Алтынның сынығы
15.03.2022
1486
0

Иминжан Исмайылұлы Тохтияров – ұйғыр ұлтының поэзиясына өзіндік өрнек салған танымал ақын. Қаламгер туған жер, байтақ ел, Отан, жастық, достық, махаббат сынды басқа да тақырыптарға көсіле қалам тербеп жүр.
«Өлеңдерім – шаттығымның санаты,
Өлеңдерім – жастығымның қанаты.
Ғашық еткен сұлулыққа, өмірге,
Жалғасы боп келешектің таңы атты», – деп, кешеден келешекке жол тартқан ақын туралы мақала мен бір шоғыр өлеңін назарларыңызға ұсынамыз.

Өткен жылы көрнекті ақын әрі журналист Иминжан Тохтияров жаңа өлеңдер топтамасының қолжазбасын ұсынды.
– Ака, қарап көрсеңіз, Абдумежит Дөләтов акам өмірде болса, бұл міндет сізге тимес еді, – деп қалжыңдады.
– Тақырыбын қоймапсың ғой? – дедім.
– «Адасқан арман», бұл – менің қиялдағы арманымды тапқаным…
– Ой, біртүрлі екен. Құлаққа жағымсыз…
– Кейін, оқып шыққан соң жағып қалар. Өтінішім болсын, оқып шықсаңыз, – деп қолжазбасын тастап кетті.
Танысып шықтым. Міне, осы кезде бір-ақ білдім. Сырттай қарасаң жас, орта бойлы, шашы енді ағара бастаған бұл жігіт 60 жасқа келіп қалыпты. Бұдан қырық жыл бұрын Қазақстан ұйғыр әдебиетіне енді қадам басқан, кейінгі кездері өмір соқпағында ұрылып-соғылып жүрсе де, рухын түсірмей, заман ағымына қарсы жүзген ақын Иминжанның өлеңдерін оқып шығып, ақынды ұзақ жылдардан кейін қайта тапқандай болдым. «Ізбасарлар әуені», «Жүрек тербегенде», «Мен сені сағынғанда», «Долана», «Мың сынақтар түссе де басқа», «Тұмарым», «Күзгі бақтар» жинақтары көз алдымнан тізіліп өтті.
Бірінші беттегі мына өлеңді қайта-қайта оқи бердім…
Адасқан арман,
Ашылмай қалған.
Гүлге ұқсайды,
Үсікте қалған.

Адасқан арман,
Көшкен бір керуен.
Шексіз шөлдерде,
Адасып қалған…

Адасқан арман –
Тұманды аспан.
Дастан тынысы,
Жазылмай қалған.

Күндіз не ақшам,
Күттірген арман.
Сен осы зарым,
Адасқан арман.
Адамзат баласын адаспас армандарға, биік мақсаттарға, пәлсапа ой-пікірлер дүниесіне жетектейтін қандай бір тылсым күш, озық ойларға жолықтырғандай болды. Ойландырып, әбігерге салды. Келесі өлеңге үңілдім…
Мен сені өлеңмен жырлаймын жұртым,
Қойныңда көзімді ашқаным үшін.
Сүрінсем сүйенішім болдың сен менің,
Бақытымды өзіңнен тапқаным үшін…
Бұл шумақтар туған жер, атақты Сирдаш өлеңдерінде жырлап өткен дара Бәйсейіт жұртын көз алдыма елестетті. «Қанша адассам да қатайтып сен, жаным жұртым, мені ауыр күндерде бауырыңа бастың» демекші, келесі бетіндегі өлеңдерден достық, отан, ғашықтық, махаббат, басқа да жүректен шыққан өлмес тақырыптарды таптым.
…Дейміз және ашып көкірек – құшақты,
Толқында бір тастап егіз құлашты.
Өшірмесе екен дейміз, әулеттер,
Әуел бастан біз жаққан от-шырақты! – деп, өлең шумақтарын маған да арнапты. Есіме алғашқы танысқанымыз, ақын ағамыз Абдумежит Дөләтовпен бірге «Тәңіртау» атты әдеби бірлестік құрып, жастарды әдебиет майданына тартқан кезіміз келді. П.Мәхсәтова, Г.Хошаева, Г.Насирова, Г.Авутова, Т.Нұрахунов, Қ.Разақов сынды жастарымыз қатарға қосылған еді. Сол таланттардың бүгінгі бастаушысы, ақын, Патигүл Мәхсәтоваға деген құрметті де баян етіпті.
…Ақын қызымыз Патигүл, Патигүлім,
Сен – Зоһра болсаң, мен Таһириң.
Саған ұқсас періні күйлемесем,
Кімге керек ол кезде ақындығым…
Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың ақын Фариза Оңғарсыноваға арнап жазған:
…Фариза, Фаризажан, Фариза қыз.
Бірімізден біріміз арылармыз.
Том-том болып дүкенде тұрмасақ та,
Шаң басқан архивтерден табылармыз… – деген өлеңі жадыма қелді…
Бәлкім, бұл салыстыру тым артық болып көрінер, бірақ Илия Бахтияның досы болған Мұқағали Мақатаев пен Иминжанның ұқсастығы көз алдымда сақталып қалғаны қақ.
Ұстазымыз Абдумежит Дөләтовтың жақын ағайындары – Худавәди Имамзаров, Тохтасун Тавакәлов сынды ақиық ақын, жазушыларымыз да ұмыт қалмаған. Ағаларының ұйғыр әдебиетін өркендетуге сіңірген ерен еңбектері де өлеңінде көрініс тапқанын көріп, қатты қуандым. Бұл ақындар біздің өткеніміз, бүгініміз, келешегіміз. Осы қадамға баруға жол ашқан, рухани жәрдемдескен ағаларымыздың өмірі ұзақ болуын тіледім.
Енді бұл кітапқа кірген өлеңдер филолог ғалымдардың талдау жасап, зерттеуіне ұласатыны сөзсіз. Өлеңдерді оқу барысында ақын жаңа заманға сай жазылған жырлары арқылы өзіне тән ерекшелігімен танылуымен қатар, баршаның алдында есеп беруді көздегенін де сездім.
Екі жүз қырыққа жуық өлеңмен танысқаннан кейін: «Бұл сенің ізденісіңнің, қажымас еңбегіңнің алғашқы жемісі, сондықтан бұл кітапты «Алғашқы өлеңдерімнің бірінші томы» деп атасаң болады екен» – деген пікірімді білдірдім. Ақын айтқанымды қабыл алып, кітабын «Таңдамалы шығармаларымның 1 томы» деп атапты. Осы еңбегімен Иминжан Тохтияров Қазақстан ұйғыр әдебиетіне айтарлықтай үлес қосты. Алайда, бұл шындықты өзі сезбеді. Мен сондай ойдамын. Өйткені Иминжан мақтанғанды жақсы көрмейді.
Иминжан Тохтияров өлеңдерінің бірінші томын даярлау кезінде және бір елене бермейтін нәрсеге көңіл аудардым. Ақын кітабын аяулы анасы Турахан Сидиққызына арнапты. Анасы Турахан Сидиққызы ұйғыр халқының классик ақыны, «көш- көштерден» аман қалып, Байсейіт жұртына қамқор болған Сейитмуһәммәт Қашийдің немересі екен. Иминжанның анасы атақты шайырға немере болса, Иминжан Тохтияров шөбересі емес пе? Демек Иминжанға ақындық қасиет классик ақын бабасынан дарыған. Иминжан барда, Сейитмуһәммәт Қаший тірі! Өйткені Иминжан алтынның сынығы, асылдың тұқымы, ізін жалғастырған ізбасары. Иминжан Ғайып бүгін ғайыптан түсті. Солай емес пе? Бұл еңбек әдебиетке – көзі ашық жандарға, ғалым, ақын, жазушыларға үлкен тарту. Айдың жүзін етекпен жабуға болмайтындай, ақиқатында алтын бейне бір күні жұлдыз болып шығатынын осы шығармасынан көруге болады. Демек, ақынымыздың аспанында «Қаший жұлдызы» жарқырайды. Оны жасырып қала алмаймыз. Басыңды тасқа ұр, ұрма, бұл тарих, үзілген жылдардан кейінгі бүгінгі күннің ең асыл ақиқаты. «Бір аққан арықта уақыт өтіп жәймен және су ағады» тұспалына сенсек, келешекте тарихи танымдары да пайда болатындай…
Ашығын айту керек, Иминжан бұдан он жыл ілгерідегі досқа ізденіс пен іскерліктің үлгісін көрсеткен бірден-бір талант иесі. Ол жасаған істі кеудесін «гүрс-гүрс» соққан, менмін деген көп ұландар істей алмайды. Істегеннің өзінде олардың келешегіне балта шабылуы не мансабынан, отбасын бағып жатқан бір үзім нанынан айырылуы мүмкін еді. Алайда Иминжан өзінің нағыз ақын екенін дәлелдеп, ағасы, рухы азапта қалған Абдумежит Дөләтовты қолдай білді. Қолдап қана қоймай, онымен бірге жұмыстан да кетті. «Жұмыс деген ол – ластанған, сатқындық болса, істемеймін, аш қалмаспын» деп осы күнге дейін еш жерде істемеді. Жаратқан ием «бір баланы да, он баланы да бағады, аш қоймайды» деген рас екен. Иминжан өзінің талантын танытып, «Дервиштер» тобымен қоян-қолтық араласып, көптеген әндердің мәтінін жазып, Абдумежит Дөләтовтың ізін жалғастырып, осы күнге дейін «Дервишті» қолдап келеді. Топтың басшысы, биыл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Қазақстанға еңбегі сіңген қызметкер» атағын алған Дилмұрат Баһаровқа арнап:
…Сен шәкірті Мансур Сағат ағаның,
Мен шәкірті Абдумежит ағаның.
Сол жандардың рухы қорғап тұрғанда,
Үні өшпес біз жаратқан әр әннің… – дегені сөзімізге дәлел.
Егер сол қиын кездерде Иминжан жұмыста қалып, Сирдаш ағасын қолдамағанда не болар еді? Бұл сұраққа ол қаймықпай тұрып: «Аға, онда менің ұл, ақын болғаным бекер» – дейтіні анық-ты. Оның бұл сөздерін, қайтпас қасиетін классик ақынымыз Лутпулла Муталлиптің өлім алдындағы соңғы сөздерімен салыстырдым. «Жавхәнжи Муталлипті өзіне шақырып: «Сен әлі жас, талантты жазушысың, сенің ұйғыр халқына сіңірер еңбегің әлі алда, енді өз ниетіңнен қайт. Егер сен қазір тәубеңе келсең, кешіреміз», – деді. Бірақ Муталлип сұсты жүзімен қабағын шытып: «Гоминдаңшы жағымпаздары біліп қойыңдар, жер біздікі, отан біздікі, халық біздікі. Оттан да ыстық отанымызды сендердің қалауларыңша билеулеріңе жол берілмейді, сендер бұл отаннан кетпейінше, біз бір сағат та күресімізді тоқтатпаймыз. Біз тарихтағы еңсемізді тіктеу үшін бар күшімізді жұмсаймыз. Бұл күрес ешқашан тоқтап қалмайды. Сондықтан біз осы кісілермен күреске аттанғанбыз. Енді атасың ба, шабасын ба, қолыңнан келгенін қыл» – дейді. Классигіміз Лутпулла Муталлиппен Иминжанның аузынан шыққан сөздерді салыстырып, ақынға деген құрметім одан сайын артты. Мен осы мақалада ақындар Л.Муталлип, И.Бахтия, М.Мақатаев, А.Дөләтовтардың қатарына И.Тохтияровты қосып отырмын. Неге десеңіз Иминжан соған лайық ақын.
Иминжан Тохтияров 1962 жылы 8-ақпанда Құлжа облысының Желилйузи ауданына қарасты Қышлақтам ауылында дүниеге келген. 1979 жылы Алматы облысының қазіргі Еңбекшіқазақ ауданы Байсейіт ауылындағы орта мектепті бітіріп, таланты, ақындық талпынысы танылып, 1989-1993 жылдары Шелек аудандық «Еңбек туы – Әмгәк туғи» газетінде істеді. әл-Фараби атындағы Ұлттық университеттің журналистика факультетін сырттай оқып бітірді. 1993-2010 жылдары республикалық «Уйғур авази» газетінің Еңбекшіқазақ ауданы бойынша тілшісі болды. 200-ге жуық өлеңдері ән мәтініне айналып, дүниені шарлап, шырқалуда. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. «Бейбітшілік әлемі» қазақ шығармашылық бірлестігінің Халықаралық М.Шолохов атындағы алтын медалінің және Республикалық Ұйғыр этно-мәдениет орталығы ұсынған «Сахавәт» медалінің иегері. Еңбекшіқазақ ауданының «Құрметті азаматы». Жары Гүлбаһраммен бір қыз, екі ұлды өсіріп, өздеріне лайықты ізбасар етіп тәрбиелеп келеді. Қазір Иминжан республикалық «Іле өңірі – Или вадиси» газетінің Еңбекшіқазақ ауданы бойынша тілшісі қызметін атқарып жүр.

Авут МӘСИМОВ

БАРЫП ҚАЙТ
Өтінішпен айтқаным сыр,
Жұртқа егер бара қалсаң,
Біздің үйге ат басын бұр!
Ерте, әлде кеш еске алсаң.

Қуанады мәз боп анам,
Күтіп алып, қалмай жаны.
Дастарханы толған тағам –
Лағман, шәйы, балдай наны…

Қонақ болып мақтап жүрген,
Демалып бір жатып қайт!
Балама деп сақтап жүрген,
Қауын дәмін татып қайт!
Достарымның қонағы – өзің,
Шертер сазын толғап дутар.
Әуезді ән, қалжың сөзін,
Тыңдай, тыңдай таң да атар.

Балаларды менің үшін,
Маңдайынан сүйіп қой!
Аңсап күтем, сені, түсін,
Тағат таппай, біліп қой!

Ауыл деген – кені құттың.
Жолың түссе, барып қайт!
Бар сәлемін ата-жұрттың,
Сағындырмай алып қайт!

КІМ БІЛЕДІ?..
Бір мүсәпір жан келеді,
Қиялға еріп, ойға кетіп.
Шақырмаса қам жемейді,
Бармаса да тойға жетіп…
Бір бейшара жан келеді,
Бәлкім сол жан мен болармын.

Шарасыз бір жан келеді,
Қолда жүген, жоғын-атын
Іздеп, кезіп бар әлемді.
Ұстатпаған сағым затын.
Атсыз, жаяу жан келеді,
Бәлкім сол жан мен болармын.

Бір бақытты жан келеді,
Бақыт құсын ұстап қолға.
Халқы сүйген қам жемейді,
Көңілі тоқ, шыққан жолға.
Бір бақытты жан келеді,
Бәлкім сол жан мен болармын!

ӨТСЕМ БОЛДЫ АДАСПАЙ…
«Пушкинге ұқсап өлең жазсаң», – деп қалдың.
«Асыл сөзден маржан қазсаң», – деп қалдың.
«Есениндей әсте өлмес есімі,
Тарих болып мәңгі қалсаң», – деп қалдың.

Бұл өмірде өз жолым бар таңдаған.
Ана тілден, халқымнан еш танбаған.
Еліктеуден, досым, ақын шықпайды,
Өз халқыңның отты ұлы боп жанбасаң.

Кімге керек басшысы жоқ жасақтың?
Піспеген бір дәніндей боп масақтың.
Пайдасы жоқ, халық өзі бермесе,
Салмағы жоқ оңай келген атақтың.

Қымбат маған әрбір сағат, әр күнім.
Отан үшін өлуге де әзірмін.
Жүрсем болды ұлтымды ұлықтап,
Асқақтатып өз елімнің қадірін.

Өзгелердің сөзі өткір оқ деймісің,
Өзгелердің ақыны от деймісің.
Өз халқымның арасында Есенин,
Не Пушкиндей таланттар жоқ деймісің.

Солай, достым, сөздеріңнің жаны бар,
Еркің білсін қабыл алма, қабыл ал!
Өзіміздің арамыздан ұйғырдың,
Пушкині де, Есенин де табылар.

Мен Пушкинге қояйыншы ұқсамай,
Айтпа маған Есенин деп тұспалай.
Бақытым деп бағалайтын тұмардай,
Өз тілімнен адастырма, қыстамай!

МУСТАНГ
Еркіндікті таңдадың, Мустанг.
Тәкаппар боп паңдандың, Мустанг.
Тау, сай, дала – тұяқтың ізі,
Баспаған жер қалмады-ау, Мустанг!

Бас июді білмедің, Мустанг,
Өз еркіңсіз жүрмедің, Мустанг.
Үлгі болып адамға барлық,
Өз бетінше күн көрдің, Мустанг.

Шабасың-ау шаршауды білмей,
Қолға үйреніп, аңсауды білмей.
Еркінде өстің, қамытты кимей,
Тұзақ салар арқанды білмей.
Табиғаттың еркесі – өзің.
Жылқылардың серкесі – өзің.
Үндіс мінген жабайы жылқы,
Жүгені жоқ тентегі – өзің!

Жылқы ішінде армансыңдар.
Бостандықты таңдайсыңдар.
Еркіндіктің символы болған,
Мустанг, сенде қандай сыр бар?!.

МЕН – СЕНІҢ БАҚЫТЫҢ
Мен де таптым өзімнің гүл бағымды.
Сен де таптың өмірден тұрағыңды.
Бір жастықта бас қосқан күннен бері,
Өшірмей сен келесің шырағымды.

Қисық бассам түзетіп қадамымды,
Тұрмыстағы азайттың азабымды.
Таңмен бірге оятып әніңменен,
Әніңменен жайқалттың жаз – бағымды.

Бір өзіңе аян ғой сырым менің.
Деймін сені періштем, пірім менің.
Жұмылғанша көзім де, жүрек тоқтап,
Тек өзіңе арналар жырым менің.

Сен – жастығым, шаттығым, жыр-әнімсің,
Жүрегімсің, өмірлік сыңарымсың.
Жат біреудің тимесін тіл-көзі деп,
Мойыныма тағатын тұмарымсың.

Өмірлікке таңдадым бір өзіңді,
Ұнатып мен жүзіңе сай мінезіңді.
Арулар көп болса да сен деп соққан,
Бір өзіңе арнадым жүрегімді.

Ыстығына өмірдің жансам деймін,
Суығына өзіңмен тоңсам деймін.
Махаббатым, мен сүйген алғашқы һәм,
Ақырғы да жұбың боп қалсам деймін.

Құштар болып өмірге тоймағаның,
Тоймағаның – сен мені ойлағаның.
Қандай жақсы, жетсем бір жетістікке,
Әрқашан да рух беріп қолдағаның.

Қандай жақсы өзіңнің бар болғаның,
Қандай жақсы үмітті жалғағаның.
Қандай жақсы қол ұстасып бұл өмірде,
Арман қуған ақынға жар болғаның!

АНА ТІЛЕГІ
Анам мені шоқ дейтін,
Енді, бірде от дейтін.
Қапа болса: «Дүниеде,
Мұндай бала жоқ», – дейтін.

Қанша жанды «кеще» деп,
Келеке еттім, қақсаттым.
Көршіміздің неше рет,
Әйнегіне тас аттым.

Тентектігім тегінде,
Түзелері анық бір.
Анам айтқан көгінде,
Жұлдызы оның жанып тұр.

Болсыншы деп тілеген,
Бабасындай текті ақын.
Тентектен сол түлеген,
Елім дейтін есті ақын.
Ұйғыршадан аударған, ақын

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір