Ақпанда атылған арыстар
Зұлмат жылдардағы тергеу материалдары туралы тарихшы-ғалым Талас Омарбеков 1930 жылдардағы ОГПУ құжаттарының мазмұнына қарай отырып, халық арасындағы беделді мемлекет және қоғам қайраткерлері билік тарапынан осы жылдары қуғын-сүргінге ұшырағанына айғақ бола алатынын жазады. Олардың ұлт-азаттық қозғалысында жетекші рөл атқарып, кеңес өкіметін орнатуға үлес қосқанын айтады.
Осындай тұлғалар «ұлтшыл», «түркішіл», «исламдық» бағыт ұстанды деп айыпталып, «шпиондар» «контрреволюционерлер» деген атақ берілгенін ашып көрсетеді. 1937–1938 жылдардағы И.В.Сталиннің қолшоқпары, НКВД (Ішкі істер халық комиссариаты) басшысы Н.Ежов іске асырған саяси репрессияның орны тіпті бөлек. «Тазалау» деп аталған бұл қырғында «Мемориал» қоғамының есебі бойынша, КСРО да 1 млн 710 мың адам тұтқындалып, соның 724 мыңы атылды. Ал шетелдік деректерге сүйенген Калифорния университетінің профессоры Дениэл Ранкур-Лаферрьери бұл санды «бес миллионнан тоғыз миллионға дейін жеткен» деп көрсетеді. Қазақстанда репрессияға ұшырағандар саны соңғы уақытта табылған деректермен 118 мың адамға жетті, олардың 25 мыңдайы атылған.1921–1922 жылдардағы және 1931–1933 жылдардағы аштықта халықтың саны азайса, 1937–1938 жылдардағы «сталиндік нәубет» халқымыздың сапасын құртты.
«Тазарту» жүргізу туралы бұйрықты Сталин 1937 жылдың ақпан-наурыз айларында болған Орталық Комитет пленумында сөйлеген «Троцкийшілер және басқа да екіжүзділерді құрту бойынша партиялық жұмыстардың жетіспеушіліктері» атты баяндамасында берген. Осындағы сөздерінде ол «түп-тамырымен құрту», «көздерін жою» деген сөздерді нақты атайды. Бұл, негізінен, қызмет басында жүргендер мен көзі ашық, көңілі ояу, сауаттылар мен білімділерді, соның ішінде ақын-жазушылар мен өнер адамдарын құртуға бағытталды. Зиялы қауыммен қатар дін өкілдерін де құрту мақсат етілді.1937жылы, 30 шілдеде НКВД-ның «Кулактарды, қылмыскерлер мен кеңес үкіметіне қарсы адамдарды қудалау іс-шаралары» атты арнайы бұйрығы шықты. Бұйрық бойынша қуғындауға жататын адамдардың тобы көрсетілді.
Гурьев аумағында да 1937–1938 жылдардағы нәубет кезінде қатаң жазалау шаралары жүргізілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Саяси қуғын сүргін құрбандарын толық ақтау» жөнінде 2020 жылғы 24 қарашадағы Жарлығын орындау мақсатында 2021 жылы наурыз айында құрылған Атырау облыстық өңірлік комиссиясы мүшесі ретінде Атырау облыстық полиция департаменті архивіндегі Иманғали Адаевтың (1901–1938) қылмыстық ісімен танысуға мүмкіндік алдым.
Атырау облыстық Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті архиві анықтамасында Адаев Иманғали Адайұлы 1901 жылы Орал облысы, Гурьев уезі, Қарабау болысында туған.
1920 жылдары Қарабаудағы бастауыш мектепті бітіріп, өлкедегі басқару ісіне араласқан. 1923 жылы Әліби Жангелдиннің ұйымдастыруымен Қопада (Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы) өткен қазақ болыс өкілдерінің жиынына қатысып, Дәрібай Хангереевпен кездескен.
Д.Хангереевтің кеңесімен 1924 жылы Орынбор қаласындағы Қазақ халық ағарту институтына оқуға түскен. Оқуға түсерде белгілі мемлекет қайраткері Сейітқали Меңдешов көп көмек көрсеткен.
Оқу орнының Қызылорда қаласына көшірілуіне байланысты 1928 жылы институтты Қызылордада аяқтаған. 1928–1933 жылдары Доссор, Гурьев қалаларында орта мектеп директоры, кооператив мектебі директоры, кеңес партия мектебі басшысы, 1933–1936 жылдары Маңғыстау аудандық білім бөлімі меңгерушісі, 1936–1937 жылдары Гурьев мұнай жұмысшылар факультеті директоры.
1938 жылы, 26 қаңтарда Гурьев НКВД 4-бөлімнің жедел уәкілі Тухфатуллин, Иманғали Адаевты РСФСР қылмыстық кодекісінің №58\10,58\11-баптарымен айыптап, қамау туралы шешім шығарады. Шешімді бөлім басшысы Гасанов және НКВД жетекшісі, аға лейтенант Низюлко бекіткен. 1938 жылы, 11 ақпанда сержант Черников алғаш Иманғали Адаевтан жауап алады. Тергеуде төмендегідей айыптар тағылады:
1.1934 жылдан Дәрібай Хангереевтің контрреволюциялық тобының мүшесі;
2. «Орыстан досың болса, жаныңда айбалтаң болсын» деген сөздер айтқан;
3. «Орыстар Ресейде тұру керек. Қазақстанда тек қазақтар тұру керек» деген пікір айтқан;
4. Рабфак фотографы Латаевқа Гурьев қаласындағы дүкендердегі кезектерді түсіруді бұйырған;
5. Студенттер алдында Меңдешев пен Хангереевті жақтап сөйлеген;
6. «Ембімұнай» тресті кадр бөлімі қызметкері Беркінғали Атшыбаевпен аралас болған.
Сондай-ақ қылмыстық істе НКВД тыңшылары тарапынан Иманғали Адаев туралы төмендегідей хабарлары тіркеледі:
1.1937 жылы, 11 мамырда Нарембаевпен кездесіп, інісі Орынбай Адайұлына көмектес деп өтінген;
2. 1937 жылы, 25 қыркүйекте «рабфак директорлығын тапсырып, 500 сом жұмыстан шығу ақысын алдым. Партиялық ісім қаралмай жатыр, қашан алып кетеді екен деп жүрмін» деген, 1937 жылы наурызда «Социалистік құрылыс» газетінің редакторы Қожахметов шақырып, «газетке Таңқыбаев, Нұғыманов, Исмағамбетов туралы Қазақстандағы Алаш қозғалысы туралы жаз деп сұрады. Мен оларды танымаймын, жазбаймын дедім. Кейін осы әрекетім үшін округтік газетте «Адаев ұлтшыл» деген мақала шықты. Мені, Хангереев, Құрамысовпен байланысы бар деп айыптады» деген сөздер айтқан;
3. «Таза адам ретінде өмір сүрдім, бірақ одан пайда жоқ екен. Ертеңгі күнді ойлау керек екен» деген, «Доссор, Мақат, Ойылға барып келдім. Ойылда Алашорда, молда, бақсы түгел тұтқындалып жатыр» деген пікірлер айтқан.
«Партиялық ісім қаралмайтын болар. Батыс Қазақстан бойынша бір жылда 1500 адам партиядан шығарылған» деген сөзі де қылмыстық іске қосымша тіркеледі. Осыларды ескеріп, Иманғали Адаевтың қылмыстық ісі НКВД үштігі қарауына беріледі. Батыс Қазақстан НКВД үштігінің ату туралы үкімі 1938 жылы, 14 ақпанда шығарылады.Үкім 1938 жылы, 16 ақпанда орындалады. Иманғали Адаев ісі 1956 жылы қайта қаралғанмен, ақталмайды. 1962 жылы, 30 маусымда Гурьев облысының прокуроры Иманғали Адаев ісін қайта қарап, 1962 жылы, 7 тамызда ақтау туралы шешім шығарады.
Тағдыр жолы ауыр болып, жазықсыз жазаланған, өлкеміз үшін көп еңбек еткен ұстаз Исмурзин Өмірзақ Исмұрзаұлы (1896–1938) да Иманғали Адаевпен бірге қамалған.
Мұрағат қорларындағы 1937 жылы,
9 қарашада алғашқы ұстаздың өз қолымен жазылған өмірбаянында «1907–1919 жылдары Қарабау бір басқышты мектебінде, кейін Гурьев қаласындағы екі басқышты училищесінде және Орынбор мұғалімдер семинариясында білім алғанын, Ақтөбе, Гурьев уездерінде мұғалімдік жұмыспен айналысқанын көрсетеді». Әкесі Қарабау өңірінде ауқатты шаруа болып кәмпескеге ілігіп, кейін жер аударуға жазаланып, мерзімі аяқталған соң ауылға оралғанын көрсеткен.
1938 жылғы 10 ақпанда мұнай техникумы мен жұмысшылар факультеті партия ұйымының жалпы жиынында қазақ тілі мұғалімі Өмірзақ Исмурзиннің ісі қаралады. Жиналыста Исмурзин туралы өлкелік «Социалистік құрылыс» газетіндегі (22.10.1937) «алашордамен байланысы бар және басшы қызметте болған» деген мәлімет бойынша НКВД-нің қамағаны айтылады. Осы арада оның бай отбасынан шыққаны, әкесінің сотты болғаны, оқу-тәрбие ісінде шамадан тыс ымырасыздығы сөз болады. 1932 жылы мұнай техникумы студенттері Қазақстанның дамуы туралы С.Сәдуақасов пікірін өзара талқылаған еді. Көрнекті мемлекет қайраткері Смағұл Сәдуақасов (1875–1938) «Правда Востока» журналында жарияланған И.Зелинскийдің «Шығысты индустрияландыру табиғаты» еңбегіне қарсы пікір білдіріп, бірінші кезекте ұлт республикаларын индустрияландыру тұжырымын ұсынды. Ал Республиканың жоспарлау комитеті қызметкері Прокопович «Қазақстанда өнеркәсіп орындарын салмау, қайта шикізат көзі есебінде болу керек» деген еді. Бұл тұжырымдарға С.Садуақасов қарсы болып, пікір білдірген болатын. Міне, студенттер арасында болған талқылауды «Исмурзин ұйымдастырды» делінеді. Айыптау ісінде 1935 жылы өткен мұғалімдердің өлкелік
съезінде Ұзақбай Құлымбетовпен кездескені, сабақтарында Бейімбет Майлиннің шығармаларын оқытатыны, рабфак директоры Адаев және алашордашы Танкибаевпен «бешбармақ» жейтіні де сөз болды. Гурьев аумағы НКВД бөлімі архивінде Исмурзин Өмірзаққа арналған №0453-қылмыстық істе мәселенің мән-жайы НКВД тергеушілері қолымен толтырылған.1938 жылы, 11 ақпанда Гурьев НКВД-ның 4-бөлімі жедел уәкілі Сафронов өз шешімімен Қазмұқаш Ыбырашовты, Беркінғали Атшыбаевты, Иманғали Адаевты қолдағаны үшін, Ахмет Байтұрсынұлы шығармаларын насихаттағаны және Нұғыман Залиев тобына қатысқаны үшін Исмурзин Өмірзақты Гурьев түрмесіне қамайды. 1 ақпанда жедел уәкіл Сафронов тергеу жүргізеді.Тергеу қорытындысында Ыбырашев, Азбантаев бастаған алашордашылар тобына кіргені, Байтұрсынұлы, Майлин, Досмұхамедовты насихаттағаны көрсетіледі. Осылайша,өңірімізге білікті мұнайшы мамандарын даярлауға өлшеусіз үлес қосқан алғашқы педагог маман Өмірзақ Исмурзин 1938 жылы, 14 ақпанда НКВД Батыс Қазақстан облысы бойынша ерекше үштігінің шешімімен ату жазасына кесіледі.Үкім 1938 жылы, 16 ақпанда орындалады.
НКВД деректерінде Өмірзақ Исмурзин отбасы құрамы берілген.
Әйелі – Исмурзина Ақкенже, 1900 жылы туған;
баласы – Исмурзин Базарғали, 1922 жылы туған;
қызы – Исмурзина Қанзиба,1924 жылы туған;
баласы – Исмурзин Онған, 1929 жылы туған;
баласы – Исмурзин Орынбасар, 1935 жылы туған;
қызы – Исмурзина Жібек,1937 жылы туған.
Осы тізімде көрсетілген Исмурзиннің ұрпақтары – еліміздің дамуына үлкен үлес қосқан жандар. Базарғали Өмірзақұлы әкесі ірге тасын қалаған Гурьев мұнай техникумын бітіріп, ел басына күн туған соғыс жылдары өз еркімен майданға аттанады. Сталинград және Курск түбінде взвод командирі ретінде жас лейтенант Базарғали Исмурзин ерлік көрсетіп, Қызыл жұлдыз, бірінші дәрежелі Отан соғысы орденімен және «Сталинградты қорғағаны үшін» медалімен марапатталады. Соғыстан кейінгі өмірін мұнай өндірісіне арнап, Маңғыстау жерінің «қара алтынын» игерудің алғы сапында болады. Өмірлік жолдасы Тоқбике Жұмағалиева екеуі он ұл-қыз өсіріп, мұнай өндірісіне баулиды. Қанзиба Исмурзина – мұнай-газ саласына еңбек сіңірген, әйелдер арасынан шыққан алғашқы геолог маман. Орынбасар Исмурзин ұзақ жылдар Ембімұнай бірлестігінде басшы қызметтер атқарған, құрметті мұнайшы. Өздеріңіз байқағандай, Өмірзақ Исмұрзаұлының ұл-қыздары, ұрпақтары – Қазақстанға аты мәлім мұнайшылар. Кезінде Ө.Исмурзин мұнай өндірісінің алғашқы техниктері мен басшы құрамын тәрбиелеуге үлес қосса, оның ұрпақтары – тәуелсіз еліміздің отын-энергетикалық қуатын арттыруға белсене араласып жүрген мұнайшылар.
Адаев Иманғали, Өмірзақ Исмурзинмен тағдыры ортақ тағы бір тұлға, ол – Әбілғали Таңқыбаев. Әбілғали Таңқыбаев 1903 жылы Жилоқоса ауданы №5 ауыл, яғни Жаршық ауылдық кеңесінде орта шаруа Таңатаров Таңқыбай отбасында дүниеге келген. 1919 жылы Жылойдағы орыс-қазақ училищесін бітірген.1924 жылы Орынбордағы қазақ халық ағарту институтына түсіп,1927 жылы институтты физика-техника мамандығы бойынша бітіріп шыққан. 1927–1933 жылдары Доссор орта мектебінде мұғалім, 1933–1935 жылдары форт-Александровскдегі Киров атындағы орталау мектебі оқу ісінің меңгерушісі, 1935–1937 жылдары мектеп директор болып, қызмет атқарады. 1935 жылы «үздік мұғалім» белгісін алған.1933–1936 жылдары Маңғыстау ауданы партия ұйымы хатшысы Дәрібай Хангереев және аудандық оқу бөлімі басшысы Иманғали Адаев (Орынборда бірге оқыған досы. – Л.Б) көмегімен комсомол, кейін партия қатарына мүше болып қабылданады.
Маңғыстау облыстық білім саласына байланысты тарихи әдебиеттерде «Ә.Таңқыбаев өлкедегі жоғары білімді алғашқы ұстаз әрі көрнекті ұйымдастырушы» деп бағаланады. Тұрар Жалғасбайұлы өзінің «Ағарту асуында» атты естеліктер жинағында: «Отызыншы жылдар білімге жұртшылық назары ауған, оқушылар саны өскен, ағартушылар қатары да, ынтасы да көтерілген дәуір екені әркімге де аян. Бұл тұста аудан мектептеріне, сондай-ақ С.М.Киров мектебіне де Оралдан, Гурьевтен білімді де, тәжірибелі оқытушы кадрлар келді. Әбілғали Таңқыбаев пен Қыдырбай Есмағанбетов сол топқа кіреді. Бұлар 1920 жылы Орынборда ашылған екі жылдық педкурс түлектері екен. 1933–1937 жылдары біреуі – мектеп директоры, екіншісі –оқу ісінің меңгерушісі болды. Әбілғали жан-жақты білімді де әдіскер, талап қойғыш, шебер ұйымдастырушы педагог еді. Сол кезеңде жоғары сыныптарда оқыған Бөлекбай Жаңаев, Өмірзақ Нұрбаев, Бегейбай Ахметов, Өтежан Алшымбаев, Нұрбаулы Құлшымбаев, Шөудір Майланов, Алдаберген Оразбаев» деп көрсетеді. Кейінгі зерттеулерінде
Т.Жалғасбайұлы «1931–1934 жылдары Қазақстанда бастауыш білім берудің жүзеге асқаны туралы ресми ақпарат жарияланған-ды. Сол кезеңнің мұғалімдер тобын «Бастауыш білім берудің алғашқы қарлығаштары» деп атауға болар еді. Олар: Қонысбай Жантаев, Сәду Нұрниязов, Үбіния Қазақбаев, Азанбай Тағаниязов, Дила Саймағанбетова, Алдан Сейітмағанбетов, Бекқожа Еділханов, Қуаналы Диханов, Нығымет Тағаев, Өткілбай Мұрынов, Сағындық және Ақжігіт Қожамбетовтер, Мыңбай Ерқанамов, Кемелхан Тайбеков, Әбу Қожанов, Әбілғали Таңқыбаев, Қыдырбай Есмағанбетов, Ұлықпан Өтегенов, Зейнеп Насірәдинова Ғалламқызы» болды деп көрсетеді.
21 қыркүйек, 1937 жылы Гурьев округтік білім бөлімінің №158 бұйрығымен форт-Александровск балық-консерві комбинаты жанындағы мектеп мұғалімі Ә.Таңқыбаев «алашорда мүшесі» ретінде жұмыстан босатылады және НКВД органдары тергеуіне алынады. Ә.Таңқыбаев 1937 жылы, 13 қазанда республика прокурорына ашық хат жазып, өзінің мұғалімдік қызметін адал атқарғанын айтады. Дегенмен Маңғыстау ауданы басшысы Д.Хангереевтің қамауға алынуы жағдайды ушықтырып,
Ә.Таңқыбаев 1938 жылы, 9 ақпанда НКВД тергеушісі Гасановтың шешімімен қамауға алынып, 1938 жылы, 14 ақпанда ең жоғары жазаға кесіледі, үкім 16 ақпанда орындалған.
Қамауға аларда төмендегі құрамда отбасы мүшелері болған:
Қалжан Таңқыбаева – әйелі, 1904 жылы туған,
Жанша Таңқыбаев – ұлы 1925 жылы туған,
Мақсұт Таңқыбаев – ұлы, 1932 жылы туған,
Клара Таңқыбаева – қызы, 1937 жылы туған.
Қарындасы Бәтіш –1927 жылы туған. Ә.Таңқыбаев 1957 жылы жылы толық ақталды. Ұрпақтары туралы.«Әке көрген оқ жонар» деген халық нақылы, Таңқыбаевтар әулетіне тән іспетті. Әбілғали Таңқыбаевтың үлкен ұлы Жанша Әбілғалиұлы Қазақстанның көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері дәрежесіне жетсе, кіші ұлы Мақсұт Әбілғалиұлы еліміздің мұнай-газ өндірісі ғылымына ерекше еңбек еткен «ғылым мен техника» саласының құрметті азаматы атанды. Кеңестік Қазақстанның көрнекті мемлекет, қоғам қайраткері Жанша Әбілғалиұлы Таңқыбаев 1925 жылдың 15 наурызында Атырау (бұрынғы Гурьев) облысының, Жылой ауданының,Жаршық елді мекенінде дүниеге келген.
«Сағыз» мұнай өндіру кәсіпшілігінде мұнай өндіру ұңғымаларын жерасты жөңдеу операторы болып еңбек етеді.Ұқыптылығы, зеректігі, ынталылығы арқасында жеті кластық білімімен ол «Сағыз», «Комсомольск» мұнай өндіру кәсіпшіліктерінде жоспарлау-экономика бөлімін басқарады. 1945 жылдың көктемінде әскерге алынып, бір жылдан соң елге оралады. «Құлсары» мұнай өндіру кәсіпшілігіне, «Құлсары» бұрғылау кеңсесіне жоспарлау бөліміне басшы болады. 1953 жылы Мәскеудің И.М.Губкин атындағы Мұнай институтына сырттай оқуға түсіп, оны 1958 жылы бітіреді. Сөйтіп, республиканың дипломдалған мұнайшы мамандарының қатарына қосылады.
Н.С.Хрущев жүгізген шаруашылық реформасы кезінде Гурьев халық шаруашылығы кеңесінің жоспарлау-экономика бөлімін басқаруға тағайындалады. Кейін іскерлік қабілеті арқасында Ақтөбедегі өлкелік кеңес басшысы орынбасары болады. 1964 жылы Қазақстан мұнай комбинаты басшысы орынбасары, ал 1968 жылы Министрлер кеңесі басшының өндіріс мәселелерімен айналысатын орынбасары қызметіне тағайындалады. 1970 жылы Ж.Таңқыбаев республика мемлекеттік қамту (Госснаб .– Л.Б) комитеті төрағасы болып тағайындалады.
Ж.Таңқыбаев 1968–1990 жылдар арасында Қазақстан Орталық комитетінің, 1970–1988 жылдары Министрлер кеңесі президиумының мүшесі болды. Қазақстан жоғарғы кеңесінің бесінші шақырымының депутаты болып сайланды. Ж.Таңқыбаев 1998 жылы өмірден өтті. Атырау қалалық мәслихатының 2010 жылғы 7 қазандағы №219 шешімі және Атырау қалалық әкімдігінің 2010 жылғы 22 қыркүйектегі №1064 қаулысы негізінде, Атырау қаласындағы Киров көшесіне Жанша Таңқыбаев есімі берілді.
Адаев,Таңқыбаев,Исмурзиндермен бірге Гурьев НКВД түрмесінде атылған келесі ұстаз Қадырбай Исмағамбетов. Ол туралы Гурьев НКВД архивінің №0420 ісінде,төмендегідей мәліметтер бар. Қадырбай Исмағамбетов 1896 жылы Батыс Қазақстан облысы Тайпақ ауданы №16 ауылда туылған. 1919 жылдың мамырынан 1920 жылдың басына дейін Алашорда милициясында қызмет жасаған. 1924 жылы Орынбор қаласына барып, Қазақ халық ағарту институтына оқуға түсіп,кейін Маңғыстау ауданына мұғалім болып қызметке тұрған.
Отбасы құрамы.
Әйелі – Нұржамал 1905 жылы туған.
Баласы – Рахым 1925 жылы туған.
Қадырбай Исмағамбетов 1938 жылғы 9 ақпанда НКВД тергеушісі Гасановтың шешімімен қамауға алынып, 1938 жылы, 14 ақпанда ең жоғары жазаға кесіледі, үкім 16 ақпанда орындалған.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетінде «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақала жариялады. Мақалада «Тәуелсіздіктің отыз жылын шартты түрде үш онжылдық белеске бөліп қарастыруға болады. Оның әрқайсысы атқарған миссиясы тұрғысынан ғасырдың жүгін арқалап тұр» дей отырып, сындарлы ой қорытқан Мемлекет басшысы ел тарихының іргелі мәселелеріне жаңаша көзқараспен қарауды «деректі тарихи туындыларда мемлекеттілік және мемлекетшілдік идеясы әрдайым көрініс табуы қажет» дей отырып, таным мен тағылымды ұмытпауды міндеттейді. Әсіресе халқымыздың ауыртпалықты кезеңдерінің толық зерттелуін және ол зерттеулердің барша халыққа қолжетімді болуына баса мән берді. Отандық тарих ғылымына деген оң көзқарасты қалыптастыру, ұлт тарихын баяндаудағы уақыт пен кеңістік, өркениет пен ұлы тұлғалар, міне, тарих ғылымының «ақтаңдақтары мен таңдақтарын» айырудағы негізгі ұғымдар. Қазақстандық тарихнамада тәуелсіздік жылдарынан бастау алған тұлғатану бағытына қазақ тарихын білу деген сөз осындай тарихи тұлғалардың тарихын мақтан тұту және болашаққа үлгі ету болып шығады.
Лесқали Бердіғожин,
тарих ғылымының докторы
Дана Алипова,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің
кафедра меңгерушісі