ҰЛЫ АҒАРТУШЫ
05.09.2022
1638
0

«Ұлы іс ұсақтан ұлғаяды…
Ұлт үшін деген күштің ұлғаюына
үлес қосу қазақ баласына міндет».
Ахмет Байтұрсынұлы

Қазақ ұлттық ғылымындағы ағартушылардың ірі өкілдері деп, Шоқан Уәлихан, Абай Құнанбайұлы, Ыбырай Алтынсаринды айтамыз, әрі мақтан тұтамыз. Осы кемеңгерлеріміздей ағартушылығы өзі өмір сүрген кезеңде мойындалған – Ахмет Байтұрсынұлы! Реформатор, һәм әмбебап ғалымның ағартушылық қырын келешекте Шоқан, Абай, Ыбырай есімдерімен қатар айту – перзенттік парызымыз.

Сөзіміздің тұздығын тұлға түрлеген Қазақ әліпбиінен бастап, оның ғылыми мұрасы туралы айтылған айшықты тұжырымдарға жүгінуден бастасақ. Мәселен, кеңестік жүйе тұсындағы түркітанушы ғалымдар: А.Н.Самойлович «Байтұрсын Ахмет Байтұрсынұлы» (1919), Е.Д.Поливанов «Қырғыз-қазақ жаңа (Байтұрсын) орфографиясы» (1924), Н.Ф.Яковлев «Әліпби құрылымының математикалық жүйесі» (1928) туралы ғылыми зерттеу мақалаларын жариялады. 1929 жылы Мәскеуде жарық көрген Әдеби энциклопедияның 1-томына Ахмет Байтұрсынұлы туралы анықтамалық, 1931 жылы аталған жинақтың 5-томына ағартушы түзіп-түрлеген «Қазақ әліпбиі: Байтұрсынұлы емлесі» енді. Одан кейінгі кезең… Алаш Арысы һәм оның замандастары хақында айту – «молаға жүгірумен» тең тастүнек жылдар еді.
Десе де, тууу мұхит асып, Алаш тақырыбын қаузаған кітап дүниеге келгенін, тек Ахметтің аяулы есімі 1988 жылы қарашаның 4-і күні ресми ақталғаннан кейін ғана мәлім бола бастады. Нақтырақ, 1967 жылы Америка құрама штаты Нью-Йоркте «Орталық Азия Ресей билеуінде» / «Central Asia a Century of Russian Rule» атты ғылыми-зерттеу жарық көргендігін бірінші болып Темірбек Қожакеев ел назарына ұсынды. Бұл зерттеуді – Колумбия университетінің профессоры Эдвард Олуорттың жетекшілігімен шәкірттері: Ян Муррей Мэтли, Карл Х.Мэнгес, Джонна Спектор, Артур Спрагпен бірлесіп шығарған. Ғылыми зерттеуде Орталық Азия халықтары мен қазақ халқының экономикалық, саяси, мәдени даму жолдары туралы, олардың ұлттық сезімінің оянуы, зияткерлік жағынан өсуі, әдебиетінің дамуы жөнінде, әсіресе әр халықтың осы үлкен саяси істерде зор қызмет көрсеткен қайраткерлері туралы мағлұмат берген.
Бір таңғаларлығы, осы 1967 жылы кеңестік жүйе «халық жауы» деп қаралаған Ахмет Байтұрсынұлы туралы «25 бетке» жуық мәлімдемелік деректер қамтылып, оның саясат, әдебиет, мәдениет саласындағы ерен істерін ерекше бағалайды. Ағартушының көзілдірікті сүгіретін беріп: «Қазақ жазуының көшбасшысы» деп жазған. Мұнан бөлек, «Байтұрсынұлы шын мәнінде, ең маңызды саяси тұлға болды» деп, қазақ көсемін «Ахмет Байтұрсынұлын кім өлтірді?», «Ақиқатында, әрбір жойылған өмірлер үшін кім жауапты? Және кінәліні жария етіп, неге талқыламасқа?» деген сауал қояды. Бұл қасіреттің шындығы 1956 жылы көтерілгенімен, кеңестік жүйедегі сталиндік режим: «жеке басқа табынудың» салдарынан, 1937-1938 жылдары жаппай «нақақ» жазаланғандардың «ақ-қарасы ашылмағанын» жазған. Осы тарихи жәдігер Ахмет Байтұрсынұлының пенснесі (көзілдірік) мемлекет қайраткері Иманғали Тасмағанбетовтің коллекциясында тұрғандығы жөнінде мәлімет бар…
Ағартушының аяулы есімі ресми ақталмаса да 1974 жылы түркітанушы А.Н.Кононов «Байтұрсын Ахмет Байтұрсынұлы» туралы ғылыми анықтамалық сипаттама берген. Ал 1985 жылы Оксфордта шыққан «Казахи о русских до 1917 года» атты жинаққа Міржақып Дулатұлының Ахмет Байтұрсынұлы туралы биографиялық очеркі енді.
Жоғарыда аталған А.Самойловичтің «Литература Востока» атты жорналдағы «Литература турецких народов» (Түркі халықтарының әдебиеті) деген мақаласында А.Байтұрсынұлының ғалымдық қайраткерлігі жөнінде: «…Он – реформатор орфографии казахского языка, основоположник его грамматики и основатель теории казахской литературы», – дейді (78-б.). Йағни, Ахметті қазақ тілі орфографиясының реформаторы, қазақ грамматикасы және қазақ әдебиеті теориясының негізін қалаушы деп нақты баға берді. Е.Поливанов «Бюллетень Среднеазиатского государственного университета» атты Ташкенттен шыққан жорналдың жетінші басылымында Қазақ жазуы (орфография) мен таңбасының таласты мәселелері тақырыбы бойынша ұлт әліпбиіне «Байтурсуновская графика» деген атау береді. Жаңа емле туралы: «…эту последную форму, которую приняла казах-киргизская графика в 1924 году, (…) считаю уже не нуждающейся в исправлениях и представляющей последний шаг в историческом формировании национальной графики, которым с полным правом могут гордиться киргизские деятели просвещения – создатели реформы как крупным культурным завоеванием» деп, тарих алдында әділетті бағасын берген (53-б.). Лингвист ғалымдар әліпби таңдаудағы Ахмет Байтұрсынұлының «төте жазу: Қазақ емлесін» ұлттық таңбаның қалыптасып, мойындалуындағы ең ірі мәдени жетістікке теңеді. Орыс ғалымының «…енді түзетуді қажет етпейтін, тарихи тұрғыдан алғанда кемелденген, жетілген ұлттық графика» деген ғылыми тұжырымы қазақтың қалыптасушы жаңа ұлттық ғылымына зор мақтаныш әкелді. 1933 жылы «Қазақ өлкелік баспасынан» жарық көрген, авторлары: М.П.Баталов пен М.С.Сильченконың «Очерки казахского фольклор и казахского литературы» атты еңбегінде А.Байтұрсынұлы қызметінің мәні мен маңызы, қазақ халқының әлеуметтік және мәдени санасын оятудағы сіңірген еңбегі атап көрсетілген (2-б.).
Тұлғаның замандастары Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы, Елдес Омарұлы, Телжан Шонанұлы, Сәкен Сейфуллин, Смағұл Садуақас, Мұхтар Омарханұлы және тағы басқалар «…Ақаң түрлеген ана тілі», «…Жаңа алфавит тіліміздің таза сақталуына, …әлемдік мәдениетпен араласуға, …халық мектептерінің өркендеу жолына алып адым жасады», «Қазақ әліпбиі» мен «Қазақ тілінің дыбыс және сөз жүйесі» атты оқулықтарының өн бойына сыйғызған өзекті өзгерістерінің өзі қазақ грамматикасына бөлекше реңк әкелді» дейді. Отандастары сол тұста-ақ, Ахмет әліпбиінің жұртшылық тарапынан зор қошеметке бөленгенін айтып, ақпарат беттерінде жарыса жазды. Тіпті осы төте жазуды негізге алып, көрші елдердің қырғыз, әзербайжандар тағы-тағы басқалардың «тіл көшін» түзегені тарихтан белгілі.
1988 жылдан бері ғұлама мұрасына қатысты ой-пікір білдірген зерттеу­ші-ғалымдар: Ғалым Ахмедов, Әбілда Тәжібаев, Әди Шәріпов, Гүлнар Дулатова, Қайым Мұхамедханов, Темірбек Қожакеев, Рабиға Сыздық, Шора Сарыбаев, Әбдуәлі Қайдар, Үшкілтай Субханбердина, Серік Қирабаев, Рахманқұл Бердібай, Зейнолла Қабдолов, Тұрсынбек Кәкішұлы, Зәки Ахметов, Жұмағали Ысмағұлов, Су Бихай (Қытай), Карбоз Дыйканов (Қырғыз), Шериаздан Елеукенов, Шәмшиябану Сәтбаева, Нұржамал Оралбаева, Кеңес Нұрпейіс, Манаш Қозыбаев, Өмірзақ Айтбайұлы, Кенжеғали Сағадиев, Әлімхан Жүнісбек, Рымғали Нұрғали, Ербол Жанпейісов, Бабаш Әбілқасымов, Нұргелді Уәлиұлы, Бақытжан Хасанұлы, Серік Мақпыров, Сәрсенбі Дәуітұлы, Намазалы Омашев, Маханбет Джусупов (Өзбек), Тұрсын Жұртбай, Дандай Ысқақ, Мәмбет Қойгелдиев, Серікбай Оспанұлы, Өмірзақ Озғанбай, Сәкен Өзбеков, Федор Ашнин (Ресей), Владимир Алпатов, (Ресей), Дмитрий Насилов (Ресей), Лайла Ахметова, Владислав Григорьев, Ғалым Шойкин, Нергис Бірай (Түркия), Татьяна Тугай (Ресей), Ингеборг Бальдауф (Берлин), Уямо Томохико (Жапония), Ахмет Ержиласун (Түркия), Байқазақ Бекетов (Қарақалпақ), Өмірхан Әбдиманұлы, Аманқос Мектептегі, Ерден Қажыбек, Жандос Смағұлов, Ғарифолла Әнес, Бағдат Момынова, Гүлфара Тұрғараева, Айгүл Ісімақова, Ерлан Арын, Алтынбек Нұхұлы, Тұрдығұл Шаңбай, Анар Салқынбай, Шапағат Жалмаханов, Абат Қыдыршаев, Құрманғали Даркенов, Досалы Салқынбек, Сұлтан Хан Жүсіп, Дихан Қамзабекұлы, Дархан Қыдырәлі, Бижомарт Қапалбекұлы, Роза Бақбергенова, Алмасбек Әбсадық, Ербол Тілешов, Шерубай Құрманбайұлы, Шералы Білалов, Қайрат Сақ, Жаннат Байтілесова, Айсұлу Ойсылбай, Райхан Имаханбет (осы жолдардың авторы), Светлана Смағұлова, Гүлжаһан Орда, Сағымбай Жұмағұл, Орынай Жұбаева, Анар Фазылжанова, Дидар Амантай, Шохан Шортанбай, Гүлмария Оспанова, Ұлан Еркінбаев, Қайырбек Кемеңгер, Абай Мырзағали, Елдос Тоқтарбай, Әділет Ахмет, Данияр Ихсан, Жансая Сман, Хуан Юй (Қытай), Айша Тұрлыбайлар болса, мұнан бөлек қалам тербеген ақын-жазушылар мен жорналист-тілшілер легі қаншама десеңізші!
Бүгінгі тәуелсіздік кезең ғалымдары Ұлттық ғылым академиясының іргетасы тым беріден, 1946 жылдан есептеп жүр. Бұл дұрыс емес, 1921 құрылған Қазақ КСР Ағарту Халық Комиссариаты Академиялық орталығын назардан тыс қалдыруға болмайды?! Негізі, академцентр Кеңестер одағы құрып берген Өлкелік халық комиссариаты қарамағында болса да, қазақ жұртына ең керекті істердің басында болып, қажеттіліктерін өтеді. Демек, Ұлттық ғылым академиясының негізін – 1921 жылдан есептеген жөн! Себебі, қазақтың ұлттық ғылымының қалыптасуындағы атқарылған ағартушылық жұмыстар осы академцентрден бастау алған.
Мәселен, 2006 жылы ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрыновтың «Академияның алпыс асуы» атты мақаласы «Ғылым және тағылым» айдарымен жарияланды. Мақалада: «…Қазақстандағы ғылымды ұйымдастырудың көш басында көрнекті ағартушы, ғалым, ерекше дарынды қоғам қайраткері А.Байтұрсынұлының болғаны анық. 1921–1922 жылдары Қазақ КСР Ағарту Халық Комиссариаты Академиялық орталығының алғашқы төрағасы. 1922–1925 жылдары республика оқу-ағарту комиссары, Қазақ өлкесін зерттеу жөніндегі қоғамның құрметті төрағасы қызметтерін атқарған еді» деген мәліметтерді деректерге сүйене отырып береді. Мақала ҚР ҰҒА-ның 60 жылдық мерекесіне арнайы жазылған. М.Жұрынов «Академиялық орталықтың 1921 жылы ашылғанын, орталыққа Ахмет Байтұрсынұлының басшылық еткенін, ғалымның Қазақ елі ғылымын ұйымдастырудың көш басында болғанын» мұрағаттық деректер арқылы баяндаған. Ендеше, ұлттық ғылымның жылнамасын, негізінен 1921 жылдан бастау керек. Ұлттық ғылым іргетасының қалануын анық айту – қазақ ғылымының қалыптасуындағы жылнаманы дұрыс негіздеу аса маңызды.
Ұлы ағартушының 125 жылдығына орай өткізілген 1998-ші жылғы салтанатты жиында мемлекеттік хатшы, һәм халық жазушысы Әбіш Кекілбай: «Ахмет Байтұрсынұлы – ұлттық тарихымызда ешкіммен салыстыруға болмайтын ерекше тұлға. Бәлкім, біреулерге бұл орынсыз тамсану боп көрінер. Оған дейін де бұл далада Фараби, Ясауи, Қорқыт, Асан қайғы, Ыбырай, Шоқан, Абайлар да өтті ғой десер. Ол рас. Бірақ Ахмет Байтұрсынұлы оларға ұқсайды да, ұқсамайды да. Ұқсайтыны: ол да аталмыш алыптар сияқты, ұлттық дамуымыздың үрдісі мен қарқыны қалған дүниедегі даму үрдісі мен қарқынына сәйкес келмей кенде қалып, көрер көзге тығырыққа тірелген халқына адастырмас жол іздеді. Ұқсамайтыны: Ахмет Байтұрсынұлы ондай жол Қорқыт пен Асан қайғыдай үйреншікті үрдісті аман сақтап қалатындай жаңа қоныс іздеумен табылады деп түсінбеді; Фараби мен Ясауидей өз тұсындағы кең жайылған антикалық немесе исламдық дүниетанымға уақытылы көшу арқылы барлық мәселені шешуге болады деп ұқпады; Абай, Шоқан, Ыбырайлардай теңдікке жетудің жолында тек ағартушылықпен шектелгісі келмеді», – деп, күрескердің ұлт мүддесіне жасаған жұмыстарын ұрпақ жадына өшпестей етіп, шегелеп берді.
Әбішше айтсақ, Ахмет «ешқандай атланттардың иығына шықпай-ақ, бұрынғылардың көздеріне іліге қоймаған соны көкжиектерге көз жеткізе білген, көрген», елі үшін ерен еңбек еткен Ер. Әбішше толғансақ, «Ұлттың Ұлы Ұстазы аруағы алдындағы шәкірттік арымыз таза, иманымыз кәміл болуы» үшін біз де Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақ» газетінде берген батасын жадымызда ұстап, халық қамы үшін жұмыс жасауды – ұрпақ парызы деп білуіміз керек.
Байтұрсынұлының батасы: «Төңірекке қарасаң, түнерген бұлттар әлі бар… Түбі қандай болады деп қобалжымалық… Дауылды жауын ету қолымыздан келмесе де, үйімізді үй етіп, шашылмай қалудың қамын желік… Дүниенің төріне ұмтылғандар төрден орын алып жатыр. Ұмтылмағандар есікте қалып жатыр… Қалмайық десек, қарап жат­палық… Көп ісіне көп болып жабылайық… Қолымнан не келеді деп қорынбайық. Ұлтына қызмет етуге ниет болса, жұмыс табылады. Көп жұмыстың ауыры да, жеңілі де болады. Қазақтың бітіп, тынып тұрған нәрсесі жоқ. Әркім әлінен келер жұмысын алсын. Жадымызда болсын, аз нәрсе көпке сеп болмақшы. Сәл демеу зорға сүйеу болады. Ұлы іс ұсақтан ұлғаяды… Ұлт үшін деген күштің ұлғаюына үлес қосу қазақ баласына міндет» деп, осыдан ғасыр бұрын айтқан-ды. Ғасыр бұрын айтылған батаның әлі күнге өзекті болуы нені көрсетеді? Әлбетте, жер бетіндегі жаһандану өркениетінде ұлтымыз өзге алып елдердің көлеңкесінде қалмауы үшін ірі һәм тұғырлы мемлекет ретінде мойындалуы қажет.
Ақиқатында, әр дәуірдің замана ауанына қарай, адам баласына жүктер жұмысы көп. Сол жұмыстың атқарылуы – әуелі, адалдықтан бастау алса, адамзат игілігіне айналары анық. Ата-баба жолын мұрат тұтқан Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының ұстанымы бүгінгі ұрпақтың да мақсат-мұраты һәм темірқазығы болуы тиіс.
Бұл күні тұлғаның мұрасын зерделеп, кемеңгердің кемел ілім-білімін таныту мақсатында жазылған зерттеулер легі жетерлік, тіпті жылдан-жылға толыға түсуде. Енді жарық көрген еңбектерді хронология тәртібімен баяндасақ, 1990 жылы әдебиеттанушы Р.Нұрғали «Ахмет Байтұрсынұлы» (32 б.), тілші Р.Сыздық «Ахмет Байтұрсынұлы» (52 б.), 1992 жылы тұлғаның немерелес інісі С.Кәкішев «Ахаң туралы ақиқат» (112 б.), өзбек елінің қазақ ғалымы М.Джусупов «Ахмет Байтұрсын және қазіргі қазақ тілі фонологиясы» (216 б.);­ 1995 жылы «Фонемография А.Байтурсынулы и фонология сингормонизма» (176 б.), 1997 жылы физик М.-Х.Сулейманов «Яркий носитель духа человечности» (18 б.), 1997 жылы тілші Ш.Жалмаханов «А.Байтұрсынұлы – қазақ лингвистикасы терминдерінің негізін салушы» (68 б.), 1998 жылы әдіскер-тілші А.Қыдыршаев «Ахмет Байтұрсынұлының әдістемелік мұрасы» (132 б.),­ жазушы Б.Ілияс «Алтын бесік: Ахмет туған өлке хақында» (260 б.), 2000 жылы педагог Б.Иманбекова «А.Байтұрсынұлының педагогикалық мұраларын колледждерде пайдаланудың жолдары» (130 б.), 2002 жылы «А.Байтұрсынұлының тәлімдік ой-пікірлерін оқу-тәрбие жүйесінде пайдалану» (150 б.), 2001 жылы педогог Қ.Ыбырайжанов «­­А.Байтұрсынұлының бастауыш мектеп жайлы педагогикалық мұралары» (150 б.), көсемсөзші Н.Бектемісұлы «Ахмет ұшқан ұя» (128 б.), 2002 жылы көсемсөзші Ж.Байтелесова «Роль публицистики А.Байтурсынулы в формировании общественного сознания» (132 б.), жазушы Қ.Сәрсекеев «Ұлт ұстазы немесе Алаштың Ахметі жайлы ой-түйін» (80 б.), 2003 жылы әдебиетшілер А.Әбсадықов, Н.Исина «А.Байтұрсынұлының әдеби мұралары» (144 б.), философ Қ.Ашекеева «А.Байтұрсынұлының философиялық көзқарастары» (129 б.), 2004 жылы ақын әрі ғалым С.Оспанұлы «Ахмет өскен ақындық орта» (204 б.), 2005 жылы тілші Қ.Ибраймов «А.Байтұрсынұлы еңбектеріндегі терминология және стилистика мәселелері» (119 б.), 2006 жылы әдебиетші Р.Имаханбет «Ахмет Байтұрсынұлының өмірбаяны, шығармашылығы: мұрағат құжаттары негізінде» (130 б.); 2010 жылы «Ғасыр саңлағы: Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылық ғұмырбаяны» (304 б.), 2007 жылы әдебиетші Ө.Әбдиманұлы «Ахмет Байтұрсынұлы: зерттеу-эссе» (296 б.); 2015 жылы «Ахметтану: оқу құралы» (273 б.), 2007 жылы әдебиеттанушы Ұ.Еркінбаев «Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышы» ХХ ғасыр басындағы әдебиеттану ғылымының контексінде» (125 б.); 2008 жылы «Әдебиет танытқыштың» теориялық негізі» (136 б.), 2008-2011 жылдар аралығында жазушы Т.Жұртбай «Ұраным – Алаш!», 3 кітап. (472 б.), (464 б.), (648 б.), 2011 жылы түрік ғалымы, тілші Н.Бірай «Ahmet Baytursınulı şiirleri üzerinde dil ve üslup incelemesi» (446 v.), осы жылы мемлекеттік қайраткер К.Мәсімов «Судьба Учителя/Ұстаз тағдыры: Ахмет Байтұрсынұлы». қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде. (340 б.), 2012 жылы әдебиетші Г.Абитова «Ахмет Байтұрсынұлы жариялаған «Ер Сайын» жырының поэтикасы» (115 б.), 2015 жылы жазушы А.Ахетов «Властелин духа: роман» (256 б.), осы жылы тілші-ғалымдар: М.Джусупов, Қ.Ибраймов «Ахмет Байтұрсынұлы: ғылымтаным, терминжасам, стилистика» (215 б.), тарихшы Г.Тұрғараева «Ахмет Байтұрсынұлының қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметі» (258 б.) және 2021 жылы Ахметтің тағдыр толқыны (317 б.), 2016 жылы ақын С.Тұрғынбекұлы «Ахмет – Іңкәр: Ғашықтар дастаны» (100 б.), 2016 жылы әдебиетші А.Ойсылбай «А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышындағы» сөз өнері мен поэтика мәселелері» (288 б.), 2017 жылы орыс ғалымы, тарихшы Т.Тугай (Оренбурский путь Ахмета Байтурсунова» (118 б.), 2017 жылы осы жолдардың авторы Р.Сахыбекқызы «Ахмет Байтұрсынұлы: фотожинақ» (240 б.) және «Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі: құрылымы, дамуы, жүйеленуі, зерттелуі» (288+32 ж.б.) кітап шығарды. Сонымен қатар тарихшылардың кең тақырыпта қарастырған ғылыми зерттеулері бір төбе. Бұдан бөлек академик-ғалымдар: М.Қозыбаев, К.Нұрпейіс, З.Ахметов, З.Қаб­долов, Р.Нұрғали, С.Қирабаев, Т.Кәкішев, К.Сағадиев, М.Қойгелдиев, М.Жұрыновтардың мақалалары бар. Ақи­қатында, тұлғатану һәм мұратану мәселе­лері бойынша ахметтану тақыры­бына жазылған барлық зерттеудің маңызы зор.
Жоғарыда аталған туындылар қатары толыға түсуде әрі жалғаса берері анық. Мәселен, тарихи тұлғаның 150 жылды­ғына арналған саналуан тақырыпты жинақ­тар­дың жарыққа шыға бастауы со­ның дәлелі. Атап айтсақ, қостанайлық ғалым Серікбай Оспанұлының «Ұлт ұстазы» атты екі тараулы кітабы Түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықара­лық ұйымының қолдауымен жарық көрді. Ұлт ұстазының мұрасын насихаттау үшін ТҮРКСОЙ ұйымы Ыстамбұл мен Анка­ра қалаларында Ақпанның 14 – 17-сі аралығында «Қазақ тіл ғылымына тарихи шегініс» атты халықаралық конференция өткізді. Аталмыш жиында тұсауы кесілген «Ұлт ұстазы» кітабы оқырмандарға жол тартты. Қазақ елінің жаңалығына бірінші болып қуанатын Түрік жұртшылығы адамзатқа үлгі болар өнегелі өмір иесі – Ахмет Байтұрсынұлына арналған салтанат шымылдығын алғашқылардың бірегейі болып ашты.
Ал өз атамекенімізде ақпанның 25-і күні Алаш Ардақтысын ұлықтау рәсі­мі Елорда төрінде қала әкімдігінің ұйым­дастыруымен «Ахмет Байтұрсынұлы – Алаштың рухани көсемі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция аясын­да бастау алды. Алаштанушы ғалымдардың басын қосқан ұлы жиынды Мемлекет хатшысы Е.Қарин құттықтау сөзбен ашып, республика көлемінде аталуы тиіс мерекелік жиынның ноқтасы түрілді. Ұлы ағартушының салтанатына арнайы жасақталған «Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы әдеби музейі» көш­пелі көрмесінің құнды жәдігерлері жұртшылықтың көзайымына айналды. Ұлы жиын Алаш көсемінің атын иеленіп отырған Қостанай өңірлік университетінде жалғасын тапты. Облыс әкімі А.Мұхамбетов тұлға туған өлкеде кемеңгердің мерекесі қарсаңында атқарылатын іс-шаралармен таныстырды. Жиын соңы ғалым мұрасын танытуға қосқан үлесі үшін еңбегі елеулі ғалымдарды А.Байтұрсынұлы құрмет медалімен марапаттауға ұласты.
Жыл жаршысы – Амал мерекесі Нау­рыз­дың 14-і күні Халықаралық Түркі ака­де­миясы тұғырлы тұлғаларымыз: А.Бай­тұрсынұлының 150 жылдығы мен М.Әуезовтің 125 жылдығына орай, Ұлт­тық кітапханада «Ұлылар үндестігі» атты алқалы жиын өткізді. Басқосуда академия тарапынан шығарылған «Ахмет Байтұрсынұлы және Алаш» атты жинақтың тұсаукесері болды. Жинақ­қа тұлға замандастары мен кейінгі буын өкілдері, сонымен қатар қазіргі кезең зерттеушілерінің мақалалары топтас­тырылған. Бұл жинақтың ерекшелігі – ағылшын, чех тіліндегі нұсқалары Түркі академиясы мен ҚР-ның Чехиядағы елшілігімен бірлесіп жарық көрген.
Ақиқатында, әр дәуірдің заман илеуіне қарай, адам баласына жүктер жұмысы көп. Жұрт жұмысының атқарылуы – әуелі, адалдықтан бастау алса, адамзат игілігіне айналары анық. Ата-баба жолын мұрат тұтқан Алаш ақиығының ұстанымын ұлт мұратына айналдыруға мүдделіміз. Бұл күні Ұлт ұстазының мұрасын зерделеген зерттеулер көп. Ендеше, оқу-ағарту са­ла­сындағы білім беру ісінде Ахмет Байтұр­сын­ұлының бас оқулықтарын негізгі ПӘН көзіне айналдыру – маңызды. Ал өркениетке ұлттық болмыспен ену – дербес мемлекет болуымыздың тетігі.
Алаш мұрасын заманауи форматқа салып, жаңа үлгіде оқыту – бүгінгі тәуелсіздік кезең ғылымының қалауындағы қажеттілік. Алаш мұрасы һәм ахметтану мәселесіндегі қордаланған материалдарды ұрпақ тәрбиесіне жаратпау – ғылым саласында жүрген сіз бен бізге сын.

Райхан ИМАХАНБЕТ,
Ахмет Байтұрсынұлы
музей-үйінің жетекшісі,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір