ӘЛҚИССА
ЖАҚЫНЫҢ ҮШІН ЖАҚСЫНЫҢ ЖАҒАСЫНАН АЛМА
Шақшақұлы Жәнібек батыр Төле биге:
– Түзу мылтық, ұшқыр құс, жүйрік ит, мақтаншақ жігіт, ұрыншақ ат – бесеуін жиып қойдым. Бозбала болып ерлік қылайын ба? Үлгі алып, билік құрайын ба? Елінде кәрің болса – жазулы тұрған хатың. Жайлаған көліңнің алдында төбе болса – ерттеулі тұрған атың деуші еді, ақыл сұрайын деп келдім, – дейді.
Сонда Төле шешен:
– Менен ақыл сұрасаң –
Өгізге ер салма,
Қанатың талар.
Наданға көзіңді салма,
Сағың сынар.
Досыңа өтірік айтпа,
Сенімің кетер,
Дұшпаныңа шыныңды айтпа,
Түбіңе жетер.
Жал-құйрығы қалың деп
Жабыдан айғыр салма,
Жаугершілік болғанда,
Жағдайлап мінер ат тумас.
Жақының үшін
Жақсының жағасынан алма,
Жерің тарылар.
Ит жүгіртіп, құс салсақ,
Әуейі боларсың.
Әйел алсаң,
Көріктіні алма, тектіні ал.
Мақтаншақ жігіт жисаң,
Жөніңнен шығарсың.
Ұрыншақ ат жаз жарға,
Қыс қарға жығар.
Тұмау түбі құрт болар,
Тұман түбі жұт болар,
Ақылдың түбі құт болар.
Қарап отырғанша
Бір нәрсеге жарап отыр.
Кәсіп болмай нәсіп болмас,
Қабырғадан қар жауса –
Атан менен нарға күш,
Ел шетіне жау келсе –
Қабырғалы биге күш.
Менің ақылым осы, – депті.
ҚАЙТЫП КІРЕР ЕСІКТІ ҚАТТЫ СЕРІППЕ
Орта жүз Қошқарұлы Жәнібек он үш жасқа келгенде ұлы жүзде Қараби деген аузы дуалы, өзі білімді би бар деген даңқын естіп, өзінен арнайы бата алуға жолға шығады. Ол қазақ пен қалмақтың жауласып жатқан кезі болса керек. Бұлардың барар жолын қалмақтар басып алып, өте алмай, үйіне қайтып келіп үш жыл жатады.
Төртінші жыл өткенде жол ашылып, Жәнібек он алты жасында Қарабидің еліне келеді.
– Шырағым, кімнің ұлысың? – дейді Қараби.
– Қошқарұлы Жәнібекпін, – деп жауап береді бала.
– Мен сені осыдан үш жыл бұрын күтіп едім, неге кешіктің? – дегенде, Жәнібек себебін айтады. Қараби қонақасын беріп, ертеңінде:
– Не қалайсың, шырағым? – дейді.
– Сізден бата алайын және өсиет боларлық өз аузыңыздан сөз естиін деп келіп едім, – дейді Жәнібек.
Сонда Қараби батасын беріп былай деген екен:
Бедері жоқ қамқадан
Берік тоқылған бөз артық.
Берекеті жоқ ағайыннан
Берік сөйлескен жат артық.
Пайданы алыстан қылғайсың,
Залалды жақыннан қылғайсың,
Тышқан да інінің айналасына
оттамайды,
Оны да есіңе алғайсың.
Қайтып кірер есікті
Қатты серпіп жаппағайсың.
Қайтып көрер досыңа
Қайрылмастай сөз айтпағайсың.
Осыны есіңе ала жүрсең, ешкімнен
Кем де, қор да болмайсың.
БІЛГЕНДЕРДЕН ҒИБРАТ АЛ
Абыз жүз жиырма жасқа келіп отырған шағында, Әсет би көрісе кеп:
– Е, Абыз, жасыңыз келіп қалды. «Абыз айтушы еді» деп айтып отыратын бір сөз айтыңызшы, – деген екен.
Сонда Абыз былай дейді:
Ата-ананың қадірін
Балалы болғанда білерсің.
Ағайынның қадірін
Жалалы болғанда білерсің.
Балалықтың қадірін
Саналы болғанда білерсің.
Асыл менен жасықты
Бағалы болғанда білерсің.
Бостандықтың қадірін
Жабылғанда білерсің.
Қалтаңдағы ақшаңды
Қағылғанда білерсің.
Денсаулықтың қадірін
Ауырғанда білерсің.
Ақ бетіңнің қадірін
Қан кеткенде білерсің.
Ақ білектің қадірін
Әл кеткенде білерсің.
Жиырма бестің қадірін
Жас өткенде білерсің.
Қара көздің қадірін
Нұр кеткенде білерсің.
Татулықтың қадірін
Дос кеткенде білерсің.
Жақсы әйелдің қадірін
Өлгенінде білерсің.
Жақсы туыс қадірін
Көмгенінде білерсің.
Аяқ-қолдың қадірін
Ақсағанда білерсің.
Отыз тістің қадірін
Қақсағанда білерсің.
Қызыл тілдің қадірін
Тоқтағанда білерсің.
Білгеніңді сөйлеп қал,
Білгендерден ғибрат ал!