Емексіп бұл өмірден біз де өтерміз
06.01.2012
1943
0

817494_2110115898________________________180Есенқұл Жақыпбеков

СЫЗ. НӨСЕР. КҮЗ…

Өтті жаз,
Кетті алыстап жұмақ көктем.
Күз келді,
Қайтты құстар шұбап көкпен.
Дауысы қайтқан құстың
Неткен мұңлы!
Қыздай боп ұзатылған,
Жылап кеткен.
Жаз өтті, жаймашуақ күз де өтеді,
Қыс келіп құмай тазы із кеседі.
Көшеде көз қуаныш ұл мен қыздар,
Біздерге өткен күнін іздетеді.

Жас едік бір күлгені мың қаралық,
Біз де осы қуаң тарттық гүлдеп алып.
Өмірден қай қортынды шығарсаң да
Бәрі де тіреледі мұңға барып.
Егдеміз егде жасқа бағынышты,
Кеудеңде лықып тұрған сағынышты.
Білмейсің айтарыңды кімге барып,
Сонда да шуағы ұяң тұман таңда,
Ынтығып оянасың күнге жарық.

Пендеміз мәңгі жүрген септеп үміт,
Ештеме құлазисың жоқ көрініп.
Өресі тар, өзі кең бұл қоғамда
Адасқан ұқсап бөтен тырналарға,
Алармыз байқатпай бір көшке кіріп.

Егілген үнсіз дүние…
Сыз. Нөсер. Күз…
Емексіп бұл өмірден біз де өтерміз,
Бірде жақсы, ал бірде жек көріліп.

АУЫРМАШЫ ЖҮРЕГІМ

Қара тізім ішінде аты-жөнім,
Тұрғандай бір сыздады көкірегім.
Мен туралы ештеңе сұрамашы,
Сұрамашы, сұрама өтінемін.

Бағынумен әпенде әмірлерге,
Өтіп бара жатырмын өмірден де.
Қадірлеймін барлығын, бірақ менің,
Өзіміді-өзім құқым жоқ қадірлеуге.

Сырласым да жоқ менің сыйласым да,
Біреулермен мәжбүрмін сыйласуға.
Жүрегімді ауыртып алам ылғи,
Болмаған соң титімдей ми басымда.

Жалп етсе де жапалақ жасқанамын,
Жалпақтаудан қалмады басқа амалым.
Ауырмашы жүрегім, сенен басқа,
Арқа сүйер жоқ менің тас қамалым.

Е, БАУЫР…

Е, бауыр,
Біз де талай жынданғанбыз,
Жынданам деп бәрінен құр қалғанбыз.
Кезінде шындықпенен бір болғанбыз,
Қыздарға — арман, ініге – пір болғанбыз.
Алысып шаршай-шаршай «мың мен жалғыз»
Бұл күнде амалсыздан жым болғанбыз.
Ерте иіскеп білетұғын бар бәлені,
Бұл күнде мына біз де сұм болғанбыз.
Тез ысып, тез суитын құм болғанбыз,
Менікі бүгін жұртқа ілесу ғой.
Мен — айтпай-ақ өзің де білесің ғой,
Көңілде екендігін кімдер жалғыз.
«Әруақ азса жын болар» деген бабаң,
Құмырам қолында ойнап нелер жаман.
Құмырамды бір сыйпап қойса болды,
Желпілдеп жетіп келер жын болғанбыз.
Ол сұмдар шыбын екен быжынаған,
Алдымнан солар шықты құжынаған.
Өмірде болмайды екен сұмдар жалғыз.

Отырмын енді міне меңірейіп,
Иленген енді мені терідей үк.
Етегі ерте ашылған сұлу қыздай,
Қараймын әркімдерге бедірейіп.

НЕСІБЕЛІГЕ

Улап-шулап артыңда бала-шаға,
Келші екеуміз қашайық оңашаға.
Үндемейтін біреудің келіншегі-ау,
Сөйлеп-сөйлеп аларсың оңашада.

Не бар саған топыр той, тамашада,
Сендей жанға сол тобыр жараса ма?
Қаз-үйрегі қаңқылдап ұшып жатқан,
Қарой жаққа қашайық қарашада.

Өзгені емес, сыйлайық өзімізді,
Кейін осы еске алып кезімізді.
Шал-кемпір боп қалармыз көзі мұңлы,
Балдыр басқан айдынын ескі көлдей.

Қалғып жатқан оятшы сезіміңді,
Оятшы осы көнтері төзіміңді.
Үй өртеніп жатса да үндемейтін,
Сұмдық жақсы көремін өзіңізді.

Кейін бәрі, барлығын кешіреді,
Барлығының тағдыры шешіледі.
Қарой жаққа қашайық қарашада,
Қия алмастан біз жүрміз осы нені?

Десем үнсіз жымиып Несібелі,
Мөлт-мөлт етіп қарайды екі көзі.
Бір жымиып алысқа тесіледі,
Бір жылылық бойынан есіледі.

НЕГЕ ОСЫ?

Неге осы басың бос емес,
Менің де жасым жас емес.
Адамды жақсы көруге,
Ешқашан бір-ақ кеш емес.
Мен үшін неге тумадың,
Жолықтың ба екен өте кеш.
Сенің де менің қуғаным,
Бұл күнде сірә, бос елес.
Сүйісіп тұрып
Не шара?!
Дейсің-ау басым бос емес.
Жылжыта салар тасаға,
Мен де осы саған тас емес.
Ыстығы-ай, ыстық, бетіңнің,
Сау да емес жансың, мас емес.
Неге сен сонша өкіндің,
Болса да басың бос емес.
Қайтейік,
Есте,
Ойда қал,
Таппадық түктің шарасын,
Тостаған көзді, майда жал
Тор байтал қайда барасың?
Түтетіп түтін өзгемен,
Баласын соның бағасың.
Тойларда жылы көзбенен,
Жүрерміз тауып жарасым.
Мен тұрған кезде бір шетте,
Жалт етіп келіп бір сәтке,
Пәлтөмнің сыйпап жағасын.
Саусақпен жұмсақ қағасың,
Не дейік осы тағдырға
Таусылды-ау әбден тағатың.
Солғын бір күзде солқылдап,
Солтүстік желі соғатын.
Сол үйдің малын бағасың,
Қараша, қара жаңбырда,
Жағалап жардың жағасын…

ЖАН ДАУЫЛЫ

Сені іздеймін сенсіз жетпей бірдеме,
Сені іздеймін тұман басқан түнде де
Өзіңменен болам қашан бір дене?
Әждаһадай арпалысып толқындар,
Жағалауға жете алмай жүр бір кеме,
Шыр айналып жүзіп жүр ол іргеде.

Сол сияқты менің де осы хәлім бар,
Дауылдармен арпалысып дауылдар.
Тау толқындар өзін-өзі ауырлар,
Жауын соңы болып кетер қалың қар.
Сені іздеймін соқтығысып шеңбермен,
Сол азапты сезбейсің-ау мен көрген.
Ауыр-ауыр күрсінгендей көк теңіз,
Ауық-ауық үн шығады кеудемнен.

Берекесін өз үйімнің қашырмай,
Отырсам да дауыл қойды басылмай.
Сезім басқа,
Өмір басқа,
Қайтейін,
Өзің жоқта сезім кештім осындай.
Көкбет теңіз көп көбігін сапырмай,
Дауыл қашан басылады япырым-ай?!

Тау толқындар жағалауға құлайды,
Кемем тасқа ұрылатын сыңайлы,
Жартас жаққа бұрылатын сыңайлы.
Қара жартас
Тас қой жартас!
Тапжылмас,
Тапжылмайтын тағдырыммен тағдырлас,
Тас та болса ол сорасы ағып жылайды.
Тынши алмай, бата сұрап Алладан,
Өз ойымнан қайта қаштым жалма-жан.
Аса алмадым қоңыр қақпа, ауладан,
Ұйып тұрған үй,
Тыныштық ұнайды.

СУЫҚТӨБЕ ТАУЫНЫҢ АТАУЫ ТУРАЛЫ ТАРИХ ЖӘНЕ…

Тау деген шексіз шежіре
Таусылмас тарих тау деген,
Бабалар шыққан асқар тау
Алысып жүріп жауменен.
Қай сайда жатыр сүйегің
Қайран да батыр бабалар?!
Қара тас болып қалды ма,
Жартастай үлкен дәу денең.

Басында Суықтөбенің,
Бөрілі байрақ желпілдеп.
Бабалар жауды жеңіпті,
Қонышы қанға көлкілдеп.
Сол таудың атын Қарасай
Төбе деп атай салыпты…
«Шығатын тауың балалар,
Бұдан да биік болсын» деп.

Заманнан заман озғанда,
Талай бір таулар тозғанда.
Саяхат жасап сол маңға
Өрмелеп шығып заңғарға,
Биікке тіктім жалау көк
Шықсам да биік сол тауға.
Құлазып тұрды көңілім,
Өттің сен немен өмірім?
Шығатын тауым беу, дүние,
Бұдан да биік еді-ау деп!..

БІРЕУДІ ІЗДЕУ

Біреуді іздеп таппай жүр жан тыныштық,
Біреуді іздеп жүреміз талпыныс қып.
Жетімхана үйінің баласындай,
Кенеттен анам келіп қалатындай.
Есіктен біреу кірсе қалқып ұштық,
Көрініп көзімізге әркім ыстық.
Біреумен бір нәрсеміз толатындай,
Іздейді әлдекімді сана тынбай.
Сағымыз сынып жүрген кезімізде,
Бағымыз сол кісімен жанатындай.
Көңілі сол жетімнің қалатындай,
Бола алмай ешкім туған анасындай.

Көрсек те көп қызықты өмірдегі,
Көңілім осы неге семірмеді.
Кездейсоқ махаббаттар өтті жаңсақ,
Шексіз, шексіз мейірім өттік аңсап.
Күндей бір күнде шығар көгімдегі,
Сол Күнге ұқсатамын сені жарық.
Ағаңды бірер кешке жаныңа алып,
Мейірімге шексіз, шексіз малып алып
Ұртыңнан сенің күлкің төгілгелі.

Тұрса да жас ұлғайып, күрең күз кеп,
Мен осы жүруші едім біреуді іздеп.
Елеңдеп енді сені аңсап жүрмін,
Өмірді сенсіз қайтып сүрерміз деп.

ТӨГЕДІ ЖАҢБЫР

Төгеді жаңбыр тесердей үйдің шатырын,
Төгеді жаңбыр шелектеп, бірде ақырын.
Алатау бейне дауылда жүзген ақ кеме,
Жағаға тастай алмаған ауыр якірін.

Бір апта болды тыным жоқ қара жаңбырға,
Жауады жаңбыр алғашқы қардың алдында.
Жәй тауып жаным, жанынан пештің шықпаймын,
Өкпе де мұң да, ештеңе айтпай тағдырға.
Қанаты су-су қажыған кәрі құстаймын,
Зауқы жоқ көктен жердегі жұртқа саңғуға.

Мөндім де мөндім, көндім де көндім бәріне,
Бақыттың маған жоғы не, енді бары не?
Басылып жаңбыр, бар әлем жатыр бұйығып,
Тысыр да тысыр тамады тамшы еріне.

Ап-ауыр бұлттар барады сүйреп бір-бірін,
Ай туар енді айнала төгіп нұрлы мұң.
Айқайсыз, шусыз, ақырын ғана ұғысып,
Астарлы тондай әркімді сөзбен жылытып,
Момақан ғана өтсе екен деймін бір күнім.

БІР ДЕМАЛСА

Бір демалса шіркін-ай, бір демалса,
Қалың жыңғыл, тым-тырыс құмға барса.
Үйір-үйір жылқыдай лағып жүрген,
Балық жүзген құмдағы суға барса.
Тұншыққан қыз сияқты дәу құшақта,
Құмыққан су даусын тыңдап алса.

Қоқаңдамай біреулер жандаралша,
Барлығынан о, шіркін, жан демалса.
Балбыраған күздегі тыныштықта,
Салбыраған сарғайып талға барса.
Пырылдаған кішкентай періштедей,
Шырылдаған торғайлар талға қонса.

Барлығынан, бәрінен бір демалса,
Ізім-ғайым ел-жұрттан бір жоғалса.
Сөйлете алмай қоятын бірге отырсаң,
Үндемейтін келіншек бірге болса.
Ой-санаңды өзгертіп сол тыныштық,
О, шіркін-ай, қайтадан бір жаралса.
Жақсы көріп, жақсыға талпыныс қып,
Жан-дүниең қайтадан гүлдеп алса.

Төзе-төзе бәріне төзім де өлді,
Ауызымнан шықпай жүр сөзім жөнді.
Не көрмедік ойпыр-ай, өмірде осы,
Көрмегеннің барлығын көзім көрді.
Қара тасым бір сәтке жеңілдеші,
Таңғажайып кешейін сезімдерді.
Үндемейтін өйткені «көңілдесім», –
Бірде…
Қашып кетуге сөзін берді.
Барлығынан баз кешіп менің де осы,
Бір жоғалып табылар кезім келді.

ТӘТТІ ОЙЛАР

Өмірде нені көрмедім,
Өзіме көңілім толмады.
Тәтті ойлар еді ермегім,
Ол-дағы бүгін қалмады.
Қайран да шіркін, тәтті ойлар,
Қаймақтай сол бір жақсы ойлар.
Алдады мені, алдады,
Ертеңгі күнге емексіп,
Бойжеткен жетім қыздайын,
Жақсы еді-ау іште сондай бір
Тәп-тәтті ойлар болғаны.

Тәтті бір ойға малынып,
Ойларға ащы жоламай.
Көңілде жүрген тәтті ойды,
Еркелетіп жүрсем ғой.
Бір Құдайға жалынып,
Сұрап алған баладай.
Жоқ бірақ сол бір тәтті ойлар,
Көңілде бәрі басқа ойлар.
Түтіндей ащы ойларым,
Жанады бықсып шаладай.

Біреуге-біреу дес бермей,
Таяз су, тастақ кешкендей.
Тасыр да тұсыр тас көңіл,
Бүгінгі мынау заман-ай!

Тәтті ойлар келші бір дүркін,
Тәтті ойлар тәнді жібіткей.
Сұлу бір жарын күндіз-түн,
Тойымсыз сүйген жігіттей.

СҰЛУ ДҮНИЕ

Сұлу тағдыр, сұлу дүние аңсаған,
Беу көңілім, не табайын мен саған?
Елік көңілім елеңдейді әйтеуір,
Шыға алмай бір қорығынан қоршаған.

Сол қорықтан қайда қашам қарағым,
Өсіп-өндім, сол қорадан тарадым.
Есіл-дертім басқа әлемде екенін,
Жан адамға айта алмай-ақ барамын.

Сұлу дүние!
Жоқсың ба, әлде барсың ба?
Әлде бәрі қап-қалды ма артымда.
Жүрісімнен түк өнбейді
Жорғадай,
Жорғалаған қара қатқақ,
Қарсызда.

Сұлу дүние сеземін ғой бекерін,
Сұлулықтың талай таттық шекерін.
Абақтыдан енді шығар тұтқындай,
Онда неге елең-елең етемін?

Егделікке бұрғаныммен бетімді,
Сұлу дүние көзім сенде секілді.
Пақыр пенде болғым келмей әйтеуір,
Алабұрттым,
Аспанға ұштым,
Не тынды?

Армандадым,
Тас қорамнан секірдім.
Қасқыр болып ұлыдым да,
Арыстан боп өкірдім.
Сөкет көрді бұл ісімді басқалар,
Сөйтіп жүріп сүйкімімді кетірдім.
Сұлу дүние ішімде жүр бірақ та,
Шығып алып жылайтұғын жыраққа.
Көз жасындай асыл текті жетімнің.

АҚЫН ЕРКІН ІБІТАНОВТЫҢ РУХЫНА

Асау өзен сияқты арқыраған,
Емін-еркін, е, қайран, Еркін ағам!
Арыстандай құйрығын қамшылаған.
Жанталасқан барлығы дүниеде,
Сияқты боп жүруші ең қамсыз адам.

Мұқағали және де Ерекеңнің,
Білетін жұрт мінезі кең екенін.
Миллион пенде!
Жетпеген еркіндікке,
Жетіп алып жүруші ең сен екеуің.

Емін-еркін бостандық,
Ерік! Неткен!
Бостандық қой ақынды көрікті еткен.
Таудың селі сияқты ең сен екеуің,
Таудың өзін оңдырмай орып кеткен.
Таудың ұлын сағынып мен отырмын,
Тауға қарап бұл күнде морып, кепкен…

Талтаң басқан, тайсалмай тар жалғаннан,
Міне осындай өмірде жандар болған.
Жағамды ұстап таңғалып мен отырмын,
Жарға қарап сүйсініп селден қалған.

Асау өзен сияқты арқыраған,
Азат ауыз, о, қайран, Еркін ағам!
Еркіндікті мен де бір сағынғанда,
Ерланыңды қасыма ертіп алам.
«Душа горить в огне»
(Орыстың халық әнінен)

ЕГДЕ АДАМНЫҢ КӨҢІЛ-КҮЙІ

Егде тарттық,
Бізді де өмір туған айдай турады.
Тәубе дейміз,
Бірақ та оның жоқ сияқты тұрлауы.
Нәрестедей оқыс басып отқа күйгім келеді,
Ойдан қашып бірер мезгіл сұм дүние туралы.

Елсіз қырдың самалындай аңқып алғың келеді,
Оқыс тасқан мұхит құсап шалқып алғың келеді.
Жалтыраған, жарқыраған бар байлығын жапырып,
Жағалаудың бар жақсысын қарпып алғың келеді.
Мойыныңа бар қылмысты артып алғың келеді.

Жақсы болып жүріп-жүріп,
Жаман болғың келеді.
Бәрін түгел түңілдіріп,
Надан болғың келеді.
Ешнәрсеге тәуелді емес,
Бодан болғың келеді!
Е, байқұс-ай жаның неден түңілді?!
Жазылмаған заңдары көп дүниенің бүгінгі.
Сол заңдарға байланбасаң
Шамаң неге келеді?

ЕКІНШІ ӨЛЕҢ

Өмір енді жастардікі біздер кеттік егде боп,
Бұл өмірдің қызығынан көрген жоқпыз кенде боп.
Сұлу тағдыр іздеуші едік
Аспанда жоқ, жерде жоқ.
Менмін демей «біз» дейтұғын,
Бірін-бірі іздейтұғын,
Жаны жақын құрбы-құрдас
Әлі күнге елде көп.
Біздер әлі егіздейміз,
Сұлу дүние неге іздейміз?
Кеткеніміз жоқ пенде боп.
Бұл заманның байлығынан
Қалсақ та біз кем де боп,
Біздер сүйген пәк арулар,
Кешір інім, сенде жоқ.

Елді сүйдік, жерді сүйдік,
Тастағандай дуалап.
Көппен бірге көп боп жүрдік,
Болғанымыз жоқ туа жат.
Алда жүрдік, алға асықтық,
Озып кеттік уақыттан.
Артымыздан атақ пен даңқ,
Әрең жетті қуалап.
Өмір бақи қырсығымыз өткенімен арылмай,
Жаны сұлу кісі іздейміз күштілерге табынбай.
Тілегіміз сұлу тағдыр,
Сұлу көңіл әлі де.
Жүрегіміз дүрсілдейді,
Темір жолдың бойындай.
Біздер кәрі арғымақпыз
Көзі қимай қасапшының союға,
Қартайғанша келе жатқан сойылмай.

Біздер әлі асығамыз,
Арғымақтай алыс-алыс қырларға.
Біз өйткені туып едік,
Жер тарылмай тұрғанда.
Амалы жоқ арлан құсап ашынып бір қараймыз,
Ашынып бір қараймыз да,
Үндеместен тараймыз.
Жердің бәрін тарылтатын жемсауы үлкен қуларға.

Қоғам қолдан жасайтұғын мейрамдарға шықпастан,
Музейлердің мүйісінде мүк басқан.
Тұратұғын ұқсаймыз бір
Ер ұстаған туларға,
Енді біз де — өткен заман,
Ердің сыны кеткен заман.
Елің үшін өзі түсіп зынданға,
Жұдырығын түйетұғын сұмдарға.

БІЗДЕР СҮЙСЕК…

Біздер сүйсек,
Қор болып сүюші едік.
Хор қызына басты тек июші едік,
Шүберекке қу жанды түюші едік.
Тар бөлмеде тағдырлас достар тұрған,
Сүйіп-сүйіп, сүйіп ап тоқ балтырдан,
Сүйген қыздың аяғын жуушы едік.

Мен мақтансам Ай маңдай
Ақ тамағым.
Аяғыңды жудым деп мақтанамын.
Сол есіңе түсті ме, кім біледі,
Жиіледі бұл күнде хат-хабарың.

Аяғымды сен де өзі жуушы едің,
Жуындырсаң қайтадан туушы едім.
Менің күңім сияқты ең сол жылдары,
Мен де ол кезде болыппын құлың сенің.
Байпаңдаған аюдың табанындай,
Табаныңды сағындым күңім сенің…

Біз сүйсек өліп-өшіп сүюші едік,
Жылы су аяғыңа құюшы едік.
Жуып ап сол аяқты сүюші едік,
Қи десе, қу жанды да қиюшы едік.
Сен де мені баладай өбектедің,
Жүруші ең мейіріміңді үйіп-төгіп.
Сен есіме түскенде, кенет менің
Өтеді жүрегімнен құйын соғып.

БІР ӘЙЕЛГЕ

Алжапқыш киген келіндер қалмай қасыңнан,
Тойларда сені көремін қазан асылған.
Ардағым, саған шексіз бір алғыс сездірем,
Бір иіскеп сонда ағарған сәл-пәл шашыңнан.
Аман-сау жүрші алыс та жақын жарығым,
Жыл өткен сайын барады артып қадірің,
Жыл өткен сайын барасың аумай досымнан.

Жалғызым едің жан-тәнім сүйген жасымнан,
Алтыным едің көзінен жұрттың жасырған.
Жаңбырлы таңда жайырақ тұрып қасыңнан,
Шығушы ем жолға бір иіскеп қолаң шашыңнан.
Оятпай сені көрпеңді қымтап ашылған,
Кетуші ем кешіп жапырақтарды шашылған.

Содан да бері не өтпеді менің басымнан,
Тағдыр ғой бәрі, тақпайық кінә ғашық жан.
Қақпаныңа сенің қайтадан түскім келеді,
Қақпаңды көрсем жартылай сәл-пәл ашылған.

ҚҰШАҚТАШЫ…

Жағаңызды келші аға, түзеп берем, –
Дедің маған іңкәр бір ізетпенен.
Шымырлады жүрегім, сол жүрегім,
Былғарыдай едің ғой біз өтпеген,
Бізбен тесіп жіберсе тыз етпеген.

Кетерімде байқамай құшақташы,
Құшақташы, «байқамай» тұсақташы.
Сен жеңілтек емессің.
Дәтің берік
Бірақ та осы бір рет ұсақташы.
Тартып кетіп барасың, секілденіп,
Жаңа ғана басталған кітап басы.

Тәубедемін, мен бүгін нысаптамын,
Менің көрген құқайым кітап қалың.
Аядың ба білмеймін, аяладың,
Басқа жұртқа білдірмей құшақтадым.

Есіркеген шығарсың ескі ағам деп,
Жаманшылық көп көрген жақсы ағам деп.
Құшақташы тағы бір, құшақташы,
Жағамды бір түзетіп тастаған боп.

Бір құшақтап
Ал-дағы шығарып сал,
Сөйтіп мәңгі үзілмес бұғалық сал.
Алып тауды айналып өтетұғын,
Арамызда біздердің жылы ағыс бар.

hawaii-700231_960_720

ПІКІР ҚОСУ