МАСТЕР (диптих)
Бірінші тыныс
Бейнелеу әлемінде акварель бояуын қолданбаған суретші кемде-кем. Ә дегеннен жылдам игеріп, оңай жазып кетуге болатындай көрінетін, айнығыш акварель шіркінді шын меңгергендер санаулы-ақ. Ондай кірпияз да күрделі, өзін мөлдір де нәзік қылып салуды қалайтын су бояуын жанына серік, шығармасына азық етіп, ғұмырының соңына ала кеткен Әбілхан Қастеевтей, Үкі Әжиевтей суретшілер тіптен некен-саяқ. Сол сирек, қат та бірегейдің қатарында Ғани Баянов тұр.
Ең алғашқы көрмесінде-ақ «Құдық маңында», «Ас үйде», «Хат оқып отырған қыз», «Қариялар», «Қол шатыр жамылған екеу», «Таңертең», «Шие гүлдегенде», «Қысқы пейзаж», «Жылы кеш» картиналарымен көрушілерді баурап алған Ғани Баянов – суретшілердің әммесіне қадірлі, өнертанушылардың күллісіне сыйлы. Шығармалары картина жинаушылардың ылғи назарында, аукцион лотында (кезінде бір суреті 65 млн-ға сатылды да) тұрады. Ол – кәнігі су бояуы мамандарының Дағыстан мен Байкалдағы қалың додасына кіріп, озық та жүлделі шыққан, қыл қаламына акварельдің рухы қонған мастер. Иллюстрация да жасаған, сурет сабағынан дәріс те берген қадірлі ұстаз. Кескіндеме мен графиканы қатар меңгерген әмбебап.
* * *
Ғани аға көрушіні өзінің нәзік лирикасымен, көрер көзге байқалмайтын тылсым сезіммен тартып, жеңіл, жып-жылы қылып, картиналарын тірілте жазады. Өзгенің қылқаламына іліне бермейтінді аңдап, біз көрмегенді көріп, көпшілік байқамағанды «ұстай алуымен» тәнті етеді. Түстердің табиғатын дәл сезініп, оларды шешімін сәтімен тауып орайластырғанда, дақтар мен сызықты әсем үйлестіргенде жаныңыз жай табады.
Ол кісінің картиналарын көркемдеп жазу қадетінде жоғы қалай? Әсірелеп, айшықтап, эффектіге малып, фотосурет, әңгіме қылып, баяндамайтыны несі? Әне, әу баста шығармашылық жолына күн түсіре, суреттерін жарқырата жазып бастаса, бірте-бірте оның түстерін күрделендіре, күңгірттете беріпті. Көңіл күйді төңіректен емес, тереңнен аулап, тұнжыр бояудың емеурініне ғана ерік бергізіп, жазғандарын жандандыра түсіпті. Камералық картиналары құм қызыл кеш, көз байланған шақ, бұлдыр да буалдыр кезге ораныпты. Эндрю Уайеттейін тұйық та бұйығы қалып тауыпты.
Ғани аға ақиқат соңына түскен софылар секілді. Шындық іздеген шайырлар тұрпатты. Қорқыт, Ықылас күйлері сіңген жаны Бетховеннің сонаталарын да қалап отырғаны, Бахтың «Матфейге ынтық күйін» тыңдап та жүргені… Закиров, Дүйсенбаев, Әлиев, Орадовтай болмысы туыс, түйсігі қоңсы тұстастарымен шығармашыл ынтымақ құратыны… Ылғи «Қайрекең, Кенжекең, Дулатым» деп отырғаны…
– Жеңіс-ау, Шихурдыны білесің ғой? – дейтіні…
* * *
Баянов ылғи қазақтың жаңа туған айын, сайын даласын, ақ ботасын жазуға құмар. Әмсе жалаң аяғымен жерді жұмсақ жанаған, құдды салмақсыз, жеңіл ғана, сырғи қалықтай ұшқан бойжеткендерді салуға бейіл. Оның картиналарына қобыз шалған күйші, дастархан басында қамыр илеп, назарын төмен салған ибалы келіншектер кіреді. Іште тігін мәшинесімен отырған, ас үйде сүт тартқан, сыртта, тасада шомылып жүрген қыздарды кейіптейді. Кейіпкерлерінің қашанда қызыл іңір жамылып, шырақ жағып, өткен шақпен сырласып, күбірлей тілдесіп отырғаны. Алакеуім ымыртта май шам жағып, алдына балаларын отырғызған қариялар жанында дауысын көтермей, бәсең ғана сөйлеген қыз-келіншек, әйел-апалар ортасында кішкентай Ғани көріне ме? Олар кішкентай Ғанидың жүрегін қуанышқа бөлеп, қайғыдан қаға беріп, ылғи қамқор болып отырғаны байқала ма?
Шығармашыл иесі өзінің арманшыл қалпымен өткенге, түу сонау ғасырлардағы әріптестеріне, егіздес сыңарластарына қарай уақыт машинасын мініп алып жөнеп береді. «Шеберханасына» Диего Веласкес келеді, Джорджоне қонақ болады. Дельфттік Ян Вермеермен «Кездескенде» екеуара «Маржан сырғалы қыз» жайлы айтып, Мәңгілік пен Тұтастықты әңгіме қылады. «Суретші мен модель» дейтін түпсіз тақырып сұхбат арқауына айналады. «Суретшінің құпия сыры» сөз болады. Суретшінің айтайын дегенін әшкере қылмай, құпияға орап көруші шіркінге емеурінмен, шым-шымдап қана ұстататыны да – оның басты ерекшелігі (көне қазақ болмысындағы ишаралап айту, жұмбақтап, орағытып, ұқтырмай сөйлеу – Баянов шығармасына да тән қасиет). Саңылаулы адамды сол құпия таңдайын қуырып, көрсем екен, тылсымына жетсем екен дегізіп, сырына ынтықтырып, емінте ұмтылтып қоятыны… Оның мұңға, үміт пен іңкәрлікке оранған образдары сусып, буланып ұшып кетердей болады. Ұша беріп, көрушіні арбап, дуалап алғандай күйге енеді. Сәтте картинасының тынысы мен дыбысы естілер-естілмес сиқырлы әлеміне шым батасыз. Суретшінің Жаратқан Иенің құпия сырына бет түзеп, оның сұлулық әлеміне бір табан жақындай елбіреп отырғанын көкірек көзіңіз шалады.
Мәңгілік пен Тұтастық демекші, суретші шығармасындағы шығыстық көшпенділер тақырыбы, жол жүріп, сапар шегу көріністері батыстық інжіл тақырыбымен барып астасады. Шырмала туысады. Кеше Еуропа суретшілері «Мысырға қашу» тақырыбын игерсе, бүгін Ғани Баянов «Үргенішке кету» картинасын жазады. Екі көріністе де адам баласының басына түскен алмағайып шақ, жан сақтау көрініс береді. Арыдағы Иса пайғамбардың ажал сағатының жақындауы мен иек артпадағы, тұсас бір халықтың тағдырына жазылған ұлы нәубет осылай көрсетіліп, екі картина әудем ғасырдан соң домбыраның қос ішегі секілді, параллель тартылады. Ғасыр алмасса да қалмай, қайта жаңарып, түрленіп келе беретін ажал биі осылай тәмсілденеді.
Юдиф сұлу мен Қоржынкөлде шомылып жатқан Баянов қыз балалары да – қосар күй. Сусып ұстатпай кететін, қолға түспей ынтықтырып қоятын ерекше күй.
* * *
«Қолшатыр жамылған екеу» картинасы 1982 жылы, майлы бояумен жазылды. Онда кейіпкерге деген, әріптесіне, қатарынан оза шапқан саңлаққа арналған үлкен құрмет көрініс береді. Мұнда суретшінің уақыттан озып кетіп, ғасыр соңында қазақ тағдырына ауыз салар зауал шақты алдын ала сезінуі бар. Картина сарғыш-қызыл, жалқын түс пен қара қоңыр гамманың контраст, шарпысымен шешілген. Шаршыдай тартылған кенепке түскен, ақ-қара киінген кейіпкерлер тұлғасы солға қарай орналасқан. Бейне, алды – тар, арты – өрт. Аспаннан жаңбыр емес, қанды, құмды дауыл жауатындай. Қолшатыр жамылған екеу жаңбырдан емес, зады белгісіз әлдебір әлеметтен қорғанып келе жатқандай. Газет ұстаған ер адам төніп келе жатқан жаманшылық атаулыны алдын ала оқып-біліп, қауіп-қатерді аңдап, ішінде дабыл қағылып келе жатқандай. Жүзі байсал көрінгенімен қабағында ойнаған беймаза күй білінеді. Алға ұмсына, абыржыған әйелдің келбетіне түскен жарық сәуле ғана болашақтан үміт барын мегзейді (Осындайда суретші Жұмақын Қайрамбаевтың: «Дүние трагедияға толы, алайда мен бояулар үндестігінен үміт іздеймін», – дейтін пікірі еске түседі).
* * *
Ғани аға режиссер Ямада Едзи түсірген «Тұжыр самурай» сияқты. Жаны соншалық нәзік. Алайда аса қарулы қолындағы семсерін мың құбылта сілтейтін мастер Сейбей тұрпатты. Ақ-қара, сызық суреттері осы сөзімізге дәлел. Абристің күшін толық меңгеріп, тоқтамай сызып, бөгелмей самғатып, суретті қимыл-қозғалысты құбылысқа айналдырып жібереді. Ұйқыдағы еркетотай бойжеткен, бау көтерген әйел, балақай ойнатқан, сәби емізіп отырған келіншек бейнеленген ақ қағаздар картина танитынды тәнті етпей қоймайды (ғұлама Леонардо да Винчи, бәлкім, алға, болашаққа сытылып шығып, Ғани Баяновтың картинасын көріп барып «Мадонна Литта» мен «Мадонна Бенуаны» жазған болар, ә?).
* * *
Акварель өз табиғатын, нәзік жанын түсіне сезінгендерге ғана өз құпиясын ашады дедік. Ғанидайын түстер дегустаторының қылқаламына тартылғыш, орала кетуге бейім-ақ. Ол жанның сапасын құйып бергеніңді қалайды (Май бояумен қатар жүрмейді. Оның нәзік реңдерін май бояу беруге дәрменсіз).
Баянов акварелінің әрбір қабаты мен қатпарынан өзгеше әңгіме өрбіп, ең жақынын, ең жақсысын жазады. Жазғандары көбінше ұзын шашты, қос етекті кейіпкерге айналады. Әйел-ана, қыз-қалыңдықтардың он екі өрме бұрымын, үкілі тақиясын, кәмшат бөркін, шәлісі мен шапанын, шалғышы мен шәй орамалын, камзолы мен белбеуін, көйлегі мен етігін бипаздай жазады. Қазақ халқының ежелден келе жатқан киім үлгісі еш бұзылмай картина идеясымен бірігіп-кірігіп кетеді. Кейіпкерлерін алыстан көз тартатын салтанат киімдермен емес, тұрмыстағы қарапайым да төзімді киімдерімен бейнелейді. Олардың әлпеттері де – сүйкімді. Орта бойлы, тығыршық денелі, дөңгелек жүзді, саржа қас, оймақ ауыз, ай сырғалы қыздар Баяновтың бейнелеу әлеміне еркін кіріп, көргенге қол жеткізбей алыстап кетеді.
Ғани аға интерьердегі кісілер мен сырттағы адамдарды айнала ауасымен, келбетіне түсер рефлексін орай, тыныстата жазады. Суреттерінің негізі, тіні болып әуен мен лирика жүреді. Суретші картинасындағы кеңістікті өз демімен, әз болмысымен жылытып отырғандай болады. Суретшінің дарын иесі ғана емес, дүниеге шуақ, әлемге әдімілік себуші де екенін мойындайсыз. Ұзара тартылған шығармашылығының өн бойынан таза шынайылық, адалдық көрініс береді.
* * *
Көкірегінің құпия кілтін, шүңеттегі сырын көлденең көк аттыға аша бермейтін өзі сияқты акварельге сеніп тапсырған (өзі туралы айтуға пәс, жарнаманы керексінбейтін) Ғани Балмұқанұлы – біз үшін тылсым. Жанымызда жүрсе де, болмысы құпия. Арамыз – айшылық жол. Алыс пен тылсым біз жазған эссеге бағына да бермейді.
Екінші тыныс
Арадағы айшылық жолды еңсеріп, суретші Ғани Баяновтың шеберханасында болып, қолында бар шығармасын тұтас көру – сапарың оңғарылғанға есеп. Һәм үлкен бір галереяны бүтіндей аралап, көргеніңді тұтас сіңіріп, таным қоржыны толып, ауырлап шыққанға есеп. Ұқыпты қолымен қаттап жинаған, көлемі шағын этюдтерін, Қызылорда өңірін, «Қоғалы көл», «Бірқазан», «Байтен», «Қаратау», «Қамбаш», «Сұлутөбе», «Ерімбет», «Жаназар» тұрпатты шығармаларын көру қандай?
Таза бояуларды біріне-бірін араластырып, палитра бетінде иін қандыра езіп, кенеп бетінде сонша пісіріп, колерін мейлінше қоюлап барып тоқтайды. Сылап-сипап, қалай жазғанын жасырып, ізін жоғалтып жібермей, жұмыс барысын, қимыл-қозғалыс процесін көрсетіп барып толастайды. Кенебінен білінер-білінбес, көрінер-көрінбес жұқа реңдерді еш шатыстырмай, дәл-дөп қоятын қырағы көз, қуатты қолы білінеді. Көк те емес, көгілдір де емес, көкшіл де емес, күлгінденіп, күл түстеніп, көкжиекпен жіксіз тұтасқан аспанды, ащы күн шыжғырып, оңып кеткен дөң-төбелер, құм шағылдарды, шөп үймектерін, әктелмеген тоқал там, қора-қопсы, ескі шарбақ, соншалық ыстыққа төтеп беріп, мойымай өсіп тұрған көнбіс терек, күңсіп тұрған тал-дарақтарды кенебіне сіңіре жазады. Елі жайлауға көшіп, иен қалған қыстауларға барып, оны мекен қылып, тұрақтап та жазады. Тораңғыны келбеттейді. Картинасына ақ сор, ащы көлдерді түсіреді. Пленерінен тандырдай қызулы кеңістік білінеді. Аңызақ соғады. Айшық, айғайсыз, біртоға, сырын ішке бүккен бұйығы өлкені беріле бейнелейді. Сөйтеді де, тап аквареліндегідей тағы да тереңдеп, маңып-маңғыстап кетеді…
– Біздің таулар (Алатауды нұсқап), сәнді де әсем, көркем де биік таулар ғой… Ал мынау уақыт мүжіген аласа Қаратаулар – рух иесі, көне де киелі таулар, – дейді.
* * *
Қостанай көрмелеріне барып келген күйі, қатталған жәшігінен алына қоймаған акварель картиналарына куә болған қандай? Біртіндеп суырып, алдыңа қойғанда – «шомылған қыздар; аулада қолына түйіншек ұстап, бірі ұл көтеріп, біріне бала сүйенген, бір-бірімен қоштасқалы тұрған апалы-сіңілілер; венециялық бикештермен көкке шығып, көгалға дастархан жайып, таңғы ас ішіп, әңгімелесіп отырған (бізге таныс) екі суретші, аулақта мал айдаған қазақ қыз; кішісінің шашын тарап отырған әпке» секілді сюжеттерге құрылған акварельдер топтамасы біртіндеп көзге түсіп, киіздей тұтасып, жайлап көңіл түкпіріне көшеді. Көкейдегі суретшілер әлемін биіктете кеңейтіп, бейнелеу өнері кеңістігін ұлғайта, тереңдете береді.
Қарындашпен сұлбасын сызбастан, қағаз бетін қажетті түстермен екі-үш рет жауып өтіп, кейіпкерлерін композицияға бағындыра, қылқалам ұшымен бірден түсіргенін көргендегі әсер әсте бөлек.
Ғани аға «Іңірде бұйырған дәм» картинасында Веласкес пен Джорджоне, Ян Вермеермен бетпе-бет отыр екен. Онда салтанатты киініп, шаштары иығына түскен қонақтардың Ғанекеге деген құрметі көрініп тұр. Олар бір сәт үй иесінен назарын бұрып, бізге қарай қалыпты.
Сарғыш фондағы композиция (қыздардың көру бағытымен) солдан оңға қарай – кардиограмма сызығы тәрізді, бірде көтеріліп, бірде басылып оңға қарай жүреді. Әлгі сызық тынбай жылжып отырып, түрегеліп тұрған Джорджоненің үстелге тіреген сол қолымен барып тіреле, төмен қарай қызыл перденің етегіне жалғасып, багетке тіреле бөгеледі. Картинада салынған орындақтар мен үстелдің көлденең де тік сызықтары кейіпкелерді бір-бірімен байланыстырып, «байлап-матап» алған. Қонақтардың ту сыртындағы Никола Пусеннің «Ақынның шабыты» картинасы мына оқиғаны тіптен тірілтіп, оның қозын үрлей түседі. Үстелде графинге құйылған шарап пен сол жақтағы қызыл перде де әңгіме ауанын күшейте түседі.
Композицияның орталық нүктесі, әрине, меймандар жақта. Автор өздерін, қазақтар тарапын әдейі аса қарапайым, аскет қалыпта бейнелеген. Cонау ғасырдағы еуропалық биік өнер өкілдерімен деңгейлес Баяновтың желгек дәруіштер секілді, жалаң аяқ отыруы да аса үлкен мәнге ие. Картина – салтанат пен қарапайымдықтың контрасты арқылы ұтқыр шешілген.
Ғани ағаның ту сыртында басына орамал тартып, алдына шалғыш таққан үлкен қызы мен сүйікті кенжесі ас әзірлеуге дайындалып, «көке, қонақтарға сыбаға береміз бе, жоқ әлде, қонақасына қала ма?» деп сауал тастайтындай…
– Акварельге қызығып отырсың ғой, бірнешеуін берейін бе? – деп сұрайды мырза пейілмен, жомарт қалпымен.
* * *
«Жеті шелпек», «Хат оқыған қыз», «Шырақ ұстаушы» сынды камералық картиналарының бедерін, ой-шұқырлы қылқалам іздерін, рельефін сипап отырып, кейбір жерінің шаңын үрлеп қалып, жарықтың түскен бағытына орай, шағылысуына қарай, картинаның күн райына қарай құбылу мінезін ескеріп, аудара айналдыра, сыр иісін сезіне отыра, аса бай бояу реңдерін қабылдаған қандай?..
– Өзіңнен көр. Бұл картиналарды ерте келіп қарау керек еді. Түс қайтқасын өңін таптырушы ма еді? Жүріп алдың, «ана суретшім, мына суретшім» деп. Алдымен, құла таңнан тұрып, ағаға келіп сәлем бермес пе? – деп жорта ұрысады.
* * *
Шеберхана қабырғаларына арқасын беріп, төңіректей қалған шкафтардың үстіне, картон папкаларға рет-ретімен, сапасына қарай бөліп, қаттап жинаған, ақ-қара сурет, абрис түпнұсқаларды ұстаған қандай? Бірде қарындаш, бірде түрлі-түсті, бірде қара гель қаламмен, бірде ақ, бірде сарғыш, енді бірде сұр қағаздарға сызған көл-көсір графиканы парақтай берген – жанның рахаты. Әуелі экраннан, интернеттен ғана көрген (денін бұрын-соңды көрмеген) суреттерді бір-бірлеп алып, сұқтана да үңіле қарап, назарың кетіп, рет-ретімен (қимай) төңкере сипап отырғанда, суретшінің жүйткіген қолы елестейтіндей, қалам сусылы естілетіндей. Суреттегі сыбызғы тартқан періштелерінің дыбысы құлаққа келе ме? Кейіпкері қобыз шалғанда мына бізбен қоса елти ме?..
Аспа шам көтерген келіншектер, шырағдан жаққан бикелер, ай астында, жұлдыз жамылған қыз балалардың мына өмірге еш қатысы жоқтай. Біздің күнде көріп жүргендерімізден алыс, біздің көңіліміздегілерден қашық, Баянов әлеміне ғана тән, Ғани суретшіге ғана тиесілі, құпиялы-сырлы кейіпкерлердей…
– Жалқаумыз. Осындай суреттерді күн сайын сала беруім керек еді! –деп және дабыстайды.
* * *
Зәумен барғанымда Ғани аға ішімдегіні тап деп, тылсымға тұнып, отырып алған жоқ. Жылдар өткен сайын өзіне түрлі талаптар қойып жазған автопортреттерін де сандығынан алып шықты. Өзінің шығармашылық құпиясымен де бөлісті. Қай түс пен қай түстің араласқанында қандай мінез танытатынын тәптіштеп түсіндірді. Жолдарын көрсетті.
Ғұлама Рерихтың: «Суретші салған әр картина белгілі бір реңдердің араласуынан немесе олардың үйлесімді табысуынан, яғни синтезден тұрады. Бояулар неғұрлым үйлесімді болған сайын олардың синтезі соғұрлым жетіле бермек, осы үйлесім жоғарғы деңгейлі кемелдікке жеткенде, бояулар өздігінен маздап, шоқтана жанып, жайнай түседі», – дейтін тәмсілін айтып, қиянға және кетеді.
* * *
Ағаның суреттері көз арбамайды. Жарқылсыз, қазақтың ғажайып та биязы, түр-түсті текеметіндей көңілде қалады. Биік рухымен, жаныңды орай жылытып…
Жеңіс КӘЕНҰЛЫ,
суретші
PS. Ғани аға өз суреттерін көрсетіп жүргенде, жүндес ақ мысық шалғайына жармасты да жүрді. Мен ұстаған папкаға барып жатып алады, мен қараған үстелге көсіле кетеді. Қолым тиген сөреге қарғып шығып, тесіле бақылап, бейне қызғанып отырғандай кейіп танытады. Жатырқап, жат көзді жақтырмайтындай қарайды…