ШАХАНОВТЫҢ ШОПЫРЫ
08.08.2022
544
0

Белгілі ақын Мұхтар Шаханов – КСРО халық депутаты, КСРО Жоғарғы Кеңесінің мүшесі, КСРО Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстанда тұңғыш құрылған экологиялық қозғалыс – Арал және Балқаш проблемалары жөніндегі қоғамдық комитеттің төрағасы. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі жайлы Кремль төрінде КСРО халық депутаттарының І съезінде ашық айтқан адам. КСРО билігі бұған құлақ аспаған соң белгілі ғалым, Нобель сыйлығының лауреаты А.Сахаровтың, кейіннен Президент Б.Ельциннің қолдауымен бұл проблеманы КСРО Жоғарғы Кеңесінің бірінші сессиясында екінші рет қайта көтеріп, КСРО Президенті М.Горбачевты Желтоқсан оқиғасын зерттеу және оған түбегейлі баға беру жөнінде жаңа комиссия құруға мәжбүрлеген адам. Сондай-ақ М.Шаханов «Наурыз мерекесінің» 62 жылдан соң қайта жаңғыруына мұрындық болды.
Мұхтар Шахановқа жеті жыл шопыр болған сыныптасым Сейсен Қалыбековпен өткен-кеткен жайлы, өзіміздің туып-өскен Қарақол ауылы туралы әңгімелесіп отырып, сонау бір жылдары Шахановқа қалай шопыр болғаны жайлы сұрадым:

– Ой, Беке, мен, өзің білесің, ауылда поэзия мен әдебиеттен аулақ, әскерден кейін әкемнің иелігіндегі совхоздың бір отар қойын бағысқан жан едім ғой, – деп бір жымиып барып бастады ол сол бір күндер тізбегін көз алдынан өткізгендей ойланып, – 1987 жылы Жазушылар одағына қарасты «Шығармашылық үйінің» директоры Назымбек Боқаевтың шопыры болатынмын. Ой, шіркін-ай, десеңші… Назымбек ағаның да талай жақсылығы өтті ғой маған. Өзі де өнерлі, келбетті келген, жігіттің төресі еді… Сонымен, сол кезде Мұхтар аға да өзінің «02-30 ЧМО» нөмірлі «Жигулиімен» шығармашылық үйіне келіп-кетіп, демалып жүретін. Мұқаң машинасынан ақау шықса, бастығым арқылы мені шақыртып алады. Бірде екі бірдей дөңгелегі жарылып, енді бірде аккумуляторы істемей, машинасы оталмай жүрген кезінде көмектесіп жібергенмін. Сөйтіп жүргенде бір күні наурыз айында Мұхтар аға мені өзіне жұмысқа шақырды. Мен үйреніп қалған тыныш жерімнен кеткім келмей, қиқалақтап едім:
– Әй, бауырым, бастығың Назымбек те маған бауыр болып келеді. Не, ол сені жібермей ме? Сұрап алайын ба? –деді. Тіпті, маған қалтасынан алып, визиткасын берді. Қарасам, «Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты Мұхтар Шаханов», – деп жазулы тұр. Телефоны да бар екен. Жасы үлкен адамды сыйлап өскен басымыз… шегіншектеудің жөнін таба алмай келісімімді бердім…
Шынын айтсам, о кезде мен Мұхтар Шахановтың кім екенінен де, оның шығармашылығынан да бейхабар адаммын ғой. Шахановпен таныспасам, ол кісіні білмесем, мүйіздері қарағайдай Сафуан Шаймерденов, Тәкен Әлімқұлов, Әкім Тарази, Қалихан Ысқақов, Сайын Мұратбеков, Оралхан Бөкей, Кәдірбек Сегізбаев, Әуезхан Қодар, т.б. әдебиет алыптарымен биллиард ойнаушы ма едім!? Әшейін көшедегі көп сүрбойдақтың бірімін ғой. Қазір ойлап отырсам, Мұхтар ағаның арқасында Асқар Ақаев, Шыңғыс Айтматовтармен, көптеген белгілі тұлғалармен дастархандас болыппын. «Жақсыдан – шарапат» деген. Шынын айтсам, Шахановтан мен рухани байлық алдым деуіме болады…
Сонымен, Мұхтар Шахановтың көлік жүргізушісі болып жұмысқа кірген Сейсенге біршама уақыттан соң жатақханадан бір бөлме беріледі. Тіпті бөлмесіне телефон орнатқызады.
– Қызық! – дейді Сейсен, – Сонда ағам менің қай жақтан екенімді де, руымды да сұрамайды. Ұжымның алдында мені таныстырып: «Бүгіннен бастап Сейсен емес, менің жанымдағы жол серігім, аты – Серік», – деді. Жатақханадан бөлме әперді, кейінірек оған телефон орнатып берді. Әәә, айтпақшы, әлгі телефон бүкіл жатақханада жалғыз менде ғана болғандықтан, бөлмемнің алды үнемі топырлаған адам… Бәрінің де туған-туысымен, дос-жарандарымен сөйлескісі келеді. Ол кезде қалта телефон деген атымен жоқ еді…
…Көп ұзамай Мұхтар Шаханов Қазақстан Жазушылар одағының үшінші хатшысы, «Жалын» альманағының бас редакторы болып, Секең ол кісіге берілген жаңа «Волганы» жүргізді.
– Мұхтар ағаның анасы Ұмсын деген апа шүйкедей ғана адам еді. Өте адамгершілігі жоғары, мейірбан жан болатын. Мұхаң екеуміз үйден алыс жолға аттанарда «Орамал тон болмайды, жол болады» дей ме екен, батасын беріп, бір-бір шыт орамал (өздері «десте орамал» дейді) ұсынатын, бұдан бөлек, менің қалтама малта құрт салушы еді марқұм. Айтпақшы, менің үйленуіме де Шахановтың қатысы бар. Жұбайым Ләйләның әкесі Шеген Сапаров – Мұхаңның досы болған адам. Оның да мамандығы журналист еді. Ләйла жоғары оқу орнына құжаттарын тапсырарда осы Мұхтар ағаның үйінде тұрды. Кейін сол жерден қақтық қой, – дейді Секең күлімдеп.
– Мұхтар аға депутат болып сайланған соң бір күні мені шақырып алып, Мәскеуге ұшаққа Жоғарғы Кеңестен билет алып келуімді тапсырды, – дейді Сейсен Сарқытұлы, – Ол кісінің депутаттық мандатын ала салып келсем, кассасының алдындағы кезекке әрең кіргізді. Мен кассаға таяп келіп, осылай да осылай, «Шахановқа бір билет», – деп айтып жатырмын ғой. Сол кезде арт жағымда тұрған ақ шашты жасамыстау келген орыс ұлтының өкілі: «Кто вы?» – деп сұрады. Мен енді Шахановтың шопыры екенімді, билет алуға жібергенін айтып жатырмын. Ол кісі маған: «Вы меня на улице подождите», – деді. «Жақсы», – деп күтіп тұрмын. Бір кез­де ол кісі іштен шығып, маған қарай жүрді. Сосын: «Мұхтар Шахановқа Сафонов Анатолий Кириловичтен сәлем айтыңызшы», – деді. Сөйтсем, ол кісі АДК-ның (Алматы құрылыс комбинатының) бас директоры екен. Мұқаңа барып, сәлемін айттым. Ертесіне әдеттегідей таңғы сағат 8-де Мұқаңа келсем, шай ішіп отыр екен. Мен енді кеше Сафоновпен кездескенім жайлы, ол кісінің сәлем айтқаны туралы айтып жатсам, Розалинда жеңгеміз өте ақылды адам ғой бірден: «Оо! Анатолий Кирилович деген – бүкіл Алматы құрылыс комбинатын басқарып тұрған адам. Өзі КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты. Сенің баспана жайлы мәселеңді сол кісінің алдына қоямыз!» – дегені. Айтқанындай, көп ұзамай Абай мен Гайдар көшелерінің қиылысындағы жатақханадан бір бөлме алып берді ғой. Әрине, кейін Мұқаңның арқасында «Самал-3» шағын ауданынан үлкен үйге де қол жеткіздік. Ол кісінің маған жасаған жақсылықтары ұшан-теңіз.
– Мұхтар ағаға да, Роза жеңгеме де еш өкпем жоқ. Мені қатарға қосқан, көзімді ашқан осы кісілер ғой. Былайша айтқанда, маған Алла Тағаланың жолықтырып тұрған адамдары. 1991 жылы тұңғыш қызым Нұрлытаң дүниеге келді. Оның да есімін қойған Мұхтар аға. Ләйлә босана салысымен, үйге, Қарақолға әкеме телефон шалып жатырмын: «Әке, қыз бала, атын өзіңіз қойыңыз!» – деп. Әкем бірден: «Ат қоятын адам жаныңда емес пе! Мұхтардай азаматқа екінің бірі балаларына ат қойғыза алмай жүр. Мен сегіз балаға ат қойып болғанмын. Мұқаң қойсын!» – деді. Мұхтар ағаға әкемнің сәлемін айтып едім, «ых!» деп бір күлді де: «Үлкен ұлдан туған тұңғыш немересінің есімін өзі қойғаны жөн емес пе!?» – деді. Ол кезде нәрестенің кіндігі түспей перзентханадан шығармайды емес пе! Сонымен, уақыт өтіп барады. Ләйләның перзентханадан шығатын уақыты таяп қалды. Баланың есімі әлі қойылған жоқ. Мұхаңа барып айттым. Ол кісі: «Енді мен бір есім айтайын. Ұнатсаңдар, қойыңдар. Нәрестенің аты Нұрлытаң болсын!» – деді. «Болды! Болды, аға! Сіздің айтқаныңыз бойынша ғой бәрі», – деп жатырмын… Сөйтіп, қызымыздың есімі елде жоқ, сирек кездесетін есім – Нұрлы таң болды…
Тағы бір қызық айтайын. Адам деген пенде ғой. Жалпы, Роза жеңгеміз Мұхаңа, болмаса үйге қандай да бір зат алатын болса, екіншісін маған қоса сатып алатын. Бірде ол кісі: «Серікжан, (Мұхтар ағаның өтініші бойынша мұнда бәрі мені Серік деуші еді) военторгқа екі диванға тапсырыс бердім. Соның біреуін өзіңе, біреуін біздің үйге алып келе ғой!» – деді. Гараждан бір жүк автокөліктің шопырымен келісіп барсам, екеуінің де ақшасын төлеп қойыпты. Айтқанын орындап, Мұқан Төлебаев көшесіндегі «Алатау» кинотеатрының артындағы Мұхтар ағаның үйіне (бесінші қабатқа) кіргізіп, екіншісін өзіме түсіріп алдым. Әдейі таңдағаным жоқ, бірақ менің үйіме түскен диванның түсі Мұхаңның үйіндегіден әдемілеу болып шықты. Кейін Мұхтар аға мен Роза жеңгей қонаққа келіп, жеңгей: «Серікжан, өткенде алған диваның ғой мынау. Жақсы екен!» – дегенде, ұялғанымнан жерге кіріп кете жаздағам. Соны енді дұрыстап қарап, түсі ашығын сол кісілердің үйіне түсіретін адаммын ғой, – дейді Сейсен өзіне тән кеңк-кеңк күлкісімен.
…Жеті жыл Шахановтың шопыры болған Сейсен Қалыбеков осынау аңыз адамнан мол тәрбие мен тағылым ала жүріп, әдебиетке, поэзияға деген көзқарасының қалыптасқанын айтады. «Мұхтар аға Қазақстанның Қырғызстандағы төтенше және өкілетті елшісі болып, тағайындалғанда балаларым жас боғандықтан, еріксіз елде қалдым», – дейді ол ерекше толқыныспен.

Берікхан ТАЙЖІГІТ
Аягөз ауданы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір