МЕКСИКА ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ АРТАДЫ
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға Мексика Құрама Штаттарының төтенше және өкілетті елшісі Хосэ Луи Мартинэз Арнандэз жұмыс сапарымен келді. Кездесуде тараптар ғылым, білім және мәдениет саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
ҚазҰУ-дың операциялық қызмет жөніндегі проректоры м.а. Қанатбек Мұқанов қонақтарды университет жетістіктерімен таныстыра келе, Мексика жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық барысына тоқталды.
ҚазҰУ мен Мексиканың ұлттық автономды университеті арасында бірлескен жобаларды жүзеге асыру туралы келісімге қол қойылған. Ынтымақтастық аясында профессор Эрнандо Куиведо Теориялық және ядролық физика кафедрасының ғылыми зерттеулеріне қатысып, оқу орнының бес докторантын даярлады. Қазіргі уақытта білім ордасы Мексика жоғары оқу орындарымен үш бағытта: ядролық физика, тарих, медицина және кітаптарды бірлесіп басып шығару бойынша байланысты нығайтуға мүдделі. «Бейбітсүйгіш ел ретінде Қазақстан 1991 жылы ядролық қарудан бас тартты, – деп атап өтті Қанатбек Нұртазаұлы. – Бүгінде біз термоядролық синтез бойынша үлкен ғылыми зерттеулер жүргізудеміз және мексикалық әріптестерімізбен осы бағытта ынтымақтасуға дайынбыз. Бұған қоса, екі елдің бай тарихы бар, сол себептен біз тарих пен археологияны зерттеу саласында күш біріктіре аламыз. Медициналық зерттеулер бағытының да болашағы зор. Сонымен қатар кітаптарды бірлесіп шығаруда ҚазҰУ зор әлеуетке ие. Университетте заманауи, жақсы жабдықталған баспахана мен жеке баспа үйі бар».
Өз кезегінде елші ҚазҰУ өкілдеріне қонақжайлылығы үшін алғыс білдіріп, екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға белсенді түрде атсалысуға дайын екенін жеткізді. Мадридтегі ұлттық автономды университет өкілдігінің қызметі туралы айтты. Онда білім беруді интернационалдандыруға баса назар аударылады және әлемдегі академиялық ортамен өзара ықпалдастық жүзеге асырылады.
Сонымен қатар құрметті қонақ білім беру, ғылыми зерттеулер және мәдениетті дамыту бағыттарымен қысқаша таныстыра отырып, ЖОО-ның кинематографиядағы сюрреализмнің негізін қалаушы, аты аңызға айналған режиссер Луис Бунюэльдің шығармашылығын насихаттауға бағытталған жеке телевизиялық жобаларына егжей-тегжейлі тоқталды. «Біз мәдениетті дамытуға үлкен көңіл бөлеміз, – деді елші өз сөзінде. – Мексика колледжімен ынтымақтастық арқасында Мексика тарихын қысқаша венгр тілінде басып шығару жобасы іске асты. Қазіргі уақытта кітаптың түрік тіліндегі басылымы әзірленуде. Біз осы басылымды ҚазҰУ базасында қазақ тілінде шығару жобасын қуана қолдаймыз».
Кездесу соңында тараптар Мадридтегі ұлттық автономиялық университет өкілдігімен ынтымақтастық орнату туралы уағдаласты. Сондай-ақ ҚазҰУ-дың «Қазақ университеті» баспа үйінен Мексика тарихының қысқаша курсын басып шығару жобасын қарау туралы шешім қабылданды.
Мәртебелі мейман университетке құнды басылымдарды, соның ішінде Мексиканың қысқаша тарихы туралы кітапты сыйға тартты.
12 АҚПАН, 2022 ЖЫЛ