БІЗ ТҮРКИЯ, СИРИЯ ХАЛЫҚТАРЫМЕН БІРГЕМІЗ!
10.02.2023
414
0

6 ақпанда Түркияның оңтүстік-шығысы мен Сирияның солтүстігінде бір күнде екі мәрте жойқын зілзала болды. 
7,8 магнитудалы алғашқысының эпицентрі – Түркияның Газиантеп қаласындағы Шехиткамиль ауданы. 7,5 магнитудалы екінші жер сілкінісінің эпицентрі – Кахраманмараш қаласының Экинезю ауданы (Түркия). Алғашқы қуатты дүмпуден соң ең күштісінің магнитудасы 6,7 болған жүздеген жер тербелісі тіркелген.

Түркия Төтенше жағдайлар басқармасының (AFAD) деректеріне сүйенсек, зілзаладан қайтыс болғандар саны 12 391 адамға жеткен. Сонымен қатар зардап шеккендер саны 62 914-ке дейін өскен. Түркия президенті Ердоғанның айтуынша, бұл зілзала – 1939 жылдан бергі ең жойқын жер сілкінісі. Дүйсенбі күні түстен кейін магнитудасы 7,6 болатын тағы бір жер сілкінісі тіркелді. Құтқарушылар қираған ғимараттардың астынан адамдарды әліге дейін іздестіріп жатыр. Өкінішке қарай, зілзала құрбандарының саны бұдан да көп болуы мүмкін. 
Түркияның оңтүстігі мен Сирияның солтүстік аудандарында іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Түркия президенті Режеп Ердоған елдің оңтүстігіндегі 10 қаланы нәубет аймағы деп жариялады. Әрқайсысында үш ай төтенше жағдай енгізілген. Ердоғанның айтуынша, мұндай жағдай құтқарушыларға зардап шеккен елдімекендерге көмек беруге қолайлы жағдай жасайды.
Сирияда қаза болғандар саны 1700-ден асқан. Дүмпудің салдарынан мыңдаған үй қираған, ондаған қала зардап шеккен. Арасында Дамаск пен Латакия бар. Бірнеше жыл соғыс болған Алеппода жағдай өте ауыр. ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұра нысандарының тізіміне кірген көне цитадель бүлінген.
Қазақстан сыртқы істер министрлігі 7 ақпанда Түркияда жер сілкінісінен қаза болғандар немесе зардап шеккендер арасында, кейінгі мәлімет бойынша, қазақстандықтар жоқ деп мәлімдеді. Министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, кейінгі тәулікте Түркияда оқитын балаларын іздеген бірнеше ата-ана хабарласқан.
Еліміздің Президенті Түркияға 1 миллион АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлуді тапсырды. Қаражат алапат жер сілкінісі салдарынан зардап шеккен Түркияға шұғыл көмек көрсету мақсатында бөлініп отыр.
9 ақпан күні Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Еркебұлан Сәпиев ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің 56 адамнан тұратын 2-эшелоны қажетті құтқару құрал-жабдықтары тиелген ұшақты күтіп алды.
Түркиядағы алапат жер сілкінісінен болған қайғылы жағдай қазақ халқына да ауыр тиді. Түбі бір, ділі, тілі бір бауырлас елдегі қазіргі әр сәт әлемнің назарында. біз түркия,
сирия халықтарымен біргеміз!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір