Назым Хикмет: сатқын ба, патриот па?
Газет оқырмандарын кейбір таныс-бейтаныс қайраткерлер өмірінің белгісіз жақтарын ашатын жазбалармен таныстыру өте пайдалы болар деп ойладым. Біз ақ пен қараны, жақсы мен жаманды, дұрыс пен бұрысты астын-үстін көрсетіп келген орыс отаршылдығының шын сырын танып-білуімізге мұндай мақалалар себін тигізері сөзсіз.
Бұл мақала 1984 жылы Түркияның «Yaylacik matbasi» басып шығарған «Bazan Hazin, Bazan Rezil, Bu vatani terkedenier» (Кейде қасіретті, кейде масқаралы, бұл отанды тәрік еткендер) атты кітаптан алынып отыр.
Кітаптың алғы сөзінен мына бір үзіндіні келтіргім келеді:
«Бұл отан – бір аянышты отан: ұзақ уақыттар бойы жауларының табанында тапталып, бейшара күй кешті, шым-шытырық дау-жанжалдарға килікті, арандатып, аңдуға түсті, бөлшектеніп быт-шыты шықты. Сорлап қалды, жылатып зар еңіретілді де. …Ендігі зар тілек Алла бұл отаншылдарға қайғы-қасірет көрсетпесе екен, тарихтың ащы сабағы естен шықпаса екен, ендігәрі таланбаса екен дегенге саяды».
Отандастарыма менің де тілерім осы болмақ.
Аудармашыдан
Behби Ваккасоғлу
Атышулы отан сатқыны
Атышулы отан сатқыны 1902 жылы Солоникта туды. 1963 жылы Мәскеуде өлгенге дейін өмірін арамдықпен, арандатумен өткізіпті. Ол – дәулетті отбасында дүниеге келді. Пашазада еді.
Азаттық соғысы жылдарында Анадолыға барады, Боло жерінде мұғалімдік қызметте болады. 1921 жылы Ресейге өтіп кетеді. Мәскеуге барып, Сталин университетінде социология және экономика мамандығы бойынша оқиды. Үш жыл қатарынан оқып, әбден қызылдасқан агент болып тәрбиеленіп шығады да, 1928 жылы Түркияға қайта жіберіледі.
Сөйтіп, Түркиядағы саясат және әдебиет мәселелері бойынша әдеби коммунизмнің зиянды идеяларын жіпсілеп насихаттайтын мақалалар жазып, әр түрлі газеттер мен журналдарға жариялайды. 1932 жылы ауыл адамдары мен жұмысшылардың оңайлықпен коммунист бола қоймайтынына көзі жетіп, енді оқығандарға үн қатуға оңтайланып, қызметкерлер басылымының айналасына жақындайды. Заң құрығына шалдырмау үшін әрі мемлекеттің қолдауына ие болу мақсатымен Й.Йнонидің қолтығына тығылады.
Ол түрік төңкерістік әрекетін Ресейдегі қызылдардың жолымен жасау қажет екенін, қай жағынан болса да Ресейді үлгі тұту керектігін алға тартып отырды.
Назым Хикмет белсене атсалысқан «Kadro hareketi» (Қызметкерлер қозғалысы) 1934 жылы жауып тасталды. Коммунистер жаңа және өзгеше айла-тәсілге көшіп, ықпалын кеңейтуге күш салып жатты.
Коммунистер қай жағынан алып қарағанда да өздеріне тиімді болып тұрған қабілетті Назым Хикметті кеңінен насихаттап, жұртқа таныту арқылы оны барынша тиімді пайдалануға тырысты.
Шынымен-ақ қысқа ғана уақыт ішінде Назым Хикмет «Ұлы ақын», «Шебер суреткер», «Данышпан адам» болып шыға келді. Ол тұстағы коммунистер астыртын жымысқылық жасап, халықтың белгілі бір топтарының тым аңқау-ғафылдығы мен баспасөздің бейғам сеңгіштігін пайдаланып, көздеген мақсаттарына тез жетуге барын салды. Назымды дәріптеп, атағын әйгілеу ісінде өзімен бірге Мәскеуде оқып келген коммунист серіктерінің үлесі де аз болған жоқ.
Назым Хикметтің сол тұстарда Түркияда қандай жымысқы әрекеттер жасағанын Бакуда шығатын бір газет былайша жазған болатын:
«Назым жолдас төңкерістің бесігі болған Мәскеуде оқыды, осы бесікте оның құлағына революцияның қан қоздырғыш бесік жыры айтылды… Ол пролетариат революциясының перзенті еді. Қызыл Мәскеу оның қанындағы улы микробтарды жойып, қанын тазалап, қызылдастырып шығарды».
Шынтуайтқа келгенде Назым үлкен ақын емес еді. Бірақ әдейі үлкейтілген, қызылдардың оңтайына қарай тырсита үрленген доп іспетті болатын. Өкінішке қарай, осы күнге дейін де өнер мен әдебиеттен хабарсыз, балаң ойлы, еліктегіш, көрсеқызар біреулер үшін ол үлкен ақын, жазушы ретінде қатардан қалмай келе жатыр.
Назымның өлеңдеріне қайталап бір көз жіберіп көрсеңіз болды, оның кім екенін ұғына қою қиын болмас.
Мінеки, мынау өлең жолдары сол Назым ақындыкі:
«24 сағатта, 24 сағат Ленин,
24 сағат Маркс,
24 сағат Энгельс,
Жүз дирхам қара нан,
20 тонна кітап,
жаттығу алаңы,
театр, балет.
Маған қарашы,
Ей,
Меңіреу!
Тррут, трррут, трррут.
Трак, тик, так!
Машиналаспақ.
Жырларым ішілмейді.
Бейне ағылшын тұзы құсап…»
Ол «Комсомол» атты өлеңінде былай көсіледі:
Қызыл байрақ тігілді,
Жер шарының осіне,
Осьтің полюстерінен
Шыққан ұшар басына.
Ұзын да сом балғаларды белге
байланып,
Өткір орақтарды күнге шағылыстыра
Найзағайдай жарқылдата, ойнатып,
Тоспада тосып тұр,
Пролетарлар армиясы!..
Комсомол,
Шық айқасқа!…
«Шығыстық және Советтік Социалистік республика» атты өлеңінде, Мәскеуге деген тамсануын былай береді:
Келдім сенің есігіңе,
Төңкерістің бесігіне,
Көздеріме нұр тілеймін
Ақыл-ес те тілеймін.
Мен сені көруді армандадым,
Туған жерімді зарыға аңсағандай.
Тездет, тездет, бол, тағатсызбын,
Көзіме нұр бер, көзіме!
Ақыл-ой дарыт басыма!
Арттағылар мені асыға күтуде
Тездетіп қайтуым керек асыға
Қызыл көйлегіммен көрінуім
керек досыма!»
Сол дәуірде қала театрларының жетекшісі болған назымшыл Мұхсұн Ертұғрұлдар оның пьесаларын сахнада айлар бойы қойып, оған қаржылай көмектесті, әрі оны насихаттап, марапаттады.
Назым түрмеге қамалғанда оған аудармалар беріп, оның мемлекет қазанынан нәпақа алуына жағдай жасап тұрды.
Ол – 1938 жылы әскери оқу орнына коммунистік насихат жүргізген кезінде ұсталып, түрмеге қамалған болатын. «Назым Хикметтің мемлекет ішінде коммунистік идеяны тарату әрекеті бойынша әлденеше рет айыпталып сотталған адам екенін әрі осы жолы армияның ішінен іріткі салмақ болғанын… осы мақсатпен әскерлер арасына кеңінен, тереңдеп кіріп, армияны бөлшектеп, төңкеріс жасауға итермелеу арқылы мемлекет пен елдің қорғанысына елеулі қатер төндіріп, зиянға ұшырататынын» ескере отырып, әскери мектептің сотында сотталып, басқа да серіктерімен бірге 15 жыл бойы түрмеде отыруға үкім шығарылады.
Шәукет Сүрреййа мен Хасан Әли Едіз де солардың ішінде кеткен болатын.
Назым шындығында 1938 жылғы атышулы «Donnanma olayi»-на (Теңіз флоты оқиғасы) байланысты сотталған еді. Бұл кезде коммунистер Түркияның әскери теңіз флотына қол салып, астыртын әрекетке кіріскені белгілі. Сөйтіп, оның екі бірдей қылмыстық жазасы біріктіріліп, 28 жыл, төрт айға абақты жазасына кесіледі. Сондай-ақ мәңгі-бақи қоғамдық қызметке араласу құқынан айырылады.
Алайда Назым абақтыда жайма- шуақ күндерін өткізіп жатты, тіпті Бурса түрмесінде жатқанда саудамен айналысудың да орайын келтіреді. Қаласа сыртқа да шығып келе алатын, жұбайы Мүнәвар кез келген уақытта оған кіріп-шыға алатын еді. Сол кездегі жағдайлардан дерек берер «Мемет» атты ұлы да бар еді. Атқа назар аударыңыздар: Мехмет емес, Мемет. Зер сала ойлансаңыз, ол «Мемет» арқылы мехметшілерден (Мұхаммед с.ғ.с және пайғамбар әскері, яғни «түрік әскері» дегенді білдіреді – ауд.), әрі осынау киелі есім нәсіп болған аса мәртебелі аттың иесінен (Мұхаммед с.ғ.с.) өш алғысы келгенін байқаймыз.
1949 жылғы сайлаудан ұпай жинау мақсатымен CHP (Республикалық халық партиясы) көтерген, бірақ DP (Демократиялық партия) жүзеге асырған жаппай ағытпаның (амнистия) шарапаты Назым Хикметке де тиді. Саяси ағытпа ішіне коммунист Назымды да енгізу жолында жүргізілген науқан қысқа ғана уақытта шектен шыға дәріптеліп, шулы дауға айналды. Әсіресе «Отан газетінде» (Vatan Gazetasi) Ахмет Емин Ялман тоқтаусыз жариялаған мақалалары арқылы Назымды ақтап, оның нақақтан қамалып жатқанын дәлелдемек болды.
«Назым Хикмет – ұлтымыздың қадірменді ұлдарының бірі… Назым Хикмет – дәті берік идеалист. Зымияндық әрекеттерге қыңбаған аса қайсар рухты адам… Біздің сондай өр мінезді, айрықша жаратылысты бір адамды, осы әулет тәрбиелеп-өсірген ең талантты ақынымызды қараңғы түнекте ұстап, құрбандыққа шалуға шығарып тастаған қателігімізді ойлағанда жаным түршігіп кетті… күндердің бір күнінде бұл жағдай бүкіл бір дәуірдің қара дағы болып әйгіленері сөзсіз», – деп жазды ол.
Алайда бүгінгі күннің шындығы – Ахмет Емин Ялманның оспадар аңғалдығының салдары тарихтың қара дағы ретінде қайта бағаланып отыр.
Кезінде Ахмет Еминнің сол бір жалғандыққа толы әсіре байбаламы ескерусіз, қолдаусыз қала қоймады. Аз ғана уақыт өтер-өтпестен-ақ «Жүмһүриет», «Сон поста» және «Тақ» газеттері сол әуенмен әндете бастады. Әсіресе бұл науқанға он беске жақын коммунистік газет-журналдар белсене үн қосты. Әзиз Несиннен Орхон Уәлиге, Рифаттан Әбидин Диноға дейінгі күллі жандайшаптар «Назым, Назым» деп шу көтерді.
Бір өкініштісі, сол бір баспасөз дүбіріне елтіп, елеңдеген бір бөлім аңғал зиялылардың да қолдап-қостауымен топтасқан 165 адам қол қойып, елдің президентіне, бас өкіліне, төрағасына жолдаған хат мәтіні мынау болды:
«Біз төменде қол қойған түрік зиялылары, сізден және жоғары мәжілістің ізгі мейірімділігінен ақын Назым Хикметті мерзімінен бұрын бостандыққа шығарылуын үміт етеміз. Біз осы ісіміз арқылы күллі түрік зиялыларының арман-тілектерін жеткізіп отырғанымызға кәміл сенеміз».
Осындай науқан тұсында үш солшыл ақын Мелих Ж.Андай, О.Рыфат Хорозжу және Орхон Уәли Канык Назымға берілер кешірім кешігіп қалар дегенді сылтауратып, аштық жариялауға кірісті, Назым ауру екен, аш екен деген сияқты қауесеттерді гулетті.
Қалай болғанда да, Назымды бостандыққа шығару жолында жасалған алуан түрлі айла-шарғы мен қулық-сұмдық аяқсыз қалмады. Ақыры ұлттық мәжіліс коммунистер мәселесін де өз ішіне алған басты саяси ағытпа заңын шығарды.
Сонымен түрмеден шыққан Назым өзінің байырғы отанына оралудың, Түркиядан қашып кетудің амал-айласын қарастыра бастады. Өйткені ол өзін ешқашан Түркияға да, түрікшілдікке де қатысты адам деп көрген емес, атасының польшалық екенін ылғи да айтып жүрді.
Ақыры 1951 жылдың маусым айында бұғаздан өтіп бара жатқан бір Румыния кемесіне мініп, қашып шықты. Бухарест радиосы Назымның Румынияға келіп жеткенін, румын өкіметінің салтанатпен қарсы алғанын жариялағанда ғана Назымды жанын сала қорғаштаған сенгіш аңқаулар абдырап, есі шықты. Радио хабары: «Назым Хикмет, мінеки, ортамызда. Өткен жылы Бурса түрмесінен қашып шыға алғаны сияқты, бүгінге дейін Америка империализмінің билеуіндегі алып түрмеге айналған Түркиядан да қашып шыға алды… Назым Хикметтің дауысы бүкіл дүниежүзі жұмысшылары ең ақырғы жеңіске жеткенге дейін тоқтаусыз естіліп тұратын болады».
«Сталин – мен үшін бәрінен қастерлі»
Назым Хикмет бір румын газетіне мынадай мәлімдеме жасайды: «Румын жерінде еркін тыныс алу орайына ие болғаныма өте бақыттымын».
Румынияда он күн тұрғаннан кейін Назым арнаулы бір ұшақпен Мәскеуге барады. Мәскеуге әуежайында салтанатпен қарсы алынған Назым өзінің сатқындығы мен оңбағандығын паш ететін мынадай жағымпаз мәлімдеме жасады.
«Мен сондай бақыттымын! Мен бүкіл ғұмырыммен, идеалыммен, сүйіспеншілігіммен тұтастай осынау ұлы қалаға борыштармын! Мен Советтер одағының перзентімін! 24 жылдан кейін осы бір ұлы қалаға келуім өзімнің байырғы, ұлы отаныма қайтып оралғаным болып есептеледі. Сталин – мен үшін бәрінен де қастерлі. Көзімнің жарық сәулесі, ақыл-ойымның қайнар көзі іспетті. Ол мені жаратты. Мәскеуде оның ұлы есімімен аталатын университетте оқыдым. Оған шексіз борыштармын. Ол – тек әлемнің ең ұлы адамы ғана емес, менің жеке басыма нұр құйған ең ұлы қайнар бұлақ».
Назымның өз сөзінен де көрініп тұрғандай, ол әлдеқашан Совет азаматы болып қойған еді. Сол үшін де ол әлдеқашан-ақ Түрік азаматтығынан шығарылған болатын.
Назымның отанға дұшпандық әрекеті алғашында Бұлғарстаннан басталады. Түркияға барғысы келетін түріктерді райынан қайтармақ болып әуреленді. Бірақ пәлендей нәтиже шығара алмады. Одан кейініректе түркістандық түріктер арасында кері үгіт жүргізді. Түркияға қарсы өсек-аяң таратып, арам тер болды.
Назым ақыры Борзеки (Borzecki) деген еврей әулетінің есімін иемденіп, Польшада біржолата тұрып қалды. 1963 жылдың 2 маусымында дүние салды. Сүйегі Мәскеудегі атақты коммунистер жерленетін бір қабірстанға қойылды.
Сіңірген еңбегін елеп-ескерген орыстар оның атымен ақша шығарды, бір кемеге атын да берді.
Түрік тілінен аударған
Әлімғазы ДӘУЛЕТХАН