Ұлт руханиятын жоқтаушы
09.03.2022
691
0

Өзіңмен қатар жүрген замандас-құрдастар, әріптес-қызметтестер, олардың адами болмыс-бітімі, кісілік келбеті туралы айту, жазу бір парыздай көрінеді. Алпыстың асқар биігін бағындырып отырған Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, Қазақстан Журналистер және Жазушылар Одағының мүшесі Қали Әбдіұлы Омаров туралы жазу да осындай ой-ниеттен туған. Әрине, бір мақала көлемінде Қали Әбдіұлының азаматтық тұлғасы, адамгершілік қадір-қасиеті, қаламгерлік қыры туралы толық айта аламыз деген ойдан аулақпыз. Дегенмен, біз танып-білген Қали кім, оның бойындағы қай қасиеттерді бағаладық, қай мінезін бағалай алмай келеміз деген сұрақтарға жауап іздеуге тырыстық.

Ол – публицист. Публицист болғанда да ұлт құндылықтарын жоқтаушы, қоғамдағы өзекті мәселені тап басып, дер кезінде жаза алатын қаламгер. Тіл мен діл, мәдениет пен тарих, тұлғатану оның жанды жері. Қалидың жазбай, оқымай, ойланбай жүргенін көрген емеспін. Күнделікті күйбің тірліктің, қауырт жұмыстың арасында кездесе қалсаң осы тақырыптар төңірегінде ой бөлісуге әзір. Қызбалана айтқан әр сөзінің, кейде көрініп, сезіліп қалатын өкпе-назының астарында ұлтқа деген жанашырлық жатады. Екінші бір кездескеніңде оны жазып, жариялап та қояды. Ойлап қарасақ, бұл тек тиянақтылық қана емес, дер уақытында өзекті мәселеге қоғам назарын аударудан, үн қатудан, оның оң шешімін табуына ықпал етуден туған күрескерлік қасиет екеніне көз жеткіземіз. Кейде осы қасиеттер қайдан келді, кімнен дарыды екен деп те ойланасың.
Тек, туған топырақ, ата-ана тәрбиесі, өскен орта – азаматтық болмыстың түп тамыры. Ойлап отырсам, мен Қалидан бұрын оның ата-анасымен, отбасы-туысқандарымен таныс болған екенмін. 1986 жылы аудан орталығынан жүз шақырымдай алыста жатқан Іңкәрдария ауылындағы мектепке комсомол жұмысынан ауысып бардым. Қызылқұмның етегінде орналасқан шағын ғана ауылдың өз тарихы, өз дәстүрі, өз келбеті бар. Топырағында талай тарихтың, талай тұлғалардың ізі сайрап жатқан ауыл берекелі.
Іргесінде тілекшідей болып Мүлкілән әулие жатыр. Қызылқұм бетіне қарай сәл шықсаң сұлу Сырдың екі бұрымындай «Іңкәрдария» мен «Баршындария» өзендерінің көне арналары. Екі өзен жағасы Орта ғасырларда өркениеттің орталығы болған деседі. Одан әрі «Сырлытам». Профессор Әуелбек Қоңыратбаевтың Алпамыс батырдың жары Гүлбаршын мен қарындастарына қойған ескерткіші дейтін «Сырлытам» осы.
Ауыл халқы бауырмал, кішіпейіл, ақсақалдарының жүзінен мейірім шуағы төгіліп тұрғандай. «Іңкәрдария» кеңшарының негізін қалаушылардың бірі – Әбді ақсақал да құрметті, сыйлы, ел қадірлейді. Әділдік пен адалдықты бойына сіңірген, ауылдың абыройын ойлайтын, кейде «бетің бар, жүзің бар демей» шындықты тура айтатын мінезінен ауыл тентектері ғана емес, атқамінерлер де ығады, қаймығып жүреді.
Әбекең мереке күндері Ұлы Отан соғысындағы көрсеткен ерлігінің нәтижесі – ІІІ дәрежелі «Даңқ», «Қызыл Жұлдыз», І дәрежелі «Отан соғысы» ордендері мен бірнеше медальдарын тағып шығады. Ондайда асқақ, айбарлы көрінеді. Көздерінен от ұшқындап, қайраттана түсетіндей. Қазақтың керемет ақыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Сағынғали Сейітовтің 1980 жылдары «Лениншіл жас» (қазіргі «жас Алаш») газетінде «Сол жігіт қазір бар ма екен?» атты мақаласы шыққан. Кейіпкер – біз сөз етіп отырған Әбді Омарұлы. Автор жиырмалардағы жас жауынгер Әбдінің соғыстағы ерлік істерін сөз етеді. Мақаланың өн бойынан Сағынғали ақынның майдандас досына деген жылы ілтипаты сезіледі.
Батырлық, ерлік, елін, жерін жаудан қорғау бұл әулетте бұрыннан бар дәстүр, тегінде, қанында бар қасиет. Аталары Жолай батыр ел азаттығы жолына тұтас ғұмырын арнаған күрескер. Әбекеңнің Отан соғысындағы жасаған ерліктері, батырлық пен батылдық, ел үшін жанын құрбан етуге бар елжандылық бабалар тағылымы екенін біз кейін түсіндік. Ендеше, жоғарыда айтқан Қали Әбдіұлының ұлт руханиятына деген таным көкжиегінің бастауы да айқындала түсетіндей.
Заман өткен сайын, қоғам ауысқан сайын күрес жолы мен тәсілі де өзгеріп отыратыны заңдылық. Қазір бес қаруын асынып жауға қарсы шығар уақыт емес. Ақыл мен ойдың, қоғамға үн қата білудің заманы. Осы ретте публицистиканың алар орны ерекше. Жалпы публицистика – бекзат жанр, зиялы қауымның ең бірінші арқа сүйері. Алаш арыстарынан бастап, бүгінгі күнге дейін ұлт зиялыларының қаламды қару еткені тарихтан белгілі. Олар – қоғам, ұлт, азаттық пен тәуелсіздік туралы ойларын ақпарат құралдарында жариялай отырып, ұлт санасын оятуды мақсат етті. Арада ғасырдан астам уақыт өткенімен руханият мәселесінде қордаланған мәселелер шешімін тапты дей алмаймыз. Қали Әбдіұлын да ойландыратын, толғандыратын, қолына қалам алдыратын осы мәселе. Бірде өзекті мәселені ортаға тастап, өткір сын садағына алса, бірде ұсыныс-пікірін білдіреді, ал енді бірде «Қанатымен су сепкен қарлығаштай» ұлт тарихында елеулі орны бар тұлғаларды ұлықтауға араласады. Қалай болғанда да, қазақ мүддесіне қызмет етуді перзенттік парызым деп санайтындай.
«Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған «Мемлекеттік тілді дамытудағы түйткілдер» атты мақаласында: «Бірақ мемлекеттік тілдің қолданыс аясының кеңеюі мен халық саны өсуінің өзара тығыз байланыстылығына сүйеніп жасалған болжам күткен үдеден шықпады. Ойымызды нақтылай түсейік. Отыз жылдың ішінде қазақтардың үлес салмағы отыз пайыз­ға, ал жалпы саны екі есеге жуық артты. Қазір еліміздегі үш адамның екеуі қазақ. Ал мемлекеттік тілді дамыту барысында тап осындай сандық өсімге сәйкес сапалық секіріс орын алмады. Тек бетбұрыс қана бар»,– дейді. «Мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру керек», – деген жалған ұран ғана емес, сандарды сөйлетеді. Дерек пен дәйекте негіздейді. Қазақтың болашағы мен ана тіліміздің болашағын бірге қарастырады. Ой тастайды, тіл үшін күрестің азаттық үшін күреспен егіз екендігін меңзейді.
«Нәубет-зобалаң тарихынан кейбір деректер» деген мақаласында: «Қазіргі қоғам да, ғылыми қауым да, тіпті тарихшылардың өздері де (өзге тарихи кезеңдерді зерт­теумен айналысатын мамандар) ашаршылықтардың, қуғын-сүргіннің тарихы мен ақиқатын білгісі келеді. Өкінішке қарай, архивтердегі құпия құжаттар мен істерді, тұтас қорларды құпиясыздандыру ісінің өте баяу жүруі, кеңес заманында жазалаушы-қуғындаушы орындардың міндетін атқарған құқық қорғау органдарының архивтерінде кәсіби тарихшыларға жүйелі ғылыми-зерттеу және ізденіс жүргізуге шек қойылуының нәтижесінде, тәуелсіздікке дейін­гі бізге ең жақын әрі соңғы ірі тарихи кезең – кеңес дәуіріндегі Қазақстан мен қазақ халқының тарихын жеткілікті дәрежеде зерттеп тани алмай отырмыз» деген ой тастайды. Қазіргі күннің өзекті мәселесі де осы. Шаң басып жатқан архивтерді ақтару, оны әр зерттеушінің, тіптен өткен тарихты білгісі келетін әр қазақтың немесе ата-бабаларын жоқтаушы ұрпақтарының қолы жететіндей деңгейге жеткізу. Сол арқылы өткен жолымыздағы «ақтаңдақ беттердің» шындығын ашу.
«Азаттықтың ақ таңы атқан 1991 жылдан бері шетелдегі қандастарымыздың басым көпшілігі елімізге оралды. Шетелде жүрген 60-70 жыл (2-3 ұрпақ) туысқандарымыздың діліне, таным-түсінігіне қатты әсер еткен. Бойларында жалтақтық, сөзде тұрмау, кім болса да сезіктене қарау, тек өз отбасының қамын ойлау, сауатсыздық сынды жағымсыз қасиеттер қалыптасқан. Бұл олардың қатесі ме? Жоқ, Қасіреті!», – дейді Қали Әбдіұлы. Иә, көбіміз тек қандастарымызды елге оралту, оларға әлеуметтік көмек көрсету мәселесін ғана көтеріп жүрміз. Бұл дұрыс. Ал олардың ішкі жандүниесіндегі күйзеліске, психологиялық-моральдық өзгеріске назар аудардық па?! Оның себебін іздедік пе?! Міне, жіті көзқарас, тіптен уайым, қазақ үшін, қандастарымыз үшін уайым жеу. Себебін, кінәліні іздеу.
Жалпы қаламгер атаулыға тән қасиет өз стилінің болуы. Бұл тек ақын-жазушыға ғана тән қасиет болмаса керек. Публицист те өзі көтеріп отырған мәселенің мән-жайын ашып, қоғамға ой салу үшін өз стилін таңдап, қалыптастыруы заңдылық. Қали не жазса да дерек пен дәйекке сүйенеді. Құрғақ ақыл, байбалам, көсемсу оған жат. Сондықтан да оның әр мақаласының салмағы, жүгі бар, салиқалы ойы әр оқырманын ойландырады. Қаламы қуатты, қайратты. Сол қуат пен қайраттың тамыры Қалекеңнің ішкі рух-жігерінде жатқан сияқты. Өз халқына, оның тарихы мен мәдениетіне, әдебиеті мен өнеріне деген сүйіспеншілігі мен әр мақаласындағы мұрат-мақсаттың біте қайнасып кетуі осы рух пен жігердің бірлігі болса керек.
Қали Әбдіұлы – тұлға танушы, тарихи тұлғалардың күрескерлік жолын індетте зерттей жүріп талайын ортамызға қайта әкелді. Шаң басқан архивтерді қаза жүріп талай тұлғаны өзі айтқандай «тірілтті». «Қазақты мың өлді деп айтқанмен, сол мыңдарды тірілту мәселесі күн тәртібінде әлі де өзекті. Бұрынғы бабаларымыздың ерен еңбектерін, жанқиярлық еңбектерін паш ету, есімдерін ардақтау ісін әрбіріміз жауапкершілікпен атқарғанда ғана халқымыздың тарихы тұтас жазылмақ», – дейді өзі. Айтып қана қоймайды, белсене іске кіріседі. Соның нәтижесінде Жолай батыр, Кетебай би, Мырзабай батыр, Өтетілеу би, Арғынбай Таңатұлы, Пірәлі Өтетілеуұлы, Түбекбай Нәзікұлы, Молдашер ахун, Ақмырза ишан, Зарқұм би, Қожеке батыр сынды ұлт азаттығы жолында құрбан болған талай тұлғаларды зерттеуге, Батыр хан Қайыпұлы, Сыздық сұлтан Кенесарыұлы сынды ұлт қайраткерлерінің есімдерін ұлықтауға еңбек сіңірді. Олардың өмірі мен ел үшін жасаған қызметі туралы бірнеше ондаған мақала жазды, халықаралық, республикалық конференцияларда баяндамалар жасады. Арнайы конференциялар өткізді. Ғылыми айналымға түсірді, ортаға танытты, есімдерін паш етті. Шаршамай, талмай жүріп бірнешеуіне көше аттарын алып берді. Осылайша өлкетану тарихына ерекше еңбек сіңірді.
Қали ұзақ жылдардан бері білім, ғылым мен мәдениеттің іргелі ордасы Қорқыт Ата атындағы университеттің ғылым департаментін басқарып келеді. Талай ғылыми форумдарды өткізуге атсалысты. Университеттің қалыптасуы мен өсіп-өркендеуіне үлес қосты, еңбегін сіңірді. Өткен жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапат­талды. Бұл талай жылғы ғылым мен ұлт руханиятына сіңірген еңбегінің нәтижесі, бағалануы.
Қатармыз. Қалжыңымыз жарасады. Өзінің бір күлкісі бар. Әсіресе, айтқан әзілің жанына жаққандағы күлкісі ерекше. Жалған емес, шын, шынайы күлкі. Жандүниесі көрінеді.
Ұлы Абай адам баласы үшін ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүректің орнын ерекше атайды. «Ыстық қайрат» – ізденісте болып, алға ұмтылу дегені. Жоғарыда айттық, Қалидың оқымай, жазбай, ойланбай, ізденбей жүргенін көрмедік.
«Нұрлы ақыл» – ізгілікті іс жасауда жан-жағына сәуле беріп, Алла берген ақылды жақсылыққа жұмсау адам баласы үшін парыз. Қали не нәрсе жазса да өзі үшін жазбайды. Білімін, ақылын ізгілік жолына жұмсап келеді.
«Жылы жүрек» – иманды болу жолында адамдарға құрметпен қарау, мейірім сыйлау, адамдардың мұң-мұқтажын, көңіл-күйін түсіне білу. Қали ортасына сыйлы, абыройлы. Сол абырой адамдарға құрметпен қараудан келді ғой деп ойлаймыз. Өзіңді де, өзгені сыйлау білу, құрметтей алу.
Сөз басындағы Қали кім, оның бойындағы қай қасиеттерді бағаладық, қай мінезін бағалай алмай келеміз деген сұрағымызға әзірше жауабымыз осы. Ал бағалай алмаған тұсымыз болса алдағы мерейтойлар еншісінде.
Мерейтой құтты болсын, Қалеке! Елге қызмет етуден шаршама, талма! Қолыңнан қаламың түспесін. Өйткені, Қали мен қалам егіз ғой!
Ғабит ТҰЯҚБАЕВ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің
профессоры, Қазақстан
Журналистер Одағының мүшесі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір