беймаза көңіл», «Жерік түндер», «Үн мен ән», «Арғымақ ойлар», «Жетінші құрлық», «Адамзатқа аманат» – арманы, арпалысы көп асқақ арын, азаматтық үн. «Жанның дауысы», «Санадағы сарын», «Тәуба», «Жандауа», «Екі дүние», «Тәңірмен тілдесу», «Тәннің құндағы», «Жанның жұмбағы» – хақтық рухқа, Ғарыштық ақиқатқа жанымен ұмтылу. Неткен үйлесім?!
Эпиграф. Эпиграф алу – тек сән, не үрдіс емес. Осы эпиграф алуда қазір қалыптасып, сәнге айнала бастаған «өнімсіз, ұсақ қулық» бар. Неғұрлым «Батыстық», неғұрлым таныс еместеу, қиындау есімдерді алсам, соғұрлым оқырманыма «ұлы» көрініп, үрейін ұшырып, зәресін алып, «ойпырым-ай, мынаны оқыған бұл да бір осал емес қой» дегізем деу бір мақсат болды. Эпиграф алуда қазақ даналары түгіл, орыс ұлылары да модадан қалғаны қашан. Шығысты шиырлап, Батысты да базарлап көрдік. Енді Жапон, Үнді, Қытай жақтан іздейміз. Жақсылықтың бәрін жаттан іздеп, өзгені зор, өзімізді қор тұтуды қашан қоямыз осы? «Адам бір боқ көтерген боқтың қабы, боқтан сасық боласың өлсең тағы» дегенді Абай емес, Аристотель айтса, қандай құрандай жаттап, құлап түсер едік. Ал Аристотельдің «Не нәрсенің басы, ортасы, аяғы болады» дегенінде не даналық, не ұлылық бар? Мәселе сол сөзді Аристотельдің айтқанында ғана болып тұр ғой. Сол секілді Гераклиттің:
«Қалай қақсап бұл жұртқа қайтіп ұрсам,
Анық сөзді ұқпайды айтып тұрсаң», –
дегенін тек грек шалы ғана айта алатын «ұлы философия» деп әлі айтып келеміз. Ал Абайдың:
«Құлағын сатқан, Тәңірі атқан…»
«Самородный сары алтын
Саудасыз берсең алмайды
Самарқанның бөзіне».
«Жұртым-ау, шалқақтамай сөзге түсін,
Ұқсаңшы сыртын қойып, сөздің ішін», – дегені осыдан кем бе? Бұл сөздер даналық, ұлылық, философия болу үшін тек Гераклит пен Демокрит айту керек пе? Болмаса Эзоптың бір қазан суға бір тал бұршақ пісіріп әкеп, «Мұның не, ақымақ!» деп ұрысқан қожайынға: “Сіз бұршақ көже пісір деген жоқсыз, бұршақ пісір», – дедіңіз дегені Қожанасырдың «Же, шапаным, же» дегенінен терең бе, уытты ма? Ендеше, бауырларым-ау, алдымен өз тегімізден, тарихымыздан іздеп көрейікші. Бізде жоқ болса, не көркемдігі мен даналығы солардан кем түсіп жатса, сонда ғана соларға табынайық.
Ендеше, шешендікті Цицероннан ғана емес, Майқы биден, философияны Гераклиттен ғана емес, Қорқыт Бабадан, күлкіні Аристофаннан емес, Алдаркөседен, ақылды күлкіні Эзоптан емес, Қожанасырдан, қойғыны, Шекспирден емес, Асанқайғыдан іздеп көрейік те. Неге біз Абайды емес, Пушкинді, Мұхтарды емес, Толстойды, Мағжанды емес, Есенинді, Сәкенді емес, Маяковскийді, Бейімбетті емес, Чеховті, Ғабит, Ғабиденді емес, Шолоховты алуға құмармыз?
Міне, осы тұста да Нұрланның ақылына, азаматтығына, ұлтжандылығына тәнті боласың. Нұрлан эпиграфты кімнен алғанын қарайық. Хадистен бастап, халық даналығы, Майқы би, Күлтегін, Тоныкөк, Қорқыт Баба, Асанқайғы, Абай, Махамбет, Мағжан, Мұқағали, қала берді, өз замандас ақындарына да жүгінген. Бұл дегеніміз – өткенге құрмет, бүгінге ізет емес пе. Әрине, Батыстық, Шығыстық даналар да жоқ емес. Бірақ «өзгені» өзінікінің алдынан еш жібермеген. Ұлтжандылық деген осы екен ғой.
Безендірілуі. «Алтынмен аптап, күміспен күптеймін» десе қолынан келмей қалмаған шығар. Жоқ, кітап бедері – қазақы ою-өрнек. Оның өзі тарихи тастардан табылған таңбадай бедерленіп, ойылып түскен. Бояу да, өрнек те көзге ұрмайды. Ақын өлеңдеріндегі ұлттық рух та дәл осылай көзге ұрмайды, бірақ терең таңбаланып түскен. Мәңгілік өшпейтін таңба…
«Ат төбеліндей қазақпен
Ақыретке дейін біргемін».
Ақын өлеңінен.
ІІ. Ақын өлеңдеріндегі ұлтжандылық. Ақын – замана перзенті. Ол заманнан, адамнан, қоғамнан тыс өмір сүре алмақ емес. Кез келген ақын өлеңіндегі сипат – қоғам сипаты. Бірақ замана сұранысына қарай бір сипат басымдап алға шығады. Мысалы, бір кезең ерлікті, бір кезең интернационалдықты, бір кезең патриоттықты, бір кезең жаңашылдықты басты кезекке қояды.
Ал қазақ үшін өте керегі қай сипат? Иә, кеше де, бүгін де, ертең де қазақ үшін ең қажет қасиет, ол – Ұлтжандылық.
Заман секілді әрбір қаламгерде де бір сипаты басым болады. Бірі – сезімтал, бірі – махаббатшыл, бірі – мұңшыл, бірінде – ерлік, бірінде – серілік, бірінде – сұлулық, бірі – ұлтшыл, бірі – ұраншыл, бірі – пәлсафашыл. Ал Нұрлан болса, ақыл мен сабырдың ақыны. Нұрлан бойындағы атойлап көзге ұрып тұрған сипат – ұлтжандылық. Нұрлан көпшілігіміз секілді Тәуелсіздіктен кейін ғана оянып, «ойбай-ау, мен қазақ екем ғой, не істеп жүргем өзі» деп, қазақтығын Наурызда қазақ шапан киіп дәлелдеп жүрген шөре-шөре күлдібадам қазақ емес. Нұрлан ұлтжандылығы ата тегінен беріліп, ана сүтімен сүйегіне сіңіп, әке қанымен тамырына тараған қасиет. Сол қасиет кейіннен өлеңдеріне де тамырға тараған қандай сіңген. Нұрланның қаршадай бала кезінен бастап, ақсақал жасына жеткен бүгінгі күніне дейін қазақ исі, қазақ рухы аңқып тұрмаған бірде-бір өлеңі жоқ. Нұрланның бала шағы кеңестік идеологияның қаңтардағы бурадай сақылдап тұрған кезі екен. Күллі замандастары:
«Галстук қызыл мойнымда,
Мектепке қарай жүгірдім», –
деп әндетіп жүргенде, бала Нұрлан:
– Жел болып кезіп қырқаны,
Сай-салаға тараймын.
Махамбеттің ұрпағы,
Жалғасымын Абайдың», –
деп жазыпты. Сол бала кезінің өзінде. Күллі қазақ баласы:
«Маңдайымнан көрем қолын Лениннің,
Өс, ұрпағым, деп әкемдей сипаған», –
деп шырқатып жүргенде, бала Нұрлан:
«Темірбектей атам бар,
Есенбайдай жыршым бар.
Елден алған батам бар,
Бұйырса түбі жыр шыңдар».
«Қариясыз өмір – жетім, мұңайдым,
Жоқсың, ата, кімнен бата сұраймын».
«Әжелерім қайда әлгі ақ күндікті,
Ақ түндігін арманның тербеткендер», – деп, атасының батасын, әжесінің ақ күндігін, нағашысының қара жорғасын сағына жыр етіпті. Күллі қазақ баласы, күллі қазақ ақыны:
«Жер еркесі – космонавт,
Ел еркесі – космонавт», –
деп әндетіп жүргенде, Нұрлан:
«Кербестіні босаттым кермесінен,
Сезім құсын ұшырдым ақ қанатты»
«Бірі – құмай болғанда, бірі – тұлпар…».
«Алдына келсе тістеген,
Асаудай едік бұлаң бір;
Бұғалық әлі түспеген
Білетінім жалғыз – құлан-қыр», –
деп жазады.
Исі қазақ:
«Куба – любовь моя», –
деп әндеткенде, қаршадай Нұрлан:
«Сүмбе – жердің төресі».
«Шиліөзек, Талды, Көкбастау…».
«Тәңіртауымды сағындым», –
деп жазады. Шындыққа жүгінсек, әлі санасы саясатпен уланбаған қыр баласының Ленинді сағынуы орынды ма, әлде ата, әже, нағашысын сағынуы орынды ма? Кубаны сағына ма, әлде Тәңіртауын сағынуы шынайы ма? Біздер, сыншылар, олақтау ұйқасынан үркіп, бала жырларға мән бермей өте шығамыз. Негізі, ең таза, ең шынайы сол бала жырлар ғой. Кешегі серке ақындарымыздың өзі заман ырғағынан аса алмай, ұранға үн қосу мақсатымен болса да «паровоз арқыра, зуылда, жарқыра» немесе «Рудзутак, трат-та-тат» деп өлеңдетіп кетті емес пе. Ал бала Нұрланның қалайша «Ракетадай жырларым, мен Гагарин боламын» демегеніне таңқалам. Тіпті, жаңа заман лебін сездірер бір сөзі жоқ. Оның есесіне атажұрт, әруақ, бата, алғыс, ие, кие, тұлпар, құмай, қыран, бұғалық, күндік, түндік, инағаш, қоламта, құлын, қыр, ауыл, қария, керме – қаны тамып тұрған, қазақ иісі аңқып тұрған сөздер. Және осыны жазып отырған 13-14 жастағы бала ақын. Расул Ғамзатовтың «Аварский петух» деген өлеңіне «Неге Аварский әтеш, неге советский емес» деген сын айтылыпты. Сол секілді, нағыз ұлтжанды ақын ұлтының әтешін де ұлттық жүрекпен сүйсе керек. Осы сезім ақынның балалықтан бозбалалыққа бет бұрған кезінде де әр жерден, әр кезде бұлқына бой көтереді. Сылаң саясатқа үрке қараған ойлар басым.
«Неге ендеше жүре алмаймын мен еркін,
Алшаң басып Алматының төрінде?».
Мені – қазақ, Мені – ұлт. Мен неге алшаң баса алмаймын дегені – қазақ неге өз жерінде алшаң баса алмайды? – дегені. Өз жерінде жетім ұлдың күйін кешіп, жабыдайын жалтаңдап күн көріп жүрген ақын емес, оның ұлты. Ақын елдің мұңын мұңдап отыр, өз басының мұқтажын емес. Тіпті, өмірі өз кебісін өзі алып киіп көрмеген Абайдың өзі «қалың елі қазағы» үшін «жарлы емеспін, зарлымын» деп күңіреніп өтті емес пе.
Дүние түлеп жатты. Заман дүбірлі. Технократия тасқыны, ақпараттар ағыны. Қазақ өлеңінде де түбегейлі өзгеріс… Жаңару, бейімделу, ұраншылдыққа үн қосу. Енді қырды, елді, әжеңді, ақ күндікті, торы құнанды, батаны – жыр ету тіпті күлкілі боп қалған жоқ па? Сол кезде де Нұрлан бағытынан айнымай:
«Ата-бабам басып өткен
балдырлы су, балғыным.
Қайда мені ғашық еткен
қара өлеңді шалғыным?».
Немесе:
«Қай қиырда жүрсем де қара бала,
Қарадала есімнен кетер емес».
«Қиялымда – Көкбастау. Қорым. Елік.
Ақбоз мініп арманды торып едік.
Ой – сырласым, серігім – торы көлік».
Ой сырласы, серігі қыз болатын, жұлдызды түн болатын жалынды жиырма жасында ақын жігіттің қара баланы,
Қарадаланы, Торы құнанды ойлауы тегін бе? Бұл – қазақты, қазақтықты, ұлтын, ұлттық рухты сағыну. Еркін жортқан еркін күнін аңсап Көкбөрінің айға қарап зарыға ұлуындай бір алапат сезім, жан ышқынысы. Менің де есімде. Студенттік шағымызда бүкіл қазақты «Хали-Гали» жаулап еді. Бүкіл көше, жатақхана біткен, қайда жиын, қайда той – «Ей, ей, ей, Хали-Гали» деп есіре әндетіп жататын. Біз де қуана қосылып, әндетуші едік. «Даладан» құтылып «Қала» болғанымыздың алғашқы белгісі осы «Хали-Гали» мен «Шала-Бала» еді. Дәл сол кезде студент Нұрлан «Хали-Галиді» біз құсап қол соғып қабылдамапты.
Тыңдап көрелік:
«Хали-Гали…
Мезі қылды-ау жанымды,
Мезі қылды-ау байғұс жырларымды,
Біле алмаған бұл ғасырда барымды,
Шалғайдағы момын қырларымды…
Ғажабымды…
Ғажап үнді…
Париждегі қалықтаған әнімді…
— — — — — — — — — — — — — — — — — — — — — —
Алматы түні жыртылып,
Жүрек тоңады, қызады,
Тауым жеткізбей, Далам ұзады.
Сезім быт-шыт боп,
Жүрек қанжоса тілінді», –
деп, ұлтжанды ақынның ашуы, сезігі, алдан күткен қорқынышы мен үрейі көзіміз үйренген сыпайы, сырбаз шумаққа сыймай, осылай бір буырқанып, тасып, төгіліп, шашылып кетеді. Сөйтеді де, өзі де байқамастан сол заман үшін жаңа бір форма тудырады. «Поэзияда жаңа форма жасайыншы» деген мақсаттан тумай, керісінше, шабыт пен сезімнің қысымынан туған жаңа түр. Біз есімізді енді жиып, «ау, ұлттық құндылығымызды жоғалтпайық, мәдениетіміз, тіліміз шұбарланбасын. Батыс жұтып қоймасын» деп енді ұрандап жүргенімізді Нұрлан осыдан қырық жыл бұрын жазыпты. Ары қарай ойын анық, айқын көрсетіп жаза бастайды:
«Тіл – шұбар…
Дінім – шұбар…
Шұбар – ғалам…
Шұбарға қалай жеттік? Таңырқанам».
«Адасса да сыр берместен бүк түсіп,
Жүрегімнің түкпірінде тоңды Ауыл».
«Сауға сұрап таңдардан
Қауға сұрап шалдардан
Қара жорға кісінеп,
Қыр басында қалды арман».
«Қойлы ауылдың қиынан шыққан түтін
қаз-тырнаның барады көшіне еріп».
«Тамырым да, тағдырым да – кең Дала.
Көшкен елден қалып қойған жұрнақпын».
Дәл сол кездегі ұлт тағдырын ақын көгендеулі қозыға, құрықтағы құлынға, балақбаулы бүркітке теңейді. Тіпті, осы теңеулердің өзінен қазақ иісі аңқып тұрған жоқ па.
«Жүрегімді сілкіді
Құлын-дауыс, көгенді ой».
«Балақбаулы құстарым.
Балақбаулы сезімді байлап ұшар
Алпыс екі тамырды бойлап ұшар».
Нұрлан секілді ұлтжанды азаматтардың, ақындардың осындай үндері ақыры ұлтын оятты, ұлтының ұйықтаған намысын оятты. Желтоқсан желіне ұйытқы болды, қоламтадағы қозды үрлеп отқа айналдырды. Бұл тұста:
«Шідерлі хас жүйріктей шыңғырды,
Қою түннің қолтығынан шындығым…».
«Арман-мұңым – алданған ұрпағымды
Қалай адам етемін, қазақ етем?», –
деп жазды.
Сөйтіп, «еркек тоқтыны құрбан етіп» Егемендікке жеттік. Бұл тұста ақынның азаматтық үні айқындала түседі. Әлденеге өзін кінәлідей сезініп, ары мазаланады.
«Желтоқсанның жетім үні жүр көкте»…
«Желтоқсаннан аман жүрген сүлдем бар,
Ойларым бар қанға батып жыртылған…».
«Шарлайтындай ел намысы аспанды
Арашалап ала алмаған ұл-қызын».
«Бола алмадық, апыр-ай, Желтоқсанда,
Балапанын қорғаған тауық құрлы», – деп, өзін де, өзгені де аямай өлтіре сынайды. Ақын жүрегі, санасы әлі мазасыз. Әлденеге алаңдаулы…
«Құралайдың салқыны санада жүр,
Құралайдың салқыны далада жүр…».
«Көк байрағын бөрі басты көтеріп,
Кезуші еді кеудемді бір көкжал үн».
«Періден де сұраймын, Періштеден.
Азаттығым аяулы болсын аман».
«Ай астынан тілеймін. Үш қуатым:
Орман, Дала, Тауымның амандығын».
Бүкіл өлеңі ұлт тағдырымен өріліп, ұлт намысымен суарылған ақынның ел мұңын шекпеген бір сәті болмаған секілді. Әсіресе, Жер мен Тіл үшін қатты алаңдайды. Онсыз да жат көзінің сұғында отырған ат төбеліндей аз қазақтың бар қазынасы осы екеуі емес пе. Бұдан айырылса, бодандықтың қамытын қайта киерін ақын қайраткерлік санасымен, ақылымен ұғады. Ұғады да, ұлтына, ұрпағына ұғындыруға, ескертуге тырысады.
«Мен – Халықпын… Жоғала жаздап неше,
Қайта туып, жалғаған асыл әнін.
Немесе:
«Қарамауға хақым да жоқ, жоқ шама,
Алданатын болмашыға, бопсаға.
Уақыт па?
Жер тағдыры тұр таразы басында
Жер тағдыры – топсада».
Немесе:
«Өкінбей ше? Ауыл, қала – аш, ұры.
Өртім болды, дертім болды ғасырым.
Келімсек пен келесаулар өлкемді
Сатпақшы ма саудаға сап жасырын?
Бұл Жер – менің Тәңірім мен Тамырым.
Тамырымды үзе алмаймын!
Тәңірімді сата алмаймын!».
Бұдан артық қандай шындық керек?
Қазірдің өзінде «болдық-толдық» демей, ұрпақ болашағына қатты алаңдайды. Асан Абыздай күңірене толғайды.
«Өзім-өзім еместей өзге біреу…».
«Уайымым – осы, шын, жасыра алман.
Тілім аман қалар ма бәсіре алған?
Дінім аман қалар ма? Келер ұрпақ,
Сені қандай күтеді ғасыр алдан?
– Ой – жалаңаш, бәрі де жария тым.
Қайда кетіп барады ар-ұятым.
Мың-мың тұяқ дүбірі кеудемді ұрып,
Мұңаяды кеудемде қария-түн».
Немесе:
«Ақпараттар… Ақпараттар кезуде…
Бірі келіп ар етегін түргендей,
Бірі келіп жүрегімді бүргендей,
Батыс та жүр, Шығыс та жүр төрімде,
Атасының жұртын кезіп жүргендей».
Тіл тағдырына қатты алаңдайды.
«Бабадан қалған қазынам.
Ортайып қайда барады?».
«Бір заманда.
Уақыт зырлағанда.
Боз ай, басқа боз ғалам жырлағанда
Сөйлермісің сен аман, Тілім менің,
Жаратушы жанымды ұрлағанда», –
деп толғанған ата Нұрланның, ақсақал Нұрланның, Қайраткер, Тұлға Нұрланның Ұлтжандылығы тек өлеңдерінен ғана көрінбейді. Ол мінберлерден сөйлегенде де «бөтен сөзбен сөз арасын былғамайтын» қазақтың қара тілді шешені.
«Айту міндет – шындықты көз көргесін
Жырлау парыз – Тәңірім сөз бергесін».
Ақын өлеңі.
III. Ақын өлеңдеріндегі адалдық пен ақиқат. Нұрлан өлеңдерінен 3 түрлі адалдық көрем. 1. Арға адалдық. 2. Жырға адалдық. 3. Жарға адалдық. «Өз кемем өрге жүзді, елде нем бар» демей, екінің бірі айта алмайтын шындықты – қоғам шындығын аймандай әшкере етеді. Ақын бүгінгі қоғамдағы рухани және материалдық аштықтан қорқады. Біз де қорқамыз.
«Майдангерің айналды қайыршыға
Көрер кезде қызығын жеңісінің».
«Өзгеге мәңгі өле таңғалып
Еңсесін тіктеп көтермей,
Осылай мына ел өтер ме, ей?».
«Ақындардың көзінде азап-қайғы
Азаюда қазақтың жыр ұғары…».
«Ақиықпен теңелді сауысқаның
Ала жіпті аттамау – күлкі бүгін…».
«Абайды ұғар қалды қазақ кемде-кем,
Заман туды сөйлесер тек теңгемен».
Мына екі шумақ арқылы қоғамның күйкі портретін сызған да берген.
«Әкім мұңы – қалай жегу тертені,
Ақын мұңы – қалың қазақ ертеңі.
Пақыр мұңы – тірлік қамы, жанбағыс,
Батыр мұңы – бойды намыс өртеді.
Сатқын мұңы – көзіне қос көрінді,
Жаттың мұңы – елестетті төрімді.
Босқын мұңы – туған жердің түтіні,
Достың мұңы – сөзден жұрты жерінді…».
Бір өтірігі бар ма? Тағы бір адалдығы – өзгені ғана емес, өзін-өзі аямай сынауы, өзіне де сын көзімен қарауы. Адам, пенде ретіндегі кейбір осалдығын, кейде «Ортаның ұлы, уақыттың құлы» болып кететіндігін еркекше мойындайды.
«Қалыбына түсем бе деп ортаның,
Мен өзімнен өзім сұмдық қорқамын…».
Өзіне-өзі риза болмай, көңілі толмай, «не бітірдім, елге, қоғамға, өлеңге не бере алдым. Жалғасымның жанарына тік қарай аламын ба» деп қиналады. Өзін-өзі «жерлеп-жебірлеп» алады.
«Ұнайтындай не бітірдім мен осы?
Қайраңдап тұр ойларымның кемесі.
Есениннен үш жас үлкен жастамын,
Шоқанның да үш жас үлкен ағасы…».
«Көңілін тербететін айдағы арман,
Жүрегін тек махаббат жайлап алған,
Дос үшін отқа түсіп, су кешетін,
Апыр-ай, асыл шағым қайда қалған?!», – дейдi.
«Құдай-ау, қайда сол жылдар» деп аһ ұрған Абайша күңіренеді. Кейде «Жүргем жоқ жаттан бақ іздеп, қашпаймын бақтан бой ұрлап» деп пендешілігін мойындап, Лермонтовша баз кешеді.
«Бір бойымда екі адам тіреседі:
Біріншісі – өртеніп жыр еседі.
Екіншісі – жасырып өз сезімін,
Көп алдында кісімсіп сіреседі», –
деген Нұрланға сыншының не керегі бар. Сыншының аузы бармас шындықты өзі айтып отыр емес пе? Өзін-өзі аямай сойып салып қарап тұрған жоқ па?! Кейде соның себебін де тапқандай болады:
«Марапатшы көп болса егер пенденің
Мүмкін емес таспауы…».
«Арбаласың, байқамай алданасың,
Теңелгендей болады ханға басың.
Ең қиыны – жаңылып дос пен қастан,
Жағымпаздың жалбаңын малданасың».
Ал мына бір шумақтар ақынды ақтап тұрғандай. Жалғанды талақ етіп, жанын ұрып жас кеткен бауыры – ақынның мәңгі мұңы. Сол бауырының әруағына, сол арқылы күллі жас ұрпаққа сырын ашып, мұңын шағады. Кешу сұрағандай да болады.
«Аттандырып өмір көшін, ой көшін,
Кейде күліп, қайғырады кейде шын.
Әкім болып кейде айтады елге сын,
Ақын болып жоғалтады кейде есін».
«Өмір заңы кеуде аманда тоқтар кім
Келеді ағаң ортасында «жоқ-бардың».
Алыс-жұлыс, жаға жыртыс, тартысу,
Додасында Тірлік атты көкпардың…».
«Пері де емен, періште де емеспін,
Керегі жоқ әулие жасау менен», –
деп, адам екенін, пенде екенін ақын жүрегімен мойындайды.
Бақсақ, пендешілік бір Нұрланға тән сипат емес екен. Адами сипат екен. Болмаса «Өзімді-өзім зор тұтып, менсінбеуші ем наданды» деп, Абай өзін-өзі неге мысқылдады? «Өмір деген біреу бар билік құрған, билігінен мен соның қақ бөліндім» дегенді Мұқағали неге айтты? «Адамға тән сезімнің бәрі де маған жат емес» дегенді Карл Маркс неге айтты? Қалай да осыншалық ақ жарылып айтқан ақиқатты біз Арға адалдық деп ұқтық. Солай екені рас та.
- Жырға адалдық. Арға адалдық – адамдық, азаматтық сипат, ал жырға адалдық – ақындық сипат. «Ақындық – хақтың ісі» дейтін Нұрлан өлеңге соншалық бір ынтызар сезіммен, ғарыштық тазалықпен, киелі Хақ үніне мойынсұнғандай бас иеді. Ақындығын адамдық, азаматтық, ағалық, басшылық, қайраткерлік, тұлғалық, әкелік, жарлық – міндетінен де жоғары қояды.
«Еңку-еңку ессіз жыр
Күндерде де ессіз бір
Жалғыз қалып өткелде,
Дос бұрылып кеткенде,
Көмек сұрап Иемнен
Демеу күтіп Киемнен
Тек өзіңе Сүйенгем!», –
деп, Құдайдан соң сыйынары өлең екенін жасырмайды.
«Беу, Құдірет, о баста сөз қалап ем,
Боз ат мініп өтейін боз даламен.
Маған егер қонғаның рас болса,
Оян, сілкін, кеудемде қозғал, Өлең!».
«Айхай, біздің маңдайға сияр ма екен,
Өлең дейтін киелі аппақ құсым».
Нұрланда жыр киесі бар. Қазақ «Ой, оның Иесі бар» деп жатады ғой. Ие адамда емес, оның бойындағы қасиетте болады. «Мені де иектейді қара кісі» деп Мұқағали айтпақшы, Иесі иектегенде, өлең оның кеудесіне «аппақ құс болып кіреді, айдынына аққу-ғалам боп қонады, кеудесінде қызғыш құсы шырылдап, айдан ақ нұр болып саулайды. Қалғып жатқан қара орманы сілкінеді, қыраты өлеңмен өртенеді. Өлең шаранасын тепкілеген сәбидей бұлқынып, жүректегі ыстығы жырға түседі». Міне, қайда жыр құдіреті! Бұл ақын ғана сезінетін, ақынға ғана бұйырар бақыт. Өлеңнің азабын да ақын арқалайды. Нұрланның да тағдыры жыр үшін жұлқысу, тіл үшін тартысу, өлең үшін өртке түсу. Сондықтан да ол:
«Өлең – менің Тағдырым. Тағдырымнан
таландым деп безгенім жараса ма»?
«Ең ақырғы парағым жыртылғанша,
Сөзім үшін ақырғы күресемін», –
дейді. Нұрлан өз жырына ғана емес, өзгенің жырына да адал. Жалпы, жыр атаулыға адал. Кез келген ақынның, әсіресе, жас шағында өзі әулиедей табынып, пір тұтқан ақындарына еліктемеуі мүмкін емес. Соларша ойлап, соларша айтқысы келеді. Сүйгені соншалық – әр сөзі, әр тіркесі, әр теңеуі, әр иірімі, болмысы, табиғатына, қанына сіңіп, жүрегіне ұялап, жанында жатталып қалады. Өзі – соларға, солар – өзіне айналып кеткендей, кейде тіпті жазып отырғаны өз сөзі ме, өзгенің өзіне айналған сөзі ме – өзі де байқамас күйге жетеді. Мысалы, бір жолы бір жас ақын Тұмағаңа керемет бір шумақтарды (Тұмағаңның өз өлеңін) жатқа оқиды. Сонда Тұмағаң:
– Керемет! Қадыр ғой! – депті.
– Жоға, Сіздікі ғой, – деген жас ақынға Тұмағаң:
– Иә, кейде менде де сондай шумақтар болады, – деген екен ұяла жымиып.
Неткен кішілік пен кісілік десеңізші!..
Сол секілді Нұрланда да өзі бала шағынан пір тұтқан 4 ақынға – Абай, Махамбет, Мағжан, Мұқағалиға – үндесу, үйлесуге ұмтылу бар. Бірақ үйлесуге, ұқсауға ұмтылу бір басқа да, тұтас дайын жолды көшіру бір басқа. Нұрлан одан аулақ. «Өзім болып-толдым» демейді.
«Кеудемізді шабыт қысып, жыр ыстық,
Өлең үшін!
Өмір үшін тұрыстық…
Ағаларша жазғанменен бірақ та
Ағаларға ұқсамауға тырыстық», –
дейді. Нұрландағы тағы бір адалдық – ұлылардан алған тұтас жолын немесе шумағын «міне, алдым» деп, тырнақшамен қоршап, ерекшелеп қояды. Бұл – ереже, бұлжымас заң. Орфографияның, пунктуацияның заңдылығы. Осыны көп қаламгер білмейді. Абайдың өлеңінің бір жолын со қалпында өз өлеңіне қосып алып, еш қысылмайды-ау, шіркіндер. Бұл – қаламгер сауатсыздығы. Ал Нұрлан бұл жағынан өте сауатты, өте мәдениетті.
- Жарға адалдық. Жарына адал азамат көп шығар, бірақ өмірбақи бір ғана әйелге (өз әйеліне) жыр арнап, өз әйеліне ғашық боп өткен ақын аз шығар. Нұрлан сол аздың бірі. Жалпы, Нұрланда әйел затына деген үлкен құрмет, сенім, аялау бар. Бұл мүмкін ақ күндікті әжесін Пір тұтып, анасын Әулие көргеннен болар. Әйтеу Нұрланда әйелдің «балтырын, балағын, төсегін» түгін қоймай суреттеген бірде-бір әдепсіз сөз, сумақай сезім жоқ. Тек әйелдің (оның өзінде өз әйелінің) өзіне құлай берілген адалдығын, қоламтадағы қоздай қызуы еш кемімес махаббатын, шыдам-төзімін, кешірімі мен кеңдігін, бүкіл тіршілік-тынысы осы бір ғазиз жан екенін жазудан жалықпайды. Ақынның осы бір биязы тектілігіне риза боласың.
Әрине, қызды жазудың бәрі адалдықтан аттау емес. Кейде бір ақындық ерке тентектікпен, серілікпен жастық-сұлулыққа күнәсіз сұқтану болады. Мысалы, Мұқағалидың «Жалаңаяқ қыз» өлеңінде ешқандай нәпсілік сұғанақтық, еркектік құмарлық жоқ. Тек ақынның сұлулыққа сұқтануы ғана бар. Құйып тұрған жаңбырдың астында құлын мүшесі қоладан құйған мүсіндей айқындалып, еш секемсіз, қымсынусыз, еліктей ерке мүсін кетіп барады. Құйып тұрған жаңбыр астында еш бояусыз табиғи таза сұлулық кетіп барады. Қыз емес-ау, әркімнің де күнәдан пәк періште Жастығы кетіп барады. Оған қарамаудың өзі топастық болар еді. Оған қарамау үшін соқыр болу керек шығар. Бірақ бұл өлең – ластықтан таза, мөп-мөлдір… Сонда Нұрлан жарына ғана емес, күллі әйел затына адалдықтың көзімен қарап, адалдықтың сөзімен жазған ақын екен.
«Сен – сәуірсің, мамырмын,
Сен – сабақсың, тамырмын.
Бір бүтінбіз көктеген
Бұйрығымен Тәңірдің», –
деген жолдар соның айғағы.
Әйел қауымының атынан «Алладан қайтсын» деген алғысымды да айта кетейін.
«Алды – шуақ, өмірдің арты – ызғар
Ғасыр көшіп барады арманы көп».
Ақын өлеңі.
- Ақын өлеңдеріндегі даналық пен пәлсафа. Бұл өмірде, тіршілікте бір ұлт қана емес, күллі жұмырбасты пендені мойындатқан, ойласа – ақылы жетпес, болдырмауға-айласы жетпес, тоқтатуға – күші жетпес табиғаттың Ұлы заңдылықтары бар емес пе. Бұл дегеніміз – құсқа мініп қусаң жетпейтін уақыт, алмасқан ғұмыр, дәуір, мезгіл, алмасқан өмір-өлім, ақ пен қара, жақсылық-жамандықтың кезек жығысқан мәңгілік ғарасат майданы. Айға ұшып, Шолпанға қонақтаса да, адамзат әлі ұшығына жете алмай отырған Ғалам шексіздігі, Уақыт мәңгілігі, Ғарыш түпсіздігі. Тек даналық ой ғана бұлар туралы әлдебір болжамын жасап, батыл пікір тудырып кетеді. Нұрлан өлеңдерінде де саналы ой, салиқалы пікір, тіпті даналық түйін деуге болатын дидактикалық-философиялық иірімдер бар. Қай дәуір болмасын, адамда адам өзі жеңе де алмайтын, мойындай да бермейтін бір осалдық болады екен:
«Біз өмірде күлеміз де жылаймыз,
Кейде пенде, кейде нағыз «Құдаймыз».
«Құдай» кезде ұмытамыз бәрін де,
Пенде кезде көлгірсиміз, жылаймыз».
Өтірік пе? Сіз де, мен де мұны іштей мойындап отырмыз. Бұл біздің ешкім білмейді деп жүрген «осалдығымыз» еді ғой. Қап, өзімізден өзіміз жасырармыз, бірақ Алладан және ақыннан жасыра алмайды екенбіз. Сол секілді, тіршілік дегеннің өзі кереғар екі нәрсенің мәңгі арпалысы екенін қалай дөп басады:
«Фәни-жалған опасыз,
Күрсінгенмен жоқ пайда»…
«Адалдық пен зұлымдығың егесте
Ар мен арсыз мәңгі-бақи керісте».
«Ақ пен қара алысуда жүректе
Алысуда от пенен су тіршілік».
«Өмір өтіп барады» деп күрсінбейтін пенде жоқ. Бірақ осыны ақындар қалай айтады? Мысалы, Қадыр ақын:
«Алтынды – мыс, мысыңды темір етіп.
Орманды – ағаш, ағашты көмір етіп.
Қысыңды – жаз, жазыңды күз қуалап,
Өмір өтіп барады, өмір өтіп», –
деп, өмірдің бұлтартпайтын қатал заңын, Қадыр Қадырлығына басып, еш бұлтақсыз, майдалаусыз, дәл, нақ, анық, айқын заттық айғақ-дәлелмен сарт еткізіп қарап тұр. Ал Тұмағаң шегірткенің де қанатын сындырғысы келмейтін Тұмағаңдық майтоңғысыз мейіріммен:
«Жаз өмірін, мәз өмірін қысқартып,
Бара жатыр, бара жатыр құс қайтып», – дегенде, «Тәйірі, құстың ғұмыры ғой» деп жүріппіз. Ал Нұрлан ше? Нұрлан осыны әлдеқайда поэтикалық сөзімен, мөлдіреген сезіммен, тамшылаған мұңмен, нәзік емеурінмен білдіреді.
«Хан-Тәңірі… Мұзым қалып барады.
Қарашада ізім қалып барады.
Айғайтастың аңыратып аспанын,
Қайтқан тырна күзімді алып барады», – дегенде ғана, «Құдай-ау, әрбір қайтқан құстың қанатында ғұмырымыздың бір бөлшегі кетіп бара жатады екен-ау» деп, селк еткендей, ес жиғандай боласың.
Жер беті зұлымдыққа толы. «Мал құлағы саңырау» дейтін адам ұятсыздығы шектен шықты.
«Кім айтады, кім береді жауабын?
Кім көтермек жердің ұлы сауабын?
Естимісің, жұмыр жердің тұрғыны,
Құдіреттің сауалын,
Құдіреттің зауалын?!».
«Құрлықтарды сілкіп жатыр ұлы күш
Ақылға кел, адамдар! –
деген ескерту бізге ақын арқылы келіп жеткен.
Жаратушының өз үні секілді. Ал тап-таза философиялық түйін немесе ақылға толы афоризм деуге болатын ақын ойынан хабар айтар «Екі дүниедегі» ой күнделігінен алынған мына сөйлемдер мен жыр жолдарына қараңыз:
«Өнбес дауды қума, көрінбес жаумен алыспа».
«Досымды ғана емес, дұшпанымды да адалынан жолықтыр».
«Ой көбейген сайын, өмір қысқарады».
«Ұлыңды сүй, ұлтыңды ардақта».
«Байқамасаң, өз тілің – өзіңе жау».
«Адам, Заман, Қоғам дейтін үш – Ие.
Тағдыр, Тамыр, Талан дейтін үш – Кие».
«Тасынар тұста тасынғын.
Ашынар тұста ашынғын.
Ашынбай тыну – осалдық…».
«Жаттың бағын аралағаннан сақтан!
Жаттың ығын паналағаннан сақтан!
Өзің отырған бұтақты аралағаннан сақтан!».
«Дүниенің артын көрдім». Осы бір сөйлемге тоқталғым келеді. Біріншіден, мен осы сөйлемді тағы екі жазушыдан – Думан Рамазаннан, Тұрысбек Сәукетайдан кездестірдім. Сонда бұл сөйлемнің хақ иесі кім? Екіншіден, егер Абай «Мен көрдім дүние деген иттің көтін» деген болса, өз ортасының екіжүзділігі мен опасыздығынан, ағайынның «ала жылан, аш бақа» тірлігінен, халқының надандығынан әбден жерініп, «халқым надан болған соң, қайда барып оңайын» деп, дүниеден баз кешкен шағында, опасыз жалғаннан бетін бұрған шағында айтқан. Ал мен бұл үш азаматты да – Нұрлан, Тұрысбек, Думанды – ондай кезге жетті, олардың ортасы сондай күйге жетті деуге қимаймын. Дүниеден түңіліп, оның «артын» көретін кезден сақтасын!
Нұрлан адам-пендеге уақыттың опасыздығын ескерте отырып, оны түңілдірмейді, мәңгілікке үңілдіреді, жүгіндіреді:
«Анығын айтады әлі тарих өзі,
Ұмытпа, ғасырдан соң ғасыр барын!..
Соғады сағат тілі мәңгілікке,
Ұмытпа, адамнан соң адам барын!..
Мынау ұлы дүние тұтас бүгін
Ұмытпа, ғасырдан соң ғасыр барын.
Он сегіз мың ғаламың – көз бен құлақ,
Ұмытпа, Құдай барын! Ғарыш барын!».
«Жүрегімді жұлқиды Тәңір сөзі
Тамырына тығылып қаламүштің».
Ақын сөзі.
- Ақын өлеңдеріндегі имандылық. Ұлтжандылық секілді имандылық та ақынға талбесіктен беріліп, тәрбиесіне сіңген. Нұрлан соңғы төрт-бес жылда ғана мұсылман болып, мұсылмандықты кітаптан оқып, не уағыз тыңдап үйренген жоқ. Қаршадай кезінде-ақ Хаққа ұйып, бата-дұғаға ден қойып, әруаққа сыйыныпты. «Пәлен деген көкем бар» демей:
«Елден алған батам бар,
Бұйырса, түбі жыр шыңдар…», –
дейді сеніммен. Ата-әжесін сағынғанда бала құсап «енді кім құрт береді, енді кім ақша береді» демейді.
«Қариясыз – өмір жетім. Мұңайдым.
Жоқсың, ата, кімнен бата сұраймын», – деп қиналады. Жалпы, Нұрлан ақындығында Көкпен, Ғарышпен байланысты бір тылсым құпия бар… Ақын өзі соған әбден ден қойған, оқырман да сенеді.
«Шабандозын жоғалтқан жүйріктейін,
Құлағыма келеді көктен бір үн».
«Жүрегімде – Жаратқанның ізгі үні…».
«Кеудеме көктен алыс құйылады үн…»
«Аспанға сенем –
Жұлдызды көкке түу алыс,
Тәңір дегенім сол шығар?!
Көңілге медет – жұбаныш,
Ғарыш дегенім –
Құдайлар жүрер жол шығар».
«Ақын болу – Хақтың ісі».
«Жыр деген кие – үні Құдайдың».
«Қазақ болу, Алаш – болу өзімнен,
Ақын болу, Жаратушым, тек сенен…», – деп, Алланың әділетіне, Тәңірдің таразысына, әруақтың аянына сенеді. Құдай дегеннің құр қалмайтынына, түбінде адал еңбек пен ар тазалығы екі дүниеде де қорған боларына сенеді, сендіреді.
«Асқанды да тасқанды орнына әкеп,
Түбі бәрін Құдірет теңгереді…», –
дейді ақын.
Дау бар ма?!
(Жалғасы бар).