Мәукенұлы Мәуесі
25.12.2022
255
0

Ақын Нұрлан Мәукенұлы менің көз алдымда қырықтан жаңа асқан, қылшылдаған жап-жас күнінде қалды. Ол кейде өзімен-өзі ой тұңғиығына сүңгіп кеткендей саяқтау жүргенді ұнатушы еді. Маған сол кездері шабыт­ты бір күй кешіп тұрғандай сезілетін. Өзімен-өзі ой-ормандарын жиі кезетін.

«Жасым қырыққа келді»

Орман селт етіп оянды –
Жасыл нұрға боянды.
Нажағай жарқ етіп оянды –
Қызыл нұрға боянды.
Көктем келген екен,
Қыс өлген екен…

Тіршілік атаулының мың сан бояуы Нұрлан ақынға дейін де талай шайырды тылсымына тартқан. Мәңгілік сауалға жауап іздеген. Сол жауабы мәңгілік мәуеге айналарын сезді ме екен? Ақынның ойлы жанарындағы жаратқанның жазуын ақын ғана оқи алатын шығар.
Алқаракөк аспандағы алашұбар бұлттарды найзағай отының тілгілегенін көргеніңіз бар ма? Сол кезде аспан жарықтық кеудесінен көк нөсерді төгіп-төгіп тастаушы еді. Қазақтың талант­ты да тағдырлы ақыны Нұрлан Мәукенұлы жайлы ойласам, аспан мен жерді жалғаған сол бір құдірет­ті де киелі көрініс көз алдымда көлбеңдеп тұрып алады. Менің Нұрлан досым бірде бұлт­ты күнгі көк аспанға, бірде қара бұлт­тың өзіне, бірде ақ нөсерге айналып кеткендей. Әлде найзағайдың өзіне ме? Бәлки, оның рухы ақ жаңбырмен жуылып, әппақ нұрға айналып кеткен шығар. Бір өлеңінде: «Көк жыласа екен, көңіл шыдаса екен…» дейтін. Оның қобыз-кеудесінің қыл пернелері кейінгі жылдары азынап, аңырап, боздап тұрып алды. Нұрлан поэзиясы туралы айтатындар оның ғаламмен тілдескен ғажайып жырларын жыраулық өлең үлгісіне жақындатқысы келеді. Меніңше, тіпті де олай емес.
Нұрлан жыры – жүрекке салмақ артар, тағдыр таланыңды таразылар, қорғасындай ауыр, қара тастай қасиет­ті де, қасірет­ті жыр.

 

…Жасым –
қырыққа келді,
Басым – бұғалық, құрық та көрді.
Өзін –
тау-тасқа ұрып та көрді.

Сөзін –
оң-солға бұрып та көрді,
Досын – өкпелеп, ұғып та көрді,
Қасын – жекпе-жек жығып та көрді.
Қолын – сындырған сырық та көрді,
Жолын – бұрдырған мырық та көрді.
Жасым – қырыққа келді,
Басым – ырыққа көнді.
Осы жолдарды оқығанда ақынның жан-дүниесіндегі арпалысты, қарама-қайшылықты, өмірдің өтпелілігіне деген өкінішті бірден аңғаруға болады. Ақын дос көз алдыңда абыз жырауға айналып кеткендей ме, қалай?
Ақынның шуақты сәт­теріне де сан куә болдым. Көздері мейірімге толып, ерекелеп есіліп кететін. Сағат­тап әңгіме тиегін ағытып, жарыса өлең оқитынбыз. Кейінгі жылдары Нұрланның өзі де, өлеңі де тезірек есейіп кеткендей көрінеді маған. Жалпы ақын шығармашылығын зерт­теушілер оның мұрасын кезең-кезеңге бөліп қарастырса жөн болатын шығар.
Нұрлан өмірден қайтқан соң курс­тасы, қазақтың қабырғалы қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлы досы «Жоғалды жыл, жоғалды ай, жоғалды күн» ат­ты өлеңдер жинағын шығарып берді. «Нұрлан! Соңыңнан қалған шығармаларыңды жарыққа шығаруды парызым деп санадым. Алтынбек Сәрсенбайұлы». Кітаптың бірінші бетінде осындай сөйлем тұр. Осы кітапты ашқан сайын денем тоқ ұрғандай дір ете қалады. Қайран, қарыз бен парызды қастерлейтін қазақтың қыршын оғыландары-ай…
Осы жинақтың алғысөзі орнына қысқа лебіз жазыппын:

«Еңкейместен елуге келмей кеткен…»

Бұл – сенің өлеңіңнің жолы, Нұрлан! Тап осы алғысөзді жазу маған сонша ауыр. Өмірің де, өлеңің де тіпті өліміңнің өзі де жұмбақтау болып көрінеді кейде. Сенің қазаңды Ұлықбек ағаң екеуіміз Қарқаралыдағы Мәдидің басына дұға оқуға бара жатқан жолда естідік. Сол дұғаға атыңды қосарлап айту қасіреті бұйырды маңдайға… Қай заманда да қазақтың ақын біткені «сайынан сайғақ құрлы сая таппай» кетеді екен.
Сен ақын едің, азамат едің. Тағдырымыз сонша ұқсас еді. Кейінгі он бес жыл жұп жазбай бірге жүрдік. Қазақтың екі қиырынан бала-шағамызды жетелеп, сексенінші жылдардың аяғында партия мектебіне келдік. Әкім болу үшін емес, әрине…
Сен өмірді өлердей сүюші едің. Жанарыңнан нұр шашып, жымиып бір тұратын бейкүнә көңілдің иесі едің. Сайқалдық пен сатқындықты көрсең, найзағайдың отындай жарқылдап кететінсің.
«Жоғалды күн, жоғалды ай, жоғалды жыл…» Жыр-жауһарың қабырғалы жұртыңның жүрегіне жол тарт­ты. Ғұмыры ұзақ болары сөзсіз. Жыраулық поэзияның бастауларынан зәмзәм сімірген сенің өлеңдеріңнің қан тамыры бүлкілдеп тұр. Қазақтың қасиет­ті қара өлеңі жайлы сөз болғанда сенің есімің аталмай қалмайды. Себебі, Ар мен Адалдық ат­ты ұғымдардың қайсар мінезді жыршысы – сенсің. Өзіңнің өлең өлкесіне ала келген өрнектерің бізден кейінгілердің де көңілін сан тербетер.

«Алматы келдім, қаңғырдым,
Тезіне түстім тағдырдың.
Астында қалдым жаңбырдың…»

деп жыр төгіп едің бір кезде. Сен кеткелі де фәни жалғанның ақ пен қарасы жалғасып жатыр. «Ақын боп өмір кешіру оңай деймісің қарағым…» Біз сені сақтай алмадық. Жаныңдағы тербелістер жүрегіңе жүк түсірді.
Өлеңдеріңді өзіңнің екінші өмірің деп жұбатқан боламыз өзімізді.
Ал енді ақиқатында сол өміріңнің мәңгілік боларын өлеңдеріңнің өзі айтып тұр, Нұрлан дос!».

… Арғымақты
сан байладым кермеге –
Таң асырып, суыт­тым.
Енді келіп ішетіндей дермене,
Дерт­ті қайдан жуыт­тым?

Ғазірет Ғалі ұлтарағын ұмыт­тым –
Өзіме де еш обал жоқ.
Арғымағым бара жатыр мініп кім? –
Үміт қылам бір айналып соғам деп…

Еш ақынға ұқсамайтын қолтаңба. Сонау естен кетпес ескі күндерден, немесе күңгір-күңгір күмбездерден құлаққа бір сарын естілетіндей. Ол Қазтуған, Доспамбетке де, Бұқар мен Махамбетке де ұқсамайды. Бөлек бояу, бөлек әуен. Ендеше, Нұрлан достың арғымағы жалынан ұстатпайды, маңайы­на жақындатпайды.
«Суреткердің бірінші парызы – өзіне-өзі қатал болу» дейді Гейне. Ақынның аяулы да мөлдір сезімдері ой елегінде еленіп, сиқырлы бір күшке ие болады.
Біз Мәукенұлы әлеміне қайта үңілген сайын ол әлемнің шуақ-нұрына шомыламыз. Кейде мұңайып, кейде балаша қуанып, бір құпия қоймаға кезіккендей хәлге түсеміз. Бес күн жалғанда сырласқан, сыйласқан сәт­тер көз алдыңда көлбең қағады. Сондай уақыт­тарымыз аз емес еді.

«Өлгендер айтсын өлеңді…»

…1994 жылдың тамызы. Жұмыстан үйге келсем, жеңгесінің шайын ішіп Нұрлан отыр. Көңілді екен. Еркелеп, елжіреп біраз әңгіменің басын қайырдық.
– Осы бейсенбі күні Семейге жүре­йік, Ғалеке – деп қояды.
– Жайшылық па?
– Жидебайға, Абай атамыздың басына барып қайтпаймыз ба? Менің досым Талғат Кеңесбаев күтіп алады. Сапарды өзі ұйымдастырып, Семейге жетсек, әрі қарай апарып келмек.
– Тарт­тық, онда. Мен де жалғыз рет асығыстау болып едім.
Сол бейсенбіде пойызға билет алып, Семейге тарт­тық. Талғат дос аңқылдап қарсы алды. Ол бір ғажайып, қайырлы сапар еді. Ұлы топырақтан желпініп, жеңілдеп қайт­тық. Нұрлан досым өмірден озған соң, «Нұрлан Мәукенұлымен Шыңғыстауға сапар» деген баллада жаздым. Егіліп, төгіліп отырып жазған жыр еді.
Сол өлеңнің соңы мына шумақтармен бітуші еді:

…Басына бақ бұйырғыр,
қырына –гүл,
Ұлы мекен,
бізді де ұғына біл!
Өт­ті ғайып дүние,
өң мен түстей,
– Кеп тұрайық, –
деп едік жылына бір.

Асар кезде көрікті көшің қырдан,
Торықтырған тоғайды…
тосын құрбан.
Айналайын, бауырым,
досым Нұрлан,
Сенің қазаң мені де шошындырған.

Қимаса да бұл тағдыр төрін мейлі,
Қырқатыны несі екен өрімдейді?
Шыңғыстауға содан соң
барағаным жоқ,
Кеңесбаев Талғат та көрінбейді.

Ашпайды енді бұл өмір өткенге есік,
Көктөбеде жүруші ек көктем кешіп.
Бізден гөрі сен, бәлки, бақыт­тысың –
Ұлы Абайдың аулына кеткен көшіп.

Осы өлең жарияланған соң Талғат жет­ті Семейден. Қона жатып сырластық. Иә, енді тамаша қаламгер Талғат та көрінбейді… Нұрлан мәңгіліктің еліне, Абайдың ауылына көшіп кеткелі де жиырма жылдың жүзі ауыпты. Артына қарайламайтын уақыт шіркін, сол!

Өлгендер айтсын өлеңді –
Тірінің сөзі жалған ғой.
Бұл ой да мүмкін көнерді –
Жүректе жатып қалған ғой…

…Өлгендер сөйтіп көбейсін,
Өлең сұрасып өнерміз.
Жан аға, бұған не дейсің? –
Болмаса шындап өлерміз…

Иә, бұған не дейсің? Жыл аунаған сайын Мәукенұлы мәуесі жайқала береді. Өз басым тағдырлас, тамырлас бауырыммен жиі сырласамын.

Өлгендер айтсын өлеңді…

Ғалым Жайлыбай

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір