Назым мен мұңым қос өлеңнен тіл қатып…
25.02.2023
920
0

Қайырбай Төреғожа

Хат­тар
Жүрегімді лүпілдеткен бұл – хат­тар,
Көздерімді күлімдеткен бұл – хат­тар.
О, ғажап-ай, бір бума боп жиналып,
Бүгініме қалай жеткен бұл хат­тар?!.

Хат­тар, хат­тар алаңдаушы ек келмесе,
(Бір хат үшін той жасаған ел неше).
Махаббатым хат жазумен қыздарға,
Бастау алған бір ұл едім мен кеше.

Хат­тар, хат­тар – жақсылардың сөзі еді,
Хат­тар, хат­тар – сағыныштың өзі еді.
Хат деші сен, айтқызбай-ақ әр жағын,
Көңіл шіркін, сол күндерді кезеді.

Ес білгеннен хат­ты көрген көзіміз,
Хат­тар деген – тарихыңның өзі біз!
Мен сіздерге хат жолдайын қайтадан,
Тағы да бір хат бақытын сезіңіз.

Хат­тар, хат­тар, хат тасушы бергенде,
Құт­тай жүрек ытқи соғып кеудеңде.
Кімнен екен деп тұрушы ек, дариға-ай,
Одан жаның мезі болып көрген бе?!

Хат­тар, хат­тар – табушы еді қиырды,
Маған дағы ой мен қырдан бұйырды.
Тағы да бір хат ұстатшы, қуантып,
О, тағдырым, тосқың келсе сыйыңды.

Хат­тар, хат­тар, келеді деп мен жүрдім,
Хат­тар, хат­тар, келеді деп сен жүрдің.
Көңілімді кейде өзгеге сенбеген,
Осынау бір үміт­терге сендірдім.

Хат­тар, хат­тар – бөлек еді-ау, орының,
Аңсап қояр мына жүрек соны мың.
Сан бұрғызып алушы едім өзіңе,
Жастығымның басылмайтын арынын.

Қуаныштың танытумен шын кейпін,
Хат­тар, хат­тар, бір сен үшін билейтін.
Бұрын жүздеп хат келетін қалаға,
Бүгін он хат келе ме екен, білмеймін.

Хат­тар, хат­тар, бұл күйіңді кім мақтар,
Пайда болды хат жазбайтын ұрпақтар.
Білсе білер хатыңның не екенін,
Ал, қасиет, қадірінен сырғақтар.

Хат­тар, хат­тар, толы едің-ау, сырларға,
Сенен асқан тіршілікте жыр бар ма?
Қырық күйі көңілімнің қосылып,
Табушы еді төрт парақтан бір арна.

Алып-ұшқан жүрек сөзін жетелеп,
Жер түбіне ұшақтармен кетер ед.
Біреулерді сарғайтатын кеш барып,
Біреулерді қуантатын ертерек.

Жүретұғын көп мұңайып, аз күліп,
Көрші апа да алатын хат жаздырып.
Қоюшы еді-ау, сәл жауабы кешіксе,
Пошташы мен тор бестісін жазғырып.

Хат­тар, хат­тар, көңілдердің наласын,
Жуып-шайып архивтерде қаласың.
Белгі дейін, мен өзіңді жол дейін,
Жалғап жатқан қанша жылдар арасын.

Бұл кеудемде атой салып бір бүлік,
Жалт еткенін қимас күннің жүр біліп.
Асау ғасыр, не айтайын мен саған,
Сол хат­тардан қойдың ғой қол үздіріп.

Елпілдейтін ағайынға, бауырға,
Қасиет­тер ықпаушы еді дауылға.
Бәлкім, соның сұйылғаны шығар-ау,
Хат­тар бүгін тыйылғаны ауылға.

Хат әлемін жаулап алса SMS,
Сірә, ағайын, халім менің «бес» емес.
Енді бұл ел тап біздердей сол хат­тың,
Киесін де, иесін де ескермес.
Киіп кеткен кешегінің таңсығын,
Жеңіп енді, жөнге салар қай шыным?!
Хат­тар, хат­тар, қала бердің жүректе,
Махаббат­тай сол алғашқы бал шырын…

Тәте
Тербеген ақ селеуді самал шайқап,
Біледі бұл араны, біледі аймақ.
Тоқтайды ауық-ауық қақпасына,
Қаралы ел түске таман келіп жайлап.

Кіресің аяғыңды басып еппен,
(Біреудің анадайдан есі кеткен).
Өмірдің шешілмеген көп түйіні,
Тынбайды мұнда оңай шешілуден.

Талайдың ол дағы рас, еті үйренген,
Қалдырар тура әкеліп ертең үйден.
Жоқ дейсің кімдер мұнда, қария да,
Біреудің жалғызы да кеше үйленген.

Сапары бұл жалғанның тұйықталып,
Тұрады көңіліңді күйік қарып.
Өтесің қабірлердің арасымен,
Ақырын, таудай мұңды жиып алып.

Тиген соң бір төмпешік үлесіне,
Бәрі тең бұл арада, білесің не?!
Сонда да пенде деген салыстырып,
Қарайды құлпытасы, күмбезіне.

Сауығып кетерміз деп сол дертінен,
Үміт­тер сөнді қанша жан өртінен.
Сызығы құдірет­тің, әйтпесе,
Келмеген мұнда ешкім де өз еркімен.

Келмеген ешкім және кемдігінен,
Білуші ем емен-жарқын елді кілең…
Сұм ажал сақ-сақ күліп Қособада,
Жүреді дегеніне көндірумен.

Дүние дамылдатқан ақыр мұнда,
Осында батырың да, пақырың да.
Ешкімге жақ ашпайды күні түсіп,
Ешкімнің сұрамайды ақылын да.

Сөйлесе аруақтар күңіреніп,
Кетер ме ед тоңдар біздің бүгін еріп.
Осынау әрі-сәрі тіршілікте,
Таппайсың кейде ақиқат жүгінерлік!..
Ол бәлкім, мына жатқан қабірлерде,
Түсесің күнің үшін әбігерге.
Дұшпан да түптің-түбі қаша алмай,
Бейіті қатарласар осы жерде.

Шарт емес мүсәпір ме, ғұлама ма,
Әкетер Алла өзі ұнағанда.
Мұнда бар разылар ұрпағына,
Мұнда бар шөлдегендер бір дұғаға.

Мұнда бар бір ауылдың серкелері,
Мұнда бір-бір ауылдың еркелері,
Жалт етіп өте шыққан қайран ғұмыр,
Айтшы, неге осынша келте еді?!.
Қарайсың жүрексініп жан-жағыңа,
Басатын зіл-қайғының салмағы ма?!
Осында періштедей нәрестелер,
Осында дүйім елдің ардағы да.

Осында қиылғандар қыршынынан,
Өмірдің қайда асасың кей шынынан.
Осында басында бір белгі болмай,
Мұңлықтар көңілдерден ысырылған.

Қадірі жайшылықта білінер ме,
Қымбат қой қарауылға ілінерде.
Қаз-қатар аруақтар қиылғандай:
«Тек келіп тұрыңдар!» – деп тірілерге.

Дәл шығып бұл ажалдың күнде есебі,
Қондырдық мәңгі орныңа,
Тәте, сені!
Осында жарың менен ұлың дағы,
Біз кете табысады, тілдеседі.

Жетермін, кешігермін кейде, бәлкім,
Өтеді алып-ұшып менде де әр күн.
Түсінбей тұрғанымды-ай, ештеңені,
Жазылып кетеді деп жүрген қалпым.

Ащы жас бет-жүзімді жуып тағы,
Бір жолым арқа сүйер тұйықталды.
Соңғы рет қарап едім, көз ұшында,
Өзің боп жас топырақ тұрып қалды!..

Көкшетау

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір