ЖАН-МИШЕЛЬ БАСКИЯ. КӨШЕ ЭСТЕТИКАСЫ

Бәлкім, Жан-Мишель Баскияны (Jean-Michel Basquiat) біз Пикассо, Дали секілді суретшілердің қатарына қоса алмаспыз, мүмкін оның шығармасы Мунктың «Айқайы», Ван Гогтың «Күнбағысы» сияқты танымал емес те шығар. Дегенмен өнер туралы сөз қозғалғанда америкалық поп мәдениеттің өкілін, сыншылар, өнертанушылар неоэкспрессионист деп «таңба» басқан жаңашыл суреткерді аттап өтуге болмайтын секілді. Баския кім? Әлсіз топтардың атынан «сөйлеген» күрескер ме? Әлде «хайп» іздеген зерек маркетолог па? Нағыз өнер иесі ме немесе сәттілік серік болған көше суретшісі ме? Жан-Мишель Баския туралы сараптаманың бірінде «Баскияның шығармашылығымен заманауи өнер туралы Малевичтің қара шаршысынан басқа аз-маз ақпаратқа қанық кез келген адам таныс» деп жазылғаны көзге түсті. Расында Баския – 70-80 жылдардың эстетикасын жарыққа шығарған суреткер. Өкінішке қарай, ол әйгілі «27» клубына «мүше» болды. 27 жыл өмір сүрген суретшінің өмірбаяны тым жұпыны көрінуі мүмкін, бірақ Баския осы аралықта нағыз «рок-жұлдызға» айналып үлгерді. Оның әлі жарыққа шықпаған шығармалары, күнделігі, фотолары әр жерде ұйымдастырылған көрмелерде жылт етіп көрініп жатады. Соған қарағанда Баскияның өнер тарихындағы орны әлі талай талқыланатын секілді. Біз бүгін Мадоннаның ғашығы, Энди Уорхолдың досы, ХХ ғасырда романтикалық аура қалдырған, артынан аңыз ерген соңғы суретші Баския туралы жазып көрмекпіз.

Энди Уорхол мен Жан-Мишель Баския
Көше мектебі. Бастау
Жоғарыда айтып кеткеніміздей, суретші 27 жыл ғана өмір сүрді. Сондықтан қыршын кеткен суретшінің қысқа өмірбаянын баяндауға міндеттіміз. Себебі оның өміріндегі әр қадам шығармашылығына көп әсер еткені анық. 1960 жылы Нью-Йоркте дүниеге келген Жан-Мишель Баския 14 жыл үлкен қалада өмір сүрген соң отбасымен Пуэрто-Риконың Сан-Хуан деген қаласына көшіп кетеді. Оған бөтен елге көшу ауыр тиді деп айтуға болмас, өйткені Баския ағылшын, француз және испан тілін жетік білген. Суретші туралы түсірілген фильмдер немесе әлдебір фотосына қарап, көшеде өскен бұзық бала деп ойлауыңыз бек мүмкін. Дегенмен ол зерек оқушы болған. Алайда Жан-Мишель Баския ешқандай өнер мектебін, жоғары оқу орнын тәмамдамаған. Оның арнайы бейнелеу өнерін оқығаны туралы сертификат болмаса, дипломы жоқ, ол тіпті ешқашан оқуға түспеген. Алайда өнерге деген қызығушылығы галереяларға тартатын да тұратын. Ол Нью-Йорк мұражайларын аралауды қоймады. Сол жерде суретші болу туралы алғаш рет ой кешті. Тіпті Бруклиндегі музейдің кіші мүшесі де болды. Көшіп кеткеннен кейін екі жылдан соң отбасымен қайта Бруклинге оралады. Бірақ ата-анасы ажырасып тынады. Ол тұрыпты, анасы Матильда психиатриялық клиникадан бір-ақ шығады. Дәл сол уақытта Баския шығармашылыққа бет бұрды. 70 жылдардағы Нью-Йорк кинокартиналардағыдай жұмақ емес еді. Жұмыссыздық пен жоқшылық белең алған уақыт. Қаржылық алаяқтыққа да тұсау жоқ. Сақтандыру жүйесі, нәсілдік зорлық, қылмыс, есірткі орталық саябақта ашық сатылатын кез еді бұл. Әкесімен сөзге келген Баския үйден қашып шығады. Бұл жолы ол шығармашылыққа шындап кіріседі.
SAMO. Стиль қалыптастыру
17 жастағы Баския досы Аль Диазбен SAMO жобасын жүзеге асыруға кіріседі. Жан-Мишель өз үнін жеткізу үшін жазбаларды Сохо ауданында қалдырады. Аль Диаздың айтуынша, олар классикалық граффити мәдениетіне мүлде ұқсамайтын, тіпті қарама-қайшы нәрсе жасағысы келген. Олар кейде әзіл түрінде, кейде қаладағы шешімі қиын мәселені сынайтын, жүйеге қарсылық көрсететін мәтіндерді жаза бастады. Бірақ олар өздерін құпия ұстады. Ешкім ешқашан бұл жұмыстарды түсіндіріп бермеді және SAMO жобасының артында кім тұрғанын ешкім білмеді де. Дегенмен бұл сөз Нью-Йоркте ауыздан түспейтін болды.
Әлбетте Баския Нью-Йорк көрмелерінен өнерді сүюді, шығармашалық эстетиканы сезінуді үйренгені анық, дегенмен ол өзін тым еркін ұстады. 7 жасында оны көлік қағып кетіп, анасы Матильда оған «Грей анатомиясы» кітабын алып берген. Баския сол кітаптан алған әсерін кейін картиналарында қолданды. Бас сүйек, сіңір, құр сүлдері қалған адам бейнесі оның шығармашылығында көп кездеседі. Кез келген нәрседен шабыттану және көп ұзамай оны өз туындысында пайдалану Баския үшін үйреншікті әдет. Тіпті картина жазу процесі де қызық. Кенептің орнына пәтердегі кез келген нәрсені пайдаға асатын. Тоңазытқыштың есігі, бөлме қабырғасы, хаттың беті секілді заттарға сурет салу Баскияның сүйікті ісіне айналды. Тіпті кейде ақша табу үшін киімге де сурет сала бастаған. Оның шығармашылық стилі де ерекше. Жан-Мишель кішкентай балалардың стилінде еркін сурет салуға бейімделді. Бұл өзге суретшілер бара бермейтін шеңберден тыс эскперимент жасауға жол ашты. Көбіне оның суреттері мәтін, әлдебір жарнама сөзі, газеттегі сөйлем немесе әлдебір символ, кафедегі мәзір секілді поп-мәдениеттің элементтері салынған бірнеше қатпардан тұрады. Ол сондай-ақ түстерді батыл қолданды: жасыл түсті қызғылт және қызыл түстерді қызғылт сары түспен үйлестірді, суретке шамадан тыс реңк беруге қорықпады. Баскияның шығармашылығында әртүрлі тақырып бар. Көптеген суретшілер сияқты Жан-Мишель де өз шығармашылығы арқылы сөйлейді. Ол айналадағы өмірдің бір сәтін кенепке түсіріп, Хиросимадағы атом бомбасы туралы ойланып немесе Леонардо да Винчидің жұмысын қайта қарастыруға талпынатын. Ең маңызды тақырыптардың бірі – афроамерикалықтардың тағдыры болды. Ол мәдениет саласында қара нәсілді суретшілердің бірең-сараң болғанына қапа болатын, оларды тіпті кинода да, басқа салаларда да байқамайтын.

Энди Уорхол мен Жан-Мишель Баскияның атаусыз суреті
Менің досым – Энди Уорхол
Баския Сохо көшелерінде сурет салғаны бекер емес. Бұл маркетингтік амал болды. Себебі осынау жерде суретшілер шоғырланған еді. Бүкіл Нью-Йорк SAMO туралы, Баския туралы білді. Біраз уақыттан кейін Баския жобаны аяқтады, жазудың артында кім тұрғанын жасыруды тоқтатты және іс жүзінде «рок-жұлдызға» айналды. Әртүрлі кештерге шақырулар келе бастады, өз шығармашылығына пікір сұрайтындар көбейді. Энди Уорхол да Нью-Йорктегі жаңа суретші туралы ести бастады. Ол кезде Уорхолдың аты ұмыт бола бастаған кез еді. Дегенмен жас суретшілер әлі де Уорхолға қарап бой түзейтін. Жан-Мишель Баския мен Энди Уорхол 1982 жылы танысты. Таныстық үлкен достыққа ұласты. Қазірге дейін олардың бір-біріне қалай әсер еткені туралы пікірталас туындап жатады. Қалай десек те бір-біріне әсер еткені анық. Тіпті кейде күніне бірнеше рет телефонмен сөйлескен кездері болған. Бұл таныстық Баския үшін элиталық суретшілер ортасына кіруге сеп болды. Көбі осы уақытта Баския бұрын өзі ұнатпайтын адамға айналды деп айтатын. Ол элиталық суретшінің рөлінде өзін жайлы сезінді деп айтуға келмейді. Кейіпкеріміз арт-дилерлерді жиі ауыстырып отырды, жаңа образдарға тәжірибе жасауды тоқтатпады. 1985 жылдың қыркүйегінде Баския мен Уорхолдың бірлескен көрмесі өтті, бірақ бірқатар жағымсыз пікірлерден кейін бұл іске қайта оралған жоқ. Олар бұрынғыдай жақын араласпаса да, қатынасты үзген жоқ.

Жан-Мишель Баскияның тоңазытқышы
«Маған нағыз суретшілердің картиналарына қарағанда балалардың шимайы ұнайды…»
«Танымал қара нәсілді атлет қыздар», 1981
Баския картиналарында артық, не кем нәрсе жоқ. Әр деталі дәл өз орнында тұрады, құдды қысқа әрі сәтті аяқталған поэзия секілді. Мысалы, «Танымал қара нәсілді атлет қыздар» картинасын алайық. Әлдебір айқын бейнеленбеген төрт адамның басы, бейсбол добы және үш сөз жазылған. Өте қарапайым және балалар сияқты әлдебір стильді ұстамай, контурдан шығып боялған картина. Бұл жерде Бастия қарапайым фактіге жол сілтегендей, Америкада қара нәсілді танымал адамдардың бәрі дерлік спортта, ал өнерде жоқ.
Жан-Мишель Баскияны 1960 жылдары рейганомика және АҚШ-тағы адам құқықтары үшін күрес туралы білмей түсіну қиын. Оның даңқы осы идеологиялық полярлық процестердің жемісі екенін түсіну одан да қиын. Рейганомика, яғни АҚШ үкіметінің Президент Рональд Рейган кезіндегі экономикалық стратегиясы бай адамдар мен корпорацияларға салықты төмендету болды, соның салдарынан екеуі де әртүрлі алыпсатарлық ойындарға, соның ішінде өнер нарығына пайдаланылған артық капиталды босатты. Көп суретшілердің картиналары осы кезде шамадан көп сатылды, не мүлде бағаланбады.
«Атауы жоқ (Бас сүйек)», 1981 жыл

Бұл – Баскияның көшеде емес, кенепке салған алғашқы туындыларының бірі. Картина суретшінің алғашқы көрмесінде ұсынылды. Жалпы туындының пайда болуына Жан-Мишель жеті жасында оқыған «Грейдің анатомиясы» оқулығы, сондай-ақ Нью-Йорк метросының картасының эстетикасы және өлім туралы ойлар шабыттандырды деп айтылады.
Авторлық нұсқада суреттің атауы жоқ. Тісі, жақ және бас сүйегінде терісі жоқ, сол үшін бұл картинаны кейінірек «Бас сүйек» деп атап кетті. Алайда көзі тірі адамдікі. Бұл туындыда Баския өлі және тірі адамды бірдей бейнелеуге тырысқандай. Ашық тұрған бас сүйегіне қарасақ, біз бейсана қатпарларына еніп кеткендей күй кешеміз. Өнертанушылар бұны еуропалық ванитас жанрына жатқызудан таймайды, дегенмен бұл өз алдына бөлек поэзия.

«Автопортрет», 1984
Баския әуелден ұлы авангард суретшілердің қатарында болғысы келді. Әлбетте ол да солардың жолын қайталады. Бірақ бұл жай қайталау емес, өнерді қайта талқылау, өзге қырын ашу, өз үнін шығару еді. 1984 жылы Жан-Мишель автопортрет салды. Баския өзін тапсырыс берушіден тәуелсіз екенін көрсеткісі келгендей. Баския таза өнерді атақ-даңқтан жоғары қойды. Бұл оның қолынан келді де. Өнертанушылар оны «қара нәсілді Пикассо» деп атай бастады.
«Өлімді ерттеп міну», 1988
Бұл картинаны Баския өмірінің соңында жазған. Ер адам өлімді ерттеп мінген. Төрт тағандап тұрған өлімді адам жеңді ме? Суретші ажалды жеңе алды ма, жоқ па, белгісіз. Өлім де, адам да алтын түсті фонға еніп бара жатқандай әсер қалдырады (еуропалық христиан өнерінде бұл түс аспан мен мәңгіліктің символы іспеттес).

Байқасаңыздар, үстіндегі адам қара нәсілді. Бірақ сүйегі де көрсетілген. Яғни сүйегі аппақ. Оның өлім бейнесіндегі адамның сүйегінен айырмашылығы жоқ. Әлбетте оның терісінің түсі көрсетілмеген. Дегенмен оны ақ нәсілді адам деп болжауға да болатын шығар. Бұл, бәлкім, суретшінің ирониясы, бәлкім, мысқыл, бәлкім, ажалмен күрес. Қалай десек те Баскияның өлімі оның шығармашылығын романтизациялап жіберді. Оның есімі өзін-өзі өлтірген ұлы суретшілермен бірге айтылды. Оның өлімі де өз атына жұмыс істеді.

Энди Уорхол мен Жан-Мишель Баскияның атаусыз суреті
Атаусыз картина, 1984
Энди Уорхолмен бірге жазған Баскияның суреттері аса көп емес. Бұл картинаны жазу барысында екеуі де дербес жұмыс істеді. Уорхол заттардың контурын түсірді, ал Баския қатпар-қатпар бояу жақты.
Бұл кезеңде суретшілер мен сыншылар Уорхолға тіксініп қарайтын. Оны Рейган президент болған кезде жетістікке жеткен алыпсатарлар мен плутократияның жалдамалы суретшісі деп санады. Расында 80 жылдары байыған кәсіпкерлердің ішінде Уорхолға портрет салдырмағандары санаулы.
Дегенмен аса танымал әрі бай суретші академиялық өнер мен концептуализм және минимализмнің тоғысқан тұсын таппаған Баския мен оның буыны үшін Уорхолдың шығармашылығы қызық еді. Баскияның Уорхолмен танысуы әрі дос болуы, шығармашылық тандем жасауға тырысуы осыны дәлелдесе керек. Уорхолмен бірге көрме де ұйымдастырды. Дегенмен сынға ұшыраған суретшілер кейін бұл идеядан бас тартты. Алайда Уорхол мен Баскияның шығармашылық тандемі бір-біріне әсер етпей қоймағаны анық. Шарықтау шегіне жеткен шығармашылық жолында туындылары әлдеқайда тереңдей түсті. Бұл екеуі америкалық сурет өнерінің жаңаруына зор үлес қосты. 1987 жылы Уорхол қайтыс болды. Әлбетте өз өнерін түсінетін, досына айналған ұлы суретшіден айырылып қалу – Баския үшін ауыр соққы еді. Депрессияның соңы есірткімен улануға дейін жетті.
Абзал СҮЛЕЙМЕН