Көкбұлақтың суы (Диптих)
11.08.2024
513
2

Мұса секретарь күндегідей ырғалып-жырғалмай сәскелік шайын апыл-ғұпыл ішіп, соңғы шынысының ернеуін басып болар-болмас ернін жыбырлатып, бетін сипаған кез­де, тіркемесін сүйреп солығын баса алмай ентіккен трактор есігінің алдына келіп тұмсығын тіреді. Кешеден бері осы үйдегі іркілдеген сары бәйбішенің әмірінен екі елі ат­тап шықпай, жайлауға керекті жүкті тап-тұйнақтай қылып буып-түйіп жүрген жігіт­тер өздері әбден сырдесте боп кеткен сөзге сараң секретарь үн-түнсіз ауыр адымдап далаға шыққанда, оның әмірін қабағынан танып, буулы теңдерді сыртқа шығара бастады.
Мамырдың жанға жайлы әдемі таңы бар жан иесін әлдилеп оятып мынау мамыражай күндердің бояуын қанықтырып, өрнегін құлпырта түскендей. Шылбыр бойы көтеріліп, шартабақтай толысқан күн әлемнің әр бұрышына мейірін төгуге асыққандай дегбірі қашып тік көтеріліп барады. Тіркемеге жүктің жарымы тиеліп бола бергенде, жайдақ ат­тың белінде екі аяғы жерге тиердей салбыраған соқталдай жігіт, бүкіл ауылдың итін азан-қазан шулата суыт келіп атынан домалай түсіп, Мұсаға сәлем берді. Осы жартығасырлық ғұмырында мұндай суыт жүрістінің талайын тік тұрып қарсы алып, сезімнің кілтін ақылға түп-түгел өткізіп беріп, сабырға дағдыланған Мұса алдына аптығып жеткен жігіт­тің тосын жүрісіне тіксінбестен, жайбарақат сәлемін алып, жөнін сұрады.
– На… нағашы атам «сізді келіп кетсін» деп жатыр, – деді жігіт тұтыға сөйлеп.
– Тыныштық па?
Ә дегенде селт еткен Мұса тез өзгеріп нығыздала қалды.
– Тыныштық. Тек сізді көргісі келетін сияқты. Жайлауға көшеріңізді естіген соң, мазасызданып, келмей кетпесін деп, мені тізгін ұшымен жіберді.
Бәрі де бір демнің ішінде болды. Дарылдап қақалып тұрған трактордың үні өшті. Жігіт­тердің қимылы да тоқтады. Мамағашта қаңтарылып тұрған ат та ерт­телді. Жайшылықта бастық байының сыртынан билік айтып, болып-толып жүретін бәйбішенің қазан қайнатар байбаламын ешкім ескермеді. Қысы-жазы белдеуінен жүрісі жәйлі бір жақсы ат­ты үзбейтін секретарь көктемнен әрең шыққан қолау мәстегімен текіректеген жігіт­ті арқан бойы артқа тастап, сытылып шыға берді. Ой желісі де тез тартылып, өткен күндердің көші санасын торлап барады. Ызғары мен шуағы араласқан өмірдің қилы сәт­тері көз алдынан сырғып өте бастады. Апыр-ау, опасыз жалған десеңші! Кеше ғана ат құлағында ойнап, бір ауыл елдің мырзасы да, тентегі де болған жылқышыны жаман ауру меңдеткелі жылдан асып барады. Өзінен қос мүшел жас үлкен осы шалмен туыстай жақындасып, мөрті келгенде құрдастай әзілдесуші еді. Әрине, оның бәрі жарасып тұратын. Бүкіл өмірін ат үстінде өткізіп, осы елдің басына келген жақсылықты бірге тойлап, жамандықты қайыспай бірге көтерген, тірісінде ерлік, мәрт­тік мінезі аңыз болып тарап кеткен қарқарадай қайран шалдың халі мынау. Кер жайлаудың тұнық ауасына, кекірік ат­тыратын сары қымызына аяғы жетпей, ойдың масасына, шыбын-шірке­йіне таланып жатыр. Неге шақырды екен? Екі жұманың алдында ғана жол-жосынымен барып, көңілін сұрап қайтпап па еді. Әлде тентек шал?..
Қолында қызыл мөрі бар бір кент елді билеп-төстеп тұрған кісі қайсы бір пенденің көңілін таба береді дейсің, сонан соң артынан дат­тайтындар да, мақтайтындар да көп. Көбімен бір күндік жарықтың несібесін бөліскені үшін жұлқысып өтсе де, өлгеннен ке­йін өкпе-наздың бәрін ұмытқан. Дегенмен осы шалдың өзі үшін жөні бір басқа. Ана бір су басынан лайланып, обал-сауапқа қарамайтын алай-дүлей заманда жоғарының тапсырмасын орындау үшін болмашы іске бүлініп, бет жыртысып, тіпті қамшы ала жүгіріскен шығар, бірақ оның бәрі өт­ті, кет­ті. Ұмыт болды. Ал есінен кетпейтін араларында болған бір әңгіме бар. Сол жолы бұл қасқаны шын таныған. Коммуна құрылған жылдарда біренеше атадан бері шыптасына шыбын қонбаған таза кедей тегіне, жұлынып жүріп қара танып алған пысықтығына сүйеніп, бет қаратпай ысқырып тұрған комсомолдың өзі болып қалыптасқан. Енді біраз оң, теріске басын ауыртпай партияның сызған сызығы бойынша алға зымырай берсе, «ерекше материалдан жасалған коммунистер» ауылынан түтін шығарып, шаңырақ көтеруі алыс емес-ті. Сонда ғой, айбарынан рулы ел ығатын әсіресе артында қоңырауы барлар мұны көргенде, мысық көрген тышқандай жымығатын.
Шілденің аптап ыстығы болатын, таңмен таласып шалғыға түскендердің дені шөлден қаталап, күңкіл-сүңкілді көбейте бастады. Өзі де мандытып шалғы тартпаса да, алай-бұлай сабылып жүріп титықтаған. Кіші бесінге де­йін келуге тиіс қымыздан әлі хабар жоқ. Қара жұмыс қалжыратып, шөл қаталатып тұрған қай пенде мұндайда жайсаң мінез көрсетсін. Қаны басына теуіп, шерін кімнен шығарарын білмей тұрғанда, қос тұлыпты теңденген Жапаражы да салып ұрып жет­ті. Тегін қуғанда орта тап қатарынан саналып, қыл үстінде жүргені есінде жоқ, мына науқан қызып жатқанда жұмысқа кесірін тигізіп, пролетариат диктатурасымен қалжыңдасқысы келетін сияқты… Осыны ойлап, көз алды тұманданып кеткен комсомол:
– Ей, шал, қайда сандалып жүрсің?! – деп төтесінен тарт­ты.
Қымызды түсіріп, дойыр қамшысын бүктей ұстап қасына келген Жапаражы қадала қарады да:
– Ой, антұрған, қу жетім! Осы жетімдігің ғой сақалдан алдырған, ернің аққа әрең тигенге көтере алмай көбеңсіп жүрген шығарсың, әйтеуір тірі жүр, қарғамайын, түбі алдыңнан шығар, – деп жүре берді.
Осы сөзі-ақ «қоңыраулы шалға» қоқырайтып қалпақ кигізе салуға жетіп жатыр, түк болмағанда бірнеше рет күрес жиынға салып, көзіне көк шыбын үймелетуге жететін материал еді, бірақ бұл арызданбады. Көптен бері күрес жиын сағынып аузы қышып, қолы алдына сыймай жүрген әпербақан жолдастары қолтығына су бүркіп, қанша қайраса да былқ етпеді. Іштен тынып, өзін сабырға шақырды. Бірте-бірте жастық, мастықтың дарақылығынан арылып байқап басып, аңдап сөйлейтін әдетке ауысты. Одан бері қаншама ай аунап, жыл жылжыды. Бұл басына үй тігіп, бауырына қазан көтерді. Сонда ағынан ақтарылып батасын берген, отауының жыртығын жамап, кемін толықтырған тағы осы шал еді. Ке­йін бұл басқарған шаруашылықтың желі оңынан тұрып, мал басы күрт өсті де, Жапаражының табынынан бір бие егіз құлындап, айналасын дүр сілкінт­ті. Мұның бәрі Мұсекеңнің мансап жолындағы өсуіне пайдасы болмаса, зияны тиген жоқ. Тіпті Пекин қаласында өткен социалистік елдердің ауыл шаруашылығы көрмесіне барып қатысудың сәті түсті. Әрине, оның бәрі айдарынан жел ескен, салған әні алтықырдың аржағынан естілген болып-толған кезі екен. Бұл дүние кімдерге опа берген?! Мына дүниенің бар қызығы деп құмартып жүрген бақ пен байлығың да қылтың-сылтыңы көп, жеңілтек ұрғашыдан несі артық? Бірде өз аяғымен келіп құшағыңа құласа, енді бірде табаныңның астынан құз болып жарылады. Жұмыр басың мойныңнан ажырамаса, ондай-ондайдың әлі талайын көресің, көндігесің.
Әлі есінде, ит көйлегін шешсе де, ана сүтінің дәмі әлі аузынан кетіп үлгірмеген, жеткіншек жастарында сойқаны мен қырсығы бастарынан асқан сотанақ содырлар жатып кеп қағынып тізгінге жармасып, сақалдан алған күндер де болған. Сол пәтшағарлар басына сайқымазақ сурет салынған қоқырайып тұратын қағаз қалпақ кигізіп, ауыл аралатып, күрес жиынға салғанда, осы кент­тегі құқық пен беделдің символына айналған Мұса күреңді жалқау Жабықбай иемденіп, «ендігі секретарларың мен боламын, бұдан былай Мұса күрең емес, Жабықбай күрең дейсіңдер!» – деп, жанкүйерлерін жиып мал сойып, тойлатып жатқанда, күрең ат­ты кермесінен шешіп алып, өзі науқандық пәле-жаладан ағарып қайт­қанша, ешкімге жалынан сипатпай арқандап баққан жүрегінің түгі бар тентек шалың өзге емес тағы осы Жапаражы болатын. Уәдесінен таймау, жолдасын сатпау әрі жау қолына қалдырмау – байырғы барымташылар үшін жазылмаған заң еді.
Тау асып, тас басқан жортуылдардың бірінде, Жәкең қалмақтардың қолына түседі. Ары-бері қинап тіл ала ала алмай өшіккен қуғыншылар бұл кісіні қарағайға асып қойып, астынан тобылғының шоғымен қыздырады. Тобылғының қызуы біртіндеп бойға жайылғанда, майлары еріп жерге тама бастайды да, барымташы бір сәт талықсып кеткенде, өліп қалды деп ойлаған қалмақтар қазаққа құн төлеуден қорқып, іздерін жасырады. Алыстан баспалап тұрған жолдастары жетіп келгенде: «Мені түсіріп, денемді дереу сиырдың жаппа тезегімен сылаңдар», – дегенге әрең тілі келіп естен танып қалады. Аулына жеткен соң сиырдың жаппасы мен ұн әкеліп денесін сылап, күйікті ішіне түсірмей аман алып қалса да, қолдырап қалған арқасы айғыз-айғыз болып көрген адамның жанын түршіктіретін. Бірақ содан ке­йін алыс-жақынға аты шығып, айналасын десі басып тұратын тегеурінді кісіге айналды. Мұса күрең ат­ты алғалы үйіне барғанда да, әлдекімдерше суық қабақ танытып, салқын қарсы алмады. Бар-жоғын алдына жайып, жүдеп-жадап жүрген көңілін бір көтеріп тастады. Қазанда былқып пісіп жатқан соғымнан қалған сүрінің иісі танауын қытықтап, шебер қолдан шыққан қаймақты шай тілін үйіріп, көп көріп, көп жорытқан жылқышының әңгімесі көңіл сарайын аша түскен сайын, осы отбасы үшін өзінің мәртебесінен гөрі қара басының қадірі артық екенін жан-тәнімен сезініп отырғанда, шалекеңнің көп қыздың ішінде Құдайдан мойнына бұршақ салып жүріп әрең тілеп алған жалғыз ұлы сабақтан қайтып келді. Әңгімесін шорт үзген жылқышы: «Балам, ағаңа сәлем бер, одан соң қолыңды жуып, шайға кел», – деді баласына мейірлене қарап. Мойнындағы боқшасын жүктің үстіне қарай лақтырып жіберген бала бұған қисая қарап: «Мао төраға жасасын!» – деді де, дастарқанның шетіне сұлай кетіп, бір жапырақ нанды алып тақсыдағы сарымайға қол салды. Әлгінде ғана жаймашуақ отырған отағасының мұрт ұшы жыбырлап, биік қабағының салбырап бара жатқанын аңғарып енді анықтап қарағанша болмады, алты таспа бұзаутіс қамшы баланың арқасына сарт ете түсті. Баж еткен баланың даусымен бірге бәйбішенің қолындағы шыны да жерге түсіп қақ айырылды. Бажылдаған кемпіріне қаратып: «Осы ұлың жібі түзу адам болса, мұрнымды кесіп бере­йін!» – деді түңіле. Жапаражының балаға мұндай қат­ты ашуланғанын өмірінде тұңғыш көруі еді. Осы жалғызының басынан құс ұшырмай мәпелеп, қайда барса да қасынан тастамай алып жүретін. Қайсы бір тойда сыйлы қонақтың алдындағы әлі туралмаған жамбасқа қол созған сотқар ұлына тек дегеннің орнына, өжет­тігін айтып мақтанған Жапаражының сол күні кісі алдындағы сарымайға қол салғаны үшін сабамағанын іштей түсініп, сүйсінген-ді, енді ойласа сондағы кемпіріне айт­қаны текке кетпеген сияқты.
Адам дегенің қиял теңізіне бір сүңгігенде қаншалық жерге ұзап кеткенін білмей қалады. Мұндайда уақыт, кеңістік деген ұғымдарыңның бәрі де сенің ой жүйеңе бағынады. Бағанадан бір қиырды шарлап кеткен Мұса, міне, жылқышының мамағашына кеп ат­тан түсіп жатқанын әрең сезді.
Көп жылдан бері жылқышы шалдың қыстауы болған үш ауыз тоқал тамның алдындағы көгалдау жерде, шағаладай төрт қанат ақбоз үй тігулі тұр. Есіктің алдындағы жер ошақтан көтерілген түтін желдің бағытына қарай қисая өрлеп барады. Ошақтың алдындағы шоққа қойылған ақ шәйнектің бүйірі жылтырап көрінеді. Үйдің артында жасаңға текемет­ті жайып тастап, шалдың жалғызы мен тағы біреу жартылықты алдарына қойып алып шұлғып отыр. Әне біреуі көтеріліп тұра бере, лоқсып құсып жіберді. Далаға күн сала шыққан ақшылауышты, белі бүгілген бәйбіше Мұсамен сұлық есендесіп, ергеншекті айқара ашты. Қабат-қабат көрпенің үстінде басын биік жастап, шаңыраққа тесіле қарап жатқан Жапаражы Мұса даусын көтере сәлем бергенде, оң жағына күшпен аунап түсіп, дәрменсіздене қолын созды. Бұрынғы биік қабағын әжім басқан маңдайы тұқырта түсіп, от шашып тұратын көздерінің нұры қайтып, шүңірейіп, ішіне кіріп кетіпті. Мол денесінің еті қашып тарамыстанғаны сонша, тірі аруақ дейсің.
– Жәке, қалай тәуірлене­йін дедің бе?
Сұрарын сұраса да, Мұса іштей қынжылып қалды. Амал жоқ қанша қиналса да аузынан шығатыны осы сөз болған соң, демін ішіне тартып науқастың жанына жайғасты.
– Е, менен не хал сұрайсың? Өлі мен тірінің арасында тарамысша созылып жатырмыз ғой, – сәл тыныстап алып сөзін баяу жалғады. – Естуімше, тауға көшкелі жатыр екенсің, көш байсалды болсын.
– Айт­қаның келсін! Біздікі сол баяғы шаруаның қамы ғой.
– Шіркін! Денің сау болса, мына ыстыққа қамалмай, көк жайлауда жүрудің өзі ғанибет ғой. Көзімді жұмсам болды, қарсы алдыма тау келеді, – естілер-естілмес күрсініп барып тыныс алды. – Жақыннан бері түсіме әке-шешем кіріп, әлдебір жаққа ертіп кетеміз деп шақырғыштап жүр. Байқаймын ұзамаймын, өзіңе айт­ар бір тілегім бар, соған шақыртып едім.
– Құлағым өзіңде, айта бер.
– Кіші де болсаң бас болдың, көңілі жақын тамыр едің, сенерім – сенсің. Баланың түрі – анау… Қазір нәр татудан қалып барамын. Есіл-дертім – Көкбұлақтың суы, соны бір жұтып өлсем, арманым жоқ сияқты. Сол бұлақтың қайнар көзінен бір тұлып су әкеліп бер. Басқаға айтсам, мына аяқ жақтағы сасық қарасудан, болмаса дөңнің етегіндегі есегі де, доңызы да аузын малып жатқан тоғанның суынан алып келіп, мысымды құрта ма деп қорқамын. Жақсылығың менен болмаса да, Құдайдан қайтар, – деп ентіге отырып, ұзақ сөйлеген үй иесі ақыры дәрмені құрып, сұлық жатып қалды.
Жылқышының таңғы дастарқанынан бір-екі шыны шай ішкен Мұса үйіне келе сала тиелген теңдерді қайтадан түсірт­ті. Өмірінде пұшпағы қанамаған, байының таяғына да әбден үйреніп алған көкайыл қатынның баж-бұжын бит шаққан құрлы көрген жоқ. Жайлауға барғанда жылқышылардың күн аралатып міндет­ті түрде қымыз тасып тұруына дайындаған екі тұлыпты теңдерді ақтарып жүріп тауып алып, қанжығасына байлады да, ат­тың басын жіберді. Көз алдынан әбден арыған науқастың аянышты бейнесі кетер емес. Былтыр ғана таң бозынан тұрып алып жылқы қайырып, шауып жүрген қайран қарт қазір, міне, тірі аруақ. Е, опасыз жалған, саған не амал?! Қайран асылдың сынығы, көненің көзі десеңші! Дәм-тұзы таусылайын дегенде Көкбұлақтың суын аңсапты. Ол тілегін өзіне айтып отыр, осы тілектің үдесінен шыға алмаса, елужылдық өмірінің не қадыр-қасиеті қалады, енді қара көбейтіп, қалқиып жүргені кімге керек? Жоқ, сөзсіз орындайды. Мұндай асыл адамды арманда жіберсе, азамат­тық атына сын. Шалдың өзі де сол жартастың қапталынан шымырлап шығып жатқан бұлақтың суына ежелден ынтық еді-ау. Әлі есінде, қай жылдары екенін ұмытыпты. Әйтеуір бір топ басшы Көкбұлақтың бойына қызмет жөнімен барғанда ақжаңбырдың астында қалып, бір жұма осы шалдың қосында жіпсіз байланып жатқан. Өңшең қарны тоқ, жұмысы жоқ зеріккен кадрлар күннің қабағына қарап қойып ұзынды күн қысыр кеңес құрып, карта ойнаумен уақыт оздырды. Қилы-қилы ойын ойлап тапты. Екі-үш күн өтіп қымыз таусылғанда, тағы бір қылжақпас картадан ұтылған кісіге бұлақтың суын ішкізуді ойлап тапты. Сонда бәрі қаптап, ойында қаралық жасап, шалекеңе 36 кесе бұлақтың мұздай суын ішкізген. Ішкен сайын: «Білмейсіңдер, жатақтың күнқақты қулары, Көкбұлақтың суы ішкен сайын сарайыңды ашады ғой, шіркін!» – деп қылқылдатып жұтушы еді-ау сабазың. Енді, міне, сол Көкбұлақтың суына жол тартып барады. Байғұс шалдың қанша су ішкілігі қалды екен десеңші! Жолы болып үлгеріп келсе жарар еді.
Мұса секретарь араға екі қонып, үшінші күні кіші бесінде екі тұлып Көкбұлақтың суын теңдеп оралды. Қасықтап ұртатқан суды да қайтарып қал үстінде жатқан Жапаражы сол күні Көкбұлақтың суынан жарты шыны суды мейірлене ішіп, маңдайы болар-болмас жіпсіді. Бұл жағдай үш күнге жалғасып, төртінші күні іңірде денесі құрысып, қиналмастан ұйықтап жатып жүріп кет­ті. Қол-аяғының суып кеткені болмаса, жүзінен тірліктің нышанындай разылықтың ізі байқалады.

МЕЙІР

Алланың пешенеге жазған сызығынан қиыс кетпей, қолда барына қанағат қылып, тарылмай-шашылмай өзінің қоңыр қалта тірлігіне мәз болып: «Е, Құдай, бергеніңе шүкіршілік!» – деп, тәубесін айтып жүре беретін малшы туысқанның жүйкесін жұқартып, сабырын сарқып, мынау опасыз жалғанның жер-жебіріне жеткізетін қиямет сәті жоқ қарау болса керек. Қайда барарыңды, қайда тұрғаныңды білмейсің. Өзің аттап баспаған қу медиен далада сандалып, тумысыңда көрмеген біреулердің аузынан бір хош хабар еститіндей телміре қарап, одан ештеңе шықпаған соң басыңды шайқап, көкірегің қақ айрыла күрсініп қойып тағы да жолға шығасың, не үшін? Әрине, жоқ қарау үшін.
Әр түліктің өз қасиеті болса, соның соңына еріп, түн ұйқысын төрт бөліп жүрген әр малшының да өзгеге айырбастамас жапа-машақаты, рахат-қуанышы, басқалар қайталай алмайтын мінез-құлқы бар. Жорға мен жүйрікке тақымы толған жылқышы мырзасынып шырт түкірсе, сиыршының да өзіне тән бақай қулығы, бастық атаулының әмір-пәрменін жүре тыңдайтын астамдығы болады. Әсіресе жердің миы шығып, жасамыс кісінің сүйегі жұқаратын көкішек көктем өтіп, жарқын жаздың нышаны белгі беріп, сүті мол сарқұлақ сиырлардың соңынан мөңіреп бұзау ерген кезде қадірінің артып, абыройының аспандайтынын айта көрме! Бір шайлық сүтін көбейтіп, бір қарын майды артық алуды ойлаған ағайынның алдыңа келгендегі мүләйім бейнесі, қошемет күлкісі мерейіңді арттырып, бір жасатып тастайды. Мұндайда бригадирді айтпағанның өзінде, бухгалтер-сухгалтерден бастап, қарауылға дейін есігіңнен сығалайды. Жаз жайлауда қымыз ішіп қыдырғанда мінер күлігің, бала-шаға қызылсырағанда жейтін тоқты-торымның еті осы кезде шешіледі. Оны аз десең, балаларыңның иінге ілер көйлек-көншегі, бәйбішенің қобдиына бірер орам қант, шай дегенің есептен сырт түседі. Иә, ол бір рахатты күндер ғой! Бірақ жаздың шуағына шомылып, күздің молшылығына тойынып жүріп, қора-қопсыңа абай болмай, бірер мүйізді қараны жоғалтсаң немесе қыстың қызыл шұнақ аязында үйкүшік болып үйде омалып отырып қалып, аштыққа шыдамай жосылып жүретін зеңгі баба ұрқының бірнеше тұяғынан көз жазып қалсаң, оның жазасын көктемде тарттым дей бер. Санақтың алдында тентіреп қоңыз теріп кетсең де табуың керек, өйтпегенде мойныңа ілінген бірер қарадан құтылып көр. Онсыз да жылдық кіріс-шығысы қызыл цифрмен жабылып жатқан әтіреттің қарызы жыл аунап көбеймесе, азаймайтыны анық. Содан соң көк жайлауда ала жаздай ішкен айран, жеген құртыңның, қыста анау-мынаудың көзін қызартып жейтін қарын-қарын сарымайдың, ел қара шайға қақталып отырғанда терлеп-тепшіп, сораптап, шамбасымен тісіңді шұқып отырып ішетін қаймақ қосқан сүтті шайдың берекесі қашты дей бер. Бәрін айт та, бірін айт – сорлайтын, сорланатын кезің сол, жоқ қарау.
Сәлімгерей мен Молдашәріптің жоқ қарап, бөтен елді шиырлап жүргеніне, міне, бір жұманың айналасы болды. Екеуінің қорасынан жоғалғаны – үш құнажын, екі бұзаулы сиыр, бақандай жеті тұяқ. Екеуі де малын бір мезгілде жоғалтқан, оның үстіне табындары бір-біріне жақын үзеңгі жолдас еді. Сонымен, бір-біріне серік болып жоқ іздеп шыққан. Сәлімгерей елуге әлі еркін ілінбеген, қолтоқпақтай аласа, қара адам, шүңірек көзі қашан да күліп тұрады. Сөзді де мақал-мәтел кірістіріп, дәмдеп-тұздап сөйлейді. Молдашәріпке қарағанда өзін еті тірі кісі санап, екеуара жүргенде көбінде сүйегіне дарымаған ұлықтық мінез танытқысы келеді. Кезіккен адамнан да малдың ен-таңбасын айтып, алдымен, сөз бастайтын сол. Ал Молдашәріп құйып қойған шойындай дәу қара болса да жетекке ергіш, сөзге тұйық. Сәлімгерейдің алдынан өтпейді. Ара-тұра бір күңк етіп мінез көрсетері болмаса, басбұзар тентектігі жоқ. Жоғалған малдарынан әлі ешқандай сыбыс білінбейді. Бұрынғы жылдары бәрін болмаса да бірнешеуін тауып, көзі табылмағанның нобайын мөлшерлеп актісін жасатып қайтушы еді. Биыл неғып кер бағып қалды екен деші! Бәрінен бұрын сүтті шайдың зары өтіп, бастарының сақинасы ұстап, кетеулері кетіп барады. Талғажау етер нан мен талқан өз бастарына жетерлік. Жолға шығарда бірнеше қайнатым шай ала жүрмегендеріне енді пұшайман болып жүр. Жылда жоқ іздеу сапарында бұлардың тартар азап, көрер құқайын жақсы білетін бригадерлері есепшісін жұмсап, қыстақ орталығынан жарты орам шай алдырып, қоржындарына салып беретін. Биыл жолға шығар кезде, диуана болып қоңыз теріп кеткір әлгі төсқалтасына қос-қостан қалам қыстырып, ұйпаланған самайы мен желке шаштарын бастыра кепкі киіп алатын, аттап бассаң аяғыңа оралып жығылатын немелердің бірде-бірі табылмай қойды емес пе?! Сонымен, «ел іші ғой, бірдеңенің жөні болар» деп жүріп кеткен. Көкелерін таныды, жоқшылық пейілдерін әбден тарылтып жіберді ме, кім білсін? Мына жақтың қазағы шетінен шық бермес Шығайбай болып кетіпті. Кірген үйлерінен көк судан басқа ыстық ұрттай алмады. Былтыр да осындай жағдайға ұшыраған-ды. Бірнеше қостан құр ауыз шыққан соң шетірек тігілген еңселі төрт қанат үйге жақындап келіп өгіздерін арқандап, құдайы қонақ екенін ескерткендей шаңыраққа қаратып, «Ассалаумағаликүмнен» бірнешені жіберіп барып, тізелерін бүгіп ары отырды, бері отырды. Төрге тиіп тұрған тулақтан орын алған бәйбішенің қолы жүн түтуден, босағаға сұғына отырған иманжүзді бойжеткен мен желегі желбіреген жас келіннің қолдары кесте тігуден босамай, қуыс үйден мосы көтерер ешкім табылмады. Ақыры, Молдашәріп шыдамай ұят-намысты ысырып тастап, «атам қазақтың бөлінбеген еншісі бар» дегенді медеу көріп, мосыға шәугімді өзі ілді де қалайы шәугім дыз етіп қайнағанда, қоржындағы шайдан бір опырып салған кезде, төрдегі кемпірден бастап, босағадағы қыз-келіншектің де көздері жарқ ете түскен. Келін мен қыз ширақ қозғалып қалған жұмысты үйіріп әкетті. Тіпті сары кебежедегі жарты таба бидай нанын ортаға салып, қою шайды сел-сел боп сүйсіне сораптаған бәйбіше: «Қарақтарым, қандай қара қазан үйге тап болдық» деп сөге көрмеңдер, көк суға қарап қалғанымызға үш күн болды», – деп шынын айтқан. Биыл екеуі ол күндеріне де зар болып қалды.
Кіші бесін болып барады. Сиыршының ұсақ әңгімесін айта-айта екеуінің де іші пысты. Ал бастары болса, мең-зең. Тек мінген қоңыр өгіздері ғана лыпылдаған жүрістерінен танбай жүріп келеді. Жоқ қарауға өгізден қолайлы көлік жоқ. Көп күтім керек емес. Бір мінерлерін қар суымен жайлауға жіберген сиыршылар әдеттегі арық-тұрақ, қолау-солау Қамбар ата тұқымына көз қырын да салмайды, баптап мініп жүрген өгіздерін оның қасында желмаядай көреді. Өлдім-талдым дегенде көзұшынан бір үйдің сұлбасы көрінді, ең қуанатын жері, мұржасынан көк түтін шұбалып көкке өрлеп барады. Көздеріне үміт оты ұялай қалған екі сиыршы өгіздерінің өкпесін оярдай тебіне түсті. Бұлар да таяды, түтін де өшті. Шелегін қарына ілген семіз сары келіншек үйінен арқан бойы алыстау жердегі желіге қарай беттеді. Күдері үзіліп, бір демде жүдеп-жадап қалған Молдашәріп жолдасына жапақтай қарап:
– Енді қайттік? – деді.
– Үндеме, алдымен, өгізден түс.
Бірдеңені ішіне бүккен Сәлімгерей өгізінен, алдымен, домалай түсті. Молдашәріп жаңа байқады, есіктің алдында көлеңкеде шағын текеметтің үстінде, кішкене нәресте жалғыз қалғанына ренжіп бар даусымен «ән» шырқап жатыр екен. Екеуі балаға таяғанда Сәлімгерейге тіл бітті.
– Бүгін Құдай бұйыртса, осы үйден шай ішеміз.
– Оны қайдан білдің?
– Алдымен, баланы уат, қалтаңда бірдеңе бар ма еді, балаға ұстататындай? Ана екені рас болса, сөзсіз қайтып келер.
Сөйлей жүріп Сәлімгерей баланы көтеріп алды. Қайтерін білмей, борсықша қорбаңдап сипаланған сапарласы қалтасынан талы таусылған сіріңкенің корабын алып шығып, сәбиге ұстатты. Әншейінде «өз үйі – өлең төсегінде» балалары жылап емес, боздап жатса да көз қырын салмайтын екі еркек қосыла әупірімдеп жүріп баланы әрең уатты. Бағанадан желінің басында күйбіңдеп жүрген сары келіншек ақыры дәті шыдамады, жүгіріп келіп сөндірген отын тұтатып, шәугімін мосыға ілді.

 

Омарәлі ӘДІЛБЕКҰЛЫ

ПІКІРЛЕР2
Аноним 23.08.2024 | 13:49

Ұлбосын

Аноним 23.08.2024 | 13:50

Ұлпан

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір