БАҺАДҮР БАУЫРЖАНДЫ ТЕРЕҢІРЕК ТАНИЫҚ
![1401732325_1552254980](https://qazaqadebieti.kz/wp-content/uploads/2016/01/ee556c207318e3dcf2b75407a7ed5da5.jpg)
Бауыржан Момышұлының өз халқын жақсы көретін, оның тарихын, салт-дәстүрін керемет жақсы білетін, тілін аса қадірлейтін азамат екені белгілі. Баукеңнің ана тілімізге қамқорлығы ерекше болған. Аласапыран соғыста жүріп, 1944 жылы сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Мұхаметжан Әбдіхалықовқа жазған тіл туралы хатының бас жағында былай дейді: «Алматыға келгелі орталық «Социалистік Қазақстан» газетін оқып, кейбір кейінгі кезде басылған қазақ тіліндегі кітаптарды желе-жорта қарап шығып, күннен-күнге ұлғайып, шым-шытырық болған «тіл шұбарлығын» көзбен көре, құлақпен ести отырып, дәтім шыдамай жазайын деп отырғаным – тіл мәселелері туралы». Осы хатта айтылған ой-пікірлері, ұсыныстары осы күнге дейін маңызын жоғалтпапты. Хатының соңында арнайы бөліп айтқан ұсыныстарының бір-екеуін ғана келтірейік:
«Аяқ асты елеусіз болып кеткен қазақыландыру мәселесін алдымен қазақтардың өздерін, тіл жөнінен тәртіптеуден бастап, барлық үкімет, кеңсе, ғылым, оқу, өндіріс, өнеркәсіп орындарында қайтадан әділдікпен көтеріліп қолға алынуы жөн».
«Барлық оқу орындарында қазақ тілі, қазақ әдебиеті, қазақ тарихы міндетті сабақ болу керек…».
Міне, біздің бүгін іске асырамыз деп әлек болып жүрген мәселеміз де осы емес пе. Ал бұл ойды Баукең 1944 жылдың басында айтқан екен.
Жоғарыда Бауыржан Момышұлы өмірінің көптеген қыр-сырлары қағазға түскен дедік. Ол рас, бірақ барлығы түгелдей емес. Әлі де болса Баукеңнің өмірінің ақтаңдақтары жоқ емес.
Бауыржан Момышұлының батырлық хикаясын Александр Бек бастап берді. Оны ары қарай заңды түрде жалғастырған: «Москва үшін шайқас», «Генерал Панфилов», «Бір түннің тарихы», «Кубадағы кездесулер», «Соғыс психологиясы», «Қанмен жазылған кітап» сияқты өз еңбектері және Әзілхан Нұршайықов ағамыздың «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогы. Баукеңнің әулеті, ата-бабасы, туған-туыстары жөнінде ең құнды шығарма − ол кісінің өзінің «Ұшқан ұя» повесі. Бұл – өте керемет жазылған өмірбаяндық көркем шығарма. Осы тақырыпты толықтыратын жеңгеміз Жәмила Егембердиеваның 1990 жылы шыққан «Өмірінің өзі дастан» роман-эссесі.
Баукеңді әке ретінде ғана емес, ірі тұлға, қайталанбас дара адам ретінде көрсете білген баласы Бақытжан «Восхождение к отцу», «Во имя отца», «Сыновья великого волка» деген шығармаларын жазды.
Баукеңнің күнделікті өмірдегі болмысын адами қасиеттерін, тазалығын, адалдығын, үлкен парасатты ой иесі екенін келіні Зейнеп Ахметова «Шуақты күндер» естелік кітабында өте шебер көрсете білген. Бұл еңбекте, сонымен қатар, батырдың өз замандастары, әріптес жазушылар, туған-туыстар, отбасы мүшелерімен күнделікті қарым-қатынасы қаз қалпында суреттелген. Ал енді Зейнептің 2012 жылы жарық көрген «Бабалар аманаты» атты іргелі еңбегі Баукең туралы аса құнды шығарма болып табылады. Атасының алуан түрлі тақырыпқа (әсіресе ұлттық дәстүр, салт-сана) арналған әңгімелерін үлкен ұқыптылықпен қағазға түсіріп, көпшілік оқырмандарға шебер әдеби тілмен жеткізіп, Баукеңнің ғұламалығын тастай қып шегелеп, дәлелдеп берген бұл еңбек – Зейнептің ерлігі. Кітаптың көркемдік деңгейі де өте жоғары.
Осы тақырыпты жазушы Мамытбек Қалдыбай жалғастырады. Баукеңнің қасында көп жылдар бірге болып, мінез-құлқын байқап, айтқан әңгімелерін жинақтап жүрген Мамытбек көптеген мақалалар және «Ұмытылмас кездесулер», «Атақ пен шатақ», «Мен халқымның Бауыржанымын» атты кітаптар жазды.
Баукеңнің жазушылық талантын, көп көзге түсе бермейтін адами қасиеттерін терең зерттеген және ол кісінің көптеген еңбектерін жарыққа шығаруға себепші болған ғалым – Мекемтас Мырзахметов.
Сонымен қатар, майдандас досы, белгілі жазушы Дмитрий Снегиннің «Шалғай шепте», «Шабуылда», «Наш Бауыржан», «Открытый всем» деген кітаптары мен көптеген естелік мақалаларын айтпай кетуге болмас.
Бұдан басқа да айтулы азаматтар және көптеген журналистер мен жазушылар Бауыржан Момышұлының әр түрлі қыр-сырларын жазып жатты. Солардың ішінде Елен Әлімжан мен Бақытбек Смағұлдың еңбектерін ерекше атау керек.
Сонда енді Баукең жөнінде жазылмаған не қалды деген сұрақ тууы мүмкін. Ойлап қарасақ, ондай мәселелер де бар екен. Ең алдымен жазушы Бауыржан Момышұлының орыс және қазақ тілінде жазылған көркем шығармаларына шын мәнінде әдебиеттану тұрғысынан терең ғылыми зерттеу жетіспейді. Тіл байлығы, көркемдік деңгейі, оқиғаны баяндау барысы, кейіпкерлерін көрсете білу шеберлігі туралы айтылған тұшымды пікірлер жоқтың қасы. Жеке өз басы туралы айтылған әңгіме көп болғанымен, жазушы Момышұлының тұлғасы, шығармашылық лабораториясы әлі толық зерттелмеген.
Ақтаңдақтардың ең үлкені Бауыржан Момышұлын ғалым ретінде әлі танымадық. Ал ол кісі – әскери ғылымның бірнеше саласын, соғыс тактикасын, әскери ережелерді және әскери-патриоттық тәрбиенің негізін қалыптастырған ғалым адам. «Психология войны» кітабында осы ілімнің азын-аулақ бөлігі ғана сөз болады. Алматыда 1944 жылы Қазақ ССР Ғылым Академиясында ғалымдарға, соғыстан кейін Ресейде Калинин қаласында әскери Академияда жоғары шенді офицерлерге оқыған лекциялары тұнып тұрған ғылым.
Ал осы бай мұраларды ғылыми тұрғыдан зерттеп, талдаған жоқпыз. Әскери саламызда осыларды қолданып, жас әскерлерді тәрбиелеуде пайдалана алсақ, ұтарымыз көп болар еді. Бірнеше шет елдерде Б.Момышұлының әскери қағидалары бойынша дәріс оқылатын көрінеді. Ал біздің өз Отанымызда әскери саламыздың басшылары Баукеңнің бұл еңбектерінен тіпті хабарсыз екен. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген осы да.
Бауыржан Момышұлы туралы жазғандардың біразы оның сыртқы болмысын, мінез-құлқын, айтқан сөздерін әңгімелейді. Ал ол кісінің ішкі дүниесіне, рухани байлығына, әділеттігіне, адами қасиеттерінің қайнар көзіне, қоғамға және онда болып жатқан ірілі-уақты құбылыстарға деген философиялық көзқарастарына, қанатты сөздерінің шығу тарихына, ұлтшыл атану себебіне, жалпы айтқанда, Бәукеңнің ішкі рухани өміріне терең бойлаған адамдар кемде-кем. Әрине, бұл тұрғыдан Мекемтас пен Бақытжан-Зейнептің орны бөлек. Бірақ бұл Бауыржан сияқты ғұлама үшін жеткіліксіз.
Тізе берсек тағы да біраз мәселелер табылар. Баукеңнің алғашқы мамандығы банк қызметкері болатын. Ленинградта осы саладағы Академияның арнайы курсын бітіріп, Алматыға келіп сол кезде «Промстрой Банк» деп аталатын мекемеде біраз қызмет атқарған. Бұл жөнінде хабарымыз жоқтың қасы.
Тағы бір ерекше бөліп айтатын нәрсе − Бауыржан Момышұлының ұстаздық қасиеті де, тәрбиешілік еңбегі де бізге көп таныс емес. Баукең 1928-1929 жылдары жаңадан ашылған Сарысу ауданының сол кездегі орталығы болған Шиелі деген елді мекенде мектеп ашып балаларды оқытқан. Сонымен қатар, өздері ықылас білдіріп, ынталы болған көптеген ересектердің де сауатын ашқан. Бұл жөнінде мәліметтер некен-саяқ.
Ал соғыс біткеннен кейін Ресейдегі Калинин қаласындағы айтулы әскери Академияда сабақ береді. Сол Академиядағы Б.Момышұлы шәкірттерінің ішінен көптеген генералдар, әскери қолбасшылар өсіп шығады. Олардың өз ұстаздары полковник Бауыржан Момышұлы туралы ой-пікірлері өте жоғары. Бірақ өкінішке қарай, бұл пікірлер біздің елге әлі жеткен жоқ, көбімізге белгісіз.
Сонымен, ірі тұлға, даңқты батырымыз, аса көрнекті жазушымыз Бауыржан Момышұлының әлі де ашылмай, көпшілікке жетпей жатқан қыр-сырлары баршылық. Оның өмірі мен шығармашылығын зерттеу барысында аталған олқылықтардың орнын толтырсақ нұр үстіне нұр болар еді.
Баукеңнің жеке басының ерекшелігі, ешкімге ұқсамайтын өмірлік қағидалары, қайталанбас мінезі, тұлға ретінде қыр-сырлары өзінше бөлек әңгіме. Солардың біразын айта кетейік.
Б.Момышұлы өте көп білетін, ол – көп оқып, көп ойланғанның жемісі. «Менің тірлігім – ой, ой үстінде қалғу. Қалғу менің тұлпарым, ұйқы менің желмаям», – дейді Баукең бұл туралы. Ояу кезінде де, қалғып отырып та ойдан айырылған емес. Баукеңді өте жақсы білетін рухани інісі Шерхан Мұртаза: «Ол – орасан ойдың адамы. Рухы күшті, жаны таза. Айбынды, асқақ» деп бейнелеген ағасын. «Аспанның түбі жоқ, білімнің шегі жоқ» – деп өзі айтқандай, Баукеңнің білімінің шегі жоқ. Қай салада болса да білгені көп, терең және жан-жақты. Өзі іргесін қалап, қалыптастырып, дамуына орасан зор үлес қосқан әскери әдебиетті былай қойғанда, жалпы әдебиет, тарих-шежіре, тіл, мәдениет пен рухани дүниеде терең із қалдырды. Тек жазушы ғана емес, көптеген өлең жазған ақын, халықтың ауыз әдебиетін, шешендік сөздерін, мақал-мәтелдерін өте жақсы білетін. Әлем ойшылдарының біраз еңбектерін талдап оқып, оларға өз пікірін айтып отырды. Соның арқасында өзі де үлкен ойшыл, философиялық тұлға деңгейіне көтерілді. Ал Баукеңнің сурет салып, өрнектеп ою оятын өнері өзінше бір төбе.
Табиғаттың тылсым құбылыстарының қыр-сырларын меңгерген, адам психологиясы тұрмақ жан-жануарлардың мінез құлықтарын ғылыми түрде талдай білген ғұламаның өзі еді Баукең. Б.Момышұлының өз еңбектерін, келіні Зейнепке айтқан әңгімелерін («Бабалар аманаты», «Шуақты күндер»), М.Қалдыбай және басқа да журналистер мен жазушылардың сұрағына берген жауаптарын оқыған адам ол кісінің бойында энциклопедиялық білім бар екеніне көз жеткізе алады.
Бауыржан Момышұлының ғалымдығын дәлелдейтін көптеген мәліметтер бар. Ол кісі өз өмірінде жүздеген баяндама жасаған адам. Олардың көбінде ғылыми қағидаларды негізге ала отырып, терең ғылыми талдаулар жасаған. Баяндамалардың тақырыбы да алуан түрлі, олар тек соғыс өнері немесе соғыс туралы көркем әдебиетпен шектелмейді. Олардың ішінде жалпы әдебиет мәселесі, әдеби сын, патриоттық және ұлттық тәрбие, жеке жазушылардың творчествосы, олардың кейбір шығармалары және тағы басқа да толып жатқан тақырыптар бар.
Индияның ұлы жазушысы Рабиндранат Тагордың 100 жылдығына арналған баяндаманы жасау 1961 жылы Бауыржан Момышұлына тапсырылды. Бұған Баукең өте тиянақты дайындалады. Тагордың өз өмірін, барлық шығармаларын (22 томдық) терең зерттеумен шектелмей, оған қоса Индия елінің тарихын, әдебиетін, мәдениетін, халқының ой-санасын, философиясын жан-жақты зерделеген. Нәтижесінде шын мәнінде керемет ғылыми баяндама болып шыққан. Бұл – Тагордың шығармаларына арналған тек қана әдеби талдау емес, Тагордың творчествосының Индия әдебиеті мен мәдениетіне, әлемдік өркениетке енгізген орасан зор жаңалықтарын анықтап берген ғылыми тұжырымдама.
Жалпы, Б.Момышұлы өз ой-пікірін ғылыми түрде негіздеп және оны қай жазушы, қай шығарма болмасын, тайсалмастан ашық айтып отырған. Өзі қатты сыйлайтын М.Әуезовтің «Намыс гвардиясы» пьесасын тас-талқан етіп сынағаны белгілі. Ал «Абай» романы жөнінде ол кезде ешкім айтпаған пікірді алғаш айтқан Баукең еді: «М.Әуезовтің «Абай» романы ұлы шығарма, бірақ кейбір жерлерімен келіспеймін. Неге? Себебі не? Ол кісі Абайды көтерем деп, Құнанбайды кемітеді. Бұл үлкен қате деп білем… Құнанбай – ол қазақтың Иван Грозныйы. Иван Грозный мақсатына жетті, бірақ Құнанбай ойына жете алмады. Мұхаң осыған түсінбеді. Құнанбай қазақ мемлекетін жасауға ұмтылған еді… Мұхаң әкесі мен баласын қарсы қойған» («Көз алдымда бәріңсің», Тараз, 2007 ж., 11 б.).
Осы сын пікірін Баукең хатпен жолдайды, Мұхаң жауап хатында бұл сындарды түгел мойындайды. Ал көзбе-көз Бауыржанмен жолыққанда: «Сенің хаттарыңды алдым. Абай туралы дұрыс айтқан пікіріңе мың алғыс… «Намыс гвардиясы» туралы айтқан ескертпелеріңе толығынан мен қол қоямын», – деген екен.
Кеңес идеологиясы кезінде шығарманы жарыққа шығаруға кедергі болмасын деп Құнанбайды үстем таптың өкілі етіп, образын біраз кемсіткенін Мұхаң өзі де мойындаған. Қазір ғой еркін заманда Құнанбайдың ірі тұлғасын қалпына келтіріп, оның ұлылығын дәріптеп кітаптар мен мақалалар жазылып, көркем фильм түсіріліп жатыр. Ал ол кезде мұның басын ашып айтқан тек көреген Б.Момышұлы болатын.
Бауыржан ағамыз өзінің ерекше мінез-құлқымен, ой-пікірімен, іс-әрекетімен ешкімге ұқсамайтын өмір кешті. Оның қиындықтары да аз болған жоқ. Өзінің айтуынша, аты белгілі адамдардың бағы мен соры қатар жүреді. Сол айтпақшы, Баукеңнің өмірінде көрген қиындықтары туралы Зейнеп келіні былай дейді: «Ата өзінің найзағай мінезімен баяны жоқ пәниде қайшылыққа толы ғұмыр кешті. Қиғаш келсе, иығынан, тура келсе кеудесінен қаққан тағдыр тәлкегінің кедергілері тіршілігінің соңына дейін жалғасты. «Ұлтшыл», «басбұзар», «тентек», «қоғамнан тыс жаралған» деген атақ-айдарлар толассыз айтылып жатты. Алайда соған қарамай, қалың қазақ атаны ардақ тұтты, құрметке бөлеп, төбелеріне көтерді. НЕГЕ? Өйткені, ата қашан да халықпен бірге болды, олардың тілінің ұшында тұрған сөзді қаймықпай жариялаудан жалтармады. Елін-жерін сүюдің, отаншылдықтың озық үлгісін көрсетіп, халықтың рухын көтерді» («Бабалар аманаты», 127 б.).
Баукеңнің қайталанбас ерекшелігін көрсететін тағы бір жағдай. Жазушылар одағынан шығып, үйге кетіп бара жатып, бір-бірімен теңестіріп бастарын теп-тегіс қырқып тастаған бұталарға көзі түсіп, қасында келе жатқан Зейнеп келініне айтқан сөзі: «Бұталардың біреуі басын қылтитып өзінше өсуге талпынса, дереу қырқып, басқалармен теңестіріп қояды. Сәнді бұзбау керек… Біз өмір сүріп жатқан қоғам бірыңғай бастары тегістелген бұталар секілді. Мемлекетке илеудегі құмырсқадай бір-бірінен аумай қалған адамдар керек. Сонда оларды басқару оңай болады. Айтқанға көнеді, айдаған жаққа жүреді. Егер біреу басқаша ойлап, өзінше бұра тартса, анау бұталар құсатып, басын қырқып тастайды» («Бабалар аманаты», 124 б.). Міне, мұндай терең саяси философиялық ойды Тахауи Ахтанов айтқандай, «стандартты қоғамда – стандартсыз өмір сүрген» адам ғана айта алады.
Баукеңнің бәрімізді таңқалдыратын, бірақ сыры әлі ашылмаған тағы бір қыры бар – ол оның көріпкел көрегендігі. Зейнеп келіні – «егер атам Кеңес Одағына дейінгі заманда өмір сүргенде нағыз көріпкел әулие болар еді», – дейді. Міне, осы қасиеті жөнінде екі-үш эпизод.
Баукең Жуалыда Петровкада тұратын Әбділда Момынқұлов деген інісінің үйіне қонаққа барады. Туысқан-ағайындары жиналады, арасында Үбиан (музей апа) әпкесі де бар. Біраз отырып, ас ішіліп болған соң, Бауыржан әпкесінің жүзіне тесіле қарап: – Әпке, ақылды кісісіз ғой, Бауыржанның әпкесі Петровкада, бөтен елдің ішінде өліп қалыпты, – деген сөз сізге де, маған да жараспайды. Сондықтан әпке, шақырып келгеніңе рақмет, сәті түссе барамын, ал енді сіз ауылға қайтыңыз, – дейді. Әпкесі: – Бауыржан, дұрыс айтасың, өзім де соны ойлап отырмын, сенің келгеніңді естіп, шыдай алмай сағынып, аңсап келдім. Үйге де шақыра алмадым, ертең ауылға кел, қарағым, – деп, қоштасып шығып кетеді. Содан әпкесі үйіне келіп, түн ортасында жүріп кетеді. Таңертең Баукеңе қаралы хабаршы келгенде, айтқызбай-ақ: – Суық хабар әкеліп тұрсың ғой, Үбиян әпкем қайтты ғой, иманды болсын, – деп бетін сипапты.
Келесі эпизод. Момынқұлдың баласы немере інісі Әбділда қайтыс болып, соны естіртуге Баукеңнің бөлмесіне әйелі Жәмила, енесі Күләнда және Шерханның жұбайы Мәриям үшеуі кіреді. Сонда оларға бастан-аяқ сүзіле бір қарап шығып, ауыз аштырмай-ақ, баяу үнмен – «Е, сонымен, Әбділда Момынқұлов марқұм болды деңдер», – деген екен. «Өзім де сезіп едім, мына жұдырықтай қу жүрегім аласұрып, қабына сыймай хабаршы болып еді… Әттең дүние-ай, Момынқұл көкемнің жалғыз көзін де көп көріп, сұм ажал аямай алып кетті-ау»! – деп өзін ұстай алмай еңіреп жылапты (Ж.Егембердиева, «Өмірінің өзі дастан», 244 б.).
Баукеңнен осы қасиеті туралы сұрағанда «иә, мен өлетін адамды алдын ала сеземін, менің ондай бәлем бар. Ғайникамал марқұмның да өлетінін алдын-ала сезгенмін. Ауруханада, палатасына шығарып салып тұрғанда, маған қимағандай бұрылып үш қарады. Көзқарасынан көпке бармайтынын сездім», – дейді.
Ал енді өзі өмірден озар алдында жанында отырған дәрігерлерге сабырлы, байсалды үнімен былай депті: «Менің арманым жоқ, өмірден өзіме керектіні алдым. Отаныма әлімнің келгенінше адал қызмет еттім, қолымнан келген дүниені жазып ұрпақтарыма қалдырдым… Сондықтан мен өзімді бақыттымын деп санаймын… Ал сендер дәрі-дәрмектеріңді мен үшін тым босқа ысырап етпеңдер. Шала бүлінбеңдер, мен жақында о дүниеге сапар шегемін, ол жаққа да біз сияқты адамдар керек. Мен өлімнен қорықпаймын. Ол – табиғи, заңды нәрсе». Не деген ерлік, ал көріпкелдігі өз алдына.
Баукең өлім-жітікті ғана емес, басқа жайттарды да көре білген екен. Бір күні түн ортасында ұйқысынан шошып оянып, біраздан бері ренжісіп хабарласпай кеткен Құрманбек досының үйіне телефон соғады. Телефон тұтқасын алған Сара құрдасына: – Әй, қара қатын, неғып бейғам отырсыңдар, үйлеріңнен өрт шықты ғой! – деп тұтқаны тастай салады. Сара жеңгей асүйіне кірсе, тоңазытқыштың артындағы электр сым жанып жатыр екен. Тез арада оны өшіріп үлкен өрттен аман қалады. Міне, Баукеңнің қайталанбас қасиеттері осындай.
Б.Момышұлы – қоғамдағы өз орнын толық түсініп, өзінің мүмкіндігі мен осы өмірдегі міндеттерін, қарызы мен парызын айқын етіп анықтаған, тағдырының жауапты және ауыр жүгін қара нардай арқалаған Азамат. Бұл жөнінде өзі былай дейді:
– Мен көпті көрген кісімін. Өмір шексіз, сол өмірден көргенімді, білгенімді, түсінгенімді, түйгенімді, талдаған қорытындымды келешекке, ұрпаққа тастап кетуім керек. О дүниеге арқалап алып кетпеймін, оның ол жаққа керегі жоқ. Ол – ұрпақтарға ата-бабасынан қалған аманат, өсиет. Ұрпақтарға сол өсиеттерімді, көрген-білгенімді қаламмен жеткізуге тиіспін. Ал осы міндеттерін ол толығымен абыроймен атқарып кетті. Артында ұмытылмастай ұлы мұра қалды. Аты аңызға айналған соғыстағы даңқына өмірдегі ерлігі қосылып, халқымыздың рухани қаһарманы аталды.
Бауыржан Момышұлының бейнесін толықтыра түсу үшін оның соңғы оншақты жыл өмірінде қасында серігі болған, барлық мінез-құлқын, іс-әрекетін өте жақсы білетін, көңіл-күйін айтқызбай танитын жұбайы Жәмила Егембердиеваның пікірін келтіре кетейік:
«Келер ұрпақ Бауыржан қандай адам деп сұраса, елінің, халқының, тарихтың берер жауабы айдан анық; ол – қара қылды қақ жарған әділ, турашыл, ел басына күн туғанда қан ұрттап, от кешкен, Отаны дегенде жанын да, жалындаған жастығын да аямаған, елім деп еңіреген ер! Көпұлтты дивизияда қолбасшы болған, Ұлы Отан соғысының баһадүрі, қазақтың қаһарман жауынгері. Бейбіт өмірде қаруын суытып, қаламын төселдірген майталман жазушы, қазақ совет әдебиетінің көрнекті өкілі. Бірнеше кітаптары шет ел тілдеріне аударылған мәшһүр адам. Өзі де көптеген көрнекті кітаптардың кейіпкері, көзінің тірісінде-ақ аты аңызға айналған, даңқы әлемге жеткен.
Терең ақыл-ойдың иесі, жүрегі әуендей сыршыл, нәзік жан. Сөзі мағыналы, екі тілде өткір де шешен адам. Жауға, жат мінезділерге қатал. Дүниеге, дүрілдеген баққа қызықпайтын қанағаты мол, бақталастыққа, қызғаныш, өсек-аяңға, рушылдық, жершілдікке жуымайтын адам. Әркімге жалпаңдайтын, қошеметшілден аулақ, ойы, бойы биік, намысы мол, табанды, байсалды, сабырлы, дарынды, бауырмал, қарапайым, жомарт та, ішкі сарайы кең жан еді» (Ж.Егембердиева, «Өмірінің өзі дастан», 312 б.).
Бұл айтылғандар толық болмаса, соған жақындау мінездеме және Баукеңе берілген өте әділетті баға. Бұл сөзді Жәмила жеңгеміз тек өз атынан ғана емес, Баукеңді сүйген, сыйлаған халқының атынан айтып отыр. «Билік сыйлаған тұлға – бір күндік, халық сыйлаған тұлға – мәңгілік» деген сөз бар. Б.Момышұлы тек қазақ халқы қадірлеп сыйлаған тұлға емес, жалпы түрік әлемі құрметтеген, бүкіл әлем мойындаған тұлға. Ұлтымыздың тағы бір ұлы тұлғасы Д.А.Қонаев: «Бауыржан Момышұлы барлық әлем таныған титан» деп бағалаған болатын Баукеңді.
Осылардың бәрін ескере отырып, Б.Момышұлын бүгінгі ұрпаққа дәріптеу үшін ең алдымен бөліп жармай, жұлмаламай толыққанды «Бауыржантану» ілімін қалыптастыруымыз қажет. Арнайы жасалған бағдарламаларда Баукеңнің өмірі, әскери қызметі, соғыстағы ерліктері, жазушылық еңбегі, негізгі шығармаларының түйіні, қоғамдағы алатын орны мен халқының берген бағасы түгел көрсетілуі тиіс. Бұл бағдарлама қаһарман Момышұлының болмысын, ішкі рухани бай дүниесін толығымен ашатындай болу керек. Ал Баукеңді дәріптеу барысында «Бауыржантану» бағдарламасының әр түрлі деңгейдегі бірнеше варианттары болғаны абзал. Бастауыш және орта мектеп оқушыларының жас ерекшеліктері ескерілгені жөн. Жоғары оқу орындарына кеңірек варианты ұсынылсын. Ал әскери ұйымдар мен әскери оқу орындарында міндетті түрде оқылатын арнайы пән кіргізілсін.
Барлық оқу орындарында «Бауыржан оқуларын» ұйымдастырып өткізуді тұрақты дәстүрге айналдыруға тырысайық. Оның үстіне жалпы халыққа, әсіресе, жастарға арнап интернет жүйесінде Баукең туралы сайт ашылды. Бұл Б.Момышұлы жөнінде хабардар болайық деп мәлімет іздеген көпшіліктің қолын ұзартары анық.
Осы бағыттағы тағы бір игілікті іс – ол Алматы қаласында Бауыржан Момышұлының жеке мұражайын ашу. Баукең бұған тұратын тұлға. Алыстан атақтыларды іздеп әуре болмай-ақ, қолымызда барды неге қадірлемейміз. Жас кезінде елімізді шапқан жаумен алысып, қан майданда айтусыз ерлік көрсетіп, кейін қайталанбас талантты шығармаларымен өзіне-өзі ескерткіш қойған, соңғы демі біткенше өзінің саналы өмірін әділетсіздікпен, жағымпаздықпен, көзбояушылықпен, ұлтсыздықпен аянбай күресуге жұмсаған айбатты азаматымызды, бүкіл әлем бас иіп мойындаған баһадүр батырымызды неге тиісті деңгейде дәріптемей жүрміз. Жастарға, келешек ұрпаққа үлгі етер Бауыржан Момышұлынан артық кім керек.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев бұл туралы былай деген: «Біз жас ұрпаққа батыр Бауыржанның кесек тұлғасын үлгі етіп, оның өнегелі өмірін ұлттық патриоттық тәрбиенің өзегі ретінде насихаттап отыруға тиіспіз. Тәуелсіздігімізді баянды етіп, мемлекетімізді нығайту үшін де батыр мұрасының тағылымы ерекше мол екендігі сөзсіз».
Бұл бағытта басқа да атқарылуға тиіс істер аз емес. Осыны ескеріп, аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлының бай рухани мұрасын және алып тұлғасын жан-жақты зерттеп, жастар арасына дәріптеу мақсатымен «Бауыржан Момышұлының мұрасы» атты Қоғамдық Қор құрылды. Қордың негізгі мақсаты: оның барлық шығармаларын жинақтап, жүйелеп, толық академиялық басылымын шығару. «Бауыржан Момышұлы» энциклопедиясын, өнегелі өмір (ЖЗЛ) сериясы бойынша арнайы кітап, басқа да жанрларда шығармалар жаздыру. Өз шығармаларының және ол туралы шыққан еңбектердің толық библиографиясын жасау, шығармаларын шет ел тілдеріне аударуды қолға алу. Баукеңнің мұрасымен айналысып жүрген шығармашылық ұйымдарға, оқу орындарына және жеке тұлғаларға қамқорлық көрсетіп, оларға әдістемелік және материалдық көмек жасау. Арнайы журнал шығарып, ашылған сайтты және басқа да ақпараттық құралдарды кеңінен қолданып, асыл мұраны жүйелі түрде насихаттау. Жастарды патриоттық тәрбиелеу аясында «Бауыржантану» ілімін қалыптастырып, оны оқу орындарына барынша кеңірек енгізу. Алматы қаласында Бауыржан батырдың жеке мемориалдық музейін ашуға және оны толық жабдықтауға атсалысу. Ресей және басқа мемлекеттердің архивтерінде сақталған Бауыржан Момышұлы туралы құжаттарды жинастырып, жарыққа шығару.
Қорыта айтқанда, Қордың міндеті – Бауыржандай алыбымызды ардақтай отырып, тек қана қара дүрсін сөзбен емес, Баукеңнің атын дәріптейтін игілі істермен, тиянақты тірліктермен, ізгі ниетті әрекеттермен ұлтымызға ұран болған ұлы тұлғамызды ұлықтай білу.
Көпжасар НӘРІБАЕВ,
«Бауыржан Момышұлының мұрасы»
Қоғамдық Қорының президенті,
Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері,
ҚР ҰҒА академигі.