Қатпарлы таудың көлеңкесі
22.07.2022
4213
0

Жанпейіс қарт дастарханға қол жая бергенде қарала мойнақ шәуілдей жөнеліп еді. «Тілеуін» келте қайырды да:
– Қарашы, Мәкен келді-ау деймін! – деп кемпіріне әмір ет­ті. Шай құюға икемделген Секер шешей:
– Шырағым-ай! Үш күннен бері әбден сандалды-ау, мына суықта… – деп пештегі өшкіндеген от­ты қағыстырып, қи салды да есікті жартылай ашып, еңіс жаққа қарады.
– Ой, кімдер екен? – деп кемпіріне сабырсыздана тіл қатқан Жанпейіс селдір ақ сақалын сипалап, төрде мазасызданып отыр. Есіктің өр жағынан көрінген қарсы беткейді алғашқы ақша қар қымтап, жылмиып жатыр. Күннің түскі сәулесінен жылтылдаған сағым арасында бұта-бүргендердің іші қарауытып, қалтырап тұр.
– Мына айланбадағы қошқаршы қайнымның техник баласы Бақберді ғой, арбасының жүгі ауыр ма, аты жақсы тарта алмай, қасында бөтен біреу бар, жаяулап барады, – деген Секер шешей қолын жуды да, орамалымен сүртіп, шай құюға қамданды.
– Есікті жапсаң болды үйдің іші көрдей қараңғы болады да қалады, – деп сөзін бастаған Секер шешей, – Мына желім жарғағың қол емес екен. Жел соқса қалдырлап, шаң-тозаңды шақырады да тұрады. Пунктке әйнек әкеліпті деп еді. Бақбердіге айтып, артылса, терезеге әйнек қидырып алсақ жақсы болар еді, – деді шай құйып жатып.
«Қатын дегенді қойсаңшы, үйдің ұсақ-түйегінен басқаны ойламайды. Мал түгел, бас аман болса, терезені жөндетерміз сәті түскенде» деп ойлаған Жанпейіс үнсіз шайға бас қойды.
Қойдың қиы дүрілдеп жанған пештің екі бүйірі алқызыл тартып, үйдің ішіне жылы шуақ сеуіп тұр. Шайға шабыт­тана қалған екі қарт­тың шекелері тершіп, қаймақты қызылкүрең шайды сораптай тартып жадырай қалған әредікте қарала мойнақ тағы да шәуілдеп қоя берді. Бұл жолы есікке Секер шешей Жанпейістің әмірінсіз өзі-ақ жет­ті. Есікті ашып қарады да:
– Мәкенім келе жатыр, алда шырағым-ай! Суық сорып тоңған болар, қарны да ашты-ау, – деп шәйнекті шоққа қойып, пешті қағыстырып, от сала бастады.
Осы кезде Мәкен де үйге сәлем беріп кіріп келді. Жанпейіс сәлемді алып:
– Малың аман ба? – деп сөзін енді сабақтай бергенде, қасында отырған қосағы Секер:
– Осынша жоғалғаның не үш күннен бері? – деп сөз кезегін іліп ала жөнелді.
Әкесі мен шешесінің қақпақылдай қаптатқан қалың сұрағының қайсысына жауап қайтарарын білмей аңтарылған орта бойлы, талдырмаш денелі ақсары жігіт:
– Қалдыкердің үйірін үш күн іздеп таба алмадым, қалғандары аман. Бүгін әуелі таңғы асымды да ішпедім. Беті-қолымды жауайын, – деп жақ жүні үрпиген бет-аузын қолымен сипап, қос қыртыстанған көзімен дастарханды шолып өт­ті де, белін шешіп, ішігін іліп, қол шәугімді қолына алып, сыртқа бет­теді. Мәкен беті-қолын жуып қайта оралған соң бет-аузын сүрте жүріп сөзін сабақтады:
– Алдыңғы күні таңсәріде үйден ат­танған соң, кешқұрым қалдыкердің үйірінен басқа қалғандарын түгендеп болдым. Ал кешелі бері талай жерді арылтсам да, жануар жеріне тартып кет­ті ме? Қалдыкерді кезіктіре алмадым. Әлгінде келе жатқанда мына Ақтастың бауырында бірнеше құмай айналып жүр. Төңіректегі елдің малы аман ба? – деді Мәкен шайын екі-ақ ұрт­тап тауысқан шынысын қайта ұсынып жатып.
– Басқаларын білмедім, Қожанның қошқарлары аман, әйтеуір. Оның қорадағы малын біреу алар дейсің бе? – деді Жанпейіс. Бір кезде «Тынымсыз мал» деп қошқар бағуға көнбегенін өкіне есіне алып.
– Шырағым-ау! Кенезең кеуіп әбден шөлдепсің ғой, – деді анасы Секер шай құйып жатып. – Жоқ іздеген құрып қалсын, кісінің өзін бірге жоғалтады. Аман болса болды ғой, қашан табылғанша көкбалақ болып сандалатын болдың-ау, – деп баласына күйінішін білдіре сөйлеп еді.
– Ой, несіне шыжалдай қалдың?! Аяқты мал, аман-есен жүрген шығар. Жігіт адамға ат үстінің жұмысы да сөз бола ма? Қайдағыны айтып қақсамай отыршы! – деп, кемпіріне тойтарыс берген Жанпейіс қарт өзінің ішкі жүдеулігін білдірмей, дастархан шетіндегі шынысын қолына алды.
Асықпай шайға қанып, жадыраған Мәкен жаңадан жан шақырғандай болды. Терін сүртіп жайланып отыра бергенде есіне бір нәрсе түскен ол ағаш қасықтың сабындай жұмырлап жонылған, басында бармақтай темірі бар, ұзындығы кере қарыс қоңыр ағашты қонышынан суырып алып:
– Мынау не нәрсе, әке? – деп Жанпейіске ұстат­ты.
Мәкеннің бала кезінен тартып білмегенін әкесінен сұрап ұғу ежелгі дағдысы. Ол қазір жігіт салауатына ілінгенімен әкесінің алдында әлі бала. Сол балалық әдетіне басып отыр. Ондайда Жанпейіс те желпініп, білгенінше түсіндіріп, қоразданып қалар еді. Ал мына қырнай жонылған «қасық сабының» байыбына бара алмады.
– Немене өзі? Бері әкелші көрейін, – деген Секер шешей домалақтана тұжырылған сабынан ұстап, қолына алды да, аударып-төңкеріп көрген соң, – Не деген әдемі қырнап жонған. Ұстараға сап жасап алар ма еді, – деді ойын ортаға салып.
Кемпірінің айтқаны ұнай кеткен Жанпейіс:
– Мұны қайдан алдың? – деп баласынан сұрап еді.
Мәкеннің жаңа мына астырта келе жатып, өзендегі үлкен жолдан тауып алғанын ұққан соң дастархан шетіне қойды да, жоқ іздеудің ендігі беталысына бас қатыра бастады.
Шай ішіліп болған соң Жанпейіс:
– Отырма балам, бағанадан бері атың да шалып алды. Тыңайып қалған шығар. Кеш батқанша мына Ақтастың айналасын аралап кел, жылқышының самдағай болғаны жөн, мін атқа, аялдама! Оң жол болсын! – деп Мәкенді жебей түсіп, асықтыра ат­тандырды да:
– Әй, Секер, жылымаң, суың бар ма? Ана сары сиырға қанғанша ішкізіп, жемін бер, кебекті молырақ салғайсың. Кәрі немеге сол жұғымды келеді. Шөбіңді майдасынан сал, соғым деген қыстың берекесі. Жақсы қарасаң, май шайнайсың, әлі, – деп кемпіріне тиеселі шаруасын табыстаған соң, жанындағы қынынан ұстарасын алды да, жарықшақталған тобылғы сабының сызатынан айыра ажыратып сындырды. Онан соң босағада ілулі тұрған талысын әкеліп балға, төс, шымшуыр қатарлы саймандарын алып шығып, әлгіндегі ағашты өлшеп кесіп ұстарасын саптауға ыңғайланды.
Жанпейіс қонжиып алып қолға алған шаруасына құлшына кірісті. Осы бір қолайлы ағаш тауып келген Мәкеніне де көңілі толы. Қайсы біреулерше оқытамын деп, баланың қаңғырығын түтетіп, қалаға қаңғыртпағаны да ақыл болыпты. Ауыртпалықты көтеріп малға ие болғанына да екі жыл болды. Жанпейістің өзі ғой әкесінен небәрі он екі жасында қалып, содан бері міне, тырбанып тірлік етіп келеді.
Жанпейіс ес білген кезде бұлардың отбасы елеулі бай болмаса да екі-үш айғыр үйір жылқысы бар, қызылдан қысылмайтын азын-аулақ уақ малы бар дөңгелек дәулет­ті шаңырақ еді. Жәкең он жасқа шыққан жылы көктемде жылқыға сарқолқа жабысты да, іші жіңішкеріп, құлағы салпайып, шетінен өле бастады. Бұған марқұм әкесі құлақ естіген ем-дом, ырым- жырымның бәрін жасады. Қасқырдың қу басын күйдіріп аластап та көрді. Жылқысын зират басына жусатып та көрді. Не амал істесе де иненің жасуындай себі болмады. Айналдырған ауру жыл уағы келесі көктемге дейін бар жылқыны тып-типыл етіп тынды да, бұлар құрық ұстап қала берді. Екі жылдан соң ел ішіне сарысүзек тарап, Жанпейістің әке-шешесі бірдей сол аурудан дүние салды. Ата-анасының артын жөнелтуге қолда қалғанды сарқа жұмсаған Жанпейіс он екі жасында нағашысына арқа сүйеді. Соған ілесіп бір байға жалшы болып жалданды.
Жанпейіс әке дәулетінен осылай ажырағанмен, өз пешенесіне осымен екі рет мал біт­ті. Байға жалданғанның алтыншы жылы азат­тық таңы ат­ты. Өзі секілді байларға еңбегін сатқан жалшының барлығы еңсе көтерді. Жанпейіс байға кеткен еңбегінің бодауына, әжептәуір ірілі-уақты қараң-құраңға ие болды. Бұл кез Жанпейістің мұрты жаңадан тебіндеген балауса жігіт шағы еді. Одан осы Секермен бас құрады. Жас отаудың жаңаша тірлігі Жанпейіске бұрынғы тозып жоғалған әке дәулетінің үміт отын маздат­ты. «Ол кездер, шіркін, тепсе темір үзетін жастықтың қарымды шағы екен ғой» деп ұстара мойнының қазинек қаңылтырын жұмырлап жатқан Жанпейіс күбірлеп, мұңая күрсініп қойды.
Секердің үйге де, түзге де бірдей іскерлігіне өзінің малсақтығы қосылып, айналасы алты-жеті жылда-ақ Жанпейіс­тің шаруашылығы шалқи түсіп еді. Коллективтендіру науқаны келді де, Жанпейістің жатса да, тұрса да көксейтін «қайта қонға әке ырысын көлкіте беру арманы» жол ортада жоққа шықты. «Мал көзі ыстық» деген рас екен. Секер екеуі көмескіде көз жасын сығымдап жүріп талай жылдан бергі тірнектеп құраған бар малын айдап апарып коллективке қосты. Бірақ Жанпейістің кәсібі өзгермеді. Бұрын «өз малым» деп бақса, енді «ортаның малы» деп бақты. Бар болған парқы сол ғана. Ақтан болсын, қызылдан болсаң қысылып, қаңсымады.
Жанпейістің қолөнері аяқтасуға аз қалды. Бәкінің ұшымен ыңғуырлап ұстара сабының ұяшығын тереңдетіп жатыр. Осы ақылды есіне салған Секерге де дән риза. Ұзынды күн үй күйбеңімен болып бір толастамайды байғұс. Тоқтамай жүріп кейіндеп көрді мына Мәкен мен Майгүлді. Үйленгеннің үшінші жылы комунналасудың алдында, тұңғышының тұсында кінәратқа жолықты. «Тұңғыш ұлым тірі болса, осы кезде отыздың мол ішінде болар еді-ау!» деп өкіне еске алған отағасының ой шұңеті тереңдей берді. Қасында жатқан Секер кейде себепсіз селт етіп жымия түсер еді. «Не көрінді саған, көзіңе бір нәрсе елестеп тұр ма!?» деген Жанпейіс­ке Секер: «Ей, мына балаң текпілеп тыным таптырмай жатса қайтем?!» дер еді сықылықтай күліп. Соңынан Жанпейістің мүйізгектелген жалпақ алақанымен құрсағын сипатар еді. «Бүлк» еткен іштегі нәрестенің қимылы сонда Жанпейістің де қолына ілінер еді. Тебіні тентек еді-ау! Амал нешік?! Тағдыр ол баланы бұларға бұйыртпапты. 3-айдың қамбар тоғысында қалың қар жауып, арты аласұрған бұрқасынға айналып, Жанпейіс жылқының әлегімен болды. Белін буып, қолына таяғын алып, ұзын күн қой соңында болған Секердің ел орынға отыра қолды-аяққа тұрмай іші бұрап қат­ты ауырған. Суық өтіп сорлады ма? Түн ортасы ауа іштегі ай-күні толмаған нәресте өлі туылды. Содан барып осы кінәрат сап ете түскен. Жеті құрсақ көтеріп, бәрін жерге көміп, еңбегі еш болып, еңіреп жүргенде, комунна бастықтың қузауымен емханаға үш ай жатып, аман-есен қызы Майгүлді көрді. 5-айда туылды деп сонда шипагердің өзі қойған есімін, оның артынан Мәкен ерді. Көзінің ағы мен қарасындай бір ұл, бір қыз берген тағдырға Жанпейіс көп алғыс айтып, шүкіршілік қылып жүрді.
Жанпейіс ұстарасын сәтімен саптап алды. Ендігі қажет қайрауда. Ұстарасын өткірлеп қылпылдатып ұстамаса, Жәкеңнің қай жері Жәкең болмақ?! Жанпейіс талысын ақтарып, қайрағын таба алмады да, қосағы Секерді дауыстаймын деп аузына Майгүл түсіп кет­ті. «Барған сайын жаңғалақ болып барамын-ау, осы…» деп күбірлеген Жанпейіс төбедегі арқалыққа қыстырулы тұрған қайраққа көзі түсіп, етегіне жабысқан ағаш жаңқаларын қағып, орнынан тұрып қайрақты алды. Саймандарын талысқа салды да, босағаға келіп, қайраққа қолшәугімнен су құйып, ұстарасын байыппен қайрай бастады. Ритмді қайталанған қалыпты жұмыс Жәкеңнің жаңағы ойын қайта жалғауға кедергі болмады. «Майгүлімнің аузыма түсуі тегін емес-ау, сірә. Сағынып жүр ме екен, шырағым! «Іздемеген қыз ғарып» деуші еді. Ел жайлаудан түскелі ат ізін сала алмады. Жат есікке барғалы жылдан асса да әлі үйрене алмай жүр… Ата-бабадан қалған жол. Жат жұрт­тыққа жаралған соң көнбеске не шара?» деп Жанпейіс өз қыңырлығына қиялап болса да жол шауып, кеңіп қалды.
Майгүлдің орталау мектепті бітіретін жылы еді. Тайқазан шағылып, жекелерге мал таратылысымен Жанпейісті бір желік шеңбектеді. Әуелі жоғары-төмен шапқылап, тиесілі малды алып, ата-бабасының ежелгі тамғасын басты. Аз күннен соң салып ұрып ауыл орталығындағы жатақта жатып оқитын Майгүл мен Мәкенге барды. Мәкеннің биылша оқи тұруын жөн көрді де, «Шешең ауырып қалды, аз күн үйге барып қараспасаң есеңгіреп кет­тік» деп Майгүлді алып қайт­ты. Майгүл келсе шешесі алды-кет­ті аурудан аман. Әдет­тегі жел-құз кірбеңі ғана екен. Жанпейіс келе салып-ақ Секерге: «Қыз бала оқып қай ұшпаққа шығарады. Одан да малға қарасып, сауын сауып, кесте тігіп үйренсін, бұларды білмесе кейін өз бетіңе де шіркеу болады» деп шегелеген. Мұғалімнің арт-артынан салған қузауына Секердің көне науқасын көлденең ұстап, бой бермеген. Күзге қарсы өзімен бір класта оқитын Қожанның ұлы Бақберді оқуға кеткенде мазасызданған Майгүл қаншалық қыңқылдағанмен, оған құлақ қояр әке-шеше болмады. Өткен жылы жайлау үстінде іргелес отырған көрші ауданға Майгүлді ұзат­ты. Қалдыгердің үйірі қалыңмал жолымен сонда келген. Қалың қауым қажырлықпен адал еңбегіне сүйеніп ауқат­танса, біздің Жанпейіс қыңыр кетіп, ауқат­танудың «оңай жолына» міне, осылай түскен-ді.
Жанпейіс ұстараның қылауын кетіріп қылпылдата қайрады да, көңілденіп кет­ті. Енді Бақберді баласына барады. Ойдағы елдің амандығын сұрайды да, бұл елде нендей жаңалық бар екенін ұғады. Жөні келсе, терезеге әйнек қиып беруді құлаққағыс етеді. Мына туысы Қожанды тағдыр артық жаратқан. Оңқай асықтай икемді Бақбердідей баласы бар адамда арман бар ма, шіркін?! Баласы оқудан келгелі Қожанның қошқарларының кірісі тіпті де молайып барады. Бала болса да өзінің білмейтіні жоқ. Дүниенің бәрінен хабары бар. Жанпейістің бала кезінде үлкендерден естіген бір аңызы есіне оралды…
Сонау ертеде елдің ақылгөй данасы Асан қайғының қартайған шағы екен. Түс көріпті. Түсінде баяғыдай желмаямен жер әлемді шарлап, жерұйықты іздеп жүрген кезі екен дейді. Қабат­талған қатпарлы таудың сала-саласының біріне келгенде көкбұйра бетегелі бұлақ басындағы көлеңкеде ұйықтап жатқан көкбөрі-ананы көріпті. Қасиет­ті бөрі ананың өзі ұйқыда болғанмен, құрсағындағы әлі дүниеге келмеген бөлтіріктері қыңсылап дыбыс білдіріп жатса керек. Сонда сол заманның бір білікті қариясы Асан қайғының түсін былай жорыған екен:
«Қасиет­ті бөрі ананың ұйқыда көрінуі есіл елімді әлі талай заман надандық билеп, азып-тозар ма екен. Құрсағындағы әлі туылмаған бөлтіріктерінің қыңсылап көрінуіне қарағанда, кейінгі ұрпақтарымыз бізге қарағанда көзі ашық, мол білімді болып, азып-тозған есіл елдің босағасы берік, түбі орнықты болар ма екен» деп жорығанда күмістей аппақ салалы сақалын көз жасына жуған Асан ата көкірегін қарс айырып күрсініп, «Солай болғай!» деп күңірене тілек тілеген екен» дейді.
Ал мына Бақберді баланы көргенде Жанпейістің есіне осы аңыз түсе береді. Бақбердінің білімді, көзі ашық болғанына қуанады. Әйткенмен кейбір кездерде қызғанышы да қоза қалады. Өзінің Мәкенінің де солай болуын көксейді. Бірақ «Жазмыштан озмыш жоқ» деп қарайды да, ұлының қарайып аман жүруін тағдырдан тілейді.
Әсіресе Бақбердіге өткен жазда бір сүйінгені бар. Сонау астана Бейжіңнен төрт-бес оқымысты мамандар келе қалды. Ауылдың қасына шатырын тігіп, осы таудың тасын тексеріп, шөбін түгендеп, қат­тап-шот­тап қағазға түсіріп, жаздай жат­ты. Жанпейісті көргенде жылы ұшырап, құрмет етіп қол беріп, ишаратпен амандасқаны болмаса, көп елеп кетпейді. Ал анау ауылдың кешегі боқмұрын баласы Бақбердімен балдырласып, мәз болады да жатады. Жанпейіс олардың Бақбердіні ортаға алып, аузына қарап, бастарын шұлғып тұрғанын талай көрді. «Ұлық болсаң, кішік бол» дегендейін өздері де кішіпейіл жандар екен. Қашан кетер-кеткенше Бақбердіні қастарынан бір елі тастамай ертіп жүрді…
«Тфу! Тіл-көзім тасқа, сонша таңғалғаным несі, тірі болсын, ол да ауылдың бетке ұстар азаматы ғой» деп ойын доғарған Жанпейіс екі жанына кезек-кезек тфулеп түкіріп жатқанда, қарала мойнақ өзен жаққа өршелене шәуілдей жөнеліп еді. Жанпейіс үйден шығып, араларында Бақберді бар өзенде жүрген үш-төрт жаяуды көрді де: «Ақ көбік қарда жаяулап нағылып жүрген жандар?!» деп таңданып, солай қарай аяңдады.
Оларға таяй берген Жанпейіс:
– Уа, қарақтарым, мына көбік қарда жаяу малшаңдап, не іздеп жүрсіңдер? – деп сұрады.
Жүргіншілер қартқа аман-сәлем жасасқаннан кейін:
– Әлгінде осы араға келгенде арбадан түсіп едік. Сонда төс қалтамдағы алмас түсіп қалыпты. Соны іздеп жүрміз, – деді сыпайыгершілікпен Бақбердінің қасындағы қарасұр қаңылтақ жігіт Жанпейіске қос қолын ұсынып жатып.
– Япырмай, қарағым, ондай у дәріні оңай-оспақ жерге сала ма екен кісі, қай баласың өзің?
– Атай, бұл жігіт ауданнан келген ағаш шебері, бұл жердің адамы емес, – деп қартқа жауап қайтарған Бақберді, – жоғалтқанымыз у дәрі емес, әйнек кесетін алмас – асыл пышақ, – деп түсінік бере сөзін сабақтап еді.
Пышақ дегенмен пышаққа да ұқсамайды. Басы бармақтай темір, сабы кереқарыс келетін жұмыр ағаш, – деп ағаш шебері толықтай түсіндірді.
Ендігі жерде Жанпейіс қартқа одан ары түсіндірудің қажеті қалмады. Жанынан жаңа сапталған ұстарасын алып:
– Мынау емес пе? – деп сабын көрсет­ті де, ұстараны ашып, жүзін жеңіне жани бастады.

Қайдан тауып алдыңыз? Қалғаны қайда? – деген сұрауға:
– Жаңа Мәкен тауып алыпты. Мен оны қайдан білейін, қалған жарымы мен басы үйде жатыр, – деп оларды ертіп үйіне қарай өрледі.
Олар дабырласа үйге кіргенде Жанпейіс төр алдына қарап алып:
– Жаңағы мынаның жартысы қайда? – деді әйелінің қолындағы ұстарасының сабын нұсқап.
– Бала болғасың-ау деймін, сынық сүйем ағашқа сонша саңғырлап, – деп жазғыра сөйлеген Секер шешей, – үйге кірсем төрдің алдын қоқсытып, ақ жоңқаға толтырып тастапсың. Сендер бері бет­теген соң, ұят шығар деп үйді сыпырып, пешке салып жібергем, – деді қабағын түйіп.
–Бол, қысқыш қайда? Тез алып жібер! – деген Жанпейістің бұйрығына қосағы Секер:
– Қайтер едің оны?… Ендігі ағашы жанып темірі қалған шығар, – деп қолына қысқышын алып еді:
– Болды, әуреленбеңіз шешей, – деген Бақберді сөзін байыппен жалғады, – алмас дегеніміз – көміртегінің алотробы. Тегі көмір болғандықтан, отқа түссе күйіп кетеді. Енді ойға қайта түсетін болдың, – деп қасындағы жігітке қынжыла қарады да, далаға бет­теді.
– Қап, әт­теген-ай! Ұят болды-ау, қарақтарым, мына кемпірдің қылығын қарашы! – деп кәукелектеген Жанпейіс есік алдына ере шықты.
Беткейді қапталдай жүріп, ұзап бара жатқан жігіт­тердің қарасы тұмсық айналып көрінбей кеткенше, артынан қысыла қарап, ұзақ тұрды. Одан ары қиыс терістікте көк күмбезіндей төңкерілген Әулиешоқы күмістей жалтырайды. Шоқы етегіндегі сала-сала ақтасты жоталардың теріскей қалтарысында қарауыта мұнартқан көлеңке көзге түседі. Көк жүзінде қалықтап бірнеше құмай жүр. Жанпейіс құмайларды көргенде «Тәйір-ау, қалдыгердің үйірін өзің сақтай гөр!» деп күрсініп жіберді.

 

 

 

 

 

 

Қасымхан Әубәкірұлы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір