Соғыстан қайтқан Сырбай
15.01.2016
10600
1
821874_1873878630_____Мың қолдар сау болсын деп,
Мен бір қолымды бердім.
Мың жолдар жалғансын деп,
Мен бір жолымды бердім.
 
Мың гүлдер солмасын деп,
Гүлдей жастық күнімді бердім.
Мың ақын толғасын деп,
Мен бір жырымды бердім.
                         Сырбай Мәуленов.

 
Ертай АШЫҚБАЕВ
Төрт жылға созылған соғыс (1941-1945) біз­дің географиялық мәліметтерімізді де біршама толықтырғаны белгілі. Сол соғыс туралы  туындылар  сөз бола қалса, айта­лық, Ресейдің жеті кереметінің бірі болып саналатын Байқалды немесе сол Ресей мен Ук­раи­наның ортақ еншісі болып табылатын Айдар өзенін, әйтпесе орыстың Волхов батпағын ХХ ғасырдың екінші жартысынан бері келе жатқан (бәлкім, аз да болса, кейінгі де) қазақ оқырмандары тіпті де ес­керусіз қалдыра алмайды. Олай болатыны, бұл  атаулардың әрқайсысының (Байқал­дың, Айдардың, Волховтың) арғы жағынан бізге Қасым Аманжолов, Жұмағали Саин, Сырбай Мәуленов қарап тұратын секілді. Солдат Қасым 1943 жылы майданда жүріп қа­ғаз­ға түсірген «Байқал» жыры – «поэ­зиялық балы сорғалап тұрған ерекше жыр, шал­қы­ған сурет» (Т.Әлімқұлов), ал пар­ти­зандық өмірін 1947 жылы қайтадан көз ал­дына елес­теткен Жұмағали Саинның «Есім­де Айдар өзені» өлеңі – «елжіреген, еміренген жүрек үні, эстетикалық-эмоцио­налдық қуа­ты күшті шығарма» (Т.Ақшо­лақов).
Біздің бұл жолғы әңгімеміздің басы – Вол­хов өңірі. 1943 жылы Сырағаң жазған бір өлең сол Волховпен басталатынын жақ­сы білесіз:
Болдың ба сен Волховта,
Көрдің бе оның орманын?
Сол орманның әр талын
Өз жанымдай қорғадым.
Расына келсек, Сырағаңның  соғыс тура­лы өлеңдерін 1941 жылдан бастап есепке ал­ғанымызбен, жалпы әскери тірлік жө­нін­дегі жырлары одан сәл ертерек, бейбіт әс­кери қызметте жүрген кезінен басталады. Дондағы Ростовта әскери формамен жүрген 18 (бәлкім, 19) жастағы бозбаланың мына өлеңі әлі де иісі бұрқырап тұрған көкорай балауса секілді:
Жақында жайылып жүр
Дон казагының аты.
Алыста Сыр қазағының аты,
Алыста махаббаты.
 
Қасымда Дон толқиды,
Алыста Сыр толқиды.
Жүректе күй әрқилы,
Жүректе жыр толқиды.
 
Жүземін Донға барып,
Қол созам жұлдызына.
Казактың сұлулары
Ұқсайды Сыр қызына.
Осындағы он бірінші жол Сырағаңның, мысалы, 2012 жылы шыққан екі томдығын­да «Қазақтың сұлулары» болып жазылуы, әрине, корректорлық қателік. Әйтпесе «қа­зақ­тың сұлулары Сыр қызына ұқсайтыны» жаңалық болып па?! Сырағаң қазақтың емес, казактың қыздарын айтып отыр ғой. Әлгі «Казаки в Берлине» деген белгілі әннің үшінші шумағы «Как вернусь в родимый дом, Как вернусь на Тихий Дон – Синеглазую казачку Снова встречу там!» деген жол­дармен аяқталмаушы ма еді. Қазір Ресейдің бірқатар аймақтарында (соның ішінде Ростов облысында) дүние есігін ашқан нәрестенің ұлтын «казак» немесе «ка­зачка» деп жазуға болатыны қосымша әңгіменің сорабы. Бұл – бір.
Екіншіден, параллелизм тәсіліне бейім­дел­ген бұл шағын жыр жас Сырбайдың, кейінгі Сырбай Мәуленовтің поэзияға түс­кен жолында қолына іліккен алғашқы жөргемдердің бірі. Бұл, сондай-ақ, Сырбай қаламына тән болып қалыптасқан қыс­қа­лық­­тың алғашқы үлгілерінің бірі.
Жалпы, Сырбай дегенде біздің ойымызға бұл ақынның поэмалары емес, осындай қыс­қа өлеңдері іліге кетеді, өйткені сыршыл  да сыңғырлы  лирика  иесі  шумақтар­дан шумақтарға ұласып жататын поэма жанрын аса жақын тартқан жоқ. «Қазақтың 100 поэ­масы» дейтін алты томдықта («Жазушы» баспасы, 2013) Сырбай Мәуленовтің  поэмасы болмауының немесе ақынның таңдамалы жинақтарында поэма жүрмей­тін­дігінің осындай себептері бар. Негізінде қазақ поэзиясында Ұлы Отан соғысы тақы­ры­бын жеке өз басынан өткен оқиғаларды арқау ете отырып поэмалар (бірнеше поэмалар) арқылы келістіре жырлаған кім десеңіз, мысалы, Тоқаш Бердияровты атар едік: «Мен өмір сүремін», «Оқ және гүл», «Ескі пара­воз», «Жорық жолдар». Тоқаш неге бүйт­ті, Сырбай неге өйтті дейтін сауалдарды түптесек, басқа арнаға түсіп кететін­ді­гі­мізден, келесі үшінші сатыға жылжи бе­рейік.
Үшіншіден, Сырағаң казак қыздары араласқан  осы тақырыпты соғыстан кейін­гі жылдары және бір оятты. «Әлі есте әсем ән­дей Дон өлкесі, Өзен-су, көгілдір ну, жон өр­ке­ші. Көп жылдар сол қалпында көнер­мес­тен Қалыпты көкірегімде көлеңкесі» дейтіндей жолдары бар, Тынық Дон, Рос­тов, Азов, т.б. қамтылатын жаңа өлеңдер топтамасының шырайын келтіріп тұрған жырлардың бірі – сол баяғы Сыр қызына ұқсайтын ару – «Казак қызы».
Ал қайтадан бозбала Сырбайға оралсақ, «Он сегізде әскермін, Ростовта келемін» деп басталатын жыр шоғырлары онша көп те емес. Мұның себебін ақынның өзі айтады: «Мен он сегіз жасымда армияға алынып, Дондағы Ростовта болдым да, көп ұзамай аурулығыма байланысты әскери қызметтен босатылдым. Соғыс басталғаннан кейін бір жыл өткен соң, денсаулығым түзелгесін өз өтінішіммен майданға аттандым». Кейін ақынның кітаптарында жарияланған, ас­тын­да «1941. Волхов майданы», «1942. Волхов майданы», «1943. Волхов майданы»  дейтін белгілері бар жырлар, міне, осыдан соң басталды. Волхов жырлары, әрине, Рос­тов әуендеріне қарағанда әлдеқайда көп және ілкідегі секілді гүл бәйшешектердей тұмса, әсершіл, нәзік емес, жалынға шар­пыл­­ған шалғындай қатқыл, отқа күйген ағаштай дертті. Көп кейін Волховқа келген бір сапарында қызы Сақыпжамалға  арна­ған өлеңінде «…Жиырма бірге жаңа аяқ бас­қа­нында, Әкең мұнда айрылды бір қо­лы­нан» деп жазады Сырағаң. Бұған қа­тыс­ты сыр-шындығын ақын қара сөзбен де айт­қаны есіңіз­де шығар: «…Әскери өмір ме­нің өлең­ім­­нің де мектебі болды. Соғыс ме­ні күйретті де, көп нәрсеге үйретті. Тәні­ме мәңгі өшпейтін таңбасын түсірді. Әкемнің  жақын інілерін де жалмап, жаныма жазылуы қиын жара да салды. Соғыс тақырыбына менің айналып соға беретінім сондықтан».
Әлбетте Сырағаңның соғыс тақыры­бын­дағы туындыларын сөз еткенде «Құлынға» тоқталмай кету мүмкін емес. Дегенмен, от кешкен жауынгердің көкірегіне қайта ұш­пастай болып  қонып  қалған зәрлі көрініс­тер бұған дейін талай талданған, әлбетте, жан-жақты, толыққанды талданған осы жыр­дағы («Құлын») сол бір сәттік сол деталь-суретпен тәмамдалып та қалған емес. Кейінірек қағазға түскен «Жанып аспан, жанып жер, Отқа күйіп өлді аттар. Өлді ауыр танктер, Өлмеді тек солдаттар» немесе «Түсіме енді өлген аттар, Қанды май­дан  алаңында – Желек жалды жел қанат­тар Тұрған полк санағында» әйтпесе «Тимей мұңлы жар қолына, Жанып жатты соңғы хаттар. Нысана боп жау оғына, Жол үстінде өлді аттар» дейтіндей шумақтар соның дәлелі.
Осыдан келіп шығаратын жолшыбай бір қорытындымыз, толғатқан биенің суреті ақынның жадына қайта-қайта оралып отыр­ған тәрізді, сөйтіп әсерленгіш көңілге өл­ген аттарды қайта-қайта тықпалап отыр­ған тәрізді. Тіпті, «Әскери марштар» деп аталатын өлең де «Осынау аспан көз жасына малынған, Осынау орман жаралған тек са­ғымнан – Көз жасы емес, сағым емес, Атты әскердің марштары секілді Жаралған­дай дауылдар мен жалыннан» деп басталады.
Дегенмен, Сырағаңның бұл жырларының орны бір бөлек те, «Құлынның» орны тым басқа. «Құлын» – соғыстың адамзатқа ғана емес, табиғат жаратқан, Алла дем берген тыныс-тіршілікке жасалған қиянатты еске түсіріп тұратын реквием. Осы ретте көрнекті мүсінші Бақытжан Әбішевтің  кенет құлап түскен (құлатып түсірген) тұлпардың қазір қайта тұрып кетердей мойнын көкке ұм­сын­ған шарасыз кейпін елестететін, кейін «Құлагер» деп аталған мүсініне Асқар Сү­лей­менов берген мына баға еске түсетіні бар: «В эпицентре его творчества – образ опрокинутости, свидетельство тому – скульптура, ошибочно названная «Равноденствие». Зрачок этого коня, являясь полуглобусом, отражает в себе старадания целого мира… Это уже, согласитесь, если уже не классика, то ближе к классике». Б.Әбі­шев­тің жеке көрмесі ашыларда сөй­лен­­ген осы сөз-ықыласқа кейін кітапта жария­ланған шақта («Болмыспен бетпе-бет», Асқар Сүлейменов, 2001) «Опрокинутый мир» деген атау қойылыпты. Бертінде осы мүсінге ұқсас дүниелерді басқа қол­таң­ба­лардан да көрдік, бірақ бұлар Б.Әбі­­шев жасаған алғашқы «Құлагердей» әсер ете алған жоқ. Бұны тізбелеп айтып отырған себебіміз, Сырағаңның «Құлыны» да осы «Құлагер» тәрізді серігі табылмастай сирек жауһар. Биенің толғатқан шағын еске түсіріңізші: «…Жалын тарап, көзіне үнсіз қарап, Солдат оның сипайды құрсағынан». Солдаттың сол биенің көзінен көргені де сол емес пе еді – асты үстіне шыққан астан-кестен әлем, яғни «Опрокинутый мир». Бұны бүгінгі күннің бағасы деп есептесек, әріде мәңгілік Махамбеттің «Арғымақ, сені сақтадым, құлағың сенің серек деп, Азамат, сені сақтадым, бір күніме керек деп» дейтінін қайда қоямыз. Сол Махамбеттің «Арғымаққа оқ тидісін» қалай ұмыта­мыз?!
Осы тұста бір ой өрбітсек, қазақ поэзиясында  соғыс  туралы жазылған осы «Құлын» тә­різді  дереу еске түсе кетерліктей үздік өлеңдер сирек. Оның есесіне, салыс­тырып көрсеңіз, балалық шақтары сол соғысқа тап келген берідегі ағаларымыздың (М.Мақа­таев, С.Жиенбаев, Т.Молдағалиев, Қ.Мырзалиев, Ө.Нұрғалиев, т.б.) соғыс кезіндегі тыл өмірін бейнелейтін айшықты жырлары молдау көрінетіні бар. Дегенмен, мұның себептері өз алдына жеке талқылауға лайық тақырып болғандықтан бұл сөзімізді осымен тиянақтаймыз.
Ал Сырағаң өлеңдерінде соғыстың ізі еш­уа­­қытта көмескіленген емес: «Өзім өт­кен алдымда жол тұр бәрі, Аз жазғам жоқ өлең­де ол туралы. Менің жолым – Торғай мен Сырдария, Дон мен Волхов, Неваның толқындары». Ақынның әр кітабы, әр жыр шоғырлары қанды қасапты әйтеуір бір еске салып өтеді. Олардың арасында нақты деректермен  баяндалатын «Кисет», «Санитар­ка», «Шинель», «Окоп», «Госпитальдар», «163-атқыштар полкі», «Синявино шоқы­сы», «250-інші оқ туралы баллада», «Аэрос­тат туралы жыр», «Солдат қасығы туралы баллада», «1943 жылғы 17 январь» тәрізді өлеңдер жеткілікті. «Окопты» оқиықшы:
Қарасуық уілдеп,
Жерді жапқан жұқа қар.
Қыс лебінен дірілдеп,
Бұғып қалған бұталар.
 
Бақсылардай сарнап тал,
Бірде аңдай ұлиды.
Келе жатыр солдаттар
Арман етіп жылы үйді.
 
Жолдың шеті түйілмей,
Келеді түн өткенше.
Асықты олар үйіндей
Окоптарға жеткенше.
Жұп-жұмыр өлең. Үш-ақ шумақ, әр жол же­ті-ақ буын. Рас, «лебінен» деген сөзді «де­мінен» деген сөзбен ауыстырсақ нақ­ты­лық­қа тіпті жақындай түсер едік. Қа­ра­суықты бейнелеу барысында жылылыққа үйір «лептен» гөрі бейтарап «дем» үйлесімді болар еді. Мысалы, «Дем алысы – үскірік, аяз бен қар» (Абай). Әйтсе де бұл орайда ақын жүректің қарапайымдау «қыс де­мі­нен» гөрі әуезділеу естілетін «қыс лебінен» деген тіркесті таңдауы лириканың оюлы тон-шапанын қадірлегені деп ұғалық. Негізгі  айтпағымыз бұл емес, әрине. «Окоп» деп аталғанымен бұл өлеңде окоп жоқ, «окоп­тарға жеткенше» дейтін түйін ғана бар. Бірақ осы жол «асықты олар үйін­дей» деген алдындағы тармаққа жалғанған шақта сол жоқ окоп бар тәрізді көрінеді, окоптың ана тұстан, мына маңайдан самсап шыға келетінін сезіне қоятындайсың. Және бұл окоптар қар-мұз басқан ызғарлы ор-шұңқырлар емес, төбесінен түтін ұшқан жылы үй тәрізді пана болатынына сене­тін­дейсің. Украина майданынан екінші топ мүгедегі болып оралған әкем марқұмның әлдебір бейберекетсіз ұйқышылдықты мі­не­гісі келгенде, «Ай, соғыстағы ұйқының қадірін айтсайшы, 10-15 минут мызғып алсаң атқа мінгендей боласың» дейтіні есім­де қалыпты. Сырағаңның 1942 жылы жа­зылған «Майдан жолында» дейтін өле­ңінің алғашқы шумағы (әрине, тұтас өлең) әкемнің сол әңгімесін еске түсіретіні бар: «Жүре бердік түк үнсіз, Үзіліссіз, ты­ным­сыз. Кірпік ілмей ұйқысыз, Жүре бердік шылымсыз…».
Сол төрт жылғы қанды қасап туралы көп әң­гі­мелер қағазға түспей қалды. Соғыс естеліктерін жазу қажет екендігін ол кезде сауат ашудан әрі оқу іздеуге мүмкіндігі бол­маған, тіпті ондайды мақсат та тұтпаған қалың қол майдангерлер тіпті ескермеді. Тыл балалары естігендерін жадына толық тұтып қалған жоқ. Сол себепті қазақ тілінде жазылған соншама көп деуге келмейтін по­весть, романдар мен аз-кем деректі жи­нақ­тарды қанағат тұтуға мәжбүр болдық. Соның ішінде әйтеуір жедел де жүрдек жанр болғандықтан өлеңдер арқылы жоғалмай жеткен оқиғалардың біршама екендігіне шүкірлік етеміз. Әрине, ерліктің орны бір бөлек, солдат пешенесіне оған қоса елеулі оқиға ретінде саналмайтын қан­шама көлденең тірліктер жазылды. Соның бірін Сырбай өлеңінен оқисыз:
Январьдың ақ қарлы боранымен
Өлген достың денесін орадым мен.
Өлген достың денесін орадым мен
Январьдың ақ қарлы боранымен.
Топырақ қаздым дос жүзін жасырғалы,
Мұз боп қатқан тоң қойны ашылмады.
Отты жақтым түнімен жер жібітіп,
Жанымда – өрт, көзімде – жас ылғалы.
Қайран досты жерледім ертеңгілік,
Қара үңгірге қарады жер телміріп.
Сол бір оттың жалыны бір суымай,
Келеді әлі жанымды өртендіріп.
Январьдың ақ қарлы боранымен
Өлген достың денесін орадым мен.
Өлген достың денесін орадым мен
Январьдың ақ қарлы боранымен.
Бұл – бір шындықтың бір ғана деталі. Осын­дайда әлемді шарлаған әйгілі трило­гия­ның («Қан мен  тер», Әбдіжәміл Нұр­пейі­сов) таныс бір тұсы көңілімізді түрт­кі­лей кетеді. Орыс-түрік соғысының қара жұ­мы­сына қосарлана айдалған Еламан қайтыс бол­ған інісі Райдың мүрдесін қара­суық қа­раңғы түнде жалғыз өзі қабір қазып, қырқа басына жерлейтінін талғампаз жазушы бірнеше бетке созып, жүрек ауырта суреттейтін еді ғой. Прозаның мүмкіндігі сондай болғанда, қысқа шумақтармен қайы­рылған мына өлеңнің көтеріп тұрған жүгі және жеңіл емес. Көп сөйлемді талап ететін прозаның айтарын бұл жерде аз сөзді поэзия жеткізіп тұр.
Сырағаңның егер жекелей жинақтаса, өз алдына  тұтас  бір  толымды  кітап  боларлық­тай  өте мол майдандық өлеңдерінде мұндай де­ректіліктер аз  кездеспейді. Оқып көрелік:
Ауыр бомба алып соғып толқыны,
Жаттым өліп, тірілместей сол түні.
Ертеңгілік қарап едім, қалыпты –
Аспан тірі, дала тірі, көл тірі.
 
Қалыпты аспан көктен жерге құламай,
Шөгіпті бұлт, жерге қаққан сынадай.
Мен адаммын дедім-дағы тік тұрдым,
Жылағым кеп тұрса-дағы жыламай…
Немесе «Тұз» деп аталатын өлеңнің мына шумағын оқыңыз:
Тамшысындай жауынның
Терді иектен сүртеміз.
Көбігіндей сабынның
Жолақ-жолақ күртеміз…
Осы  заманға қатысты жырлар түзгені­мізде өз еркімізден тыс көне дәуірдің әйт­песе бірер ғасыр бұрынғы кезеңдердің жалпы­мыз­ға мәлім кейбір мысалдарын біріміз тым көп, біріміз аз-мұз пайдаланатынымыз сияқты Сырағаң да өз өлең­де­рінде, әсіресе, табиғат көріністерін бейнелеген шақта өзі ұмыта алмайтын со­ғыс­тың теңеулерін сәтті жымдастыра қол­данады. Алдын ала бір ес­керте кетеріміз, біз төменде мысалға ал­ған шумақтарды соғыс жаң­ғырығы деуге келмейді. Баз бір мезеттерде бейбіт тір­ші­лік­тің де айрықша бояу-ай­шықтарын бе­дерлі түрде ұсыну үшін ақындар, мысалы, қару-жарақ атауларына, әйтпесе, майданға қатысты лексикалық элементтерге жүгіне­тінін жақсы білеміз. Әріге барсаңыз, «Найзадай тіп-тік шаншылып, Еденде майшам жанады» (Қ.Шаң­ғыт­баев), бері оралсаңыз, «Үзік-үзік күзгі үміт, Соғыстағы ұйқыдай» (Н.Бегалиев). Бұл тәсілден Сырбай ақын­ның да сырт қал­майтыны белгілі. Айта­лық:
Шайқалады көк айдын,
Шүпілдеген шарадай.
Арасында тоғайдың
Оқ сияқты көкке атылған қарағай.
Оқ – салыстырудың ежелден келе жатқан мысалы. «Ер Тарғындағы» Ақжүністі ұмыт­қан жоқсыз: «Кірпігі оқтай тігілген, Бұра­лып белі бүгілген, Қараған кісі үңілген…».
Ал «Апрель жаңбыры» өлеңінің бір шу­ма­ғы төмендегідей:
Күркірейді күн – ол бір жаршы,
Дауысы зеңбіректен айнымаған.
Бұтақ бастарында мөлдір тамшы
Балапан көздеріндей жаудыраған.
Соңғы екі жолға бұтаққа қонған мөлдір там­шы мен балапанның жәудір көзі кі­ріккеннен кейін әлгі қаһарлы қарудың – зеңбіректің айбаты бәсеңсіп-ақ қалады, қорқыныш шақырмайды.
Тағы бір өлеңнің тағы бір алғашқы шума­ғына назар аударалық:
Ай әлі батпай,
Тұр солдаттай,
Тоғысты күн барып.
Әйтпесе ну орманды,
Асқар тауларды
Тұрады кім бағып?!
Бір өзгешелігі, әр үйірден теріп әкелінген осы үш шумақтың үшеуінде де сезімнің лықсыған толқындарын тәртіптеуге аса құмартпайтын Сырағаңның өз қолтаңбасы жатыр. Мысалы, анау алғашқы шумақта жеті буынмен келе жатқан жолдар кенет он бір буынға ауыса салады. Әйтсе де бұл оқыс түрленіс көзді де, көңілді де үркіте қой­майды, әлдебір әдемі әннің қайыр­ма­сын­дағы қажетті қосымшадай уілдейді. Ал «Апрель жаңбыры» ше?! Шалыс ұйқасты бұл шумақта тоғыз буын мен он буын, тіпті он бір буын да қатарласа келіп тұр. Мұны ақын жаңа форма иесі болу үшін зорлап қиыстырған деудің жөні жоқ. Одан гөрі өлеңнің ішкі динамикасы шабытқа бағын­басқа амалы кем авторды осылай жасауға мәжбүр еткенін мойындау ләзім болмақ. Абайдың алты тармақты өлшеміне телуге боларлықтай үшінші шумақта да бірегейлік жоқ. Ежелеп оқысаңыз, әрине, бұл кемшілік (дұрысы, өзгешелік) анық байқалғанымен, тұтастай зерделегенде тынысты тарылт­пау­дың әдістері алуан түрлі болатындығын та­ғы бір рет анық аңғарасыз. Табиғат пен адамның ажырағысыз туыстығын мәлім еткен, сыншылардың назарына көп іліккен «Түбірлер» өлеңі осы сипаттағы өмірлі жырлардың бірі:
Көрінеді
Орманнан
Түбірлер.
Айрылған
Аяқ-қолдардан
Түбірлер.
Мүгедек солдат секілді
Түбірлер.
Оқ жұлғандай етімді
Жүрегім тулап дүбірлер,
Кезеріп ернім күбірлер.
«Соғыс не?!
Менен біліңдер», – деп тұрғандай түбірлер.
Осы өлеңге ілестірудің  реті  келіп тұрса да, Сырағаңның форма мен тәсілді, ырғақ пен екпінді, тармақ пен бунақты құбылту­дағы олжалы ізденістері туралы сөз қозғау­дан бас тартып отырмыз. Өйткені, бұл тұр­­ғыда біраз пікірлер бізге дейін де ұғы­нықты айтылды, оның үстіне мақала тіпті де түр мен түзіліс туралы емес. Ендеше жолы­мыз­дан қалмай, келесі бекетімізге беттейік.
Жаяу әскер сапында болған, оның үстіне негізінен  орманды-батпақты өлкеде  жо­рық кешкен жас офицер Сырбайдың көкі­регіне сол кезде ұя салған суреттердің – табиғат бейнелерінің кейін қаламға әл­сін-әлсін ілігіп отыруының еш құпиясы да жоқ. Былайырақ барсақ, Жетісудың көркем көріністері Ілияс Жансүгіровтің өлең-поэ­ма­ларында қаншалықты мол болса, бертін­дегі Жұматай Жақыпбаевтың туын­дыларына соншалықты жиі бас сұқты. Әрине, Сырағаңның небір тамаша пейзаждармен  тамсандыратын  оймақтай дүние­лері жет­кі­лікті, олардың қадір-қасиеттері талай талданды да. Ақынның «Ұйқыдан соң» деп аталатын өлеңін сыншы Құлбек Ергөбектің бастан-аяқ толайым талдап шығуы («Жа­пы­рақ­пын жаңбыр шайып жаңарған…», 2014) әйтпесе «Ой, рябина – қызыл моншақ­тар­ды» ақын Есенғали Раушановтың қыз­ғы­лықты түсініктемемен баян етуі («Жан­ның жұпар жаңбыры», 2009), мысалы, бергі жылдардың ғана лебіздері. Дегенмен, қан майданға қатысты көркемдік толғаныс-түйсіністерді жапырақ пен гүлге орап беру­дің, Күннің нұры мен Айдың шұғыласына шомылдырудың орны бөлек. Поэзия тео­ре­тиктері лирика жанрының бір түрі – та­биғат  лирикасын  сөз  еткенде ақын­дардың қаламынан бірде таза пейзаждық өрнектер саулап түсіп жатса, келесі бір ыңғайда жаратылыс картиналары ішкі қат-қабат сыр-сезіммен, әрқалай көңіл-күй астарымен туыстасып кететінін сөз етеді. Сырағаң бұл екі қисынды да өзімен бастап көптеген лириктер секілді жетік меңгергеніне күдік келтіретіндер жоқ шығар. Қажетті детальды орынды пайдалану, сол арқылы иландыру және де сол арқылы оқиғаға ортақ­тас­тыру – Сырағаң шеберлігінің бір жүлгесі.
Қысқаша шолып өтейікші: «Көкте бұлт­тар қансырап тұр, Оқтар жыртып қорға­сын­дай. Тағы жаңбыр тамшылап тұр Сор­ға­лаған көз жасындай»; «Аспаннан басып еңсеңді, Айналды құзғын от бүркіп. Ақ қайыңдар теңселді Ақ көйлегін оқ жыртып»; «Бұрылтпай оңға, солға да, Үйіріп жолды оқ демі.
От болып қонды орманға Соғыстың кү­рең көктемі»; «Жанды орман өртеніп, Кез­дім мұңды тау ішін. Кетті емендер ерте өліп, Шығара алмай дауысын»…
Мынау бейбіт заманғы еске алулар: «Жо­рық  жылдың хаттары – Қақаған қыс бораны, Ормандардың батпағы, Ұзақ жолдар торабы»; «Жай ойнаса іңірде, Көрінеді қатердей. Тұрам орман түбінде Оқтар тескен пәтердей»; «Жел болып сонда жыладым, Көл болып сонда мүлгідім. Орман боп сонда шуладым, Ай  болып  бұлтқа сүңгі­дім»; «Тулайды менің кеудемде Көкала түтін тымырсық. Өрт ішінде өлгендер Жатады тынбай ыңырсып…».
Ал әлдеқалай қыр басына шыққанда тілге орала кеткен мына тұтас өлең ше:
Қызыл гүлдер – қызыл орамалдар,
Желбірейді жел үрлеп.
Қызыл гүлді – қызыл орамалды
Бұлғаған жар
Көзінен жасы мөлдіреп.
 
Бізді құшып ызғарлы күз,
Тырнамен бір ұзатқан.
Қалған сонда қыздарымыз
Хатты күтіп ұзақтан.
 
Қызыл гүлдер – қызыл орамалдар
Даладан күтіп ән салған.
Қызыл жалаудай көтеріліп
Қызыл эшалоннан қарсы алған.
Хат дегеннен шығады, қазір (бұрын да) га­зет беттерінде әуелден ақындық жараты­лыс­қа  бейім қазақтардың (жауынгерлердің) елге өлеңмен жазған хаттары там-тұмдап жарияланып жатады. Әрине, оқтың өтінде, қар-жаңбырдың астында қағазға түсірілген ондай шумақтардан өлең теориясы талап ететін көркемдіктерді табу оңай емес. Солай дегенімізбен де сол жылдарда да поэ­зия­ға илеуі толық қанбаса да бір кірпіш болып қалануға лайықты жырлар туып жатты. Сырағаңның мына өлеңі солардың бір жоралғысы еді:
Уақыт жоқ, кеш, ару,
Күт бізді әнменен.
Сусылдап бес қару,
Аттандық таңменен.
 
Қараңғы түндерде
Ойнайды от лаулап.
Аяулы гүлдерге
Түседі оқ саулап.
 
Майданның алаңы –
Батысқа ағамыз.
Күннен-күн барады
Алшақтап арамыз.
 
Қарай бер, қара көз,
Күте бер хат-хабар.
Жазылып жара тез,
Кездесер шақ болар.
 
Қайғымен егілме,
Өзіңді нық ұста.
Жаздың бір күнінде
Қайтармыз шығысқа.
 
Нұр жауып ала бұлт,
Гүл өсер жолдарда.
Жасарып, жаңарып,
Тұрармыз орманда.
Қандай әскери оптимизм еді. Өзі ажал ау­зында жүрсе де елдегі аруға «Қайғымен егілме» дейді, «Өзіңді нық ұста» деп және кеңес қосады, оны аз десеңіз, «Жасарып, жаңарып, Тұрармыз орманда» деп шуақ шаша жұбатады. Сырбай үшін де, Сырбаймен замандас талай солдаттар үшін де шынымен-ақ сол сапар солай аяқталды. Бірақ барлық үмітті жүректердің барлық иелері олай орала алған жоқ. Тылға оралған тірілерді майдандағы өрттен шыға алмай қалған өлілердің елес-бейнелері күтіп тұрды. Бес қаруын асынып, қарша бораған оққа қарсы ұмтылғанда қайсарлана түсетін қаһарман жауынгер көздерінен сұрақ тамшылап тұрған жетім бала мен жесір жең­генің, аманат ата мен арманды ананың ортасына келгенде айбатынан айрылып қалардай еді ғой. Әлгі «Қайтармыз шы­ғысқа» әйтпесе «Гүл өсер жолдарда» дейтін жігерлі лептің бұдан соң, яғни арада бірер жылдар өткен соң пәс мұңнан жеңілмеске шарасы қалып па еді:
Жаутаңдап қарап дала тұр,
Көз жасын сүртіп жаңа бір.
Хабарсыз ұлын сұрауға
Жолыңды тосып ана жүр.
 
Қанша үйдің ұрлап адамын,
Қанша үйде сөніп қалды оттар.
Көрдің бе ұлын ананың,
Соғыстан қайтқан солдаттар.
 
Кешікпей жарым келер деп,
Төрінен сайлап орынды,
Батысқа қарай елеңдеп,
Ару жүр тосып жолыңды.
 
Көтерді бәрін ауырдың,
Азамат болып арды ақтар.
Көрдің бе жарын арудың,
Соғыстан қайтқан солдаттар.
 
Кетерде солдат жарының
Ішінде қалған ана жыл,
Көкемді айтпай танырмын
Деп бір сәби бала жүр.
 
Қайрылмай қалай кетесің,
Хабарсыз қалай ол тоқтар.
Көрдің бе оның көкесін,
Соғыстан қайтқан солдаттар.
 
Қаралы қағаз жіберіп,
Қаншама қайғы салды оқтар.
Барады үнсіз түнеріп,
Соғыстан қайтқан солдаттар!
Кейін әнге айналғанымен де осы өлең бәрібір бәрімізге (әлемге) мәлім бір мезетті – БІР МИНУТ ҮНСІЗДІКТІ еске түсіреді. Өйт­кені «Көрдің бе ұлын ананың», «Көрдің бе жарын арудың», «Көрдің бе оның көкесін» дейтін сауалға еш солдат жауап бере алмайтыны хақ. Сондай сауалдардың ортасына түскен майдангер Жексеннің ахуалын Өтежан Нұрғалиев кейін, арада отыз шақты жылдар өткен соң былайша қазымырлана суреттейтіні бар: «…Жерде жатқан көн тулақты шұқылап, Сөз таба алмай, басын жерге тұқырад. Біздің кемпір сұрау толы көзімен Жексенжанның бара жатыр құтын ап. Аспандағы куә қылып Күн, Айды, Қарсы алдына бір тізерлеп құлайды. «Бірге кеткен Нұрғалиды өзіңмен Өз қолыңмен көмдің бе?», – деп сұрайды…». Ал Жексен не дей алмақ?! Өлеңнің осыған қатысты содан соңғы тағы бір шумағы: «Өлген адам тірілмейді… ексең де, Жерге кіріп, аспанға ұшып кетсең де. Сонда да ана «балаң тірі шығар» деп, «Айтпадың» деп өкпеледі Жексенге». Сырағаңның өлеңі де сол жалпылама шарасыздықтың бір көрінісі: «Барады үнсіз түнеріп Соғыстан қайтқан солдаттар».
Соғыстан қайтқан Сырбай да сол үнсіз түнергендердің бірі еді. Соғысты әлі күнге дейін ұмыттырмай келе жатқан қасиетті жаңғырықтардың бірі де осы Сырағаңның, қазақтың ұлттық әдебиетінің классигі Сырбай Мәуленовтің қанды майдан қасіреттерін сезімдерді сыздата бейнелеген мол мұрасы.
Ақтөбе қаласы.
ПІКІРЛЕР1
Аноним 07.04.2021 | 09:24

Кот

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір