ҚАЗАҚСТАН МЕН ҚХР ҚАТЫНАСТАРЫНЫҢ МАҢЫЗЫНА АРНАЛҒАН КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ
14.04.2023
173
0

14 сәуір 2023 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті шығыстану факультеті қытайтану кафедрасы жанынан құрылған «Қазіргі заманғы Қытайды зерттеу орталығының» 10 жыл толуына орай, «ҚР-ҚХР қатынастары дамуының аймақтық және әлемдік маңызы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияны Қытайтану кафедрасы ұйымдастырды.

Конференцияның алдына Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қатынастардың даму үдерісін қарастыра отырып, екі елдің өзара байланыстарының барысында қол жеткен жетістіктер мен қордаланған мәселелердің аймақтық және әлемдік маңызына зерттеу жүргізу мақсаты қойылды. Конференция жұмысына Отандық қытайтанушы ғалымдармен қатар бірқатар шетелдік ғалымдар да үлкен қызығушылық танытты. Конференцияның ашылу салтанатында сөз алған Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті шығыстану факультетінің деканы т.ғ.к., доцент Ем Н.Б. Орталық жұмысының 10 жылдан бері атқарып келе жатқан жұмысына жоғары баға беріп, халықаралық маңызды мәселелерді зерттеу, ғылыми кадрлар даярлау, екі ел арасындағы білім-ғылым, мәдени байланыстарды дамытуға қосып отырған үлесін ерекше атап өтті. «Қазіргі заманғы Қытайды зерттеу орталығының» директоры, т.ғ.д., қытайтану кафедрасының профессоры Н. Мұқаметханұлы конференцияға қатысушыларды 10 жылдан бері атқарылып келе жатқан жұмыс барысымен, қол жеткен жетістіктерімен таныстыра келе, Орталық жұмысын әрі қарай да оңтайландыруға, жақсы нәтижелерге қол жеткізуге кедергі болып отырған бірқатар мәселелерге де тоқталып өтті. Конференцияға қатысушы белгілі ғалымдар тарапынан да халықаралық жағдайларға қатысты, ҚР мен ҚХР арасындағы өзара байланыстарды дамыту тұрғысынан құнды ойлар айтылды. Жалпы конференция алдына қойылған мақсат толық орындалып, өз жұмысын сәтті аяқтады.

 Мақала авторы:
Керимбаев Ержан
Мақала жолдаушы:
Маулит Бақытнұр

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір