МАл дәрігері – мен білгенді филологтар білмей ме?..
03.07.2023
447
1

Қанат Тасибеков – мамандығы бойынша мал дәрігері. Соның ішінде жылқы шаруашылығының маманы. Орыс тілінде тілі шығып, кейін француз тілін меңгерген ол елу жасында ана тіліне бет бұрады. Аз уақытта қазақ тілінде сөйлеп, жазып үйренген Қанат Ғалымұлының тәжірибесі «жаны қазақ» атанып жүрген жасқа да, жасамысқа да үлгі болса керек. Қанат мырзамен әңгімеміз оның балалық шағынан бастап бүгінгі күннің толғақты мәселелеріне жалғасты.

– Қанат мырза, сұхбатымызды сіздің маған айтып берген бір қызық естелігіңізден бастайықшы. Балалық шағыңыз орысы қалың ортада өтіпті. Сондай орта болған соң, сіздің тіліңіз де орысша шықса керек. Әлгі әңгімеңізде «мен қазақша сөйлемек тұрмақ, қазақша қойылған өз есімімнің мағынасын да түсінбейтін едім» деп едіңіз. Оқырман үшін де «қызық» болсын, сол әңгімені тағы бір еске түсіріп көрейікші?..
– Оқырман үшін «қызық» болса айтып берейін (езу тартты). Ол кезде әлі мектепке бармаған 4-5-тегі баламын. Бала да болса, ойланасың ғой. Бір күні ұйықтар алдында «осы менің атым неге Қанат, Қанат деген қандай мағына береді?» деп өзімше «терең ойға» баттым. Қазақтың «қанат» деген сөзінің мағынасын болса да орыс тілінен іздеймін ғой. Қан деген кровь деп қоямын. Ал ат – лошадь. Сонда қалай болғаны, менің есімім кровь пен лошадтың қосындысынан шыққан ба? Миым жетпеді.
Бір күні біздің үйге қонақтар келді. Сонда мамам айтты ма екен, кім айтқаны есімде жоқ, «ана қанатпен пештің алдын сыпырып қойыңдаршы» деді. Пештің аузына қарасам, сыпыртқы орнында қаздың қанаты жатыр екен, содан, «е-е, қанат деген крыло» екен ғой деп, өз есімімнің мәнісіне жеткен болдым.
Біз бұрынғы Целиноград облысының Алексеевка дейтін қалашығында тұрдық. Қазір ол қалашық Ақкөл деп аталады. Достоевский атындағы ұзын көшенің бойындағы 82-үйде біз тұрдық, бізден төменіректе Әбіловтар отбасы тұрды. Қазақтан бар болғаны осы екі үй, қалғаны өзге ұлттар. Әлгі екі үйдің балалары да түгел орысша сөйлейміз. Осыдан кейін «Қазақ әдебиетінің» оқырманы менің неге өз ныспымның мағынасын орыс тілінен іздеп бас қатырғанымның жайын түсінетін болар деп ойлаймын.
Қанат деген есімімнің мән-жайына қаныққанымнан ба екен, орыстілді ортаның әдетімен мені біреулер Колька десе, қарсы болатынмын, тіпті төбелесуге дейін баратынмын. Ағаларым Болат – Борька, Марат – Мишка атанып жүре берді. Мен Колька атанудан бас тарттым. Райхан әпкем Раиса атанып кетті. Бірақ кейін бәріміз ана тілімізге оралдық қой! Осы арада әкем туралы аз-кем әңгіме айта кетейін.
Әкем 1916 жылғы. 1921 жылы бас­талған аштықта ата-анасынан айыры­лып, тұл жетім қалады. Әйтеуір, көретін жарығы болғандықтан, әупірімдеп ержетеді. 21-ден кейінгі екінші алапат аштық – 32-нің аштығында жігіт боп қалған әкем бір ауылды асыраған көрінеді. Қайтіп дейсіз ғой? Қамбаларда астық толып жатады екен. Сол қамбаларды астыққа толтырған қазаққа бір қадақ бидай берілмейді. Сонда әкем ұралардан қолдың басы сиятындай тесік жасап, әлгі тесіктен құйылған бидайдың дәнін етігінің қонышына толтырып алып, аш жатқан ауыл адамдарына әкеліп беретін көрінеді. Әрине, мұндай «жүрісі суыт» адамның ізіне аңду түседі ғой. Сол аңдулардан әкем орыс тілін жақсы білгендіктен аман қалса керек. Тіл білген адам, тілдің ар жағындағы тірлікті, амалды да біледі ғой.
Әкем кейін Алексеевкадағы бір үлкен мекемеде бухгалтер болды, одан кейін қалалық атқару комитетінде лауазымды қызмет атқарды. Қазақтың қаһарман ұлы Жұмабек Тәшеновпен қызметтес болды.
Мен қазақтың алты қанат ақ үйлерін Алматыға келген кезімде ғана көрген адаммын. Оған дейін киіз үй тұрмақ қа­зақ­тың өзін сирек көріппін. Сондай ортадан шықсам да бәрібір ұлттық негізімді таптым. Мені қазақы ортаға жетелеп алып келген құдырет, ол – тіл. Өз тілім – ана тілім.

– Қанат Ғалымұлы, балалық шағыңыздан басталған әңгімені есейіп-ержеткен шағыңызбен жалғастыра айтқаныңызды жөн көріп отырмын. Өйткені «тілі орысша шыққан» баланы өмір жолы қай қияға бастады, ол кімдермен араласты, қайда оқыды, қай жерде білім алды деген сауалдар да сізбен аса таныстығы аз оқырманды қызықтыруы мүмкін.
– 6-сыныпта оқып жүрегінімізде ғой деймін, сыныбымызда «болашақта кім боласаң?» деген сауал жүріп, мен сол сауалға «коневод» боламын деп жауап бергенмін. Қанда бар дүние шығар, қаршадайымнан жылқы малына құмар болдым. Жылқы шаруашылығына мамандансам деп армандадым. «Коневодство и конный спорт» деген журналға жазылатынмын. Журнал ай аралатып келіп тұрады. Іші толған мені қызықтыратын мақалалар, ғылыми мақалалар да бар. Бір күні сүйікті журналыма жылқы туралы өлеңдерімді жолдап кеп жібердім. Ойымда ештеңе жоқ, ойын баласымын. Үйге пошташы келіп тұр. Қолында тілдей квитанция. «Бұл не?». «Бұл сенің поштадан алатын қаламақыңның квитанциясы. Бар да поштадан қаламақыңды ал». «Қаламақы қайдан келіпті?». «Коневодство и конный спорт» деген журналдан келіпті». Сөйтіп, мен 6 әлде 7-сыныпта оқып жүргенде Мәскеуден шығатын ғылыми-танымдық журналға өлеңі жарияланған талапты бала болдым.
Журналда өлеңім жарияланып, оның үстіне жылқы шаруа­шылығының ма­маны боламын деп құлшынған мен әуелі Мәскеудегі академик Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университетіне құжат тапсырсам деп ойладым. Бірақ жүрексіндім. Ал­ма­тыға келдім. Келдім де 1977 жылы мал дәрігерлік институтқа түстім. Ол инс­ти­тутты қысқаша ол кезде «Зоовет» дей­тінбіз. Зооветті мал дәрігері және жылқы шаруашылығының мамандығы бойынша қызыл дипломмен тәмамдап, арманым болған Тимирязев университетінің аспирантурасына түстім. Тимирязевтің аспирантурасынан кейін Францияға барып мал шаруашылығы соның ішінде жылқы шаруашылығымен байланысты оқу орнында докторантурада оқыдым.
Француздар – дәстүршіл халық. Ауыр жүк көтеретін домбауыт жылқылардың отаны – Франция. Жылқылардың жұмысын техника атқаратын болған соң француздар ойланған ғой, «мы­на жылқыларды не істейміз, бұл жа­нуар­­лардың тұқымын қалай сақтап қаламыз?» деп. Ойлана келе олар бие сауып, қымыз ашытайық деседі. Ал, оның жөнін кім біледі? Қазақтар біледі. Мен француздарға осы жағынан өте керек маман едім. Бірақ Қазақстан Үкіметіне мал шаруашылығымен кә­сіби түрде шұғылданатын және «Бола­шақ» стипендиясымен шетелде оқып жатқан маман керек болмай қалды да, мен амалсыздан елге оралдым. Бұл өз алдына бөлек әңгіме. Қысқаша қайырғанда, менің есейген жылдарым осылай оқудың, ізденудің соңында жүріп қалыптасты.

– Бұл енді тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары шығар. Еліміз тәуелсіздігін жария еткен тұста сол кездегі ресми билік: «Қазақ тілінде сөйлеуді жасы егде тартқан үлкендерден талап етудің қажеті жоқ, жастардан талап етуіміз керек», – деді. Сөйтіп жүргенімізде арада ширек ғасыр өтіп кетті де, Қазақстан дербес мемлекет атанған кезде 25 жаста болған жігіт елуге келіп, орта жасты орталап тастапты. Енді бізге елудегі «ел ағасынан» тілді үйрендің бе?» деп сұрау да артық талап сияқты көрініп қалды. Жалпы, осы ана тіліңе қосып тағы бір тілде сөйлеп үйренуге жастың қаншалықты ықпалы бар? Сіз, мысалы, елуге келгенде ана тіліңізге ат басын бір-ақ бұрған көрінесіз. Солай ма?
– Иә, солай. Елуге келіп, елуге келгенімді ағайын-туыс, жора-жолдас­тың ортасында атап өткен соң: осы мен қазақ емеспін бе? Қазақ болсам неге мен анамның тілінде, қазақ тілінде сөйлемеймін деп ойландым. Содан кейін тілді үйренуді қолға алдым. Елу жасыма дейін отбасыма, бала-шағама «шүкір, тәуба» дейтіндей жағдай жасап қойғам. Бізде білесіз ғой, орыс тілінде өмір сүру, бизнеспен айналысу – оңай. Мен сол «оңай өмірдің ыңғайын» бағып жүре бермейін деп, өзімді-өзім қамшылап, тіл үйренуге отырдым.
Бөлмеме кіріп аламын да қазақ кітаптарын оқимын, газет-журналдарды ақтарамын, сөздіктермен жұмыс істеймін. Достарым үйге іздеп келіп мені сұраса, жұбайым: «Қанат тіл үйреніп отыр бөлмесінде, мазасын алмаңдар», – дейді екен. «Елуден асқанда қандай тіл ол? Қайтіп үйренеді?» – деп достарым күледі екен. Мен бірақ ешнәрсеге қара­­мадым, төпелетіп, өз бетімше тіл­­дің соңына түстім. Нәтижесінде сөй­леп, жазып үйрендім. Алайда, мен қазақтың көркем, бай тілін терең мең­геріп кеттім деп айта алмас едім. Әлі де кібіртіктеймін. Әйтсе де ілгерлей беруім керек. Жағада жалаңаш тұрып алып суға жүзіп үйрене алмайсың ғой, ендеше, жоқтан өзгені сылтау қыла беретін адам да тілді үйрене алмайды. Біздің отандастарымыздың ерте күнді кеш қылып, созбаққа сала беретінін түсінбеймін. Тіл білуге ден қойып, талап еттің бе, талаптың түбі – нәтиже.

– Сіздің қолдан-қолға өтіп, ауыздан-ауызға тарап кеткен «Ситуативный ка­захс­кий» деген кітабыңыз бар. Үш кітап. Үш кітапта сіз қазақ тілін үй­ренем деушілерге мүмкіндік тудыратын ұтымды әдістерді тауып кеткенсіз. Бәрекелді! Сұрайын дегенім, «Ситуатив­ный казахский» жобасы ойыңызға қалай келді, оған не түрткі болды? Үш кітаптың бүгінгі күнге дейінгі таралымы қаншаға жетті?
– Туған тіліме оралып, тіл үй­рену барысында біраз тәжірибе жинақтағаннан кейін мен қазақ тілін білгісі келетіндерге арнап әдістемелік кітап жазуды ойладым. Оның үстіне бір ағамның: «Қанат, қарашы, осы күні иттің итақайы кітап жазып жатыр, сен неге білгеніңді жұртпен бөліспейсің?» деген сөзі түрткі болып, кітап жазуға тәуекел еттім.
«Ситуативный казахский» үш кітап­тан тұрады. Бірінші кітапта күнделікті өмір­де ауызекі айтылатын қазақ сөзі, тұрақты сөз тіркестері орысша бала­ма­сымен қамтылған. Неге? Өйткені адам жекелеген сөздерді жаттағанымен, тілді үйрене алмайды. Сол үшін мен бір ойды, әрекетті білдіретін сөйлемдерді алып, соның қазақша-орысша нұсқасын бердім.
Екінші кітап сұхбат түрінде жазылды. Сұхбат-диалог – тіл үйренуші талапкерге ең қажет құрал. Қазақша-орысша диалог кітаптар бұрыннан бар. Бірақ ол кітаптардағы диалогтар маған еш ұнамады. Мысалы: « – Мынау Алматы ма? – Иә, бұл Алматы» деген сияқты ақымақтау сұрақ-жауаптан кім не үйренеді? Олай емес, адамдарға мейлінше уақытқа, заманға жақын диалогтар керек. Мен кітабымның диалогтар томында: «Еуразиялық экономикалық одақ бізге керек пе?» деген сұрақ қойып, оның жауабын да жаздым. Қайталап айтайын, сұрақ-жауап, яғни сұхбат-диалог нақты өмірден алынуы керек. Осыны мал дәрігері мен емес, тіл мамандары ойлануы керек еді…
Үшінші кітап – сөздік. Сөйлемдерді жаттап, айтып, содан соң сұхбатқа бейім­делген адамға қайтпек керек? Тіл­дік қорын байыту керек. Ал тілдік қорын молайтамын деген адамға үшінші кітап көмекке келеді. Бұнда да орысша-қазақша сөздердің баламасы қатар берілген. Мысалы, орысша ойлайтын адам: «Нет дыма без огня» дейді. Бұл сөздің қазақша мағынасы: «Жел соқпаса, шөптің басы қимылдамайды». Үшінші кітапта мен осындай сөздердің төрт мыңға жуық эквивалентін тізіппін. Неге біздің филологтар сөздіктерді осылай жасамайды деп кейде ойлап қоямын.
Қазір осы үш кітаптың жалпы тара­лымы елу мыңға жетті.

– Бұл сонда елімізде қазақ тілін үйренушілердің қатары артып келеді дегенді білдіретін таралым ғой?
– Солай деуге әбден болады. Мен тіл жанашырларының жағындамын. Бірақ мен тіл мәселесін айта бергеннен гөрі тіліміздің қолданыс аясын кеңейтуді түкпірлеп ойлап, нақты іске көшкен тіл жанашырымын.

– «Мәміле» атты тіл үйрететін орталығыңыз бар? Ол орталыққа кімдер, жас шамасы қаншадағы адамдар келіп жүр? Орталық тіл үйретудің қандай тәсілдерін қолданады?
– Кімдер келеді дейсіз бе? «Мәмілеге» келетіндердің қатарында жастар да бар, жасамыстар да бар, жасы егде тартқан кісілер де бар. Көбі осы қаланың адамдары – алматылықтар. «Немереммен сөйлесе алмаймын» деп кемсеңдеп отыратын қарттарды көрсең жаның ашиды. Қайтесің енді, қазақ қазақ тілінен қашып өмір сүрді ғой дейсіз бе, қилы-қилы тағдырдың қиындығын белден басып өмір сүрді ғой. «Немереммен сөйлесе алмаймын» деп жылайтын қарттардың көз жасынан халқымыздың ащы тағдырын сезінесің.
Аттарын айтпай-ақ қояйын, ақын-жазушылардың балалары да келеді. «Әкеміздің кітабын түпнұсқадан оқи алмаймыз, көмектесіңіз» дейді олар.
Отбасымен келіп тіл үйренетіндер бар. «Мәмілеге» келетіндердің қатарында орыстар, француздар, ағылшындар да бар. «Мәміле» 2016 жылы Ұлттық кітапхананың «Конфуций» залында ашылған, содан бері 6-7 жыл өтіпті, тұрақты жұмыс істеп келеді. Мен «Мәміле» тіл орталығының қызметіне Үкіметтен қара бақыр алмаймын, бірақ орталыққа күнделікті барып тіл үйренемін деушілермен кездесу менің бір жұмысым сияқты (күледі). Бармасам басымның сақинасы ұстайды.
«Мәміле» бір рет Үкімет тарапынан қолдау тауып, мен орталықтың бөлім­шелерін 17 қалада ашқанмын. Қазір ол бөлімшелердің бірінің есігі ашық болғанымен, бірі жабық тұр. Қайсыбірі «Мәміле» деген клуб ашып алып, Үкіметтен қаржы алып та отырған көрінеді. Мейлі деймін мен, әйтеуір халыққа қызмет етсе болды.

– «Қазақтың тілі аграрлық деңгейде қалып қойған», «қазақтың тілі ғылымның, өнеркәсіптің тілі емес» дейтіндер бар. Осылай деп сын айтқанымен әлгі айтқыштар тілді дамытуға қатысты нақты ұсыныстан ада. Өзіңіз білесіз, М.Ломоносов Питерге барғанда оның жасы ересек тартып қалған еді. Ғалым жатпай-тұрмай неміс тілін үйренді. Сөйтеді де орыс тілін ғылым тіліне айналдыруға кіріседі. Сол кезде оның замандастары «осындай жабайы тілмен ғылыми жаңалық жасауға бола ма екен?» деп күлген. Ұлы адам оның біріне де қараған жоқ. Ал біздің ғалымдарға қазір қажетті мүмкіндіктің бәрі бар сияқты. Алайда, олар қазақ тілін ғылымның төріне оздыра алмай келеді. Іргелі ғылымдағы ғылыми жұмыстар әлі күнге орыс тілінде жазылады, сол тілде қорғалады. Бізге не болған өзі? Намыстан жұрдаймыз ба, әлде, шынымен тіліміздің деңгейі «ауыл келбетін жырлаудан» аса алмайтын тіл ме?
– «Қазақтың әдеби тілі аграрлық өмірді сипаттаудан аспайды» дегенді айтып жүрген Қанағат Жүкешов ағамыз ғой. Сондай пікірі үшін ол кісіні сөгудің қажеті жоқ. Тіл – тірі ағза. Тілдің дамуы үшін ол тілде бәрі болуы керек. «Орыстың тілін боғауыз сөздерінен бастап үйрену керек» дейтін тәмсіл бар. Сол сияқты қазақтың да боғауыз сөзі, анайы сөздері, көше тілі, қыжырытпа сөздері, жаргон сөздері болуы керек. Қазақтың эротикалық сөздері де өмір сүруге тиіс.
Ғалымдар ғылым тілінде, саясаткерлер саясат тілінде, экономистер экономи­ка тілінде, ақын-жазушылар әдеби көркем тілде контент жасаған сайын тіліміз байып, қолданыс аясы да кеңейе түседі.
Кәсіби ортада тілдің стандарты да жасалуы керек. Ол деген нақтылық деген сөз. Бұл енді өз алдына бөлек әңгіме.
Тіл – тілші мамандардың ғана шаруасы емес. Тілдің дамуын, тілге қатысты мәселенің бәрін филологтарға сілтеп қойып қарап отырмай, оған бәріміз ат салысуымыз керек. Сонда бізде қазақы ғылым тілі де, өзге салаға қажетті тіліміз де дамиды. Және бар ғой, қазақтың Ломоносовы да қазақ тілінде ғылыми жаңалықтар ашатын болады.

– Баласының немесе немересінің тілі шықпай жүрген ата-ана, «баламызды орыс бақшаларына беріп едік – сөйлеп кетті» деп жүр. Бұл не «сиқыр»? Бізде баламен сөйлесу дәстүрі жоқ па? Әлде қазақ тілі ендігі ұрпағымыздың миына кірмейтін тілге айналып келе ме? Мұндай үрейден арылу үшін не істеуміз керек деп ойлайсыз?
– Бұл енді үйдегі тәрбиеге бай­ланысты мәселе. Ал үйдегі тәрбие қазір ата-ананың ырқынан кетіп барады. Балаларының көшедегі тәрбиесіне ие бола алмай отырған ата-ана осы күні баланың үйдегі тәрбиесіне, мінез-құлқының қалып­тасуына ықпал етуден де қалып барады. Біздің немерелерімізді, мойындайық-мойындамайық, TikTok тәрбиелеп жатыр, YouTube арналарындағы сәбилерге арналған контенттер тәрбиелеп жатыр. Қазақша анимациялық фильмдер де бар, бірақ олар балаларды тартпайды. Ал анау «Синий трактор» деген бір пәле. Әні де, көріністері де баланы баурап алады. Сол «тракторлардан» басып озатын дүниелер жасаламай, біздің немерелеріміздің тілі қазақша шығуы қиын ба деп ойлаймын.
Жуырда Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов балабақ­шаларды тегіс қазақшалау керек деген ұсыныс білдіріпті. Қолдаймын. Қазақ балабақшасына барған өзге ұлттың ұрпағы қазақ болып кетпес, алайда, ол өз тілімен қатар қазақ тілін де білетін болады. Ал мұның несі жаман? Тек министр өзінің ұсынысын табанды түрде қорғап, дәлелдеп шыға алса екен.

– Тілді үйрену үшін, қазақты қазақтыққа оралту үшін қазақтың әні мен күйінің қандай әсері бар? Димаш қазір қазақты қойып, қазақша сөйлеп, ән айтатын фанаттар клубының лидеріне айналды. Димаш феномені туралы ойыңызды білгім келеді.
– Менің бір француз танысым бар. Ол Франциядағы Димаштың фанклубының мүшесі екен. Сол маған: «Димаш шырқайтын қазақ әндерінің сөзін французшаға аударып берші», – деп өтініш жасаған еді, есіме түсіп отыр. Көрдіңіз бе, әннің құдыретін, әнші дауысының құдыретін. Ән, музыка шекера белдеулерінен асып өтіп өзіне «табынатын» қауымды қалып­тастыра алады. Ал оның ар жағында сенің өнерпаз ұлыңа ғана емес, халқыңа деген құрмет, сүйіспеншілік, махаббат оянады. Біз жаңа «баламызды орыс бақшаларына беріп едік – сөйлеп кетті» дейтін ата-аналардың күйкі ахуалы туралы айтқанда көңілсіздікке беріліп едік, Димаш жайында айтқанда шалқып шыға келдік. Осы Димаш, Самал Ислямова сияқты талантты ұл-қызы бар қазақтың жерге қарап қалмасы белгілі. Димаштың бір ауыз сөзі өтіп тұр. Министрліктің қолдауымен «Ана тілі» деген деректі фильм түсіргем. Сол фильмді түсіру барысында Димашқа қазақ тілі туралы пікір білдірші деп өтініш жасадым. Димаш келісті және әдемілеп сөйлеп те берді. Димаштың сол фильмдегі сөзін мен әлеуметтік желілерге шығарып едім жаппай тарап кетті. Қолдаушыларда қисап жоқ. Кейде осы Димаш сияқты көптің сүйіспеншілігіне бөленген жастар арқылы да тілге қатысты түйткілдерді шешіп алуға болады-ау деп ойлаймын. Анау тіл полициясы, тіл патрульдері деген керек емес. Олар тілімізге қарсы күштерді қоздырғаннан басқа игілікті іс тындыруы неғайбыл.

– Мал дәрігерін «тіл-тіл» деп «зар­лаған» сұрақтарыммен жалықтырып алған жоқпын ба? Енді қысқаша сауалдар, сіздің жауабыңыз да қысқа болсын. Ал кеттік:
– Қазақтың қандай ісіне, мінезіне намыстанасыз?

– Намысының жоқтығына намыс­танамын. Кілең қазақ жиналып алып орысша сөйлеп отырса, намыстанамын.
– Қай ісіне, мінезіне қуанасыз?
– Қазақтың кеңшілігіне қуанамын. Кеңшілігі кемшілігі де шығар. Бірақ осы кеңшіліктің ішінде менің халқымның дархандығы, тілі, табиғаты – бәрі бар. Сол табиғаттың құшағына енген сайын қуанамын.

– Өзіңізге жиі қоятын сұрақ. Ол қандай сұрақ?
– «Ситуативный казахский» деген кітап жазу идеясы ойма қайдан келе қалып еді» деген сұрақ (әзіл). Бұл сұрақты мен өзіме-өзім ғана емес, журналистер де жиі қояды.

– Сіз жаңылыспасам боксерсіз. Бокста қандай тәсілді жақсы меңгер­діңіз?
– Сол қолмен түзу соққы жасаған болып, жалтарып кетіп жақтан ұру (боковой).

– Өткенде Ресейге барып келдіңіз. Елге қандай оймен оралдыңыз?
– Мәскеу мен Санкт-Петербургте болдық. Санкт-Петербургтің ақ түнін тамашаладық. Содан қайтар жолда неге екенін білмеймін, енді бұл қалаларды көреміз бе, жоқ па деген ойда болдым. Ресей соғысып жатқан ел. Сонда да бұл елде тәртіп бар, жолдары сайрап жатыр, метрода, вокзалдарда, тағы басқа жерлерде қызмет сапасы өте жоғары. Ал бізде, керісінше… Неге бізде даму жоқ деген екі оймен оралдым елге…

– Сізді қанаттандырған, өмірге құлшындырған сөз болды ма? Ол қандай сөз? Ол сөзді кімнен естідіңіз?
– Мені өмірге құлшындырған сөз анамның «құлыным» деген сөзі. Ал арқаландырған әкемнің арқамнан сүйгені болды. Менің арқамда әке ернінің табы бар.

Сұхбаттасқан
Дәурен Қуат

ПІКІРЛЕР1
Аноним 19.08.2023 | 16:23

Тіл саясаты комитетінің төрағасы болуға лайық адам — Қанат қана. Нағыз тіл жанашыры, намысшыл азамат.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір