Қазақтың «Үлкен үйі»
08.01.2016
3441
0
Sektor-semyi-i-zdorovya-dragongate1980 жылдардың орта шенінде жазылған Тұтқабай Иманбековтың «Үлкен үй» романын бүгінгілер біле бермейтін шығар. Уағында көп оқырманды сүйсіндірген көрінеді. Өз заманындағы бір әулеттің өмірінен хабар беретін шығармадағы бір сюжетте Қатша ананың немерелері үлкен үйге жиналады. Қос ұлдан туған немере қыздар ауыл шетіндегі суға шомылып келіп, бірінің көйлегін бірі ауыстырып кигеніне мәз болып, осы қуаныштарын бүкіл әулетпен бөліседі. Осы кезде Қатша ананың келіні, екі қыздың бірінің анасы өз қызының үстіндегі көйлекті сыпырып алып, қақ айыра суға лақтырып жібереді. Сол кезде Қатша ана: «Алтындарым-ай, бір-бірінің көйлегін ауыстырып кигеннің не сөлекеті бар. Бауырдың ықыласын, ағайынның жақындығын содан көрмес болар ма. Туысқанның иісі сіңген киім бір-біріне жақсылық ауыстырмас па. Онсыз ет жақыныңды, қаныңды қайдан сезінерсің. Қайдам, алжыдық па, әлде… Әйтеуір татулықтарынан тандырмағай, тәңірім! Сендердің жүз шайыспай жүргендерің мен үшін жұмақ қой», – деп іштей тілек тілейді. Қай дәуірде болса да, үлкен үйдегі әр ананың тілегі осындай болары сөзсіз, алайда, бүгінгі қоғам ананың тілегі мен үлкен үйдің ұстанымына аса құлақ аса бермейтін болды.  Қазақтың отбасы ұғымындағы «үлкен үй», «қара шаңырақ» сөздерінің мән-мағынасы терең. Әулеттің алтын қазығы секілді осы ұғымдар кезінде қоғамдық қатынастарды реттеуде үлкен маңызға ие болғаны белгілі. Ал бүгін ше, бұл ұғымдарды қазіргі ұрпақ қалай қабылдап жүр. Бүгінгі отбасы, оның ұстанымы мен келбеті қандай деген сауалдар төңірегінде философ, саясаттанушы Сейдахмет Құттықадамды, педагог ғалым Сараш Қоңырбаеваны, отбасы тақырыбын қаузап жүрген белгілі журналист Айнаш Есалиді әңгімеге тарттық.

– Қазіргі қазақ отбасының ұста­нымы қандай? Сіздіңше олар қандай құндылықты басты орынға қояды?
Сейдахмет ҚҰТТЫҚАДАМ: 
– Отбасылық құн­ды­лық­тар ­халықтың тарихына, мәдениетіне, тұр­мыс­тық жағдайына бай­­ланысты өзгереді. Қазақтың басынан бір ғасырдың ішінде талай жағдай өтті, соған сәй­кес қазақ бір ғасырдың ішінде үш рет күрделі өзгерді. Жиырмасыншы ғасырдың басын­да патриархалды өмір болды, Ресейдің әсері күшіне ене қоймаған. Одан кейін Кеңестік идеология келіп қазақ ішінара тағы өзгерді. Кейінгі жылдардағы нарық «Пайда ойлама, ар ойла» деген қазақты пайда көздеуге үйретті. Қазір құндылық­тар тым ұсақ. Кеңес тұсында да, одан арғы заманда да қоғам мен мемлекет отбасы мәселесіне жіті көңіл бөлген, адамдар арасындағы қарым-қатынас пайда көз­де­ген мүддеге емес, адамгершілікке негізделген ар-ұятқа құрылатын, отбасында әр адамның өз орны болған. На­рық заманы неғұрлым көп пайда табуды көз­дейтін болды. Бұл мақсат қазақ отбасын адам ойламаған өзгерістерге душар етті. Сүт­тей ұйыған берекелі отбасы мүшеле­рі өзара пәтерге, үйге, жерге, машина­ға  таласатын болды. Бауыр­малдық қа­рым-қатынас материал­дық қажетті­лікке төтеп бере алмай қалды.
Сараш ҚОҢЫРБАЕВА:
– Қоғамды ізгілендіру отбасынан басталады. «Отбасы – әлеуметтік институт» деп айтып жүрміз. Рас, оның қоғамда атқаратын өзіндік қызметі бар. Отбасы өз қызметін ерлі-зайыптылардың әлеу­мет­тік деңгейі, білімі және өмір сүрген ортасына сай атқарады.
Тек қазақ отбасыларына қатысты айта­тын болсақ, әлеуметтік ортасына сай бірнеше түрге бөлінеді: ауыл қазақта­рының отбасы, қала қазақтарының отбасы және жұмысшы отбасы, зиялы отбасы, космополит (шала қазақ) от­­­ба­­сы­­лар. Тіпті, соңғы кезде бізде «годвин отбасылар» пайда болды. Бұлар ата-аналары ажыраспағанымен, бір отбасында қатар отырып бала тәрбиесіне атсалыса алмайды. Қызмет бабымен үнемі сыртта жүреді.
Қарап отырсаңыз, мұны бір қалыпқа сыйғыза алмайсыз. Сондықтан бір өл­шем­мен де өлшеу де қиын. Аталған отба­сы­лар­дың өмір салты бірдей болмаған­дық­тан, олардың ұстанымдары да әр түрлі ғой.
Қай заманда да «қатардан қалмау» деген ұстаным болған. Бұл жердегі «қа­тар» – өмір салты, таным-түсінігі, деңгейі ұқсас орта. Қазір таным-түсінік «терең­деген» сайын «ешкімге ұқсамайтын өмір сүру» ұстанымы да еніп келе жатқаны рас. Бұл, меніңше, адастыруға апарады. Демек, құндылықтар өзгеріске ұшырайды деген сөз.
Адамзатқа тән құндылықтардың бәрі отбасы үшін маңызды. Өмірге бала әкелу, оны өсіріп тәрбиелеу, білім беріп, маман­дық таңдату, оларды аяқтандырып, немере сүю сияқты сабақтаса беретін бүгінгі қазаққа түсінікті басты құндылық­тарды ешкім тәрк етпесе керек.
Отбасына қажетті материалдық құн­ды­лықтарды да жоққа шығара алмаймыз. Себебі, баспана, мал-мүлік, көлік, жеке кәсіп, шаруашылық, т.б. өмір сүру қа­жет­тілігі. Алайда, материалдық құн­ды­лық­­тарға берілген басымдық адамдарды тоғышарлық, тойымсыздық, дүниеқоңыз­дық сияқты жағымсыз әдеттерге душар етеді. Осындай жаман әдеттердің салдарынан  туған  озбыр да сорақы қылық­тар­ды осы күні жиі естіп жүрміз.
Айнаш ЕСАЛИ:
– Осы күндері ұлтымызға бір ортақ отба­сы­лық ұстаным бар ма? Жібі үзілме­ген жетелі тәрбие жалғастығы қандай? Осы сұрақтар емес пе, бізді ойландыратын.
Халқымыздың алағай да бұлағай замандарда көрген қиындығы, кеңес өкі­меті кіріктірген кері жүйе, тоқырау жылдарындағы күйзелісті кезеңдердің зардабы – осының бәрі тұтас отбасылық ұстанымның қалыптасуына тек кедергісін жасап келді. Қаймағы бұзылмаған құнды­лықтарымыздан ажырап қалдық.
Қаланың қазағы бір бөлек, даланың қазағы бір бөлек. Асфальтта өсіп, ауылға барған қазіргі заманның адамы Айдан түскендей болып отырады. Осы заманның үрдісі әкелген өзгерістер Азия мен Еуро­паның отбасылық ұстанымдарын мидай араластырып, әр үйдің өз гөй-гөйін жасап жатыр. Жаһанданудан босқа үркіп жүр­мегеніміз де содан… Өз басым қазір қазақ отбасының ортақ ұстанымы деп айтатындай, тұтас картина көріп жүрген жоқпын.
Сондықтан да бұл сұрақ жүз сұрақтың басы, сан алуан сауалдарды туғызып отыр. Отбасылық құндылықтардың әр қыры өзекті. Отбасында маңызды емес мәселе жоқ. Отбасындағы әрбір құнды­лық көкейкесті.
Қысқасы, «Еркек айбатты болмай, әйел ұятты болмайды» қағидасына қайта оралу керек. Әулеттің ұстыны азаматтың өзі болмай, отбасылық құндылықтардың ешқайсысының қадірі жоқ.
– Кейінгі жылдары отбасы институ­ты­ның әлсірегені туралы айтылып жүр. Бұған не әсер етті деп ойлайсыз?
Сейдахмет ҚҰТТЫҚАДАМ: 
– Әр құндылық заманның ауанына, қоғамдағы қарым-қатынастарға қарай өзгереді. Қоғамдағы қарым-қатынастың өзгеруіне біріншіден, бізге ұқсамайтын, өзге елдің өмір сүру тәсілінің ұдайы наси­хат­талуы себеп. Батыстық өмір салт мүлде басқаша, олардың өз мәдениеті, өз құндылықтары, отбасы мүшелері арасында қалыптасқан өз заңдылықтары бар. Ол батыс отбасыларының өзіне жарасады, ал бізге жат. Айталық, бір отбасы өзінің 18-ге толған баласын өз бетінше өмір сүруге жібереді. Австрияға барғанда бір әйелдің өз баласымен осындай шарт­қа отырғанына куә болдым. Мұндай шартпен өмір сүру үлгісі батыстың адамдары үшін үйреншікті жағдай, олар соған бейімделген. Ал біз үшін өте ерсі, тарихы­мызға, мәдениетімізге, болмысымызға, ұлттық ұстанымымызға мүлде жат. Алайда, нарықтық қатынастардың қыспағы біздегі отбасы институтын бірте-бірте ыды­ратып барады. Кейінгі жылдары ажы­расу көбейіп кетті. Інілері мен ағаларының арасындағы қарым-қатынас бұрынғыдай емес. Оның бәріне себеп – ақша. Жапония бұл тұрғыда өзін-өзі сақтап қалды. Олар жаһанданудың экономикалық жағынан керегін алып, отбасылық қарым-қатынаста өздеріне тән дәстүрді сақтай алды. Тіпті, жұмыс бабында да отбасын­дағы бауырмалдықты ұстанады. Әр мекеме басшысы өз қарамағындағыларға әкесіндей қамқор болады. Қазақтың отбасындағы қарым-қатынасы да керемет мығым болды. Бір әулеттің бас көте­рері әулеттің бар баласына бірдей қарап, сол қамқорлық  сезімді, бауырмалдылықты ұрпақ бойына сіңірген. Осы дәстүр әлсі­реп барады, оған жол беруге болмайды.
Сараш ҚОҢЫРБАЕВА:
– Шіркін, осының фор­­муласы табылып, еліміздегі барлық отбасы бір үлгімен өмір сүр­се…
Отбасы институты­ның әлсіреуі – отбасы өз қызметін дұрыс атқар­мауы деген сөз. Қазіргі­дей білім мен ғылым, техника қарыштап дамыған заманда қазақ отба­сы­ның жан-жақты қызметін төмендегіше қарастырып жүрмін:
– өмірге адам әкелу;
– тәрбиелеу және әлеуметтендіру;
– қарым-қатынастық және психоло­гия­лық реттеушілік;
– экономикалық және шаруашылық;
– әлеуметтік-мәртебелік;
– бос уақытты тиімді пайдалану.
Отбасының бұл қызметтері бір-бірі­мен тығыз байланысты, бірін-бірі толық­тырады, өзара үйлесім табады.
Қазіргі отбасын құрушылар – кә­мелетке толған, қоғамның толыққанды мүшелері. Бәрі білімді, сауатты. Отбасын құру, жар таңдау мәселесі – өздерінің құзырында. Шоқан оқуын бітіріп келіп, әкесі Шыңғыс: «Енді дұрыс қыз таңдап, сені үйлендіруіміз керек» дегенде, «Бұл менің өз шаруам» деп көнбей қояды. Сонда әкесі: «Балаға еуропаша білім бер­геннің қиын жері осы екен», – дейді. Қазір бұл проблема әр отбасында бар десек болады.
Бұрынғы замандағыдай қыздар мен жігіттерді бөліп оқытып, танып-білуіне ке­дергі болып жатқан қоғам жоқ. Ата-ананың келісімімен «бел құда», «бесік құда» болып үйленгендерге экзотика деп қараймыз. Сонша еркіндік берілгендігіне қарамастан жар таңдауда қателесу көп. Ол қателік ажырасуға әкеп соғады, ажырасу салдарынан отбасы өз қызметін толық атқара алмайды.
Бұрынғы қазақ отбасыларының ажырасуы өте сирек кездесетін себебі: отбасы құруды тәжірибелі адамдар жоспарлайтын. Ата-аналар балаларын «танитын». Соған сай жар таңдайтын. Бұл негізі көп айтылып жүрген мәселе, дегенмен осыдан дұрыс жол әзірге болмай тұр…
Отбасы қызметі әлсіреуінің бірнеше себептері бар. Оның ең біріншісі – әйел адамдардың жұмысбасты болуы. Ата-ананың бала тәрбиесімен жіті айналысуға мүмкіндігі аз. Өз бетінше білім іздеу, көргенінің бәрін қабылдау балаға дұрыс бағдар беріп жатыр ма?..
Қоғамдық тәрбие қатты әлсіреп кетті. Ешкімнің ешкіммен жұмысы жоқ. Мынау кімнің баласы, мына ісі дұрыс емес-ау деп ешкім іздеп барып ата-анасына айт­пақ түгілі, амандаспағаны, дұрыс жауап бермегені үшін балаға да ескерту жасамайды. Тіпті, мұғалімдердің өзі мектебінен басқа жерде тәртіп пен тәрбие жөнінде әңгіме айтпайды. «Шаруаңыз қанша, өзім білем!» деген жауап естіп қалудан сақтанады.
Ауыл ақсақалдарының, үлкендерінің, аға-жеңгелерінің әлеуметтік қоғамдық-қызметіне атүсті қарауы қазақы ұлттық тәрбиенің әлсіреуіне әкеп соқты.
Айнаш ЕСАЛИ:
– Біздің өміріміздегі құбылыстардың барлығы бір-бірімен тығыз байланыста. Тіпті, адам ағзасының бір мүшесінен дерт табылса, ол келесісіне әсер ететінін біле­міз ғой. Отбасылық тәрбиеде кездесіп жүр­ген кінәраттар да біріне-бірі байланысты, тәуелді.
Балам, балам деп жүріп, жарыңа қа­ра­масаң, жұмыс-жұмыс деп, отбасын ойламасаң, мансап қуып, қызық қуып жүріп ұл-қызының тәрбиесін ұмытсаң түбі не болатынын көріп жүрміз.
Соңғы жүз жылдың көлемінде қазақ­тың көрмегені жоқ. Осының бәрі қазақтың дүниетанымына, көзқарасына, отбасын­дағы жауапкершілігі мен міндетіне тіке­лей әсерін тигізді. Оның барлығы оң бол­ды деп айту да қиын…
Әрине, әлеуметтік мәселелер, тәуел­сіз­дікке ауысар тұстағы ер-азаматтардың жаңа жүйеге мүлде дайын болмағаны, басқа да факторлардың барлығы – ғасырлар бойы ата-бабаларымыз қалып­тастырған ғажайып отбасылық дәстүрлер­ден айырғаны баршамызға аян. Де­ген­мен, дәтке – қуат дейтініміз, әлде де біздің халықта иман бар. Осы заманның тілімен айтқанда, соның жұрнағын ұстанып отырған тамаша отбасыларды, әкесі қадірлі, шешесі өнегелі адамдарды үлгі тұтып, сондай болуға талпынатындай насихат, идеология керек. Және оны насихаттаудың тетіктерін кейінгі жастар иланатындай етіп кәсіби түрде жүргізуге болады.
– Осы күнге дейін отбасы құндылы­ғын арттыратын, мейірімге үндейтін шығармалар әлемдік әдебиетте, қа­зақ әдебиетінде де жақсы жазылды. Ал кейінгі жылдарда осындай мейірім­ге үндейтін, отбасындағы жылуды на­си­хаттайтын шығармалар жазылып жүр ме? Отбасы мейірімін насихаттау фильмдерде қалай көрініс беріп жүр?
Сейдахмет ҚҰТТЫҚАДАМ: 
– Әлем әдебиетінде отбасы туралы көптеген керемет романдар жазылған. Отбасында қандай жағдай болса, ол мемлекетке әсер етпей қоймайды, әрі «Теңіз­дің суы тамшыдан» дегендей, елдің жағ­дайынан, қоғамның келбетінен хабар береді. Әлемге белгілі Джон Голсуорсидің «Форсайттар туралы сага», Томас Манның «Будденброктар», Гюстав Флобердің «Бавари ханым», Лев Толстойдың «Анна Каренина», Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы», Михаил Шолоховтың «Тынық Дон», Максим Горькийдің «Клим Самгиннің өмірі» атты романдардың барлығында да отбасының, әулеттің жайы сөз болады. Ел басындағы трагедия отбасындағы өз­ге­­ріс­тер арқылы айтылады. Дәстүрлі тәр­бие қалай өзгергенін, оған не әсер ет­ке­нін осы романдардан біліп, сол арқы­лы қоғамды танимыз. Қазір өкінішке қарай ондай романдар жоқ, бар болған күнде оқитындар некен-саяқ. Менің ойым­ша, қазіргі жазушылар, драматургтер мен кинорежиссерлер осы мәселені ойлан­ғаны абзал. Отбасы проблемасын терең, байыпты түрде зерттеу керек. Сон­да ғана біз өзімізді-өзіміз, өмір сүріп отыр­ған қоғамды түсінеміз. Қазір фильм­дердің көпшілігі отбасындағы шынайы жылылық­ты өз деңгейінде көрсетпейтін болды. Голливудтың стандарттары, штамптары бүкіл әлемді басып кетті. Ресейдің фильм­дері де ылғи атыс-шабыс. «Форсайттар туралы сага» романының желісі­мен жақ­сы фильм түсірілген. Қазір интер­неттің  халыққа әсері өте керемет, әсіресе, жастар фильмнен көргенін бейсаналы түрде өздеріне сіңіріп алады. Сол себепті де, бізге осындай фильмдер керек. Тобырдың мәдениетіне ілесіп кетуге болмайды, оның арты соқпақ. Оңтүстік Кореяда фильмге атыс-шабыс, ішімдік туралы сюжет енгізбейді екен, осындай қадағалау көп мемлекетте бар. Қытай халқы да фильмнің  моральдық-этикалық жағына көп мән береді. Фильм қоғамдағы стерео­типтің қалыптасуына белгілі бір дәрежеде ықпал етеді.
Сараш ҚОҢЫРБАЕВА:
– Осы сұраққа келгенде ұялыңқырап қалдым. Себебі, өзімді қазақ өнері мен әдебиетіне немқұрайлы қарамайтын, тіпті жанашыры ретінде сезініп жүрсем де соңғы уақытта қандай көркем шығарма оқыдым деп ойланып қалдым. Иә, кәсіби-ғылыми еңбектерден қол босамайды екен. Оған қағазбастылықты қосыңыз…
Қазір әдеби шығармаларды тәрбиелік мәніне қарай таңдап оқитын орта қайда бар? Әлеуметтік желіде жазушылар-журналистер, әдебиетшілер арасында кітап жарнамасын жандандырып, сатып алып оқып, пікірлерін жазып жүретіндер бар. Бірақ көп емес. Тәрбие жұмысымен тікелей айналысып жүргендердің өзі мы­на кітаптың тәрбиелік мәні жоғары екен деп, талдап жатқанын көріп жүргем жоқ. Кітап жазылып жатқан шығар-ау, оқып жатқандар аз. Оқып жатқандар да бар шығар-ау, оны тәрбиеге ендіру тетігін білетіндер аз. Мен солай деп ойлаймын.
Ал қазір қаласаң да, қаламасаң да еріксіз кинофильмдерді көру мүмкіндігі көп. Себебі, қайда қарасаң – экран. Отандық киноөнімдер ішінен «Сатай-фильм» туындыларын осы отбасы құндылықтарына басымдылық берген­дігімен жоғары бағалаймын. Әрине, өнер туындыларын тек тәрбие құралы деп қарау біржақты түсінік болар. Педа­гогикалық қызметім санама сіңіп кеткен­діктен бе,  өнердің  тәрбиелік  функциясына аса мән беріп отырамын. «Ағайын­дылар», «Сұңқар», «Қара шаңырақ» атты фильмдерге заманауи бола тұра, ұлтқа тән мазмұн болғаны үшін де ішім жылиды.
Айнаш ЕСАЛИ:
– Балаларға арнал­ған әдебиеттің ақсап жат­қаны жиі айтылып жүр, насихаты да кем­шін. Осы олқылықтардың орнын толтыру үшін түрлі әдеби байқаулар ұйым­дас­тырылып жүр. Нәти­жесі көңіл көншітпейді. Өйткені, тәрбие берудің өзі қазіргі заман адамдарының көзқарастары секілді түрлі қайшылыққа толы.
Бір қазақтың баласы еуропаша тәр­биеленуде, біреулер жапондарға елік­тейді, енді біріміз ақпараттық технологиялар адам айтқысыз жылдамдықпен да­мып, интернет әке-шешенің орнын бас­қанда заманда шалғайдағы ауылда өсіп келеді.
Осында ала-құла уақытта ала-құла ки­­но­ленталар түсіріліп, заманауи әде­биеттің өзі бір ізге түспей тұр, отандық ре­жиссерлер аздап талпыныс жасап жа­тыр. Ауызды қу шөппен сүрте берген де дұрыс емес, әр салада қазақы ұлттық тәрбиеге негіздеп, жұмыс істеуге талпынып жатқан мамандар бар. Алайда, мұның бәрі жаһандық ақпараттың таралуы қарқынының жанында тым әлсіз, үні де бәсең естіледі.
Тәуелсіздік тұсында әлі жүз жыл және жүз рет көрсең де жалықтырмайтын, жү­ре­гіңнің қылын қозғайтын ғажап дүние­лер тумай жатыр. Неге? Талантты адамдар көп, бірақ ұлттық құндылықтарға алаң­дайтын қазақтардың қолы қысқа болып тұрған жайы бар…
Дайындаған Назым ДҮТБАЕВА.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір