Ой, «Ой полициясы»!..
Аманжол Исламғали мен Нұртілеу Қадырқұлдың қолға тиген өлеңдерін оқып шықтым. Енді екі ақынның поэзиясын өзімізше қысқаша саралап көрейік. Біз байқай алмаған, қадіріне жетпеген жолдар, шумақтар болса, мәртебелі оқырман оны өздері саралай жатар.
Аманжол Исламғалидың «Көңілсіздігімен көрікті көрінген бақ іші» деп басталатын жыр жолдары – жақсы поэзияға тән көркем сөз бен образды анағұрлым бойына сіңіре алған туынды деуге татырлық. Дәстүрлі ұйқасы болмаса да еркін, ырғақты. Қатып қалған қағидаларды ұмыта алмай, шығарманың техникалық мінсіздігіне көбірек шырмалған «кәсібилікке» ұмтылыс бұл жерден байқалмайды. Керісінше, көңілсіз естеліктерімен жанды жабырқатса да сонысымен аяулы, сонысымен қастерлі бір сәтті барынша ұстап қалуға талпынған көркем шумақтар.
«…Жабырқаулы сәттерде жолығып қалғаным,
Жаңбырмен тазарған кештердің жан сүйген жұпары,
Жапыраққа жайғасқан жылтыр көз тамшылар,
Аяулы шақтардың сырлы өңі жұқарып,
Қайғысы қалың қараңғы көшенің жүрегі (шаншыған)…»
«Өңі жұқарған аяулы сәттердің» бояуын айшықты көрсете алу – кез келген өнер туындысының өлшемі деуге де болады. Біз көз жүгіртіп өткен автордың бірнеше өлеңі «осындай өлшемдерге сай, төгіліп тұр» деуден аулақпыз. Жас қаламгердің шығармашылық қуатын алдағы ізденісі, эстетикалық талғамы көрсетері анық.
Нұртілеу Қадырқұлдың өлеңдерінен де сәтті шумақтар, максималистік көңіл күймен үлкен ұғымдарды кішірейтіп алған жастыққа тән албырттық та байқалады. Мұны енді жас ақынға жарасатын жақсы қылық деуге де болатын шығар. Автор көбінесе философиялық ой-толғамдарға барынша ден қояды. Жалаң дидактиканың да көбірек көрініп қалатын тұсы осы. Ұғымдардың үлкейу-кішірейуі қатты байқалатын бұл тақылеттес тақырыпқа барған ақындар да аз емес.
«Жоғалу – хақ, жаралуың –
жорамал,
Сенім – жалғыз серігің.
Мәңгі жұмбақ жасырады молалар,
Мүмкін шығар қайта өмірге
келуім…»
– дейді Нұртілеу. Жақсы, сәтті шумақ. Біздің дүниетанымға келетін де, келмейтін де жері бар. Несі бар? Бұл – жас ақынның қалыптасқан экзистенциалдық сипаттамаларға (қазақтың) мүлде керағар көзқарасы, өзінше ізденісі. Джордж Оруэллдің «1984» романындағы секілді бүкіл санаңды манипуляция алғысы келетін «ой полицияларына» деген қарсылығы болуы да мүмкін…
«Қайда апарып тоқтатамыз күн керуенін, ай көшін?..
Ал сен қатты ойланбашы,
қайтесің?!»
– деп қойып өзіңше ойлануға, талмай ізденуге не жетсін. Алдағы уақытта жас қаламгерлердің бұдан да тұщымды, жақсы дүниелерін оқимыз деп үміттенеміз.
Ырысбек ДӘБЕЙ