ҚОС ӨРКЕНИЕТТІҢ ТЕЛҚОҢЫРЫ
Көркем мінезімен, нұрлы ақылымен ерекше көзге түскен жігітті қазақтың «Сегіз қырлы, бір сырлы» деп айдарлайтыны бар. Мен осындай қошеметтің үдесінен шығатын бір азаматты білемін. Есімі – Дүкен, сойы – Мәсімханұлы. Ақырын жүріп, анық басқан қимылынан, адамның көзіне тіке қарап сөйлеу мәнерінен, әуезді қоңыр дауысынан Ұлы дала даналығын көргендей боламын.
Иероглифті көлеңкесінен таныған
Пекиндегі Орталық ұлттар университетінде аудармашы-филолог мамандығы бойынша алған білімі қабілет-қарымына қанат бітірді. Содан кейін Үрімжіге келді. Үрімжіде табандатқан 6 жыл еңбек етті. Қалың қытайдың ішінде жоғалып кеткен жоқ. Шығармашылық ізденісте, ғылымда, әдебиетте өзіндік қолтаңбасы бар азамат өсіп келе жатқанын алдыңғы толқын ағалары да, кейінгі толқын інілері де байқады. Халқының үкілі үмітіне айналды. Аз халық қашанда оқығандарына үмітпен, сеніммен қараған ғой. Сол үміт, сол сенім оны алға жетеледі. Алайда, Қазақстан дербес елге айналған сәттен тарихи Отанға оралу идеясы оның жүрегін де, санасын да жаулап алды. 1993 жылы арманы ақиқатқа айналды. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің табалдырығынан аттайды. Университет ректоры К.Нәрібаев пен проректоры Ә.Дербісәлі қандас бауырымызға қолдан келгенше жәрдемін берді. Әрине, арада ширек ғасырдан астам уақыт өткенде дүниеден озған Көпжасар ағасы жайлы естелік жазатынын, Әбсаттар ағасының орнына Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры қызметіне келетінін Дүкен сол сәтте білген жоқ.
Тез есеюіне екі елде де қолайлы ахуал септесті дегенмен генетикалық, яғни тұқым қуалау факторын да қаперден шығармау керек деп ойлаймын. Бұл әулеттен шешендік өнер, ән-күйге, өлең-жырға құмарлық ертеден тарқамаған екен. Жер жәннаты Жетісу мен Шығыс Түркістанға әділ билігімен, сөз тапқыштығымен атағы жайылған Нақыспек шешеннің тікелей немересі, жаңа заманның төлі бұрынғы аталарынан дарыған қасиеттерді жаңаша түрлендірді. Ақын, аудармашы, қытайтанушы ғалым, ұлағатты ұстаз, әдебиеттанушы деген салалардың бәрінде бірдей жемісті еңбек етіп, бәрінің де ұшар биіктеріне көтерілді.
Ғылымда жұрт мойындаған күмәнсіз ақиқат бар. Ол – қандай да күрделі құбылыстың ақиқаты мен жұмбағы танымның, ғылымның үйлесімімен, кірігуімен табылатыны. Д.Мәсімханұлының интеллектуалды өрлеуінің, шығармашылық табысының, барша болмысының өзегін қос өркениет аясында есеюі мен кемелденуі құрайды. Қаймағы бұзылмаған қазақ ауылында дүние есігін ашқан, ат жалын тартып, азамат болған шағында Қытайдай алып империя астанасында жоғары білім алған, оны орда бұзар отызында тарихи отанына оралып, суығына шыдап, ыстығына көнген қос өркениеттің телқоңыры десек еш қателігі жоқ. Ол, әрине, он сегіз мың ғаламға қазақтың көзімен қарады, несімен ерекшеленетінін байқады, төл тарихының, тілінің, әдебиетінің гуманитарлық, қоғамдық-саяси құндылықтарының өрі мен ылдиын ұлттық және қытай ақыл-ойының биігінен зерделеді.
Бұл жерде қазақы танымның аясы тар екен-ау деген пікір тумауы керек. Мәселе білімпаз жан қанша тіл білсе, таным қуаты сонша есе артатынында. Ал қуаттың бір кілті қытай тілінде болғандықтан, тілеуқор ағасы Сұлтан Жанболатов жазғандай, әр иероглифті көлеңкесіне дейін дөп басып таныған Д.Мәсімханұлының ғылыми, әдеби, сыни шығармалары, оқулықтары мен сөздіктері сүбелі нәтижелерімен көздеген мақсат-міндеттерін толық атқаруы әбден заңды, әрі орынды. Осы тұрғыдан келгенде жас қазақтың қабілет-қарымы аса тегеурінді екенін мейлінше сақ, кірпияз, жыланның аяғын көре алатын Аспанасты елінің де мойындауы көп нәрседен хабар береді. Әйтпесе, 27 жасар шағында жазған еңбегі ҚХР аз ұлт әдебиетін зерттеу саласындағы үздік шығарма сыйлығына ие болар ма еді?! 1991 жылы оған әдебиет пен ғылыми зерттеу саласындағы Бүкілқытайлық жастар сыйлығы, 1993 жылы ҚХР Жазушылар одағының «Тың талант» сыйлығы берілер ме еді?! Пекинде, Үрімжіде шыққан кітаптары өз алдына бір төбе. Тарихи отанына оралғаннан кейін Пекинде 2007 жылы жарық көрген «Алтынның буы» жинағына ерекше тоқталғанымыз жөн болар. Қасіреттің өзіне оптимизиммен қарайтын коммунистер елінде ақынның поэзия тілімен өмірдегі келеңсіз құбылыстарды сынауын, туған халқы үшін жан беруге де даяр екенін, сауатсыздар мен бөсербайлардың алға шыққанын жақтырмаған ұстанымдарын көре тұра цензурадан өткізгеніне қайран қалмасқа шараң жоқ.
Жалпы Дүкен Мәсімханұлының ғылым мен әдебиеттегі, ұстаздықтағы жеткен жетістігін бір мақала ауқымында тұтас тізбелеп, санамалап шығу мүмкін емес. Сондықтан мен оның басты-басты, қадау-қадау жетістіктеріне тоқталғанды жөн көріп отырмын.
Мәртебелі поэзияның өкілі
Сөзімнің басында Дүкен Мәсімханұлын «сегіз қырлы, бір сырлы азамат» деп сипаттап өттім. Дүкеннің ғалымдығы, аудармашылығы, зерттеушілігі бір бөлек, ал ақындық талантын да көзі қарақты қауым жақсы біледі.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, бірнеше мәрте республикалық және халықаралық мүшәйралардың жеңімпазы, талантты ақын Дүкен Мәсімханұлының: «Жүрекке саяхат», «Семсер суы», «Көкпар», «Алтынның буы», «Аркүрең арман», «Өз аспаным өзімде», «Сап, сап көңілім», т.б. жыр жинақтары жарық көрген.
Дүкен ақынның поэзиясы бірде сарсаңға түскен адам жанын мөлдіреп аққан тау суындай рахатқа бөлейді, бірде баяу ғана желпіп өткен тау самалындай көңіл күйіңді, рухыңды лезде көтереді, енді бірде тосыннан соққан тау бұрқасыны сияқты жан дүниеңді астаң-кестең күйге түсіріп, жан әлеміңді мүлде басқаша тербейді…
Ақын, әрине, өзінің жан тебіренісін, тіршіліктегі барлық жақсылық пен жамандық атаулыны, өмірдің келеңсіздіктерін, қоғамдағы түйткілдерді, яғни бәрін-бәрін лирикалық туындылары арқылы жеткізеді. Оларды алдымен өзінің нәзік жүрегі арқылы өткізеді. Жаны қиналады, азаптанады, түрлі қиындықтарды бастан кешеді. Бұлар ақынның жеке басының ғана өкініш-күйініші немесе жан тебіренісі емес, ол – қоғамның шынайы көрінісі. Соның бәрі ақын сезіміне әсер етіп, жүрегін тілгілеп өтіп, жыр шумақтары болып өріледі. Сондықтан да ол – ақын, ол – қоғамның тамыршысы.
Ақын «Құла айғырдың үйірі» атты өлеңінде былайша толғанады:
«Дос-дұшпанды иісінен айырып,
Тік тұрады «алғы шепте»
күн, ай, жыл…
Бір үйірді қабағымен қайырып,
Қос құлағын қайшылайды
құла айғыр.
…Көкжалдарың күндік
жерден безеді,
Құла айғырдың көрінгенде қылаңы.
Құлын тұр ғой, қыл бермесін сезеді,
Сосын басын өзге жаққа бұрады.
…Әттең дейсің!
Әттең, қазақ жұртының,
Тамырынан айырылғаны сор екен.
Өзге түгіл, тек бір ғана жылқының,
Ер жігітке үйретері көп екен…
Бір ауылды қабағымен қайырған,
Туған елін бермейтұғын дауылға.
Қара қылды қақ екіге айырған,
Құла айғырдай бір жігіт жоқ
ауылда…»
Ақын бұл күндері заман ағымына сай ер-азаматтардың бойынан жоғалып бара жатқан сол бір қазақтық қасиетімізді, ірі, өр мінезімізді құла айғыр образы арқылы көзге елестетіп отыр. Осы арқылы ұлттық тәлім-тәрбиеміздің ақсап бара жатқанын ақын жүрегі езіле отырып жырлайды, оқырман санасына құйғысы келеді.
Ақын «Жаншуағым – Отаным» атты лирикалық поэмасында патриоттық тақырыпта өзгеше мәнде ой толғайды. Поэма шағын болғанмен, мағынасы терең, өте әсерлі әрі мазмұнды, оқырманын асқақ рухқа бөлейтін туынды. Оқып көрелік:
«Менің ұлы туған елім,
ар-намыстың жалауы,
Өзің барда мәңгі өшпейді
рухымның алауы.
Мендегі бар арман-үміт
жаратылған өзіңнен,
Бойдағы қан, кеудеде
жан – сенің ғана қалауың.
Менің ұлы туған тілім,
Тәңірімдей ардағым.
Сенсің менің бойтұмарым,
мақтанышым, бар бағым.
Мендегі бұл ар мен намыс
жаратылған өзіңнен,
Өзің барда мәңгі нұрлы менің
атқан таңдарым.
Менің ұлы туған далам,
сай-саласы тұнған нұр,
Мейіріміңе шөлдеп келдім,
сарығымды бір қандыр.
Мендегі бұл жан да,
тән де жаратылған өзіңнен,
Төрім түгіл, көрімді де
шуағыңмен нұрландыр.»
Ұлтқа керек «Үлкен сөздік»
Дүкен Мәсімханұлы өнімді еңбек еткен тағы бір сала – көркем аударма. Жалпы өзі шығармашылық адамы бола тұра, өзге тілден көркем дүниелер аударып, туған халқыңа ұсыну – бұл енді нағыз жанкештілік. Ал менің ойымша, Дүкен Мәсімханұлы көркем аудармаға мақсатты түрде барған секілді. Себебі біздің еліміз үшін Аспанасты елін, ханьзу халқын танып-білу – кезек күттірмейтін мәселе. Ал қытайды өзінің қаламгерлері, сол қаламгерлері сомдаған таза қытайы образдар арқылы танып-білудің жөні, өнімі тіптен бөлек. Д.Мәсімханұлы көркем аудармаға міне осы мақсатпен келген деп ойлаймын. Бұл тарапта да оның жеткен жетістіктері аз емес. Қытайдың классик жазушылары Лу Шүннің («Повесть және әңгімелер»), Ба Цзиннің («Әулет», роман), Мао Дуннің («Түн», роман) көлемді шығармаларымен қоса, әр жылдары Коңфуцзы, Ли Бай, Ду Фу, Ба Цзинь, Лао Шэ, Ай Циң, Юй Гуанчжуң, Ваң Мэн, Мо Янь, Чжаң Чэңчжы, Те Ниң, Юй Хуа, Бэй Дао, Гу Чэң, Чи Цзицзянь,Чэнь Дуңдуң, Чжау Лихуа, Диң Даң секілді қытай ойшылдары мен талантты қаламгерлерінің шығармаларын тәржімалап, қазақ оқырмандарына ұсынып келеді. Бұның өзі бір адам үшін аз еңбек емес.
Дүкен Мәсімханұлының отандық қытайтану ғылымы мен лексикография ғылымдарына салған тағы бір қомақты олжасы – «Қытайша-қазақша үлкен сөздік» десек асырып айтқан болмаймыз. Ғалымның ғылымдағы да, өмірдегі де қосағы, ғылым докторы, доцент Айнұр Әбиденқызымен бірлесе отырып, он жыл уақыттарын сарп етіп шығарған бұл сөздік – уақыт талабына, заман ағымына сай жасалған құнды да іргелі дүние. Себебі, қазіргі кезде елімізде қытай тілін меңгеруге деген құлшыныс күн санап арта түсуде. Білім қуған жастар әлемдік тілдің бірі ретінде қытай тіліне барынша ден қоюда және көршілес мемлекетте түрлі салада еңбек етіп жүргендер де, білім қуып жүрген қазақстандық жастар да аз емес. Соған байланысты мұндай оқулықтарға, анықтамалық оқу құралдарына, кешенді сөздіктерге деген сұраныс уақыт озған сайын артпаса кемімейді.
Бұл арада менің баса айтарым, сөздік жасау, әсіресе кешенді үлкен сөздік құрастыру – айтқанға ғана оңай. Шыны керек, ондай ауыр жұмыспен арнайы маманданған ұжымдық топтар көп жыл бойы еңбектеніп жүріп жарыққа шығаратынын жақсы білеміз. Ал ерлі-зайыпты ғалымдар Дүкен мен Айнұр аттай он жыл бойы алтын уақыттарын, көз май, жүрек қандарын сарп етіп, осы сөздікті жасаған қажырлығы мен еңбекқорлығы жас мамандарға және ізденістегі ғалымдарға үлгі болса керек.
Аталған «сөздік» туралы қазақстандық ғалымдар өте жоғары бағалар бергенін айта кеткен жөн. Бұл ретте, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ның «Қазіргі заманғы Қытайды зерттеу орталығының» директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, қытай тарихының ғана емес, қытай тілінің де білгірі Нәбижан Мұхаметханұлы: «Үлкен сөздіктің» жарық көруін отандық гуманитарлық ғылым саласындағы маңызды жаңалық, сондай-ақ отандық лексикография (сөздіктану) зерттеудің үлкен нәтижесі деп санайды. Өйткені елімізде қазірге дейін дәл осындай 70 мың сөзден тұратын Қытайша-Қазақша кешенді сөздік жарық көрген жоқ.
Әрине, қытайтану саласында еңбектеніп жүрген мамандар құрастырған қытайша-қазақша, қытайша-қазақша-орысша, қытайша-қазақша-орысша-ағылшынша сөздіктері жарық көріп келеді. Бірақ бұл сөздіктердің көлемі шағын, олар негізінен қытай тілін оқытатын оқытушылар мен қытай тілін оқып жүрген жоғары оқу орындарындағы студенттерге арналған. Ал мына «Үлкен сөздік» елімізде комплексті түрде кешенді жасалған бірінші сөздік болуымен де маңызды. Әсіресе «Үлкен сөздіктің» атап айтуға тұратын және бір ерекшелігі – қытай сөздері мағынасының қазақ тіліне дәл, әрі толық тәржімалануында дер едім. Сөздік аудармасында қазақ тілінің байлығы тамаша сәулеленген, тіпті қытай сөздерінің астарлы мағынасы да айтарлықтай ашып көрсетілген. Демек «Үлкен сөздік» өзінің атына заты сай жасалған, қоғамдық қажеттілікті қанағаттандыратын құнды еңбек болып табылады» деп жоғары бағасын берген болатын. «Сөздік» туралы Нәбижан Мұхаметханұлынан асырып не айтуға болады?!
Қытайтанудың білгірі
Ғалым ретінде Д.Мәсімханұлы сан алуан тақырыпқа қалам тартқан ой иесі. Әрине, басты нысаны – Қытай әлемі. Әділіне жүгінетін болсақ, әрбір еңбегі – ұлттық тарихнамаға қосылған үлкен олжа. Олар Қытайдың төлтума діні дао мен діни наным-сенім жүйесі, сәулет өнері, дәстүрлі музыка және би өнері, ұлттық жаңа жылы, мифологиясы, мәдениетінің даму кезеңдері, Қытай, Жапония, Моңғолия елдеріндегі түркология ғылымы, ежелгі ортағасырлық елдер әдебиеті, түркі әдебиеті тарихын дәуірлеу, «Оғызнама» – осылай жалғаса береді.
Өміржолының қазақстандық кезеңінде ғалымның есімін республикаға кеңінен танытқан бір ісі – «Қытай қазақтары поэзиясындағы ұлт-азаттық идея» тақырыбына жазылған кандидаттық диссертациясы (1999). Еңбекті жазу барысында Дүкен Мәсімханұлы жойқын білімпаз Рымғали Нұрғалиевтің мектебінен өтті.
Кейін осы кандидаттық диссертациясының негізінде «Жыр – жебе» атты монографиясын жарыққа шығарды. Аталған монографиясында қытайдағы қазақ әдебиетіне ұлт-азаттық идеяның қашан, қалай таралып, дамығанына ғылыми талдау жасайды; ұлт-азаттық идеясын жырлаушы ақындардың тағдыр-талайын сол кездің тарихи-әлеуметтік жағдайымен байланыстыра қарастырады; ұлт-азаттық идеясын жырлаушы ақындардың көркемдік әлемін ғылыми тұрғыда зерттеп, сол арқылы олардың тек саяси ұранның жетегіне ермей, қайта олардың әрқайсысы көркем ойдың көшелі нұсқасын жасап кеткендігін ашып береді.
ХХ ғасыр басында КСРО жөргегінде тұншықтырғаннан кейін Алаш-азаттық идеясы қытайдың Шыңжаң өлкесінде өркен жайғанын білеміз. Ол өзі қалай болып еді?! Алаш-азаттық идеясын Шыңжаңға алып барып, ондағы халықты ұлт-азаттық қозғалысына кешенді түрде жұмылдырған кімдер еді?! Осы сұрақтарға жауап іздеу мақсатында Ақыт қажы Үлімжіұлынан бастап, Әріп Тәңірбергенұлы, Жүсіпбек қожа Шайыхсіләмұлы, Көдек Маралбайұлы, Әсет Найманбайұлы, Таңжарық Жолдыұлы, Шарғын Алғазыұлы, Асқар Татанайұлы, Бұқара Тышқанбаев, Мағаз Разданұлы, Құрманбай Толыбаев, Омарғазы Айтанұлына дейінгі Алаш азаттық идеясының жанкешті насихатшысы болған алашшыл ақындардың өмірі мен шығармашылығы, осы кезеңнің алды-артында өмір сүріп, ұлт-азаттық күрес жолында шаhид кешкен батыр, күйші Қожеке Назарұлы, Оспан батыр, Әкбар мен Сейіт, т.б. тарихи тұлғалардың өмірі мен күрес жолы Д.Мәсімханұлы зерттеуінің өзегі ретінде қарастырылып, аталған тұлғалардың шығармашылық hәм азаматтық тұғырнамасы Қазақ елінде тұғыш рет азат сана, ұлттық мүдде тұрғысынан сараланып, қазақ оқырмандарына, ғылыми айналымға жол тартқан болатын.
Сондай-ақ аталған еңбегінде ғалым бес жыл тәуелсіз ел ретінде өмір сүрген Шығыс Түркістан Республикасының құрылуы мен жойылу барысы; Сталин мен Мао-ның ШТР туралы құпия жоспарлары; Республиканың алғашқы төрағасы Әлихан Төре Сағуни, Ахметжан Қасыми, Дәлелхан Сүгірбаев, Ысқақбек Мөнинов, Абдукерим Аббасов қатарлы тұлғалардың да өмір жолы мен қызметі туралы тың деректер мен байыпты тұжырымдар ұсынған болатын.
Дүкен 2008 жылы Қазақ және қытай әдебиетін салыстырмалы әдебиеттану ғылымының теориясы мен принциптері тұрғысынан салыстыра зерттеп, докторлық диссертация қорғады, елдің іші-сыртындағы жетекші ғылыми басылымдар бетінде көптеген зерттеу еңбектері мен мақалаларын жариялады.
Тұлғатануға апарар жол көп. Солардың ішінде Дүкеннің құлашын кең сермегені салыстырмалы әдебиеттану ғылымы. Әсіресе «Мұхтар Әуезов және Лу Шүн» монографиясын бөле-жара айтуымыз керек. Бұлар екі халықтың интеллектуалды шамшырақтары, тарихи-әдеби үдерісіндегі көк сеңгірлері, рухани ұстаздары. Әрі замандастар. «Сондықтан, – деп жазады ғалым бауырымыз, – біз осы зерттеуіміздің ұзына бойында негізінен М.Әуезов пен Лу Шүннің көркем және ғылыми, публицистикалық шығармаларындағы ұлттық дәстүр мен жаңашылдыққа ұстаған позицияларын, сол туралы ой-пікірлерін салыстыра қарастырамыз».
Докторлық диссертациясы негізінде даярланған кітапта екі ел әдебиетіндегі тарихи сабақтастықтың бастаулары мен негіздері, ғасырлар тоғысындағы ұлттық әдебиеттің жаңа бетбұрысы мен өрлеуі деректік, мазмұндық, методологиялық қырларынан ашылған. Ұлы суреткерлердің өз елдерінде ғана емес, адамзат өркениетінде азаттық пен ағартушылық тұғырнамасын асқақтатқаны кемел дәйектелген.
Зерттеудің өресін, нәтижелерін және маңызын диссертация түрінде-ақ жазбай таныған ғұлама ағаларды айтпай кетуге болмайды. Әйгілі Ахаң – Ақселеу Сейдімбек диссертацияны қорғау үстіндегі жарыссөзде былай деген екен: «Біз білмеген, білуді мақтан ететін, болғанын мақтан ететін өте кесек деректер бар. Ол қазақ халқының, «қазақ» деген этнонимнің тарих сахнасына шыққанға дейін қазақ руханияты, қазақтың ақын-жазушылары қытай халқымен қолтықтасып, соның тілін игеріп, я болмаса, олар біздің тілімізді игеріп, біз олардың ән-күйін пайдаланып, олардың кейбір техникалық мүмкіндіктерін пайдаланып, қоян-қолтық, өмір салтымызды бірге өткізген кезеңдерімізді айтатын мезгіл жетті. Біз тек ғана теке-тірес, соғыс кезеңдерімізді тарихқа арқау еткен, сөйтіп орыс халқынан басқа халықтармен ылғи қырғи-қабақ жағдайды ғана насихаттайтын идеологиядан кіндік үзуіміз керек… Дүкеннің диссертациясы өте мінсіз, жақсы, сапалы орындалған, қазақ әдебиеттану ғылымына олжа салған еңбек деп білемін».
Бүгінде ұлттық әдебиет ғылымының абызы С.Қасқабасовтың берген бағасы ешқашан маңыздылығын жоймақ емес. «Ұлттық республикалардағы ақын-жазушылардың бәрін, – депті ағамыз, жаппай «ұлы орыс қаламгерлерінің, орыс әдебиетінің шекпенінен шыққан» деген таным белең алды да, «салыстырмалы әдебиеттану ғылымы» тұрғысынан кім не жазса да, тек осы идеяны «тиянақтауға, дәлелдеуге» мәжбүр болды. Сөйтіп, ұлы Мұқаң (Әуезов) бастаған қазақ қаламгерлері «орыс қаламгерлерінен үйренген, үлгі алған» ретінде қарастырылып келді. Ал Дүкен Мәсімханұлының қазақ жазушысы Мұхтар Әуезовті қытай қаламгері Лу Шүнмен салыстыруы – шынымен де қазақ әдебиеттану ғылымы үшін үлкен жаңалық болды».
Иә, Дүкен – қос өркениеттің телқоңыры. Қытайдың өткені мен бүгінінен білгенін, көргенін Астанадағы, Алматыдағы ЖОО студент жастары мен жас мамандарға табан аудармай риясыз дәріс беріп келеді. Бір өзі жүзден астам қазақстандық жаңа буын қытайтанушыларды даярлап шығарды. Олар Қазақстан мен Қытай елдеріне қатысты мекемелерде жемісті еңбек етуде. Өзі де Қазақстанның атынан таяу-алыс шетелдердегі алқалы ғылыми, әдеби басқосуларға жиі шығып тұрады. Қазақ: «Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» деген ғой. Менің түсінігімде, Дүкен замандастарының ішіндегі нағыз көнекөзі. Оқығаны көп, тоқығаны одан да көп.
Бәрінен де маңыздысы, ол туған халқын, азаттықты бәрінен жоғары қояды. Онысын жаһанға жар сала жариялап «Азаттығым мен қазақтығым» атаулы кітабымен дүниенің төрт бұрышына таратты. Қазақтығы мен азаттығының алтын діңгегі – туған елі, туған тілі, туған ұлы даласы. Бойындағы құдай берген қасиет пен қуатты осыларға қалтқысыз, риясыз арнап келеді. Көңілінде күдігі де жоқ емес. Қойын дәптеріне «түртіп» қойған ойтолғанымда ғалым былай дейді: «Мен туған халқыма деген махаббатымды қалай бейнелеудің жолын таба алмай-ақ өмірден өтіп кетем бе деп қорқамын». Халқым деп соққан жүрекке ешқашан мамыражай тыныштық жоқ шығар, сірә.
Иә, қайда болса да бейнеттің зейнеті де болмай қалмайды. Өмірінің қазақстандық кезеңінде де Дүкен сый-сыяпаттан кенде қалған жоқ. Әл-Фараби атындағы Ұлттық университетте кандидаттық (1999), Астанада докторлық диссертациясын (2008) қорғады. 2012 жылы «Алаш» әдеби сыйлығымен, 2013 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағымен марапатталды, өткен жылы «Парасат» орденін омырауына тақты.
2009 жылы «ҚР ЖОО үздік оқытушысы» төсбелгісін кеудесіне тақты. Алғаш құттықтағандардың бірі ретінде:
– Енді сен «дүкен» емессің «супермаркетсің», – дегенім бар еді.
Сөйтсем, Дүкеннің азан шақырып қойған есімі Дулат екен. Осыны жақында ғана білгендіктен, екі ойға қалдым: бірі – қос есімді азаматтардың, екіншісі – Дулат есімді қазақтардың дені ірі тұлғалар екені.
Қазір Дүкен Мәсімханұлы Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бас директоры. Бұл қызметте де ол ұжымдағы ғалымдарды жұдырықтай жұмылдырып, Қазақстан мен Шығыс елдерінің қарым-қатынасына, Шығыс елдерінің іш-сыртқы саясатына қатысты һәм іргелі, һәм өзекті ғылыми жобалармен өте жемісті жұмыс істеп жатыр.
Бір ауыз сөзбен айтқанда Дүкен (Дулат) Мәсімханұлы – шын мағынасында ірі тұлға. Тарих қателескен жоқ. Тарихты алдап кету де мүмкін емес.
Ханкелді ӘБЖАНОВ,
ҰҒА академигі