…КӨЗ ЖАСЫҢДЫ КЕУДЕМЕ ҚҰЙЫП АЛМАЙ
Базархан РАШИТ
Қайда екен сол?
Аз дидары жалт етті бір күліп-ақ,
Күз де келді ортадан бұлты ыдырап.
Бұлтты айырған ортадан жел еді ғой,
Жөнге түсті ол да аздап жұлқынып ап.
Бура бұлттың келесін желге айдатқан,
Күрең жорға мінген күз келді аймаққа.
Мыңды айдаған мына бір мырза күздің,
Махаббаттан салымы кем бейбақ па!?
Таулар анау мұнартып шалғайланған,
Жолдар жатыр шаңытып
шаң байланған.
Күрең жорға жортқан
жер сарғайыпты,
Иесінің дертінен сарғайған ба?
Жамылып ап қысқалау күзгі іңірді,
Бақта отырмын, өзегім үздігулі.
Бар еді ғой менің де жаз дидарлым,
Жан шуағым, жарығым, ізгі нұрлым.
Қайда екен сол?
* * *
Сен жайдың маған құшақ,
Мен болдым жүрегіңе қадар пышақ.
Күннен күнге өзіңе суық тарттым,
Бірте-бірте тартылған аралға ұқсап.
Көкірегіңді жүрегің аса ұрғылап,
Көп жыладың көзіңнің жасын бұлап.
Тас жүрегім міз бақпай мен отырдым,
Ауыр еді тастан да басым бірақ.
Тамшы болып тамшылап, тас үгітіп,
Қалды ма екен көзіңнің жасы бітіп.
Қайран менің оралмас жылдарым-ай,
Бақытынан бас тартқан басы бүтін.
Таяғы тағдырдың-дүр тиіп оңбай,
Көкірегіме көл емес, күйік орнай.
Аралға ұсап тартылып, шөлге ұрындым,
Көз жасыңды кеудеме құйып алмай.
Басар екем енді осы шөлді қайтіп,
Тарқатамын тас болған шерді қайтіп?..
Оралмасы хақ енді сол күндердің,
Жыламасың хақ сенің енді қайтіп.
Үлкен Алматы көлінде
Томсарып көрінеді тұйықта өңі,
Хас сұлу – құжырасы биіктегі.
Шыршалар есі кетіп ентелейді,
Шың-құздар шіренеді иық керіп.
Алдыңнан аршалы сай ашады есік,
Осында ауаның да лас емесі.
Өзіңді бір көруге келіп тұрмын,
Етектің ылай-кірін қаша кешіп.
Етекте Алматы бар кірлі-лайлы,
Көрінбей ыс-түтектен бұлдырайды.
Ентігіп жеткенімде жүздесуге,
Бұл неге қабақ шытып тұнжырайды.
Қайда сол жадыраңқы ерке шырай,
Шыңдардың күжірейген желкесін-ай.
…Биіктен сен түспейсің, мен қала алман,
Дүние-ай, «әттең тонның келтесін-ай»!
Жазғы жаңбыр
Қара бұлт қара құстай шеңгелі қатты,
Тұлғасын Алатаудың белден жапты.
Алыстан шартылдатып, жарқылдатып,
Найзағай от қамшысын сермеп жатты.
Соқты боран ұйытқып тым қатерлі,
Көшелердің малынды суға етегі.
Астаң-кестең Жер-әлем, бір тарының
қауызына сыймағы шын ба тегі.
Табиғаттың ауырлап қалған жүгі,
Ортамызға ойранды салған күні.
Қайда кетіп қалды деп ойланамын,
Алматының баяғы ақ жаңбыры.