Нағашыбек Қапалбекұлы. Ажал сепкен айырпландар
23.05.2022
2196
0

Нағашыбек Қапалбекұлы

Омарбектің Ішкі істер халық комиссариатының лауазымды өкілі мен Ұзынағаш аудандық милиция бастығын атып өлтіргені жайлы хабар Алматыдағы күллі кеңес басшыларын дүр сілкіндірді. Ұзамай Орталық Комитет­тің бір мәжілісі Омарбек бастаған көтеріліске арналып, оны қалай басып-жаншу туралы үлкен мәселе көтерілді. Мәжіліске Қазақстан партия ұйымының басшысы Голощекиннің өзі қатысып, аталмыш бүлікті тез арада басып, бандылардың топтарын жойып жіберуді республикалық НКВД мен ОГПУ басшыларына қатаң тапсырды. Мінбеге шығып алған ол ОГПУ-дың Алматыдағы өкілет­ті өкілі Альшанский мен НКВД бастығы Матвеевке қат­ты шүйлікті:
– Сендердің жұмыстарыңның осалдығынан елдің әр түкпірінде бұрынғы байлар мен контрреволюцияшыл топтардың құйыршықтары бас көтерген бүліктер көбейіп кет­ті. Бостандықтағы, Бетпаққарадағы, Райымдағы, Созақтағы осындай бүліктердің барлығы – сендердің ел арасында кеңес тәртібін орнату жолында нашар жұмыс атқарып жүргендеріңнің салдары. Міне, енді Ұзынағаш маңында контр Жантаев басқаратын бандылар көтеріліпті. Өздеріне тек жақсылық әкелетін кеңестік жүйеге көнгісі келмейтін, өңкей жалқау, жатыпішер арамтамақ, сонымен қоса, әліпті таяқ деп білмейтін сауатсыз түземдік қазақтар қалай ғана бір баскесердің сөзіне елтіп, кеңес үкіметіне қарсы қару көтермек болған?
Расында, кілең білімсіздердің осылай бір жерге қалай бас ұйыстыра қалатындарына қат­ты таңым бар. Бірақ мен олардың іс-әрекетін, не мақсатпен бір ортаға бірігіп, көтеріліс жасамақ болғандарының себебіне үңіліп, талқылап жатпаймын. Бірақ қайдағы бір тау кезген қарақшы түн ішінде келіп, білдей НКВД қызметкері мен аудандық милиция бастығын атып кетуі – не деген сұмдық, не деген масқара! Кеңестік милицияның қырағылығы, батылдығы қайда?!
Сендерге бұйрық! Тура ертеңнен жақсы қаруланған үш отрядты жасақтап, Ұзынағашқа ат­таныңдар! Ондағы басбұзарлардың бұзақылығы екі күнде басылатын болсын! Бұдан басқа ниеті бұзылған, пиғылы қисық тартқан елді тәртіпке келтіру жолында қандайда бір қатаң жаза қолданыла беруіне рұқсат етемін.
– Жолдас Голощекин, рұқсат па? – деді көзілдірігін жарқыратып Матвеев, – өткен жиналыстан кейін біз сіздің рұқсатыңызбен төмендегі командирлерге арнайы бұйрық жолдағанбыз. Бұйрықта бүлік шығаруға талпынған ауылдардың үстінен самолет ұшырып, көтерілісшілерге қарсы үгіт қағаздарын таратуды тапсырғанбыз. Өкінішке қарай, бұл ұсынысымыз әлі іске асқан жоқ. Біріншіден, осыны жүзеге асырып көрсек. Екіншіден, бандылардың барлығы биік тау шатқалдары мен үңгірлерге бекініп алған. Расын айтсақ, қызыл отрядтарға биікте орналасқан олармен соғысу қиынға түсейін деп тұр. Сондықтан бізге биік жерге ұшып бара алатын пулеметі бар ұшақ берілсе екен деген өтінішім бар.
Голощекин келте теке сақалын шошаңдатып, оған жекіп берді:
– Ұшақпен үгіт-насихатқа толы листовка тарататын Ұзынағаштағы ауылдардың адамдары бізбен соғысып жатқан жау ма еді, әлде, жау тылында қалған ел ме еді?! Өз қарауымыздағы аудандардағы адамдарға үгіт-насихат толы листовкаларды тарату деген – естіген құлаққа күлкілі әрі біздің осал тұсымызды көрсететін нәрсе емес пе? Сіз бұны қалай айтып тұрсыз?! Ал таудағы бандыларға ұшақ қолданайық деген өтінішіңізге қосыламын. Ол жаққа ат­танатын отрядпен бірге пулемет­термен және артық оқ-дәрі артылған үш ұшақты дайындаңыздар!
Үш күннен кейін, нақтысы – 1931 жылдың қазан айының жетісі күні сапында жүз қарулы солдат және сексен милиционер бар үш отряд Ұзынағашқа қарай жолға шығатын болды. Үш ұшақ отряд тауға жеткен күні Алматыдан ұшып шығатын болып келісілді.
Бұл хабарды естіген Омарбек дереу ауыл-ауылдарға шабарман ат­тандырып, екі күннің ішінде Суықтөбе етегіндегі Сарыжазықта үш жүз елудей жігіт жинап алды. Жүз шақты жігіт­терде ғана мылтық бар. Олардың көбісі оғы алысқа ұшпайтын шиті мылтық. Әскери винтовкалар он шақты. Қалғандарының бәрі шоқпар-сойылмен қаруланған. Омарбек кешке әр ондық пен жүздікке басшы боп жүргендерді жанына жинады.
– Бұрын сәбет әскерлерімен тиіп-қашып соғысып жүрдік. Ендігі соғысымыз зор болмақ. Сәбет­тер бұл жолы жақсы қаруланған үш жүздей әскер мен «мілісалар» ат­тандырыпты. Қалай ойлайсыңдар, соғысуға шамамыз жете ме?
Жиналғандардың барлығы соғысуға бел шешіп кірісіп келген-тұғын. Сондықтан да ешкім «соғыспай-ақ қояйық» деген жоқ. Қайта:
– Осы жолы өкімет әскерінің меселін бір қайтарайық!
– Бұрынғы қиналғанымыз түк емес, өткен айдан бері елде аштықтың шеті көріне бастады. Жұрт­тағы азын-аулақ қалған астық-малды белсенділер түгел тартып алып жатыр. Бәріне ауылдағы белсенділермен қатар қаладағы қызыл дөкейлер кінәлі. Қашанғы бұғып жатамыз. Не аштан өлейік, не зорлықшыл өкіметпен алысып, жастығымызды бірге ала өлейік!
– Өкімет қарулы милициясымен, мылтықты әскерімен қорқыта-қорқыта біт­ті ғой. Өмірі бұлайша қорланған жоқ едік, «Жылантақыр» жұтында да бұлай ашыққан жоқ едік. Қой да бауыздалып, өліп бара жатқанда бір тұяқ серпиді ғой. Шоқпарға іліккен түлкі де өлерінде бір қыңсылайды. Солар құрлы болмағанымыз ба?
– Соғыспасақ, несіне жиналдық мұнда? Соғысқысы келмегендер қайтсын, ұрысқа бел шешкендер қалсын!
– Иә, дұрыс, көкпар шауып, қыз қууға жиналған жоқпыз ғой. Шоқпар ұстаған әрқайсымызға бір солдат­тың басына еш болмаса, бір ұру бұйыратын шығар, – десіп шулап кет­ті.
– Онда келетін әскерді лайықты қарсы алатындай жер таңдайық.
– Өзің қай жерді таңдар едің? – деді Сматай.
– Таңдауды маған салсаңдар, тап қазір жоғары өрлеп барайық та, Суықтөбенің бел ортасындағы Қияқты беткейінің үш жағына үшке бөлініп орнығайық. Бірінші топты Сматай басқарып, күншығыс жақтағы беткейде тұрған жартастардың түбіне бекінсін. Екінші топқа Шалтабай басшылық жасап, батыс бет­тегі Қастек бұлағының астындағы етектен келетін жолды бақылауға алсын. Ал мен, өзіммен қалатын жүз жігітпен Қияқты мен Қоңырдың ортасындағы шатқал алдына бекінейін. Ол жер тура Суықтөбенің басына апаратын жол. Бізге келетін әскерлер осы үш жолдың біреуімен жүретіні хақ. Өйткені Суықтөбенің басына қарай шығатын басқа жол жоқ.
– Суықтөбенің басына қарай Қияқты мен Қоңырдың алдындағы жолдармен асу қиынырақ. Одан кейін ол жолды әскерлер білмейді де. Ал әскер ат жүрісіне оңай шатқал алдындағы еңіспен келуі кәміл. Сол үшін де, әр жаққа бөлінбей, бәріміз шатқал алдында бекінсек қайтеді, – деді Сматай.
– Сеніңше, таудың жолын білмейтін әскерлер мен мілісалар ат өрмелеуге оңай шатқал алдындағы тура қиялы жолға түсіп алып, келе береді дейсің бе? Олар да ақымақ емес, әр ауылдан тау жолын, шатқал-құзын жақсы білетін адамдардан жолбасшы ертіп алады. Осы себепті әскер келуі ықтимал жолдардың бәрін жауып тұрғанымыз жақсы. Алда-жалда бар әскер бір-ақ жолмен жүретін болса, біздің арамыз жақын ғой, демде бір жерге ұйыса саламыз.
Қол бастаушылар осы сөзге тоқтасты. Әркім өз қолдарын сапарға қамдауға кеткенде, Омарбек көптен бері қатарында үзеңгілес болып жүрген Жаушыбайды шақырды. Оны өзгелерден оқшау шығарып, былай деді:
– Жаушыбай, алдағы соғыс оңай болмайтын түрі бар. Өзің де түсінерсің, ал түсіндіріп айтсам, біз алып арыстанмен, иә көп арыстанмен айқасқа түскелі тұрған аз ғана бөріміз. Бәлкім ойлаған мақсатымызға жетерміз, бәлкім жетпеспіз. Қалай айтсам да, енді артқа қайтар жол жоқ. Ертеңгі болар ұрыстан соң біз қандай күйге түсеміз, бізге тілеулес болған ел қандай күйге түседі, ол жағы да бір Құдайға аян. Сен бұл соғысқа қатыспай-ақ қой. Саған бір тапсырма берейін. Оны орындау – соғысқа қатысқанмен бірдей, тіпті одан да ауырлау болар.
– Не жұмыс тапсырмақсыз сонда?
– Егер біз осы соғыста жеңілсек, болмаса өзім анау-мынау боп кетсем, өкімет маған жақын жүрген, күресте өзіме тілеулес болған бір топ ағайындарыма да тыныштық бермесі кәміл. Сол үшін де Өтептің Болпашы мен Тайторыдан тараған әулет­ті елден жырақтатып, қырғыз асырып жіберші. Ең болмаса, солардан өсіп-өнген өрендер тыныш заман кешсін. Қазір елге қайт та, осы жұмысты қолға ал! Жақын күндері бізбен әуре болатын өкімет әскері сендердің көштеріңе әзірше назар сала қоймас. Егер бәрі жақсы аяқталса, оларды кейін көшіріп әкеле салу қиын болмас.
Жаушыбай ойланып тұрып қалды. Омарбек «Бар, енді!» деп қат­ты бұйырды. Жаушыбай атына мініп, еңіске, елге қарай кет­ті.
Көтерілісшілер Суықтөбенің ортасындағы үш бекініске бекінді. Бесінші күні төменгі Ортабелде қалған жол аңдушы жігіт­тер келді алқынып. Қызыл отряд екіге бөлініпті. Бір бөлігі Қияқты беткейіне қарай өрлепті. Екінші тобы тура Омарбектер бекінген шатқал алдындағы асуға ілігіпті.
Кешікпей Омарбек тобындағы жігіт­тер ылди жақтан бірінен соң бірі шұбап келе жатқан ат­тылы-жаялы қарулы кісілерді көрді. Әскерилердің кейбірі сұр-көкшіл, кейбірі әппақ форма киген. Омарбек Қоңыр бастауының үстінде жатқан Шалтабайға шабарман жіберіп, оған тезірек келіп өзіне қосылсын деді. Шалтабайлар бір сағатқа жетпейтін уақыт­та келіп қалды. Ал ылди бет­те мимырт жүріспен жылжыған әскерилер шатқал алдына бірте-бірте жақындай түсті. Тура екі сағат өткенде, қазақша мезгілмен күн бесінге таяған тұста әскерлер Омарбектерге тіпті тақап келді. Шатқалға жүз-жүз елу қадамдай жерде ойпаңдау тегіс бар еді. Әскерилер сол жерге тоқтап, иірілесе қалды. Өзара бірдеңені ойласқан болуы керек, аздан кейін екі жаяу әскер топтан бөлініп, шатқалға қарай өрмеледі. Барлауға шыққандар-ау, әр үлкен тастың қасына келгенде бір тоқтап, алдыға мойындарын соза қарап, баяу өрмеледі.
Бұл кезде көтерілісшілердің барлығы шатқал түбіндегі тастардың панасында жатқан. Омарбек жанындағы Құлбекке:
– Жаныңа екі-үш жігіт­ті ал да, аналардың артынан айналып барып, өздерін қолға түсірші. Абайла, дауыстары шықпайтын болсын, – деді.
Үш жігіт­ті ерткен Құлбек табанда шоқы-шоқы тастарды паналап, еңіске жүгірді. Тура иек астындағы ылди бет­те тастар шоғыры көп болғандықтан, Құлбектер демде көзден таса болды. Екі барлаушы да сондай тастардың панасына кіріп кет­ті ме, олардың да сұлбалары байқалмай қалды. Әлден соң біреудің жан дауысы шығып, әскерилерді көмекке шақырды: «Жолдас командир! Бандылар осында екен!» Бірақ Құлбектер ұрып өлтіріп қойды ма, әлде, аузын жауып үлгерді ме, артынша үні өшті. Есесіне, оның бақырғанын естіген әскерилер жапа-тармағай тұра келіп, асығыс түрде жоғары өрмеледі. Біраз өрмелеп келгеннен кейін жоғарыға қарата оқ борат­ты. Біреуі айқайлады: «Ей, бандылар, беріліңдер! Бізбен атысып, еш береке таппайсыңдар! Одан да қаруларыңды тастап, қолдарыңды көтеріп, түсіңдер төменге!»
Әр солдат әр тасты паналап, шатқал алдына таяды. Енді жартасқа қарай ашық жер жоқ. Беткейдің бәрін шоқы-шоқы үшкір тастар басқан. Үшкір тастардың түптерін паналаған жау жоғарыда тұрғандардың нысанына ілігуі қиын. Осыны сезген Омарбек адамдарына бұйырды:
– Жігіт­тер, атыңдар, қарайған солдат­тың бәрін!
Сол-ақ екен айнала қым-қуыт тарсыл-гүрсілге толды да кет­ті. Жоғарыға өрмелеген бірнеше әскериге оқ тиіп, замат­та төменге домалады. Мылтығы жоқ көтерілісшілер тастарды домалатып ылдида тұрған жауларына қарсы борат­ты. Аналар да қарап тұрмай, қылтиып көрінген көтерілісшілерді қағып түсіріп жатыр. Кімнің не айтып жатқаны, кімнің өліп, кімнің жараланып жатқаны белгісіз, айнала демде өкірген, бақырған, боқтаған дауысқа толып кет­ті. Тасқа тиген оқтардың ызылдағын шыңылы, қызыл отряд командирлерінің бей-берекет айқайлаған дауыстары, көтерілісшілердің «аруақтап» ұрандағандары, «апалап», «ойбайлап» өкіргендері әп-сәт­те тау ішін азан-қазанға толтырды.
Әлден уақыт­та кеш түсіп, күн ұясына қонды. Қызыл командирлер өз сарбаздарына кері қайтып, еңіске түсуді бұйырды. Арада бірнеше минут өткенде әскерилердің барлығы сонау төмендегі оқ жетпейтін ойпаңға түсіп, көрінбей кет­ті.
Атыс-шабыс тоқтады. Омарбектің сапындағы жігіт­тердің көпшілігі мұндай соғысты бірінші рет көрген-тұғын. Содан ба, атыс тоқтаған кезде бірден бас көтермей, сүт пісірім уақыт орындарында тапжылмай жат­ты. Тек Омарбек «Келіңдер!» деп айқайлаған соң ғана оның жанына жиналды. «Қаншауың тірі, қаншауың өлісіңдер?»­­­ – деді Омарбек сарбаздарына. Оларда үн жоқ. Жаңағы атыстың қорқынышты әсері біразының бойларынан әлі кетпей тұрған сынды. Тек Шалтабай сөйледі:
– Қараңғы болып, өлгендерді анықтай алмадым.
Түн жарымына дейін көтерілісшілер қараңғылықта түртпектеп жүріп, жараланғандар мен өліктерді бір жерге жинады. Жаны барларға көмек көрсет­ті. Мезгіл түн жарымы болды-ау деген мезгілде Омарбек оқ-шоқтан амандарының бәрін ертіп, Қастек өзені бойында жатқан әскерилерге қарай ылдиға түсті. Әскерилер жатқан ойпаңға жете бергендерінде, бұларды шет­те тұрған қарауылдар байқап қойып, бірден атыс басталды. Көтерілісшілер оларға үш жақтан шабуылдап, біраз қырғынға ұшырат­ты да, дереу жоғары жылыстап кет­ті. Бұл шайқаста Омарбек он бестей жігітінен айырылды, жиырма шақты жігіті жараланды.
Қияқты жақтағы Сматай қолының халі нешік болғаны беймағлұм, ал бұл жақтағы көтерілісшілер де, қызыл әскерлер де түнді ұйқысыз өткізді. Таң ата Омарбек сарбаздарын кешедегідей шепке тұрғызды. Алайда төмендегі әскерилер жылжыған жоқ. Мезгіл сәскеге көтерілді. Қарсы жақ тым-тырыс күйде. Түс қайт­ты. Аналардың шабуылдар түрі жоқ. Тек күн екіндіге таяғанда олар қыбырлай бастады. Көтерілісшілер де соғысқа дайындалып, әр тастың қуысына тығылды. Осы кезде Сматай тобынан екі жігіт келді. Екеуінің үсті-бастары дала-дала, қызыл ала қан. Ентіккен күйлері Сматай қолының быт-шыт болғанын жеткізді. «Көп адамымыз оққа ұшты. Ішінде Сматай батыр да бар. Көбіміз жараландық, көбіміз тірідей қолға түстік» – деді ұзын бойлысы.
Омарбек қат­ты жабырқады. Бірақ езіліп, әрдеңені ойлап отыратын уақыт емес еді. Төмендегі әскерилер тағы жоғары өрмелей бастаған. Жүз қадамдай жоғары көтерілгендерінде сонадайдағы аспаннан гүрілдеп ұшып келе жатқан үш ұшақ көрінді. Омарбектің есіне әнеукүнгі Новиковтың папкісіндегі бұйрықта жазылған сөздер түсті. Онда көтерілісшілерді ұшақпен атқылау керек деп жазылған болатын.
– О, Құдай, анау не пәлелер?! Айырплан деген осы ма? Құдай, енді төбеден жауған оқтан құтылып көр, – деп күңіренді біреу.
– Иә, иә десейші… расында-ау, ендігі күніміз не болады? – деді екіншісі.
Артынша аспаннан алапат бастала төніп, тау ішін жаңғыртқан гүріл басты. Омарбек бар дауыспен айқайлады:
– Қорықпаңдар, бауырлар! Айырплан өте төмен ұшады. Мергендер дәл атса, құлап тасқа соғылады!
Гүрілдеген ұшақтар шатқалға демде жақындады. Бірақ оқ атқан жоқ. Үшеуі де көтерілісшілердің үстімен ұшып өт­ті де, анадайдан кері бұрылып қайта жақындады. Ұшқыштары жаңа бұлардың жатқан жерін әбден байқап өткен-ау, жақындай бере пулеметімен оқ жаудырды. Кешегі атыс түк емес екен, шын ақырзаман енді басталғандай болды. Ұшақтың гүрілінен бетер гүрсілдеген пулемет оқтарының дауысынан тау тілініп, қара жер айырылып, тау-тас дірілдегендей болды. Тау тілінсе құз-шатқалы бұзылмайды, қара жер айырылса түгел жарылып кетпейді. Бәрібір мәңгілік қалпы мен түр-тұрқынан айнымайды. Ал адам өлсе қайтып тірілмейді. Мына жарық дүниені біржолата қапас, бәлкім – тамұқ, бәлкім – жұмақ әлемге айырбастайды. Бірақ кімге қалай? Күнәдан таза пендеге – жұмақ, күнәға көп батқанға – тозақ бұйырмақ. Мұсылмандық ғақлия солай дейді екен. Ал ел үшін, аш жұрт­тың мұңы үшін, қасиет­ті жері үшін күрескендер қайда барады?
Үш ұшақ үш жақтан ажал оғын жаңбырша жаудырғанда, талай жас жігіт қорқыныштан құлақтарын қолдарымен басқан күйлері, тажал сепкен лағынат атқыр зуылдаған оқты көрмеуге жұмған көздерін аша алмаған күйлері шейіт болды. Талайы жау жағасына қолдары жетпей арманда кет­ті. Тағы біреулері Құдайды да ауыздарына алуға үлгермей, замат­та жан тапсырды. Анау, о дүние деген әлемге. Қайсысының қайда барары – жұмаққа ма, тозаққа ма, ол жағы енді бір Құдайға ғана аян. Шабуылдаушылардың өлгендердің жаны қайда баратындарында шаруасы жоқ. Олардың шаруасы – кеудесінде жаны, бойында қуаты бар қарсыласқа өлім құштыру. Өлгендердің жан-рухы қайда ұшса, онда ұшсын, тәні тірі қалмаса болды.
Ұшақтар тек оқ жаудырып қойған жоқ. Көтерілісшілердің үстерінен жарылғаш зат­тар да тастай бастады. Тура тиген гранатаның жарықшағынан, пулемет­тің оғынан ажал құшағына еніп бара жатқан, одан қалды, шалыс келген оқтан, жарылған жарықшақтан ажал құшпай, жан дауыстары шыға өкірген, бақырған сарбаздардың үрейлі үндері бүкіл дүниені көшірді, күллі Суықтөбенің үстін айқай-сүреңге толтырды. Сау адам осынау азалы мезет­тің шуылын құлағымен есітер, ал жаны үзілгені – мұндай аласапыран шақтың дабырасын түйсік-санамен о дүниеге әкетіп жатыр.
Көтерілісшілердің осылайша шат-шәлекейлері шығып жатқанда, төмендегі әскерилер де өршелене ұмтылып, таяп қалды. Сәлден соң олар тірі қалған көтерілісшілермен қоян-қолтық ұрысқа кірісті. Сөйтіп, бір демде шатқал алды кімнің кіммен төбелісіп жатқаны, кімнің кімді қалай өлтіріп жатқаны беймағлұм, қай жақтың да сарбазы қарайған қарсыласын қалай төбелегені, шоқпар-сойылмен, мылтық дүмімен ұрғаны белгісіз болып, қым-қуыт майдан даласына айналды да кет­ті.
Қашанда мұндай шайқаста қаруы күшті, саны мол жақ жеңіске жеткен. Өкімет әскері көтерілісшілердің қатарын сиретіп, бірте-бірте өршелене бастады. Екі аяғымен жүруге жарамды көтерілісшілердің кейбірі ұрысты тастап, қашып құтылуға тырысты. Кейбірі өліспей беріспеймін деген ниетпен қарсы келгендермен алысын тоқтатқан жоқ. Омарбек алдында қарсы келген төрт әскериді жайратқан. Командирлерінің бұйрығы болды ма, бір кезде оған бес-алтауы жабылды. Бірақ бәріне бой бермей, қолына түскенін ары да, бері де лақтырды. Бірақ олар көп, біреуін лақтырса, екіншісі, одан үшіншісі келе берді. Бір әскеримен алысып жатқанда, басқа біреуі келіп, мылтығымен мұның тізесінен құлаштай соқты. Соққының қат­ты болғаны соншалық, екі аяғынан тұра алмай төмен шөге берді. Қай кезде қайдан келгені белгісіз, Құлбек жетіп келіп, әлгі екеуді бір-бірлеп ат­ты. Сосын Омарбекке айқайлады:
– Кет­тік, кет­тік, мына құздың жанындағы жолға бір жетсек, ұстатпай кетеміз!
Омарбек бір сәт есін жиып, жан-жағына қарады. Жігіт­терінің қатары тым сирепті. Дәл мұндай сәт­те оларды тастап кетсе, өзінің несіне сардар болғаны.
– Жоқ, ешқайда кетпеймін! Соңғы демім біткенше алысып өлемін! – деп ақырды.
– Сені өлтірмей, тірідей қолға түсірмек бұлар. Сөйтіп, тірідей азапқа салмақ. Кет­тік деген соң кет­тік! Кейінгі кек алатын күндерді де ойласайшы!
Омарбек Құлбектің құшағынан бұлқынып шығып, тура алдына келген солдат­тың бетін мылтықтың ұңғысымен соқты. Солдат соққыны тигізбеуге әрекет­теніп, басын тартып қалғанда, ауру тізесі нық тұрып қалуына мұрша бермей бұл өз екпінімен алға қарай ұшып түсе жаздады. Құлбек бұған тағы жабысты. Екінші қолынан Сарманбай ұстап, иығынан тағы бір жігіт артқа сүйреледі.
– Қайда?! – деп ақырды бар дауысымен. – Соңыма ергендерді қалай тастап кетемін!
– Ендігі ұрыста пайда жоқ. Ендігі – тек өлім!
– Бәріне айқайла! Кейін шегінсін! – деді Омарбек ышқына.
Осылай айқайлаған Құлбек алдындағы солдат­тарға оқ жаудырып, мұны артқа сүйрей берді. Алдыңғы жақтан Құлбектің атқанын елемей, бір милиционер шыға келді де, наганымен Омарбекті бір ат­ты. Оқ тура иығына тиді. Сол қолы әп-сәт­те істемей қалды. Сарманбай наганын тағы кезене берген әлгіні бір оқпен жайрата салды да, Омарбекті сүйреледі. Сәлден соң бәрі шатқалдың бір бұрышындағы қуысқа кіріп кет­ті. Осы қуыста Суықтөбенің ең басына қарай бір адам ғана өрмелеп шығатын қия жалғызаяқ жол бар. Алдымен Сарманбай өрмеледі. Құлбек оның соңынан Омарбекті итермеледі. Бір жағы жан ашуынан, бір жағы ішін тырнаған ызадан өзін билеуден қалған Омарбек Құлбектің ыңғайына көніп, жоғары тырмысты.
Бұрын ол бұл бұралаңдаған шөп өскен жолмен талай жүрген. Ол кездері құз басына тез шығып кететін. Ал бүгін құз басына шыққанша қара тер көміп, әбден әлі кет­ті. Бәрі тау басына шыққанда Құлбек уһ деп бір күрсінді:
– Құтылдық-ау, әйтеуір.
Ал Омарбек мына дүниеден баз кешкендей, меңіреу адамдай қалыпқа түсті. Өйткені оның жүрегіне түскен ауыр да азапты қайғыны өзінен басқа ешкім сезе алмайтын еді. Содан ба, иығы мен тізесінің ауруын, тіпті жарақатын таңып, аузына су тамызып жатқан серіктерінің әрекетін де сезген жоқ…
Ұрысты басқарған полковник Матвеев Голощекинге былай деп қуана телеграмма жіберді. «Қазақстандағы бүкіл партия басшыларының, ОГПУ мен НКВД қызметкерлерінің түн ұйқысын төрт бөлгізіп мазалаған Ұзынағаштағы Омарбек бастаған халық көтерілісі басып-жаншылды. Көтеріліске қатысқан он бес адам ұсталды, банды оққа ұшты. Ұсталмай кеткен Омарбекті НКВД-ның тыңшылары мен оның жер-жердегі белсенді жансыздары шарқ ұрып іздеді. Іздеу бір жылдан астам жүргізілді. Таппаған соң оны тірілердің қатарынан сызып, 1931 жылғы күзде өткен Суықтөбе басындағы атыс үстінде өлген» деп тұжырым жасады.
Омарбек ол соғыстан тірі шыққан. Ауыр жараланған оны Құлбек пен Сарманбай қос қолдап көтеріп, Белтау жақтағы қырғыз ағайындардың арасына апарған. Сарманбай Белтаудағы бір танысының үйіне оны жасырын ұстап емдет­ті. Қанша дегенмен де жасы қырықтан асып кеткен Омарбектің оқ тиіп быт-шыты шыққан иығы мен бұғанасы, мылтықтың соққысы тиіп, жарылған тізесі әрең жазылды. Арада төрт ай өткенде ғана жараланған жерлерінің ауруы басылып, аяғы мен қолы бұрынғыдай икемге келді. Содан жайлап-жайлап атқа отырып, өзін шынықтырды.
Сонша жұрт­ты көтеріліске бастап, түк шығара алмағанына қат­ты налып, өз-өзін кінәлаумен өлердей өкінді. «Сол соғыстарда әр шаңыраққа тұтқа, елге пана болған небір жігіт­тер қыршын кеткенше, ылғи алдыңғы шепте жүрген мен неге өлмедім» деп, неше ай іштей күйінген. Жанын жеген небір жауапсыз сұрақтар санасын қарып, жүрегін жаншып, бауыр еті езілген.
Қанша дегенмен тумысы қатқыл жүректі, онша көп қайғыға беріліп, езіліп кетпейтін қатал мінезді Омарбек, бірте-бірте ауыр ойлардан арыла бастаған.
Құлбек қыста еліне кеткен. Омарбекпен ырзаласып, біржолата кеткен. Сарманбай да Омарбек далаға кіріп-шыға бастаған соң ауылға барып келейін деп кетіп еді, бірақ үш ай болды, әлі оралмады. Көктемнің аяққы мезгілінде өзіне пана болған қырғыз Манатбайға алғысын білдіріп, атқа қонды. Бағыты – Суықтөбе. Елге жақын барып, жұрт­тың қал-жағдайын білмек. Мұнда жатып естуі бойынша, елде сұмдық ашаршылық болып, көп адам қынадай қырылып жатыр екен. Төрт ай төсекте, бір ай бос жүргенде тосын бір шешімге келген. Ал Омарбек қандайда бір шешімге келсе, оны орындамай қоймайтын әдеті бар.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір