АНА – ШУАҚ, АНА – КҮН…
04.03.2022
3435
0

Ана көңілінің дархандығына, ана жүрегінің ізгілігіне  тең келер құдіреттің табылайтыны хақ. Ана алақанының  жылылығынан асқан жылулық жоқ. Бойға қуат, көңілге шуақ дарытатын күш те ана жүзіндегі, бір ауыз сөзіндегі мейірбандықта жатыр.  Көктеммен бірге келген мейрамға орай, қаламгерлердің аналары жайлы жазған  ыстық лебіздерін жариялап отырмыз.

Роза   МҰҚАНОВА, жазушы

 ҚАСИЕТТІ ЕДІ…

Анам… Менің анам – Фарида Әбішқызы 63 жасында дүниеден озды. Жарықтығым Алланың мейірімі болсын, ғажап адам  еді ғой. Ол кісі мейірімін ішіне сақтаған, сырты қатал көрінетін, аса көп сөйлемейтін, тыңдағанды жақсы көретін адам еді. 18 жастағы әкеме  16 жастағы  анам тұрмысқа шығыпты. Сегіз құрсақ көтеріпті, екеуі шешектен қайтыс болып, алтауымызға  шүкіршілік етіп отыратын. Тұңғыш балалары Медет пен Меруерт өте көрікті болғанға ұқсайды. Шешеннің қыздары таң ата келіп, киіндіріп алып кетеді екен. Қолдарына көтеріп жүргенді мақтан көргенге ұқсайды. Ақыры көз тиді ме, әйтеуір екеуі де қызылшадан шетінеп кетіпті. Сол жылдары елді қызылша жайлап, өлім-жітім көп болған. Әкем Медетін қатты жақсы көрген екен, жүк артына тығылып алып, қайғырып, басын көтермей қойыпты. Анам кейде бізге көңілі толмағанда Медеті мен Меруертін еске алып,  аузынан суы құрып, тамсанып отырушы еді. «Екеуі  де ерекше балалар  болды, тіпті сондай сұлу балаларды кездестірмедім. Сендер туғанда түрлерің сондай нашар, көріксіз болдыңдар. Сол екі баламмен сұлулық бірге кетті», – деп отыратын.  Медет ағамыз бен Меруерт апайымызды көрмесек те, әңгімелерін ерекше құлақ қойып тыңдайтын едік. Бізге жұмбақ екі періштенің бейнесін елестетіп, көргіміз келетін.

Анам 2-3 жасында анасынан, 6 жасында әкесінен қалыпты. Аға-жеңгесінің тәрбиесін көрген екен. Жалғыз ағасын пір тұтып өтті, ағасын – әкесіндей, жеңгесін – анасындай  қадір тұтты.

Өмірге келген кез-келген жұмыр басты пенде бұ фәниден өткенге дейін ойынан шықпайтын бір құпиясы болса, ол – ата-анасы болар. Ата-анам бар  кезде төрт түлігім сай, көңілде алаң жоқ, арман ғана болған шығар. Анам дүниеден өткенде алғаш рет сана соққысын бастан өткердім. Дүниенің әп-сәтте құбыла салатынын, тұрақсыздығын  сезіндім. Өлім, дерт, ажал деген санама төңкеріс жасады. Кеткен адамның қайтпайтынын сана  қабылдағанымен, жаным келіспей арпалысты. Анашыммен  енді қайтып көріспейтінімді, ол кісі бар кезде түсінбеппін, ол бақыттың бағасын бәлкім құнттамаппын. Анамның дүниеден көшуі, күллі адамның қадірін ұғындырып кетті. Анамның дүниеден өтуі менің ақылымды толықтырып, мейірімімді тереңдетті. Ол кісі дүниеден өтіп бара жатса да мені тәрбиелеп, ақымақтығымды – ақылға, қаталдығымды – мейірімге өзгерте алды.  Ерекше адам еді. Қолынан келмейтіні жоқ. Қазақта «ісмер» деген сөз бар ғой, анам өнерлі, саусағынан өнер тамған шебер еді. Мен университетті бітіретін жылы маған арнайылап белдемше мен жеңпір тоқып берді.  Әлі есімде, Алматыда орыстың егде тартқан әйелдері аялдамада тоқтатып алып, анам тоқыған киіміме қызыға қарайтын.  Қалай тоқығанын сұрайтын. Өте  эстет, сұлулыққа тәнті, әдебиет пен өнерге жаны құмар жан еді. Маған арнап жасаған сыйлықтары осы күнге дейін өзімде сақтаулы. Кейде қолының табы қалған, көзмайын тауысып тоқыған дүниелерін алып, аялап сипап қоямын. Жалпы,  өзім аса құрмет тұтатын адамдарымның сыйлығына өте терең мән беремін, сақтап қоямын. Ана мен баланың арасындағы ғажайып байланыс мәңгі сақталады. Біздің қайдан келгеніміз, уақытымыз шектелгенде  қайда барып тұрақтайтынымыз – сыр, жұмбақ, құпия. Анам менімен үнемі бірге жүреді, әкем де солай. Тіпті оларды кейде өте жақыннан сезінемін. Менің қуанышты, бақытты сәттерімде де, қиналған, нәумез болған тұстарымда да екеуінің  қолдап жүретінін сезінемін. Оларды көру қабілетіміз жоқ. Құранда  әл-Бақара сүресінде «барзах» өмірі деген ұғымды айтады. Олар да барзах өмірінде тірі жүрген болар. Бірақ фәни – жалғандағы пенделер оларды көре алмаймыз. Бәлкім, олар көкте қалықтап жүрген құс болар. Бәлкім, біз нәр алып жүрген топырақ болар. Бәлкім, біз көлеңкесін саялап отырған бәйтерек болар. Біз көре алмаймыз, бірақ түйсігіміз алдамайды. Өйткені Алла адамзатты  ұлы мейіріммен жаратқан, олардың бізден бөлініп мәңгілікке  жоқ болып кетуі мүмкін ем…

 

Жүкел ХАМАЙ, ақын

ЖЕРДЕГІ ЖҰМАҚ

«Ана» атауы менің санама жан деген ұғымды береді. Ес білген сəттен бері анамның жанымның ішінде екенін сезінем. Кей сəттерде анамның қабірі қара жермен кіндіктесін сезінгенде жер басудан да именемін. Жас кезімде жарыма: «Мына жердің астында анам жатыр ғой, табанымды қайда басамын?» – деп, еркелей жылағаным бар. Мен ғана емес, анадан туған барша адамдар осылай түсінеді. Ана – адам баласының жанымен қосақтас себепті, шыбын жаны шыққанша бойынан, ойынан, жүрегінен өшпейді…

Анамды мен сəби бала іспетті аянышпен аялаймын. Əрі күні-түні бірге жүргендей сезінемін. Өйткені анам менің екі жасымда, сəби сəтімде жадыма сəбилік сезімді қалдырып мəңгілікке  аттанған. Анамды əлі сəби, əлі пəк баладай сезінем. Менің анам – сəби, пəк адам.

 

 

Думан РАМАЗАН, жазушы

АНАМНЫҢ «АЙНАЛАЙЫНЫН» ЕСТІГЕНДЕ, БАЛА КЕЙІПКЕ ЕНЕМІН

Анамның аты – Үмітхан Райбайқызы.  Дүниедегі ең бақытты аналардың бірі. Ұзақ жыл ұстаздық қызмет атқарды. Шәкірт тәрбиеледі. Сексеннен асып кетсе де, қолынан кітап, газет-журнал түспейді. «Жаңа кітап, газет-журнал ала келіңдер», – деп үнемі тапсырып жатады. Көзі – ашық, көкірегі – ояу. Ойы да, көңілі де сергек. Теледидар көреді. Жаңалықтарды құр жібермейді. «Қаңтар оқиғасын» естіп-біліп жаны күйзелді. Бүге-шігесіне дейін біліп алған. «Қазақтың балаларына обал болды-ау!» – деп қараптан-қарап күйініп отырады. Елімізде қашанда жақсылық болғанын жан-жүрегімен қалайды. Қазақстанның патриоты. Жақсылық естісе, балаша қуанып, жамандық болса, көңіл күйі түсіп кетеді. «Еліміз бен халқымызға жақсылық бере гөр!» – деп Жаратушы жаппар иесіне құлшылық етеді де жатады.

Саясатқа да жүйрік. Ресей мен Украинаның соғысын да біліп алған. «Не болып жатыр?» – деп үнемі сұрап отырады. Соғыстың не үшін болып жатқанын да жақсы біледі. Украиндарға жақтасады. Солардың тілеуін тілеп жүр. «Еліміз аман, жұртымыз тыныш, тәуелсіздігіміз баянды болса екен!» – деген сөзді аузынан тастамайды. Американың, Батыстың, Қытайдың саясатынан да хабары бар. Үнемі ойын ашық айтып отырады. Бір таң қалатыным, ешуақытта эмоцияға берілмейді, сабырмен, байыппен сөз сабақтайды. «Ешкіммен айтысып-тартыспа, жауласпа, қадірің кетіп қалады!»  – деп үнемі құлағыма құйып отырады. Оқыған-тоқығаным көп болса да, кейде анамның осы сөздерін есімнен шығарып ала беремін. Құдай куә, әйел болып өсек айтқанын, біреумен керілдескенін, арақ-шарапты аузына алғанын көрген емеспін. Ата-анадан жастайынан жетім қалса да, осыншалықты тәрбиені қайдан алғанына таңым бар.

Тоғыз баласына да бірдей қарайды. Құдайға мың да бір шүкір, бәрі де аман-есен. Ерте жесір қалса да, әкеміздің жоқтығын еш білдірген емес. Анамыздың етітірілігінің арқасында тоғызымыз да әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін бітірдік. Әрқайсысы өмірден өз орындарын тапты. Соның бәрі – ең алдымен атамыз бен әжеміздің, әкеміз бен
шешеміздің арқасы, берген тәрбиелерінің жемісі. Тәлім-тәрбиеге
де көп нәрсе байланысты екенін білдік, сездік, түсіндік, ұғындық.

Асыра мақтағаным емес, сөз жоқ, мықты адам. Тоғыз баланы жесір қалып жеткізу, қатарынан қалдырмай тамақтандырып-киіндіру, адам қатарына қосу оңай емес қой! Әрине, уақытша қиындықтардың болғаны да рас. Оны ойласам, көзіме мөлтілдеп жас келеді. Анамыздың бастауымен қиындықтардың бәрін жеңіп шықтық, қиын күндер артта қалды. Алдымыздан алтын күн арайлап атты, жарқын болашақ күлімсіреп қарсы алды.

Шешеміз бізге қиындықпен қалай күресудің, оған қасқайып қарсы тұрудың озық үлгісін, ауыртпалықты қалай жеңіп шығудың айшықты жолын көрсетті.

Осындай ақылды, қайсар, жігерлі, намысты анадан туғанымды әркез мақтан етемін. Бәрімізге өзі сабақ берді. Әрі анамыз, әрі ұстазымыз. Аналар күнінде де, ұстаздар күнінде де құттықтап, міндетті түрде де сый-сияпат жасаймыз. «Ең үлкен сый сендердің амандықтарың мен жеткен жетістіктерің!» – деп отырады.  

Анашым туралы арнайы мақала да жаздым, көркем шығармаларымда да көркем бейнесі бар. Алтыннан алып ескерткіш қойсам да артық емес. «Айналайын, жаным!» – деген бір ауыз сөзін естігенде, елуден асып кеткенімді тарс есімнен шығарып, бала кейіпке еніп кетемін. Сезіне білген адамға бұның өзі де аз бақыт емес-ау!..

Анашыма амандық-саулық тілеймін! Ортамызда бас болып, Құдайдың көрсеткен қызық-қуанышын көріп, аман-есен жүре берсінші!

 

Маралтай РАЙЫМБЕКҰЛЫ, ақын

АНАМНЫҢ БІР РЕТ ДИДАРЫН КӨРСЕМ БОЛҒАНЫ…

Шешемді «апа»деуші едік. Ныспысы – Дариға. Апам өмірден озғалы көп уақыт болды. Жасымыз жер ортасына келді. Содан бері апам түсіме үш рет кірді. Үшеуінде де – қатты қиналып, тағдырым талқыға түсіп, басыма қатер төнген кез еді. Өңімдегідей анық, айқын… Апамды сағынғанда осы түстерімді еске алам. Мен үйдің кенжесі болдым. Шешеміз он төрт құрсақ көтерген көрінеді. Алдындағы балалар шешек, қызылша сияқты аурудан шетінеп кете берсе керек. Содан әкем екеуі Құдайдан бала тілеп, бір тоқтысын құрбандыққа шалып Баба Түкті Шашты Әзіз әулиенің басына түнепті. Апам түс көріпті. Түсінде ақ сақалды, ақ сәлделі бір қария апамның етегіне алты егеу, үш айна салып беріпті. Сол түс шындыққа айналды. Шешеміз алты ұл, үш қыз тапты. Әке-шешеміз осынша баланы мехнатпен бағып-қағып жетілдірді. Менен басқа ұл-қыздарының  бәрін жайлы орынға жайғастырып кетті. Апам мен ес білгелі демікпе дертімен ауырды. Кейде дерті қатты меңдеп кеткенде аудан орталығы, тіпті одан да әрі облыс орталығындағы ауруханаларда жатып ем қабылдайтын. Алты ай, бір жылға дейін апамды көру арманға айналатын. Апамды сағынғанда әбден тер сіңген камзолын құшақтап жатып ұйықтап кетуші едім. Үлкен әпкем: «Сабақты жақсы оқып мақтау қағаз алсаң, апама алып барам», –  дейтін. Әрине, барымды салам ғой… Апама дем жетпей қиналғанда мен де жер-көкке сыймай кетуші ем. Менің де жаным апаммен бірге қиналатын. Ауылда Зәукен ағай (дәрігер) болмай қалса,  аудан орталығынан «Жедел жәрдем» келгенше иманым бір уыс болатын. Апамның кез-келген сәтте дем жетпей үзіліп кетуі мүмкін екенін сәби жүрегім сезеді. Ондайда қолыма асығымды алып Алладан медет тілеймін. Асығымды иіргенде алшы тұрса, апам өлмейді деп ойлаймын. Алайда иірген асығым алшы тұрмақ тәйкі де тұрмайды. Бұл жолғы «саналмайды» деп қайтадан иірем…

Апам ауылда өте сыйлы болды. Тек мақал-мәтелмен сөйлейтін. Айтқан сөздері орын-орынына дөп тиіп жататын. Ешкіммен сөзге келгенін көрмеппін. Ауыл үйдің арасында көрші-қолаңның балаларын жылатып қойсам, ата-аналары шағым айтуға келгенін ұмытып апамның қою күрең қаймақ қатқан шайын ішіп мәз боп қайтатын. Алыс-жақын құда-жекжат, абысын-ажын арасындағы дау-дамайдың нүктесін қоюға көбіне апама жүгініп жататыны есімде. Шешем «Халық жауы» Ақмедия Сармолдаевтың қызы еді. Ақмедия нағашымыз 1932 жылы Арқадан ауған елді бүгінгі Жамбыл облысы Сарысу ауданына тұрақтандырып, азып-тозып, күйзеліп келе жатқан халықтың ас-суын қамдап, көңілін демдеген ұлт зиялысы еді. Сәкен Сейфуллинмен дос-жарандығы, рухтас пейілі нағашымызға зауал боп төнді.   1937 жылы Ораз Жандосовпен бірге атылып кетті. Шешем ол кезде 11 жаста болатын. Алматы қаласындағы 12 мектепте білім алды. Анамыздан көп өнеге алдық. «Кісінің ала жібін аттама», – деп отыратын. «Аққа Құдай жақ», – деген сөзі әлі құлағымда тұр. Менің анам дана кісі еді. Қайсыбірін айтып тауысайын?! Апам түсімде мені ылғи құшақтап бауырына басып тұрады. Ақ сүтінің жұпарын сезінем. Апамның көзіне қараймын. Апамның көзі Құдайдың көзі сияқты. Әділ, мейрімді, таза!!!

Ауылға барған сайын басына барып дұға бағыштаймын. Және мына жырды оқимын. Бұл жырдың аты «Ана туралы аңыз» деп аталады…

Таулардан асу – төбеден асу емес пе.?!

Шыңдарға шығу – шыққандай шығар белеске.

Ақ жүзі мәңгі айналып кеткен елеске,

Анамды көрсем… бір рет көрсем болғаны.

 

Теңізді кешіп өт десе қазір өтемін,

Мұхитқа түсіп құлаштай жүзіп кетемін.

(Түсінесің бе, сағыныш деген не екенін?!)

Анамның бір рет дидарын көрсем болғаны.

 

Жалғанда жалғыз сен едің Алла, сенгенім

(Анамды көрсем-сені де Алла көргенім!)

О , Алла, әппақ ақ тілегімді бер менің!!!

Анамды көрсем… бір рет көрсем болғаны.

 

Өмірге келіп Анамды көріп қуанғам,

Өмірден Анам қайтқанда жасым суалған.

Уағдалы сөзі уағынан таймас уа, Аллам!

Уағдалы күні Анамды көрсем болғаны…

 

Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ, ақын

ҚАЙРАН, ШЕШЕМ…

Менің шешемді жұрт сыртынан «Үндемес» дейтін. Үндемес десе, үндемес еді, жарықтық. Он ауыз  сөзге бір ауыз сөзбен жауап беретін. Кішкентай кезімде менің кесірімнен көп сөз естіді. Балалық қой, біреудің есегін мініп кетесің, біреудің қауын-қарбызын ұрлайсың, біреудің баласының мұрнын бұзып қоясың, біреудің жайып қойған құртын үптеп кетесің, сондайда аттан салып жететіндер бар болатын. Ауылдың әйелдерінің  тілі ащы ғой, неше түрлі сөз айтып жатса да,  шешем үндемей құтылатын. Тек жанына батып бара жатса, орнынан тұрып кетуші еді. «Айқайшы» кеткесін, ұрыспай, мені бауырына қысып, маңдайымнан иіскейтін. Ертеңіне әлгілер: «Түууу, шешей-ай, кеше бір ауыз сөз айтпай, мысымды құрттың ғой, жазықсыз адамға соншама сөз айтқаным не  деп түнімен ұйықтай алмадым…» – деп келіп тұратын. Шешем тағы да үндемей, шайнекке қол созатын…
Ол кісілердің қатары ерлерін пір тұтып, аттарын атамай кетті ғой, бір қызығы, шешем өз есімін де айтпайтын. Өйткені менің атам Өтеулінің де, оның енші бөліспеген інісі Бабанның да әйелдерінің аттары Зылиха еді. Шешем біздің әулеттің есігін үшінші Зылиха боп аттапты. Енесі мен абысынының аруағына деген құрметі шығар, «атым – Зылиха» демей-ақ өтті өмірден. «Атасының баласы» – ағамның ізімен біз жеңеше дейтінбіз…
…Шалының «түйе қарап» кеткеніне тура 100 күн толғанда үндемей кете барды. Мен жансақтау бөліміне кіріп барған сәтте бес-ақ минутқа ес жиғанын өзіме Алланың берген сыйы деп білемін. Бұл дүниелік емес екенін, бәріне риза екенін көзі «айтты»…

ҮНДЕМЕС

Ана жақта… таппай қап бірдеңесін,
Айқай салып, шалың кеп: «Жүр», – дегесін
Алды-артыңа қарауға мұршаң болмай,
Сен де кете бардың ба, үндемесім.

Жүрегіңді… көрместен шарқ ұратын,
«Үндемес» деп қойған-ды халқың атың…
Бірақ сенің көзіңнен төгілген нұр,
Миллион сөздің орынын толтыратын.

Көп ортаға кете алмай бейімделіп,
Бұрын барар  жерлерге кейін келіп…
Жүрегіңе титтей де кір сақтамай,
Дүниеге  қараушы ең мейірленіп.

Қол созбай-ақ  асқар шың-зеңгірлерге,
Мойынсұнып әуелден жөн білгенге…
Әулие тұтып шалыңды,
Бірдеңе айтсақ:
– Әкең білед, соған айт! – деп жүргенде,

Ол кетіп қап…
Арылмай мұңды елестен,
Сағындың ба, күндерді бірге кешкен.
Қарағыштап қыр жаққа жүруші едің,
Кетіп қалдың  бір күні үндеместен.

Бесігіңді Жер-Анаң тербетуде,
… Тұңғиыққа батамын мен де күнде:
«Пайғамбар мен Машайық болмаған соң,
Күнәсіз жан жоқ, сірә, жер бетінде.

Тек жақсылық күтетін айналадан,
Пенделікке жан ең ат байламаған.
«Он күнәнің тоғызы — тілден» дейді,
Сенің күнәң аз шығар, қайран анам».

 

Жадыра ШАМҰРАТОВА, жазушы

СОҢҒЫ ДЕМ

 Алыстан асығып жеткенімде, әбден арыған денесіне жабысқан терісі пергамент қағазындай жұқарған, жүзі сарғайып, көзінің оты біржола өшкен  шешемнің жан-жағын қаумалап ағамның қыздары отыр екен. Бірі көз шанағына үйірілген жасын сүрткен күйі шешемнің қолын сипалап отыр, бірі оның ісік кіріп тесіле бастаған аяғын ақ дәкемен орап жатты.

– Келдің бе, жаным-ау! – деді шешем кемсеңдеп. – Мен кетейін деп жатырмын, – деді жайбарақат. – Тек, Құдай жанымды қинамай алса екен.

«Тәуір боласың» деп алдаусыратқым келмеді. Санаулы ғана сағаттары қалғаны көрініп тұрды. Ішімнен: «О, Құдай, оның тілегін бере көріңізші, жанын қинамаңызшы», – дедім төбеге қарап. Маған Құдай осы маңда, жақын жерде сияқты сезілді.

Бөлме қапырық еді. Шешемді көріп, бақұлдасып қаламыз дескен туыстардың әрқайсысы оған деген ықылас-ниетін құшақтай кіріп жатты, олардың шешеме деген көңілдерінің ыстық болғаны сондай, бөлме одан сайын ысып, тіпті бес минут сайын жаңартып кіргізіп қойған қар да жылып кетіп жатты.

– Құдай неге кешігіп жатыр екен, әлде өшіретім келмей жатыр ма?

Философтардың сұрағы секілді ешкімге бағытталмаған сұрағына жауап күтпеді. Келесі сәтте оның жүзінен арай жүріп өтті. Әжімдері жазылып, бір сәтке әдеміленіп кеткендей болды.

– Киімімді ауыстырыңдар, – деді бір кезде.  – Жаңа орамалым әнеу жерде.

Егер киімді жай шүберек емес, адамның ішкі дүниесінен хабар беретін ойы, өмір сүру шешімі дейтін болсақ, өмір бойы әдемі, таза киініп өткен адамның соңғы сәтінде де киіміне мән беруі түсінікті еді. Адам киім арқылы өзінің жан-дүниесін, ойында не барын аңғартады. Уағында сәнқой атанған шешем соңғы сапарына табиғи, жеңіл матадан тіккен киімді таңдады. Сіңлім екеуміз біріміз арқасын сүйеп, біріміз көйлекті ыңғайлап, шыбық секілді білектерінен ұстап, қолдың табынан да із қалатын нәзік денесіне абайлап кигіздік. Оның денесінде сағаты таусыла келген адамда пайда болатын көкшіл-күлгін таңбалар бар еді.

Сағат кешкі бес кезінен бастап екі иығының тартып, қатты ауырып жатқанын айтты. Шешемнің екі иығындағы періштелері ұшып кеткендіктен енді сол босап қалған орны білініп жатқандай көрінді.

–  Мені жерге салыңдар.

– Жер денеңізге қатты батпай  ма? – дедік сіңлім екеуміз. Өзі қиналып жатқан адамды жұмсақ кереуеттен алып жерге салған ыңғайсыз көрінгені де бар.

–  Жерге жатайыншы, – деді жалынғандай.

Інім оны ақырын көтеріп, жердегі төсекке жатқызғанда бүгіндікке сезінген рахаты осы болғандай қол-аяғын созып еркін тыныстап: «Лә-иләха-илалла», – деді ернін жыбырлатып. Әріректе отырған Разия апай жақындап келіп шешемнің бетіне үңіле қарап, тілін кәлимаға келтіріп, дем сала бастады. Сәлден соң шешемнің көзін қолымен жауып: «Бақұл бол, апа», – деді. Мұнысы несі? Ол әлі тірі ғой деп ойладым. Шешем көзін қайта ашып алды. Маған қарап аузын жыбырлатып бірдеңе айтты. Осы сәтте шешемнің емес, өз денемнің қызуы күрт төмендеп, миымның жұмысы тым баяулап қалғандай, бір ойлағанын қайта-қайта ойлай берді, «Құдайым, мен сізден көп ештеңе сұрап мазаңызды ала бермеймін ғой, осы жолғы тілегімді беріңізші, шешемнің жанын қинамай алыңызшы». Осы сәтте бүкіл миыммен, ағзаммен әлденені күтуге дайындалғандаймын.

Шешем әлсіз қолымен мені мойнымнан құшақтап, өзіне тартып, көзін жұмды. Ол осылай әлдебір алапат дауылдан не бет қаратпас бораннан қорғанған секілді. Оның тап осы сәтте мені емес, мына жарық дүниені соңғы рет құшақтағанын көрдім. Ол соңғы сәтте қабағының арасына қысылып, тікірейіп кеткен сирек кірпіктері дірілдеп, өмірге алғыс айтып жатты. Бір кезде көзін ашып айналасына мұқият барлай қарады. Адам соңғы сәтте айналасына қимай қарайды дегенді естігем. Шешемнің көзіне үңілдім. Оның маған айтпаған әлдебір сырын ұққым, сезгім келетіндей. Бірақ оның бұл қарасында қимастық жоқ еді. Мына дүниені жаңа көргендей әлдебір таңырқаушылық қана тұрды. Оның көзі маған түспеді, менің ту сыртымда тұрған әлдекімдерді көріп қалып соған таңданғандай, солармен тілдескендей болды. Ешқандай үрейсіз, қорқынышсыз, екі қолын көтеріп біреулерді өзіне шақырды. Көргені періштелер ме екен, әлде бірінен соң бірі аттанып, қорымдағы үлкен қауымға айналған өзінің бірге туған бауырлары ма екен?..

– Не дегенмен ер азаматсың ғой, қасына жақындап, дұғаңды оқып дем салсаңшы, – деп Разия апай үлкен ағамды шақырды.

Алпыстың үстіне шыққан сары кісі біртүрлі жүрексінген күйі жақындап отырып дұғасын оқығанымен дем сала алмады. Батылы жетпегендей. Тұйық адамның өз ішінде ерекше толқыныс кешкенін байқадым. Шешем бұл ағамды 23 жасында тапқан, бірақ шешеден жастай жетім қалған әкеміз шешесінің жалғыз бауыры болып келетін нағашысының бір перзентке зар болып күн кешкеніне шыдамай жалғыз ұлын сол кісіге өз қолымен апарып беріпті. Алты айлығында. Асырап алған әкесі ерте қайтыс болып, жесір әйел, жетім бала болып жетілген, жастай еңбек етіп, өз тойын өзі жасаған бұл ағамыз өсе келе өзінің туған әке-шешесі бар екенін білгенде не күй кешкені өзіне ғана аян. Өз қолымен ұлын апарып беріп, сүт кернеген омырауын тас байлап оралған шешем содан кейін бала көтермеген. Онда-мұнда қаралып жүріп, бақсы-балгердің: «Балаңды өз қолыңмен апарып берген екенсің, енді бекер», – деген үкімін естиді. Арада біраз уақыт өткенде барып бұл ағамыз ата-анасына жақындаған еді.

Осы кезде жасы елуге еркін шыққан кенже ағам оның аяқ жағына келіп отырды. Бұл ағам – осы шаңырақтың иесі. Шешесінің көңіл-күйін қас-қабағынан танитын, оның ең соңғы күніне дейін қамқор болған осы ағам. Ағамның бетінде уайымның ізі тұр, ол да  шешесін қиналмаса екен дейді. Бұл өзі – әкем сияқты қайырымды, мінезі тұйық, көңілі бос адам. Әкем бұл ағамды өзінен кейінгі інісінен алып бауырына басыпты. Сол кезде ағам төрт жаста болыпты. Төрттегі бала есін біледі. Есін білетін баланы қыдыртамыз деп әкеліп, «сен енді осында қаласың, бұдан былай осы үйдің баласы боласың» десе ол бала қайтер еді?.. Соны ойласам, ішім әлем-жәлем болатыны бар.

Бір кезде шешем кеудесі ақырын көтеріліп-басылып тыныстай бастады. Бірқалыпты. Осы бірқалыпты тыныс алған сәтінде мыңдаған секундтарға созылған шексіздікті сезіндім. Осы шексіздіктің ішінде кіші сіңлім екеуміз жанарымыз тұманданған күйі ішімізден білетін сүрелерді қайталай бердік. Бір жеңілдігі бола ма дейсің… Адамның бұл дүниедегі сапары аяқталған соң оны не күтеді, жаза тартып азап шегу ме, әлде мүлгіген тыныштық па?.. Ойым көмескілене береді. Бала кезімде жұмысқа не қонаққа кетіп бара жатқан шешемді қолынан тартқылап, жылап қалатыным есіме түсті. Қазір де тап солай қолынан тартқылап ұстап қалғым келді. Маңдайынан сипап отырып, осы кезге дейін оған жақсы көретінімді айта алмағанымды ойладым. Жақсы сөзді оған қимағаннан не жақсы көрмегеннен емес. Өзім сондаймын. Сол үшін өзіңді жек көруге болар еді. Шешесі мен қызы болып сыр ашып та көрмеппіз-ау. Соңғы кездері телефон шалуды да қойғам. Ол маған хабарласпайды деп өкпелейтін. Бейнеқоңыраудан көргеніне қуанатын. Ал мен керісінше… Кезінде әкеме арқа сүйеген ерке кезімен салыстырамын, етжеңді денесі кішірейіп қалғанын, қартайғанын, сауықшыл адамның үйкүшік боп жылдардан жеңілгенін көргім келмейтін. Жүрегім ауыратын. Өзімшіл адаммын. Бүкіл дүние өзгеріп, тіпті таулардың өзі уақыттың алдында дәрменсіздік танытып жатқанда мен жақындарымның, жақсы көретін адамдарымның қартайғанын ауыр қабылдаймын.

Шешемнің бетін аялап сипап, маңдайынан сүйдім. «Мама, кешірші, сені жақсы көремін ғой», – деп сыбырладым. Естімеді. Сәлден соң  тынып қалды… Ұйықтап кеткендей көрінді.

«Апам бізден кетті, бақұл бол, апа», – деген Разия апайдың даусы ғана құлағыма жаңғырып естілді. Шешемнің соңғы жылдары «ешкімге бейнет болмасам екен, салмақ салмасам екен, Құдай қинамай алса екен» деген тілегі орындалды. Құдай оны жақсы көреді екен. Төсегінде үш күн ғана жатты. «Ия бүгін, ия таңға дейін жүріп кетем», – дегені де болды. Дінде барлық амалдың ниетке байланысты екені айтылады.

Бетін жауып жатқанда шешемнің жүзінен жаны жайланған адамның кейпін таныдым. Өмірге риза болған адамның түрі. Өзім болған іске әлі толық сене алмай тұрсам да оның өмірге өкпелемей кеткен кейпі көңілімді жайландырғандай сезім болды. Әкем қайтыс болғанда екінші курсты бастап жатқан едім, көп ештеңені түсінбейтін кезім. Енді бүгін жасым біразға келсе де адам бұлай тез, оңай-ақ аттанып кетуі мүмкін еместей көрінді, әйтеуір шешемнің сағаты тоқтағанына бірден сене алмадым. Ішімде бірдеңе қысылып қалды. Жұрттың көзінше жылай алмайтын мінезім де өзгелерге тосын көрінгенін сезем. Оңашада ғана жылап үйренген адамның мінезі…

Аманаты бойынша қаладан ауылға алып бара жатқан жолда ғана қимаған әрі өкінген бір сезім ішімнен лықсып шықты. Астанадан келетінімді естігенде тағат таппай күтетін, кетерімде жәутеңдеп, жаны жүдеп қалатын байғұсым-ай… Мені енді өзіңдей боп ай санап, күн санап, сағынып ешкім күтпейді-ау… Мен Оралға жыл құсы секілді жылына бір рет келемін. Сонда соңғы он жылда төркініме он-ақ рет келген екенмін. Онда да екі күн аялдаймын. Мен кеттім дегенде мұңайып, шүйкедей болып, жанарына үйірілген жасты көрсеткісі келмей, көзі көрмей қалғаннан бергі серігі болған таяғымен жер шұқылап қалатын бейнеңді енді көрмеймін-ау… Соңғы демін алған сәтін көзіммен көрсем де шешеммен іштей тілдесуді тоқтатпадым, ішім толып қалыпты, оған айтарым да осыншалық ағыл-тегіл, ішімнен құйылған жасым да соншалық көл-көсір екен…

Соңғы сәтін ғана көз алдыма әкеле беремін. Соңғы сәтінде шешемнің бетінде өкпенің ізі жоқ, тағдырға бағыныштылық қана тұрды.

Өмірге өкпелемеген қандай жақсы! Өмірге өкпелі адамның бет-әлпеті басқа болады. Біздің бала кезімізде шешелеріміз ауылдың шағын дүкенінен бірдеңе сатып алса, сол заттың қасына өтпей тұрған консерві не бір-біріне жабысқан арзан кәмпиттерді қосып беретін. Қажет болмаса да ақшаңды төлеп аласың. Сол кезде ауылдың апайлары былай шыға бере ренішін білдіріп күңкілдейтін. Өмірге өкпелі адамдардың әлпетінде де сондай түр болады. Ол – қажет емес тауарды таразыға тартқан дүкеншіге өкпелеген тұтынушының өкпесі. Өйткені адам байғұстың өмірден күтетіні – қуаныш пен жақсылық. Ал тағдыр оған күтпеген қиындық, мұң мен шер арқалатып жібереді. Қалай өкпелемейсің…

Мен көргелі шешем ертеңгі күннен басы артық сый күткен емес, онда-мұнда қыдырғанына, адамдармен араласқанына, жақсы киім кигеніне, алтын-күміс әшекей таққанына, қонаққа барып, қонақ шақырғанына риза болды. Бірдеңе ұнамаса ашық айтты, ойын іркіп қалған емес, іштей екіге жарыла өмір кешкен кезі жоқ. Ешуақытта ұшаққа мініп көкте қалықтап көрмесе де, кемеге отырып теңіз кешпесе де өзін жарты дүниені аралап шыққан бақытты жолаушы сезініп, барға ырза, жоққа жүйкесі шытынамаған шешем өзі сезінген бақытын тағы бір мәрте осы тыныштықтан тапқандай көрінді. Шешемнің қазасы ойымды көбейткендей. Бақыт – жаныңда әлдебір жайланған сезім болуы және қолыңда барынан басқа ештеңенің қажет болмауы екен ғой…

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір