ҚАЛЖАЛЫ ҚАЙЫРШЫ
23.01.2023
584
0

Белгілі театрдың бір кездердегі белді әртістері нарық заманының, әсіресе өнер адамын өлеусе етіп тұлапайын шығарғанда, кәсіптерін өзгертіп, бет­тің арын белге буып, өнерлерін «қайыр сұрауға» бағыт­тағандарына еш өкінбейді.
Қазіргі «мінейін» деп тұрған «Астана-Алматы» бағытындағы тек дөйлер ғана мінетін «Тұлпар» жүрдек пойы­зына дейін қай-қайда қайыр сұрап көрмеді дейсің… Әртістіктің арқасында «жүдеп-жадап» жыртық-жамау да кие алады, көз жасқа ерік беріп еңіреу де қолдан келеді, ойһой, бұлар небірді айтып тілін безінгенде, ет пен сүйектен жаралған пенде атаулының қайырылмайтыны кемде-кем…
Бұл екеуі жүрдек пойыздың бас жағындағы бас вагон тұсында пойыздың бас жібін ұстаған басекеңе «мінетіндерін айтып» есеп-айырысып бітіп, көлік қозғалғанша деп екеуара күбірлесіп тұр.
– Барған курортым ит арқасы қиянда болса да, ұшақ тіке ұшады екен, алты сағат­та желдей есіп жеткізе қойды. Бес жұлдызды қонақ үйі ғажап! Ертегідегідей елес кезіп, он күн тез-ақ бітіп, бала-шаға бола тұрайықшы деген соң тағы бір бес күнге ұзартып керіліп-созылып жат­тық.
– Мен онда ертерек болғаным дұрыс болыпты. Ортаншы ұл үйленіп, әуре-сарсаңымен біздің де он күн өте шығыпты… Қарға тамырлы емеспіз бе, бес жүз адам бірден сиярлық мейрамхана болмай, екі күнге бөліп шақырып, әупіріммен өткердім-ау әйтеуір. Басқасын білмеймін, жылқының құны бес жүз мыңның үстінде екен, молынан жетсін деп төртеуін бір-ақ тырапай асырдым. Бір бітіргенім, той үстінде келін-баланың оңаша үйінің кілтін табыстадым.
– Жаңағы осында әкелген көлігің «Мерседес» емес пе, мен де соның мықтысын міндім. Онымды Қарағандыдағы вокзалға жібердім, қазір мындағы жұмыс бітіп, онда түсе сала соған мініп Алматыға тартамыз. Ол мына жүрдек пойызыңды шаң қаптырады. Ертерек жетіп, Алатау бөктерінде бөгіп демалып, ертеңгі «Тұлпар» пойызына қайта шығамыз.
– Пойыздың қозғалатын сұрқы бар, бұл жолы мен қара көзілдірігімді кидім, тілімді тістедім, аянышты кейпіме түстім, өзің сөйле, зарла, жырла… ал кірдік.
– Жортқанда жолдарың болсын, жолаушы! Кім-кімде де арман-тілек болады, сол Алланың кұлағына шалынып, дегендерің болсын, абзал азамат­тар! Біз – бір бейшара пенделеріңізбіз. Ажал айтып келмейді, өрт – тілсіз жау, бір-ақ күнде ордамызды ойрандап, шаңырағымызды опырып ортасына түсірді… Төрінен көрі жақын әке-шеше боздап ол отыр. Бесіктен белі шықпаған бала-шаға аңырап айдалада қалды. Он екі мүшесі сау мына інім көрер көзден, сөйлер тілден қалып қалт-құлт құр сүлдесін сүйретіп қалды… Демеп-жебей көріңдер, еліміздің маңдай алды марқасқалары!..

Көсегең көгергір кептелек

«Кептелегі» несі дейтін боларсыздар. Бұл қалалы жердегі құжынаған көліктің иінтіресіп ат­тап жылжуының мұң болуы, яғни орысшасы «пробка», кептелек — соның қазақшаланған қотармасы. Кептелектен жүнжіп Қилыбай танысқа кезігіп қалып, ол да біз сияқты көлікпен нәпақасын тауып жүргендіктен мұң-шерімнің шетін шығарсам:
– Кептелекке көндіктім, – деп жымияды.
– Несіне жетісесің, барар жерімізге тасбақа жүріспен жүйке тозып, жүнжіп жүрелей жетіп жүрсек, – десем:
— Не нәрсеге де көн­діккен жөн екен. «Басқа салса – бақалшы» демекші, өз басым кептелек кезінде кітап оқитын болдым… Бұрын білмеппін, небір ғажап кітаптар бар екен… Нағыз өмір, шым-шытырық оқиғалы кітаптан бас алмай, артымдағының бипілдетуімен ғана жылжып отырамын. Көркем кітаптан көзім ашылды. Оқи-оқи көп
нәрсені ұқтым… – деп өңге әңгіме айтып өзінше болған одан сытылып құтылдым.
Қилыбайға тағы бірде кезігіп сынай қарап:
– Қалайсың?.. – десем:
– Кептелекке тәуба! – дейді кергіп. – Қойын-қонышым – кітап, осы жасыма келіп алғаш кітапханаға тіркелдім. Талдап-талғап оқитын болдым… Кітаптан қажысам, заман талабы — тіл үйреніп жүрмін… Ағылшынша былдыр-былдыр сөйлейтін халге жет­тім.
Кідірмей жөнеп бердім. Таныспен тоқайласпай тұра алмайсың, Қилекеңмен бір дастархан басында отырмыз. Сөз ретінде «кептелек» айтылып қалып еді, баяғы Қилекең «Кептелектің арқасында…» деп алып, ойхой, оқығандарын одыраңдатып, одан ағылшынша тост сөйлеп, отырғандар ішінде бір ағылшын пәнінің мұғалімі бар екен, әлгімен әмпей-жәмпей дәріс алып әлек болды.
Темекі тартуға шыққанда маған сыбырлап: «Кептелек кезінде тіптен болмаса тоқыма тоқыған жөн… бір күнде бір пар нәски тоқуға әбден болады», – деп ақыл айтқан болды.
Алғашында «кітап оқу» хикаясын естіп, оған күдікпен қараған басым, ағылшынша әріп білмейтін Қилыбайдың былдыр-сылдыр сөйлегенін естіп, көңіл шіркін құлақ түргізуге мәжбүр ет­ті.
Келесі кезіккенімде еуропаша киінген, сабырлы да салмақты, сөзі түйеден түскендей түйінді, екі сөзінің бірі мақалмен бітіп әңгіме айтып тұрған Қилекеңе мен де құлақ түріп ұққаным: «Бала-немересін кезекпе-кезек көлікке салып алып сабақтарын оқытады екен… Немересіне ілесіп домбыра тартуды үйреніпті… Бала-немерелері бұған ілесіп кітап оқуға құнығыпты… Көлік ішінде тек шет тілде тілдесу қалыпқа түсіпті…»
Содан заман өзгеріп, қала адам танымастай өзгеріп, негізі қаланың көшелері кеңіп, әр-әр жерден айналмалы да аспалы көпірлер салынып, баяғы кептелек келмеске кеткенде, көрінбей кеткен Қилыбайды іздеп үйіне бардым. Сөйтсем, пақыр: «Кептелексіз күнім қараң» деп, кептелегі қарақұрым шет қалаға көшіп кетіпті…

 

Берік САДЫР

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір