ҰСТАЗДЫҚ ПАРЫЗЫМ
Өмірімнің 40 жылын балаларға арнадым, ұстаздық еттім. Соның 20 жылында директордың орынбасары болдым. Ол тұста «Жұлдыз» журналы мен «Қазақ әдебиеті» газеті қолдан-қолға тимейтін, мұғалімдер мен оқушылар тұрмақ, еңбекші халық та жарыса оқитын. Сонау 1990-2000 жылдар аралығында «Жұлдыз» журналының тиражы он мыңнан асып жығылса, бүгінде сол көрсеткіш екі мың данаға жетер жетпес қана. «Шу» ауданына осы журналының ай сайын жеті данасы ғана келетін көрінеді. Журналға жазылған жеті адамның төртеуі – «Ақсу» ауылынан. Ал «Қазақ әдебиетін» аудан бойынша жетпіс жеті адам жазылып оқиды. Оның өзін аудан әкіміне арнайы барып жүріп көбейттім. Бұдан шығатын қорытынды – оқушы түгіл, «Қазақ әдебиеті» пәнінің оқытушылары да газет-журнал оқудан қалған деуге болады. Соңғы жылдары қазақ әдебиетіне бетбұрыс алып келген ақын-жазушылардың шығармашылығы тұрмақ, аты-жөнін, өзін де танымайды. Әдебиет жүгін шын әдебиетшілер көтеріп, алға сүйреп насихаттайтынын ескерсек, бүгінгі көп ұстаз «ұстаз» атына лайықты емес болып отыр. Әдебиетін ұмытқан қоғам мәдениетінен де ажырап қалатыны сөзсіз. Сондықтан аудандар мен облыс, қала әкімдері, сондай-ақ, білім бөлімінің басшылары ұстаз шәкіртке үлгі, ал шәкірт елдің ертеңі екендігін ескеріп, мұғалімдердің қос басылымды оқуларына түрткі болса деп едім. Бұл мәселені көтеру, айту менің ұстаздық, азаматтық парызым. Қан майданда жүрген қазақ солдаттары газет-журналдарды айдың жарығымен, түн ұйқысын төрт бөліп жарыса оқығандары да тарихтан аян. Ай мен күннің аманында, бейбіт елде тұрып біздің бұлай жүргеніміз қалай?
Төрехан Әлханұлы,
зейнеткер ұстаз.
Жамбыл облысы, Шу ауданы, Ақсу ауылы.