Суреттің саны суретшілердің санынан аз
20.12.2022
818
0

Қазақ суретшілерінің бүгін­гі хәлі нешік? Ал Суретшілер одағының жағ­дайы қалай? Қоғамда бейне­леу өнерінің алар орны қандай?
Жақында өнертану ғылымдарының кандидаты, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Нәтбаев Жамбыл Әмзеұлымен осы турасында әңгімелескен едік.

– Аға, сұхбатымыздың «біссіміләсін» ҚР Суретшілер одағының тарихынан бастасақ деймін. Айтыңызшы, аталмыш қоғамдық ұйым қашаннан бері жұмыс істеп келе жатыр? Оның міндеті мен мақсаты қандай?
– Суретшілер одағының жарғысы бар. Онда былай жазылған: «Қазақстан Суретшілер одағының мақсаты – Қазақстан көпұлттық мәдениетінің жалпы аясында бейнелеу өнерін дамыту. Ал негізгі мақсаты – Одақ мүшелерінің шығармашылық құқықтарын қорғау, олардың рухани деңгейін және материалдық әл-ауқатын көтеру. Қызметтің негізгі мәні – ұлттық және әлемдік мәдениеттің игілігі болатын көркем мұраны қорғау және сақтау. Кәсіби өнер мен өнерді зерттеудің дамуына, суретшілер мен өнер зерттеушілердің мүдделерін біріктіруге көмектесу».
Біреулер бейнелеу өнері, қазақта, кенже өнер дейді. Бұлай деуінің себебін сұрай қалсақ, «Оның өнер ретінде келгеніне жүз жылдың төңірегі ғана болды, ал Шоқан Уәлихановты ескергеннің өзінде 150 жылға таяды», – деп жауап береді. Мен бұған келіспеймін. Өйткені, біріншіден, Ш.Уәлиханов сурет сызғанымен, өнер деп сызған жоқ. Екіншіден, біздің алғашқы суретшілеріміз – Әбілхан Қастеев пен Орал Таңсықбаев деген ағаларымыз. Ал Әбілхан Қастеевтің өзі – кәсіби білімі болмағанымен, тума талант. Орал Таңсықбаев болса – оқыған, кәсіби маман, кәсіби деңгейдегі атаққа да, шенге де көзі тірі кезінде жеткен кісі. Екеуі де әлемдік деңгейдегі суретші болып есептеледі. Әбекеңнің: «Мен сурет салуды ақынның өлеңінен, ортекенің мүйізінен үйрендім» деген сөзі бар. Демек, бұл – қаннан дарыған қасиет. Егер кейінгі 100-150 жылда ғана үйренген өнеріміз болса, жарты ғасырдың ішінде осындай ғажайып суретшілер біздің топырақтан шығар ма еді!?
Орал Таңсықбаев – 1904 жылы Ташкент қаласында дүниеге келген. 16 жасынан бастап сурет салған ол 1932 жылы Кеңес Одағы құрылған кезінде 28 жастағы жігіт екен. Жаңа құрылған Кеңес Одағы әр республикадан санаулы суретшілерді іріктеп, 1932 жылы Америкада болған дүниежүзілік көрмеге апарады. Қазақтан шыққан алғашқы суретшілерінің бірі боп Орал Таңсықбаев сол көрмеге қатысады. Оған қатысқан дүниежүзінің өнертану­шылары, суретшілері, өнер түсінетін қауым оның жұмыстарын көріп, әлемнің түкпір-түкпірінде «Орал Таңсықбаев деген суретші – реңнің атасы, талант» деп мойындап, мақалалар жазады. Кеңес өкіметі ғана бұлай бұрқыратып жазуға жарамады. Солақай саясаттың кесірі ғой, қазақтан шыққан алғашқы суретші, қылқаламды қолына кеше ғана алған, бояуды кеше ғана таныған адам қалай қазақ болады дейді олар…
Суретшілер одағы – Қазақстандағы шығармашылық одақтардың ішіндегі ең үлкені. Білуімше, мүшелерінің саны көбі де – біздің Одақ (СО-ға 1200 жуық адам мүше. – А.Қ). Ол 1933 жылы құрылған. Оның ішіне көркем суретшілер де, қол­өнершілер мен мүсіншілер де, график суретшілері де кіреді. Біз бәрін суретші деп атаймыз.
Реті келгенде айтайын, шығармашылық ұйымдар – ұлттық мәдениетті, идеологияны қалыптастыратын да, насихаттайтын да орда. Әсіресе бейнелеу өнері – үлкен құрал. Ленин КСРО құрыла салысымен осыған қатты мән берді, көңіл бөлді. Себебі әрбір сурет, ескерткіштер мен мүсіндер, плакаттар, ондағы ұрансөздер халыққа жақсы әсер ететінін білді. Сондықтан да оларды қамқорлығына алды. Әрине, мен келмеске кеткір жүйені немесе Лениннің өзін жақтамаймын да, мақтамаймын да. Бірақ Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін өнер қоғамдарының бәрін мемлекет құзырынан шығарып, жеке ұйым қылып жібергеніне қынжыламын. Неге екенін жоғарыда айттым. Бүгінгі жағдайымыз қандай? Отыз жылдан бері мемлекет жеке-жеке жобаларға ішінара көмектескені болмаса… (Спикер кейінгі сөзін іркіп қалды. – А.Қ.)

– Өнер түрлерінің ағымдары мен салаларының пайда болу тарихына үңілсек, бар өзгеріс әуелі бейнелеу өнерінен басталғанына көз жеткіземіз. Яғни өнердің осы саласы жаңаруға, дамуға, түрленуге бейімдірек. Бұған дейін Суретшілер одағының съезі 2018 жылы өтіп, жаңа Төраға сайланды. БАҚ пен әлеуметтік желілерде СО-да болып жатқан мәселелердің кейбірі айтылып та жатыр. Бүгінгі даудың сыры неде?
– Адамзат әуелі сурет салды. Бала да солай, сөйлеуден, жазудан бұрын сурет салуды үйренеді. Жерге, қабырғаға, қағазға сызады. Міне, жаңаруға, түрленуге бейім болатыны сондықтан да шығар.
Ал даудың сыры мынада. Негізінде бізде сайлау төрт жыл сайын болады. Біздің съезд биыл сәуір айында өтуі керек еді. Белгісіз себептерге байланысты қазіргі төрағамыз созып келді. Дегенмен оның себебін біз анық біле алмадық.

– Осы төрт жылда не өзгерді?
– Шыны керек, ол кісінің берген есебі бізді қанағаттандырмады. Өйткені осынау уақыт аралығында мардымды жұмыс істелген жоқ, ойлағанымыздай болмады. Төрағамыз 2018 жылы уәдені үйіп-төккен. Бірақ бірі де жүзеге аспады.

– Бұл аралықта өзіңіз де ҚР Суретшілер одағы хатшылығында жауапты хатшы болып жұмыс істедіңіз ғой?
– Иә. Мойындаймын, бұған менің де қатысым бар. Алайда ол кісі біз қанша айтсақ та көнбеді.

– Қандай уәде беріп еді?
– Мәселен, «Көркем галерея саламын, альбомдар шығарамын» деген. Көркем галерея салынбады, ешбір суретшіге бірде-бір кітап-альбом шығарып бере алмады. Әрине, пандемиямен арпалысқан екі жыл кедергі келтіргені рас. Дегенмен қалған екі жылда айтқан сөзінің жартысын болса да орындауға мүмкіндік жетерлік еді. Осы төрт жыл ішінде кіріс-шығыс, т.б, ақпараттардан мақұрым қалдық. Әр жыл сайын жоспарды бекітіп, қанша қаражат кететінін есептеп, жобалауымыз қажет етеді. Жоспар мен бюджет бекітілмесе кім немен айналысады? Жоспарсыз қалай жұмыс істеуге болады? Ол да жоқ. Қордағы қаржының кіріс-шығыс есебін ала алмадық. Негізінде жарғымызда «Одақтың әрбір мүшесі қалағанынша ақпарат алуға құқылы» деп жазылған.

– Білуімше, сіз төрағалыққа өз кандидатураңызды ұсынып жатыр екенсіз?
– Иә.

– Сіз қандай бастама көтересіз? Қандай бағдарлама ұсынып жатырсыз? СО-ға не жетіспейді? Суретші қауымның жағдайы қайтсе дұрысталады?
– Жоғарыда жарғы бойынша Одақтың негізгі мақсаты мен міндетін айтып өттім. Бәрі соған сай жүргізілуге тиіс. Біздің Алматы қаласының өзінде жалпы ауданы жеті мың шаршы квадрат метр болатын ғимарат­тарымыз бен бір жарым гектар жеріміз бар. Аз емес. Алайда оның қаншасы қаңырап тұр, қаншасы елеусіз жатыр?! Жарғы бойынша, суретшілерге босаған шығармашылық шеберханаларды беріп отыруымыз керек. Ол үшін суретшілердің өздері арыз жазады, біреу дүниеден өтсе немесе басқа қалаға көшіп кетсе, жиналыста ақылдасып, босаған шеберханаларды кезегіне, шығармашылық қуатына қарай үлестіруге тиіспіз. Тексеріс жұмыстарынан кейін білгеніміз, жалпы ауданы екі мың шаршы метрге жуық үй-жайларымыз игерусіз жатыр екен. Соның бәрін тиімді пайдалануымыз қажет. Кейінгі төрт-бес жылда мұның бірін де істей алмадық. Бұл – аталған уақыт аралығында СО қисапсыз шығынға ұшырады деген сөз. Суретшілердің кейбірі жертөлелерде, шатырларда, тағы біреулері соңғы ақшасын санап беріп шығармашылық бөлмелер жалдауға мәжбүр боп жүрген кезде, қанша шеберхана қараусыз қалды. Мұны реттеп, бір жүйеге келтірмесе болмайды. Өзім кандидатурамды ұсынып жатқанымның себебі де сол.

– Яғни суретшілердің өзіне әу баста тиісті болған дүниелерді қайтарып бергіңіз келеді ғой. Солай ма?
– Иә, дәл солай. Бірінші ашықтық пен шеберхана мәселесі қаралады. Пост­кеңестік елдердің ішінде Қазақстанда ғана Көркем академия жоқ. Ал ол – Ғылым академиясымен қатар тұруға тиіс дүние. Бұдан үш жүз жыл бұрын орыстың императоры Петр I көркем академия мен ғылым академиясын ашуға бұйрық берген. Бірақ Ғылым академиясы сол уақытта, Көркем академия кейін ашылды. Қанша уақыт бұрын Ресей өзінің Көркем академиясының 265 жылдығын тойлады. Сол кезде орыстың суретшілері санаулы-тұғын. Ол кезде бейнелеу өнері емес, икона жазғандардың өзі бес-алтау-ақ еді. Еуропадан суретшілер алдырды. Егемендік алғанымызға отыз жылдан асты. Сонда Қазақстанға Көркем академия керек емес пе? Бұл да менің бағдарламамда бар. Жалпы, Өзбекстанның Көркем академиясы ашылғанына қырық жылдан асты. Қырғызстан да өткен ғасырда ашты. Мәдениетімізді дамыта алмасақ, өнерімізді көкке көтермесек, қоғамның мәдениетін қалай көтереміз? Бір атақты адамның мынадай сөзі бар: «Мәдениетің мен тіліңді қорғай алмасаң, шекараңды ашып тастай бер. Енді сенде қорғайтын ештеңе қалған жоқ».
Міне, еліміздің қорғаныс саласына қанша қаржы бөлінсе, мәдениет сала­ларына да сонша қаржы бөлінуге тиіс. Суретшілер одағы Қазақстандағы суретшілердің басын құрап, бір ша­ңырақ­тың астында мемлекетпен бірге қоян-қолтық жұмыс істеуіміз керек. Идео­логия, патриотизмге, қазақ ұлты­ның дәстүріне, болашағына, келешегі үшін қарекет етуіміз қажет. Мемлекет суретшілерді қолдаса да, қолдамаса да, олар жұмысын тоқтатқан жоқ. Ал қамқорлығына алса, қазақ бейнелеу өне­рі қазіргіден жақсырақ дамымай ма?!
Осы күнге дейін, тоқсан жылда, қан­ша суретші кәсіби білім алды?! Оқу орындарынан жыл сайын кем дегенде 500-600 суретші түлеп ұшады. Соның 50-60-ы ғана шығармашылық жұмысын жал­ғастырады. Бірақ манағы 500-600 адам­ның бәрі мектептерде сабақ береді. Де­мек, олар мәдениетімізге қызмет етіп жүр.
Академия ашуымыз керек дейтіні­міздің тағы бір себебі бар. Қазіргі өнертанушы мамандығында оқып жатқан студенттер мен магистранттарда оқулық саны шектеулі. Олар қазақ тілінде жазылған немесе аударылған еңбектердің аздығына көңілдері толмайды. Ізденуге, оқуға бұл үлкен кедергі. Академия суретшілерді ғана оқытпай, өнертанушылар үшін де кең тыныс ашар еді. Әркім өзінің күнкөріс қамымен жүр. Арманы көп мыңдаған адам бар. Бірақ олар материалдық жағдайы жеткенге дейін ғана шығармашылықпен айналысады. Бәрін бір шаңырақтың астына жинап, жүйе қалыптастыру сол үшін де қажет.
Біз өткенде есептедік, тоқсан жылда қаншама суретші өтті?! Бір суретші орта отыз жыл шығармашылықпен айналысса, қанша мың картина жазды? Ал Әбілхан Қастеев музейінде 12 мың ғана туынды бар. Еліміздің түкпір-түкпірінен жинап-терсек, тағы 12 мың шығарма бар делік. Қалғаны қайда? Шетел асып жатыр, жеке мұрағаттарда шаң басып жатыр, күресінге тасталды, өртелді. Сонда өз мәдени құндылықтарымыздан баз кешіп жүргеніміз ғой бұл? Мынау Түркияның жанында Кипр деген кішкентай ғана мемлекет бар. Бірі мойындады, бірі мойындамады. Дегенмен сол жерде Сорпи деген түрік ағамыз сол кішкентай ғана мемлекеттің ішінде өзінің жеке қаржысына музей салып, түркі елдерінің барлық суретшілерін жинады. Сол жерге екі жүзден аса суретшіміз барды. Шамалауымша, Сорпи жеті-сегіз мыңнан астам туындыны сатып алып қалды. Бір ғана адам. Және ол жердегі өнерді түсінетін кісілердің бағалауынша, қазақ суретшілері өте мықты. Қазақ суретшілерінің деңгейі өте жоғары. Біз өзімізді неге бағаламаймыз?
Өте мықты жастар бар. Бос тұрған жерлерді соларға беруіміз керек. Көркем академия ашып, солардың кәсіби шеберлігін шыңдауымыз қажет. Бұйырса, оған да жетеміз.

Сұхбаттасқан
Асылан ҚУАНЫШҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір