ОТЫРАМ ОҢАШАДА ОЙҒА БАТЫП, ЫҢЫЛДАП АҚ ӘЖЕМНІҢ УГӘЙ-ӘНІН…
22.01.2016
2046
0

IMG_5783Алмат ИСӘДІЛ

 

ҚЫСПАҚ

Кім ұға алар тірліктің қу баянын?

Уақыт та дес  бермейді судай ағын.

Отырам оңашада ойға батып,

Ыңылдап ақ әжемнің угәй-әнін…

 

Ұлғайған соң заманның зар-наласы,

Құнсызданып барады ар бағасы.

Ауылға безіп кеткім кеп тұрады,

Қажытқанда қаланың қарбаласы.

 

Иманға ұйып, дәретпен Құран ұстап,

Жүрмеген соң –

Сананы тұман ыстап,

«Күнде жиын, күнде той» болып кетті,

Мешітке баратын жол тым алыстап…

 

Оң жағымнан «аждаһа» арбағандай,

Сол жағымнан «нән аю» жалмағандай.

Қыспаққа алған кеселден қорғана алмай,

Қарекетсіз қалғаным… қозғала алмай.

 

Түстім де даңғазаның ортасына,

Алдандым жұрттың арзан қолпашына.

…Қанатын жая алмай жүр қайран өмір,

Тығылып қабатты үйдің қалқасына.

 

Кім ұға алар тірліктің қу баянын?

Уақыт та дес  бермейді-ау судай ағын.

Отырмын оңашада тағы ойланып,

Ыңылдап ақ әжемнің угәй-әнін…

 

ҚЫЖЫЛ

Қабағы қатулы заманның түрінен,

Жүрегім шайлығып, түңілем.

Күннің де жылуы азайып,

Айым да ақ маңдай –

Көмескі тартқандай:

Мұңымның таппадым біріне ем.

Ей, Уақыт –

Бағымды ап қашқан ұры ма ең?

Тағдырдың ісі ғой –

Несіне кіжінем:

Теңіздер тартылып,

Жұтылып түбіне,

Таулар да күрсінер –

Ғасырлар мүжіген…

 

Сонда да,

Ішімде қайнайды қыжылым,

Күйреуде адамдық дейтұғын ұлы ұғым.

Сорынан арылтып батпандай,

Тәңірім – Алашқа жақ болғай!

…О, менің қарбалас ғұмырым –

Жасырып қылмыс пен былығын,

Шертиген шенділер жүргізген құзырын.

Ерлерім – тасада бұғынып,

Арулар – шорт кесті бұрымын,

Ертеңім не болар,

Беймаза – бүгінім…

Басымнан бәлекет арылмай,

Бөрідей ұлыдым.

Өзімнің жерімде еркінсіп жүрмедім,

Қолына телміріп, қайдағы кірменің.

Далам да уланып,

Қалам да уланып,

Санам да уланып – кірледім.

Тұранның қойнауы байлыққа тұнса да,

Қызығын білмедім.

Қаралы тарихтың қаншама сүрлеуін өткеріп,

Шешкенмен азаптың күрмеуін,

Көсіліп жатуға көрпең де жетпейді:

Бір жері жыртылар,

                   Жамасаң бір жерін.

…Осы ма біз күткен құнды Өмір?..

 

САЛҚЫН ӨЛЕҢ

Салқын үй. Салқын сәлем. Салқын жеңгем –

Сақина, сырғалары алтын зерден.

Қабағы қыз күнінен ашылмайды-ау,

Қашаннан дәл осындай қалпын көргем.

 

…Үйдегі ерке-тотай, «жаман бала»,

Ойынын да бөлмеді маған бола.

Осында ара-тұра келген сайын,

Жылы қабақ танытар ағам ғана.

 

Салқын шәй. Салқын сөздер. Салқын қабақ,

Бірімізге біріміз мәнсіз қарап…

Өтірік күліп қоям балақайға,

Әйтпесе, отырмын ғой жан сыздап-ақ.

 

Күйінді ағам: « – Бұл неткен салқын қоғам,

Айналаңның барлығы арсыз, надан.

Қарыздардың үстіне қарыз жамап,

Қыспағына алды ғой, нарқың жаман…».

 

…Далада күз. Ауда салқын сыз бар,

Еске түсті балалық, жарқын жылдар.

Мен де ойландым: Құдай-ау, нендей зауал,

Адамның ниеті мен парқын бұзған?

 

Салқын ғана қоштасу. Салқын құшақ.

Әйтеуір жүректе ылғи болсын нысап.

Санамда салқын сұрақ сапырылды,

Теңселген бір тынымсыз толқынға ұқсап.

 

Жалған өмір – қарбалас. Алда – сын көп,

Мұңды ойлар еңсеңді езер қорғасын боп.

…Қымтанып кетіп барам, көше бойлап,

Тағы да салқын тиіп қалмасын деп.

 

БҮГІНГІ ӨЛЕҢ

Айналам түгел дау-дамай,

Өтуде солай жалған-ай.

Не болып кеткен адамдар?

Арамыз толы арамдар,

Жұтатын бәрін талғамай.

Үндемей салсам болмас па,

Үйдей бәлені қаузамай.

…Сүрініп жүрем көп жерде,

Сөйлеп бір қалып аңдамай.

 

Айналам түгел шоу-мазақ,

Санамды дертпен алды орап.

Түнеріп тұрған қабағы,

Осы ма бейқам заманым –

Сан ғасыр күткен бар қазақ!?

Ұлтыма ұстын бере гөр,

Тәңірден медет сұрайын,

Алақан жайып, Аллалап.

 

Айналам түгел шулыған,

Құр айқай менен шулы ұран.

Тәңірсіз мынау қоғамда,

Табынып адам адамға,

Тамырда тулап улы қан,

Жаншылып бетер, булығам.

…Тақымнан кетті көкпарым,

Басымнан түсіп дулығам…

 

ТІРШІЛІК

Нарқыма менің қарама,

Құнсыз да болсам, бағала.

Шекерің болса, бері әкел,

Тұз сеппе менің жарама.

 

Бетке алып ылғи ылдиды,

Замана желі сырғиды.

Көңілім кейде қобыз боп,

Ыңылдатады бір күйді.

 

Қасыма келіп мұң-қайғы,

Дос бол деп маған ымдайды.

Құлағын түріп жүрегім,

Замана зарын тыңдайды.

 

Ақылдың құрып сілемі,

Түрілді күштің білегі.

«Тіршілік» дейтін бұрышқа,

Өрмекші торын тігеді…

 

АЛАШ ЖҰРТЫМ

Азуын айға білеген,

Төбесі көкті тіреген,

Қарсы да келген хас жауын,

Ақ семсерімен іреген –

Айбарлы жұртым Алашым.

 

Кеудесі тұнған жыр-өлең,

Алладан рахым тілеген,

Тамыры терең жайылған,

Өзегі мықты бір емен –

Айдарлы жұртым Алашым.

 

Атырау – Алтай арасын,

Жетісу – Арқа даласын,

Найзаның қорғап ұшымен,

Жерұйық жердің саясын –

Жайлаған жұртым Алашым.

 

Заманмен тауып жарасым,

Төмендетпеген бағасын,

Қанаты кеңге жайылып,

Қырандай бейне тау асып –

Самғаған жұртым Алашым.

 

Қасиетті дінін сатпаған,

Құранның сөзін жаттаған,

Талайлы ғұмыр кешсе де,

Тамырлы тінін сақтаған,

Аллашыл жұртым Алашым!

 

Қырса да нәубет ұрпағын,

Өткеріп тағдыр бұлтаңын,

Күдіктен ойын арылтып,

Үмітпен күткен нұр-таңын.

Тәубәшіл жұртым АлашымІ

 

Қастерлі Атамекенім,

Қатерлі еді-ау кешегің.

Азаттығыңды айғақтап,

Түнектің түрдің етегін –

Арналы жұртым Алашым.

 

Еңсеңді тіктеп, көтеріл,

Елім деп өтсін өсер ұл,

Бабадан қалған мұраның,

Қасиетіне жете біл –

Ордалы жұртым Алашым.

 

ӨЗІМІЗ ҒОЙ…

Қолын бұлғап арман алдан,

Ой-санамды арбап алған.

Ақиқатқа жетем бе деп,

Қаламымды қанға малғам.

 

Өмірге өмір жалғап Аллам,

Құдіретпен Жан жаралған.

Неге бірақ, жай таппаймыз,

Селт етпейтін сал қоғамнан?

 

Арамызда аз ба, жазған,

Небір түлей, азған азбан?

…Е, олар да өледі ғой,

Өздеріне қазған ордан.

 

Қам жасайық қолда бардан,

Көп парыз бар қордаланған.

Ырзығымыз шашылып жүр,

Жосып жүріп, жолда қалған.

 

Тұрақ таппай бар ғаламнан,

Шаршадық қой нән қалаңнан.

…Тас көшелі, лас тірлікті,

Өзіміз ғой таңдап алған.

 

ЖЫЛАП АЛ…

Көмескілеу портіретің көнеріп,

Сен де бір күн айналарсың елеске.

(Өмір заңы, қалқам, солай емес пе?)

Көз жасыңа бере берме көп ерік.

 

Бұл жалғанда жақсылықтар әлі бар,

Құс боп ұшып кетсе дағы хабарсыз.

Бақытты да кездестіріп қаларсың;

«Өлмегенге өлі балық жолығар».

 

Құдайдың түсер саған оң көзі.

Кейбіреудің сор болғанмен пиғылы.

Оларға да бар Алланың ризығы,

Қол қусырып қарап қалма енді өзің.

 

Қатал тағдыр талайларды сынаған,

Ұшар болсаң, қанатыңды сілкіп ұш.

Жан дүниең алу үшін бір тыныс –

Жарайды…  жылап ал.

 

***

Жамылып, сағыныштың сал шекпенін…

                                                             Мұқағали.

…Білмеймін кімді,

Білмеймін нені сағынып жүрмін,

Әйтеуір,

Сағынышымның сары моншағын тағынып жүрмін.

Қуарып қалдым…

Шығарып салдым,

Көңілсіз батқан сәулесін тағы бір күннің.

Ашынған сәтте ашу қысса да,

Айтатын сөзді айта алмай тағы кідірдім.

Маңдайға жазған тағдырға байлаулымыз ғой,

Бұл күнде айтшы, жаны гүл кімнің?!

Ырқында кетіп барамыз қазымыр мұңның.

Бәріне неге жетпейді жарығы күннің?

…Жаратқан Алла адастырмайды,

Тәубеге келер адамдар бәрібір бір күн!

 

ТӘУБЕ

Сәттерде жаным езілген,

Медетім болып қолдаған.

Тайғанда бағым төрімнен,

Үмітке үміт жалғаған.

Жаралған шексіз төзімнен,

Нәр алған уыз арнадан,

Құдірет барын сезінгем.

 

Пендені баурап, арбаған,

Жүйкені күнде кемірген.

Қарасаң – құмар қанбаған,

Кетпейтін ешбір көңілден,

Дүние-байлық, мал, қораң –

Таусылмайтұғын өмірде,

Біз айтып жүрген арман ән.

 

Серпілер қашан сал қоғам,

Ертеңін ойлап сеніммен.

Таңдайым қағып, таңданам,

Бәрін де көріп көзіммен,

Шарасыз қалып дал болам.

Жамандық көрсем – өзімнен,

Жақсылық көрсем – Алладан.

 

ҰЛЫМ МҰҚАҒАЛИҒА

Тербелсін тыныш бесігің,

Азамат болып өс ұлым.

Болсын деп ұлттың ұланы,

Ақынның қойдым есімін.

 

Дауыл мен желден қалқалап,

Өсірем сені арқалап.

Шыншыл да адал жан болсаң,

Ел-жұртың жүрер алқалап.

 

Жүректен шығар лайым,

Өзіңсің менің жыр-әнім.

Тағдырын емес Мұқаңның,

Ән-жырын берсін Құдайым.

 

Сүрінбе ботам, мұқалма,

Өлеңнен қуат, күш ал да.

Өмірлік сәби болуды,

Армандап еді-ау Мұқаң да.

 

Сағынып күткен періштем,

Сен У-ды ішпе мен ішкен.

Ақынның атын аяла,

Мерейің болсын тек үстем.

 

Ақындық рухты сақтаған,

Қыранын қолдап, баптаған.

Хантәңір шыңын көрсетіп,

Қарасаз жаққа ап барам.

 

Тірлікте мынау қас-қағым,

Бұлтсыз болсын аспаның.

Жадыңа түйіп, жаттап өс,

Мұқаңның «Өмір-Дастанын».

 

 

ҚАР ҚЫЗЫ
Оралхан Бөкейдің рухына

…Жиі айтатын болып жүрмін «әттеңді»:

Өзіңді ойлап, шимайлаймын дәптерді.

Қиялымды қиырлаған Қар қызы,

Сағынатын шығарсың сен көктемді?

 

Мен де сонша гүл-көктемге құмармын,

Қыс кәріне сендей қалай шыдармын?

Өзің жайлы аңыз да көп, жыр да көп,

Туар ма екен Анығыңды ұғар күн?

 

Елсіз жерде, суық боран, ызғарда,

Сықырлаған сары аязда, мұз-қарда,

Жолға шыққан жолаушыны еліткен,

Сыңсып салған Сенің әнің тынған ба?!

 

Уақыт өтіп бара жатыр зымырап,

Жастығымды жүрегімнен жұлып ап.

Бәлкім, сенің мұз құшағың Қар қызы,

Барлық қыздың құшағынан жылырақ.

 

Сені көру – мүмкін емес, білгенім,

Қолмен ұстап, көзбен көру – бізге мұң.

Аппақ қардай тазалықты Сендегі,

Қанша жанның жанарынан іздедім?!

 

Арумысың  – махаббаты тоналған,

Елессің бе – сағым болып жоғалған?

…Қалғып кеткен бейбақтарды сонда да,

Арашалап жүресің Сен Ажалдан.

 

Өткел бермей бұл жалғанның жар-құзы,

Қол жетпестей боп барады бар қызық.

Сендегі АР бұл өмірде жоқ шығар,

Айналайын Қар қызы…

 

Сені қарға айналдырған

Кімнің, ненің қарғысы?..

 

* * *

«Жабы-тірлікті жақтан ұрғасын,

Қайырылмай кетті бақ-қарындасым…»

                                                          Серік Томанов.

 

Кеудемнің сол жақ тұсы сыздап ерек,

Жан-тәнім қыс келгендей мұздап әлек.

Сен жоқсың,

Орның қалды ойсырап бір,

Жанарымды жазықсыз мұңға бөлеп.

 

Жер бетінде қалса да демің өшіп,

Бара жатыр бағалы Сөзің өсіп.

…Жұмақта жүрсің бе екен жұбың жазбай:

Сен – Өлеңді, Ол – Сені Серік етіп.

 

Кеше ғана…

Тірі едің, есен-аман,

Душар болдың не күйге бөтен арам?

Өзің жайлы аңыздар тарап кетті,

Бірге айтылып мақтау мен өсек-аяң.

 

Тағдырыңның дегенін мақұл көріп,

Бақиға бет түзедің…

бақұл болып.

«Қайырылмай кеткен Бақыт – қарындасың» –

Артыңда қала берді-ау қасын керіп.

 

Төмендетпей жүрсең де құныңды бір,

Тірлігінде түсінген сырыңды кім?

Өзегіңді күйдіріп, күйіндіріп,

Жанып бітті-ау ақыры, шылым – ғұмыр.

 

Жұлдыздай түн – түндігін тіліп аққан,

Ақын ең сыры – жұмбақ, мұңы – батпан.

Сыны қашқан көңілге жан бітірген,

Жаралғандай еді ғой жырың оттан.

 

Жер бетінде қалса да демің өшіп,

Бара жатыр бағалы Сөзің өсіп.

…Өлең оқып берсем бе  Өзің жайлы,

Қарап тұрып Ажалдың көзіне тік.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір