С.Ақсұңқарұлы. Бір мұң бар дүнияның келбетінде…
31.03.2022
1514
0

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ

ҰЛТТЫҚ  МЕМЛЕКЕТ

Махаббат нұрын төгіп жеріне көк,

Ер ұлы масаттанса еліне кеп;

Тәңірінің бір ғажабы бұ жалғанда,

Меніңше, Ұлттық Ұлы Мемлекет!

 

Бір үзім наны көзге мұң болмаған,

Бір ауыз суық сөзге тұлданбаған;

Бір қызы күң болмаған көрінгенге,

Ұлы да кеудесі асқақ,

Құл болмаған!

 

Дүниеде не жетер өз жеріме деп,

Өз суым, өз жұртым, өз еліме деп?!

Сүйгендей өз анасын, өз баласын,

Өз ұлтын сүю керек мемлекет!

 

Құдайдың көрмесек те бетіне кеп,

Панасыз неткен шерлі жетім ел ек?

Тәңірі, алқа, аруақ, өзің жебе,

Бір құздың тұрмыз неге шетіне кеп?!.

 

***

Менде арман көп енді…

Сонда менің жаным нұрға бөленді.

Жазғым келед жас күнгідей, мөп-мөлдір,–

Ит тартыссыз, ителлектуалсыз өлеңді!

 

Өсіп, өне бергенінде өндір боп,

Күл ғып оны дегеніне көндірді өрт.

Балалыққа келед қайта қайтқысы,

Қалғысы да келед сонда мөлдір боп!

 

Қайда шіркін он үштегі бала ақын,

Отқа түсіп күйік шалған қанатын?

Қайраты да түгесілген, айбыны,

Арыстандай Айға қарай шабатын?!

 

Періште еді туғаннан,

Кейін келе пәле болған, қуланған.

Жүрегі оның тілім-тілім жара боп,

Миы да оның уланған Һәм

Су болған…

 

Қазір, мүлде, бөтен кісі ол енді.

Атақпенен даңққа да бөленді.

…Бұрынғыдай болмаған соң періште,

Меніңше оған жазбау керек өлеңді?

 

***

О, Тәңірі, кешір бізді,

Жыйғызсаңшы есімізді;

Бір төбеге келіп тоқтап,

Неге иірдің көшімізді?!

 

Кімді саған  серік қылдым,

Неге осынша желіктірдің?!

Жүрек – қазақ,

Басым – басқа,

Қай  кезеңге келіп тұрмын?!.

 

АВТОБИОГРАФИЯЛЫҚ ӨЛЕҢ

Бір күн озып бір күннен,

Менің ғұмырбаянымды бүлдірген.

Неше жасқа келдім осы сорлап бір,

Соны білмей жүрмін мен?

 

Шықпайтұғын сырымды айтсам тісімнен,

Тек сұлулар мені жақсы түсінген.

Менің жасым отызда, не, қырықта,

Оны дағы өзім білем ішімнен.

 

Пері де – мен, сері – мен,

Хикаям көп, айтуға тек ерінем.

Алпысымда бомба қойды бір сұм кеп,

Театрда, өлең оқи беріп ем…

 

Жас күнімнен жақсы көргем сауықты.

Ал, тойла деп сонда біреу  жауықты!

Жетпісімде ковид келді Қытайдан,

Меніңше, бұл бомбадан да қауіпті…

 

Енді мені сексенге бір іліктір,

Жарқырайын көктің бұлтын түріп бір!

Не болады одан кейін тоқсанда,

Оны ішінен Құдай ғана біліп тұр.

 

Асау Пегес–тақымда,

Шабыт шалқып, толысады ақыл да.

…Алашта әлі аңыз көшіп жүреді,

100-ге бір-ақ келген ақын хақында.

 

***

Ұлы ақындар кетті мәңгі көз іліп,

Елден – рух, бізден – Муза безініп.

Дәлдүріш те ішпейді сол уыңды,

Енді Есенин бола алмасын сезініп.

 

Шайқап өте шықты-ау, со бір ұлы ағыс,

Құлап іш ал, сұрап ішіп, құрақ ұш.

Хош бол, ұлы ақындардың заманы,

Қызығы мен қызуы 40 градус!

 

Бұл заманның көптеу шығар қызығы,

Қызығынан–шыжығы;

Келдік біздер ХХІ-ші ғасырға,

40  градус болып дене қызуы.

 

Сары аязда– сақылдап,

От боп жандық, өрт боп жандық лапылдап!

40 градус қызуменен ажалдың,

Көзіне де тік қарадық–

Жақындап!

 

Көптеу шығар қызығы,

Қызығынан, мейлі, тіпті, шыжығы;

Салыстырсаң, айхой, біздің ғасырмен,

Бұ заманның, мүлде, төмен қызуы.

 

Ұлы ақындар кетті мәңгі көз іліп,

Елден – рух, бізден – Муза безініп.

Есіл ерге біздей өлу азап қой,

Енді Есенин тумайтынын сезініп…

 

«МҰҚАҒАЛИ» ФИЛЬМІ

(рецензия)

Жаратқан Тәңірі Сізді шерлі етуге,

Алашын анасындай тербетуге.

Аспанда Құдай – жалғыз, сонан кейін,

Сен жалғыз едің мына Жер бетінде.

 

Иілмей иісалмасқа сызыла тым,

Атандың бунтар ақын, бұзық ақын.

Несіне Димекеңе* хат жазғансыз,

Қазақта патша жоқ қой Сізді ұғатын!

 

Туған соң Тұранды іздеп, торығуға,

Бекзаттық, ақсүйектік порымыңда,–

Патшасы қазағыңның өзің ең ғой,

Қап қойған Әлиханның орынында!

 

Жұлдыздай қасыңа кеп ағып көктен,

Сенің қас-қабағыңды бағып кеткен,–

Еркін** жүр…

Мұндай дос жоқ, бетімізге,

Көбісі қара бояу жағып кеткен…

 

Ақсораң – тауда өстім мен, таста өстім көп,

Айтпайын дүниядан баз кештім деп.

Қасыңда Фаризаң*** жүр періштеңдей,

Ал, менде Ғалиядан басқа ешкім жоқ…

 

Бір мұң бар дүнияның келбетінде,

Сол бізді күнде әлдилеп, тербетуде.

Аспанда Құдай – жалғыз Сізді ұғатын,

Мен жалғыз Сізден кейін – Жер бетінде.

 

*Д. Қонаев,– ЦК-ның бірінші хатшысы.

**Еркін Ібітанов, ақынның ахыреттік жан досы.

***Ф. Оңғарсынова.

27.10.2021 ж.

 

***

«Азаттық!» –

Деп айғай салған біз едік!

Ал, қай құлдың ой-пиғылын түзедік?!

 

Көзіміздің ішке жұтқан жасы көп,

Жалаң аяқ жүрміз әлі, басып от.

Аты – егемен ел бар, заты – күмәнді,

Махамбеттің моласы тұр!

Басы – жоқ…

 

Ел көбейді ісі – сұйық, сөз і– көп,

Жүр шетінен Әлиханның «көзі» боп.

Мағжанның қайда қалды қабірі?

Өлеңі – бар,

Өзі – жоқ…

        

Ақындар-ай, қанатынан қайырылған,

Қылыштайын алмас жүзі майырылған?

Иесіз жұртта ит тойғанда, бұ неге,

Интеллектуалдық меншігінен айырылған?!.

 

Тарих осы – қасіретті, күлкілі.

Поэзия – Тәңірі мен ҰлтҮні.

Елді нарық жарылқады бір күнде,

Бізді де Алла жарылқайды бір күні…

 

РАСУЛ ҒАМЗАТОВ. «МЕНІҢ ДАҒЫСТАНЫМ»

Жанып тұрған жарық жұлдыз ғарыштағы, –

Шәмілдің Дағыстаны,

Расулдың Дағыстаны!

 

Менің-дағы самғап ұшқан не бір қыран құстарым көп,

Расулдай неге арсы мен гүрсіге осы ұшпадым кеп,

«Менің Қазақстаным!» –деп?!.

 

Өз жұртыма сүйіне мен,

Өзіме өзім күйіне мен,

Мағұмұрланбай кетіп барам, осы опасыз дүниеден…

 

ЖАЛҒЫЗДЫҢ ЖЫРЫ

 Жалмауыз, жебір жеріңе кеп,

Алдыңа орын қазғалы, –

Арғы Ғұн құрған мемлекет!

Шаңырағың шалқайып кете жаздады…

 

Адамзаттың асылы,

Сыналар күнің келді-дүр;

Аруақ қонған  Еділ патшаның нәсілі,

Есіңді жина енді бір!

 

Ұры мен қары жер етті,

Түбі қосылмас бекзат боп туған түменге.

Қаракөктің тұқымы керек-ті,

Қарадан шығып, хан бола алмайтұғын бұл елге!

 

Жебірлер қаптап  жеріме кеп,

Ылаңға салды сан бізді.

Менде де – жалғыз, сенде де жалғыз – Мемлекет!

Жарылқа, Тәңірі, жалғызды!

 

Бұхар жыраулар еміренер осы еліне кеп,

Талапай болмаса хан басы!

Ұлттың Жүрегі – Мемлекет!

Ақынның жыры – Жүректің Кардиограммасы!

 

Кенеліп жұрты ғажапқа,

Мағұмұрланып күнде мың жасап қалатын,–

Асан Қайғы емес, Киплинг* керек қазаққа,

Алаш деп массаттанатын!

 

Ес пен тек керек патшаға,

Жақсыңның сөзін саралайтұғын сүйініп;

Алдында алтын жатса да,

Қарамайтұғын иіліп…

 

Құлағына ғасырлар сарыны,

Құйылып тұрса селдеп кеп:

«Алладан асқан Тәңірі,

Алаштан басқа етене саған ел жоқ!» деп…

 

*Джо́зеф Ре́дьярд Ки́плинг–ағылшын  ақыны

 

УИЛЬИЯМ БЛЕЙКТІҢ ӘУЕНІМЕН

                                        Я слышу зов, неслышный вам

Мен де бүгін естіп тұрмын бір дабыл:

Алламыздың аяны ма бұл  да бір?

«Халық енді көнбейді аяр патшаңа,

Пендең енді бола алмайды құлға–құл!».

 

НЕГЕ?

Бай-бағландар шықты бізден!

Жер бар ма екен құтты бізден?!.

Мына жарық дүниеде ел бар ма екен мықты бізден? –

 

Деп ойлап ек,  аруаққа ас беріп ек: «Арысым!» – деп,

Өзің жебе, елге – пана, енді осылар байысын!» –деп!

 

Айхой, міне сағат санап, байып, шылқып барады олар,

Қазынаға суық қолын қалай әлі салады олар?!

 

Қара ормандай жұртын неге ел емес деп ойлайды олар?!

Қалай әлі тоймайды олар?!.

Неге енді қоймайды олар?!.

 

***

Ит үреді – Ай жаққа,

Елдің көбі – бай жақта.

Елге бола туған бір,

Есенғали қай жақта?

 

Нұрханым жүр – қыр жақта,

Шаһизадам – Сыр жақта.

Мына жақта не қалды,

Кету керек бір жаққа?

 

НОБЕЛЬ СЫЙЛЫҒЫ

 Бигелді Ғабдуллинге

 

Біз білмейтін мұның да пәлесі көп,

Жарылқамас қазақты дәл осы кеп.

Ұлы Олжакең* алмаған Нобеліңнен,

Ақылы бар қазақтың дәмесі жоқ.

 

О да жылда құбылып, түрленеді,

Соңында оның – жаһанның іргелі елі.

Неге оған Толстой елпетпеді?

Осы Арыстан біледі бірдеңені…

 

Жағдайымды көктегі біледі бұлт,

Бұлт түгілі, Құдай-ау, біледі қырт.

Мелекеттің сыйлығын әзер алған,

Нобель менің – не теңім?

Күледі жұрт…

 

Менің пірім біреу-ақ, – Абай білем,

Қазағым деп ағарып самай кілең;

Өз елімді жамандап өзге жұртқа,

Солженицын құсап мен қалай жүрем?

 

Елден ерек шыққан жоқ бөлек атым,

Өлеңі үшін бәріне көнеді ақын.

Ағылшынша өлең де жаза алмаймын?

(Өлең жазбай қалғанда, өледі ақын!).

 

Сарқылмайтын бұ өзі ненің шері?

Кемпір болды кешегі келіншегі;

Ағылшынша жазғанда… Жер-дүние

Ақ сораңға өзі іздеп келуші еді…

 

*Олжас Сүлейменов.

 

УА, АРУАҚ

(Империяның күйреуі)

Империя құлайды өстіп бір күні,

Көкке жетіп жанұшырған дүркірі.

Қасиетті түгі жоқ қой мынаның?!

Қасіретті…

Күлкілі…

 

Күн тұтылды.

Таяуда әлі ашылмайтын сықылды…

Асқақ мұрат қалды аяқтың астында,

Құл мен құтан құтырды!

 

«Түк қалдырмай тау мен тастан, обадан,

Тартып алған кім деп сатып, тонаған?!»

Аруақтар келе жатыр көшеде,

Атып шығып моладан!

 

Маңдайда соры бес елі.

Мына жұрттың сап боп қаңқу-өсегі,

Аруақтар атып шығып моладан,

Кезіп келе жатыр, әне, көшені…

 

***

8701 976 38 88

Есенғалидың телефон нөмірі,

Қас-қағымда өте шыққан өмірі.

 

Енді ол маған телефон да шалмайды.

Оған – осы заман,

Маған – мал қайғы.

 

Тәңірінің тезі болар бір түбі,

Қайтсе-дағы жолығамыз бір күні.

О Дүниеде не боп жатыр, білмейміз,

Біздің тірлік жат оларға,

Күлкілі!

 

Бұ Дүниеде жаққан шамы сөніп құр,

Тәңірінің дегеніне көніп бір,–

Кетті… (енді біз оларды көрмейміз)

Олар бізді көріп тұр!

 

Қу дүние қақында ойға берілмей,

«Не істеп жатыр осы елім?» – деп ерінбей,

Жұма сайын келеді олар, немесе,

Күнде келіп жүреді олар көрінбей!

 

Сол кеткелі жоқ ұшарға қанат–тұл,

Қадамымды жүрер болдым санап құр:

Өлең жазып жатсам жаңа, о сұмдық…

Ту сыртымнан қарап тұр!

 

Елес десем…

Ол қарап тұр расында,

Мағжан мен Мұқағали қасында!

 

Қас-қағымда өте шыққан өмірі

Есенғалидың нөмірі,–

8701 976 38 88

 

КАПИТАЛИЗМ

Бұ қазақ деген – құс, тегі

Ішпегені – артта, алдында еді – ішкені.

Социализмнен капитализмге келді ұшып,–

Жұмақ екен деп,

…Ол білгенін істеді…

 

Ақырзаман деген осы ма келген аптығып?

Бөрідей ішім жатты ұлып:

Әке отырғанда ұл сөйлеп жатыр өзеуреп,

Шеше отырғанда қызы шықты ма шаптығып?..

 

Капитализм керек пе ед біздей хас ұлтқа,–

Еркіндікке ессіз асыққа, көзсіз ғашыққа?

Көктен сұраған… Құдайы берді жерден кеп,

Түк көрмей өскен пасық пен өңкей сасыққа!

 

Айырар адам қалмады ақ пен қараны,

Қасқырдай жалап қалдық па улы жараны?

Осымен енді қазақтың мына ғасыры,

Менің де қысқа ғұмырым бітіп барады…

 

Меніңше, бұ да – өтпелі.

Өтпейтін нәрсе болмауы керек, өйткені.

О Дүние деген бар ғой, бар! Егер болмаса,

Бұ Дүниеңнің де мағына, мәні  жоқ тегі…

 

РОЛЛАН СЕЙСЕНБАЙҒА

Ұмтылып Күнбатысқа ұмсынып бір,

Жүрсің бе өз деміңе тұншығып құр?

Түсіңде оң жағыңда – шерлі Абай да,

Пушкин тұр сол жағыңда

Күрсініп тұр…

 

Пушкинге Сахарадан Абай кеткен,

Артына жалтақ-жалтақ қарай кеткен.

«Туған ел, өлген мола…» – көзден ұшып,

Құдай-ай, бізді қиып, қалай кеткен?

 

Бір ғасыр аса жүрдік сол кісімен,

Тұрады сынап бізді ол да ішінен.

Гетеге кетіп қалды ол… (қазақ қалды,–

Феодалдық-патриархалдық болмысымен)...

 

Алаш пен адамзаттың бір – өрнегі.

Ол кетті қара өлеңнен гүл өргелі.

Біз мұнда қалып қойдық, бізді о жаққа,

«Туған ел, өлген мола…»* жібермеді!

 

«Алаш» деп егілгенмен, «далам» деп құр,

Бұ күнде көңілде де алаң көп бұл.

Абайдан кейін… мен де ақынмын деп,

Айтуға болмайтұғын заман кеп тұр!

 

Соңына ілесіп бұл мешкей көштің,

Құдай-ау, күннің күні не істейді өскін?

Абайға дейін… бәрі кешірімді,

Абайдан кейін – бізді кешпейді ешкім…

 

* «Туған ел, өлген мола жібермейді» (Абай).

 

МИЫМНЫҢ ҚАРА ЖӘШІГІ

Миымның қара жәшігінде

Қаншама отқа күйгенім де жазулы,

Қанша әйелді сүйгенім де жазулы.

 

Қара жәшікте –

Бар ғұмырым қас-қағым.

Жақсы болды жетпіс белден асқаным:

Арқамнан кеп атып кеткендерді де,

Сатып кеткендерді де, –

Өшіріп тастадым…

 

Өшірдім мен – өшуге өзім шақ қалып,

Болады енді кетуге әрі аттанып!

Қырық жаста қыршынымнан қиылсам,

Соның бәрі қалар ма еді сақталып?

 

Аспадым да, саспадым.

Қара жәшікте –

Бар ғұмырым қас-қағым.

Өмірімнің өте күңгірт тұстарын,

Өшіріп тастадым…

 

Миымның қара жәшігінде

Қаншама отқа күйгенім де жазулы,

Қанша әйелді сүйгенім де жазулы.

 

Қанбайтұғын шөлменде.

Періште боп қалсам деймін өлгенде.

Фәнидегі мені сүйген әйелдер,

Бақида да қалады өшпей – сол жерде…

 

 ПОЭЗИЯ

Жұғыса бермейтін  көп елмен

Бөкең*  хисса айтты,– (Тәңірі нұрына бөленген!):

Адам-Ата мен Һауа-Ана, соноу жұмақта

Сөйлескен, – дейді, – қазақша қара өлеңмен…

 

Кінәлі – Һауа,

Адамда жазық не, тіпті?

Қызға бұл сонда қырық індет содан жетіпті.

Тиген соң қара жерге кеп сонда аяғы,

Қалған ғұмыры қара сөз болып кетіпті…

 

Бүгінде нашар жыр неге?

Жатпайды өлең босағада, жолда, іргеде.

Поэзия деген – ғарышта қалған!

Біздікі –

Жер жаққа қарай бейімдеп алған бірдеңе…

 

*Болат Атабай –қазақтың талантты режисері.

 

АНКЕТАДАҒЫ «СОТТАЛДЫҢ БА?» ДЕГЕН САУАЛҒА ЖАУАП

Сол сауалдың шыққанына көп болған,
Соған жауап берсем деп сан оқталғам.
Ұры-қары жеті жылға кетсе егер,
Мен бақандай 70 жылға сотталғам!

Маңдайдағы соры қалың ұл ем мен,
Кіндік қаны, тағдыры да бір елмен.
Архпелаг — Гулаг дейтін бір жерге,
70 жылға мені де айдап жіберген!

Ұлы Дала ұланы да емеспін,

Туа сала  етек басты боп өстім.

Тұтқыны едім Архипелаг — Гулагтың,

(Әлі мені ақтап алған жоқ ешкім?!.).

 

ТӘҢІРІ ҚАРАП ТҰР…

 Құлаққа кеп сұм заманның сарыны,

Көрдім анық көз алдымнан әріні.

Ылдида да, өрде, құзар шыңда да,

Сездім іштен, –

Қарап тұрды Тәңірі!

 

Соның үні мазаны ап,

Елден бөлек өмір сүрдім ғажап-ақ.

Құлап жатқан жерімнен де тұрғызды,

…сыбап жатқан жауымды да –

Жазалап!

 

Өртке қарай жүріп күнде жақындап,

Көңірсімей, күлген менмін сақылдап!

Мен өтірік сүйе алмадым ешкімді.

Сүйдім,

Күйдім лапылдап!

Һәм лақылдап…

 

Сұм тағдырдың көрген көген, мазағын,

Дәл өзімнен аумайды ғой ғазалым?

Бар ғұмырым – қателік пен қасірет,

(Мен арымның тартқан жанмын азабын!).

 

Бір Құдаймен – бір жаным,

Басқасына мойынды да бұрмадым.

Әсіресе, өлең жазып жатқанда,

Сезем іштей, маған қарап тұрғанын?

 

Кешірмейді Ол енді!

Соны сезіп, жаным нұрға бөленді.

Маған жөндеп жүру керек өмірде,

Маған жөндеп жазу керек өлеңді…

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір