Талғамсыздық дерті
Кәдірбек
СЕГІЗБАЙҰЛЫ,
жазушы
Қазіргі заманда жақсы мен жаманды айыру былай тұрсын, өмірге деген көзқарастың өзі арзандау, берекесіздеу болып кеткендей көрінеді. Жасандылық пен жағымпаздықтың заманы туып кетті.
Бұрынырақта бір адам екіншісінің кемшілігін бетіне айтса, ол жақсылық пен жанашырлықтың белгісі ретінде қабылданатын, әлгі адам сол кемшілікті болашақта қайталамауға тырысып, жақсылыққа қарай талпынатын. Қазір біреудің кемшілігін айтсаң, сенімен жау болып кетуге бар. Кез келген ауылдың әкімі ауданның әкімін мақтайды, ауданның әкімі облыстың әкіміне жағымпазданады. Бұл әдет осылайша өрлеп кете береді, мұның барлығы біздің қоғамда асыра мақтау мен жағымпаздықтың өркендеп тұрғанын көрсетеді. Яғни жақсы мен жаманды айырмау. Өнерде де, әдебиетте те жаман-жасық дүниелерді жақсы деп өтірік мақтауға көштік. Шынайы өнер иелері, нағыз күйшілер, жезтаңдай әншілер егер өздері «мен» деп кеуде қағып шықпаса яки біреуге айтып, кездесу ұйымдастырмаса, өнерін насихаттамаса әр уақта көлеңкеде қала береді. Эстрадаға көп сүйеніп кеттік. Ол да осы заманның бір құрқылтайы шығар, эстрадалық әннің бәрін жаман дей беруге болмас, дегенмен де, ошаң-шошаң етіп, микрофонды аузына тақап алып, саусақтарын ербеңдетіп ән айтатын әншілер көп. Қазақтың халық музыкасынан сусындаған дәстүрлі әншілер телеарналардан көрінбейді. Есесіне қайда барсаңыз да, қай арнаны қоссаңыз да, әлгі ошаң-шошаңдар алдыңыздан шығады. Біздің жас кезімізде қыз-қырқынның барлығы ұзын етекті ұмытып, мини-юбка киюді әдетке айналдырған еді, үлкен кісілер мына заман не боп кетті деп шошитын. Қазір қыздарымыз мини-юбканы қойып, сүйретілген ұзын көйлекпен сахнаға шығатын болды, бәлкім, бұл да дұрыс шығар, дегенмен де, орташа жолды тауып, ұлттық этикетке сай киімдерді кию кемшін. Экраннан болсын, әуе толқынынан болсын, қазақтың жанына жақын рухани дүниені көре алмайтын болдық.
Әдебиетте де осы жаман әдет қаулап алды. Жақсы жазылған, оқырманға ой салатын шығармаларды ешкім елемейді. Біреуге айтқызып шығарманы насихаттамаса, яки өзі жүгіріп оқырман іздемесе сол күйі қала береді. Оның есесіне жағымпаздықпен жазылған, судың тереңіне бойламай, бетінде ғана қалқып жүрген кез келген ұсақ-түйек әңгімелер мақталып, авторы қолпашқа көміліп қалады. Шын дүниені талғаммен таразылап өлшеу, бағасын беру сиреп кетті. Бұл – біздің заманның дерті, бұдан арылмайтын болсақ, жақсылыққа апармайды.