ЖАРАСҚАН ЖАРАТЫЛЫСЫ
12.02.2016
2436
0

ПортретБір өлеңі жыртығына жамау, бір өлеңі жүрегіне дауа болған ақын бейнесі көз алдымызда бұлдырайды. Ессіз сағымнан оның дидарын іздеп, сарсаңға түссек те анық бағдарлай алмаппыз. Қаламын дәтке қуат еткен ақын бірде пенде,  бірде тамырыңды тура басқан шипагер болып сан құбылады. Жарасқанға бір ғана анықтама жетпейтіндей, әділ сөз іздеп әлек боласың. Есіл өмірін халқымның әдебиетіне үлес қоссам деп жанталаспен өткізген ақын арманы орындалғандай. Уақытпен бірге өткенге деген көзқарас та жаңара беретіндіктен, ақынның біз әлі біле алмаған анық бағасы болашақ еншісінде.


Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ

«…айтсаң да – өлім,
Айтпасаң да – өлім,
Айтарыңды түгел айтып өлгейсің
Сөз берсе!..».
Муин Бсису.

Ақын-жазушылардың естеліктерін па­рақтап отырғанда, олардың замандас-кейіпкерлерімен қоса Алматы келбеті қатар жүретін. Дүние даңғазасынан сырт, рухани дидарын ғана көрсететін сұлу шаһар тек ақындар мен жазушылар үшін салынғандай әсер беретін. Анау көшенің қиылысында ақын мен ақын кезігіп қап, біріне-бірі жаңа жазған жырын оқып тұрғандай, анау кафеде тағы бір топ жас қа­ламгер әдебиет туралы даурығысып, ақы­ры бір тоқтамға келе алмай, қызыл­кеңірдек боп жатқандай елеңдейтінбіз. Кексе тартқан жазушылар соңынан ер­ген­дердің қайсысының аяқ алысы тәуір еке­нін байқағысы келіп, жемтігін аңдыған жолбарыстай тек бақылаумен оңаша отыр­ғандай. Әдебиетке емес, әдеби өмірге ара­ласқанымызша осы ой санамызда бүр­леп жататын.

Бір кездері шынымен де сондай болған Ал­маты бүгін өзгерген. Баяғы алшаң жү­ріс саябырлап, оқта-текте бастары қосы­лып қалатын қаламгерлер у-шу, мәз-мей­рам кездерін сағынысып сыр айтатын бол­ған. Шашын иығына түсіріп, бағзы ба­ба­ларынша еркін жүріп, еркін сөйлеуді әдет еткен досымызды көре қалсақ, аға­ла­рымыздың басындағы сол дәурен қайта орнай қалғандай елітіп кететініміз бар. Сондай кезде Әбішше айтқанда: «дудар шаш­тары желкілдеп, қызыл не қара көй­лек­ киіп ап, ақ  галстук тағып не жағала­рын ши­ратпа жіп баумен шандып ап, қитыға сөй­леп, қыңырая басатын қиқар нояндар» қайта көзге түскендей болатын. Көңі­л­іміздегі ойды барынша ашық айтуға тал­пынар едік…

Сондай жайма-шуақ, жүрекке жылы тиетін сәттерде неге екені ойымызға ең ал­ғаш оралатын ақын – Жарасқан. Бәл­кім, эпиграммаларындағы зілсіз қал­жыңы мен ондыққа тура тиетін дәлдігі бә­рінен бұрын санамызға орнығып қал­ған­нан шығар. Университет  қабырғасы­мен қоштасқанымыз кеше ғана болса да, сту­денттік дәуреніміз тым алыста қалған­дай күй кешетініміз бар. Жарасқан поэзиясына қызығып, кітаптарын сабақтан сабаққа көтеріп жүріп оқығаннан кейін бе, дулы кештерде Мұқағали, Жұмекен, Жұматай, Есен­ғали жырларымен жарыстырып, Әб­діраш баласының лирикалық өлеңдерін өзіміз шығарғандай желпіне оқығаннан кейін бе, Жарасқан біздің замандасымызға айналған. Дүниеден өтіп кеткеннен кейін «аға» демей, Жарасқан деуіміздің өзі бізді ақынға біртабан жақын­дататын. «Ақ сөй­леп, адалына жү­гін­сек…» деген әңгіме-сұх­батында (Тұрсынжан Шапаймен): «Әлгінде сен, жасыңның менен бір мү­шел­ге жуық кішілігіне қарамастан, әдет­тегі тірлікте құлаққа жылы естілетін «Жә­ке» дегеніңді әп-сәтте былай жинап қой­ғаныңды өзің де сезбей, «Жарасқан» де­дің. Оның ілкіде сырт жағымнан келіп бей­таныс біреу айғайлап жібергендей селт еткізді де, артынша көптен кездеспеген жақын досымның жарқын мінезіндей әсер қалдырды» демеуші ме еді?! Бізде көптен көрмеген жақын досымызды ойда-жоқта тауып алып, сонымен мақтанғандай айта беруші едік. Бәлкім, айналамыз­да­ғы­ларды жалықтырып та алған шығармыз. Ол жағы белгісіз… Бірақ Жарасқан жырлары бізді жалықтырмайтын. «Мен жиыр­ма бірінші ғасырдың құрдасымын» де­генді айтқанда Мұқағали осы сөздің шын ақындарға ортақ екенін сезді ме екен…

Әрбір жақсы ақын келер заманның құрдасы екен. Бала кездегі арман-мұраты, жігіттік шақтағы махаббат мұңы мен ға­шықтық азабы, туған жер, Отан ал­дын­дағы перзенттік парызы, әке мен анаға деген борыштар сезімі ешбір жасанды­лық­сыз, көлгірліктен ада, «тал шыбықтай есі­л­іп, тәмәм сырмен тамылжыған»
(Т.Ша­пай) сәтте ақын сенің сырласыңа ай­на­лады екен. Аруна-дүниенің бар мейі­рі­мін жан-тәнімен сезініп, адам баласы­ның қай­шылыққа толы мінезін барынша зерт­теп, көкірегіне түйгенін еш бүкпей ал­дыңа жайып салатын ақын, ең алдымен – лирик. Оның лирика туралы эстети­ка­лық  көзқарасы  өлеңдері мен мақалала­рын­да анық байқалады. Майдангер ақын­­дар­дан басталған лирика жанры қазақ поэ­­зиясында жиырма жылдан кейін сая­быр­лап қалуы ақынды алаң­датады. Ай­наласындағыларға кәрін төгіп, «неге лирика жазбайсыңдар» деп айғайға баспай, ең алдымен өзі үлгі болады. Сыншы ре­тін­де талап қойып, өзі де сол талап үде­сі­­нен шығуға талпынады. Оның ерте тоқ­­­мейілсіп, ерте қартайған заман­дас­тары­нан  артықшылығы – ізденуден шар­шамағандығы. «Өрт болса, әдебиет – ішіндеміз, Серт болса, әдебиет – күшіндеміз» деген сөзіне өмірінің соңына дейін адал бола алғандығында. Дертпен арпалысқан өмірінің соңғы бес жылында өндіре жазып, бүтін шығармашылығын жүйелеп, өзіне «осы уақытқа дейін не жаздым, не тындырдым» деп есеп бергендей жарыққа шығарған «Көңіл көкпары», «Сана соқпағы», «Шежірелі шаңырақ» кі­таптарынан, өзі көріп үлгере алмай кет­кен соңғы жинағы «Құлпытастан» да барынша биік талғаммен өз биігінен төмен­демеуге талпынған ақын жанталасын көреміз.

Жарасқан – поэзия табалдырығын ат­таған өндірдей жас кезінен ерте ашыл­ған жаратылыс иесі. Оның өлеңдеріндегі тапқырлыққа құрылған, қарама-қарсы екі ұғымды салыстыра жазатын әдетін сыншылар «Қадыр стилі» деп түсіндірді. Бұл өтірік емес те еді.

«Мен өзіңдей Иттерді ұнатамын,
Мен өзіңдей Достарды жек көремін!..».

Пәтер иесінің итіне арналған осы «Ма­рикке» деген өлеңіндегідей салыстырып, дәл тауып, ұтқыр сөйлейтін сәттер жалпы шығармашылығына тән қасиет болғанымен, сол тапқырлығын қызықтап та кетпейді. Ондай тауып айтқыштықтан гөрі өмірдегі  детальдарды өлеңіне көші­ріп, содан қорытынды шығарып, ақындық философиясын ұсынады. Жалпы, ақын атаулы тіршіліктің мәнін, адам мен адам арасындағы бауырмалдық сезім мен жарға деген сүйіспеншіліктің, балаға деген мейірімнің түпқазығын, жақсы­лы­ғын іздеумен сарсаңға түсетіндей. «Әкем­мен әңгіме», «Кенже бала», «Шешем айтқан сырлардан», «Қаладан келген қыз» шығармалары өмірі бітіспейтін жан қай­шылығын, қазақ тұрмысындағы еш­кімге айта алмайтын, бірақ саналарында бұрқ-сарқ қайнап жататын психологиялық қақтығыстарды жүрегіңе жеткізеді. Қазақ қана түсінетін, өзге ұлт түсіндірсең де сезі­н­е алмайтын  осынау ұлттық ерекше­лік – Жарасқан поэзиясының көркі. Оның осы шығармаларынан тауып ай­тылған тір­кес, сұлу сөз, айшықты эпитет пен ме­тафора іздеудің түк керегі жоқ. Оны сіз тап­пауыңыз да мүмкін. Бірақ көкейдегі кө­рікті ойдың көркем айтылуы, пси­хо­ло­гиялық иірімдердің жолын бұзбай, шы­ғар­маның өне бойындағы ағысты бір қа­лыпта соңына дейін ұстап отыру қалам ие­сінің шеберлігін аңғартса керек.

«Шешем айтқан сырлардағы» «Тоқпақ жілік» оқиғасы бүтіндей қазақ отбасының психологиясын да, әдетін, мінезін де аң­ғартады. Мұнда Элиот айтатын ақынның үш даусы да бар. Тоқпақ жілікті сындыра алмаған ерлердің алдында «мен» деп атып тұрып, бір ұрғаннан-ақ шашып жібер­ген­де, күйеуінің көзі түсіп отырған әйелге қыр көрсеткендей болған қазақ әйелінің ер мінезі қандай шығармаға да көрік бе­ретін деталь.

Енем мұны жылдар бойы жыр қылған,
Бұл фәниде екі дәурен кім құрған…
Әне, солай!
Сері әкеңді қызғанып,
Шешең сенің тоқпақ жілік сындырған!

Ақынның «Қаладан келген қыз» поэ­ти­калық элегиясы бала махаббаттың адам өмі­ріне мәңгілік із қалдыратын өмір­шеңдігін жырлайды. Тек махаббат қана емес, кеңес кезіндегі тәрбие мен тәртіптің, саясат пен әдептің құйып қойған қалы­бы­нан шыға алмаған қоғамның бұлқы­ны­сын көрсетеді. Шықпақ боп талпынады. Бірақ темір құрсау. Қалай шыңғырсаң да даусыңды басып, қалай бұлқынсаң да жаншып тастайтын қан-жоса қақпанды суреттейді.

Ол Қадырдан ғана емес, Мұқағалидан, Тө­легеннен, Тұманбайдан, керек десеңіз, Фа­ризадан да көп нәрсе үйренген. Бірақ Қа­дырдікіндей дидактика Жарасқан өлең­дерінде аз. Мұқағали жырларындағы тө­гіліп келетін шабыт, адам баласының ар­тық-кемін кешірген мол мейірімінен гөрі, Жарасқанда қатал тәртіп бар. Ол сат­қындықты кешірмейді. Өткенді біл­мей, әке мен ананың, ата мен әженің тағ­дыр талайында не көргенін таразыламай жатып, оңай сөйлеп, бұрынғыны жоққа шы­ғаруға түк қиналмайтын жетесіздерді ая­майды («Артық адам» өлеңі).

«Екі  Жарас» деген өлеңі Тұманбайдың «Екі Тұман» деген өлеңін еске салады. Өзі­нің алдындағы ақындардан үйренді де­геніміз, солардың үлгісімен жазды деген сөз емес. Алдыңғылардан үйрене оты­рып, өз соқпағын табу үшін кез келген ақын сондай қадамға барған. Онсыз жақ­сы ақын, жақсы жазушы болу тіпті мүм­кін емес. Арғы-бергі әдебиет тарихында қай ақынның ұстазы кім болғаны жұмбақ жағдай емес. Ол жағынан тіпті өз ұлтының ақын-жазушысынан ғана емес, өзге ұлт­тың, бірақ адамзаттың ортақ қалам­гер­леріне айналған тұлғаларынан да үйреніп жатады. Біреуден оқып үйренуде шекара жоқ. Маркестің Хемингуэйден, Мо Янн­ның Фолкнерден, жапон жазушы­ла­ры­ның Достоевскийден үйрендік дегендері соған мысал бола алады. Жарасқан өзі де Тагордан, Пушкин мен палестина ақыны Муин Бсисудан да көп нәрсе үйренген деп ойлаймын. Оның «Перзент парызы» кітабы алғашқы қолтаңбасынан өзгерек дең­гейге өткенін анық сездіреді. Бұл жа­ғы­нан оған Бсисудың патриоттық, қай­раткерлік қолтаңбасы әсер еткендей.

Махаббат тақырыбын жырлауға келгенде Жарасқандай шынайы, жас кезі мен егде тартқан кезінде де бір темпераментті ұстаған ақын сирек. «Жолықтың маған…», «Жо­лықтым саған…» дегенді екі өлең тура­лы өткен жылдары бір сұхбаттасып қал­ғанымызда жары Нәзігүл апамыз: «Бі­реуін екеуміз ренжісіп қалғанда, біреуін қайта татуласқанда жазған», – деп еске алып еді. Екі өлеңде де негізгі ой – махаббат. Бі­рақ екі түрлі сезім. Ғашықтық аза­бы мен ләззаты туралы сол екі өлеңде бәрі­бір қи­мас жардың бейнесі бар. Жарас­қан музасына бүкіл шығарма­шы­лығымен адал. «Ат айналып қазығын табады, Жа­рас­қан айналып Нәзігін табады» деп ма­қалға айналып кеткен ақын достардың ара­сындағы әзіл сөздің түп төркіні шын­дық. «Шығармашылық өмірбаянды тү­сін­дірмейтінін» де еске сала кетейік. Өмір­дегі Жарасқан мен өлеңдегі Жарасқан екі түрлі болуы мүмкін. Бірақ ақын жаны – бір. Ол өзгермейді. Өзіндік принцип­те­рі­не адал…

«Мұнша неткен ашық едің, таныстарың көп пе еді,
Бәрі сенің жақының ба, досың ба сөз аттамас?
Еһ, жаныңнан сол бір жігіт неге ұзақ кетпеді,
Сеніменен көңілдес пе – меніменен бақталас?

Саған әзіл айтқанында тұрды екен ол нені ойлап,
Сені әбден мәз қылды ма, менен маза кетірді.
Сенің нәзік саусағыңды тартқыласа ол ойнап –
Мына менің жүрегімді жұлқып жатқан секілді!..», –

деген өлеңмен «Өзіңсіз Гүлім, Нәзігім – өмірлік темірқазығым» дегенге дейін ақын бір ыстық сезімінен айырылмайды. Оның лирикасындағы осы нәзіктік еш­қа­шан жоғалған емес. Тіршілікте көз ұрмай, жа­сырын тұрған дүниелерді бәрі­нен бұрын байқап қоятын ақын жаны қа­шан да сергек. Тұңғыш ұлы мектепке бар­ғанда жаз­ған өлеңінде де былайғы жұрт аса назар аудармайтын мүліктен үл­кен философия табады.

…Жақындай бере:
– Ал, енді,
Тоқтама, – дедім, тарт! – дедім!
Шапқылап ала жөнелді
Арқалап шағын портфелін.

Емірендім сол сәт, егілдім,
Сезінсін қайдан сотқарың:
Алғашқы жүгін өмірдің
Арқалап бара жатқанын!..

Көп ақындар стихиялы түрде дамиды. Өлеңдері де солай жазылады. Алдына мақ­сат-меже қойғандарымен тақырып жа­ғынан бір жүйеге бағынбайды. Ал Жа­расқан жүйелі даму жолын алдын ала бел­гіліп алған, сол тәртіппен жазған ақын. Бұл жағынан ол Қадыр сияқты. Үне­мі жұмыс істеп, тоқтаусыз жазумен бол­ған. Жарасқанның осы ақын ағасын жақ­сы көргендігі төрт-бес арнайы мақала жаз­ғандығынан байқалады. Басқалары ту­ралы біреу, екеу жазса, Қадырға о жа­ғынан жомарт. Және ерекше құрметтейді. Жүйелі жұмыс істеу ең бірінші әдебиетке деген адалдықты түсіндіреді. Көркем сөз­ді сауда, не атақ-абырой үшін пайдаланудан аулақтықты көрсетеді. Бұлай жұмыс іс­теу бір жағынан жемісті болса, екінші жа­­ғынан белгілі  деңгейде жасандылыққа, да­быра декларацияға ұрындыратын сияқты. Соңғы кітабы – «Құлпытасын­да­ғы» Алаш арыстарына арнаған эпитафияларында осы нәрсе байқалады. Бұл ақындық қуаттың сарқылғандығы емес, поэзияның кейде публицистикалық си­пат­қа да ие екенін дәлелдеу деп ұқтық.

Жарасқан поэзиясында тұтас өмір бар. Шыр етіп дүние есігін ашқаннан ақыр­­ғы өлең жазғанға дейінгі аралықтағы бар­лық көрініс шығармашылығының өне бойынан оңай аңғарылады. Әке-ше­ше­сінің қазасынан қабырғасы қайысқан ұлдың зары, жастай шетінеген баласын жоқ­таған әкенің мұңы, ғашығына қосыл­ған жардың шаттығы, досына сүйінген ер жігіттің мерейі мен сатқындық көрген жүрек арызы, бәрі-бәрі ақын поэзиясында сайрап жатыр.

Кей-кейде ешкімде жоқ қуат дарын,
Оңаша ой сапырам,
Күй ақтарып!..
Еріксіз салады еске ертеңімді
Әр өлең – ақырғы өлең сияқтанып… 

…Қалай да жанарыммен қатар сөнбе,
Тамшы бол тарыққандар татар шөлде!
«Өмір!» – деп өрекпіген жүрегімнің
Жан даусы жаңғырып жатар сенде…

«Ақырғы өлең» деген осы жырында Жа­расқанның өз шығармашылығы туралы бар ойы жатқандай. Біз білмейтін бір күні ажалдың кеп алқымнан қысатын сә­тін күту ақын жүрегіне қаншалықты ауыр. Соңғы кітабын «Құлпытас» немесе «Екі дүние: фәниден бақиға дейін…» деп қоюы­ның өзі ақырғы демге дайындық бол­са керек. Ешкім қашып құтыла алмай­тын өмір заңы, өлім ақиқаты бәрін ше­ше­ді. Бәрін өзгертеді. Жарасқан поэзиясын тұтас қарап отырғанда иерархиялық са­ты бар. Алғашқы өлеңдері махаббат ту­ралы, одан кейін азаматтық, перзенттік бо­рыш, соңына таман замандас-үзеңгілес­те­ріне арнаған жоқтаулары, одан кейін Құдайға жақындау бар. Соңғы жазған­да­ры: эпитафиялар мен «Түркістанға тағ­зым». Сонда бір ақиқатты іздейді. Оны өзін­ше табады. Жас кездегі кейбір ойларынан қайтқан, байсал тапқан, дүниеден тұрақ көрген ақынның сөзі бар.

Ақын поэзиясына еніп кетсек, одан жақында шыға алмасымыз  анық. Өмірі­нің соңында жазып, аяқтай алмай кеткен бір ма­қаласында: «Мұқағали Мақатаев «Дала, сенің ұлыңмын» деп аталатын к­і­та­бымды оқып шығып: «Бала, сен слишком мастер болыпсың. Блок: «мастер бола бастағанымды білдім де, біраз уақыт өлеңді қойғым келіп жүр» деген емес пе? Осыны түсінбейді қызталақтар!» деп, артынша «Әлгі қызталақтардың ішінде сен жоқсың» дегенін еске алатын. Ағалы-інілі екі ақын да негізгі сөзді алғаш ай­тылғанда-ақ түсінген шығар…

***

«Менің негізгі стихиям – лирика, балалар поэзиясы. Эпиграмма жазатыным және бар. Осы кезге дейін менің сы­нымнан солар зардап шегіп келді. Қа­лайша дейсің ғой. Батыс киноларында сот­тың, адвокаттың сүйікті қызын, не жал­ғыз баласын айыпкерлер ұрлап әкетіп азапқа салып жатады емес пе?! Дәп сондай! Мен сын жазған бойда түк жазығы жоқ жап-жақсы жинағым сойылға жы­ғылды. Соларды аяймын…», – дейді ағы­нан жа­рылып. «Тура би трибунасынан» ақ сөй­леп, адалына жүгінген ақын сынын бү­гінгі замандастары сүйсіне айтады. Бал­алар поэзиясы туралы да, үлкен-кіші замандас қаламгерлер туралы да жазылған сын мақалаларынан Жарасқанның көңіл­ге көп қарай бермейтіндігін аңғарасың. Жақынның  да, алыстың  да шығармаларын талғаммен таразылап, әділін айтады. Бір шу­мақ қазақ түгілі орыс ақындарынан ұрла­нып қойса, соны байқап қояды. Әб­дірахман Асылбектің бір ертегісі туралы пікірі – Жарасқанның әділетті мінезі. Жарасқан айтқан әдебиеттегі дерт, өзін-өзі таба алмаушылық әлі күнге күн тәр­тібінен түскен емес. Сірә, бұл қаламгерлер үшін мәңгілік мәселе болса керек. Тағы бір пікірін келтірейік. Бұл дәл бүгінгі күні өзекті тақырып. «…Әдетте «ізденіс» деген­ді әлемдік әдебиеттің түкпір-түкпірін шарлап, төл поэзияға үш қайнаса сорпасы қос­ылмайтын «измдер» иіріміне түсу деп ұғатындар бар. Мен осындай ұғымнан орнықты дәйек таба алмай, өз қабілетін тұншықтыруға аз-ақ қалған, сөйтіп, бо­лымсызға бой алдырып, жүйке-жігерін тұ­­шымсызға тоздырған, онысы ізін қу­ған­­­дарға ірі сабақ болардай үш ақынды айрықша атап өтер едім… Олар – Өтежан Нұр­­ғалиев, Сәбит Баймолдин, Аян Ны­са­­налин… Бұлар бағзыда жаңағыдай жал­ған жаңашылдықты бүркемеленіп, жеңіл эффектімен жылдар бойы өздерін-өздері алдамағанда, қазіргісінен қыруар еңбек тындырар қалам иелері екеніне еш­кім­нің дауы жоқ. Өкініштісі…».

Бүгінгі күні де поэзиямызда да, про­за­мыз­­­да да әлемдік әдебиеттің қалып­та­рын әке­­ліп, «жаңаша» жазуға талпынып жүр­ген замандастарымыз бар. «Әдебиетті то­­пырақ жасайды ғой» деп еді бір ақын ағам топтасып жүргендерді көріп. Сол сияқ­­ты, көшіріп әкелінген дүние жа­ны­мыз­да шықпаса, санамызға сіңе қой­май­ты­нын алғаш айтқан осы Жарасқан-ау…

Одақ көлемінде танылуға, әлемдік әде­биеттен алған орнымызға көп қы­зық­қаны байқалады. Ақын өлеңдері жалық­тыр­майды дедік, бірақ ақын сындары жа­­лықтырады. Коммунистік идеяда жа­зыл­­ған өлеңдерді оқығымыз келмегеннен кейін бе, оған жазылған сынға да қы­зық­пай­мыз. Қызығатынымыз  – Жарасқан­ның тура билігі…

***

Эпиграммалары арқылы минипортрет жасауға Жарасқан шебер. «Әкелерге наз», «Ағаларға уәж», «Он жас – ол да құр­дас», «Бес жас – бел құрдас», «Құлын-тай­дай тебіскен» деп жастары бойынша бөліп алып, әр кейіпкерінің әдетін, мінезін өте дәл ашады. Ешкімді аяп жатпайды. Бі­реу­ден қорықпайды. Әбділда Тәжібаевқа, Ғафу Қайырбековке, Тұманбай Мол­да­ғалиевке, Мұхтар Мағауинге, М.Шаха­нов­қа, Асқар Сүлейменовке, Шөмішбай Са­риевке жазған эпиграммаларынан бір жас­қанып қалғанын байқамайсыз. Жалпы, қай-қайсын да оңдырмайды. Есенғали айт­пақшы: «Дұрыс істеген!». Әдеби ортада жазған мақалаларынан гөрі, тауып айт­қан сөздері көп айтылатын Асқар Сү­лей­меновке бүй дейді:

…Бірде сын айтып, бірде әзіл,
Артамыз үміт жылма-жыл.
Асекең барлық жанрда
Ауызша жазып жүр қазір…
Құлын-тайдай тебіскен Шөмішбай досына былай депті:
«Әдеби көштің әулетін сынап жүрсің сен!
Формасы – Пушкин,
Мазмұны – сұрақ… кімсің сен?».

Он жыл бұрынғы уақыттың осы сұрағы
Оның бүгінгі күн тәртібінде тұр әлі!

Оның эпиграммалары әдеби ортаға, жу­рналистер арасына тез тарап кетті. Өлең­дерінен де осы қауым ішінде тұрақты тіркес ретінде, мәтел ретінде шарлап жүр­гені қаншама. Өз буынының «Соғыстан соң туғандар» аталуының себебі де – Жарасқан өлеңі еді ғой.

***

Жарасқан әлеміне қайыра үңілгенде құпиясын жаңа ашқандай күйге түстік. Өлеңге адал, достыққа берік, сынға әділ һәм қатал Жарасқан бейнесі бізді өзіне баурай берді. Сірә, Жарасқандай көп еш­кім бауырына баса да алмас. Жарасқан дү­ниеден ең алдымен ақын боп өтіпті. Жа­ны сүйініш тапқан асылын ардақтап, кейіген сәттерінде запыранын жырға төгіп, айналасындағы жаратылыс атаулыны ғазалына бөлеп, «көтеріп иығын асқақ» бізбен қоштасқан екен.

Қилы да, қилы құбылыстарды жан сезген,
Кірісу керек, қалса да кеулі қанша езден!
Кірісу керек Жақсылық үшін бас тігіп,
Әр өлеңменен,
Әр шумақ, әр жол,
Әр сөзбен!

Жақсылық үшін бас тіккен жан өл­меп­ті. Абай бастаған салқар көштің ішін­де Жарасқан маңдайы жарқырап, бо­ла­шақ­қа көшіп барады. Оның арқасында өз заманынның сұлу да, сұрықсыз портреті бар. Оның қоржынында қазақ сөзінің мәйегі бар. Арманы, махаббаты, тағдыры – аяулы жүрегінде.

Уақыттың әміріне бағынып, халқы­ның бүгінгі тіршілігімен қатарласа «ақын ке­тіп барады…».

ПІКІР ҚОСУ