АЛАПАТ АРПАЛЫС!..
22.07.2022
2998
0

Жазушы Әшірбек Көпіш соңғы жылдары «Мәңгілік майдан» ат­ты екі томдық («Ұланғайыр» және «Көк аспанның әміршісі») тарихи-психологиялық роман-эпопея жазып, баспадан шығарды. Қазір автор осы романның «Атажұрт­тан аулақта» ат­ты 3 томын дайындап отыр. Бұл – жазушының қаламынан қайнап шыққан Тәуелсіздік романы. Оның бұл шығармалары, негізінен, төрт ғасыр бойы (XVII, XVIII, XIX, XX ғ.ғ.) қазақ халқының елі мен жерін аяусыз таптап, талапайға салған орыс басқыншылығында болған тағдырымыздың тарихи кезеңдерін қамтиды. Ен далада бейбіт, бейтарап өмір сүріп жатқан Қазақ елі, әуелі Ресей империялық күштерінің қанқұйлы шапқыншылығы мен опасыз отаршылдығын бастан кешіріп үлгермей жатып, іле-шала тарих сахнасына нағыз қантөгіспен, тікелей қиянат-зорлықпен көтерілген әкімшіл-әміршіл кеңестік Қызыл империя жүйесінің ұлт­тық ой-санамыз бен рухани даралығы­мызды күшпен қирата тойтаруын, сол зорлықпен орнатылған «жаңа қоғам» әкеліп мәжбүрлеген екіжүзділік пен сатқындықтың бұрындары құлақ естіп, көз көрмеген небір қанды оқиғаларынан ел-жұртымыздың өзегі өртеніп өт­ті. Бірақ осының барлығы халқымыздың асқақ рухын сындыра алмады.
Қазақтарды мүлдем жойып жіберуге арналған жойқын соққылардың біреуі – 1928 –1934 жылдары халқымыздың басына сыртқы күштер төндірген ашаршылық апаты.
«Мәңгілік майдан» эпикалық романның бұл тарауында небір қиямет­тен өткен, алдынғы толқын ағалардың «Қазақ қасқырға да жем болған » деген от­ты сөзі мен осынау жанталас арпалысты басынан кешкен халқымыздың перзент­терінің жеке тағдырына да арналған сол кезеңдегі бүкіл қоғамды жайлаған ақиқат көркемдікпен қамтылған.

Осы тағдырды өз басынан кешкен – Қазақ халқының абыз перзенті – аса зерделі зерт­теуші ғалым, көрнекті түркітанушы, әйгілі абайтанушы, бауыржантану ғылымының негізін қалаған Мекемтас МЫРЗАХМЕТҰЛЫНА

Аштық қысқан Ақлима.
Тағылар тарпа бассал­ғанда… Жер мен Көкті жаң­­ғы­рық­тыр­ған үн. Серханның тала­пайға тап келуі. Бөрілердің тағылықтан тайқуы.
Айналадағы алысы мен жақыны қайсы, айырғысыз аппақ қар тұмшалап алған даланың шеті қайсы, шегі қайсы екені беймәлім қалың ақ тұманның тоғай шетінде тұрған топ ағаштың тұсына таман жете бергенде ар жақтан ұсақ бірдеңе қараң ете қалды. Кеше ғана тізеге жете қабыл боп түскен ақ ұлпаны асыға таптай басып келе жатқан Ақлима онсыз да уілдеп аяз қарып, қоқиып өлі ағаштай болып қатып қалған аяқтарын барынша жеделдете басып, ілгерілей түскен.
Міне, буалдыр жұқа аяз бұған қысқы жолда сұлбасы көзге сәл-пәл ғана білінер-білінбес көрініп-өшіп қалатын кішігірім қырат­тың үстінде біріне-бірі ілмелесіп екі жертамның нұсқасы байқалады. Соған жетсе болды. Сол екі үйде тірі адам қалса болды. Бір жетіп алып, сонда паналап шықса болғаны-дағы. Ес жинап алған соң ар жағындағы орталыққа баратын жолды да табар, әйтеуір.
Тозығы жеткен жұлым-жұлым ескі шекпенінің ішінен ұзындау боз орамалымен өлген қойдың қатып қалған терісімен басын қалқалай салып, қалған бір уыс қана денесін бөз орамалмен кеудесіне айқара таңып алған алты айлық қызының өлі не тірі екенін біле алмастан, сол қолымен бес жасқа келген ұлының тастай қатып қалған білегінен ұстап, оң қолындағы адалбақаннан қалған ұзын таяғын сүйрете әлі шырыштана қоймаған күпсе қарды кешіп асығып келеді. Сәбилерді қайдам, үш күннен бері күздігүні таудан қазып алып, құрғатып жинап қойған ақуыз томардың кішкентай бір кесегін талғажау етіп мүжігені болмаса, таңдайға татитын нәр түспеген асқазаны удай ашуда. Әл жоқ. Мұздай боп қатқан дене, мұз боп өзімен бірге сүйретіліп келе жатқан балалар. Кеудесіне таңылған қызының бетін жауып қала беретін мойындорбасының ішіндегі бірді-екілі қатып қалған ақуыздың кесегі салынған мойындорба. Бұлардан гөрі Ақлиманың оң қолының шынтағына кендір жіппен мықты қып байлап алған адалбақанның бір бұты – ұзын таяғы жандылау секілді: ол біресе сүйретіліп арт­та қалып, әл жинап ала қойған кезде, біресе алда келе жатқан қарлы жолдың оппасын іздеп, бұлардың алдындағы күпсе қарды сызып, кейде шұқыршақ-
қа тіреліп қалып, кейде алдағы жолды белгілеп, жорта сызып, озып келеді. Өлі-тірісі белгісіз үш пенде және бір қара таяқ болып, төртеуі ілбуде.
Ақ тұманға тұмшаланған тоғайдың шетіндегі сиректеу быртық бұтаның тұсынан тағы да ұсақ бірдеңе қараң-қараң ете қалды. Тау жақтан есіп өткен қысырақ желдің екпіні ме екен деп ойлады Ақлима. Бірақ қар астында ұйысқан ағаш бұтақтарының басы тым-тырыс. Даланы көміп кеше ғана түскен жұмсақ қар астынан жерді тапқалы бері бірте-бірте аз-аздап қатайып, қасат­танып, көктен төгіліп, төніп келе жатқан қысқы ызғарықтың дегеніне көніп, аяз буа бастаған бір сұсты ызғырық бар. Сол ызғырық ептеп бет қарып келеді.
Тоғайдың шеті мен бұталардың арасынан тағы бірдеңе қараң-қараң ете қалды. Ақлима өзіне-өзі сенбей әлгі жаққа қайта бір қарады да, қоқиып-қоқиып қатып қалған сау-тамтығы жоқ пимасын сүйретіп ілгерілей берді. Өздері секілді «аштан қатып өлгелі жатқан біреулер шығар» деп ойлады ішінен. Дала, сай-сала өлі адамдарға тола ғой қазір. Сүйретіліп келе жатып, өліп қатып қалған адамдардың денесін көрінген жерде ит-құс жеп, сүйектері арбиып-арбиып анадайдан көзге түседі. Тіпті оған ешкімде таңғалмайды. Әсіресе күзден бергі осы маңайда сай-саланың ана жерінде бір, мына жерінде бір шашылып жатқан адамдардың ақсүйектері енді қыс түскелі бері қармен бірге көміліп, жым-жылас боп кет­ті. Әйтпесе, бұл айналада тірі жүрген адамдардың қарасынан гөрі, шашылып жатқан сүйектер көп болатын. Ақлима да өздерінің сондай сүйекке айналатын кезін күтуде. Бірақ ол қашан, қай кезде екенін білмеді. Таудағы тасқораның ығында құрым киізді паналап отырып өлгенше, осыдан тоғыз ай бұрын ауданға колхоз-бастықтың тапсырмасымен бара жатып, аштан қатып өлген күйеуі секілді әйтеуір көпшілік жиналған Керу ауылына жетіп өлмекке бел байлаған. Міне, бұл жолға осы мақсатпен шыққан.
Әл-дәрмені құрыған Ақлимаға енді бәрібір еді. Көзі қарауытып, басы айналып, таң атқалы таудағы тасқораның қуысынан шыққалы бері мынау иек астындағы қос жаппа тамға жете алмай, қыбырлап әлі жүріп келеді. Кеш бат­ты, қарлы даланы түн басып келеді. Көз алдында қарайып көрінген жер тамға жете ме, жете алмай ма?! Не болса да сол жерге жетіп өлсе екен. Сол тамда әйтеуір кісі болып, мына жетімектерді соларға көрсетіп, өзі өліп кетсе арманы жоқ. Әйтеуір, осылар тірі қалса, болды-дағы…
Сол жақтағы бұтаның түбінен бірдеңе қылт ете қалды да қайтадан жоқ болды. Бұл не сонда?!
Ақлима онсыз да әзер ілбіп келе жатқан қадамын сәл іркіп, алдына көз салып қарап еді, ештеңе көрінбеді. Сүйретіліп тағы ілгері басты. Ештеңе жоқ, айнала жым-жылас. Еңкелеңдеп, тағы алға ұмтылды. Айналада тырс еткен дыбыс білінбейді. Кеше ғана түскен күпсек қар шағырмақ аязға әлі толық тоймаған соң, бұлардың басқан қадамдарына, тіпті сықырламайды да. Сүйретілген аяқтарымен бірге сыбыр-сыбыр етіп бір нәрсе жай ғана ілесіп келе жатқандай. Ақлима әлін тағы бір жинап алды да жақындап қалған, тіршілік белгісі жоқ дөң үстіндегі жалғыз жаппа тамды маңдайға алып, белгілеп қойды. Кеудесіне таңылған сәбидің тіршілік белгісін білдіріп, сәл ыңырсығанын байқады да, ұлын жетелеп тағы ілгері басты. Қысқы ызғырық қаңсыған қу денені іштен де, сырт­тан да қарып, қақтап барады. Мойындорбада қатып жатқан ақуыздың кішкене бір түбіртегін алып, кеберсіген ауызына талғажу қып сала бергені сол еді, бұтаның ар жағынан білеудей бірдеме қараң ете түсті. Ақлиманың жүрегі су ете қалды. Қасқыр!..
Жан дүниесін оқыстан найзағайдай түйреп өткен үрей дүлей күшпен күллі санасын бір-ақ жаншыды да, еті мен сүйегі аяздан тас боп құрсауланып қалған денесінің дәл төбесіне барып шаншылып тұра қалды. Қасқыр?!… Қасқырға жем болады екен ғой!..
Қалайша?! Енді бұлар осы қандыауыз тағының талауына түсіп, тамағына айналғаны ма? Бөрінің ақсиған уыт­ты азуы бұларды бір жұлқығанынан қалдыра ма?! Мұз боп қаңсыған ет пен сүйектің ұштығында ғана безек қағып қу жан ілініп тұрды. Бұл жанға айлар, күндер бойы әбден ашығып, қу қаңқаға айналған осы дененің енді қажеті де жоқ сияқты. Болды. Біт­ті…
Ақлима қурап қалған қу ағаштай состиып, серейіп тұрып қалды. Біт­ті енді. Таң алакеумінен түн түскенге дейін­гі балаларын сүйрелеп осылай қарай бет алып, қыбырлап-дыбырлағаны осымен біткені екен ғой. Уа, Аллаһ!.. Біздің біткен жеріміз осы… Тындық осымен…
Бөрі ойраң-ойраң ет­ті де, быртық бұталардың ар жағына кіріп жоқ болды. Сонда ғана Ақлиманың тас боп қатып қалған денесімен иненің ұштығына ілініп тұрған жаны сәл ғана жібіді. Жібіді де, бір әлжуаз нұрлы сәуленің себезгіленіп түтеді. Мүлде әлсіз белгі. Әлгі себезгі-ұштық көрінер-көрінбес, сезілер-сезінбес лып ете түсті де, қайтадан сәл өлеусіреп барып, жылт еткен тит­тей ғана жарқыл беріп, қайта күңгірт­теніп кет­ті. Күңгірт бояу аз ғана молайып, тұмсаланып барып, ұлғая берді де, әбден семе бастаған өлі дененің өлі-тірі екені белгісіз бір зары оның тұп-тұқиянынан жеп-жеңіл ғана болып, шымырлай көтеріліп, дәл төбесінде қалтырап, өлгелі тұрған қу жанды келіп осып өт­ті. Семіп бара жатқан дене селк ете қалды! Бүткіл денені селк еткізген бір түйір жарқыл мүлде қаусап болып қалған ет пен сүйектің өне бойын қуа­лай зымғап барып, бірден серпін берді. Осы от­ты серпін түбіртектің түбіне жетіп, қайтадан зырқ көтерілгенде, өне бойы шымырлап, аз ғана қуат келді.
Осы кезде ғана Ақлима есін жиды. Есеңгіреп тұрғанын сонда ғана білді. Қауқиып бұл неғып қамсыз тұр?! Бұл не тіршілік?! Тірі ме, өлі ме өзі?! Тірі болса, неге қам жасамайды?
Есінен адасып тұрған Ақлиманың санасына сонда ғана сап етіп мақсаты түсті. Дәл мына дөң басындағы жаппа тамға жетуі керек емес пе еді?! Барынша тез қарманып, әуелі біреуі кеудесіне таңылған, біреуі қолына жетелеген балаларын шамдағайлана сипалай түгендеп, қарға шоңқия құлаған тізесін құрсауын жазып көтеріле берді. Артында қалған сом таяқты тез еңкейіп қолына алды. Қалтыраған тізелерін әзер жазып, ілгері басты. Қадам басқан сайын айнала қаптаған қорқыныш тұманының арасынан түнгі жұлдыздай бірді-екілі үміт шырағданы жылт-жылт ете түседі де, лезде үрей мен күдіктің тылсым тасқыны басып, лып-лып өшеді. Тосын бір суыл сананың сан түкпіріне жайы­лып, қайтадан келіп шоғырланғанда, іштен тастүйін болып бекіп алып, іштегі сай-саланың түкпір-түкпірін қуалап келіп жан алқымнан ұрғанда, өлім халіндегі өлексе дене ілгері атқып кет­ті.
Ақлима өзіне ғайыптан келіп бір күш біткенін сезді. Әбден қаусап тоңған бүкіл денесі торсаңдап, ілгері ұмтылған аяқтарына ілесіп, жортып кеп берді. Енді жол қайсы, қар қайсы, аспан мен жер қайсы бұған бәрібір. Тек жертамға тездетіп жетіп, паналаса болғаны да. Сол жер тамда анасы Зияда мен бауыры Серхан өлмей аман тұрса, одан басқа не керек?! Осыдан біраз бұрын Серханның аштықтан өлім халінде жатқанын, ал анасының аз ғана әлі бар екенін жол үстіндегі біреуден естіп еді. Енді олар тірі ме екен өздері?!
Кенет Ақлима өзін жас кезіндегідей анасы жып-жылы жұмсақ кеудесіне мейірлене басып, үндемей ғана шашынан сипап тұрғандай болды. Осы ыстық сезім қарып өт­ті де, ол бұрынғыдан да аяғын жылдам басып, ілгері ұмтылды. Осылай жанталасса болды, тез жететіндей көрінді.
Ағаштың мұздай боп қатқан кішігірім бұтағындай, сол қолына ілігіп сүйретіліп бірге келе жатқан өлім халіндегі ұлы ыңырси жылады. Оның ыңырсығанына қарамағалы қашан: тура сәскеден бері көз жасы кеудедегі өксігіне қаншалықты тұншығып көмілсе де, анда-санда ащы дауысы шың ете түсіп, қайта талықсып кетсе де, үні шықпастан тынысы ауырлап, кеудесі сырылдап, құр сүлдерімен шешесінің уысынан шыға алмай сүйретіліп келе жатса да мейлі, өлетін болса, өледі. Үшеуі де өліп кетуі мүмкін. Кім өлмей жатыр бұл жақта. Сайда да, далада да қаңырап жатқан өлекселер. Сол көп өлексенің біреуі – осы үшеу шығар. Таңсәріде сонау көз ұшында тұрған дөңнің қапталында тас кенедей жабысып қалған қос кепенің біреуі – бауыры Серхандікі болғандықтан, не соған жетіп жығылуға, не жолда көз жұмуға бел байлаған. Міне, сол тәуекелдің ақыры: иек қағар жерге екі баласымен келіп тұрып, діңкесі құрып біт­ті.
Дүрдиіп қар басып тұрған бұталардың ар жағынан қасқырдың үні қысқа ғана ұлыды да қоя қойды. Жинақы, орташа ғана үн дәл құлақ түбінен шықты.
Ақлиманың салбурын денесін төбеден жайдың оғы шарпығандай: қайтадан үрей ұшқыны қаптай жосылды. Ол әлгі қорқаудың әлі ешқайда ұзамай, дәл қасында торып жүргенін сонда білді.
Тапырлап жан дәрменімен жоғары ұмтылды. Тағы да кенет­тен жүрегі алқынып, не тез ширығып жүргенін, не үсті-басын зілмауыр күш басып алып бір орнында тұрғанын байқай алмады. Әйтеуір талпынып, тапырақтай берді.
Топ бұтадан сәл оза бергенде әлгі жымысқы ұлу қайта естілді. Бұл жолы Ақлима есін сәл жиып, өзінің қардың қағы басып жатқан күзгі сүрлеумен емес, екі араны бөліп тұрған кішкентай жыра арқылы жер кепелерге тіке бетке алғанын байқап қалды. Сөйт­ті де бетіне із түспеген сонармен апыл-ғұпыл басып жөнелді.
Бұта арасынан бөрінің үні бұрынғыдан да жіңішкеленіп, жалыныштылау болып, қайта шыққанда, бұл өзі бойына сәл де болса батылдық бітіп, қу томарға айналған екі аяғы біріне-бірі шалыныса, қадау-қадау қадам баса түсті. Екі дүниеде ендігі көрмегені осы еді!
Іле-шала арғы бет жақтан көкке ұлыған бір бөрінің үні үздігіп жет­ті. Аз ғана тыныс ала бере сонау төмен жақтан, әрегіректен тағы бір қасқыр ұлып қойды. Бұта арасындағы бөрі енді бір ұлып алды да, аяқ жағын жіңішке үнмен азуы шақылдақ шәуідей үріп-үріп барып тоқтады.
Бір қатердің төнгенін Ақлима анық сезді. Баласының мұздай білегін енді оң қолына ауыстыра салды да, қолындағы ұзын құрықты сол жақ қарына іле салып, мойнына таңылған қызының өлі-тірісіне қарамастан, тағы да тұра ұмтылды.
Жан-дәрмен… Бұл жылдамдата жүріп келе жатып қар басқан буалдыр дөңнің бергі жағында аппақ ұлпа даланың бетіне тастай салған қарақоңыр көнтерідей болып қоңырайып тұрған қос кепенің сұлбасы мұның тұмсаланған көз жанарына біресе ілігіп, біресе көрінбей, қайтадан суқараңғыға айналып, жоғалып кетеді. Қос қарашық көріне тұрып, қайтадан ғайып болады. Бір кезде қараң етіп қайта көрінеді. Сол кезде Ақлима өзінің түкті де көрмей, әйтеуір темселеңдеп келе жатқанын білді. Осы екі баласынан айырылмай, әйтеуір, сүйретіліп жетер жеріне жетсе болды…
Көз жанарын тұмшалап басқан сұр тұман ысырыла бергенде байқады: қараңдаған төрт аяқты бөрі Ақлима жылжып келе жатқан жарды сол жақтан қапталдай орағытып, ойқастап барады екен. Көкбөрі ұлпа қарда жеп-жеңіл ойнақтап, бұларға басын бұра құлақтарын тікейте қайшылап-қайшылап, ара-тұра бүкіл денесін көрсеткендей орғып-орғып қояды.
Ақлима сескеніп қалса да, жол бағытын маңындағы жер, кепелерден сәл ғана бұрыңқырап жүрісін тоқтатпады. Бөрі алға қарай желе жортып барды да, шоқиып отыра қалып тағы ұлыды.
Сол-ақ екен бұлар жол қуалаған өзектің қарсы жотасынан жуан бір зарлы ұлу қысқа ғана естілді. Ақлима жалт қарағанда, алашаңқан қар бетімен арғы бет­тен тағы бір бөрінің жосылып түсіп келе жатқанын көрді. Манағы бұлар арт­та қалдырған топ бұта жақтан бұларға жіңішке бір үн қосылғанда, жер түнеріп, аспан жаңғырығып кеткендей еді. Жіңішкелеу, кішігірім басқа бір тағы ербелеңдеп етектен бермен қарай өрмелеп келеді екен.
Біт­ті! Өлдім енді… Ақлиманың шыңғыруға шамасы келмей тұр. Қолына тас кенедей жабысқан ұлы мен кеудесіне байланған нәрестесі үшеуі дәл осы сәт­те оның шым етіп иненің ұшындай болып, дәл төбесіне қайта шаншылып тұра қалған иненің ұштығындағы жасуындай жанына лып етіп жинала қалды. Күллі тіршілік бір нүктеге кеп тұра қалды.
Алдын көлденеңдеп орағытқан бөрі дәл алдарына келіп шоқиып отыра қалғанда, арғы бет­тен жосылып келе жатқан арлан осылай қарай тура салды. Жылғаның етегінен жылғыстап тағы біреуі тырмысып келе жатыр.
– Апа! – деп шошына айқайлап жіберді есі кіріп қалған қолындағы ұлы Ақлиманың өне бойын бір отқарып өтіп, күрт серпілді. Жан дүниесінің түкпір-түкпірін жаншып-ұрын өткен бір соққа қайтадан бір тастүйін боп ішке бекіді де, бұрын-соңды ешкім білмеген алапат сұмдық қара күш болып қорқау­ларға қарсы сыртқа атқып шықты! Тұла-бойына бұрын ешқашан болмаған алпауыт қуат кеп құйылды!
«Ал, қане!.. не болса да қолыңда өлейін…»
Іш осылай сөйлегенімен, сырт бар қауһарын қоралай қарманып, дүлей арпалысқа дейін тұр.
«Аман қалсақ екен. Аман болсақ екен» деген өлеусіреген соқыр бір үміт тоқтаусыз зар илеуде: «Бөрі!.. Бөрі болсаң қайтейін… Не де болса арпалысып өлейін…» Ақлима баласын бауырына тарт­ты да, қолына зілдей құрығын ұстап, тура оқжыландай болып шаншылды да қалды.
Қырлауыт­тан жосылып түсіп келе жатқан бөрі жылғаның өзегіндегі бала жетектеген жалғыз адамды бірден көрді. Әлсіреп әрең бара жатқан адамның қарасы бұл жақындаған сайын айқындалып, ұрғашының киім астынан шығатын жылбысқы исі сонадайдан өңменін қауып, аш құрсағы шикі тамақ тілей қуырылып, алты қарыс азуын аша ұмтылды. Болды! Қазір мұның бір жұлқып тартқанынан қалмайды. Қау­қарсыз немені жерге домалата салып, ұмар-жұмар бас салады. Ауызы жұмсақ ет пен жас қанға толып, бір көмейлей асайды қазір. Манадан үздіксіз ұлып, қалмай хабар беріп келе жатқан анау қаншыққа да, төменнен өрмелей көтерілу үстіндегі бөрішекке де, бәріне де жететін тамақ! Бұлар өткенде үйірлі бес қасқыр болып, екі кештің арасында тау жағалап келе жатқан үш адамды қолма-қол талапайға салып жеп алған. Ал мынау әлсіреген жалғыз қара… Осы таулардан ар жақ, бер жағынан аштықтан шұбырып жүрген сан адамды, соңғы кездері тарпа бассалып, аш құрсақтарына салып, сай-сала, жота-жондарда арбитып-арбитып сүйектерін қалдырғаны есіне түскенде, жосыла шауып келе жатқан арлан екпінімен ойраңдап, орғып-орғып алды. Жосылған бойда алыстан арс етіп алғы бет­тегі қаншыққа «сен де шап» деген бұйрығы жет­ті. Ол құлақ-шекесін жымырып, арқасын бүкірейтіп, қадамдап адамға жақындай түсті.
– А-па!.. Серх-а-а-ан!
Ақлиманың құлындағы дауысы шыңғырып шықты. Бірақ қас-қағым тұста жерге көнтезектей қатып жабысып қалған қос кепе жақ жым-жылас, үн қатпады. Есесіне жортақтаған бөрілердің тілі салақтаған ыссы алқымынан шыққан әредік ырылы, Ақлима мен баласының жантүршігерлік үрейлі үні бүткіл жылғаны толтырып, енді сай табанынан дөң басына қарай өрмелеп тарап бара жатқандай еді.
– Се-ер-ха-а-ан!..
Бұл Ақлиманың тағыларға айбат шегу үшін, әйтеуір, шыңғырып шыққан жан дауысы болатын. «Әу» деген бір жауап болмады.
Жосылып келе жатқан арлан жетіп келген бойда, әуелі тура шабудан сәл ғана тайсақтап, әйелдің қолынан ұстап тұрған баласын қағып өт­ті. Өзінен қол созым тұста алшақтаңқырап тұрған баласын Ақлима тез бауырына тартып үлгермегенде, ол енді кетіп еді. Ұлы да қат­ты шыңғырып жылап, анасының құшағына қайта жабысып қалды. Баланың киімін шала қауып орғып өткен арлан арғы бет­тегі қаншыққа қарай сырғып кеткенде, қаншық бөрі Ақлиманың ту сыртына айналып шыға берді.
Қолындағы жуан құрық сонда ғана әйелдің есіне түсті. Бауырындағы баласын қорғалай, қос қолымен жуан құрықты сығымдай ұстап Ақлима тәлтіректеп алдындағы арланға ұмтылды.
Адамның қолындағы дүлей таяқты енді байқаған арлан бөрі шалқалай секіріп шегініп кет­ті. Айналаға алақ-жұлақ етіп бір қарады да, ендігі кезекті қаншығына беріп, өзі аңысын аңдап тұра қалды. Қаншық қапысын табуға тырысып, екі-үш мәрте секіректей ұмтылып қайт­ты. Ақлима сес көрсетіп үлгерді.
Арлан енді шұғыл шабуыл жасамаса болмайтынын түсіне қойды. Сөйт­ті де қырлауыт жақты жағалай барып, тіке алқымнан алмақшы болып, тура әйелге қарай ұмтылды. Дәл сол кезде адамның аяғы тайып кет­ті де, баласын астына ала құлап түсті. Арлан бөрі құлат­ты деп ойлаған қаншық адамдарға қарай тап бергенде, оның қолындағы таяқ шошаң етіп, қақ тұрды да, ол да шошып қалды. Әйелдің үстінен орғи секіріп бара жатқан бөрі оның кеудесінде екеуінен өзге тағы бір тіршіліктің бұлқынысын байқап қалды. Жерге секіріп түсіп, қарап еді, иісі бұлардан гөрі жас әрі жаңа бір жаратылыс кеудесіндегі мойын­дорбамен бірге салақтап тұр екен. Арлан езуін екі-үш мәрте жаланып, іштей қызығып кет­ті. Жол үстіндегі осы олжа бұл ойлағаннан гөрі тәт­тірек болып шықты.
Ал онда не тұрыс бұл?! Қарыс қадам жерде алдында жас ет пен ыстық қанға толып тұрған денеге атырылмай ма тездетіп?!
Арлан біраз кейін шегіншектеп алды да қайта шапты. Заулап келіп екпінімен қойып өт­ті. Дірдектеп, бір-біріне тығылып тұрған қос қара екі жаққа шашылып кет­ті де ақ қардың бетіне жағылған қара бояудай жерге жалп-жалп ете қалды. Арлан бұл ұрғашы адамның өзі үшін қаңбақ құрлы да қауһарсыз екендігін сезе қойды. Жеп-жеңіл. Тіпті жайғана көлбеңдеген қара көлеңкелермен ойнап жүргендейін. Тағылардың бойын шат­тық кернеді. Болды енді, бөлшекте де шайнай бер. Етпет­теп құлаған бойда Ақлима күрт есін жиып алды. Көкбөрі арс етіп мұны зілдей ауыр денесімен қағып өткен соң-ақ мұның дірдектеген адамдық қорқынышы мезет­те күл-парша боп шашылып кет­ті де, лезде өзінің бойы­на қорқауларға ғана тән тілсіз бір тылсым тағылық лып етіп кеп орнай қалды. Өзі таңғалды! Қалайша адам бүйтіп тұп-тура аңға айналып кетеді?! Аңға айналса, адамда да өлім қорқынышы болмайды екен ғой! Адамға да тағы бола салу түкте еместігіне көзі жет­ті. Енді, міне, тау тағыларымен кәдімгі бір қорада бұрыннан тұрып жүргендей: өне бойы олардың ылаңына мүлде үйір­сектеніп, етене бола қалыпты. Олар да дәл өздеріндей жан сауғалап жүрген жоқ па?! Олардың да кеудесінде бір-бір жан. Бұлар да сол.
Ақлиманы осы ойдың көктеп өткені мұң екен: қар бетіне құлаған бойда орнынан қарғып тұрды. Тұрған бет­те қолынан ұшып кеткен ұлын бас салды. Ар жағынан жортаң етіп жетіп қалған бөрі қаншықтан бұрын үлгерді. Ол сәл сескеніп, кейін серпіліп еді, Ақлима жерде жатқан сом таяқты қолына тез ала қойды да, қоқаң еткізіп қайта көтерді. Енді өңі суық бұл зор құрық болсын-болмасын бәрібір еді. Бөрілер алдында тұрған мына адамның да өздеріндей тағыға айналып кеткен кейпін көргенде шоқ қарығандай болды. Тұрпаты ғана адам демесең, бұлардың алдында тұрған, нағыз тағының өзі еді! Мәні-мазмұны, жаны-тәні тұп-тұра өздеріндегідей өртеніп тұр! Көздерінен от шашырап, тіпті бөрілердің өңменін тесіп алып бара жатыр. Қос қолымен мықтап ұстаған дүлей қаруы сонадайдан ызғарланып қауіп төндіреді. Сұмдық бір майдан енді басталғалы тұр. Адам баласымен арпалысқалы тағылар мұндай сұмдықты көрген емес.
Арлан бөрінің сесі қайтып қалды. Қасына жақындай берген қаншығына жалт қарағаннан-ақ анау да мұны сезіп қалды да, артқы аяқтарын мәймитіп қар бетіне шоқия берді. Адамның ар жағында паналап тұрған бөрішек те бұлардың сиқын сезіп, аузын жаланып, қыңсылап қойды. «Жемейбіз бе, енді» дегені.
Арлан енді өзінің сезім санасынан адам баласымен арпалысатын жай қорқаулығын тез ысырып үлгере алмай, бір сәт қана дамылдады. Түп-тұқиянынан келіп жетіп тұрған себезгі тылсым сезіміне бой ұрғаны сол екен, асқан күшті тағылармен шайнасатын шайқы серпін сарт етіп өңменіне келіп қона қойды. Азуын қанға білейтін арпалыстың сәті енді келді. Бірақ бұл жолы тағы мен тағы шайнасатын болғандықтан, кімді-кім жығары белгісіз еді. Орағытып келіп бір-ақ оратын адам баласын алудан гөрі бұл тайталастың түбі қантөгіспен аяқталатынын ол іштей сезді. Бұл – жан беру, не жан алу! Бұл – кеудеңе біткен өз жаныңды сақтап қалу! Өзгенің жанын жалмап, өмірін тәрк ету!

Адам тағы мен қорқау тағы бұл жолы бетпе-бет тұр еді. Қорқау бет-жүзі от шаша шатынап, қолындағы дүлей соққымен бұларға ұмтылғалы тұрған адамның ой жебесінде не атырылғалы тұрғанын біле алмады. Мұнан сәл ғана бұрын оның үрей басқан санасын оқу, қорқауларға оп-оңай еді. Сондықтан орағытып, еркін шабатын. Ал енді дәл алдында мүлдем басқаша жаратылыспен тақ тұрған жанның дүлей күшін сезіп көр?! Және ол күш сәт сайын өсіп, ұлғайып оның тұла бойын кернеп барады ғой! Қорқауларға алдындағы басқа жаратылысқа кенет­тен түскен жанның сол сәт сайын кернеп алып бара жатқан күш-қуаты таңғалдыра сескендіріп тұр. Бұл не нәрсе сонда?! Бұларда ол неге жоқ?! Оған қоса, адамның арғы жағындағы қараңғылық басқан жиектен себезгіленген бір нұрлы көшкін көтеріліп, әредік баяу ғана жарқ-жұрқ ете қалады. Бейнебір әлдекім от шашып қойып тұрғандай.
Жоқ, болды! Бұлардың кешелі бері титімтәйда дәм барып түспеген ашқұрсағын кім толтырады?! Мына тау сағасында осыған дейін әулетімен жортып-жосылып жүріп жан-жануар атаулыға қанды ауыздарын салғанда меселі қайтып көрген жоқ. Бұлардың меселі қайтса, бүткіл өлкедегі көкбөрілер бірден біле қояды. Өзгеден емес, дәл қасындағы ұялас қаншығының көкке қарап, бір ұлығанынан-ақ…
Ендеше, майдан!..
Арлан бөрі ана екеуіне арс етіп «ал, шаптық!» деп бұйрық берді де, тіке атылды. Бұл жолы алдында тікейіп тұрған ұрғашы адам-тағының тұп-тура алқымына қарай ұшты. Анау екеуі өздеріне бас бөрінің бұрын-соңды бұлай әбден іштей күмілжіп барып шапқанын біле қойды. Сөйте тұра бұлар да тарпа бас салды. Жан-жақтан дүрк атырылған бөрілер мен адам тұқымы бір үймекке айналып, апыр-тапыр болды да кет­ті. Ыстық қан мен ет­ті аңсаған ажымның аптыққан ырылы мен адам баласының құлындағы дауысы мен ащы шыңғырысы араласты келіп.
Арлан атырылғанда санасында үрейдің ізі де қалмаған Ақлима қолындағы көн таяқты тура бөріге қарай сілтеді. Бөрінің зілдей денесі таяққа да қарамастан, қат­ты екпінмен келіп арс етіп алқымының түбінен алып өткенде оның қанды ауызына ағашпен бір уыс шүберек бірге ілініп кет­ті. Адамның мойын етінің орнына сом құрықтың сойқан жұмыр басы көмейіне кептелген көкбөрі киімнің бір түйінін іле кетіп барып, анадайға бір қапталымен құлап түскенде ағашқа қадалған азудың біреуі күрт опырылып түсті. Құрықтың басы да омырылып, жаңқасы шықты.
Шалажансар кеудесіне таңылған ораманың түйінін көк­бөрінің азуы жұлып өткені сол екен, сәбидің шар еткен ащы үні шықты да, орандысымен бірге қар бетіне жалп ете қалды. Ес-түсінен айырылған кішкентай ұлы жандәрменімен анасының тізесінен құша, тас боп қатып қалған. Ақлима ораулы сәбиді қолына алып жатып, тағы да таяққа жармасты. Бұл кезде қаншық пен бөрішек те балаға жақындап қалған.
…Үйінің түбіндегі үймек құмырс­қалар есіне түсті… Үгінді беріп, қорек салып отыратын еді ғой… Анадайдан Әулиешоқының күн шуағына сұлу шыңы жарқырап тұратын. Сол құмырс­қалары да мұны іздеп жүр ғой енді.
Ақлиманың көзіне жас толып кет­ті.
…Шіркін, құмырсқаның жанын адам өзінің жаны деп сезінсе ғой. Ақиқатында екеуі бір-ақ жан ғой. Иесі жаратқан. Иесі жаратып тұрып, күллі тіршіліктің бәріне бөліп-бөліп беріп қойған. Құрт-құмырсқаларға да, аң-құстарға да, жан-жануарларға да. Барлығына.
Илеуіне кіріп бара жатқан Көзегені бұл қазір көріп тұр. Әне, өз үйіне қарай кетіп бара жатыр. Көзеге. Өзінің құмырсқасы…
Ұзынбұлақтың кезеңінен қос құлағын қайшылап Айтөбелі Керуге қарай шауып келеді…
Қазір керуде құз… Көктемнің көк тұмасы ашыла сала Әулиешоқының сай-саласына бүкіл тұқымын қиырдан әкеліп орналастыра жайып, күздің үш дүркін суығынан кейін барлығын өзі бастап қайтадан сонау түстіктегі мекеніне қайтадан самғап ұшады ғой. Қазір қайда екен Құмайкөк!..
Барлығының жаны бөлек-бөлек. Бірақ қайда барса да бірге жүр…
– А-а-а, Құ-ұ-да-а-ай!..
Жүзінен от шашыраған адам тағының жан түкпірінен құлақ тұндырарлық сұмдық бір үн шықты. Бұл, тіпті үн де емес, уіл де емес, бұрын-соңы ешқашан тағылардың құлағы шалып көрмеген удай ащы жаңғырық еді. Әлгі жаңғырық жер мен көкті қақырата қақ жарып, екі араға тік шаншылып тұрып қалды. Бөрілер мұндай сұмдықты тек қана жер беті көк-жасыл боп көсіле кеңіп, көктем келгенде ғана көктерден топыраққа жарқ етіп шаншылып түсетін шытырман от­ты найзағайлар соққанда ғана еститін. Ал, ызғырық басқан қысқы даланы дүр сілкіндіріп жіберген мынау қандай күш?!
Қапталымен келіп құлаған қандыауыз бөрі алқымына тығылған ағаш опырындысымен бірге құлап бара жатып артына қарай мойнын бұрғанда адамның ар жағындағы қарасұр жиекті қамтып тоқтаусыз нұрлы көшкіннен жарқ-жұрқ етіп от шашырап тұрғанын анық көрді. Көрді де шошып кет­ті. Осып жатқан отқа қарсы бұл қалай шапқан?! Жерде тіршілік жаратылғалы бері көкбөрі атаулы отқа қарсы шаппайды ғой!
– А-па-а-а!.. Сер-ха-а-а-ан!..
Бір орында темір қазықтай қадалып шыр айналып тұрған сұп-суық, сұсты денеден тік шаншылып шырқырап шыққан жаңғырық әйелдің бұрынғы үнінен мүлде бөлек, оқшау тұр. Жалыныш пен қорқынышқа толы үйреншікті үні енді еш майырылмайтын қылыштың сесті жүзіндей серпіліп, енді іштен тікелей саңқ етіп самғап атылып шыққан қырандай көкті қақ жарды. Бұл бөрілерге тағы да табан астынан тас құлағандай әсер ет­ті. Адамнан тағының үнінен астам үн шыққанына қайран! Адамның көмейінің ар жағындағы тереңінен сұмдық бір қуат­ты күш қақ жарып тұр. Бұл – аң атаулыға түсініксіз, беймәлім бір тылсым еді. Бұл – Жаратушының өзі ешнәрсеге де, ешкімге де емес, тек адам баласына ғана берген аса биік Рух болатын.
…Үшеуі үш жақтан келіп бөрілер қайта бас салды.
Ақлима есін, нық жинап алған. Белін қат­ты қылып бекем буған күйеуінің қайыс белбеуіне ұлының бір қолын білегінен мықтап қыстырды да, қызын орамасымен сол қолына алып, қайтадан сом таяғын кезенді. Жан алып, жан беру енді басталғандай. Үш жақтан үш бөрі жеп бара жатыр. Әсіресе, анау екеуі. Шыр айналып келіп, қауып өтеді. Ақлима өздерінің тағылардан енді құтыла алмайтынын білді. Қорқау­лар бұлардың үшеуін де талап жейтіні анық болды. «Мені қойшы» деді ол арпалысып жүріп: «Кім өлмей жатыр қазір мына дүнияда. Бәрі қырылып, далада жатыр. Күйеуі Елікбай да жоқ болып көмусіз қалды. Бұл да жемтікке айналып, өледі қазір. Мұнымен бірге мына екі бала да қорқауларға жемтік! Қазір бөрілер мұны атып ұрып, қансоқталап талаған кезде мына екі баланы да жапырақ-жапырақ ет қылып жұла салады. Сонда үшеуі де мүрдем кеткені! Дәл солай болғаны – осы! Жем болып өлу деген осы екен ғой… Қош бол, жарық дүнием! Қош бол, балаларым! Қош бол, анам, Серхан бауырым! Қол ұшын беретін жан жоқ маған…
Үрейдің сарқындысы да қалмаған Ақлиманың темірдей суық жүзін жан шыңырауынан шыққан көз жасы сорғалай жуып, өлім тілеп, қараңғы көрге қарай сүйрей жөнелді. Ақлима әбден шемен боп қатып қалған денесін енді ырсылдаған қандыауыздарға ыңғайлап өлімге дайындады.
Адам тағының осы әлсіз буынын сезіп қойған бөрілер атой салды. Тек қана бірде тіке, бірде айнала шауып, айбынымен жасқап тұрған арлан ғана адам тағыға қараған сайын жалт еткен от­ты ұңғынын көріп, өз-өзінен өңменінен соққы алғандай болып, орғып түседі. Ол мұның дәл не нәрсе екенін білмесе де, оңқалақтап барып, әзер тұрып, қат­ты сескенуде. Бір кезде ол ана екеуіне түк болмағандай «арс» етіп, ал салыңдар талауға!» деп бұйрық берді де, өзі қарсы бетке атып шығып, төрт тұяғымен адам тағыны көрместей қылып, қар боратуға кірісті. Сол-ақ екен, қаншық бөрі атылып келіп, әйелдің дәл тізесін жұлып өт­ті. Шалажансар етсіз денесін жұлып өткен Ақлима шойнаң етіп құлап түсті де, оң қолындағы таяғына сүйеніп, қалбиып қайта тұрды. Қош бол, жарық дүние!.. Өлім келді…
Адамның жаны жантәсілімге келгенде әрбір қас-қағым сәт сайын мың-мың мезет көз алдына келіп тұра қалады екен ғой. Біресе күйеуі, біресе күні кешегі тасқорасы, біресе анасы… Дәл осы сәт­тегі жантәсілім алдында әкесінің ұзын бойлы, ақ сақалды кейпі есіне сап ете түсті. Не бір сәт­терде ол ақ киізден басылған жайнамазының үстінде тізерлеп бар жанымен отырып, Аллаға жалынатыны көз алдына келді. Әр адам Жаратушыға жалынып көз жұматынын түсінді. Ендеше, бұл дәл солай марқұм балаларымен болуға тиіс.
– Иә, Аллаһ! Ал мені… Көндім дегеніңе!
Бірақ Ақлиманың санасы безеріп, есі қаққан қазықтай болып анық тұр. Алапат арпалыста түн қайда, күн қайда, қоңырайған қос кепе мен Керу ауылы қайда қалғанын сап ұмытылғанымен, дәл қазір не істеу керек екендігін өліп бара жатса да есептеп тұр. Кеудесіндегі бір күш есептетіп тұр.
– «Міне, енді өлдік!..» –деді ол түгел мойындап. Аш бөрілер ауыз салып жұла бастады. Бірінші болып қайсымыз өлгеніміз дұрыс?! Әлгі қас-қағым сәт­те іштегі бір алапат күш бұған ерік берместен безектетіп есептетіп тұр. «Мен өлейін…» – деді ол іштей толық жүгініп. Мен кетсем мына екеуінің сау тамтығы да қалмайды. Сонда ше?!…
«Мына екі бала кетсе ше?!» Оқыс ой өзін шаншып өт­ті. Балаларсыз бұл кімге керек?! Қу бас болып бұл тентіреп кетпей ме?! Баласыз өмір – өмір ме?! Әйтеуір үшеудің әуелі біреуі кетуі керек.
Ол қолы қайыс белбеумен буылған ұлына қарады. Осыны тастай салып үйге қарай қашса қайтеді?! Есі кірген ұл сүйретіле талықсып өзі-ақ өлгелі тұр екен. Ал, қолындағы орамада өлі-тірі екендігі белгісіз қызы ше?! Ол – әлі бейкүнә сәби ғой!
«Онда, не де болса өзім…» Денесін сәл босатып, ілгері басқаны мұң екен: арлан көкжалдың дәл өзі жан алқымға келіп қалғанын байқағанша, анау мұның таяқ ұстаған оң қолынан қауып өт­ті. Иықтан төменгі етін жұлып өткен көкжал анадай жерге секіріп түсіп, арс ете қалды. Қаншық пен бөрішек мұның қырынан кеп ұруға дайын тұр еді. Таяқ та қолдан ұшып кет­ті.
Жан тәт­тілігінен бе екен дәл осы мезет­те Ақлима балаларды тастай салып, өзі безіп кеткісі келді. Енді қозғала бергенде сарт етіп күйеуі Елікбайдың бейнесі көзге басылды: «Тірі болсаң Тұрарымды тастама». Тура өзінің айтып кеткен сөзі, өзінің дауысы.
Ақлима жалма-жан баланы өзіне тез тарта қойды. Онсыз да Елікбайдың тұқымында еркек кіндік қалмай келе жатыр. Ең соңғысы – осы.
Ал, қолындағы Ақмоншақ ше?!… Не өзі?!… Не Ақмоншақ?!…
Өзі кетсе Ақмоншақ та, Тұрар да кеткені. Ендеше, екінің бірі. Екеуінің біреуі. Өзі де, міне, сәт сайын қансырап құлап бара жатыр… Талықсып кетсе барлығының біткені…
Екеуінің біреуі… Екінің бірі…
Тұрар аман қалуы керек. Ол еркек кіндіктен ғой. Ол – еркек! Қалса – сол қалсын. Қалмаса, соңында өлсін! Ақмоншақтың атасы қыз. Мен де әйел жынысынанмын. Сондықтан мен кетсем, Ақмоншақтан кейін жемтік болам. Соңғы сәтіме дейін ұлыма пана болайын… Тұрар ең соңында жемтік болсыншы…
Әйтпесе, кезек-кезек жемтік болуға дайынбыз. Кезек-кезек… Дүние кезек деген – осы… Ал онда екінің бірі… Екеуінің біреуі… Ол – онсыз да өлі де, тірі де емес болып тұрған Ақмоншақ! Ақыры, барлығымыз да жемтікпіз! Аллаһ, онда бізден ең алдыменен Ақмоншақты ал!…
– Ақыры, барлығымызды алады екенсің, уа Аллаһ! Ал онда алдымен Ақмоншағымды ал!
Ақлима айнала анталап тұрған бөрілерге қарай екі-үш қадам жылдамдата сүйретіле басып келді де, әзер дегенде иығында әрең ілініп тұрған орамадағы баланы төмен қарай лақтырып кеп жіберді. Ол орамадағы шаранамен бірге жаны созылып барып, үзіліп кетіп бара жатқанын анық біліп тұр. Онсыз да әбден сүлдері қалған Ақлиманың қос құлағы бір сәт­те шыңылдай тұнып, кеудесінде қалған тірі тіршілік сабақты жіптей, тармақтала созылып барып үзілгенде ол өзінің қай дүние­нің құзырында тұрғанын біле алмай дағдарып қалды. Жаныңнан жан үзіп тастау не деген сұмдық, мынау?!…
Орамадағы Ақмоншақ тура қаншық бөрінің арындап айнала ұшқан бетіне дәл келгендігі сонша арлан мен бөрішек әлгі денені ол әйел тағының қолынан қағып алып кет­ті деп ойлады. Ойлады да, тым болмаса осыны бір бөлісіп қалайық» деген жылт еткен ниетпен жосыла шапты. Олар ораулы дене қар бетіне түсер-түспестен бас салды. Дәл сол кезде тірі сәбидің қолма-қол шаңқ ете қалған үні естілді де, қорқаулардың өзара таласқан ырылына көміліп, құмығып жоқ болды. Жан үзілді, біт­ті… Ақмоншақ – жемтік!..
Жоқ, мүлде жоқ болып кеткен үрей өлеусіреп біткен Ақлиманың денесіне сәтінде қайта оралды. Сап ете қалды да, тұла бойын найзағайдың от­ты бұтағындай болып аралап өтіп, зірк ете түсті де тура табандарын тесіп, жердің қойнауына зымғап енгендей болды. Көзінің оты жарқ ете қалғандай.
Есеңгіреген Ақлима есін жиді. Жолда жатқан мойындорбасын іле салып, беліндегі қайыс белбеуге ілулі шалажансар ұлды сүйрете жоғары ұмтылды. Құлап түсті. Құлап түссе де, қолды-аяғымен төртаяқтай тырбанып, үстіндегі сау-тамтығы қалмаған киіміне шалыныса, еңкелектеп басып келеді. Рас па, өтірік пе мұрнына қанның иісі келді. Бәлкім, қар үстінде бөрілер тағылар талап жеп жатқан өз баласының қанының иісі. Бәлкім, иығы мен тізесінен саулаған өз қанының иісі… Ал тау тағылары қазір келіп, қалған осы екеуін талап жейтін кездегі қар бетіне төгілетін өз қандарының иісі алдын ала келіп тұрған шығар…
Үзіле шар ете қалған Ақмоншақтың бұлармен бақұлдасқан әлгі шарана дауы­сынан кейін бұларға да енді бәрібір… Өлім деген шындығында да түк те қорқынышты емес екен.
Ақлиманың бойына қайтадан сап етіп кеп үрейсіз дүние орнады. Ол қайтадан әйел адамнан адам тағыға айналғанын сезе қойды. Қазір қорқаулар бұларды қайта қоршаған кезде бұл тұп-тура анау арланымен бетпе-бет келіп, тура алқымнан алып, езіп тұрып, мылжалайды. Не болса да, қолында өледі! Мейлі! Өзгелері қосылып мұның өзін, ұлын мүжгілеп жатса дағы мейлі… Біреуін өлтірмей тынбайды. Жастығын ала жатады Ақлима!
Ой екпіні осылай Ақлиманы көктеп өткені сол екен, ол артына бұрылып бір қарағанда кішкентай балашықтан бір түйір ет жеді ме, жемеді ме арлан бөрі құлағын тікірейтіп бері қарап тұрды. Бір кезде өрге қарай бұлардың соңынан ентелей ұмтылғанын өз көзімен көрді. Еңкеңдеп, сүріне-қабына омақасқан Ақлима, енді тас-темір боп қатып қалған қос қолын тура бір темір найзалардай сұп-суық қару етіп қарсы алдына шығара қарманып дайын­далды. Ал енді қайтадан өлім төнді! Ендігі кезек – өзінікі. Өлуге бұл дайын. Бірақ арпалысып өледі! Жаны Ақмоншағынан артық емес қой. Бұл бөрінің үлкенін астына ала, жастығын жастана жатып өледі! Сонан кейін Тұрар ұлын олар шайнаса шайнай берсін. Қайтеді, өмір біт­ті. Жарық дүние өт­ті осымен!…
Мезет­те былтыр әкесі барда қырқынан жаңа шыққан Ақмоншақты әкесі екеуі ортаға алып, күн шуағына ұстап отырып аялағандары, ұлын алдына алған Елікбайдың мейірлене қызының маңдайынан иіскеп: «Жарық дүниенің бар жақсылығын көр, қызым!» деп елжірегені еске түсіп кет­ті. Онда өстіп барлығы да жан-жаққа босып жүріп марқұм боп өлетінін кім білген?! Елікбайдың әлгі бейнесі көз алдына келуі мұң екен: қызы да, күйеуі де тірі секілді болды. Ақмоншақ бұрынғы ескілеу жая­лығында көктемгі күн нұрына үлбірей, елжіреп жатыр да, ар жағында Елікбай бұған күлімсірей қарап тұр…
Ақлима есін сап жиып алды. Үлбіреген Ақмоншақ та, күлімсіреген Елікбай да жоқ. Екеуі де ғайып болған…
Дәл осы кезде арлан да бұларға жетіп қалған. Арсалаңдаған азуын қанды көбік басып кеткендей. Сонадайдан тура келе жатқан көкбөрінің аузындағы қан бір кезде әрмен қарай әуелі тұмсығына, сонан соң тұла бойына біртұтас жайылып, бір мезет­те қимылдап келе жатқан қанды денеге айналды. Төрт аяқты қанды дене мұны өкшелей қуып, жақындап қалды. Ақлимаға енді азуын айға білеген көкбөрімен арпалысқаннан гөрі, төрт аяқты тағының қанды денесімен алысқаны оңай боп көрінді. Адам тағы алты қарыс азуды көріп тұрып, жанталасқандай, біртоға сұсы білінбейтін қорқаудың денесімен соққыласып, ұмар-жұмар болса, мұның да денесі, тіпті шым еткен ауыртпалықты да сезбестен, өлгенінше дым білмей кетпей ме?! Бір сәтін келтіріп, әлгіден бері Ақлима да дайындап тұрған адам тағылық темір құрсауын қорқаудың алқымына салмай ма?! Иә, солай. Міне, темір құрсау дайын?! Ал кел, көкбөрі, енді мен саған қанды шеңгелімді салайын! Мен сені өлтіріп барып, өлейін!
Ақлима қайыс белбеуге қолы таңылған ұлының бар-жоғын да ұмытып кеткен. Баяғы баяғыма, енді найзағайдың оты болып атылғалы тұрған адам тағы тұла бойын қан басып өзіне қарай жөңкіліп келе жатқан қасқыр тағыға мірдің оғындай қадалуға дайын тұр еді.
– Уа, Құ-да-а-а-ай!..
Адам тағының ащы үнінен жер мен көк жаңғырықты. Қорқау тағы мен адам тағы қайтадан бетпе-бет келді. «Аа-а-а-а-ллалаған» жаңғырық күллі алқапты алып кет­ті. Ал майдан басталды. Міне, адам тағы! Міне, қорқау-тағы!…
…Осы сәт­те қырлауыт­тың екінші бетінен тағы бір қорқаулардың арпылдаған ауыр үні естіле қалды. Ақлима мұны естір-естімес қана есте еді. Ал тұла бойын қан басқан көкбөрі ұшып келе жатып, құлағына ерік бере, сәл ғана селт еткен. Бұл арпыл олардың ұяластарына мүлде ұқсамайтын, кереғар дыбыс қой. Бұл не өзі?!
Жосылған арланның сезігіне кілт етіп, осы күмән инедей қадалып еді, бірден екпіні басылды. Анадайда өзінің қайта шабуын адамдық асқан тағылықпен жансебіл боп күтіп тұрған бұл көз ала алмай келе жатып, жанарының қиығын әлгі секем алған сезігіне қосып, қыр жаққа тіге қойып еді, селк етіп тоқтай қалды. Оң жақтағы қырат­тың беліне тұрқы бірінен-бірі аумайтын жойқын мол денелі төрт аяқты қос қорқау бірден қараң етіп атып шықты. Атып шықты да, ойпат­та болып жатқан ойранға қарап аңырып тоқтай қалды.
Төменде кішкентай әлденені жұлмалап жатқан екеуге көзі түскенде, тұмсықтарына жап-жас қанның сүйкімді иісі танауларын қауып өт­ті. Үшінші ересектері біреуі төрт аяқтай тырмысып, арғы бетке қарай өрмелеп бара жатқан адамсымақ бірдеңені қадала қуып барады… Тұрқы ірі, ересек денелі екеу бір-біріне жалт қарады да, арпылдап ылдиға қарай құлдилай жөнелді.
Адамның соңынан қадала қуған арлан бөрі тоқтай қалып, күрт бұрылды да төмендегілерді құтқаруға ат­танды. Жосыла шапқан көкбөрінің өткір көздері жалт етіп аналарға қадалғанда, екеуінің де мүлде тағыларға жат тұқымнан екендігі көкейге от­тай басылды. Олардың алдыңғы аяғын тіктей секіректеулерінің өзі бөлек. Әу, мыналар ит тұқымынан ғой! Бірақ қора баққан жүнбас та емес, қой күзеткен қоралас та емес, аңның иісі аңқып шығатын біртүрлі сұрбет алпауыт­тар ғой. Арлан оларға қарай өкпе тұстан тура салды. Не болса да атасы ит қой?! Көрген бұлардың талайын!..
Ар жағындағысы қасқырларға ұқсаған қарасұрлау екен. Бертіндегі тұрқы молдауына қарай тұра ұмтылды. Құмарлық тасқыны өнебойын басып, қиялдағы тіршілік түкпірінен бұған қарқындап қуат келді. Әлгінде шайнай алмай қалған адам етінің орнына енді осы екеудің біреуін атып ұрып, жығып жеп рақатқа батса қандай?! Шаншылып келе жатқан мұны көрген бойда тастүнектей қап-қара сұлба ешбір жасқанбастан, бұған өзі қанмайдан ашты да, тіке шапты. Өне бойын өрт боп қаптаған от тасқын оның төрт тұяғын жер тарпытқаны соншалықты, тіпті жер беті мұның тырнақ көбелерінің астында өзді-өзінен зыр айналып бара жатқандай еді. Ит тектес, төбесінде айдай жарық төбелі бар қап-қара сұлба тағы зымыраған бойда арланды кеудесінен келіп бір-ақ қақты. Екпіндеп келіп соғылған екеу екі жаққа ұшты.
Арлан бөрі екі аунап барып орнынан тұрғанда қақ төбесінде төбелі жанған қара мойнын бұра салып қайта шапты. Ырсылдап қана үнсіз ұмтылған бөріге тауқара төбет кәдімгі ит­тердей арпылдап, қайта шауып жетіп, арпалыса түсті. Алдыңғы аяқтарымен айқасқа түскен бойда арлан ит тұқымдының алдыңғы қолдарындағы ересен күш жатқанын бірден сезді. Мұны құлақ шекеден ысыра соққан аяқтан бір сәт қауһарынан айырылып қалса да, арлан нағыз тағыларша, төрт аяғынан тақ тұрып қарсыласының құлақ шекесінен жұлып өт­ті. Азуындағы ет пен терінің иісінен оның анық ит тұқымдас екенін біле қойды. Бұл – ит, бірақ тағыланған ит! Атасы ит­тен жеңіліп көрмеген арлан қайтадан бір ұмтылғанда, қара төбелдің өзінен гөрі айласы басым тұстарын байқаған. Арпалыс үстінде өзінің сол таңбанының қалайша тауқараның аузына түсіп қалғанын байқамай, қасқырларша шаңқ еткен дыбысы шығып кет­ті. Бұл оның әлсірегені екенін анау да біле қойды.
Дәл осы кезде арлан қаншығы мен бөрішегінің шарқ ұрып, шаңқылдап арпалысқанын естіп те, көріп те үлгерді. Көре сала алдындағы қараға арс етіп, бір айбат шеге салып, аналарға қарай қарғыды. Барған бойда қарасұр алпауыт­ты арқасына кеп шаншылып, ала түскені сол екен соңынан келіп жеткен қара төбелде бұның жонына жебедей кеп қадалды. Асай-топыр, арыл мен гүріл…
Аспан асты, жер үсті топалаңға толды да кет­ті. Бұлар осы орында тұрып, ал жер беті өз-өзінен шыр айналып кетіп бара жатқандай еді. Қайсысы өліп, қайсысы тірі қалады?! Жарық дүние үшін арпалыс шыр көбелек айналып кет­ті.
Кенет аспан асты гүрс еткен жаңғырықтан қақ жарылды. Оқыстан шыққан үннің қар жамылған жер бетімен зымғай ұшқаны соншама, мынау ойпат­тан бірден қылт етіп шығып, әрідегі қырат­та талмаурап жатқан Керудің үстінен самғап өтіп, Әулиешоқы тауларына жетіп, тау-тасқа жаңғырығы соқтығысып, лезде осы ойпатқа қарай қайтадан құйындай үйіріле құлап келе жатыр еді. Тағылар бір сәтке ғана селт етіп тына қалған. Тек бөрішек қана оқыстан шаңқ ет­ті. Бір-біріне өлім сепкен өшпенділіктен атой салған тағылар өрт­тей қаптап, қан майданға қайта кірісе бергені сол еді, енді қыр басынан тағы да бір зор жаңғырық саңқ ете қалды. Әлгіндегі мірдің оғындай қадалған жаңғырық бөлек, мынау басқа. Бұл жолы жаңғырық үні ойпатқа ойыла құлап алып, жан-жаққа асықпай қоюлана, серпіле тарап бара жат­ты.
Тағылар есін жинап, тез тоқтады. Енді өздерінен де бөлек, бұлардан қауіпті алпауыт бір күш сыртын қамти төніп келе жатыр еді. Қыстың шытырман аспаны да замат­та тас төбеден қусырыла уыстап, тағыларды тұрған орындарынан тапжылтпай, байлап тастағандай. Өзара айқаспақ түгілі, тіпті тырп етіп, тыпырлауға да шамалары қалмапты. Бұл не бұларды байлап тұрған?!
Күшті жаңғырық тағы да саңқ ет­ті. Қолма-қол:
– Ай-йт! Ай-йй-т! Айтақ! – деген адамның күшті дауысы қараңғылықта қалықтай көтерілген бет­те сұр мен қара төбел бөрілерді арпылдай бассалды. Ит тұқымдастар тағы боп кетсе де, өздеріне адам баласынан келіп тұрған дүмпуді сезе салып, бойларына күш-қуат қарқындай қосылып, бөрілерді қайтадан бассалды. Ілкіде сәтін күтіп тұрған көкбөрілер әлгі екеуімен айқаса жүріп, ылдиға қарай жосылды. Дүрк қозғалғанда бөрішектің жанұшыра шаңқылдап, шоңқалақтағанын көрген бойда оқ бойы аза бастаған арлан қайырылып келіп, енді қарасұрмен арпалыса түсті. Бұл енді өлімге бас тіккен опат болу үшін емес, опат боп кетейін деп тұрған өзін де, үйірін де құтқару түп-тегімен жер мен көктің арасындағы жаратылыс өзіне берген тағылық тылсым қуат­ты әредік көрсете отырып, өлімнің жүзін жасқай жүріп сытылу. Қаратөбелмен айқаса қашып жүрген қаншығы ырсылдай жүріп бөрішектің сырт­тан, адамнан атылған оқтан жарақат алғанын білдірді. Екеуі ит тектес тағылардан қаншама қалқалап тайталасса да, бөрішек бірден қат­ты ұзап кете алмай, әйтеуір жорталақтай қашып кетіп бара жатыр. Ол ұзап кетсін деп мына екеуі майдан салғанмен, қос алпауыт мыналарды жұлмалай-жұлып өлтіріп бара жатыр.
Жер жаралғалы көкбөрілердің заңы біреу: ол қартайып, қуаты қашқан бөріні тау-тасқа қуып, қаңғыртып жібереді; үйірге қосыла алмайтын ілең-салаңдарды дұшпанға таба қылмай, өздері-ақ шайнап өлтіріп кетеді. Екінің бірі! Ал қазір онда өз бөрішегін өзі шайнайды!.. Әт­тең, шіркін, қол жетпей тұр. Азуымен алқымнан бір-ақ тартар еді…
Жотадан ойпатқа қарай жүгіре басып түсіп келе жатқан адамның қарасы көрінді де, әлгі күңіренген мол жаңғырық сол тұстан тағы да саңқ ете қалды.
– Ай-йт! Айтақ-ақ!
Ит тұқымдас қос алпауыт та осы мезет­те адам жаққа қорқынышпен үрке бір-бір жалт қарап алды да, бөрілерді азуға басты. Арлан бөрі бұлардан оңай құтылмайтынын білген соң, кілт бұрылып алды да, жота-жонмен тұп-тұра тауға қарай қаша жөнелді. Жонның етегін бүрмелеп жатқан тырбық бұталарды паналай жүгірген бөрішегін ерте-мерте қаншығы да қаратөбелге алдырмай тауға жосылып барады. Әлі кетіп, сансырай бастаған бөрішек қаншықтан бір озып, бір қалып әбден қиналуда. Қыр тағылары тау тағыларын мекендеріне қарай жөңкіле қуып барады…
Қыр-жотаның үстімен жосылып келе жатқан арлан бөрі мұны қиығымен-ақ көріп-біліп келеді. Бір кезде сыдыртқы бұталардың сыдырғы тоғайға ұласа берген қылта тұсында қаратөбелдің өзі қаншық бөріні жапыра қуып барып, қалыңдау нуға тығып жіберді де, соңында қиралаңдап жете алмай бара жатқан бөрішекті «шаңқ» еткізіп, бір шайнады. Арланның бедеу құлағына бөрішектің осы «шаңқ» еткен дыбысы, әлгінде ғана үшеуі таласа жеп алған адам сәбиінің «шарр…» еткен үні аумайтындығы таңғалдырды. Тұп-тура сол!
Арланға қуғын салған қарасұр да таудың ызғырығы бетін қаба бастаған соң арпалысын кілт тоқтат­ты да, сыңары шайнап жатқан бөрішектің қаны төгілген жерге қарай бет алды.
Сыдырғы тоғайдың ішіне кіріп кеткен қаншық бөрі қайта-қайта қыңсылай ұлыды…
Тау аңғарына бет алған арлан бөрі «ауп» етіп қысқа бір ұлыды да, қоя қойды.
…Жер кепеден таяқ тастам жерде ұзынынан сұлап жатқан адамды көрген Серхан оған қарай қалбалақтай жүгіріп жет­ті. Иығындағы қол мылтығының оқпаны мен қолындағы сақпанын жерге тастай берді де, тізерлеп отыра қалды. Әуелі мүлде танымады да, артынан бет-сұлбасынан қарындасын тани қойды:
– Ақ-ли-ма?!… Ақлимаш! Ойпыр-ай, сен қайдан жүрсің?
Серхан ешбір тіршілік белгісінсіз жатқан қарындасын шыр айнала шарқ ұрып кет­ті. Қармана жүріп, үстіндегі киімінің сау-тамтығы қалмағанын көріп онан сайын шошыды. Бір кезде ғана:
– Оу, балалар қайда? Олар қайда кеткен, а?..
Сонда ғана Ақлимадан ыңырсыған секілді бір дыбыс естілді. Серхан оған қолма-қол қайта төнді:
– Балалар қайда, Ақлима?!…
Тағы да дыбыссыз қалды. Енді Серхан айналасына жіті көз жіберді. Анадай жерде жабу секілді бірдеңе жатыр екен. Жетіп барып соны ұстай алғанда ғана, оның Тұрар екенін білді. Ар жағына жіті қарап, жүгіре жүріп айналасын шола түсіп еді, қардың беті аппақ, қылаң жоқ, жым-жылас екен. Қайта жүгіріп келіп, Ақлимаға төнді.
– Қызың қайда? Ақмоншақ қа-ай-да, Ақ-ли-ма-а?!
Сарқылып біткен Ақлима сол өлімтік боп жатқан қалпында Ақлиманың сол қолының ұшы ғана сәл көтерілді де, сылқ етіп қайта түсті. Ешқандай дыбыс шыққан жоқ. Аласұрған Серхан әріде әлгінде бөрілер асай-топыр болып жатқан ойпатқа таман жүгіре басып барды да, қар бетінен қарайған еш нәрсе көрінбегесін қайта қайт­ты. Келген бойда Тұрарды сүйрелеп әкеліп шешесінің қасына жатқызды да, Ақлиманың қан-жоса болып қисайып жатқан иығын көре салып, үстіндегі бешпетін шешті. Тізе мен балтыр тұсында қан толып кеткен. Бешпет­ті Ақлиманың иығына жаба салды да, Тұрарды сүйрелеп үйге ала жөнелді. Есікке жақындар-жақындамас бұрын сонадайдан айғай салды. Өлімсіреп хал үстінде жатқан анасының мүшкіл жағдайын біле тұрса да айғай салды:
– А-па-а! Ап-аа-ау?!…
Тұрарды сүйрелей тартқылап келе жатып, анасын жәрдемге шақырып келеді. Тас-түнек басқан үй жақ жым-жылас. «Әу» деген сыбыс естілмейді де. Тіпті кепеге кіретін сықырлауық та қың етпеді. Тұрарды көтеріп келе жатқан Серханның жүрегі зу ете түсті: анасы аштан өліп қалған шығар?!…
Серхан не болса да Тұрарды көтере жүгіріп, сықырлауықты тарта салып, баламен бірге табалдырыққа құлап түсті.
– А-па! Апп-а-оу?!
Сыз тартқан арғы түкпірден сырылдаған өлімші бір дыбыс естілді.
– А-па, сен мына Тұрарды ұстай бер… Ана жерде қасқыр талаған Ақлима өлгелі жатыр!
– Ыа-а-ды… Нн-не-е-ге?
Анасының дыбысы дәтке қуат болып, Серхан қайтадан далаға атып шықты. Жүгіріп Ақлимаға жеткенде, арғы жота-жонда бөрілермен жабайылардың арпалыса таласып бара жатқан қараң-құраң сұлбасы көрінді.
Тау тағыларын қыр тағылары қуып бара жатыр.
Керудің арғы жағындағы еңістегі Соғандыда отыратын топ үйдің адамдары осы ашаршылық басталғанда түгелімен қырылып қалған соң, жеуге тамақ таба алмай, кісілердің өлігін жеп, дәндеп алған қос төбет, бұл күнде адам түгілі аң-құс түгел шошитын қорқауларға айналған. Бет қаратпайтын тағыларға қосылған дүрегей төбет­тер аң жолықпаса, ат үстіндегі адамды құлатып, мал демей, адам демей, тарпа бассалады да, талап жейді. Олардың талай сұмдығын Серхан өз көзімен көрген. Сондықтан әлгінде қырдан адыраңдап келіп, өзекте жүрген қасқырларға олардың ойран салғанын байқап қалған Серхан «нартәуекел» деп оқшантайдағы бір кәртеш оқты құйындай арпалысып жатқан топтың дәл ортасын көздеп атқан. Артынша, олар адамнан үркіп жүрсін деп бір-екі рет сақпан тарт­ты. Арпылдаған төбет­тер мен ұлыған қасқыр үнін ести сала, Серхан тағы да сақпан тарт­ты. Қыр-жота мен даланы ауыр жаңғырық үні қайта басты.
Ақлиманы арқалай демеп, мылтығы мен сақпанын сүйрете Серхан да үйге бет алды.

 

 

 

 

Әшірбек Көпіш

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір