Әлқисса
07.10.2023
200
0

 Қожанасыр мен би

Бір бидің сиыры Қожанасырдың еккен егінін жеп қойыпты. Сонда
Қожанасыр бидің өзіне барып:
– Биеке-ау, бөтен біреудің сиыры екінші біреудің еккен егінін жеп тауысса, оның үкімі не болады? – деп сұрапты.
 Би үлкен сары тысты кітабын қолына алып, ашып көріп:
 – Сиырдың иесі желінген егіннің құнын төлейді, – депті.
– Олай болса, сіз егіннің құнын төлеңіз, сиыр сіздікі де, егін біздікі, – депті Қожанасыр алақанын жайып.
– Иә, солай деңіз! – деген би, ойланып тұрып, қолындағы сары түсті кітапты былай қоя беріп, басқа бір көк тысты кітапты алып, бетін аша беріпті.
 Сонда Қожанасыр:
 – Ашпай-ақ қойыңыз, тақсыр би, сіздің сиырыңыз менің егінімді жегенше, қолыңыздағы көк кітапты жесе, анағұрлым тәуір болатын еді, –депті.

Көлмін деп көпіре бересің…

Қожанасыр шөлдеп келе жатып бір көлге кездеседі. Еңкейіп ұрттап көрсе, суы удай ащы екен. Қожекең ашуланып: «Құдай атқан, көлмін деп құр көпіре бересің, суыңда құдық суы құрлы дәм жоқ. Су деген, міне, мынадай болмай ма, дәмін татып көрші!» – деп жан торсығындағы үнемдеген суын көлдің бетіне шашып жіберіп, жөніне жүріп кетіпті.

Қожанасыр мен бақша иесі

Қожанасыр бір бақшаға кіріп, бақшадағы жемістерді жұлып, қабына салып алып жатқанда, бақша иесі үстінен шығып қалып:
– Әй, сен, мұнда неғып жүрсің? – дейді. Қожанасыр саспастан:
– Жаңа бір қатты құйын тұрып, осында ұшырып әкеп тастағаны. Өзімнің де басым әңкі-тәңкі болып тұр, ағайын, тым қатты айқайламашы! – дейді.
– Ал сені мұнда жел көтеріп әкеп тастасын, мына жемістерді кім жұлып тастады? – дейді бақша иесі.
– Мен құйын домалатып жүргенде қарманып қолыма іліккен нәрселерді ұстап едім. Мүмкін сонда жұлынып кеткен болар, – дейді Қожа.
– Ол да солай болсын, ал мына қапқа жемісті толтырған да жел ме? – дейді бақша иесі.
– Апырм-ай, осыған мен таңғалып тұр едім, сен де дұрыс аңғардың-ау! Бірақ осында мені ұшырып әкеп тастаған құйынға бір қап жеміс бұйым ба? Сірә, жел көтеріп әкелген маңайдағы бір пақырдың еңбектеп жинаған қауыны мен қабы болар, мен арқалап ала кетермін! – депті Қожа еш саспастан.

Ақ көйлек

Қожанасыр бір күні түнде далаға шықса, есіктің алдында әлдене ағараңдап тұр екен. Жалма-жан үйіне жүгіріп кіріп, мылтығын алып шығып, әлгі ағарғанды атып тастайды да: «Не де болса, ертең көрермін», – деп үйіне кіріп жатып қалады. Ертеңінде тұрып түндегі атқан нәрсесін қараса, ол өзінің жуып, жайып қойған көйлегі екен, мылтықтың оғы матаны шұрық тесік қып кетіпті. Қожа көйлегін әрі-бері айналдырып қарап тұрып: «Апыр-ай, ә, көйлегімнің ішінде өзімнің болмағаныма шүкір, егер де өзім болсам, не болар едім?» – депті.

Қожанасыр аттан құлағанда

Бір күні Қожанасырдың аттан жығылып жатқанын көріп, балалар сықылықтап күледі. Сонда Қожанасыр үсті-басын қағып жатып:
– Несіне күлесіңдер? Мен өзім де түсейін деп жатыр едім, – депті

Есегіме ұқсайды екенсіз

Бір күні Қожанасыр жолаушылап жүріп, сол маңды билеп тұрған ханмен кездесе қалыпты. Хан отырып:
– Менің Алмашұбар деген атым бар, шапқанда көз ілеспейді, – деп мақтанады.
– Менің асыл текті есегім бар. Ақырса – даусы айшылық жерге жетеді, – дейді Қожанасыр.
– Мен ақырғанымда қызметші нөкерлерім:
 «Құдіретті ханымыздың дауысы арыстанның ақырғанынан да күшті», – деуші еді, сенің есегің менен де қатты ақыра ма? – дейді хан.
– Тақсыр, сіздің ақырғаныңызды естіген жоқ едім. Айқайлаңызшы, көрейін, – дейді Қожанасыр. Хан тамағын қырнап-қырнап алып, айқайлап қоя беріпті.
– Тақсыр, шынында да, өзіңіз менің есегіме ұқсайды екенсіз, – депті сонда Қожанасыр.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір