Баһадүр Бауыржанды тереңірек таниық
Қазақ халқының қаһарман ұлы, даңқты қолбасшы, көрнекті жазушы Бауыржан Момышұлы туралы жазылған шығармалар баршылық. Олардың ішінде естеліктер, өлең-жырлар мен дастандар, өмірі мен шығармашылығына арналған зерттеулер, ерлігін дәріптейтін роман, повестер мен әңгімелер бар. Баукеңе арналып деректі және көркем фильмдер түсірілді, спектакльдер қойылды, әндер жазылып, күйлер шығарылды. Мұның бәрі Бауыржандай алыптың көп қырлы келбетін, адами болмысын, бай рухани дүниесін, терең сырларын, тұлғалық қасиеттерін жан-жақты ашып көрсетеді.
Б.Момышұлындай батырға арналған шығармалар мұнымен шектелмейді, әлі де жалғаса береді. Бұл – халқының Баукеңе деген құрметі.
Бауыржан тақырыбына қалам тарту өте жауапты, ол үшін үлкен ерлік, батырлық керек сияқты. Ол кісі көптің бірі емес: Бауыржан – қайталанбас қаһарман қолбасшы, біртуар Баһадүр батыр, үлкен ұстаз, терең психолог, әскери саладағы ірі ғалым, қос тілді тең меңгерген керемет жазушы, қазақ тілі мен мәдениетінің жанашыры, ұлтын ерекше сүйген, заманының ауыр жүгін арқалаған абзал азамат. Сондықтан Баукеңнің осы қадірлі қасиеттерін терең түсіне білген және оларды жақсылап көрсете білетін адамдардың ғана ағамыз жөнінде қалам тартқанын құптаймын.
Бақытымызға қарай мұндай азаматтар болды, әзір де бар және олар дер кезінде Баукеңнің жанынан табыла білді. Батырдың атын алғаш шығарған Александр Кривицкий мен Александр Бекті былай қойғанда, бұлардың қатарына Әзілхан Нұршайықов, Мәлік Ғабдуллин, Мекемтас Мырзахметов, Кәкімжан Қазыбаев, Шерхан Мұртаза, Мамытбек Қалдыбай, Құрманбек Сағындықов, Дмитрий Снегин, Жәмила Егембердиева, баласы Бақытжан Момышұлы мен келіні Зейнеп Ахметованы қосар едім. Осы азаматтардың өте құнды еңбектерінің арқасында Баукеңнің шын табиғаты, таудай үлкен таланты, ірі тұлғасы, адами қасиеттері, шыншылдығы, тазалығы, халқына – қазағына сіңірген өлшеусіз мол қызметі көпшілікке аян болды. Бұлардан басқа батыр ағамыздың әр түрлі қыр-сырларын дәріптеп жүрген азаматтар да аз емес.
Бұл тұрғыдан алғанда, Бауыржан ағамызды бақытты кейіпкер дер едім. Қаншама қатал мінезі болса да, жанында осыншама талантты қаламгерлердің болуы тағдырдың жасаған жақсылығы деп білем. Өмірде мұндай жағдайлар сирек кездеседі. Небір ғұламалардың, көрнекті тұлғалардың арасында өмірі көмескіленіп, дерексіз өткендері қаншама. Олардың өмірбаянын жобалап, кей жерлерін ойдан қосып, мәртебелерін биіктетіп жүрміз. Ал Бауыржан ағамыздың тарихи тұлғасы, адами болмысы, өмірге көзқарасы, қоғами құбылыстарға, кейбір ірі тұлғаларға берген әділ бағасы бәрімізге айдай анық.
Мен Баукеңмен жиі кездестім деп мақтана алмаймын. Ол кісіні алғаш көруім 1957 жылдың басында болды. Онда мен КазГУ-де студентпін. Университет ұжымымен кездесуге келді. Бұл ағамыздың әскери қызметтен босап, Алматыға түпкілікті келген алғашқы жылдары болатын. Көптеген ұжымдар даңқты батырмен кездесуге құмартып, жиі-жиі шақыратын. Тек бір КазГУ-дің өзінде Баукеңмен бірнеше кездесу өтті. Бұл солардың алғашқысы. Ол кезде университеттің бас ғимараты Комсомол (қазіргі Төле би) көшесінде болатын. Астында, бірінші қабатында 500-дей адам сиятын үлкен зал болушы еді. Кездесу сонда өтті. Адамдардың көп болатынын біліп мен алдын ала залға кіріп алдыңғы қатарлардан орын алғанмын. Шынында да, студенттер мен мұғалімдердің көп жиналғаны сонша, залға сыймай есік алдына топырлап тұрып алыпты. Уақытында келген Баукеңді ғимаратқа кіргізе алмай залдың аула жақтағы артқы есігінен кіргізгені есімде.
Таза орыс тілінде бір сағаттан аса керемет тартымды сөз сөйледі. Соғыстағы қасіретті жағдайлар, қазақстандықтардың ерлігі әңгіме болды. Әсіресе, генерал И.В.Панфилов жөнінде тебірене айтты. Одан соң 2 сағатқа созылған сұрақ пен жауап басталды. Небір өткір сұрақтар да қойылды. Солардың ішінде мына екі сұрақты бөліп айтқым келеді, екеуі де жазбаша түрде берілген. Біріншісі: «Жолдас Б.Момышұлы, біз естіген мынандай әңгіме бар. Сіз Мәскеу түбіндегі соғыста жараланып, госпитальға түсіпсіз. Сонда Сталин жолдас сіздің ерлігіңізге риза болып, көңіліңізді сұрауға госпитальға келіпті. «Жолдас Момышов қалайсыз?» – десе, сіз міз бақпай төсекте жата беріпсіз. Сонда жанындағылар – «Жолдас Сталин, бұл кісінің дұрыс аты Момышұлы» депті. Сосын Сталин – «жолдас Момышұлы, қалайсыз?» дегенде сіз атып тұрып – «рахмет, жолдас Сталин, жақсымын, Отанымызды қасық қаным қалғанша қорғауға дайынмын», – деп жауап беріпсіз. Осы әңгіме рас па, Сталинді көрдіңіз бе?». Баукеңнің жауабы былай болды: «Жоқ, бұл рас емес, мен туралы айтылып жүрген көп аңыздардың бірі. Мен Сталинмен жолыққан адам емеспін».
Осы жерде мынандай түсінік бере кетейін. Бұл – Баукеңнің сол кезде қойылған сұраққа берген жауабы. Ал кейін, 2005 жылы шыққан «Бауыржан Момышұлы туралы естеліктер» атты кітапта «Бауыржанның Сталинмен кездесуі» деген шағын әңгіме бар. Авторы – жақын туыстарының бірі Аманкелді Орманбай. Онда Баукең жоғары әскери Академияда оқып жүргенде Сталин өзі кабинетіне арнайы шақырып сөйлескені сөз болады. Кездесу аяқталған соң оған бұл туралы ешкімге айтуға болмайды деп қатаң ескерту жасалады. Тіпті, сол кездегі Академияның бастығы маршал Захаровтың сұрағына да – «маған мұны айтуға болмайды», – деп жауап береді. Баукеңнің бізбен кездесуіндегі жауабы сол айтуға болмайды деп тыйым салынған ескертудің әсерінен туған болу керек деп ойлаймын.
Екінші сұрақ: «Бауыржан Момышұлы, ел арасында атақ-даңқыңыз жер жарады, халқыңыз сізді асқан батыр деп қадірлейді. Бірақ сізге Совет Одағының Батыры атағы берілмеді. Оған ренжімейсіз бе?». Жауап: «Жоқ, ренжімеймін. Біз атақ үшін соғысқан жоқпыз, елімізді, жерімізді жаудан қорғадық. Атақты сұрап алмайды. Ал халқым мені батыр деп жатса, одан артық атақтың маған керегі жоқ».
Осы сияқты барлық сұрақтарға берген жауабы қысқа да нұсқа, мірдің оғындай өткір болды. Жиналған жұрт Баукеңді қол соғып, қошеметтеп шығарып салды.
Ал алғаш көзбе-көз жүздесіп сөйлескенім – 1968 жылдың маусым айы болатын. Менімен жақсы араласып жүретін Баукеңнің жақын ағайындарының бірі Жуалыдан Алматыға қонаққа келе қалды. Бауыржан көкемізге сәлем беруге барайық деп ек, бізбен бірге жүрсеңіз қайтеді деп қолқа салды. Мен қуана-қуана келісіп, Баукеңнің үйіне бардық. Онда ол кісі Фурманов көшесіндегі пәтерде тұратын. Үйде жалғыз екен, есікті өзі ашты. «Мына жігіт кім?» дегендей маған қарады. Мен де осы сәтті күткендей: «Аға, мен де сізге бөтен емеспін. Мені тәрбиелеп өсірген әжем Қалдықыз Құлидың қызы, сіздің жақын әпкеңіз болады, сондықтан жиеніңіз боламын», – дедім. Құлидың қызы әжең болса, онда сен жиен емес, жиеншар боласың, мұны біліп қой, – деді. Ары қарай әңгімеміз жарасып, біраз сөйлестік. Қалдықыз әжем туралы білгенімді айттым, олардың әулетін жақсы білетін болып шықты. «Ол кісі 1959 жылы өмірден өтті, өле-өлгенше сізді аузынан тастамайтын», – деп, әжем жөнінде біраз әңгіме айтып бердім.
Байқаймын, әңгімеміз көңілінен шыққан сияқты, өзім жайлы, отбасым, қызметім туралы сұрады. Аздан соң – «Әңгімешіл бала екенсің, менің алдымда бұлай ешкім көлгірсіп көп сөйлей бермейді. Ал менен не әңгіме қалайсың?» – деді. Ол кезде Бәукеңнің «Москва үшін шайқас» атты кітабы бойынша «Елбасына күн туса» деген көркем суретті фильмнің экранға жаңадан шыққан мезгілі болатын. Фильм төңірегінде әр түрлі әңгіме айтылатын. Мен осы фильмнің тағдыры жөнінде айтып беруін сұрадым.
Ол ұзақ әңгіме болады, мен ең қызық бір-ақ жерін ғана айтайын. Фильмде менің өз атым аталады, мен осыны қаладым. Бұл фильм менің кітабым негізінде жасалған және мен шын мәнінде басымнан өткізген оқиғалар туралы. Басты кейіпкер де менмін, олай болса неге менің атымды өзгертуі керек, бұл әділетсіздік емес пе? Ал жоғары жақта пікір басқаша болып, бас кейіпкердің атын өзгертпек болыпты. Фильмде менің атым қалу үшін мен өлуім керек екен. Ал әйтпесе! Сонымен осы мәселені бір жақты шешіп, фильмдегі атымды өзгертуге келісімімді алу үшін осы үйге Мәдениет министрі Ілияс Омаров және «Қазақфильм» киностудиясының директоры Камал Смаилов екеуі келді. Сипақтап сөзді бастай алмай біраз отырды. Үндемей мен де отырмын. Бір кезде сыпайылап сөзді Ілияс бастады. Мен ол кісіні керемет білімді, ұлтжанды, үлкен мәдениетті, әдепті азамат ретінде қатты сыйлайтынмын. Алыста жүргенде хат жазысып, жақындағанда жиі араласып жүрдік. Ал Камалдың жастау кезі, шыдай алмай сөзге қайта-қайта орынсыз араласа берді. Әңгімеге тағы бір киліге бергенде, мен де шыдай алмай орнымнан атып тұрдым. Стол үстінде қолғап жатыр екен, өзім де байқамай соны ала салып Камалды беттен салып жібердім. Барып есікті аштым да, Камалға – «жолың ашық», − деп есікті көрсеттім. Сүмірейіп ол үйден шықты, артынан төмен қарап, екі иығы салбырап Ілияс ілесті. Қорытындысын білесіңдер, атым өзгермей сол қалпында қалды. Димекең ақылды адам ғой, бұл іске менің ойымша сол кісі араласқан болу керек.
Жалпы, фильмнің сценарийі алғашында өте нашар шыққан. Соғыс өнері дұрыс көрсетілмеген. Соғыста негізгі кейіпкер – солдат, оның жеңісін айқай-шу, атыс-тартыспен ғана емес, солдаттың ішкі дүниесін, интеллектуалдық деңгейін, патриоттық сезімін толық ашып көрсету керек еді. Ол жоқ. И.В.Панфиловтың дана қолбасшы, соғыс ісінің білгірі, көрнекті стратег, солдаттардың қамқоршы әкесі ретінде бейнесі ойдағыдай емес, өте солғын. Тағы да басқа толып жатқан кемшіліктер бар. Сценарийді талқылаған көркемдік кеңестің мәжілісіне қатысып, кеткен қателіктерді түзету туралы өзімнің көптеген ұсыныстарымды айттым. Одан бұрын да жазбаша пікірлерімді бергенмін. Олар бірауыздан қабыл алды. Сосын Кәукен Кенжетаевтың фильмде қажеті жоқ және музей де керек емес деген ойлар айтылды. Мен бұл пікірге қарсы шығып, бұл эпизодтарды қалдыру керектігін дәлелдедім, қолына таяқ ұстаған, мұңлы, қабағы түнерген мұртты шал тек мен емес, бүкіл соғыс ардагерлерінің жалпылама образы болу керек дедім. Кейін фильм түсірілгенде Кәукен Кенжетаев бұл рөлді ойдағыдай атқарып шықты деп есептеймін.
Әңгіменің соңында орнынан тұрып, кабинетіне барып сол фильмнің кадрлары бейнеленген ірі форматты 3х4 суретті алып келді. Бірінде – Баукеңнің рөліндегі қырғыз актері Арсен Өмірәлиев, екіншісінде – өзіміздің Кәукен Кенжетаев ағамыз, ал қалған екеуінде – соғыс эпизодтары. Бұрынғы орнына келіп отырды да, менен «балаңның аты кім еді?», – деп сұрады. Мен айттым. Сосын алғашқы екі суреттің басына арабша бір сөйлем жазып маған берді. Мен – «аға, мен арабша оқи алмаймын ғой», – дедім. «Ғалыммын дейсіңдер, осы сендерге не оқытады?» – деді де суреттерді қайтып алып, жаңағы сөйлемнің астына өз әрпімізбен: «Марат балама Бауыржан атасынан» деп жазып берді. Мен төбем көкке жеткендей қуандым. Сол суреттерді әлі күнге дейін тәбәрік ретінде сақтап жүрмін. Бұл – батыр ағамызбен болған алғашқы бетпе-бет кездесу еді. Бұдан кейін де әр жерде, әр түрлі кездесулер болды, бірақ олардың бәрін айтып қайталана бергім келмейді.
Бауыржан Момышұлының азаматтық болмысын, қайраткерлік қасиетін, жазушылық талантын айтпас бұрын, оның ұлттық бейнесін анықтап алған жөн. Өйткені, Баукең ұлтын ерекше сүйген, қазақ тілі мен мәдениетінің үлкен жанашыры, халқының ары мен намысын арқалаған абзал азамат.
Бауыржан Момышұлы – Кеңес Одағы мен Партияның идеологиясы билік құрып, ұлттық сана жаншылып тұрған кездерде ұлт мәселелерін көтеріп, ұлтшыл атанған азамат. Ұлттық сезімді, рухани дүниені ол отбасында жүріп бойына сіңірді. Бұл тұрғыда Имаш атасының, Қызтумас әжесінің, Момыш әкесі мен Разия шешесінің, туған-туыстарының тәрбиелік әсерін өзінің «Ұшқан ұя» кітабында жақсылап тұрып жазады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны аласың» деген халық мақалы түгелімен Баукеңнің өмірінің өзегі десе де болады.
Дүниеге жаңа келген нәресте Бауыржанға Имаш атасының берген батасы қабыл болып, тұл бойына толығымен дарыды:
Алатаудың қыраны мол еді –
Қырағы болсын, құлыным.
Қойнауы суға мол еді –
Бұлағы болсын, құлыным.
Елінің тірегі зор еді –
Шырағы болсын құлыным.
Ата тілегі оң еді –
Құмары болсын, құлыным.
Бұл жер батырлар төрі еді –
Сыңары болсын, құлыным.
Бауыржан өз өмірінде осы ата тілегінің бәрін түгел іске асырып кетті.
Жастайынан үлкенді сыйлап, құрмет тұтып, сәлем беруге үйренген Бауыржан, ағайын-туыстардың арақатынасын, халқымыздың салт-дәстүрлерін көзімен көріп, көңіліне тоқып өседі. Атасы Имаш ауыл ақсақалы, данагөй адам болса, әкесі өлең шығаратын, рухани қазынасы мол, әділдікті, тазалықты сүйетін, оған қоса молдалығы бар азамат еді. Ал әжесі Қызтумас аңыз-әңгімелерді көп білетін кісі екен. Бауыржан сол әжесінің ертегілерін, әлдилеген әндерін естіп өскен бала. Кейін осы кездерін еске алып, қазіргі ана-әжелерге көңілі толмай былай деп айтқаны бар: «Ертексіз өскен бала – рухани мүгедек адам. Біздің қазіргі балаларымызға әжелері не шешелері ертек айта бермейді. Содан қорқам. Менің қазіргі келіндерім немерелеріне бесік жырын айта білмейді. Бесікте жатқанда құлағына анасының әлди әні сіңбеген баланың көкірегі кейін керең болып қалмаса екен деп қорқамын».
Халқымыздың ұлттық дәстүрін, салт-санасын, әдет-ғұрпын ерекше сыйлаған Баукең «Ұшқан ұя» кітабында солардың барлық түрлерін (шілдехана, бесікке бөлеу, тұсау кесу, сүндетке отырғызу, атқа міну, келін түсіру, қыз ұзату, т.б.) керемет көркемдікпен баяндаған. Қыз ұзату және үйленуге байланысты барлық салт-дәстүрді өзінің Үбиан әпкесінің ұзатылуына байланысты жан-жақты сипаттайды. Үбианның өз елімен, ағайын-туыстарымен қоштасу салты, сыңсу, жұбату жырлары, келін болып түскен ауылдағы жар-жар, беташар, той бастар үлгілері түгел келтірілген.
Бауыржан қазақтың салт-дәстүрлерінің ерекше түрі – ұлттық ойындарға да көп көңіл бөлген. Қыз қуу, бәйге-жарыс, көкпар, жамбы ату, күрес, алтыбақан сияқты ойындарды қастерлеген. Жоғарыда аталған кітабында Баукең былай деп жазады: «Көкпар, бәйге, аударыспақ – батылдыққа, ептілікке, бұлшық етті шынықтырып, құмарлықты оятар, ары мен атағы үшін өлімге бас тігуге дейін баратын дәстүрлі ұлттық ойындар. Бұл ойындардың игілікті екендігіне ешқандай күдік болмауы тиіс».
Баукең өзінің осы ойын жеке басының мәселесі ғана емес, мемлекет деңгейінде маңызы бар мәселе ретінде көтерді. Қырғын соғыстың ортасында жүріп, 1943 жылдың 18 сәуірінде Қазақстан Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы Н.Оңдасыновқа арнайы хат жолдайды: … «Я убедился на своем опыте, что в воспитании боевых качеств бойца имеет колоссальное значение военное прошлое народа и национальные традиции… Кокпар, байга, аударыспак, сайыс – традиционные национальные спортивные игры, вырабатывающие смелость, ловкость, физическую закалку, азарт, способность к риску с расчетом, даже способность к самопожертвованию ради чести и славы своей. Эти игры воспитывают благороднейшие, рыцарские качества в джигите, столь необходимых для солдата Красной Армии… Долг службы и совесть воспитателя джигитов – солдат обязывают меня обратится к Вам с этим письмом, так как, по моему личному мнению, возрождение благородных традиций нашего народа, обогащающих кладом своим систему воспитания молодежи, немыслимо без вмешательства таких государственных мужей, как Вы» (Б.Момышұлының 30 томдық шығармалар жинағы, 21 том. «Алыстан сәлем жолдаймын» , 37-40 б.б.). Осы хат бойынша тиісті шаралар қабылданып, түгел болмаса да біраз мәселелердің іске асқаны да белгілі. Әрине, бұл – Баукеңнің ұлттық намысының жемісі және көрегендігінің арқасы.
СОКП Орталық Комитеті 1949 жылы әдебиет туралы үлкен қаулы қабылдағаны белгілі. Онда біраз жазушылар (А.Ахматова, М.Зощенко…) және әдеби журналдар («Ленинград», «Звезда»…) қатты сынға алынған болатын. Әдебиетте идеясыздық орын алып барады, торығушылық, құлдыраушылық бар және көргенсіздік те көрініс табуда деп тұжырымдаған бұл қаулыны барлық партия ұйымдары талқылап, тиісті шешімдер қабылдап жатты. Жазушылар арасындағы сондай бір талқылауда Б.Момышұлы өзінің ерекше пікірін тайсалмай батыл айтқан екен. Баукеңнің ойын бұрмаламай дұрыс жеткізу үшін оның отыз томдық шығармалар жинағына кірген «С правдой на устах шли в бой» (19 том, 272-291 б.б.) деген материалдан бірнеше үзінді келтірейік (орыс тілінде).
«Я не трактую постановление ЦК (Центральный Комитет) как требование отречься от исторических тем, отказаться от изучения прошлого и немедленно повернутся к проблеме сегодняшнего дня. Безусловно, злободневность остается злобой дня и заслуживает внимания. Ей должно быть отдано должное, но перепугавшись инструкции свыше, нельзя с головой погрузиться в нее, забывая вчера и не думая о завтра» [19 том, 288 б.]…
«Государство не может вмешиваться в детали, в методологию норм поведения, присущие каждой профессии, в ее неписанные законы, сложившиеся традиции, законы художественной этики. Оно может дать общую направляющую установку. Ни одно постановление, ни одно решение, как бы мудро оно не было составлено, не может предусмотреть все случаи жизни» (19 том, 282 б.).
«Разве Абдильда (Тажибаев) должен отречься от своего национального, политического «Я»? Нет! Но он должен помнить, что он пишет своих «Казахов» в условиях потрясения всего мира… Разве Габит (Мусрепов) прекратит работать над «Қазақ батыры», отказаться от большого замысла и переключиться на злободневность? Разве память о подвигах, совершенных казахами – воинами, не является животрепещущим вопросом?» (19 т. 289 б.).
Міне, 20 беттік үлкен материалдан азын-аулақ үзінділер. Мұнда азамат Б.Момышұлының өзіндік ой-пікірі, өмірлік қағидасы, батыр мінезі жатыр. Сол кездегі партия жетекшілерінің бұл пікірді жақтырмағаны белгілі, бірақ Баукең одан қаймықпай ойын ортаға салып бақты.
Бауыржан Момышұлы өзінің ұлттық рухын өмір бойы шыңдап өткен адам. Осы жолда оның ұстазы болған Алаштың арыстары болатын. Тұрар Рысқұловпен бірнеше мәрте кездескен, әңгімелерін естіп, ақылын тыңдаған. Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытовтың еңбектерін түгелдей оқыған, ал көбісін жатқа айтатын болған. Баукеңнің Тәңірберген Отарбаев дейтін ұстазы Жүсіпбекпен өте жақын араласып дос болған адам. Сол мұғалімі арқылы Жүсіпбек туралы, оның шығармалары жөнінде өте көп мәлімет алған. Бауыржанның рухани және саяси бағыт-бағдары осы Алаш көсемдерінің ұстанған жолымен, ой-пікірлерімен, ұлттық идеяларымен қалыптасты десек қателеспейміз.
Бауыржан Момышұлының «Соғыс психологиясы» деген еңбегі Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика», Жүсіпбек Аймауытовтың «Психология» деген кітаптарының сарынымен жазылған, осы кітаптардың идеялық және логикалық жалғасы десек те болады.
Бауыржан Момышұлы – күрделі тұлға, ол кісінің әрбір қыры мен сырын ашудың өзі үлкен еңбек. Жазушылығы жөнінде көп айтудың қажеті жоқ шығар, оны өзінің қайталанбас шығармаларымен дәлелдеп кетті емес пе. Баукеңнің жазушылығы оның соғыстан кейінгі екінші ерлігі деп халқы бекер айтпаса керек. Тараз қаласында ашылған орталық Баукеңнің басылған, басылмаған еңбектерін жинақтай отырып, 30 том дайындап шығарды. Ал барлық еңбектерін түгел жинаса 100 томға жететін түрі бар.
Ал осы еңбектерінің ішінде Бауыржанның мақал-мәтелдері, нақыл сөздері бір төбе. Олар баспасөз бетінде жеке бөлініп жарияланып та жүр. Бірнеше газеттерде қазақ тілінде «Батырдан қалған өсиет», «Баукеңнің қанатты сөздері», «Сөз маржандары» және т.б. аттармен басылып шықты. Орыс тілінде Ф.Оразбекова мен А.Шаухановтың жинаған нақыл сөздері «Глубокий след тулпара. Бауыржан Момышұлы: личность, воин, мудрец» деген атпен 2006 жылы Алматыда кітап болып жарық көрді.
Қанатты сөздер жайдан-жай тумайды және оны айтып қалдыру кім болса соның қолынан келе бермейді. Ол үшін ғұлама, терең ойшыл, үлкен философ, ақынжанды және өз басы күнделікті күйкілжің өмірден жоғары тұратын ірі тұлға болу керек. Баукең, міне, сондай адам. Ол кісінің нақылдары сан алуан тақырыпқа арналған: соғыс және бейбіт өмір, тәртіп пен тәрбие, парыз бен қарыз, тіл мен әдебиет, салт пен дәстүр, тағы сол сияқты болып жалғаса береді. Айтылған сөздерінің көбісі өз тағдырына байланысты. Мысалы: «Мен запастағы полковникпін, бірақ отставкадағы азамат емеспін, соңғы демім біткенше халқыма қызмет етемін» деген сөздің өзі не тұрады. Бұл ол кісінің өмірінің негізгі қағидасы емес пе, қаншама игілікті істер атқарып кетті бұл өмірде.
«Отан үшін отқа түс – күймейсің», «Тізе бүгіп тірі жүргенше, тік тұрып өлген артық», т.с.с. өз өмірінің кредосы ретінде қорытып шығарған нақыл сөздері көп. Соғыста 207 рет шабуылға шығып, бірнеше рет жараланып тірі қалғаны, өмір бойы ешкімге бас имей тек өз ар-намысының ғана құлы болғаны, халқының қамын ойлап, болашағы үшін күресіп өткені, өмірдегі өзі арқалаған ауыр жүгін, қоғам алдындағы өз парызын терең түсінгені – осының бәрі Баукең шығарған қанатты сөздердің қайнар бұлағы. «Мен өмір бойы парыз сезіміне бой алдырып, жалғыз соған ғана бағынып келдім», − дейді ағамыз өз өмір жолдары туралы. Ал осы «парыз» деген түсініктің өзіне отыздан аса анықтама беріп, оларды қанатты сөздердің қатарына қосты. Баукеңнің нақыл сөздеріне айналған оның басынан кешкен жайттары ғана емес, өмірден көріп-білгені, көкірек-көңіліне түйгені, жүрегіне ұялағаны, қоғамға, болашаққа деген ой-пікірлері. Ал бұл ойларды жинақтап, мақал-мәтел деңгейіне дейін көтеріп, болашаққа өсиет ретінде жазып қалдыру – тек Бауыржан Момышұлы сияқты талантты тұлғаның ғана қолынан келетін іс.
Бауыржанның баталары өзінше бөлек әңгіме. Бата беру – халқымыздың ежелден келе жатқан қасиетті дәстүрлерінің бірі. Ақ тілек айту, жылы пейіл, ықылас білдіру, шын жүрегінен шыққан лебізді жеткізу – ата-бабаларымыздың өсиетнамасы, адамгершілік аманаты. «Бата – сөздің анасы», «Атаңнан бота қалмаса да, бата қалсын» деген сөздер тегін емес. Баукең – батаның қадір-қасиетін білген, мән-маңызын терең түсінген адам. Сондықтан бұрынғы ескі баталарды қайталамай, осы заман ауқымына сай, өмірдің өзекті мәселелерін қоса отырып, өз жанынан шығарған баталары ел ішінде кең тарап кеткен. Солардан аз ғана үзінді келтірейік:
Е, Жаратушы жасаған!
Тілегімізді қабыл ет.
Иманымызды кәміл ет.
Дозақтағы оттан сақта.
Қаңғыған оқтан сақта.
Парақор соттан сақта.
* * *
Несібе кесер кесірден сақта.
Некесіз бала табатын,
Жолы лас жесірден сақта.
* * *
Әкімінде шапағат жоқ,
Молдасында шариғат жоқ,
Байларында салауат жоқ,
Кедейінде қанағат жоқ,
Үлкенінде ұлағат жоқ,
Кішісінде инабат жоқ,
Адамында ар-ұят жоқ
Қоғамнан сақта!
Осыны айтып келеді де, ары қарай барша еліне бақ пен бақыт тілейді, ынтымақ-ырыс тілейді, сонымен қатар, бар ұрпаққа ар-намыс тілейді. Міне, Баукеңнің кемеңгерлігі – осында.
Көпжасар НӘРІБАЕВ,
«Бауыржан Момышұлының мұрасы»
Қоғамдық Қорының президенті,
Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері,
ҚР ҰҒА академигі.
(Жалғасы келесі санда).
ПІКІРЛЕР1