Әскеріміздің қуаттылығы – еліміздің тыныштығы
25.02.2023
172
0

Ресейдің Украинаға басып кіргеніне бір жыл болды. 2022 жылдың 24 ақпанында сақадай сайланған 100 мыңға жуық Ресей әскері Украинаға қарулы шабуылға өтті. Өздері «Әскери операция» деп атаған соғыс өрті әлі басылған жоқ. Бейресми деректер бойынша, екі жақтан да 100 мыңнан артық әскер қайтыс болған. Украинаның миллиондаған халқы шетелге бас сауғалап кетсе, ондаған мың бейбіт тұрғын қаза тапты. Бес мыңнан артық бала осы соғыста көз жұмды… Украинаның ондаған қаласы қираған. Әлі күнге дейін Ресей Украина қалаларын дүркін-дүркін зымырандармен атқылап, ұшқышсыз дрондармен энергетикалық нысандарын бомбылап жатыр.

Екі ел арасындағы қанды қақтығыс бүкіл әлемді ойландырып тастады. Батыс елдері Украинаға жаппай қару-техника, қаржы-гуманитарлық көмек беріп, соғыста жеңілмеуін тілеп отыр. «Бұл соғыс қашан аяқталады және кім жеңуі мүмкін?» деген сұрақтар туралы айтылып жатқан болжам көп. Пессимистік болжамдарға зер салсаң, соғыс жуық арада аяқталмауы мүмкін. Егер солай болған жағдайда соңы үшінші дүниежүзілік соғысқа ұласуы да ықтимал. Қазір әлем елдері жаппай қаруланып, әскери әлеуетін арттыруға қам-қарекет жасауға көшті. Ендеше, Қазақстан әскерінің әлеуеті қандай? Ел қорғанысын толық қамтамасыз етуге қауқарлы ма? Осы сұрақтар барша жұртшылықты толғандырып отыр.
Ресей-Украина соғысы Орталық Азия елдерін және түркітілдес жұртшылықты біріге, өзара әскери ынтымақтастықты нығайтуға жетелеген сыңай байқатады. Бұған Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы әскери ынтымақтастықтың жаңа кезеңге аяқ басқанын атауға болады. Жуырда Қазақстан мен Өзбекстан тарапы бір-біріне сырттан қауіп төнген жағдайда әскери көмек көрсетуге уағдаласты. Ал Түркия болса, Қазақстанға қандай да бір қауіп төнсе, әскери көмек көрсетуге әзір екенін мәлімдеді. Айтпақшы, Түркия­ның «Байрактары» елімізде өндіріледі деген ресми ақпарат шыққаны да көңілге медеу болғаны даусыз. Дегенмен, соғыстың бетін аулақ қылсын, ондай қасірет басымызға түспесін дейміз. Бірақ сақтықта қорлық жоқ!
Еліміздің әскери қуатын арттырудың жолы туралы мамандар түрлі ұсыныс айтып, қорғаныс саласын бекемдеуді жедел­дету қажеттігін қаперге салып келеді.
Ал мамандардың еліміздің қорғаныс саласын нығайту жайлы негізгі ұсыныстарын төмендегідей жинақтауға болады.
Бірінші, қорғаныс саласындағы жемқорлықты жою керек. Олай етпей, бұл салаға құйылған қаржы желге ұшады. Еліміз бойынша жемқорлыққа батқан мемлекеттік мекемелердің ішінде қорғаныс саласы алдыңғы қатарда тұр. Жыл сайын осы сала басшыларынан ондаған тұлға жемқорлық айыбымен сотталады. Арыс қаласы мен Тараз маңындағы әскери қоймаларда болған жарылыстардың өзінен-ақ бұл саладағы былықтың тым арыда жатқанын бажайлау қиын емес.
Екінші, заманауи қару-жарақтың жетімсіздігі. Ресей әскері әлем бойынша екінші орында тұрған қуатты армияның қатарында еді. Бірақ олардың шын ахуалы осы жолғы соғыста белгілі болды. Әскери техникаларының көбі Кеңес одағының мұрасы екенін әлем көрді. Әскери қару-жарақ өндірісінде де шикілік көп екені белгілі болды. Біздің әскери техникаларымыз, әскери ұшақтар мен танкілер, оқ-дәрілердің көбі Ресейден сатып алынған. Украинаға Батыс елдері беріп жатқан танкілер, әскери ұшақтар, дрондар мен әуе кеңістігін қорғайтын құрылғылар, ұзақ қашықтыққа ұшатын зымырандар туралы естігенде, мұның қайсысы бізде бар деп ойланбай тұра алмайсың. Оларды сатып алу үшін неше миллиард доллар керек. Одан сырт, жаңа технологияларды басқара алатын әскери мамандар қажет. Мамандар тез арада әскери техникаларды осы заманға лайықтау реформасын бастау қажет дейді.
Үшінші, қазақ әскерін оқыту, үйрету системасы. Бұған дейін де Қорғаныс министрлігі қажеттілік бойынша әскери кадрларды шетелдерде оқытып келді. Негізінен, Ресейден білім алғандар саны басым. Жуырда министрліктің Әскери білім және ғылым департаментінің басшысы Жұмабек Ахметов журналистерге берген сұхбатында: «Қорғаныс министрлігінің оқу орындары жақын және алыс шет елдерде әскери білім алу үшін азаматтарды іріктеуді жүзеге асырады. Ұшу, теңіз, құрлық, инженерлік, медициналық және гуманитарлық мамандықтарды игеру үшін Ресей, Беларусь, Армения, АҚШ, Түркия, Үндістан және Пәкістан қорғаныс ведомстволарының әскери жоғары оқу орындарынан оқи алады», – деді.
Бұл жеткілікті ме? Біздің бағыт Еуропа елдері болуы керек. Әскери мамандар тек танкі айдау мен әскери ұшақтарды әуеде қалқытуға ғана үйренбей, IT саласын жетік меңгеруге тиіс. Еліміздегі әскери оқу орындары Еуропаның ең үздік әскери университеттерімен тығыз қарым-қатынас орнатып, техникалық базаларын жаңартып, оқу бағдарламаларын озық етуге күш салғандары жөн. Бүгінгі қарулы қақтығыстардың басты қаһарманы – адам саны емес, техника, қару-жарақ екенін көзіміз көріп отыр. Әскери сала мамандары Қазақстан әскерилерінің білімін жетілдірудің жолы – Еуропа елдерінен көбірек білім алудың тетігін табу деп ойлайды.
Бұл – елдің әскери қуатын арттыру жайында ой қозғаған мамандардың ақпарат көздеріндегі пікірлерінің негізгі түйіндері. Салада атқарылып жатқан қыруар шара бар. Біз Орталық Азия бойынша әскери қуаты ең күшті елдің біріміз. Әлем бойынша әскер саны жағынан 70-орындамыз. Айналаңның ұйқысы бұзылып, тынышы кеткен заманда әр ел өзінің қорғанысын күшейтеді. Ел шекарасын кірпік қақпай күзететін әскеріміздің қуаттылығы – еліміздің тыныштығы.

А.Күнтуған

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір