Қаламдас досымыз ғұмыр бойы ауылда тұрып жатыр. Ол даланың бозторғайы есепті. Ауылды жырлаудан жалықпай келеді. Түкпірде жатса да газетіміздің жанашыры әрі белсенді жазарманы есебінде өнікті еңбек етіп жүр. Ол жазған-сызғандарын редакция қоржынына жолдап жатады. Сондағы сарыны – табиғат пен ауыл тіршілігінің түйткілі, шаруагерлердің мұң-мұқтажы. Өзгеше тыныспен өрілген мына бір жазбасын оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.
Таң бозы тау сілемдерін тұмшалаған қою мұнарды ыдырата бастады. Қыстауға ентелеген шоқының құс тұмсығы айқындалып келеді. Көк желкедегі шоқыға өрлеп келемін. Өзімді демесіндеген далбаса менікі. Жетпісті орталаған лақсаға өршілдік қайдан келсін? Бір жүріп, бір тоқтаймын. Жүрісімнің мимырттығы өз алдына, ырғағынан жаңыла беретін жүрек бұлқына бастады. Жаман әліңе қарамай, тауға өрлеген неңді алған деп ескерту жасағаны ма? Жүрекке не деп кінә тағарсың, оған салмақ аз түскен жоқ. Азабы мен мазағы қабаттасқан өлімші бейнетке жегілумен ғұмырымды тоздырғаным былай тұрыпты, балапанын қорғаштаған торғайша тыпыршыған байғұсты сан мәрте тығырыққа тіреп, шыр-пырын шығарғанымды кімнен көремін? Бой жетпеске қол созып өліп-өшіп қаламға жармасқандағы жүректің көрген мехнатын, шеккен азабын тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Сырғытпаға саламын да, кінәні қаламға бұрып, соның әуселесімен тырбанып жүрмін деймін. Елу жыл жолдас болған сыралғы серікті қалайша қаңтарып тастарсың. Алакөбеде тауға тырмысқанда да, соның түртінісіне керекті көріністі көз алдымнан өткізудің амалы еді.
Табиғаттан да сән кете бастады. Тау іші аң-құстан шола. Арқар таусылып бітуге жақын. Киіктердің дені қырылып кетті. Мұншалықты зауалға тап болатындай неден жазықты еді? «Сүп-сүйкімді, ақбөкендерім-ай! Құлдыраңдаған құралайым-ай! Жампоз марқасқам-ай!». Жә, бұл сөз арасындағы гөй-гөй. Кейін келістіре жатармыз. Келістіргеннен не пайда, болары болған жоқ па?..
Қонып шыққан үйдің отағасы: «Биыл жылан көп, қойды шағады. Жақында бір сиыр емшегінен қағынып өлді. Дәрігерге көрсеткен едік, жаласы түймебастан деп шешті» дегені есіме түсті де, сәл бөгеліп төңіректі шолдым. Төбемнен бір құс ұшып өтті. Қанат сермесі пәрменді, жыртқыш боларсың деп шамаладым. Сөйткенше, әлгі құс шүйіле беріп бірдеңені іліп алғаны сол еді, сап еткен басқа бір қанаттыдан жалтара бергенде, ілген бірдеңесін түсіріп алып, қайқая ұшып биіктей берді. Тез жеттім әлгі тұсқа. Оқтаудай дәу жылан басын қақшитып алып маған оқтала бастады. Шегіншектей бергенім сол еді, әлгіндегі қанаттылар таласа-тармаса кеп түсті жеміне. Бір-біріне кедергі келтірген жыртқыштар бұл жолы да жыланды тырнақтарына іліктіре алмады.
Түймебас манағыдан бетер ширатылды. Өзі де бір кемеліне келген жойдасыз ірі жылан екен. Сала құлашқа жақын. Түнгі жорықты сәтті аяқтағаны буылтықтана тұтасқан ұзына бойынан анық байқалады. Одан аз-аздап алыстадым. Жылан сонда да маған оқталғанын тоқтатпады. Денесі созылып барады. Дүрбіні көзіме тосып жылан аулағыштарды бақылауға кірістім. Әне бір тұстан жарқ етіп бір көрініп, жемін тырнағына іліктіріп алды да, көзден тасаланды. Сірә, қатты шошынса керек, манағы ысылдақ әлі тұр басын біздитіп.
Сөйткенше болмады, оған да зауал төнді. Әндемді бір жыртқыш шүйіліп кеп іліп алды да кетті. Жақын маңдағы тасқа барып қонып жемін бәршектей бастады. Бәршектеді дегенім сөздің ығыты еді. Жұтынып тұрған дүрбі жыртқыштың әрекетін көз алдыма әкелді.
Маған ойлануға тура келді. Жылан жейтін құстардың тіршілігінен аздаған хабарым бар. Ақ таңнан жеміне шүйліккен мына жыртқыштар мен білетін құстардың санатына жатпайтын сияқты. Неге таңнан ұшады? Әлде түнгі жорығын жалғастырып жүр ме? Және өздері мен көріп жүрген қанаттылардан бөлекше тұрпатта. Күйкентайдан үлкен, қарақұстан сәл-пәл ықшам. Қыран тұқымдас деуге аузым бармай тұр. Сұңқар тектестердің тобына жатқанмен, бозала таңнан жем іздеу жорығын бастағаны күмәнді. Қанат-құйрығы тас түйін тұрқына қонымды екен. Сәл шығыңқы топшысы қырандардың бітімін еске салады. Ұшқырлығында қапы жоқ, қанат сермесімен ауаны суылдата тілгілейді. Осыншалықты уытын жыланға жұмсағаны несі?! Кәдімгі шілтиген әлжуаз дегелектер де жылан жемей ме? Мыналарды оларға қарағанда сауытты батыр дерсің. Дегелектердің тұмсығы үшкіл келеді. Сирақтары сорайған. Жіп-жіңішке. Кәдімгі қарақұстар да жыланмен көректенеді, үнемі емес анда-санда. Бұл арада мен құстардың машығына баға беріп жатпаймын. Ұшқан құс, жүгірген аң бір тесік тамағы үшін тырбанады. Қарғалар нәжіске тұмсығын былғайды, Күшігендер өлексеге үйір. Оларға қарағанда, мына жылан аулағыштардың әрекеті елеуге тұратындай. Мақтаулы деген қыранның да осалы болады. Есіл қыжырын қор қылып тышқан аулайды. Содан да олардың жер бауырлаған жалпылдағы «тышқаншы бүркіт» делінеді. Ақ таңнан жыландармен айқасқа түскен мына ақсары құстар тегін емес-ау.
Дүрбіні көзімнен айырмай қадалып қарадым да тұрдым. Жыртқыш асығар емес. Қимылы баяу. Шоқына бастады. Жыланның көзін шұқып тастады ғой деймін. Енді жеуге кіріседі. Қандауырдай лыпыған өткір тұмсығы дал-далын шығармай ма. Бірақ ол өйтпеді. Жыланды басынан бастап жұтуға кірісті. Құлашқа жақын түймебасты он-он бес минуттың аралығында түгел жұтып болды да, ауаға жеңіл көтеріліп жем іздеу жорығын жалғастырып кетті.
Құсты толық түстеп шыға алмадым. Қанат-құйрығы жинақы, тұмсығы имек, бас бітімі добалдау. Тым шырқау кетпей аспанда көп-көп қалықтап қанатын баяу сермейді…
Ертеңгілік шай үстінде қонған үйімнің отағасы жылан аулайтын құсты сөз етті. Барып тұрған ашқарақ деп таң-тамаша қылды. Кесірткеге тырнағын былғамай, тек жыландарды іледі екен. Студент жігіт әкесінің сөзіне түзету жасады. Жылан жегіштер бұрын да болған, бірақ сондайлық көп емес, содан да көзге түсе қоймайды.
Шай ішіп болған соң, ауыл иесінің баласы екеуміз тауды бетке алдық. Дала сырына жетікпін дейтін едім, серігім алдымды орағыта берді. Мамандығы бойынша ізденіп жүрген ол аң мен құс, жәндіктер тіршілігінен хабары мол боп шықты.
Ерасыл мені жыланды сайға бастады. Шоғырлана өскен тал-терек әр тұстан көрініс береді. Ерте кезеңдерде бұл төңірек жыландар мекеніне айналған деп еститінмін. Содан да иен жататын еді. Осы тұстан өрт шыққан, бір емес, бірнеше мәрте. Әдейілеп емес, жай оғынан тұтанса керек. Содан жыландар ауып кетіпті басқа жаққа. Таудың бұл қолтығы бүгінде теректі сай атанып кетті. Сақтық ойлаған біздер етік киіп алғанбыз. Серігім мені селдіреп өскен қайың шоғырына бастап келді. Шілтиген сидаң қайыңдар сондайлық көз тарта қоймады. Ақ балтырлы делінетін ағаштың сымбаттысы даралық қасиетін жоғалтып алғандай көрінді маған. Тал-теректермен араласа өскенде ғана өңін ашатын шығар, бәлкім. Мына тұрыстары сөлекеттеу ме, қалай? Сидиып-сидиып қалған әншейін бір көрнексіз нобай көңіліме олқы соқты. Бүгіндегі қыз-қырқындар нақ осы кеспірсіз қайың сияқты тартымсыз көрінеді. Осы ойымды студентке айтуға оқталдым да, оның салқын назарынан тайсалдым. Кім жетісіп жүр дейсің былыққан лас тіршілікте. Әйел заты сұлу көрінем деп боянады. Табиғат өскіні қайыңдарға ненің салқыны тиген? Сайды құлдап бұлақ ағатын, өзек-өзек құрғап қалыпты. Топырағы сортаң тартып күл беттеніп кеткен.
Жіп-жіңішке ұзынша қайыңның ұшар басынан құс ұясының нобайы байқалады. Соны маған нұсқаған студент: – Жылан жегіштер сараң жұмыртқалайды, – деді менің қырпымды бағып. – Екі жұмыртқадан асырмайды. Сол жалғыз-жарым жұмыртқаны шайқап шығарудың өзі оларға аққұла бейнет. Қанаттары баяу жетілетін балапандары тамақсау келеді екен. Енесі қылғытқан жыланды құйрығынан бастап олар да жұта бастайды.
– Сонда осыларың жылан жұтқыштар болғаны ғой?
– Дәл солай, – деді студент салмақты қалпынан жаңылмай. – Бұлардың тіршілік амалын сізге кітаптан оқығаным бойынша айтып тұрған жоқпын. Өзерін асықпай бақылап, өз көзіммен көріп, әбден біліп алғанмын. Сұмдық қомағай келеді. Бір балапан күніге екі-үш жылан жұтады. Үлкендері оннан асыратын шығар. Осыларды бақылаймын деп әкемнен талай сөз естідім. Бір жолы ұрып та жіберді. Өзі түсірді жоғарғы оқу орнына. Сөйтеді де, ауылға анда-санда келгенімде жұмыс істе деп түртпектеп маза көрсетпейді. Басқа да балаларың бар, соларды жұмса дейін десем, ол кісіні бір түрлі аяймын. Қырық жыл жолдас болған жары, біздің шешемізден айрылғалы қияли боп кетті. Не болса соған күйгелектене береді. Шаруа қамы шыдатпайды. Шүкір дейміз, мал жетерлік бізде. Шешем кеткелі менің де жағдайым онша болмай жүр. Әкем келіндеріне, мен жеңгелеріме қарап қалдым. Келіндерінің қырпымен болады әкем. Жеңгелерім мал сауғанды бейнет көреді. Күнін көре алмай жүрген жоқ-жұқана әйелдердің еңбегін пайдаланады. Адал еңбек қана мұратқа жеткізеді деген халық сөзі қайда қалады сонда? Ағаларым алым-перімдеу. Әкеміздің зекіндісін ілік қылып мінез шығарады. Оларға да, ағаларымды айтамын, кінә қоя алмайсың. Техника ескірген. Қосалқы бөлшегінің құны удай. Жанар майдың бағасы шарықтап кеткен. Төрт түліктің еті мен сүтін саудалаудың өзі таусылмайтын бейнет. Ауыл әлі мешеу қалыпта. Мал бағудың баяғы сол жабайы машығына бүгінгі жастар көндікпейді. Соның салдарынан мал бағылмай, қораның қиы ойылмай, шөп шабылмай жатады.
Серігім ішті боп шықты. Жастарды жалқау деп қисынсыз жазғырудан мен де құр емеспін. Бес саусақ бірдей емес. Естісі де, есірігі де жетіп жатыр. Ерасыл мені еңсеріп барады. «Ауыл белгісіз біреулерге толып кетті», – деп бір өтті. – Әлгілерге мал бақтырады, жұмыс істетеді. Ішкіш шетінен. Азып тозған. Олар баққан малда береке қала ма, күйбең-түртіністерінен недей нәтиже шығады? Малға ие ағаларымның да жайы белгілі. Бәрін сатып қалаға орнайық деп қыңырттайды.
– Өзіңнің не ойың бар? – дедім еш құйтырқысыз. Ұзап оқымаймысың? Жастар шетел асып жатыр ғой.
– Үйдің іргесіндегі қала маған жер түбіндей көрінеді, – деді ол мұңайыңқы кейіпте. – Ауылды сағынып өле жаздаймын. Шетелде қайтып шыдаймын? Осы келе жатқанда анамды ойлап… дидары көз алдымнан бір кетпейді… Кеше ғой сізге қой сойылды. Жабылып зорға деп үйітті басын. Сирақтары үйітілмей қалды. Ішек-қарынды жеңгелерім аршуға ерініп, ұраға төге салды. Шешей болғанда өйтпейтін еді. Ол кісі бас-сирақ үйітуге қылап еді. Сирақты немерелеріне жегізетін, маған тықпалап жеп ал дейтін…
Сайды құлдап етекке түстік. Сауысқандар көрініс берді әр тұстан. Жем аулаған бөктергі ұшып өтті төбемізден. Шегіртке тергіштеген көк мойын тағандардың қимылы жіті. Торғайлар да түртініп жүр.
– Әне, көрінді! – деді Ерасыл қалықтаған ірі құсты нұсқап. – Торуылдап жүр осы маңды.
Кенет әлгі құс шаншылып түсті бірдеңеге. Солай қарай жүгіре басып келеміз. Ерасыл менен озып кетті. Тырнағына жемін іліктіре алмаған құс іле көтерілді. Әрлі-бері ұшып жүрді де, жаңағы тұсқа шүйілді. Бұл жолғы әрекеті де нәтижесіз аяқталды. Шайқасты жақын тұстан бақылап тұрмыз. Басын қақитып алған жылан сала құлашқа жақын мейлінше жуан екен. Құс төне бергенде, алдамшы қимылға басады. Алдыратын түрі жоқ бұл қалпында. Адуын қарсыласынан беті қайтқан қыран биіктеп ұшып алыстай берді. Сөйткенше, екінші біреуі көрініс берді. Жылан әлі тұр шаншылған қалпында. Айлалы екен мынасы. Күшпен емес, тырнағына ебімен іліктірді жемін. Алғашқы талапкер жем ілу тәсілі жетілмеген тірнегі болғаны ғой. Қыранға тән алымдылықтан алыс.
Ерасылдың келешегін ойладым. Өзіндігі болуға тиісті. Түбінде бірдеңе шығады одан. Оны қайтып сөзге тартпадым. Бұлардың әлемі бөлекше бізден. Мен өткен шақпын, мына жас дос осы шақ. Пікіріміз қабыса бермейді.
Асығатын не бар, қонып қалдым осында. Ауыл қожасы маған үгіт айтып жатыр: «Қартайдыңыз. Жазғанды қойып, жақсылап бір тынықпайсыз ба? Курортқа барып, ел аралап саяхаттап дегендей». Оған қаражат қайда? Екінің бірі мінген темір көлікке де қолым жетпей жүр. Қаламмен күн көрудің ауылы алыстап кеткен. Әйтсе де дағдыға айналған түртіністен қол үзгенді намыс көремін. Біраз дүние қағаз бетіне түсті, осымен де тоқтатуға болады. Айтарым бар әлі де болса. Елең еткізер басты бір шығарма жаза алмай қиналып жүрмін. Ойда пісіп-жетілмей діңкемді құртады. Түн ұйқымды төрт бөледі. Осы мына тау арасына кеп жүргенім жазылар шығарманың әуселесі. Түсім оңалмайды. Суық жүзді біреу соңымнан қалмайды. Сен «халтуршик» жазғышсың деп жолымды тосып жүргізбейді. Арбап жүрген ажал сұлбасы сияқтанады.
Келер таңды ширақ қарсы алдым. Алакеуімдегі тау арасы момақан бұйығы қалыпта. Сауысқанның азандаған шықылығы таңғы ауаны тітірентіп жіберді. Жорытпада жүрген түлкіге көрсеткен айбары болуға тиісті. Бозторғайлар дыбыс бере бастады. Бір құс айқыш-ұйқыш ұшып жүр. Жылан жегіш шығар деп топшыладым. Түн түнегі баяу түріліп келеді. Таудың қолтық-қойнауында тұнған көгілжім мұнар ағараң тарта бастады.
Шығар күнге асығатын қашанғы әдетім еді. Дүние дидарына тесіле-тесіле оты қайтып жасып қалған жанарымды көкжиектен көтеріле бастаған күннің жалқын нұры суырып барады. Салқар даланың апай төсі жамыраған алқызыл шұғылаға малынып алтындай балқып жатты.
Ойыма жыр жолдары оралды. Қаншама айды, қаншама жылды тауыстым, ауасын жұтып кәусарына да қанықтым, жер басып аз күн жүргенім үшін жалғанда, алғысым шексіз ырзамын саған, Жарық күн!