Тоққожаның портреттер галереясы
28.04.2022
1408
0

Бейнелеу өнерінің белгілі шебері Тоққожа Қожағұловтың бала күнгі арманы суретшілік өмірінің мәніне айналды десек, артық емес. Бұлақтың тұнық суына қанып, әсемдік пен әдемілік өлшемін табиғаттан үйренген Тоқаң – ғұмырын өнерге арнаған жанның бірі. Балалық шақта жерге сызған сызықтары тасқа қашалған суреттердей тағдырына мөр салды. Мұны қазақта «маңдайына жазылған» дейді. Суреткерлік мамандықты адам таңдай алмайды, ол оның тағдырына жазылса керек. Ақындық, суретшілік, композиторлық – адамның өн бойына біткен дарын. Оның аңсары – еркіндік пен бостандық. Ол – табиғи жаратылыспен біте қайнасу.

Адам әлемнің кішкентай бір бөлшегі ретінде айналасымен етене байланыста болады, қоршаған орта арқылы өзін танып-біледі. Суретші өзін қоршаған дүниені танумен қатар, адам адам болып жаратылғалы бері қойылып келе жатқан «Мен кіммін?» деген терең мазмұнды, философиялық сұрақты өзіне қайта-қайта қойып, соған жауап іздейді. Осы тұрғыдан қарайтын болсақ, суретші – философ.
«Портрет» ұғымының қарапайым түсіндірілуі – адамды бейнелеу. Қарапайым бейненің астарындағы терең мазмұн бізге ашылған сайын, оның мағынасы да тереңдей түспек. Осы бір өнердің түрін суретші шығармасымен байланыстырар болсақ, оның картиналарындағы анасы мен әкесінің, жан жары мен балаларының портреттері, қазақтың ірі тұлғалары Абай, Жамбыл, Мұқағали, Әуезов және қазақ батырларының портреттері, өзін бейнелеген автопортреттері – кес­кіндемешінің адам болмысын зерттеудегі шығармашылық ізденістері. Өзінің көзқарасынан, ішкі рухани болмысынан, терең жан тебіренісінен туындаған өнері – суретшінің өзіндік Мені. Суретші туындысында өзін қоршаған ортадан бөліп қарамастан, тұтас дүниемен біртұтас бірегейленеді. Портрет – адам болмысының бір көрінісі.

Орындалу шеберлігімен, терең мазмұнымен ерекшеленетін суретші портреттерінің ішіндегі шоқтығы биігі – «Мұқағали» портреті. Мұқағали бейнесінің көркем құндылығы – компози циялық, реңктік шешімінде. Онда қазақтың ақиық ақынының бейнесі айқын көрінген. Тұлғаның толық портретін ашуда Қожағұловқа тән шынайы баяндау туындының басты ерекшелігі болып есептеледі. Мақатаев портреті 1988 жылы салынған. Халықтың да, суретшінің де көңілінен ақынның бейнесі әлі алыстай қойған жоқ. Шайырдың шығармашылығы мен болмысы – санамыз бен жүрегімізде, суретші де ақын бейнесін осы контекстен шешкен. Картинаның алдыңғы жағында кітаптар, телефон, бояуы кебе қоймаған «Лениншіл жас» газеті, жаңа ғана кесееге құйылған ыстық шай, жазуға арналған ақ парақ пен оның үстіндегі қаламсап орналасқан ақынның жұмыс үстелі ап-айқын бейнеленген. Үстел үстіндегі зат­тардың орналасуының өзі ақынның жұмыс үстінде екенінен хабардар етіп тұр. Мұқағалидың оң шынтағын орындығына тірей, иегіне қолын қойып, ойлы өткір көздерін қадай қарап, жұмыс креслосындағы отырысы, суретші қиялынан емес, натурадан жазғандай әсер береді. Картинадағы ақынның арт жағында орналасқан сөре толы кітаптар, кішігірім мүсіндер, қабырғада ілінген картина, бұлардың барлығы көмескі, бұлыңғыр бейнеленген. Мұндағы суретшінің бар назары ақын бейнесін ашуға бағытталған.

Бейне сурет өнеріне тән бір сәттілік заңдылығына құрылған. Яғни ақынның бүгінде аңызға айналған бейнесі мен шынайы өмірдің бір сәті оның бүкіл ғұмырын ашып тұр. Осы туындыда манадан бері айтылмаған бір нәрсе бар, ол – сағат. Ақынға қаратылған сағат – өте маңызды, терең рәмізді. Оның уақыт көрсететін тілі Мұқағалиға қаратылған, яғни ол – оның уақыты. Ақынға берілген өз өмірі. Сонымен қатар бұл туындыдағы шеберлік, композицияны өзіне бағындырып ұстап тұрған деталь – оның түстік шешімінде. Қараңғы мен жарық кереғарлығы өте үйлесімділікпен шебер орындалған. Оң жақтан түскен жарық ақын бейнесінің бетін, ақ жейдесі мен қолын айқындап, үстел үстіндегі газетке акцент береді. Тіпті картина осы жарықтың бойымен оқылады десек те қателеспейміз. Жарық пен қараңғының кереғарлығы, ақынның драмалы бейнесін күшейте түскендей. Композицияда Мұқағалидың отырысында да бір еркіндік бар. Ол ақынның поэзиядағы еркіндігін меңзеп тұр.

Кескіндемеші асқан шеберлікпен бейнені сурет өнерінің біртұтастық заңдылығына бағындырған. Мұқағалидың поэзиядағы еркіндігін, ішкі қайрат­тылығы мен қуатын көрсететін ерекше туынды.

Портретті бейнелеуде адам көзі – оның жан дүниесінің айнасы. Тоққожа Қожағұлов өз туындыларында көзді бейнелеуге аса көп көңіл бөледі. Сондай жұмыстарының бірі – 1991 жылы майлы бояумен кенепке жазылған «Әке» портреті. Қолына күміспен, тастармен әрленген таяғын ұстап, күрең қою қызыл шапаны мен басына сондай түстен бөрік киіп, отырған қалпында бейнеленген әке бейнесі ерекше әсерлі. Оның артқы аясы да осы реңде жазылған. Мұндағы бетіне, қолдарына түскен жарық, әкенің мейірімге толы көздері мен өмірдің ізі түсірген қатпарлы әжімдері өмірдің дәл өзіне ғибрат айтып тұрғандай. Қолындағы тастармен көмкерілген таяғы, әкенің бір әулеттің атасы екенін және оның ұрпағының жалғасы бар деген ойды меңзеп тұр. Бір тізесін ұстаған қолының тамырына дейін айқын бейнеленіп, өте шынайы жазылған бұл жұмыстан суретшінің портрет жазуында барокко кезеңінің адам бейнесін бейнелеуде шебері атанған, өнер тарихында көне шеберлер қатарындағы Рембрандтың әсері байқалады. Рембрандтың қою қараңғы аядан айқындала алға шыққан портреттік жазу мәнері көпке аян. Тоққожа Қожағұловтың портреттерінен осы мәнерді байқаймыз. Бұл суретшінің әлемдік кескіндеме өнерінің бейнелеу тәжірибесіне жетіктігін, оларды өзіне ұстаз тұтатыны деп білеміз.

Мейірімге толы көздеріне аса көңіл бөлген тағы бір жұмысы – суретшінің анасының портреті. Басына гүлді ақ шыт орамал таққан, оның астарынан аздап көрінген ақ самай шаштары, ана бетіне түскен әрбір әжім қатпарлары мұқият, аса бір сүйіспеншілікпен салынған. Сопақша дөңгеленген композицияда орындалған бұл портрет анаға деген ерекше махаббатпен жазылған. Суретшінің ана бейнесін соншалықты шынайы бейнелеуі, өзінің санасында ана бейнесін неғұрлым айқын сақтап қалғысы келгендей. Бұл сулы бояумен өрнектелген ана портреті шынайлығымен, жеке қатынастылығымен портрет жанрында жазылған картиналарының құндысы.

Тарихи тұлғалық портреттерінің өзіндік ерекшелігі – оларды эпостық жырлардағыдай поэтикалы бейнелеуінде. Мысалы, «Жырдың қызыл жолбарысы», «Ер Қарасай», «Әйтей батыр», т. б. олай бейнеленуі, біріншіден, олар – тарихи тұлғалар, олардың жырлары мен ерліктері бізден алыстаған сайын, тұлғалардың образдары да ертегі аңызға ұқсап кеткендей. Айталық, зерттеушілер Жамбылдың пірі қызыл жолбарыс болғанын айтады. Тіпті ол өзі өлерінің алдында: «Жолбарысым тау асып кетті», – деп айтқан екен. Дегенмен мұндай дүниедегі тылсым, шынай түсіндіріп бере алмайтын нәрселердің ақын-жазушыларда, батыр, хандарда кездесетінін естіп жатамыз.
Автопортрет – Тоққожа Қожағұлов шығармашылығының негізгі өрісі. Қылқалам шебері 1985-2013 жылдар аралығында өзінің автопортреттерінің бірнешеуін жазған. Әр автопортреттен суретшінің түрлі кезеңдерін көреміз. Тек автопортрет қана емес, жалпы бейнелеу өнерінде суретші автопортретінің іздері жатады. Туындылардан автор ойын, болмысын, ішкі Менін байқауға болады.
Тоққожа Қожағұлов та портрет жанрында жұмыс жасай отырып, өзін қазақтың ірі тұлғаларымен бірегейлендіреді. 2013 жылы майлы бояумен жазылған «Мен» атты автопортретінде, суретші өнеріне шабыт беретін, өзінің түстер палитрасының үстіне жайғасқан көк бөрі – оның шығармашылық шабыт беретін пірі. Тіпті ол артқы жағында бүкіл әлем мен тарихты бейнелеген. Менің ойымша, қолындағы жарық шаммен, өзін суретші ретінде осы дүниеге бір миссиямен туылған тұлға ретінде, өзін Мен деп әлеммен, тарихпен бірегейлендіреді.

Жалпы бүгінгі күні қазақ бейнелеу өнеріндегі суретшілердің шығармашылығына зер сала, олардың мазмұны мен мәнін талдауда адам қиялынан туған терең шығармашылықты көреміз. Кейде мән бермеген, байқалмаған ақпараттар адам санасынан бейсаналы ақпараттармен бізге белгі береді. Суретшінің қырағы көзі әлемді танып қана қоймастан, болашаққа өткеннен сабақ алып, болашаққа болжау берері анық. Т.Қожағұлов күрделі адам табиғатының болмысын портреттер арқылы бейнелейді.

К.ОРАЗҚҰЛОВА,
өнертанушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір