Мира ШҮЙІНШӘЛИЕВА. СӘБИ МЕН СОРПА
22.04.2022
4106
0

 

– Түлен түртті ме? Қуғыншыдай неге жетіп келдің? Баланы аясаң етті?! Басына Күн тиген болар? Жетесіз…
– Қойсаңшы, жер-жебіріме жетпей! Оған не болушы еді. Жүр ғой әне, өзімен өзі ойнап…
– Шөлдеген шығар таңдайы кеуіп?!.
– Шөлдесе, омырауым не үшін? Аузына саламын да еміземін. Сол да сөз болып па?!
Ерні сүйрелеңдеп ұрыса жөнелген Зәмзәм дастарханды шеңберлей дөңгелене отырған тойшы қауымнан именген де, қысылған да жоқ.
– Сүйегіңнен өткізіп сөз айтсам да шымбайыңа батпас! Осыдан іші өтсін! Оңдырмаймын! – деп күйеуі Тәңірбай жұдырығымен әйелін бүйірінен түйіп жіберуге шақ қалып амалсыздан ашуын зорға тежеді.
«Алты айдан бері үйленем, отау тігем» деп, қыңқылдаған қайын інісі Қуат бүгін арманының ескегін есіп, сүйгені Ләйлімге қосылғалы отыр. «Сабақты ине сәтімен» деп, көптен күткен бұл жақсылық шілде айының ми қайнатар ыстығына тап келді. Бүгін түске таман қалыңдықтың ауылына күйеу жігіт Қуат пен туған ағасы Тәңірбайды бір топ әйел әндетіп аттандырған. Жылжып бара жатқан «Москвичтің» соңынан кәмпит шашып, ожау лақтырып, бала-шағамен бірге арқа-жарқа болған. «Әй, мына ожау бір емес, екі рет шалқалап барып, қырынан жатып алды! Астаң-кестеңімізді шығаратын шайпау келін болмасын?» – деп ішінен күмілжіген Зәмзәмді бір сұмдық ой сол мезетте мазалаған.
– Қыздар-ау, ырымға сенгіш халықпыз ғой. Шынымен, мынау ожауларың көңіліме қонбай тұр! Осы әулетте жас келінге бұйрық беретін «кәмәндір» мен емеспін бе? Ендеше, келіннің шыққан жерін, тегін, төркінін, тұрмысын, әл-әуқатын өз көзіммен көріп қайтайын. «Бұрын шыққан құлақтан, кейін шыққан мүйіз озады» деп, екі аяғымды бір етікке тығып жүрер қайын ініме тиіп алып! Босағама кіріп алып! Төбемнен билеп-төс­теп, Тәңірбайға айдап-салар қос үйді қоса қондырмай! Онсыз да Қуатты қыстан бері сүмеңдетіп қойып, жеме-жемге келгенде бір шәугім сумен қыздарын ұзатқалы отыр! Зытырғалы жатыр бұлдап-бұлдап! Бөшкеге тыққан капустадай тұздап-тұздап! Соған қарағанда қыздың жағы шық бермес Шығайбай білем! Ауласына шағын шатыр да құрмапты. Қап, мана ілесе кетсемші?! Отағасының жанында отырар ем шалқып! Бірақ әлі де кеш емес қой. Үстерінен топ ете түсейін, бәлем! Сендер улап-шуламай той қамына мықтап кірісіңдер! Кешке құда-құдағилардың алдынан гәрмөндетіп, гулетіп шығыңдар! Шашуды молынан шашыңдар! Кәмпит, пешенеге де қатты құрттан қосыңдар! Көздерін көгертейік, ха-ха-ха-ха! – деп сақылдап күліп, даңдайсыған Зәмзәм шалқақтап барып ат арбаға отырды. Орманнан отын мен сайдан су таситын тұғыр атты шыбыртқымен шүу-шүу деп айдап қойып, соқпақ жолмен көрші ауылға тура тартты. Шешесінің жуан беліне орамалмен буылған бөпесі Дина аспаннан атып шығардай шақырайған күнге шағылысқан бота көздерін біресе ашып, біресе жұмды. Қураған жусан шөптерге былдырлап бірдеңе айтқысы келген күйі, су ішкісі келген күйі, қайда бара жатқанын білгісі келген күйі иесіз далаға елеңдеп қарай берді.
Зәмзәмнің той үстіне топ етіп, басқа шауып, төске өрлеп кіріп келгеніне Тәңірбайдың күңкілдеп қоя бергені содан ғой…
Бейтаныс қауым да шабармандай шауып келген, әлі таныспаған «су жаңа құдағиға» тосырқай қарап қалған-ды. Осы ауылдың жас мұғалімі Ләйліммен тағдыры тоғысып, жүрегі тіл қатысқан Қуат та мінезі шайпау, шарт та шұрт жеңгесінің шақырусыз келгенін жақтырмай, демін ішіне тартқан. Дәл бұлай ата-дәстүрді, өзара келісілген «шартты» бұзып, көктен доптай домалап түсер деп еш ойламаған. Дүйім жұрттың назарын есіктен кіріп, төрге озғаннан өзіне аударған Зәмзәм жан-жағына жалмаңдай қарап, бұрыш-бұрышты көзінің қиығымен тінтіп өтті. Сабаннан соғылған шағындау тас үйдің төріне жайылған дастархандағы дәмге де шыбын қонып, иістенген шығар деген теріс пиғылмен мұрнын шүйіре қарады. Тәкаппар құдағиға мән бермеуге тырысқан қонақтар ауасы тар, қапырық бөлменің ішін «Қайда жүрсің, сағындым ғой, алтыным, алтыным» деген әнмен тербетіп қойып, қырлы стақанды тұмсықтарына тақады. Қос ғашыққа тілек айтқан сайын жүздері қызара бөртті. Шағын мәжілістің бірінші бөлімі шырайлана түсті. Дина да жылап-сықтамай, әрнеге бір алданды. Біресе саусақтарымен еденнің қуыс-мүйісін шұқылап, біресе құйрығымен ілгері-кейін жылжып, тасбақадай тыпырлай берді. Буы бұрқыраған шоқ самаурынмен балдай тәтті шәй ішіп, маңдайларын жіпсіткен кәрі мен жас ас қайырып, сыртқа беттеді. Сахарадан ескен самал желдің рахатына бөленді. Бір топ бала-шағаның ішінен көздері Динаға түсті.
– Тайлақтың ботасындай мөлдіреген бұл қай бала? Үріп ауызға салғандай сүйкімді екен.
– Тап мұндай Ақшақарды бұрын-соңды көрмеп едік.
– Қоянның көжегіндей сүйкімдісін-ай! Тартымдысын-ай! – деп жамырай жөнелген қатындарға үй иелері:
– Түкіріп қойыңдар! Бала көрмегендей неменеге шулайсыңдар? Құда мен құдағайдың екі ұлдан кейінгі қызы ғой, – десті.
– Иә, біз бұл үйден тәтәй апаны алып кетуге келдік. Солай ғой, иә. Соңыра Ләйлім сұлуға көрімдік сұраймыз, – деп Зәмзәм Динөгін емірене иіскеді.
– Көкешім қайда? Қане, әкелші өзіме. Айналып кетейін сол… – деп Тәңірбай да жетіп келді танауы желбіреп. – Жаным, басыңа күн өтіп кеткен жоқ па? Мына шешең осы ыстықта сені алып шығып… Бүйтетінін білгенде өзім-ақ ертіп әкететін едім. Шоқалақ-шоқалақ жолда арбадан түсіп қалмағаныңа, тәубә. Құдай сақтаған! Сені көргенде жүрегім тоқтап қала жаздады ғой! Қорқыттың ғой әкеңді ойда-жоқта келіп! Апаңда бір түйір ақыл болсашы, бір түйір! Алдыңнан қасқыр атып шықса, қайтесің?! Баланы тірідей аузына саласың ба, аш қасқырдың, а?!
– Жә, болар енді! Асан қайғының зарын соқпай! Жұрттың көзінше кіжіңдегенің аз ба, жегенімді желкемнен шығарып! Келдік қой, ит-құсқа жем болмай!
– Саған ем қонбас! Жалғыз өзің ат арбамен жол жүріп! Баламен ісің жоқ! Өстіп жүріп қызды өлтіресің, айтпады деме!
– Не оттап тұрсың, тіліңе шоқ түскір! Жаман ырым шақырып! – деп Зәмзәм тез тұтанғыш мотордай қыза жөнелді. Осы сәтте үйдің қожайыны келіп:
– Құда! Жүріңіз, құда! Киіз үйде демалып, салқын қымыздан ұрттап, тоқ басайық, – деді мысықтай ырылдасқан Тәңірбай мен Зәмзәмді екіжаққа айырып.
– Мә, ұста баланы! Жын-жыпырды жеп, жұтып қоймасын! – деп қатаң ескерткен Тәңірбай балбыраған қызын құшырлана иіскеп, күректей қолынан босатты.
– Қамқорси қалуын! Балажан болуын! Үйде жүргенде таптап кете жаздайсың тапыраңдаған түйе құсап! Бүгін жақсы атты көрінуін сырт көзге! Үйде қашанғы отырайын омалып! Өмірімде бірінші рет бой жазып шыққаным еді. Күндесімдей қыр соңымнан қалмауын, тегі! Ащыдан ұрттап алып, бөсуін! – деп Зәмзәм бұлқан-талқан болды.
– Ойбу, құдағи, мында екенсіз ғой. Дымым қалмай іздеп жүрсем. Жападан-жалғыз не істеп отырсыз, жүріңіз, карта ойнайық. Бөшке ме, әлде бура ма? Асқа дейін ермек ете тұрайық, – деп қолқа салды Ләйлімнің туысқан апасы.
Зәмзәмнің бозарған жүзіне қан жүгірді. Сәбиін жып-жылы кеудесінен жерге ептеп түсіріп жатып: «Қане, бара ғой, ботам. Ойнай ғой. Біреу-міреу тиіссе, маған кел, жарай ма?» – деді. Содан зып етіп ішке кірді де кетті. Төсінің тұсына құс жастықты қос-қостап басқан оның есіл-дерті картаға ауды. Бір топ әйел бас түйістіріп қоңыр киізді сабалады кеп шаңы шыққанша. Қырман жақта бір-біріне үзіле, сүзіле қарап қос жұп жүрді достарымен қыдырыстап. Кірген-шыққанның аяғына оратылып Дина да жүрді, көзіне көрінгенді шұқылап ұстап. Резеңке еміздігін сорпылдата сорып-сорып, аузынан сілекейі сорғалап аққан, тілі улыққан, қала берді көрінген құмалақты да, тасты да ұртына тыққан, жүрегі айнып құсқан «құйттай қонақпен» ешкімнің ісі болмады. Ырду-дырду. У-шу. Бірі Ләйлімнің жүгін тиеп, мәшинеге шашы сары, көзі көк қуыршақты байлады. Қызыл-жасыл бантиктермен терезесін әдеміледі. Қыз-келіншектер ірі малдың шекесі мен қойдың басын асып, қос қазанда былқылдап қайнап жатқан еттің сорпасын сапырып, қамыр илеп бәйек болды. Сөйтіп, әке-шешесінің көзінен тыс, қараусыз қалған Дина өз білгенін істеді. Ешкім «Әлгі бөпе қайда? Бөтен балақай от пен суға түсіп кетпесін. Оны кім бағып жүр?» демеді. Арада екі сағаттай уақыт өткенде екінші отырыс сырнайлатқан әнімен, әуелеген үнімен қайта басталды.

* * *
–­ Ал, құрметті Тәңірбай құда мен Зәмзәм құдағи! Аққуын әкетуге асыққан сұңқарымыз Қуат күйеу бала! Ләйлөгіміз өздеріңе аманат! Жұбайлардың бақытын бірге көрейік! Қызымызды көгершіндей қадірлеп, көз болыңыздар. Жолдарыңа гүл шашылсын, нұр шашылсын! Ас желінсе, сорпа ішейік. Сосын ата-салтымыздың дәстүріне кірісейік. «Ет – етке, сорпа – бетке», – деді асаба. Осы сәтте Ләйлімнің шешесінің көзінен жас парлап қоя берді.
– Қой, шырағым. Көңіліңді бұзба. Қызымыз теңін тапты. Екеуі де оқыған, тоқыған жастар. Уайымдайтын түгі де жоқ. Күн ұясына батпай тұрғанда батамызды берейік, – деді кимешек киіп төрде отырған кейуана.
– Әжеміздің айтуы жөн. Ендеше, тездетіп сорпа әкеліңдер, сорпа! – деп ас үй жаққа мойнын созды жиынды жүргізуші жігіт. Көп кешікпей екі әйел кісі бойындай дәу кәстрөлді зорға көтеріп, дастарханның шетіне зірк еткізіп қоя салды.
– Ойпырм-ай, қалай алып келдіңдер? Өзі тайқазанға ұқсайды екен! – десті әйелдер жағы.
– Осы кәстрөлді анау күні қаладан әкелдім. Құтты ыдыс болды. Тойға бұйырды, – деп мақтанып қойды Ләйлімнің үлкен жеңгесі.
– Олай болса, жаңа ыдыстан дәм татайық. Сорпаны құйғанша ән бастайық. «Қызы едің Ыбырайдың, Балқадиша. Желкілдеп көлге біткен, тал Қадиша. Сексен қыз серуенге шықса-дағы, Ішінде Шолпан жұлдыз ой-хой, сен, Қадиша-ай, Балқадиша!» – деп қыз-жігіттер әндете жөнелді. Қарындарын табақтағы майлы етке тойғызып, көңілдерін әнмен тербеткен тойшы қауым кенет «Әлләкәй!» деген дауысқа елең ете қалды. Осы сәтте домбыраның үзілген шегіндей «Балқадиша» әні де кілт тоқтады. Үлкендерден бата алуға ыңғайланып төрде монтиып отырған қос ғашық қазан жаққа шоши қарады.
– Әлләкәй! Әл…лә….к…ә….й!..
– Не болды әлләкәйләп! Айтсаңшы? Ішіне тышқан түсіп кетіп пе?!
Басы жыландай ұзын ожауды қазанға балық аулағандай сүңгітіп жіберіп, кері тартып алған Нұргүл «Әлләкәйлаған» күйі бетін қос алақанымен басып, сыртқа тұра қашты.
– Мына шырақ, жынданып кеткеннен сау ма?! Әлде, ыстыққа қолын шарпытып алды ма? Түсінсем бұйырмасын, – деп отанасы сілтідей тынған қонақтарға қысыла-қымтырыла қарады.
– Апа, кәстрөлдің түбінде бірдеңе жатыр!.. Үйрек секілді! Бірақ та…
Әрі қарай түк айта алмай тілі байланған Ұрқия да бетін жартылай орамалымен бүркеген күйі сыртқа жүгірді.
– Ей, бұл қасқаларға не көрініп кетті?! Естері ауысқаннан сау ма? Адал асты арамдап! Бақа болғырлар!
– Сорпаны қайда суыттыңдар?!
– Сарай жақта!
– Бетін ашық қалдырдыңдар ма?
– Иә. Әрине. Аспан жерге түсіп тұрғанда қақпағын жауып қойсақ, сорпа суый ма, апа-ау?
Ас қамын күйттеген бір топ қыз-келіншек дереу «тергеуге» алынды. Жұрт майлы сорпа құйылған кәстрөлге үңілді. Көздері шекесіне шығып, ойы әр саққа жүгірген Тәңірбай:
– Әй, қыз қайда?! Динөк қайда? Ол неғып көрінбей кетті? Сыртта не істеп жүр? Неге тым-тырыс бола қалды? – деп әйелін балтырынан шымшып қалды.
– Аулада ойнап жүрген болар… Біл…ме…д…і…м….
– Білмегені несі? Бар! Тұр жылдам! Қарап кел! Алып кел, ішке!
Әлдене жамандықты жүрегі сезгендей Тәңірбай тыпырши берді. Зәресі ұшқан Зәмзәм сәбиін іздеп кетті.
– Ожауды түбіне дейін батырсаңдаршы?! Көрейік, не жатқанын? Ит пен мысық түсіп кетпеген шығар?! Қане, кәстрөлді алып сыртқа шығыңдар! Ошақ жаққа апарып, төңкеріңдер! Адамды жынды қылдыңдар ғой, тегі! – деп шуласты бәрі.
Екі еркек ыстығы бет қарытар қазанның құлағын шүберекпен мықтап ұстап, аулаға қарай жүгірді. Тойшылар тайлы-тұяғымен соңдарынан ілесті.
Судай сылдырлаған сорпаны тақыр жерге сылқ еткізді. Кәстрөлдің түбінен терісі бүжір-бүжір, домаланған бірдене көрінді. Сол мезетте төбе шаштары тік тұрған олар да кәстрөлді қырынан тастай салып, тырқырай қашты.
– Бұлардың бәріне не көрінді?! Мынаның ішінде жатқан жын ба, пері ме? – деп қазанға үңілген жұрт «Аллалап» қоя берді.
– Құдайым-ай! Мынау сәби ғой! Сорпаға сәби түсіп кеткен ғой! Дымы қалмай күйген ғой! Қазанға құйқасы жабысып, еті бағландай піскен ғой! Мынау әлгі қонақ бала ғой! Әлгі аппақ бөпе ғой! Құда-құдағиға енді не бетімізді айтамыз?! Қыз ұзатамыз деп қарғысқа қалдық-ау! Қазаға душар болдық-ау?! Жо-жоқ, мүмкін емес! – деп шулаған жұрт бір-бірінің жағасына жармасып, оқыстан болған жайтқа сенер сенбесін білмей, айқайласып кетті.
Әдемі шілтерден тігілген жібек фатасы шекесіне қарай қисайып, ақ көйлегі жерге сүйретілген Ләйлім мына сұмдықты көрген бойда шалқалап барып, сұлап түсті. Шарасы құрыған Қуат сүйген жарының жансыз балықтай сазарған жүзін, мұздаған саусақтарын сипай берді.
– Балапаным-ай! Ботақаным-ай! Періштем-ай! Ақ марқам-ай! Бұл қалай болғаны?! Жо-жоқ, бұл Динөгім емес! Бұл ол емес! Жер жұтқырлар, баламды әдейі өлтірдіңдер! Ажалынан бұрын құрттыңдар! Қазанға әдейі тықтыңдар! Бүйткен тойларың да, қыздарың да құрысын! Бақыты ашылмасын!
Зәмзәмнің қарғысы жер дүниені дүр сілкінтті.
– Оны осы ажалға өзің айдап әкелдің! Бәрі сенің кесірің! Аптап ыстықта сәбидің тілін иттей салақтатып жетіп келгеніңді жақтырмап едім! Бәріне сен кінәлісің! Сен! Қарғыс атқыр! Қызды өлтіріп тындың, ақыры! Қаңғыбас! Көзіңнен таса етпе деген жоқпын ба? Мұнда неге келдің? Неге? Неге? Динөгімнің обалына сен қалдың! Сен! Сен! Сен!…
Келінін ұзатып әкетуге келгелі бері аядай ауылдың үлкен-кішісі «құда Тәңірбай», «сыйлы Тәңірбай», «азамат Тәңірбай» деп беделін биіктетіп, төбесін көкке көтеріп еді. Әп-сәтте соқыр бақыт тасыған көңілін тиып, жұдырықпен төбесінен бір ұрып, жермен-жексен етті. Тақыр жердің үстіне етпеттей құлаған ол серкелігін ұмытып, шыбын жаны шырқырап өксіді-ай, кеп… Еңкілдеді-ай, кеп…
Ал Зәмзәм ше? Алдына келіп басу айтқанның, көз жасын сүрткеннің бетіне шырт-шырт түкірді. Сосын «сәбиін жұтқан» қара қазанға ызалана қарап: «Мені де күйдір, мені де жұта сал!» – деп азынады.
Ел есеңгіреп, туысқандар талықсып, дүркіреп басталған той батасыз, думансыз тәмамдалды. Көлігіне тауықтай былжырап «піскен» бүлдіршінін ораған Тәңірбай ауылына аттанды. Сұр ожау секілді жез кәстрөл де күл басында бір қырынан теріс қарап жатты… Қасірет шеккен қара бұқара жарты айдың жарығымен сәбидің сүйегін күтіп алды.

* * *
Адам сенгісіз сұмдық уақиға, той күнгі «көрініс» Тәңірбайды тез можытты. Өмірдің алды үмітке, арты өкінішке айналды. Тырбаңдап жүріп қос ұлын аяқтандырды. Қиялмен тірлік кешті. Алайда қапияда ағып түскен жұлдызын, бәйшешегін есіне алғанда қабырғасы қайысып, қабағынан қар жауатын. Көкірегін кернеген ызасы мен өшін әйелінен алатын. Ақыл-ойының қысқалығынан, жастық шақтың буынан тағдырдан оңбай таяқ жеген, жүрегіне мәңгілік жазылмас жара, дақ салған Зәмзәмнің пешенесіне ерінен соққы жеу, сыңсып жылау ғана жазылды. Талай рет астындағы асау атымен қуып жүріп қамшымен сабады. Шекесінен қан сорғалатты. Қырыққа әлі толмаған келіншектің ыстық жалыны, махаббаты, іңкәр сезімі дүрбінің астында қалды. Суыды. Сөнді. «Қызымды ажал әкеткен жоқ! Сен әкеттің! Сен шайтансың!» деп Тәңірбай қатынын қораға қамап, талдырт­ты. Екеуі де шынашақтай қыздарының өлімінен кейін бір-бірінен теріс айналды. Жеріді. Кектенді. Өштенді. Тек, тек Құдай берген ұлдарының болашағы ғана гүлдеген «теректің тамырын» кескізбей, сақтап қалды.
Соры арылмаған Зәмзәм Жаратқанға налығанда, ағайын-туғанға сумаңдаған тілін безейтін. Өшігетін. Ызғарланатын. Айнала жақын-жуықты қарғап-сілеп, әсіресе Қуат пен Ләйлімді «інге» тығатын. Бірде алдын, бірде артын берген тірліктің базарында жібек көйлегі желпілдеп жиын-тойда жүрсе де, ұлдарын үйлендірсе де екі жасар сәбиінің суретін жүрегінен өшіре алмайтын. Жас шағында перзенттің қайғысымен сынаған Жаратқан кейін бұл шаңырақты жарылқады. Қос құлыны отау тігіп, шекердей тәтті немерелері жұбанышы мен қуанышына айналды. Уақыттың дөңгелегі алға жылжыды. Көзді-ашып жұмғанша, зуылдап дәурені өтті. Сексеннен асқан шағында Зәмзәмға нәубет төнді. Ол оралмайтын сапарға аттанар алдында түс көрді. Аруақтар аян беріп, шалы мен сәбиін көрді. Бірде көл, бірде шөл Тәңірбай ақ көжектей сүп-сүйкімді Динасын көтеріп үйге кіріп келді. «Мінекей, қызымыз өсіп қалды! Қазір үш жаста. Қане, құшақтап, мауқыңды басшы…» деді аяушылық сезіммен. Қызыл гүлін алпыс жылдай көрмеген кейуананың жүрегі сағыныштан елжіреп қоя берді… Сарыауыз балапанына, балбыраған бөпесіне дірілдеген саусақтарын созды. Бозторғайдай ботақаны кетік-кетік тістерін ақситып, көздерін сығырайта күлді. Анасының мейіріміне ол да шөлдеген секілді. Құралайын аңсап қайғының тұңғиығына талай рет батқанда өзегі аш қасқырдай ұлып, өңі тарғыл тартып, есінен ауысқандай бармағын шайнап өкінумен, өксумен күй кешкен Зәмзәм сәбиіне сүзіле қарап: «Сорпаға түсіп кетпеші! Сорпаға жоламашы, жарай ма?! Сорпа суыған жоқ, әлі… Пісіп қалмашы, күйіп қалмашы, құлыным», – деп өбектей берді. Күбірлей берді…
Түсінде ол Динөгін құшағына қысқан күйі қара үңгірге кіріп бара жатты. Сол күні ұйқысынан оянбады.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір