ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ҰЛҒАЯ ТҮСУДЕ
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің мамандар даярлауда осы аталған бағыттар бойынша жұмыс істейтін негізгі шетелдік жоғары оқу орындарының бірі – Италияның Сапиенца университеті (La Sapienza Universita di Roma). Қазіргі кезде аталған университет пен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ арасында 2016 жылдан бастап Тарих мамандығы бойынша магистрлер дайындауда қосдипломдық бағдарлама жүзеге асырылып келеді.
Профессорлар Қ. Жұмағұлов пен Фабио Грасси. Сапиенца университеті (Рим, Италия), 2018 ж.
2016 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Сапиенца университеті арасындағы қосдипломдық бағдарламаны жүзеге асыруға негізделген меморандумға қол қойылған болатын. Бұл келісімді орнатуда тарихшы, т.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА құрметті мүшесі Қ.Жұмағұлов көптеген жұмыстар атқарды. Профессор Қ.Жұмағұлов Сапиенца университетіндегі әріптесі Фабио Грассимен бірлесіп жұмыс істеді, университет басшыларымен және жауапты тұлғалармен кездесіп, өзара іскерлік байланыстар орнатты.
Мұндай байланыстар қазіргі кезде де жалғасын тауып келеді. Факультетіміздің магистранттары, докторанттары Сапиенца университетінен ғылыми тағылымдамадан өтуде. Сондай-ақ кафедрамыз бен факультетіміздің оқытушы-профессорлары бұл оқу орнында ғылыми іссапарда болып, ғылыми саладағы әріптестікті жандандыруда. Әрине, жас кадрлар мен ғылыми мамандарды дайындауда және ең бастысы университетіміздің имиджін көтеруде мұндай ынтымақтастық пен байланыстың орны ерекше екені рас.
Жуырда, 4-26 ақпан күндері кафедрада профессор Қ. Жұмағұловтың жетекшілігімен орындалып жатқан ғылыми жобаға қажетті материалдар жинақтау мақсатында Сапиенца университетінде ғылыми іссапарда болдым. Іссапар барысында бірқатар жұмыстар атқарылды. Сапиенца университетінің орталық кітапханасы мен Орта ғасырлар тарихы бөлімінің кітапханасында ғылыми-ізденіс жұмыстары жүргізілді.
Іссапарға шақырушы профессор Фабио Грассимен кеңесе отырып, университеттің кітапхана қоры мен сирек кітаптар қоры бөлімдерінде жұмыс жүргізуге рұқсат алдым. Мұның барлығы Орта ғасырларда түркі халықтары мен Еуропа елдері арасындағы түрлі саяси процестер бойынша жаңа материалдармен танысуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар Ерте және Дамыған орта ғасырларда Еуразия даласындағы саяси процестер мен түркі-мұсылман әлемінің Еуропа елдерімен өзара байланыстар бойынша жаңа материалдар жинақтаудың сәті түсті.
Сапар барысында итальяндық әріптестердің нұсқауымен Италияның ұлттық кітапханасында жұмыстар жүргізудің мүмкіндігі туды. Ұлттық кітапхананың ашық қорлар мен электронды бөлімінен материалдар алынды. Кітапхана материалдарынан тыс, шетелдік ғылыми журналдардың электронды нұсқаларына да қол жеткізілді. Мұнда итальян, ағылшын, француз тілдерінде алынған материалдар отандық және шетелдік басылымдарға ғылыми мақалалар дайындауға зор мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Университеттегі Орта ғасырлар, Жаңа заман тарихы бөлімінің тарихшы-ғалымдары университетіміз бен ортадағы әріптестіктің осылай өз жалғасын табуына кепілдік бере отырып, өз ризашылықтарын білдірді. Әрине, итальяндық әріптестердің мұндай жылы лебіздері мен ұстанымдары екі университет арасындағы байланыстардың одан сайын тереңдеуіне септігін тигізері анық. Тараптар арасында білім және ғылым саласындағы әріптестік пен байланыстарының өзіндік жалғасын табуы – отандық білімнің еуропалық біліммен терең араласуына және дамуына кепіл бола алады.
Нұржігіт АБДУКАДЫРОВ,
әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ, Тарих
факультеті,
дүниежүзі тарихы,
тарихнама және деректану
кафедрасының доценті, Ph.D