Сармат дәуірінің сорабы
2022 жылдың мамыр-маусым айларында Алматы, Нұр-Сұлтан және Атырау қалаларының ғалымдарынан құралған зерттеу тобы (жетекшісі – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің PhD докторанты Е.К.Оралбай, ғылыми қызметкерлер – «Астана» халықаралық университетінің доценті, PhD докторы Е.М.Қариев, М.Д.Хамитов, Н.Д.Қиынбай, Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми-зерттеуді қамтамасыз ету (археология) бөлімінің меңгерушісі А.Ж.Қалшабаев, т.ғ.к. М.С.Қасенов. ЕТілекқабылов) Атырау облысы Қызылқоға ауданының орталығы Миялы елдімекенінен солтүстік-шығысқа қарай алты шақырым, Ойыл өзенінен солтүстікке қарай 2,5 шақырым жерде орналасқан савромат-сармат заманының көне қорымында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп қайтты.
Нақты айтқанда, биылғы ғылыми жұмыстар Миялы қорымындағы қатар тізбектеліп тұрған №3, 4, 5 қорғандарда жүргізілді. (1)
Үшінші қорғанның орталық қабірі толық тоналған болып шығып, айтарлықтай олжа бұйырмады. Дегенмен осы қорғандағы қосымша жерлеу орындарын анықтауға мүмкіндік туды. №2 қабірден екі қыш ыдыс және жерленген жас баланың сүйегі табылған еді. Қыш ыдыстар сыртқы сипаттамасына қарағанда, қола дәуірінен ерте темір дәуіріне өтер өтпелі кезеңге жататын секілді. Сонымен қатар осы қорғанда, жоғарыда аталған жас баланың маңайында жалғыз сармат типіндегі қанжар қойылған кенотаф (латын. – бос қабір) айқындалды (2), яғни жорыққа немесе өзге де себеппен алысқа аттанған ер азамат қайтпай, орнына қанжары қойылған болуы мүмкін.
Төртінші қорғанда бірнеше жерлеу орны ашылып, ең мол және жан-жақты ғылыми материалдар олжаланды.
Бұл нысанның орталық қабірі де, өкінішке қарай, тоналған екен, біраз қола жебе ұштары мен тұтқасы сынған және өзі де біраз зақымдалған қола айнадан басқа айтарлықтай олжа табылмады (3).
Осы қорғандағы екінші қабірден екі тізесін бүгіп, сол жақ қырымен қойылған мүрденің беті жерге қаратылып, екі қолы бетін жапқан күйі жерленген. Мүрденің төменгі жағында әбден шіріп, нашар сақталған, ірі сопақша келген қазан тәріздес қыш ыдыс табылды (4). Мұнымен қатар, осы қабірге жақын жерден табылған жылқының астыңғы жақ сүйегінің астынан сармат дәуіріне тән құрбандық тасының сынығы олжаланды: әдетте аяқтары жануар бейнесінде үш аяқты домалақ табақ түрінде болып келетін сармат мәдениетінің бұйымының бізге жеткені – жылқының басы түрінде істелген бір аяғының сынығы.
Үшінші жерлеу орны сармат жауынгеріне тиесілі болып шықты. Көне заман сарбазымен бірге темір қанжары – жамбас сүйегінің жоғарғы жағына көлденеңінен қойылған, сонымен бірге 20-дан астам қола жебе ұштары, өрнектелген қабан тісі – бойтұмары және қайрақ тасы табылды (5).
Төртінші жерлеу орнында әйел адам қойылған. Мойнында алтын моншақтардан тұратын алқасы (6), екі қолында темір білезіктері бар екен. Аяғынан төменірек тұста тұтқасы бар алтын жалатылған қола айна, о дүниелік азығы – ұсақ малдың жілігі мен қабырғасы, қола ине, темір біз және кішігірім пышағы қойылған (6а).
Миялы қорымының бесінші қорғанының да орталық қабірі толық тоналған болып шықты. Бұл жерден тұтқасы бар қола айна, қыш ыдыс сынықтары және шашылған сүйектер ғана табылды (7).
Бұл қорғанның қосымша жерлеу орындарын айқындау жұмыстарынан нәтиже болған жоқ.
Биылғы жылғы археологиялық қазба жұмыстарын қорытындылай келе, Ойыл, Ырғыз өңірлері ерте көшпелілер тығыз қоныстанған аймақ болғанын көруге болады. Сонымен қатар қазылған үш қорғандағы әлеуметтік алшақтықты байқай аламыз. Көлемі жағынан үлкен №4 қорғанның астында төрт қабірдің болуы бұл қорғанның ортасында жерленген адамның өте беделді болғанын білдірсе керек. Өкінішке қарай, ортадағы қабір әбден тоналған. Дегенмен бес қаруын асынған қорғаушысының, ине мен бізі қойылған шеберінің бірге жерленуі, сонымен қатар бетін басып бүк түсіп жатқан қызметшісінің де қатар қойылуы бұл қоғамдағы үлкен әлеуметтік алшақтықты көрсетіп тұр. Ал №3 қорғанда орталық қабір тоналған, ал қосымша кенетафтың табылуы да өте қызық мәлімет болмақ. Келесі №5 қорғанда орталық қабір тоналған, қосымша қабірлер табылмады. Табылған олжалар бұл мәдениетті қалдырған жұрттың Оңтүстік Орал маңы мен Ақтөбе, Ырғыз өңірлеріндегі көшпелілермен жақын туыстығын көрсетті. Үстірт пен Маңғыстау көшпелілерінен ерекшеліктері байқалады.
Жалпы табылған археологиялық олжаларға алдын ала сараптама жасай отырып, оларды сарматтар дәуірінің көне кезеңі, яғни б.з.б. V ғасырлармен мерзімдейміз. Зертханалық қорытындылар дайын болғаннан кейін нақты уақыты мен ғылыми тұжырымдарды айқындаймыз.
Ерден ОРАЛБАЙ,
(Атырау облыстық тарихи өлкетану музейінің тапсырысымен)