Ой, «Ой полициясы»!..
04.10.2022
515
0

Аманжол Исламғали мен Нұртілеу Қадырқұлдың қолға тиген өлеңдерін оқып шықтым. Енді екі ақынның поэзиясын өзімізше қысқаша саралап көрейік. Біз байқай алмаған, қадіріне жетпеген жолдар, шумақтар болса, мәртебелі оқырман оны өздері саралай жатар.

Аманжол Исламғалидың «Көңілсіздігімен көрікті көрінген бақ іші» деп басталатын жыр жолдары – жақсы поэзияға тән көркем сөз бен образды анағұрлым бойына сіңіре алған туынды деуге татырлық. Дәстүрлі ұйқасы болмаса да еркін, ырғақты. Қатып қалған қағидаларды ұмыта алмай, шығарманың техникалық мінсіздігіне көбірек шырмалған «кәсібилікке» ұмтылыс бұл жерден байқалмайды. Керісінше, көңілсіз естеліктерімен жанды жабырқатса да сонысымен аяулы, сонысымен қастерлі бір сәт­ті барынша ұстап қалуға талпынған көркем шумақтар.

«…Жабырқаулы сәт­терде жолығып қалғаным,
Жаңбырмен тазарған кештердің жан сүйген жұпары,
Жапыраққа жайғасқан жылтыр көз тамшылар,
Аяулы шақтардың сырлы өңі жұқарып,
Қайғысы қалың қараңғы көшенің жүрегі (шаншыған)…»
«Өңі жұқарған аяулы сәт­тердің» бояуын айшықты көрсете алу – кез келген өнер туындысының өлшемі деуге де болады. Біз көз жүгіртіп өткен автордың бірнеше өлеңі «осындай өлшемдерге сай, төгіліп тұр» деуден аулақпыз. Жас қаламгердің шығармашылық қуатын алдағы ізденісі, эстетикалық талғамы көрсетері анық.
Нұртілеу Қадырқұлдың өлеңдерінен де сәт­ті шумақтар, максималистік көңіл күймен үлкен ұғымдарды кішірейтіп алған жастыққа тән албырттық та байқалады. Мұны енді жас ақынға жарасатын жақсы қылық деуге де болатын шығар. Автор көбінесе философиялық ой-толғамдарға барынша ден қояды. Жалаң дидактиканың да көбірек көрініп қалатын тұсы осы. Ұғымдардың үлкейу-кішірейуі қат­ты байқалатын бұл тақылет­тес тақырыпқа барған ақындар да аз емес.
«Жоғалу – хақ, жаралуың –
жорамал,
Сенім – жалғыз серігің.
Мәңгі жұмбақ жасырады молалар,
Мүмкін шығар қайта өмірге
келуім…»
– дейді Нұртілеу. Жақсы, сәт­ті шумақ. Біздің дүниетанымға келетін де, келмейтін де жері бар. Несі бар? Бұл – жас ақынның қалыптасқан экзистенциалдық сипат­тамаларға (қазақтың) мүлде керағар көзқарасы, өзінше ізденісі. Джордж Оруэллдің «1984» романындағы секілді бүкіл санаңды манипуляция алғысы келетін «ой полицияларына» деген қарсылығы болуы да мүмкін…
«Қайда апарып тоқтатамыз күн керуенін, ай көшін?..
Ал сен қат­ты ойланбашы,
қайтесің?!»
– деп қойып өзіңше ойлануға, талмай ізденуге не жетсін. Алдағы уақыт­та жас қаламгерлердің бұдан да тұщымды, жақсы дүниелерін оқимыз деп үміт­тенеміз.

Ырысбек ДӘБЕЙ

«Ораламын ба мен оған?»

Аманжол ИСЛАМҒАЛИ

Тоналып бара жатқандай көркі қаланың,
Өткеннің орнын қай сәт­тер
толтыра алады?

Қала аспанында қалтырап
көшкен бұлт­тар да…
Күрең көшенің бойында естелік қалған.

Қимас жаныңды сағындың
тым жырақ кеткен,
Қимас шағыңның табылса
бұлдырап кеткен елесі.

Сенімді үркіткен сөздерді ұмытқаныңа,
жалғыз жаныңның ішінде үміт
барына сенесің.

* * *
Көңілсіздігімен көрікті көрінген бақ іші,
Бұрын жүріп көрмеген
жолдардың шамдары,
Сүйкімі кеткенше сенделген шақтармен
қиялымда қауышып,
Жабырқаулы сәт­терде
жолығып қалғаным,
Жаңбырмен тазарған кештердің
жан сүйген жұпары,
Жапыраққа жайғасқан жылтыр
көз тамшылар,
Аяулы шақтардың сырлы өңі жұқарып,
Қайғысы қалың қараңғы
көшенің жүрегі (шаншыған),
Мағынасыз мүмкіндіктерге апаратын
тротуардың тозған тәні,
Көп қабат­ты ғимарат­тардан
құлаған сенім сынықтары,
Біреудің жыл күтіп жазғандары,
Біреудің сәт ішінде ойлап, ұмытқаны
Қаланың жүрегінде сақтаулы…
* * *
Бұлт арасынан сығалайтындай өткенім,
– Бұл мен бе?
Кешегі болмыс, кешегі мүсін
Бұлт артындағы өткенімменен
бірге өлген.

Кешегімді іздеп күрең тартады бұл күйім,
– Келер ме?
Мен армандаған күллі арман
неге тым биік?
Мен ойламаған ой, бәлкім,
жатыр тереңде.

Соны ұқтым, сосын сүйкімі
қашты бүгіннің,
– Үміт бар!
Ертеңге елеңдеп,
жоғына өткеннің жығылдым,
Сенім де кейде үмітімізге кіріптар.

Күн қызара қап мұң шаққан сәт те көз ілген,
Жанымда қазір жоқ адам!
Келе ме қайтып кештерде қалған сезімдер,
Ораламын ба мен оған?

«Жоғалу – хақ,
жаралуың – жорамал»

Нұртілеу ҚАДЫРҚҰЛ

Сауал
Кеңістікте қалқыған
бұл Жер-қайық,
Жүзіп жете алмай қалған Ай жаққа.
Ауа – Жанды көкке апарар
жол ғайып,
Ашылады қай қақпа?

Сана сансыз шырмалады сұрақпен,
Заңды және қалыпты.
Жаратылды әлем қандай мұратпен?
Мүмкін, құдай
жалғыздықтан жалықты…

Көлегейлеп күмән
жүзін жап-жарық,
Күн-көңілім тұтылған.
Көк тылсымы көкірегімді
қақ жарып,
Уақыт уын сімірермін құтымнан.

Жоғалу – хақ, жаралуың – жорамал,
Сенім — жалғыз серігің.
Мәңгі жұмбақ жасырады молалар,
Мүмкін шығар қайта
өмірге келуім…
* * *
«…когда ребенок был ребенком,
он не знал, что он ребенок…»
(Петер Хандке)

түсімде:
бағып жүрмін бала күнгі өзімді.
…таныдым айқын:
он тоғыздағы Нұртілеу мен
төрт-бес жасар Нұртілеу.
ересегі түнді сүйеді,
кішісіне жарық ұнайтын.
жетектеп жүріп, өлең оқыды,
ауыр-ауыр ойларын айт­ты
оңаша ап барып,
дәл осы күнде болашақ барын.
үлкені өзіне ұқсатқысы келді,
доп орнына кітаптар
ұстатқысы келді.
көнбеді сәби, қаша жөнелді.
жүгірістер мен күлкі,
шулардан жасап өнерді.
айнала қашты түз жазықтарын,
қуалап жүріп, балғын бейнеден
мәңгілікке енді көз жазып қалды…
Enya
Күлімдейсің – «сәт!» дейсің,
Шағынасың – «шақ…» дейсің.

Олай қат­ты ойланбашы, қайтесің?!
Иіскеші сирень гүлдің тәт­ті иісін.

Уақытыңды құртады ол,
уайым ғой –
Уақыт жайлы пәлсапа.

Жалтаң-жалтаң
күткеніңмен жаңалық,
Жаутаңдаған өткен
жылдар аңсатар.

Құбыласың, бұрыласың артыңа,
Тығыласың табиғатқа —
ең әуелгі қалпыңа.
Ал мен сенің болмысыңа бас ұрам,
Асығам да алқынам.

(естисің ғой көшкен кезең күлкісін,
ол – Анаңның күлкісі…)

…жүрген көшең,
Көрген киноң,
Барған концерт,
Есіңді алған өлеңдер;

Сен тыңдаған әндер мен
Сені естіген әуендер;

Өңіріңе жиі қысқан кітаптар,
Жүрегіңе жиі басқан алақан;

Оралдағы көркем іңір,
Алатаудан рауандаған ала таң;
Сендегі сұрақ пен мендегі
жауаптың,
Мендегі сұрақ пен сендегі жауаптың
Қайсысы ауыр, арайлым?
Сені ойлау мен саған қарап
сөйлеудің
Қайсысы бақ, арайлым?

Сірә, менің бұзылған ғой безбенім?..
Ештеңе де түсінгем жоқ,
ештеңе де білгем жоқ,
Сөздер – менің сезгенім.
Қайда апарып тоқтатамыз күн
керуенін,
ай көшін?..
Ал сен қат­ты ойланбашы,
қайтесің?!

Одан да біз уақыт жайлы ән тыңдайық – жай ырғақ.
Алғашқы аңғал сезімдерге тәу етіп,
Сағынышты мойындап.

* * *
Папа,
сенің жазуыңа ұқсайтын
жазуыммен
қағазға басқан ойымды
менікі деп ойлайды ертең оқырман.

Папа,
сенің жұмыстан қайтқан
жүрісіңмен
үйге келе жатамын мен оқудан.
дәл сенің адамға жасаған талдауың,
алдануың,
алдауың,
арманың,
арманыңа жетер жолда солғаның
маған аян!
Маған дем!
Және олар – менің мәңгі қорғаным.

Папа,
саған ұқсап әлдекімнен жерінем,
саған ұқсап әлдекімге күйінем.
Саған ұқсап қолымнан келер іске ерінем,
саған ұқсап киінем.

…болмысымда қосымша – мені туған анам бар,
және өзімнің санам бар,
әдебиет бар, ғалам бар.
бірақ ертең
сенің жазуыңа ұқсайтын жазуыммен
кітапқа көшкен ойымнан
өзін іздеп отырады балам да…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір