Алтынсарин жаққан алау
14.09.2022
607
0

Нұрдәулет Ақыштың ұлт Ұстазы, қазақтың жаңа замандағы білім бағыттарын орнықтырушы, жаңа өркениет табалдырығынан аттатқан тұңғыш мұғалімі туралы жаңа туындысы мені бейтарап қалдырмады. Кітаптың аннотациясынан бастап, отандық ыбырайтанудағы жетекші ғалым Серікбай Оспанұлының «Тарихи шындыққа жақын» деп жазған жолашар алғысөзінен бастап, соңғы нүктесіне шейін үзбей оқып шықтым. Кідірістеп, аялдап, ойланып, толқып тоқыған тұстарым аз емес.

Кітап аннотациясындағы «Бұрын-соңды айтылмай келген көптеген өмірбаяндық деректер мен ұлы тұлғаның төңірегіндегі түрлі сипаттағы талас-тартыстар романның көркемдік салмағын арттыра түседі» деген тоқтамдар елеңдете түсті. Серікбай Оспанұлы қолжазба жинақтың ерекшелігіне тоқталады.
«Шығарманы оқып отырып, бұрынғы осы тақырыптағы туындыларда кездеспейтін немесе айтылмаған көптеген әңгімелердің қамтылғанын байқайсың. Мысалы, Ыбырайымның жастық шағы туралы ешкім көркем шығарма жазып қойған жоқ» (Ақыш Н. «Алтынсарин алауы». Төрт бөлімді тарихи роман. Көкшетау: «Надежда 2050» ЖШС, 2021 жыл, 400 бет), (5-бет).
А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің профессоры Серікбай Оспанұлы романда Алтынсариннің азан шақырып қойылған есімі Ыбырайым аталғанына, Ыбырайымның ілгеріде айтылмаған Қазан, Петербург сапарларының өмірлік негізіне зер салады.
«Ыбырайым шығармада тек ұлы педагог, әдебиетші, зерттеуші ғалым емес, ол патша шенеунігі ретінде уездерде төбе көрсетіп жүреді. Әсіресе оның Торғай уезінің судьясы болған кездеріндегі эпизодтардың бояуы мейлінше қанық екенін айтқан жөн» (Сонда, 6-бет).
Жазушы Нұрдәулет Ақыш роман жазу барысында Ыбырай Алтынсарыұлы туралы Кеңес дәуірінде айтылмаған, айтуға болмаған, тыйымды материалдардың негізінде арнайы еңбек жазған, ыбырайтануды дерекнамалық негізде толықтыру бағытында тынымсыз шаруада жүрген Серікбай Оспанұлымен шығармашылық байланыста болған, кеңесіп, ақылдасып отырған екен.
Жанрлық синтезде жазылған бұл деректі тарихи романда Ыбырай Алтынсарин ғұмыр кешкен дәуірдің беталыс-бағдары, қазақ даласындағы шешімін табуы неғайбыл түйткілді өмірлік, тұрмыстық, рухани ахуал, Ыбырайымның бастан кешкен нақтылы шиеленісті ситуациялардағы жан күйі ыбырайтануды беймәлім, белгілі деректерді ұқсатып көркем қорыту; Ыбырай Алтынсарыұлының өз еңбектерін, хаттарын «сөйлету» арқылы өмірлік шындықта көркемдік кеңістікке шыққан.
Ыбырайымның әкеден жастай қалуы, Балғожаның балаға деген айы­рықша пейіл, мейірімі, алыстан барлаған аталық қамқорлығы, Әймен ананың перзентіне шуақ төккен жылы жүрегі, Алтынсарыұлының өмірбая­нындағы бұл халді ілгеріден естіп, біліп жүргені оқушыны кітаптағы сезімтал баяндаулар өрісінде елеңдетіп, елжіретпей өтпейді. Бала Ыбырайымның қаршадайынан Орынборға оқуға баруы, атасы жанына қарайлап жүретін елдің бір жігітін ақы-пұлын өзі төлеп, бірге туғызып кеткенінің өзінде біртүрлі аяныш туғызып отырады.
Орынбордағы оқу кезіндегі қазақ балалары бетпе-бет келген қайсыбір уақиғалар отарлаушы мен отар елдің арасындағы тарихи асу бермес, өтпексіз опырылған жардың суық көрінісін көлденеңдетіп отырады.
Романның келесі екі бөлімінде нағыз қанқызу майдан, рухани текетіресте дегенін жасап, бір өзі «Мыңмен алысқан» Ыбырайым Алтынсарыұлының шешімді, кесімді әрекеттері, қазақ баласына арнап ашқан мектебіне оқулықтар жазуы; сол оқулық мазмұнын өрелі педагогикалық талаптарда жазылған, ауызекі әңгімеден қара үзіп шыққан жанрлық жаңа өлшемдерде, жазба әдебиет үлгісінде туған туындыларымен толықтыруы; қазақ тілінің тазалығын сақтау жолындағы мақсатты шығармашылық өрісі; қазақ тілінде төрт парақты «Қазақ» атты қолжазба газет шығару тәжірибесі; ел тұрмысындағы толып жатқан өзекті өмір мәселелері тыншу бермеген сәттер; ат-көліктің қиын уақытында шалғай, тынымсыз сапарларда болуы; ақыр соңында қазақ даласындағы білім берудің ғылыми негізді озық дәстүрін қалыптастырып кетуі, бірнеше жалпы кәсіптік білім беретін оқу орындарын ашуы; Ыбырай ғұмыр кешкен патша заманындағы қырық құбылған дін саясатының отына түскен күрделі тағдыры осы бірінші кітаптағы көркемдік алымында, кеңістік ауқымын әлде де тұғырландыра түсіп көркемдік шешім табатындығын болжап, қуандық.
Шығарма авторы ендігі ұрпақ үшін де аяулы, ардақты маңызында жасай беруі тиіс тарихи тұлғаның замана өткелдеріндегі әлемдік деңгейде тындырған мәртебелі миссиясына қайырылып, қарайлап, деректі тарихи роман жанрына тәуекел жасағандығы ұлт руханиятындағы игілікті бір шаруа.
Оқушы аңыз адам Алтынсары­ұлының тіршілік иірімдерінде ағысқа қарсы жүзген қайраткерлігін сезіне түсер, мақтаныш сезімі туып, марқая түсіп, аялдап, аялап оқитын сәттер сол дәуірдің өмір ортасында баян табуындағы иланымдылығымен өтімді.
Ыбырай Алтынсарыұлының анасы Әйменнің төркін жұрты атақты Шеген би әулеті, Бірімжановтар болғандығы, екі нағашы туысының өзіне алғашқы оқушы болғандығы, жүрек жылытатын маңызды деректер. Тек деген ұғым тектен орнықпағандығы – бұл да қазақи өмір болмысындағы таңбалы бір құбылыс.
Қазақтың осы дәуір талабындағы білімге бұрылуын сол бір кезеңде Алтынсарыұлы қолға алуы – тарихи миссия. Қаріп таныған әрбір қазақ ұрпағы үшін Ыбырай Алтынсарыұлы тұғырынан түспейтін тұңғыш мұғалім.
Әлем тарихында, адамзаттың даму бағыттарындағы ізгілік негізді дүниетанымның ілгері оздырып отырған жойқын күш-қуаты құнын жойған емес.
Ыбырай Алтынсарыұлы осы құбылысты қай тұстарда аңдап, қалай барлағанын; оның бойындағы білімқұмарлық жеткізген жекебас рухани игіліктер біртіндеп тұтас ұлтының қайырлы олжасына айналу үдерісін толық игеріп, ұғыну парызы тұрғысындағы ізгі шығармашылық өріс баян тапқан бұл деректі тарихи роман қазіргі қоғамның өзекті жалпыадамзаттық мұраттарында жазылған шығарма болып шыққан.
Романда қилы әлеуметтік топ өкілдерінің, билік адамдарының, ғылыми ортада жүргендердің, елдің шаруа баққан момын жұртының, жаңа заман мүмкіндігінде мал тауып, ылпып тұрған пысықай пенделердің, қазақ әйелінің, тағы да қилы жағдайда сыр ашып, іші-тысын көрсетіп жүретін типтік бейнелердің қарасы қалың болуы Ыбырайдың тынымсыз, қауырт, жан-жақты іскерлік болмысындағы өмір ортасының шынайы қалпында негізделген.
Деректі романдағы Ыбырай бол­ған жерлер, сондағы ел-жұрттың, дәстүр-салты туралы танымдық мағлұматтар өткен тарихты білу үшін де, ендігі болашақты құру үшін де мәнді дер едік.
Роман «Ашуы тұтанған ақсақал», «Оқуға қабылдау әуресі», «Сабақтастар арасында», «Сағынып жеткен туыстар», «Жаңа оқу жылында», «Шәкірттің өмір суреттері», «Дімкәс Дыньков», «Соңғы экзамен», «Орынбор – Тобыл сапары», «Орыс болып кетті дей ме?», «1857 жылдың күзі», «Би атаның тапсырмасы», т.б. Ыбырайымның оқуға жазылу, Орынборға келу, сынақ тапсыру, оқуын аяқтап қызметке кірісу, ағартушылық жолдағы бастапқы кезеңнің елеулі сәттеріне екпін түсіріле отырып, он тоғыз тарауда мазмұн түзген.
Бірінші кітап Николай Иванович Ильминскиймен танысу, Географиялық қоғам тапсырмалары, Ыбырайдың судьялық қызметі бағытында деректі, шешуші оқиғалар өрісінде «Бас қатырған» бұратаналар школасы» атты тарауға келіп тұйықталып, аяқталады.
«Бұратаналар школасы» деген сол тұстағы екпінді, емін-еркін қолданыста жүрген тіркес енді біртүрлі тіксіндіреді.
Бұл тарауда да келер заман бұлыңғыр уақыттың ұлт тағдырындағы бетбұрыс кезеңдері тарихи жағдайлар аясында бой көтеріп отырған.
« – Бұратаналарды оқытуға келген кезде, – деді Николай Иванович жауапты басқосуларда жылдам сөйлейтін дағдысымен. – Ресми орындардың өзі екі топқа бөлініп отыр ғой. Бірінші топтағыларға оқуды киргиз және орыс тілдерінде жүргізейік деп тұжырымдайды.
– Мәртебелі Николай Иванович, орыс және киргиз тілдерінде десеңізші, – деп қалды полковник Кузнецов. – Орыс рухы жоғары тұруы тиіс дейміз де, орысты соңында атаймыз. Болмайды ғой ол.
– Орыс алфавитімен оқыту арқылы, – деді Ильминский, – киргиздар арасындағы магометандық рухты, діни фанатизмді әлсіретуге болады деседі мұны қолдаушылар.
Татар фанатизмінің әсері киргиздар арасында әлі де бар. Сондықтан оқыту барысында киргиз халқының санасын улай бермеу үшін ол тілді араластыру керек емес деген ойды айтып келе жатырмыз» (Сонда, 388-бет).
Бұл мәселенің әрі тарт, бері тарт ұзақ талқысына жазушы мақсатты түрде екпін түсіреді. Бірінші, екі бөлімде берілген бұл томның осылай, шиеленісті мәселенің шешімі бағытындағы кикілжің пікірталаспен аяқталуы Ыбырай Алтынсарыұлы өмір сапарындағы қиын уақыт, қысталаң сәттер күтіп тұрғандығын меңзейді.
Қазақ жұрты баламызды орыс оқуына алып, шоқындырмақ болып жүр деп, іргесін аулақтату ниетін жасырмаса, өктем билік күші жасап тұрған империя адамдары Ыбырай Алтынсарыұлының әлемдік тәжірибеде экзегетикалық дәстүрде, Құран кәрім мазмұнын, дін негіздерін ұғындыру міндетінде жазылатын еңбектер өнегесінде арнайы, дін біліміне жетік молданы шақыртып жазғызып, өзі баспаға әзірлеген «Мұсылманшылықтың тұтқасы» («Шариат ул ислам») еңбегін 1879 жылы дайын болғанына қарамастан, бұл жинақты да кирилл қарпімен басылған «Қазақ хрестоматиясының» қалпында орыс жазуымен шығару керек деген сылтаумен 1884 жылы ғана баспаға рұқсат берген ғой.
«Шариат ул исламды» ескі араб графикасымен шығару Ыбырай Алтынсарыұлына оңай болған жоқ.
Роман Ыбырайымды толқытқан болашақ мектеп, оқу жайындағы әлдебір сенім, тасыған сезімді, лепті, пафосты нотада осы тұстан аяқталады. Жалғасы бар. Күтеміз.
Ыбырайымның үй-іші, отбасылық өмірі қосақабат қатарласа өрілген қайраткерлік жолының бастапқы кезеңі, азаматтық тұлғасының жастайынан басым көрінген кесімді, шешімді, сабырлы, ақ ниет, адал сипаттары иланымды, тебіреністі көркемдік шешімде өріс жайған бұл романның тағылымдық, танымдық, рухани ізгілік бағыты әлемдік тәжірибедегі тұлғатану өнегесін сіңірудің жаңа бір сәтті қадамы деуге болады.
P.S. Жыл сайын 1 қыркүйекте аталып өтетін Білім күні қарсаңында белгілі жазушы, ұлт жанашыры Нұрдәулет Ақыштың «Алтынсарин алауы» атты көп мәнді туындысы туралы бірер сөз айтуды міндет көрдім.
Негізінде 1 қыркүйекте Ыбырай Алтынсарыұлының тарихи тұлғасы туралы басымдау, көп айтылу дәстүрге айналғаны жөн. Мұғалім дейтін адам баласының ең қастерлі мамандығына бас иген Алтынсарыұлын ұлт жадында жаңғырту ниетімен жарық көрген «Алтынсарин алауы» романын оқу керек.

Қанипаш МӘДІБАЕВА,
М.О.Әуезов атындағы ӘӨИ бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір