«Қамалған қапастағы бозторғаймын»
31.03.2022
1777
0

Қытайдағы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі, ақын Таңжарық Жолдыұлы 1903 жылы Іле аймағының Күнес ауданының Шақпы деп аталатын таулы өңірдің «Қамысты» деген жерінде, Наурыз айында дүниеге келеді. Таң шапағымен өмір есігін ашқан бұл бала, қара лашықты кедей үйіне нұрлы шырақ болып енеді. Қырық жастан асқанда көрген жалғыз ұлына жүрек жара шаттанған Жолдыұлының атын ырымдап, туған мезгілін меңзеп атын «Таңжарық» қойған екен.


Ахметбек КІРШІБАЙ, профессор, академик

Гүлжан АХМЕТБЕК, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің доценті


Азапты күндер

Таңжарық дүниеге келгенде қытайдағы қазақ сахарасында байшыкештердің дәуірлеп тұрған кезі еді. Әрі адамдардың санасын алуан түрлі соқыр сенімдер мейлінше шырмап алған көпшілік еңіреп, аздар ғана күлетін қара тұман сейілмей тұрған. Таңжарық ел басындағы қиындықтарды пен өз отбасындағы күйзелісті салыстыра өмір сүреді. Ол – қаршадайынан ауыр тұрмыс тауқыметіне көндігіп, бірақ оған бұйықпай өршіл де талапты болып өседі.
Таңжарық ауыл молдасынан сабақ тыңдап, сауатын ашқан. Ол тіл­ашары жоқ молданың оқытқандарын елгезектікпен қабылдай жүріп, «Аптиек», «Тажуйт», «Бадауамды» шет пұшпақтап оқып, зеректігімен көзге түседі. Мыңбай молданың мүсіркейтін «сауаттысына» айналған. Кейін ол жеті жылдық Шуетаңда (қытайдың діни сипат алған оқу орнында) оқып, қытай тілін үйренеді.
Жастайынан өлең-жырға құмар Таңжарық ойын-сауық, той-томалақ, шілдехана, бәйіт айту десе қалмау­шы еді. Оның тағы бір ерекшелігі – жиын-тойларда салған ән, оқылған бәйттерді бір естумен-ақ жаттап алатын. Оларды жаттап қана қоймай, бас-аяғына өзінің сөзін қосып, келмеген жерін қиыстырып, әні болмаса, ырғаққа түсіріп, толықтырып отырған. Елден естіген қисса, шежірелерді, әр алуан эпос жырларын, «Аужар», «Жарапазан» қатарлы ауыз әдебиетінің түрлі салаларын жаттайды. Ол ән-жырлар мен қиссаларды өңіне келтіре, өз ойының жемісіндей, ырғағымен көсілте төгілткенде, тыңдаушысын тамсандырған. Сонымен қатар «Қыз Жібек», «Қалқаман – Мамыр», «Алпамыс», «Ер Тарғын», «Манас», «Арқалық батыр», «Бақтиярдың қырық бұтағы» дастандарын және «Мың бір түн әңгімелерін», сондай-ақ ғашықтық жырларды, аңыз әңгімелер мен ертегілерді жатқа айтып, оларды өз жанынан көркемдеген.
Таңжарық ән-күй, қиссаларды оқып, жаттап жас кезіннен өз ойынан өлең шығаруға машықтанған. Қарымбай деген ауыл жігітінің қазған жер үйін көріп, оған арнап жазған өлеңінде:
«Қарымбай да бір үйге ұста болды,
Тошаласы садыға нұсқа болды.
Бұрыш, пұшпақ айналасын
терең қазбай,
Аузы тар, түбі тұйық, қысқа болды.

Аюдың апанындай қазар еді,
Аман не уақыт тар, қысқа болды», – деп қарындашпен жазып, оны Қарынбайдың үйіне қалдырып кетеді. Жаңа сауаттанған зерделі баланың ақын ретіндегі тұңғыш өлеңдерінің бірі осы еді. Ұшқыр ойлы, зерделі жас тынбай ізденіп, білім қуады. Барған сайын бапталып, ойы оталып, тілі ұшталады. «Ә» дегенде аузынан өлең ағылатын суырыпсалма ақындыққа бейімделеді. Әрі ізденімпаз Таңжарық халықтың бай әдеби, мәдени мұраларын тынбай үйреніп, өзінің шығармашылығын шыңдайды. Шаршы топтағы талай айтыстарға түсіп, жүлделі болады.
Таңжарық 1933 жылдан бастап халық ағарту жұмысына қатыса жүріп, сол кезде Іледе шығатын қазақша газетке ат салыса, қызмет істейді. Ақынның осы кезде жазған өлеңдері жедел қоғамдық пікірге ұласып, билік басындағылардың жемқорлық әрекеттері әшкереленіп, жұртшылыққа кең танылады. Халықты еңбекке, адамгершілікке, береке-бірлікке шақырған өлеңдерін көпшілік қауым бірінің аузынан бірі жаттап алып, жұртшылыққа тез танылады.
1940 жылы ардагер ақын, Шың Шысай жағынан қолға алынып, Үрімжі түрмесіне жабылады. Айдалып келе жатқан сахара «бұлбұлы» Талқы тауының үстіне шыққанда атақты «Қоштасу» өлеңін шығарады. 1940 жылдан 1946 жылға дейін түрмеде Шың Шысайдың ауыр азапты қинауын бастан кешіреді. Ақынның жауыздыққа, билік тізгінін ұстағандарға деген кегі бұрынғыдан да тұтана түседі. Атақты «Түрме халі» атты өлеңі қанышерлердің жүрегіне кек семсері болып қадалады.
1944 жылдың аяғында Шың Шысай жендет кетіп, оның орнына У. Жуңшин келіп отырады. Ол жұртты «алжастыру» үшін Шың Шысай кезінде түрмеге алынғандардың бір бөлігін босатып, өз үстемдігін «шапағатшыл» етіп көрсетпек болады. Бірақ оның да жендеттік пиғылы тез әшкереленіп, өзі түрмеден босатқандармен бірге көптеген төңкерісшілерді қосып, қайта абақтыға жаптырады. Таңжарық та 1944 жылдың соңында алдынғы қатардағылармен бірге түрмеден шығарылып, елге қайта алмай, Үрімжі маңында қалып қояды. Ақын бұл кезде нағыз демократ болып жетілген кезі еді. Ол енді Үрімжіде құрылған Гоминдаңға қарсы, «Бірінші мамыр жастар ұйымына» мүше болып қатынасып, төңкеріс жұмыстарына батыл араласады. У. Жуңшин жауынгер ақынды қайта тұтқындап, жан түршігерлік жазамен қинайды. Бірақ ақын жендеттердің шектен тыс қинауын мойнымен көтере жүріп, оларға қарсы ереуіл ұйымдастырады. Ол жаза майданынан жан шошырлық, өлімші халде оралады. Әнтек есін жиған соң-ақ өзінің кек семсерлі өлеңдерімен түрмелестеріне дем беріп, абақты ішін күрескерлік жыр майданына айналдырады. Ақынның:
«Бозторғай отыр сырты
шарбақ құрған,
Талшықтап татырдым дәм
арнап соған.
Алды да әлі-ақ атар бостандық таң,
Қиылып тірсегінен жендет қоғам.
Қамалған қапастағы бозторғаймын,
Кеңесіп қабырғаммен сөз қозғаймын.
Атсаң да, шапсаң да әйтеу
ерік өзіңде,
Өтірік сұм жалаға қол қоймаймын», – деген өлеңі өзімен бірге түрме ішінде азап тартқан төңкерісшілерді жігерлендірді. Оларды азаттық таңының атуға жақын қалғандығымен үміткерлікке, күрескерлікке шабыттандырады.
Бұл тұста оның аузынан шыққан өлеңдер, мақал-мәтелмен араласып, өрелі ой, өршіл жүректерге дем береді. Ол Абайдың:
«Қалың елім, қазағым,
қайран жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың…» – деген өлеңін нақыл етіп, түрмедегі әр ұлт төңкерісшілеріне насихат қылып: «Шығыс Түркістандағы әр ұлт бұқарасы нағыз бостандық алмаса, мешеу бейнесін өзгертпесе, онда қытайдың аузына Гоминдан құсқан жын толады, ұйғырдың аузына құм толады, қазақтың аузына жүн толады, сонымен Шығыс Түркістандағы он үш гүл тең солады», – деп күрес арқылы ғана нағыз бостандыққа, теңдікке қол жеткізіп, мешеу бейнені өзгертуге болатындығын өлеңдерімен үгіттейді. Сөйтіп ол Гоминданның темір қапасында тұтқында жатып, сахара бұлбұлы ғана емес, өрелі отаншыл, жалынды төңкерісшіл демократ, қазақ ұлтының азамат ақыны екенін танытты. Оның «Гүндіпайға», «Кілтшіге» деген өлеңдері осы уақытта жазылған. 1946 жылы Үш аймақ төңкерісі солтүстік Шығыс Түркістанда тұтанып, төңкеріс толқыны бүкіл Шығыс Түркістанды шарпып, Гоминданның Шығыс Түркістандағы тас босағасын солқылдатқандықтан, Гоминдан үкіметі Үш аймақпен «он бір тармақты бітім» жасап, уақытша бірлескен үкімет құрды. Шығыс Түркістан түрмелеріндегі «саяси қылмыстылардың» босатылғанын жариялайды. Міне, осы орайда күрескер ақын Таңжарық та түрмеден босап, еліне қайтады. Ел мен жерге деген ыстық махаббаты Талқының кезеңіне шығып тұрып жазған «Амандасу» атты өлеңінде бейнеленеді.
Тұтқыннан босатылғаннан кейін ақынға Күнес ауданының жер-су мекемесінің жұмысын басқару тапсырылады. Үкімет жұмысын беріле атқара жүріп, өлеңді де ағыл-тегіл селдетеді. Таңжарық 1947 жылы маусым айында ел-жұртымен амандасып, ел аралап жүргенде өкпеден шаншу тиіп, содан оңала алмай, 44 жасында қайтыс болды. Ел-жұрты оны ауыр қайғымен аза тұтып, ақынның сүйегін қастерлеп, Шақпы өзенінің ішіндегі Қорысбай сайының шығар аузындағы тепсеңге қояды.
Үш аймақ үкіметі ақынға арнап газеттен арнаулы бет бергізіп аза білдіреді. 1948 жылы «Алғашқы жинақ» атты өлеңдері баспадан шығады. 1957 жылы Шынжаң Ұйғыр автономиялы аудандық жазушылар конференциясында ақынды ерекше атап, оны «Қытайдағы қазақ әдебиетіне негіз салушы ақындардың бірі» деп бағалайды. Іле-шала газет-журналдарда ақынның өлеңдері Таңжарық туралы әртүрлі мақалалар жарияланады.
Кейін оңшылдарға, солшылдарға және ұлтшылдарға қарсы күрестің кесірінен және «Мәдениет төңкерісінің» лаңымен әдебиет, көркем- өнердің басқа да салаларына ретсіз тиіскендер Таңжарықты да аямайды. Оның шығармаларын басқалардың қолынан зорлықпен жиып алып, өртейді. Таңжарықтың атын атағандарды «Қара жіп», өлеңін жатқа оқығандарды «сары өлеңшіл» деп ат қойып, айдар тағады. Бірақ ақынның ел жүрегінде сақталған өлеңдерін жұлып ала алмады. Халық оның өлеңдерінің қағаз бетіне түскендерін киізге орап, топыраққа көміп сақтаса, кейбіреулер жаттап алып, жүрегінде сақтайды. Сөйтіп ақын шығармалары шырқы бұзылмай оқырмандарына жетеді.


Кек семсерлі жырлар

Таңжарық Жолдыұлы – өзі өмір сүрген дәуірдегі жағдайын көрсететін саяси, әлеуметтік тақырыптағы, басқа да әралуан тақырыптағы лирикалық өлеңдер, толғаулар, дастандар жазып, артына өшпес мұра қалдырған дарынды ақын. Ол, мейлі, ауылда жүрсе де, мейлі, түрмеде отырса да басқан ізін өлеңмен өрнектеген. Таңжарық өлеңді көңіл ашудың құралы етіп, ермек үшін жазған жоқ. Халықтың арман-тілегін, мұң-мұқтажын білдіру үшін жазған. Ол өлеңді ауызша айтса да, айтысқа түссе де қалам тербесі өзгеше әрі өрісті ақын екенін әрқашан дәлелдеді. Семсер кекті жырларында өмір шындығын бейнелеуден еш танған емес. Халқына, туған жеріне, еңбекші қауымға деген ыстық мерейі терең сезіммен селдей тасиды. Оның өлеңдері сол мезілдің шындығын дәл бейнелеген дәуір рухымен, өміршеңдігімен құнды.
Таңжарық алғашында талай шаршы топтан суырылып шығып, даңқты дарын иелерімен майдандасқан айтыс ақыны ретінде көзге түседі, оның «Таңжарық пен Қойдымның айтысы», «Таңжарық пен Шоқпар қатынның айтысы» тәрізді көптеген айтыстары даңқын асырған өлеңдері бар.
Таңжарық – өмірге ойлылықпен үңіліп, келелі тақырыптар көтеріп, қоғам сырын терең тербеп Абайша қимылдаған – дарынды жазба ақын. Бала күнінен-ақ қоғамдық мәні бар қысқа өлеңдерімен ел назарын аударған. Сол бір шумақ, асса бірнеше шумақтық жырлары, ақынның көздеген нысанасына дәл тиіп жататын.
Сондай-ақ ақынның шалқар шабытынан «Ел сыры», «Іле көркі», «Қоштасу», «Гундыпайға», «Кілтшіге», «Амандасу», «Туған жер», «Шын тілек», «Өткен күн», «Арманым», «Қонысбекке», «Жеделханға» қатарлы өлеңдері мен «Нәзигүл», «Анар-Сәуле», «Сануар», «Салиқа-Садық», «Молда мен бақсы», «Қасқыр мен бөрібасар» қақындағы толғаулары мен дастандары жұртшылыққа кеңінен танылған еді.
Ақын өзінің «Ел сыры» атты жиырма шумаққа жуық толғау өлеңінде терең ой, тартымды талғаммен ел сырына дендей үңіледі. Ол тыныс-тіршілік жасап жатқан жандардың бейнесін, шынайы портреттерін сан алуан бояулармен өрнектейді. Өлең шағын тұрмыстық құбылыстардан басталып, биік мәселелерді қамтиды. Ақын:
«Епті бар жатқандардың
жанын кескен,
Көрсетпей күндіз емес, түнде алады.
Байлар бар қайырымсыз
қалтылдаған,
Етіңнен қарыздар қып, шырды алады.
Қулар бар аузын ашып, көзін жұмған,
Ішіңе кіріп кетіп, сырды алады.
Сараң бар қолдан тиын
шығармайтын,
Ай түгіл алдауменен жылды алады.
Көлгір бар көзін жұмып елді сорған,
Арығын саған беріп, тыңды алады.
Тоймас бар дүниеқор, бас пайдашыл,
Бес жүзді саған беріп, мыңды алады.
Тентек бар үйден шықпас,
қазан бұзар,
Отырып от басында былғанады», – деп ел ішіндегі момынның етін жеп, сүйегін бүркетін байлар мен жатқанның жанын суыратын жылпылдақ обырлыққа, алдамшы алаяқ пен саққұлақ тыңшыларға, қорқау дүниеқорлар мен сілімтіктерге жыр семсерін аяусыз қадайды.
Ақын әрегірек ел сырына үңілгенде, халыққа жағымсыз жат қылықтарды аяусыз шенеп, ел санасының сарқылмайтын алтын қазыналарын талғам таразасына салып, өлең жолдарымен өрнектеп, әрі соны үлгі етеді. Таңжарық:

«Ақын бар ағындаған тасқын судай,
Сөзбенен жүректегі кірді алады.
Әйелде кеше Сара, бүгін Дина,
Сөзімен басқан талай ұл баланы,
Абай, Әсет, Міржақып, Ахметтер,
…………………………………………………
Көмбеге бұлар шапса тың барады.
Сөздері басқа ақынның
жыртық-жамау,
Құрт салған шайдай іріп былғанады.
Бәрін де Абай сөзі басып түсер,
Бір парша шеттен алып қырнағаны», – деп ақындықтың ел талғамындағы асқақ құдіретін әйгілейді.
Ақын Абай, әнші Әсет, дарынды Сараны өзін өнеге, ұрпаққа үлгі етеді. Ақынның шабыт үстіндегі ой талғамдары түйдектеліп, мазмұны шымырлана тұтасып, жырлары бас-аяғына дейін бір ұйқаспен ағылады. «Түрме халі», «Қоштасу» атты екі өлеңі 1940 жылдан кейін жазылған. Бұнда Таңжарықтың бейнесі әділ де батыл күрескер ретінде суреттеледі. Оның «Түрме халі» атты өлеңі жаудың талмау жеріне тура сілтенген, ең өткір алмас семсер. Бұл Шың Шысайдің жауыздығын ашқан қанды кек, өшпейтін отты ызамен жазылған өлең. Өлең басталуымен-ақ:
«…Сұмдықтың мұнда дейді
қиын басы,
Көз жастың енді бопты тиылмасы», – деп, Шың Шысайдың екі қолы Шығыс Түркістандағы халық бұқарасы мен әр ұлт төңкерісшілерінің қызыл қанымен боялғанын әшкерелейді.
Бұл қанды қасапқа айналған адамдардың тағдырын ақын түрме ішіндегі өлекселер мен жан шошырлық жаза қаруларымен қаруланған Шың Шысай жендеттерінің сұрақ майданындағы тұрпайы жыртқыштығы арқылы көрсетеді. Өлеңнің кекпен жарқылдаған отты найзағайы қараңғы қапасты осқылайды. Түнек түрменің түңілігінен жай түсіреді. Оның мына жолдарына үңілейік:
«Ұзын күн тік тұрғызып қойғызады,
Екі жендет әкеліп «сойғызады».
Қолға құрсау, аяққа кісен салып,
Бір жола шыбын жанын тойғызады.
Су бермей, нәр татырмай
неше сөтке,
Шөлден өкпе жабысып, бауыр етке,
Еріксіз екі көзден жас парлайды,
Тас ұлтанмен соққанда екі бетке.
Екі қолды көтеріп көкке созып,
Сұрақшының бірінен-бірі озып,
Темір сүмбе табанға соғылғанда,
Барлық қаның шығады басқа қозып…
…Темірменен қапталған керует бар,
Ортасы ой, жіңішке, жан-жағы тар.
Соған таңып, жатқызып, сабағанда,
Дауысың шығып,
еңіреп жылайсың зар.
Орындық бар үш жерден тесіп қойған,
Өткізіп ілмек кендір есіп қойған.
Төрт елі қалыңдығы қамыс палақ,
Тұжырып, екі басын кесіп қойған.
Кендірді іліп алып білегіңнен,
Тақтайдың ұшын тіреп жүрегіңнен.
Соққанда алақанға жығыласың,
Адасып ақыл, қайрат, тілегіңнен.
Бір тақтай бар дөңгелек
қалың шапқан,
Қанмен сырлап бетіне бояу жаққан.
«Құйрық қойып жалаңаш отыр!» –
дейді,
Ұшын өрге қаратып шеге қаққан.
Көмірге отырғызып ұсақ шағып,
Қан деген май құйрықтан судай ағып.
Үрпіңе ши жүгіртіп боздатқанда,
Шыбының шығып кетпей
тұрсын нағып.
Адамның жаны кетіп денесінен,
Құйрықты алсаң темір шегесінен.
Тәңірге даусың жетіп зарланасың,
Тырнақтың шеге қақса көбесінен.
«Қашан өлім келер», – деп
қайғы басып,
Әр жеріңнен тесіліп, етің сасып.
Бақайыңнан кендірмен байлап алып,
Салақтатып басыңды қояды асып…
Қараңғы көр қылады мекеніңді,
Есің ауып білмейсің не дегеніңді.
Қолға түскен қояндай шыңғырасың,
Қысып тұрып шерткенде кей еніңді.
Көтертпей денең ауыр жатқан ұйып,
Езіп ап тотияйын қылған сұйық.
Табанымен кеудеңнен басып тұрып,
Мұрныңнан жібереді сумен құйып.
Қорлықпен сөйтіп өткен қайран өмір,
Сасық етке жабысып тас пен көмір.
Екі көзің сыртыңа ойнап шығар,
Басқа әкеп салғанда құрсау темір»
Ақын бар шындықты әшкерелеген сайын шабыттана кектеніп, бар сұмдықты жайып салады:
Екіншіде екі ауыз сұмдық үй бар,
«Сұрақ» деп әкеледі соған бастап.
Екі ауызды үй, оңаша екі-ақ есік,
Айқасатын жері бар түбі тесік.
Сол тесіктен кіргенде тосып тұрып,
Қылышпенен алады басты кесіп.
Кейбіреуге тірідей найза салып,
Екі қолын артына байлап алып.
Сүйреп жүріп соққылап өлтіреді,
Шырылдатып, шыңғыртып,
жатса талып»
Ақын, жауыз Шың Шысай түрмесіндегі аяусыз қинаудың түрлерін осылайша өлеңмен суреттейді. Оқып отырып, сол зәбірді өзіңіз басыңыздан кешіріп жатқандай жаныңыз шыға шырылдайсыз. Қай тұстан қол-ұшын берсем екен дейсіз. Оған не қайла бар? Шын Шысайдың адамдықтан азып кеткен жендеттерін қырып салғың келеді.
Таңжарық өлеңінің соңғы жағында Шың Шысай түрмесінде осындай қинау, қысыммен өмірінен айырылып, қырылып жатқандардың, елдің, халықтың бел тірегі, адал ұлдары екенін қабырғасы қайыса аза білдіріп, қалғандарын батыл күреске шақырады. Оның өлеңінің соңында:
«Ұмытпа! Өлгеніңше осыны деп,
Тапсырып кет балаңның баласына!» – деп өр дауыспен күрес майданына шығып, азаттық таңы атқанша күресті ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыра беруді аманат етеді.
«Кілтшіге» өлеңінде де түрменің ішкі-сыртқы сырларын ақтара ашып, ондағы адам қанымен қоректенген екі жүзді, екі аяқты жендеттерді өлтіре шенейді. Ол Жұмақан деген кілтшіге айтқан болып:
«Жұмақан мұны неге ойламайсың,
Телміріп терең ойға бойламайсың.
Айтамын: мінез, пікір, құлқың үшін,
Ер болып тумадың ба жұртың үшін?
Мойныңа темір қарғы таққан кім?
Жалынып, жарамсақсып
жаққаның кім?
Моншақтай темір кілтті салдыр
латып,
Қарның аш, қабақ қатып
баққаның кім?
Біреудің мылтығымен атқаның
кім?» –
деп, түрме жендеттерінің жауыз сиқын әшкерелей түседі. Мұнда ол төңкерісшілермен бейкүнә халық бұқарасына өлім құштырып, халықтың қанын ішіп, қарнын тойдырып жүрген баскесерлерді көзіне шұқып, оятады әрі қанды шеңгел жендеттердің қылмысына найза сілтейді. Бұл – жоғарыдағы «Түрме халі» атты өлеңді толықтырып, одан ары тереңдеткен өлең.
Таңжарықтың бұдан басқа «Іле суреті», «Шын тілек», «Арманым» қатарлы табиғат және көңіл-күй лирикалары да асқақ ақындық дарынның жемісі. Таңжарық сюжетті өлеңдер мен лирикалық толғаулардан бастап, көлемді дастандарға да қалам сілтеген. Оларға саралау жасау – болашақтың ісі.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір